Иә. бұл ерекше кездесу  болды! Қазақ елінде не көп, той көп, әртүрлі  мерейтойлық шаралар,  оқу орындарында бірге оқығандардың  кездесулері, т.б. атаулы шаралар әрдайым өткізіліп жатады. Алайда, белгілі бір уақыт кезеңінде, жылдар аралығында жеке бір ауданның  деңгейінде бірге жауапты мемлекеттік қызмет атқарған және мекемелер-шаруашылықтар басшылары болған азаматтардың басқосуы болды дегенді құлағымыз шалмаған екен, Сондықтан да осы шараның өткізілуін сайтымдағы «Ақсулықтар — ең алғашқылар» деген атаудағы тарауға енгізуге  болатын дүние деп те санауға болады. ...

 

   Сонымен, нақтырақ айтсақ, 28 қыркүйек күні «Әріптестер кездесуі» деген атаумен 1992—2001 жылдары  Ақсу ауданы басшылығында, мекемелер мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері, шаруашылықтар басшылары, ауыл әкімдері болып қызмет отырған азаматтардың бас қосуы болып өтті. Кездесу  нақ сол жылдары  аудан  әкімінің бірінші орынбасары, Әкімі болған Қалимолда Байболовтың бастамасымен және ұйымдастыруымен өткізілді.

(Қ.Байболовтың өмір және қызметтік жолы, оның ауданға сіңірген еңбегі туралы сайтымдағы  «Қайсар да қажырлы Қалимолда» деген мақаладан оқи аласыздар:  http://ser-bek.ru/bez-rubriki/%D2%9Bajsar-da-%D2%9Bazhyrly-%D2%9Balimolda.html#more-4178)

 

Кездесушілерге Арнау

Ербол СЫМХАНОВ

ауданның жас ақыны.

 

Ешқашан еңкеймеген намыстары,

«Тек қана алға» болған бағыттары.

Сағынышты бас қосу құтты болсын,

Қызық күнді еске алар алыстағы

Ассалаумағалайкүм Ақсуымның,

Айбыны асқақ, арынды арыстары.

 

Естеліктер тербетсін тәтті күннің,

Мерекенің тілеймін сәттілігін.

Қиын кезде тайсалмай сүйреп шыққан,

Сіздер ғой дарабозы Ақсуымның.

 

Кеңестің дәуірінде тұрған өрлеп,

Бірігіп еңбек еткен туған ел деп

Бақытты күнге жеттік шүкір бүгін,

Өткен күннің бейнетін жылдар емдеп.

 

Достығы бір-біріне қуат болған

Ол күндер тарих болып жырақтаған.

Қиын кезде бар жасап жоқ нәрседен

Ақ туын ауданымның құлатпаған.

 

Атынан ат үркітетін заңғар ерлер,

Әпкелер, сол дәстүрді жалғап еңдер

Ендеше қуаныш той құтты болсын!

Сыны әлі кетпеген ардагерлер. 

 

*       *       *

 

  Кездесуге 50 шақты адам жиналды. Шара Алматы қаласында орналасқан еліміздің,  Алматы облысының  ең  үздік  кәсіби білім беру оқу орындарының бірі -  «АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ  ЖӘНЕ  ТАМАҚТАНДЫРУ  САЛАСЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР КОЛЛЕДЖІ» қабырғасында өтті. Қонақтарды қарсы алған колледж директоры, Ақсу жерінің тумасы, ауданымыздың Құрметті азаматы Болат Еркенов жерлестерін оқу орнының жұмысымен таныстырды.  Колледждің  білім  берудің  озық  инновациялық  әдістеріне  сай  замануи  құралдармен толық жабдықталған, тақырыптарына сай сәнді безендірілген  пән бөлмелері және басқа орындарын, ғимараттарын,  әдемі ауласын аралап көрген қатысушылар, атқарылған және атқарылудағы  жүмыстар  ауқымына  үлкен таңқалыстарын  және ризашылықтарын білдірді. 

 

   Басқосу, одан ары,   ауданның идеология саласының белсенділері Исанова Орал, Дәулетбекова Күляйхандардың  дайындаған тәртібімен жүргізілді. «Лихие годы» деп аталған  сол 90-шы жылдар еліміздің  соңғы жарты ғасырлық тарихында күрделі өзгерістермен, ерекше  қиыншылықтарымен есте  қалған  қоғам формациясы ауысқан дәуір болғанын бәріміз  жақсы білеміз. Міне сондай кезеңде аудан жұртшылығының қал-ахуалын мүмкіндігінше төмендетпеу, ауылдардағы тұрақтылықты сақтау мақсатында атқарылған ауқымды жұмыстарды, әріптестерінің қажырлы еңбектерін  сөйлеушілер  үлкен  толғаныстармен, толқушылық сезімдерімен  еске  алысты.  Кеш ойын — сауық шараларымен алмасып отырылды, оған елімізге танымал әншілердің,   елдік деңгейдегі конкурс-байқаулардың жеңімпаздары болған колледж оқушылары мен түлектерінің өнерлері тамашаланды.

 

  Кездесуге қатысушылар өткізілген  шараның  «Рухани жаңғыру» қозғалысы  мақсатына сай келетінін,  келесі  ұрпаққа, жастарға  танымдылық тұрғыда тәрбиелік маңызы ерекше болатынын және осындай шаралардың жалғаса бергендігі жөн болады деп тарасты.

 

Кездесу көріністері

(Суреттер  толықтырылатын  болады)

 

О.Исанова, Қ.Байболов, Б.Еркенов, К.Дәулетбекова


Қалимолда Байболов

 

 

С.Серпербаев, О.Исанова