Елбасының 2018 жылғы Жолдауына. Мақала

     

      

 

 

 

 

 

 

 

Бәрі де кемел келешек үшін

Марат Мәлтекбасов,

педагогика ғылымдарының

докторы, профессор,

Алматы облыстық мәслихатының депутаты

 

 Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылдан бастап жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын ұсынумен келеді. Жолдаудың маңыздылығы мен мәнділігі сол – көп ұлтты Қазақстанды қуатты, еш әлеуметтік құлдырау қорқытпайтын  елге айналуының негізін қалауға бағытталуында. Сол себептен де Елбасы Жолдауына деген ел ықыласы  жыл өткен сайын артып келеді. Елбасының сындарлы жолы мемлекетімізді дамыған 50 елдің қатарына қосты. Стратегиялық жоспарларымыздың арқасында еліміз гүлденіп дами түсті. Ендігі мақсатымыз озық 30 елдің қатарына ену. Бұл жолда да аянбай еңбек етсек, ол межеге де жетеріміз анық.

      

   Өткенді екшелеп, болашаққа бағдар  алу өмір қағидасы.         Президенттің әр Жолдауы бір-бірін жүйелі толықтыра түсетін құнды құжат. Бұғанға дейін 100 нақты қадам — Ұлт жоспарын  жүзеге асыруға жұмылсақ, «Рухани жаңғыру» мақаласының мәнін түсініп, қолға алдық. Биылғы жылы Президент  әлемнің  төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басқанына қарай жоспарлы іс-әрекеттерді белгілеп берді.    Жолдауда айтылған  «Ақылды технологиялар», «Цифрлық дәуір», «Жасыл технология», «Үлкен деректер»,  «Цифрлық білім» «Адами капитал» мұның бәрі білім және ғылым жүйесі қызметінің нәтижесі. Жаңа іс-әрекеттер білімнің салтанат құруы негізінде жүзеге асады.  Елбасы: «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді, -деп ескертіп алдағы уақытта  өзіндік жаңа инновациялық жобаларымен білім- экономиканың бөлек саласы болатынын меңзеп отыр. Осыған орай, алдымызда   жоғары білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету міндеті тұр.  Елбасы  Жолдауда: Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет, -дейді. Өте орынды. Себебі, қандай мамандарды даярласақ та,   кімге білім берсек те  оны оқытатын мұғалім.  Сондықтан бірінші кезекте мұғалім кадрлар  даярлаудың сапасын арттыру қажет.  Айталық  1972 жылдары республика бойынша әр өңірде, облыс орталықтарында  педагогикалық институттар ашылды. Олар сан мыңдаған педагог мамандар даярлады.  Өйткені ол кезде өндірістің барлық саласын үйрететін, оқытатын мұғалім-ұстаз- оқытушы қажет болды. Қазір де солай. Заман дамыған сайын, қоғам өзгерген сайын жаңа, тылсым дүниелерді түсіндіретін, оқытатын адам керек. Ал біз өз деңгейінде,  жан-жақты білімді, сапалы педагог даярлап жүрміз бе?  Ойланатын мәселе. Елбасы Жолдауда:  Аграрлық университеттер тек диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға  тиіс деді. Бұл тек аграрлық университеттерге ғана  емес, педагог кадрлар даярлайтын білім ордаларына да қатысты деп ойлаймын. Республика бойынша педагог мамандар даярлайтын, шамамен,  73 жоғары оқу орны бар. Саны көп сапасы күмәнді. Осы университеттер арасында бәсекелестікті арттырып, «көшке ілесе» алмайтындарын оңтайландыру қажет. Кезінде республикамыздың индустриялық-инновациялық даму  бағдарламаларын  орындау үшін қажетті кадрлар даярлайтын базалық 11 жоғары оқу орны анықталды. Әр оқу орны белгіленген бағыт және орналасу белдеулеріне (оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс)  қарай  нақты бір салаға маман даярлайды. Оқу базасын, материалдық жағдайын, білім  бағдарламаларын сол салаға негіздейді. Яғни сапалы білім беруге барлық жағдай жасайды. Сол секілді педагогикалық бағытта маман даярлайтын базалық жоғары оқу орындарын анықтап,  оны аймақтық жердің ерекшелігіне қарай жасақтап, шектеулі  оқу орындарына айналдыру керек. Іріктелген педагогикалық жоғары оқу орындары  адам капиталының шоғырлануымен, ғылымы, техникалық жабдықталуы, қаржылық қорымен,   академиялық еркіндігімен ерекшеленіп элиталы педагогикалық жоғары оқу орындарына айналады.  Бұған қоса,  аталған оқу орындарына түсу үшін  үлкен конкрус болады да бәсеке артады, осылайша   педагог мамандардың  беделін  жоғарылатуға болады деп ойлаймын.
   Жыл сайын елімізде әр сала бойынша жоғары білімді мамандар қажеттілігіне талдау жүргізіледі. Сол талдау бойынша педагогикалық білімі бар мамандарға қажеттілік өсіп отыр. Мәселен, Алматы облысында педагог кадрлардың тапшылығы әлі де орын алуда. Әсіресе, ауылдық жерлерде бұл мұқтаждық қатты байқалады. Мұның бірінші себебі, 90-жылдары педагогикалық мамандықтарға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Себебі, заңгер, экономист, қаржыгер мамандықтарына сұраныс артып, жастардың басым бөлігі осы мамндықты игеруге тырысты. Екінші себебі, «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан» бағдарламалары жүзеге асырылып, мектептердің, мектепке дейінгі мекемелердің көптеп ашылуына қатысты болса, үшінші, демографиялық жағдайдың жақсаруы, яғни, оқушылар санының артуына байланысты деп айтар едім.  Тағы бір себебі,  педагогикалық мамандық бойынша  жоғары оқу орындарын үздік немесе жақсы бағамен бітірушілер  ғылыми-педагогикалық қызметте  жұмыс істегілері келмейді. Өйткені, педагогикалық қызметтің жалақысы аз болғандықтан «мәртебелі» мамандыққа санамай, өндіріс орындары немесе кәсіптік құрылымдарға кетуге тырысады. Бүгінде заман талабына лайық мамандарды, әсіресе,  математика және жаратылыстану ғылымдарын жақсы меңгерген жаңа формациядағы кадрларды білім мен өндірістің, цифрлық  технологиялардың тығыз байланысы негізінде  дайындау қажеттігіне көзіміз жетіп отыр. Біз жаппай оқытудан бас тартып, жекелеген мамандар даярлауға  бет бұруымыз қажет. Ол үшін дуальды оқытуды жетілдіріп, жұмыс берушімен тығыз байланыс орнатып модульді білім беру бағдарламалары арқылы  маман даярлау қажет.  Әлеуметтік әріптестік негізінде жұмысберушілер кеңесін құрып, олардың талап –міндеттерін ескеру орынды. Әр маманды оқытуда жеке білім беру траекториясын  құрып, мамандығының ерекшелігіне байланысты қажет деген жағдайда өндіріс орнында дәріс жүргізу  қажет дер едім. Сонда ғана  білімі мен құзырлылығы төртінші революция дәуіріне сай келетін сапалы кадр даярлаймыз және  жұмыспен қамтамасыз етеміз. Осыны ескерген Елбасы: Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жетілдіру қажет, -деді.

   Президент   «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасының жалғасын табатынын айтты.  Әрине, барлық жастардың жоғары білімге қолы жете бермейтіні анық. Оның обьективті де, субьективті де себептері бар. Жастарға алғашқы білім мен мамандық игеруді мемлекет өз міндетіне алып, тұрмыстық қажеттілікті өтей алатын, қолынан іс келетін кәсіби білімі бар орта қол мамандарды даярлауы қай жағынан болса да тиімді болмақ.  

   Жолдауда айтылған барлық басымдықтар елімізді одан да биік белестерді бағындыруға жетелейтіні ақиқат. Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне  жаңа мүмкіндіктерге жетелейтін жаңа құжатты түбегейлі түсініп, лайықты әрекет етсек, ісіміз алға басады деп  ойлаймын.