Кітабымыздың «Спорт-ұлт саулығы»  тақырыбымен аталатын осы тарауында  ауданның  спорт  саласының  дамуының  барысы,  қол жеткізген айтулы  жетістіктері.  әр  кезеңдегі  аса танымал болған үздік  спортшылары туралы,  естеліктер, танымдық  мақалалар берілетін  болады.  Осыған орай, соның  алғашқысы ретінде 2011 жылы шығарылған «Аңыз Ақсу, Абыз Ақсу, Нағыз Ақсу»  кітабында  жарияланған  қысқаша   деректік  мақаласын беріп отырмыз. 

 

Ақсу ауданының спорт саласының дамуы туралы

 

Ат жарысы

    Қазақ халқының ғасырлар бойы өз тұрмыс–тіршілігіне, салт–дәстүрлеріне қарай бейімделген сайыс түрдегі ойын-жарыстары, ат бәйгелері, бүркіт шалу, тазы салу, т.б. көптеген жарыстары елімізде ұлттық ойындар бағдарламасы шеңберінде бүгінде өткізіліп келеді. Қазақ елінде адамның ой-өрісін кеңейтетін дойбы, тоғызқұмалақ ойындары жалпыхалықтық сипатқа ие болған.  Қазақ халқы ертеден күрес сайыстарында шыңдалып келсе, кейіннен бокс, басқа да жекпе-жектіксайыстарда бүгінгі ұл-қыздарының әлемдік деңгейдегі жарыс биіктерінен көрінуі занды құбылыс еді. Олардан Ақсу өңірінің азаматтары да кенже қалған емес. Ауданда спорттың классикалық түрлерінің дамуы өткен ғасырдағы 50–ші жылдардың басына келеді. Хал-жағдайы жақсарған, жаппай орта білім алуға ұмтылған жастар спортпен де белсене айналыса бастайды. Сол кезде оларға ұйтқы болған, аудан орталығы–Ақсу ауылы мектебінде дене шынықтыру сабағының алғашқы кәсіпті ұстазы Спартак Александрович Виноградов деген азамат болды. Ауданның спорт саласындағы ең алғашқы жетістігі 1952ж. облыста спорттың бірнеше түрінен өткен “колхозшылар” жарысында жалпы командалық бірінші орынды жеңіп алуы еді. Команда құрамында Мақатай Шукенов,  Дүйсетай Бекежанов,  Молдахан Сапыжанов, Болат Кикимов, Ғалымжан Атабаев сияқты алғашқы шыққан мықты спортшылар болды. Ауданда әсіресе бокс, күрес, волейбол, жеңіл отлетика, шаңғы сияқты спорт түрлері ерекше дамыды. 1955ж. бастап республикалық “СКИФ-2” командасының белді ойыншысы болған Қасымхан Ысқақовтың ұйымдастыруымен волейбол ойыны жақсы дами бастады. Оның тәрбиелеп-ұштаған, өзі капитаны болған оқушылардың құрама командасы 1956 және 1958 ж. облыстық спартакиадаларда бірінші, республикалық жарыста жүлделі алтыншы орынға ие болды. Осы жылдары спортпен айналысқан оқушы-жастар ішінен аса бейімділері Алматы қаласындағы денешынықтыру институтына түсіп, бітіргеннен кейін ауданға қайта оралып, өздері спортты дамытуға, насихаттауға және жастарды тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңірді. Олардың алғашқы лебінде Сұлтанбек Мамырбеков, Қуантай Балабеков, Саяқ Бисекенов, Жаркент Барманбеков, Жұмабек Қуанышбаев, Ұлан Қасенов, Болат Қарабалин, Кеңесбек Жұматаев, Төкен Сатыбалдин, Советбек Ақшонаев, Бошай Ақтаев, Мұратбай Төлегенов, Болат Нүрпейісов сияқты ұстаз-мұғалімдер болды.

    Ақсу ауылының төменгі жанында, өзен жағасында жастардың күшімен, “асар” әдісімен стадион салынып, 1962ж. алғашқы аудандық спартакиада өткізілді. Әр ауылда спорт алаңдары жаппай салына бастады. 1964-66жж. аудан оқушылар құрама командасы спорттың 16 түрінен өткізілген облыстық спартакиада да 3-ші орынға ие болды. 80-ші жылдары ауданда ауыл спартакиадаларын, турнир-жарыстар өткізу қайтадан дұрыс жолға қойылды. Соның ішінде күрес спортына ерекше көңіл бөлініп, онымен айналысушылар республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстар жеңімпазы болды.

Орталық стадионда. Жансугуров ауылы


Спортшылар. Ақсу аудандық спорт мектебі

Өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынған, 500 адамдық көрермендер трибунаcы және жеңіл атлетика жүгіру жолы, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар аудан орталығындағы Е.Сихимов атындағы стадион 2010ж. бүгінгі күн талабына сай күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңаша түрге енді. Оның жанында стандартқа сай еркін күрес залы бар, медициналық және әдіскер бөлмелері бар «Батыр» спорт кешені жұмыс істейді. Ауданда балалар мен жасөспірімдердің облыстық мектебі бар. 12 спорт түрінен аудандық федерациялар құрылған.

Жасөспірімдерді дене мәдениеті және спортпен жүйелі түрде айналыстыру мақсатында ауданның мектептерінде де ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Дене тәрбиесі сабағынан дәріс беретін 77 мұғалімнің 49-ы жоғары білімді мамандар. Мектептерде 35 дене шынықтыру ұжымдары құрылған, 26 спортзал, 25 қосарланған спорт алаңдары, гимнастиқалық қалашықтар, 2 ашық жүзу бассейіні, 17 тир және 1 үлкен стадион соларға жұмыс атқарады. Мектептерде спорттың бірнеше түрінен ақысыз спорт секциялары жұмыс істейді, ауданда 35 аула клубтары қоғамдық негізде құрылған.

Ауданда әр спорт түрлерін дамытуда, жас спортшыларды дайындауда соңғы жылдары нәтижелі еңбек етіп жүрген Самат Еркенов (бокс), Бақытжан Нарышев (волейбол), Жұмабек Рамазанов (баскетбол), Нұрлан Сейітов (баскетбол), Тілеуберген Арғынбаев (волейбол), Асхат Молдабергенов (гимнастика, футбол), Т. Стамшалов (футбол) Е.Ерсүгіров (грек-рим күресі) Талғат Молдабергенов (регби), Жанболат Бүкенов (дзю-до), Аслан Құсайынов (бокс), Қ. Алаңбаев (тоғыз құмалақ),  А.Сүлейменов (бокс), Серік Нарышев (шахмат), Бақытжан Құсаинов (дзю-до) сияқты спортшы-жаттықтырушылардың есімдері құрметпен аталады.

Ауданның ауыл округтері, кәсіпорындар мен мекемелер арасында спорттың 7-10 түрінен жазғы спартакиадасы жылда өткізіледі. Волейбол, баскетбол, еркін күрес, т.б. спорт түрлерінен біріншілік жарыстар,  белгілі спортшыларды еске алу турнирлері, Ұлы Отан Соғысының Жеңіс Күніне арналған аудандық ат спорты жарысы жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Мемлекеттік қызметкерлердің аудандық жазғы, қысқы спартакиадалары өткізіледі, оның жеңімпаздары облыстық турнирлеріне белсене қатысады.

Ауданда мүгедектерді оңалтудың 2008-10жж. арналған бағдарламасы негізінде, мүмкіндігі шектеулі адамдарымыз аудандық, облыстық спартакиадасына қатысып отырады. Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудан, ауылдық мекемелері қызметкерлері мен мектептер оқушылары барынша тартылатын «Денсаулық фестивалдары», «денсаулық күндері», «Спорт есірткіге қарсы» тақырыбымен халықтық спорт ойындары, т.б, шаралар тұрақты өткізіледі. Ауданда президенттік сынамалар өтіп тұрады, оның 2009ж. өткізілген айлығына 4157 адам қатысты.

Спортзалдағы жаттығу.          Мамания мектебі

Ауданның Ақсу ауылындағы Байсеріковтар отбасы «Әкем, шешем және мен» атты дәстүрлі отбасылық жарыстарда облыста 2-орынды, 2010ж. республикаық халық спорт ойындарында 3-орынды иеленсе, республикалық жарысының бас жеңімпазы атанды. Ауданда регби спорт түрі жақсы дамып келеді. Т.Молдабергенов жаттықтыратын мектеп оқушылары командасы әр

деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп тұрса, оның мүшелері облыс құрамында республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Оқушысы Ж. Нүсіпова республика біріншілігінде 2-орынға ие болып, кәзіргі таңда республика құрама командасының мүшесі. Е.Сихимов атындағы орта мектептің қыздар командасы оқушылар арасында республика чемпионы атанды.

  Аудан мақтанышы дзюдо және самбо күресінен әлем чемпионатының және Азия ойындарының қола, Азия чемпионатының, Орталық Азия ойындарының алтын медальдарының иегері, Сидней қаласындағы өткен жазғы олимпиодалық ойындарына қатысып, еліміздің туын ұстап шыққан, Бейжін Олимпиадасының күміс жүлдегері -  Житкеев Асхат.

 

Олимпиаданың күміс жүлдегері Житкеев Асхат спортшылар арасында.

Соңғы жылдары әйгілі спортшы ағаларының үздік дәстүрлерін жалғастырып, жарыстарда ерекше танылып, болашақта да жеңістер биігінен көрінуіне сенім білдіруге болатын жас таланттардың өсіп келе жатқаны қуантады. Еркін күрестен қыздар арасында 2007 ж. республика чемпионатының жүлдегерлері Айнұр Имаш және Бимолдина Ания болса, ақсулық Айгерім Серкебаева, Есеболатов ауылынан Күшкенова Римма 2-ші орынға ие болды. Р.Күшкенова еркін күрестен 2010ж. тамыз айында Сингапурда өткен жасөспірімдер Олимпиадасына қатысып, 4-ші орынға қол жеткізді. Тайландта өткен Азия ойындарында Жанатова Гульжан күміс, Жақсыбаев Қуаныш қола жүлдеге ие болды. Еркін күрестен Екібастұз қаласында өткен халықаралық жарыстарда Қоқанов Ахат 3-ші орынға ие болса, Қуаныш Жақсыбаев жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыстың чемпионы атанды. Бокстан аудан құрама командасы мүшесі матайлық Құрманғалиев Аманкелді 2010ж. республикалық біріншілікте 3-ші орыннан көрінді. Облыстық дарынды балалар спорт интернатында ауданнан 13 оқушы тәрбиеленуде.

Аудандық спорт бөлімін 1950 жылдардан бері басқарғандар: Нүкенов Тәңірберген (1950-52), Бұғыбаев Нұрбосын (1952-56), Әмірбаев Ақанбек (1956-64),  Қуанышбаев Жұмабек (1964-70), Дауытов Оралхан (1970-72), Әзімбаев Ергеш (1972-78), Хасенов Нұртай (1978-98), Самат Еркенов.

       Жалғасы болады...