"ЕЗУ  ТАРТЫҢЫЗДАР ! " — 5

Осы тарауға ұсынылған кезекті  әзіл-қалжыңдарды қабыл алыңдар!. 

 "Езу тартарлар (Анекдоттар)

 

Бір министр, әйелі екеуі мейрамханаға демалуға келеді. Оларға  қызмет көрсетуге келген даяшы жігіт, әйелімен таныс адамдай сөйлесе кетеді. Күйеуі:

— Бұл кім, мен танымаймын ғой?!

— Кезінде бірге оқығанбыз, біраз жүргенбіз, маған үйленуге ұсыныс жасаған.

— Ха-ха... сонда келіссең ғой, даяшының әйелі болар едің ғой!

— Олай емес! Керісінше ол министр болар еді.

*       *       *

Отағасы кешегі үлкен мастықтан таңертең әрең түрып оянса. үйде тып-тыйыш, киімдері жуылған, үтіктеліп ілінген. Қасындағы орындыққа қағаз қойылған, онда әйелінің жазуы: « Ас үйде тамағың дайын, сыра да әкеліп қойдым, бүгін дұрыстап демал!».

Ондайды бұрын көрмеген ол, еш түсінбеген, таңқаларлық кейіпте біраз отырғаннан кейін, өз бөлмесіндегі қызын шақырып алып, кешегі болған жағдайды сұрайды.

— Мен де түсінбедім әке, сен түн ортасында қатты мас болып келіп, кереуетке құладың. Шешеміз саған ұрсып, жұлқылап киіміңді шешкелі жатыр еді, сен оны итеріп жіберіп: «Кет ары сұмырай, менің өзімнің әйелім бар!» -дедің.

*       *       *

Бірде әйелімен қалжыңдасқысы және оны тексергісі келген күйеуі, қағазға: «Қош, сау бол. Мен сенен жеріктім, енді бірге тұрғым келмейді»-деп, жазып столға тастайды да, өзі кереуеттің астына кіріп кетеді, тығылып жатады...

Біраздан кейін келген әйелі жазбаны көріп оқиды. Ары-бері жүрген ол, бір уақытта телефонын алып сөйлесе бастайды: «Мәке, жақсы болды! Үйдегі есерсоқ отағасы кетіп тынды, басым босады. Енді бірге емін-еркін демалайық, өзіңді сағындым ғой. Адресті  айтшы, мен сонда келейін? Жақсы, жазып алдым, міне шықтым...»

Есінен танып қала жаздаған күйеуі,  кереуеттің астынан сүйретіліп шығып, адрес жазылған өзінің қағазын бас салады. Оны оқыған ол, одан ары  есеңгіреп қалады: «Әй, есерсоқсың дедім ғой! Мен дүкенге кеттім, қалжыңбасым менің! Тығылатын болсаң, сирағыңды жинап алмайсың ба!»

*       *       *

Бір мекеменің қызметкерлері арасында әңгімелер  ашық-жарқын өтіп тұрады. Бірде, ондағы бір ер адам әңгіме бастайды:

-Таяуда бір әйелмен танысып, кеше соның үйіне қонаққа барғанмын. Біраз отырып, тіл табыса бергенде,  үй қоңырауы соғылды. Әйел: «Күйеуім келді! Мә, мыналарды үтікте деп», жуылған үлкен бума киімдерді тастай салды. Күйеуіне мені, «шақырумен келген қызметші ғой»  деп құтыла  салды.

Сол кезде, ортадағы тағы бір еркек күлкісін жыя алмай:

— Үйдің адресі,  Бейбітшілік көшесі,  13-ші пәтер емес пе?

— Иә, ал сен қайдан біліп қойдың?

-Мен ол үйде, алдыңғы күні сол киімдердің бәрін жуған болатынмын...

*       *       *

Тағы да сол мекеме ұжымы.

Бұл жолы сол қызметтестер арасынан бір әйел әңгіме бастап, өзінің көңілдесінің оған алтын білезік сыйлағанын, оны тағайын десе күйеуіне қалай түсіндіретінін білмей, басы қатып жүргенін айтады.

Қасындағылары: Құрбым уақытша бере тұрды, жұмыста берген сыйақыға сатып алдым деп айт және т.б. кеңестерін бере бастайды.

Солардың арасынан басқа бір ер адам ақыл қосады: «Ең дұрысы оны тауып алдым де. Мәселен, таяуда менің әйелім алтын сақина тауып алған болатын»

Әріптестерінің  неге хи-хилап күле бергенін, ол артынан барып түсінді ғой деймін.

Егер Сіздерге осы тақырыптағы жазбалар ұнаған болса, сайттың осы тарауындағы  алдыңғыларын да оқыңыздар!