Ақсу қант зауыты қайтадан ашылды

 Таяуда, аудан тұрғындарының,  еңбеккерлерінің көп жылдардан бері бір үмітпен, бір күдікпен іске қосылуын тосып жүрген  Ақсу қант зауыты қант қызылшасының алғашқы легін қабылдап, оларды үлкен қуанышқа бөледі. Қызылша алқаптарынан дайындау пунктіне 80 тонна тәтті түбір жеткізілді.

        Ақсу қант зауытының қайтадан ашылу салтанаты

Осы қуанышты оқиғамен зауыт ұжымы мен шаруаларды облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров құттықтап,  зауыттың қант қызылшасын  қабылдауы қызылшашылар мен өңдеушілер үшін де, жергілікті халық үшін де ерекше оқиға екенін атап өтті. 10  жыл бойы тұралап қалған Ақсу қант зауытының «қалақұраушы» кәсіпорын мәртебесін қайта жаңғыртатын күні де алыс емес екенін айтты. Зауыттың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және сапалы қант өндіру ісін ілгерілетуге ықпал етпек.

Жиында,  Ақсу ауданының әкімі Ә. Далбағаев, Сарқан ауданының әкімі Е.Қошанбеков, зауыт басшылығы және Ақсу аудандық Қоғамдық Кеңесінің төрағасы С.Серпербаев өз құттықтауларын, алғыс-ықыластарын білдірді. Аудан ардагерлерінің атынан  Нұрбек Қасымбеков бата берді.

Осы уақытқа  Ақсу қант зауытын қалпына келтіру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Қызылша жинақтау алаңы ғана емес, барлық цехтары жұмысқа дайын, жаңа құрал-жабдықтар орнатылған, барлық технологиялық процестер автоматтандырылады. Әзірге мұнда 100 адам жұмысқа тартылған, кейінірек  зауыт толық іске қосылғанда  олардың саны 600-700-ге жетпек. Өндірістік қуатына сай маусымына 300 мың тонна шикізат өңдей алады. Ал, дайындалатын таза қанттың көлемі 32-35 мың тонна болады.