Құрметті аудан халқы!

Өткен қазан айының басында ұзақ жылдардан бері тоқтап тұрған, ауданымыздың   басты кәсіпорны — Ақсу қант зауыты қайтадан іске қосылып,  шаруалардың  биылғы өсіріп-өндірген тәтті түбірлерін  қабылдай бастағанын айтып, елдің үлкен қуанышына ортақ болған елдік. Енді  міне, кеше аудан  жұртшылығы  зауыттың алғашқы таза қантты да шығарғанын, оған ауданға іс-сапармен келген облыс әкімі Амандық Баталовтың  куә болғанын естіп,  тағы да зор  ризашылықтарын  білдіріп жатыр.

Зауыттың іске қосылып жүргізілуі мен үздіксіз жұмыс істеуі - аудан тұрғындары үшін жаңа  жұмыс орындарына  орналасуларына,  келешекте  көптеген әлеуметік мәселелерінің  ұтымды шешілуіне және аудан орталығы-Жансүгіров ауылының  мәдениетінің көтерілуіне, сонымен бірге, ауданның ауылшаруашылығы саласының күрт дамуына, қант қызылшасын өсірумен  айналысушы шаруалардың, жалпы аудан халқының әл-ауқатының әлдеқайда жақсаруына да  үлкен  көмек  болатыны анық  мәселе. Осы жағымды оқиға -алдағы болар келелі әңгімелердің арқауы, атқарылар  ауқымды жұмыстардың бастауы ...

Тағы да бәрімізге ортақ қуаныш құтты болсын! Ауданда игілікті істер молынан болсын!

Сайт авторы -С.Серпербаев

 

Ел үміті орындалды.

Ақсу қант зауыты қайта жаңғырып, халықтың көптен күткен арманы орындалды десек артық емес. Еске сала кетер болсақ, аудан алыбы атанған қант зауытымыз он жыл бұрын тоқтап қалған болатын. Ал, бүгінгі таңда қайтадан іске қосылып тіршіліктің ошағына айналды. Осыдан бір екі жыл бұрын зауыт қайтадан жұмыс бастайды екен деген сөздер ел арасында гулеп жүрді. Оған бірі сенсе де, бірі сенімсіздік танытып жатты.

Қалың қардың көбесі сөгіліп, күн жайма шуақтана бастаған мезгіл  еді. Зауытқа инвесторлар келіпті дегенді естігенде шын қуанған едік. Алғаш ішін аралап көргенімізде зауыт тізеден келетін көгершіннің қилары мен қаңғырған итпен мысықтың мекенініне айналған екен. Сол сәтте бұл қалай жасалады деген қүдікті ой санамызды торлаған еді. Ал, бүгін бәрі басқа 22 қарашада яғни, сәрсенбінің сәтінде зауытымыздың ашылуымен қардай аппақ қанттың шығарылып, қапталып жатқанын өз көзімізбен көрдік. Еске сала кетер болсақ, осыдан біраз күн бұрын зауыттың қабылдау пунктінің ашылу, лента қию салтанатына куәгер болған едік. Сол күннен бастап, зауытқа тау-тау тәтті түбірлер жинала бастаған. Бұл аудан тіршілігінің алғашқы бастауы, дала еңбеккерлерімен аудан халқының қуанышының тұңғыш алға басуы еді. Сол қуанышымыз сәрсенбінің сәтінде зауыттың толықтай іске қосылуымен жалғасын тапты.

Зауытқа арнайы іс сапармен келген облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов өз сөзінде:

– Менің айтарым осындай қуаныштар елдерімізде бола берсін. Осының бәрі Елбасының тапсырмасы. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындап жаңа жұмыс орындарын ашу біздің міндетіміз. Өз басымыз қуаныштан көздері жайнап шаттанған ел мен мынау құрылғылардың шулаған дауыс-тарын естіп қуанып жатырмыз, – деген сөздерінің өзі қандай керемет жағдай. Сонымен қатар осы аудандағы Ақсу политехникалық колледжіне зауыттың басшылары тапсырыс беріп, аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы 53 маман осы зауытқа жұмысқа келген екен.

Ақсу қант  зауыты Қазақстан-дағы үлкен зауыттардың бірі. Өкінішке орай, біраз жыл тоқтап қалды. Десе де бүгін қайта іске қосылуы бұл жүректі жаратын қуаныш деп сөзін түйіндеген облыс басшысы жерлестерімізді қуаныштарымен құттықтады.

Жақсы жайсаңдар бастаған бір топ қонақтарды күтіп алып, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Айтбаев ата-баба жолымен ақ батасын берді.

Жалпы зауытқа 80 мың тонна тәтті түбір жиналған. Зауыт іске қосылғаннан бері бір жұма ішінде 2000 тоннасы өңделген. Алдағы үш жылда құрылғылары толықтай ауыстырылып, автоматтандыру көзделіп отыр.

Ләззат Қасымбекова,

Кенжебек Әкімбек.