Кеше, Ақсу жерінің (Алматы облысы) абзал АЗАМАТТАРЫНЫҢ бірі, Жетісу өңірі халқы мен еліміздің  шығармашылық саласындағы азаматтар  ортасына жақсы танымал журналист, жазушы  ҚАЗБАНБЕТОВ МҰХАМЕТӘЛІ 68 жасында өмірден өтті.

  Ауданымыздың жұртшылығы мен әріптестері, сайт оқырмандары және отбасымның атынан оның жанұясымен мен ағайын-туғандарына қайғыға ортақтасып көңіл айтамын! Иманы серік, жататын жері жайлы болсын! 

Төменде оның өмірдеректері және  алғашқы естелік беріліп отыр.

 

 

ҚАЗБАНБЕТОВ МҰХАМЕТӘЛІ НАЙМАНХАНҰЛЫ

 

 

   Журналист. КСРО  (1978) және Қазақстан (1995) Журналистер Одақтарының мүшесі. Спортшы-волейболшы. Саяси-қоғамдық жұмыстар  белсендісі.  Ақсу ауданының Құрметті  азаматы (2016).

1953 жылы 18 шілдеде Ақсу ауданы  Есеболатов ауылында дүниеге келген. Қазіргі Н.Есеболатов атындағы орта мектепті (1970), ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін (1990) бітірген

 Әкесі — Қазбанбетов Найманхан, Ұлы Отан соғысының ардагері. «Қызыл жұлдыз» орденінің, көптеген медальдардың иегері. Қапал педучилищесін бітірген. Қызылқайың бастауыш мектебінде мұғалім, «Діңгек» ұжымшарында ферма бастығы, мал өнімдерін дайындаушы, Н.Есеболатов мектебінде шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істеген. Шешесі — Мырзатаева Қанымбике, көп балалы Батыр ана, «Алтын алқа» иегері.

Еңбек жолын 1970 жылы Т.Тоқтаров атындағы орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1968—1973 жылдары  спортпен айналысады,  волейболдан облыс құрама командасының мүшесі  болады. Алайда, 1974 жылы суықтан ауыр науқастанып, Алматының оталау ғылыми-зерттеу институтында сол жақ өкпесін алдырып, жүрек қан тамырына ота жасатады. Бұл оның өмірін және  еңбек жолын күрт өзгертеді.

 1976—1986 жылдары аудандық «Ақсу өңірі» газетінің әдеби қызметкері, ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы; 1987—1990 жылдары Ақсу аупарткомының  нұсқаушысы;  1990—1997 жылдары аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, аудан әкімі жанындағы Тіл комитетінің төрағасы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы; 1997—2014 жылдары аудан әкімінің бас маманы, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарып, қосымша аудандық мемлекеттік тіл, ономастика, терминология, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, дін істері, ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдармен байланыс жөніндегі комиссиялардың хатшысы болды.

2015 жылы аудандық «Ақсу өңірі» газетінің Бас редакторы, 6 айдан соң «Ақсу өңірі» ЖШС-інің тұңғыш Бас редактор-атқарушы директоры болып тағайындалды. 2019 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

    «Гүлденген өлке алпыста» (1990), «Түменбасы» (1991), «Кесенедегі құс ұясы» (1993), «Жер жасырған жыр» (1994), «Бижамал емші» (1995), «Қайнар батыр» (1996), «Ақсудан шыққан арыстар» (1997), «Алтын кілт» (1998), «Ызғырық» (1999), «Шаңырақ шаттығы» (2000), «Шығармалар — 1, 2, 3  дәптер» (2001), «Ақбота» (2009), «Бір досым бар» (2010), «Даңқ орденді дәрігер» (2012), «Боранхан» (2013), «Кіндікқоңыр» (2014), «Аманат» 2015), «Діңгек» (2017", «Көкөзекке көктем күліп келеді» (2018), «Қолтаңба» (2019) атты кітаптары жарық көрді. Сонымен қатар Алматыдағы республикалық «Дәуір» баспасынан Елбасының қолтаңбасымен шығарылған «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты көптомдық жинаққа 100-ден астам ақсулық танымал азаматтардың өмірбаяндық деректерін енгізді.

  Ақсулық ақын-жазушылардың «Жайдарман» (1992) жинағына, республикалық «Жұлдыз» журналына әңгімелері, повестері жарияланып, өз қаржысы есебінен жерлестері Ораз Жұмашевтың «Даладағы ағындар» (1998), Жамау Бұқарбайдың «Пері қызына хат» атты жыр жинақтарын бастыртып шығарды.

1990—2005  жылдары тілдерді қолдану мен дамыту саласында еңбек ете жүріп, аудандағы 104 мекеме, ұйым, кәсіпорындардың іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшірді. 1995 және 2005 жылдың қорытындысымен  тілдерді дамытуда Ақсу ауданы облыс бойынша «Ең үздік әкімдік» атанды. Аудандық ономастикалық комиссияға ұсыныс енгізу арқылы 2 ауыл, 3 мектеп, 315 көшенің атауын өзгертіп, мақаласы республикалық «Ономастика жаршысы» журналында жарық көрді.

    1990 жылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақсу аудандық бөлімшесін құрып, оның тұңғыш төрағасы болып сайланды. 1998 жылы құрылған «Нұр Отан» партиясы аудандық ұйымының тұңғыш хатшысы болды.

    1993 жылы «Кесенедегі құс ұясы» атты алғашқы повесі үшін облыстық «Жерұйық» газеті жариялаған Ақын Сара атындағы бәйгенің Бас жүлдегері; 2014 жылы «Кіндікқоңыр» повесі үшін «НұрОтан» партиясының «Заңғар» сыйлығының иегері; 2017 жылы «Ардың ісі» повесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Шаңырақ» бәйгесінің Бас жүлдегері атанды. 2003 жылы 50 жасқа толуына байланысты шығармашылық кеші туған ауылында аталып өтіп, аудан көлемінде мерекеленді.

    «ҚР Конституциясына 10 жыл», «ҚР Конституциясына  20 жыл», "Қ Р Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Нұр Отан партиясына 20 жыл!» мерекелік медальдарының иегері. Алматы облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының (2003), Қазақстан Журналистер Одағы мен облыстық «Жетісу» газетінің (2004), Алматы облысы Әкімінің (2005) Құрмет грамоталарымен, Елбасының Алғыс хатымен (2010)  марапатталған. 2013 жылы есімі ауданның «Құрмет» кітабына енгізілді.

  Әйелі — Гүлжаһан Ахметова, еңбек ардагері. Екеуінің үлкен ұлдары — Алпамыс, «Мамания» орта мектебінің директоры; одан кейінгі Ілияс — Ақсу қант зауытында бағдарламашы. Ақбота, Әли, Аяулым, Айзере, Айсұлтан, Айбол, Алдияр атты немерелерін өсіріп отыр.

 

ӨЗ ТАРАПЫМНАН:

Жаны жайсаң ЖАЙЛАУ

(Әзірге қысқаша естелік)

 

   Мен МҰХАМЕТӘЛІНІ (аудан жұртшылығының көбі оны ЖАЙЛАУ деп біледі) замандас болғандықтан сонау 70-ші жылдардан білемін. Оның кәсіптік қызметіндегі жетістіктері мен ауданның қоғамдық өміріндегі белсенділігі, азаматтық және адами тұрғыдағы өнегелік қасиеттері маған жақсы белгілі. Көптеген жылдар аудан әкімшілігі аппаратында әріптес болып бірлесе қызмет атқардық. Аудан және облыс көлемінде өткізілген талай саяси, мәдени-көпшілік шараларын бірлесе атқарыстық.

  Сол сиқты ЖАЙЛАУДЫҢ жан-жары ГУЛЯмен де (ГҮЛЖАХАН ХАСЕНҚЫЗЫ АХМЕТОВА) әріптес және жақсы сыйластықта  болдық. Қоғамдық жұмыстарда өте белсенді болған оның комсомол, партия ұйымдарында атқарған шаралардағы үлесі қомақты   болғанын білемін.

  Екеуімен тұрмыстық өмірде де жақсы араластық. Біраз жылдар көрші болып, бір үйдің 2 жағында тұрдық.  Содан күні бүгінге дейін отбасыларымызбен сыйластықпен, ағайындықпен   араласып-құраласып келеміз.  Балаларымыз бірге ержетті. Қуаныштарымызбен бөлісеміз.

  ЖАЙЛАУДЫҢ өмірге деген құштарлығы ерекше еді. Ол ұзақ жылдар қатты ауырып келсе де, бірнеше рет отадан өтсе де  еш мойыған емес. Оны көпшілік  былай білгенімен, өзі  сырт көзге әрқашан  жайдарлы, ақжарқын мінезімен оптимист ретінде танылған еді.

  ЖАЙЛАУ  екеуміз шығармашылық жұмыстарда да бірлестік. Менің тұңғыш шығарған «АЛТЫН ҰЯМ-АҚСУЫМ» атты кітабымда оның қазақтың қоғам қайраткері Б.СЫРТТАНОВ  туралы «ДҮРБЕЛЕҢМЕН ӨТКЕН ӨМІР» атты повесі алғаш рет жарияланды. Одан кейінгі  шығарған кітаптарымда да оның аудан туралы тарихи-ақпараттық, танымдық, шежірелік деректері пайдаланылды. Өзімнің 70 жасқа толу мерейлік шараларыма арнаған оның мен туралы  «АУДАН БАЛАСЫ» деген мақаласы облыстық «ЖЕТІСУ» газетінде жарық көрді. Өз кезегінде менің жекелік сайтымда ол туралы біраз жазбалар берілді...

  Оның өмірдерегінде көрсетілген шығармашылық туындылары мәнділік және мағыналық жағынан аудан халқына, өскелең жас ұрпаққа әлі де ұзақ жылдар  рухани  тұрғыда қызмет атқара беретіні сөзсіз. Яғни оның есімі  әрқашанда ел есінде болады!

  Соған орай,  ендігі кезекте  МҰХАМЕТӘЛІНІҢ өзінің ғибратты өмірі, құнды шығармашылықтары  туралы басқа да зиялы азаматтардың естеліктері мен танымдық жазбалары болатыны сөзсіз. Лайым солай болсын!

 

  ГҮЛЖАХАНҒА, балалары АЛПАМЫС пен ІЛИЯСҚА  тағы да қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын!  МҰХАҢНЫҢ арты жақсы,  отбасында  амандық және тек қуаныштар болуын тілеймін!

 

Серік СЕРПЕРБАЕВ