"ЕЗУ  ТАРТЫҢЫЗДАР ! « — 6

Осы тарауға бұл жолы өмірде болған күлкілі бір жайтты ұсынып отырмын. Оқыңыздар!. 

Жаңа жыл түніндегі қыдырыс 

Естелік әңгіме

 

   Бүгінгі келген „Ескі де Жаңа жыл күні“, маған  ертеректе,  дәл осы күні болған  көңілді оқиғаны еске түсіртіп,  езу  тартып отырған жағдайым бар. Соны Сіздермен де бөлісейін.

 

   »Ақсу ауылы. Өткен, 80-ші жылдардың басы. Бұл жылдарды, «қой үстіне бозторғай жұмыртқаламаса да», сол кездегі қоғам өміріндегі бір жамыра-жай,  халықтың «жағалары жайлауда», көңіл-күйлері жайдары жағдайда жүрген уақыт болды деп еске алуға болады. Рас, жаз айларында ауыл халқының тіршілігі  таңның атысымен күнделікті үй маңы күйбеңімен  басталып, одан ары, шаруашылықтың егістіктерінің, не қоғамдық малдың күтімі қамына жалғасып кететін. Содан қараңғы түсе үйлеріне оралған олар, өз малдарын жайластырып жататын. Алайда, ары қарай, тағы демалу жоқ, кезекті бір үйге қонаққа, немесе үзілмейтін ауыл тойларына ағылатын. Сол тойларың түнгі сағат 11-де әрең басталып, таңғы 4-5-те тойға қатысушылар дуылдасып, ауыл жастары шуылдасып әрең тарасатын. Одан ары, кешегідей күнделікті тіршіліктері жалғаса беретін. Қалған әлеуметтік жағдайларға  алаңдаушылық жоқ.  оның проблемалары «Үкімет пен партияның» мойнында, «олар аман болса, бәрі шешіледі» деген ұғым қалыптасқан жағдай еді.  Қыс келісімен қол тіпті босайды, теледидардан бір канал ғана көрсетеді, қалған ермегіңді өз ортаңнан табасың, ағайын-туғандар, дос-жарандар, әріптестеріңнің қуаныштарына ортақтасасың. Олар саябырсып қалса, сылтауын тауып,  өзің ортақ шаралар ұйымдастырасың. Жарайды, ностальгия осымен бітті.  Сонымен ...

    

Ауылда, Сәкең деген (біздер үшін) ағамыз, жоғарыдай көңілді демалыстардың, көпшілік-бас қосулардың бел ортасындағы басты «геройы» болатын. Ақжарқын мінезді, ақкөніл, қалжыңбас ағамыз әр отырыстарды, бас қосуларды «берсе жолымен, бермесең тартып алып» басқарып, асабаланып кете беретін.  Міне,  сол ағамыз, орыстың «сеем, веем, посеваем» мейрамы күні,  ауылдық поштадағы таныс  екі (бірі орыс, бірі қазақ) келіншекпен әңгіме-дүкен құрып, бос уақытын өткізіп отырады.  Далада қысқы борасын, ел аяғы басылған, көшелер бос. Қыздарың кезекшілік аусымы аяқталар шақта, Сәкеңе ары қарайғы уақытты өткізу жөнінде  тосын «идея» келіп, оны қыздарға айтады, өзара мақұлданады.

Сонымен, ағамыз олармен бірге «әйелше» киініп,  өздері араласатын, ауылдың белсенді саналатын азаматтарының үйлерін аралап, орыстар салтымен құттықтауды жөн көреді. Өзерін танытпау үшін, өзі спортшы болған денелі ағамыз, құрбылары да одан кем түспейтіндей, одан әрі қалыңданып киініп, беттерін тұмшалап, маска жауып, «түнгі сапарға» аттанады.

 

Ең алдымен,  жақын жердегі  шаруашылықтың  бас есеп  маманы Секеңнің үйіне келіп, «сеем, веем, посеваем» деп, жарапазандатып, бидайларын шашып, кіріп барады, Обалы не керек, Секең бәйбішесі екеуі келген, мереке иелерін — «орыс» қонақтарды мәз болып қарсы алады. Олар «ыммен» ғана сөйлессе де, жақсы түсінісіп, қолдарына бауырсақ-конфеттерін, бір шөлмегін ұстатып,  билеткізіп шығарып салады. Алғашқы табысқа  масаттанған  «жортуылшылар», енді туралатып,  шаруашылық басшысы Әбекеңнің үйіне жетеді.  Үй иелері есіктерін ойлаңқырап барып ашса да, қонақтарын үйге кіргізіп, олардың жасаған ырымына сай, өз дәм-суларын ұсына бастайды, Әбекең қонақтарды тани алмаса да,  дене пішіміне қарай, ауыл моншасындағы өз жұмысшына ұқсатып, «е-е-е, бұл Жеребятова ғой», — деп, ащы суын рюмкаға құйып бере бастайды. Оған көңілі толмаған «Жеребятова-Секең», күтпеген «нахальствоға» барып, бастығының қолындағы бөтелкені тартып ала жөнеледі. «Әй, мынау қайтеді?», — дегенша, үш құрбы далаға шығып үлгіреді .

 

 Бірақ, «қызықтың бәрі алда» еді. Енді, «Троица» алдағы маршрутты, ауылдың қай жағына беталу туралы өзара ақылдасады. Алдымен, осы жазбаның авторы, ауылдың бір шетіндегі біздің үйге  баруды ойлайды.  Алайда, артынша она алыссынады да, ең   ыңғайлысы деп, төмендегі Ақсу өзенінің үстіндегі аспалы көпірмен, арғы жақтағы ауылға, ондағы үлкен мекеме басшысының үйіне тартады. Күн суық болса да, қалың киімдерден терлеген, жаяу жүрістен шаршаған олар  домаланып, сол Шәкеңнің ауласына келіп «жығылады». Біраз тыныстанып алып, байқаса үй маңы жым-жырт,  іште де солай сияқты. Сыртқы есік жабық, тартса ашылмайды, Тек үй дәлізінен ғана жарық көрінеді.  Әрине, сонау жерден келіп бірден қайтқысы келмеген олар, есікті соға бастайды. Тек, біраз уақыттан кейін ғана, үйдің ішінен адамның селбесі,  жүрісінің дыбысы естіледі. Сырттағылар әлденені сезгендей тиыштала қалады. Бірақ, таң қаларлығы сол, ар жағынан «Кімсіңдер?» деп сұрау жоқ,  есік ашыла кетеді.

Енді, көз алдарыңызға елестетіңіздер: Есік алдында дәу-дәу 3 «орыстың» әйелдері, қарама-қарсыда басында орамал, өзі жалаңаш, тек трусиін  бір қолымен ұстап тұрған үй иесі, Шәкең! Бір-екі минуттік үнсіз тыныштық, содан кейін есіктің ұстағыштарына екі жақтан жанталаса ұмтылған қолдар! Бір қызығы, іштегі Шәкең есікті тек бір қолмен ышқына тартуда! Оған, мықты Сәкең қойсын ба, есікті жұлқа тартып,  шалқайтып аша береді. Жан керек, Шәкең де  ұстағышқа екі қолымен жабыса кетеді... Міне қызық!  Шәкеңнің үстіндегі жалғыз лыпасы баяу төмен сылпып түсіп,  жерге барып жайғасады, ал оның иесі «мамасынан  жаңа туғандай», селтиіп тұрып қалады. Ал, 3 әйеліміз есіктің баспалдағынан үш жаққа бөренедей болып құлап, не күлкілерін тия алмай, не орындарынан тұра алмай, домаланып жатқаны... Содан мерекелік қыдырыстың аяқталғаны түсінікті. Сонымен болды ма? Жоқ! Әңгіменің әлі де жалғасы бар...

 

 Содан біраз күндер өткеннен кейін, қысқы дәстүр бойынша, сол Секең ағамыздың үйінде қонаққа, соғым етіне бір қауым елдің жинала қалғанымыз бар.  Біраздан кейін, дастарханнан дәм татып жайланып, сусындатып терленіп алған кезде, Сәкең ағамыз шыдасын ба, Шәкеңді «анау күнгі не жағдай, не болып еді?» — деп  тергеуге ала бастайды.  Анау да,  «ол не, білмеймін, түсінбедім», — деп, сыр бермеуге тырысып-ақ жатыр. Ештеңеден хабарсыз қонақтардың көздері де, құлақтары да соларда. «А» делінгеннен кейін, «Б-да» айтылуы керек, Сәкең сол күнгі жүрістері оқиғасын айта бастайды, Шәкең бір бозарып, бір күлгендей болып, жұбайы да (ол   әлдеқайда жастау болатын) қызарып, ұялып «жерден тесік іздегендей» қал кешіп отырады. Ортадағы Секең мен Бекең, олардың әйелдері де «рас, рас-ей» десіп,  өз үйлеріндегі сол күнгі қонақтар келісін еске түсіріп, шәукілдесе бастайды. Дастарқан басындағылардың әдемі де қалжың. риясыз, сыпайылық күлкілері, ортадағы өзара сыйластық жағдай қойсын ба, Шәкеңдерді ортаға қайтадан «оралтады», тыныштандырады және сол оқиғаны, енді олар өз тараптарынан күлкілерімен түсіндіреді.

 

«Демалыс күні болғандықтан, үйдің қасындағы монша жағылады. Үйде екеуі ғана, Шәкең моншаға алдымен кіріп кетеді де,  келіншегі шаруамен айналысып, кешігіңкіреп келеді. Сондықтан, Шәкеңе ерте шығуға тура келеді де, киіне бастайды. Киінсе, трусиінің резеңкесі жоқ, ұстамайды. „Мынау осылай“ деп әйеліне айтса, ол, „Иә, білем дейді“. Оған, Шәкең бұрқылдай бастаса, „Болды жарайды! Бір жаққа барайын деп пе едің, барып демала бер, содан кейін дұрыстап беремін“- деп, сабырлатады. Басқа дәрмен жоқ, Шәкеңе үйге бауынсыз трусиін қолымен ұстап кете беруіне тура келеді. Диванға келіп жайғасқан ол, ұйқыға беріліп кетеді...

Содан, есіктің соғылғанын бірден естімей, ояна келіп, ештеңеден ойы  және секем жоқ, ол  есікт і әйеліне бірден аша берген жайы сол болатын. Ары қарай білесіздер!»

 

   Сол жылдардан бастап, күні кешеге  дейін, бұл оқиғаны "С легким паром или ..."  фильміндегі сияқты, әр жаңа жылдың басындағы  басқосуларымызда,  міндетті түрде еске түсіріп, өзара кеңкілдесіп қалатынбыз.  Міне, сол дәстүр бойынша, бірақ  қатарымыз азайғандықтан  және ішке сыймағандықтан да, оны сіздермен бөлісіп отырған жайым бар. Әңгіме кейіпкерлерінің есімдері қазақшаланып беріліп отыр. Оқиғаның нақты болғандығы және оның мерзімінің ескіруіне байланысты, естелік әңгімемді әбестікке санамаңыздар.

Рахмет! Тағы да Жаңа Жылдарыңызбен, ол барлықтарыңызға тек жақсылықтар әкелсін! Көңілді күндеріңіз молынан болсын!