Ақсуда айтыс өтті...

 

     Кеше, 18 қырқүйек күні  Ақсу ауданының (Алматы облысы) орталығы –Жансүгіров ауылында осы елдің перзенті, қазақ  елінің айтыс  өнеріндегі   XIX- XX  ғасырдағы жарық жұлдызы,  дара ақын  Сара Тастанбекқызының туғанына 165 жылдығына арналған жоспарлық  іс – шара өткізілді.

  Шара  «Ақын Сара»  атындағы жастар орталығының алдындағы Ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

  Ғимарат   фойесінде  Ақсу аудандық  кітапханаларының  ұйымдастыруымен  арнайы  безендірілген  «Айтыстың  алдаспаны – ақын  САРА»  атты  10 бағыттан тұратын кең көлемдегі көрме-панорама  көпшілік назарына  ұсынылды. Көрмені аудандық  кітапхана  әдіскері  Э.Дуйсекова  таныстырды.  Келген  қонақтар мен  қатысушы  жұрт  сол жерден  аудандық  Ақын Сара мемориалдық  мұражайынан  әкелінген  жәдігерлермен, ақынның өзінің домбырасы және тігін  машинасымен, Ресейлік  белгілі суретші Маргарита Ващенконың  салған  ақынның  портретімен танысты.

  Одан кейін, Ақсу аудандық мәдениет қызметкелерінің  дайындаған  «Ақын  Сара»  спектаклі  қойылды.  Ақын Сара  ролін  — белгілі әнші, Қазақстан Республикасының  мәдениет қайраткері  Гүлмайдан Сүндетова,  Біржан  ролін  - актер,  Қазақстанның  еңбек сіңірген   әртісі Сағат Жылгелдиев  ойнап,  олар  өздерінің  осыдан  25  жыл  бұрынғы  ақын  тойындағы сомдаған ролдерін  сахна  төрінде  тағы  қайталап,   көрермен  көзайымына   айналды.  

  Мерекелік  шара  одан ары  «Жетісудың Сарасы – бар қазақтың дарасы» атты Республикалық ақындар  айтысмен  жалғасты. Айтыс аламанын  Астаналық Жандарбек Бұлғақов пен Алматылық Жалғас  Садыр ақындар бастады.  Айтысқа  олардан  басқа  Айнұр Тұрсынбаева,  Сара Тоқтамысова,  Балғынбек Имашев, Нұрислам Әбділ, Сырым Әуезхан, Жарқынбек Наушабеков,   Қуаныш  сынды,  барлығы 10  еліміздің  айтыс  өнерінің  қаймақтары қатысып,  өз өнерлерімен Акын Сараның  тарихтағы  орнын  дәріптеді.

  Айтыстың Бас Жүлдесі Жандарбек Бұлғақовқа бұйырды.

   

Айтыстың   өтуі туралы толық мағлұматты алдағы уақыттарда беретін боламыз.

  Сонымен бірге,  осы сайт парақтарынан  Ақын Сара туралы біршама танымдық жазбалармен таныса аласыздар!

 

 

 

 

Мерекелік шарадан көріністер

 

 

 

 

 

 

Сағат Жылгелдиев

Гүлмайдан Сүндетова

 

 

 

 

 

Аудандық кітапханалар қызметкерлері