Педагог мәртебесі

 

Марат Мәлтекбасов

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Алматы облыстық мәслихатының депутаты

 

  Елбасымыздың  Қазақстан халқына  Жолдауын  ыждаһатпен тыңдай отырып, Егеменді еліміздің жарқын болашағына деген зор сеніміміз одан бетер күшейе түскендей.   Ел  дамуына  қажетті  бар  саланы  жік-жікке бөле отырып, алдағы атқарар жұмыс  бағытын жіпке тізіп берді. Жеткен жетістіктен гөрі, бағындырар белесті басып айтты. Өз басым  жоғары мектеп саласында біраз тәжірибе жинақтадым.  Осы жылдар ішінде білім саласында сан рет реформалар  болып, оны жүзеге асыруға ат салыстық.  Сондағы байқағаным  Елбасының білім саласына жітік көңіл  бөлуі  арқасында  отандық білімнің көкжиегі кеңіп,  халықаралық стандарттарға сәйкестендірілуі.   

 

 

  Ұстаз мамандығы қай қоғамда да қадірлі, қашанда сұранысқа ие дегенімізбен педагогтардың мәртебесі, беделі, осы мамандыққа оқысам деген талапкерлердің ниеті жыл өткен сайын төмендеп отыр. Педагог  мамандығына құлықсыз, жүрек қалауымен келмеген, айтеуір диплом үшін, немесе жұмыс істеп күн көрсем деген ниеттегі мамандардан  қандай  нәтиже  күтуге  болады?  Осы тұрғыдан алғанда білім сапасын — мұғалімдер қызметінің сапасымен өлшеуге тура келеді.

  Демек, білім сапасын көтерудің негізгі тетігі – ұстаз, сондай-ақ оның теориялық білімі мен кәсіби шеберлігі, шығармашылық  қызметі. Оқушыларға нені үйрету керек екенін мемлекеттік стандарттар, бағдармалар белгілесе,  «қалай оқыту керек?» деген сұраққа  жауапты  тек  мұғалімнің  кәсіби  даярлығынан,  өз  ісін  жоспарлай   алуынан, баланың әрекетін ұйымдастыра алатын шеберлігінен іздеу керек.

 

  Қазіргі заманда  әлемдік  оқу  үрдісінің  өзегі — инновациялық  технологиялар екені мәлім. Әлемнің бірнеше елінен сынақтан өткізілген жаңаша оқытудың модульдік,  дамыта  оқыту,  сын  тұрғысынан  ойлау,  деңгейлі  саралап  оқыту және т.б. технологиялардың  стратегияларын  мұғалім  өз  шығармашылығы, ізденісі арқылы оқушы  қабілетіне,  қабылдау  деңгейіне орай іріктеп қолдана білуі керек. Міне сонда ғана білім сапасы арта түседі. Мұның бәрі оңай талап емес. Жастар біріншіден, мұғалімге қойылатын талаптың жоғарлығынан, екіншіден қағазбастылығынан қашса, үшінші жағдайда жас мамандардың жалақысының  төмендігі де әсер етуде. Мемлекет ұстаздар мәртебесін көтеру жолында бірқатар шараларды қолға алып, оларға  әлеуметтік жағынан қолдау көрсетіп-ақ жатыр.  

 

  Педагогтардың  статусын  көтеру  жолында  білім және ғылым министрлігі де ізденіс жасап, білім беруді  дамытудың  2011—2020  жылдарға  арналған мемлекеттік бағдарламасында  арнайы  бөлім  қарастырды.  Бүгінгі  Жолдауда  Елбасы осы ізденісті қолдап,  - Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау  қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс-деп нақты тапсырма берді.   Ендігі жерде педагог мамандығына  кездейсоқ жастар келмесін деген  мақсатпен, биылғы оқу жылынан бастап  педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына түсу кезінде талапкердің осы мамандыққа икемділігін  анықтайтын шығармашылық емтихан енгізілді. 

 Дұрысы, әр талапкердің мамандыққа икемділігін мектеп қабырғасында жүргенде анықтау қажет. Оларға дұрыс кәсіби бағдар беру керек. 12 жылдық білім беру бағдарламасына көшкенде  профильдік мектепте жаратылыстану-математикалық және қоғамдық  гуманитарлық  бағыттармен  бірге  педагогикалық  бағытты  да  енгізу қажет.  Жоғары сынып оқушыларын түрлі шаралар ұйымдастыру арқылы олардың педагог мамандығына қызғушылығын оятып, ынталандыру жолдарын қарастыру да тиімді болмақ. 

 

 Мемлекет басшысы:  Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі — оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы. Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет. Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев  Университетінің  тәжірибесіне  сүйеніп,  үздік шетелдік топ-менеджерлерді  жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды. Қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің  үлгісімен  өңірлік  жаңа  жоғары оқу орнын құру қажет деп санаймын. Бүгінгі таңда республика бойынша педагог мамандар даярлайтын, шамамен,  73 жоғары оқу орны бар. Саны көп сапасы күмәнді. Осы университеттер арасында бәсекелестікті арттырып, «көшке ілесе» алмайтындарын оңтайландыру қажет. Елбасы  айтқандай,  жоғары  оқу  орындарын  ірілендіру арқылы педагогикалық бағытта маман даярлайтын базалық  жоғары  оқу  орындарын анықтап,  оны аймақтық жердің ерекшелігіне қарай жасақтап, шектеулі  оқу орындарына айналдыру  керек. Іріктелген педагогикалық жоғары оқу орындары  адам капиталының шоғырлануымен, ғылымы, техникалық жабдықталуы, қаржылық қорымен,   академиялық еркіндігімен ерекшеленіп элиталы педагогикалық жоғары оқу орындарына айналады.  Бұған қоса,  аталған оқу орындарына түсу үшін  үлкен конкрус болады да бәсеке артады, осылайша   педагог мамандардың  беделін  жоғарылатуға болады деп ойлаймын. Сонымен бірге, аймақ әкімшілігі өңір бойынша педагогикалық кадрлардың  қажеттілігін анықтап, сол бойынша мемлекеттік  тапсырыс берсе, жұмыссыз түлектердің саны азаяр еді.

 

   Сапалы білім беру- білім беру саласының басты міндеті. Сондықтан Елбасының Жолдауда айтқан сын-ескертпелері мен бағыттарын негізге ала отырып, нәтижелі жұмыс істеуіміз қажет.