Бүгін, 17 қазан күні  Президент әкімшілігінің  және Ақсу аудандық мәслихатының келісімдері негізінде Алматы облысы әкімінің  өкімімен  Ақсу ауданының әкімі болып Есім  Сейілханұлы  Базарханов  тағайындалды.  Оны  аудан активіне облыс әкімі Амандық Баталов  таныстырды.  Есім Базарханов  бұған дейін осы аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.

 

  Активте  аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы А.Айтбаев, Сихымов атындағы орта мектептің  директоры, облыстық мәслихаттың депутаты  Р.Ибраимова  және  Жансүгіров  ауылының  тұрғыны  Х.Шидаев сөз сөйледі.

 

 

   Есім Сейілханұлы Базарханов

 

Есім  Базарханов

  1978 жылы 9 ақпан күні  Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауданы Лепсі ауылында дүниеге келген. Д.Қонаев атындағы Қазақ гуманитарлық институтын (1999), Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің заң факультетін және қаржы бакалаврын (2009) бітірген.

   Ол еңбек жолын 2000 жылы Алматы облысы Қаратал ауданының прокурорының көмекшісі ретінде бастайды. Содан кейінгі жылдарда Павлодар облысы прокуратурасының қылмыстық істер бойынша сот шешімдерінің заңдылығын қадағалау жөніндегі тергеу басқармасының, азаматтық және әкімшілік істерді қадағалау департаментінің прокуроры, Қазақстан Республикасы  Әділет министрлігінің Талдау және бақылау департаментінің нормативтік-бақылау бөлімінің басшысы болды (2003—2006).

 2006—2012 жылдары  ҚР Қаржы министірлігінің Астана қаласы бойынша дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің басшысының орынбасары, Ақмола облысы бойынша дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің басшысы  және Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» өңіраралық дәрменсіз борышкерлермен жұмыс департаментінің басшысы қызметтерін атқарды.

 Алматы облысы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Департамент директорының орынбасары болды (2012—2014).

   2014 жылдың сәуір айынан бастап Ақсу ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарып келді.