АҚСУ  ЕЛІ  АЛЫП  КҮШ  ИЕЛЕРІМЕН ДЕ МАҚТАНА АЛАДЫ!

 

Сайтым парақтарында еліміз тарихында Ақсу жерінен шыққан, ерен ерліктерімен елін қорғаған ер бабалар, өткен ғасырдағы Отан қорғау соғыстарының  батырлары мен кейінгі бейбіт заманда зор күш-жігерімен үлкен спорттық сайыстарда жеңімпаздар атанған атлеттер туралы деректер жарияланып, олар мүмкіндігінше насихатталып («Спорт-ұлт саулығы (Ақсулық спортшылар» тарауында) жатқанын байқаудасыздар.

Қазіргі уақыттарда да өңірімізде соңғы ағаларының  ізін  абыроймен жалғастырушы жас спортшы–дарындар қатары үзілмей жалғасуда.  Бүгін солардаң ішінен, зор жігер мен қол-білек күшін қажет ететін - спорттың ауыр атлетика  бағытында  ерекше көзге түсіп отырған екі жас «батырымыз» туралы әңгіме қозғап отырмын:

  1. Кеше ғана жастар арасындағы әлем чемпионатында елімізге алғашқы алтын медальды сыйлаған Ақсуымыздың баласы — Сайрамкез Ақмолда;

  2. Гір көтеруден әлемдік рекордшы және де Гиннес кітабына енетіндей аса ерекше көрсеткішке қол жеткізген жерлес азаматымыз — Машаев Елубай.

Танысыңдар! Желідегі достармен де бөлісіңдер!

 

 

 

Сайрамкез жеңістерінің  алғашқы сәтті кезі

(Сүйіншілік хабар!!!)

 

Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан ұлдар мен қыздар арасында әлем чемпионатында Қазақстанның ұлттық құрамасының мүшесі, Алматы облысының өкілі, Ақсу жерінің баласы, 16 жасар Сайрамкез Сайлаукезұлы Ақмолда жеңімпаз атанып, ел қоржынына алғашқы алтын  медалді салды.  Ол жарыстың бірінші күнінде 61 келіге дейінгі салмақтағы  қоссайыста 257 кг зіл темірді көтерді. Оның жұлқа тартудағы -112 кг, итерудегі — 145 кг көрсеткіштері екі кіші күміс медальдарының да иегері  атандырды.

Баспасөздер хабарлауынша, чемпионатқа  50 елден 13-17 жас аралығындағы екі жүзден астам спортшы қатысуда. Онда  Қазақстандық  5 спортшы  өз күштерімен сайысқа түсуде.

 

 

Сайрамкез Ақмолда Ақсу ауданының Матай ауылында (теміржол стансасы) дүниеге келген. Ол аудан жұртшылығына  жақсы белгілі үлкен  әулеттің - Ақмолдановтардың қазіргі жас ұрпақтарының өкілі. Атасы жағынан: Ақмолда — Имаммолда — Сайлаукез -  Сайрамкез  болып келеді.

Әкесі Сайлаукез - Ауған соғысының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысы бойынша ауған соғысы ардагерлері ұйымының ең белсенді мүшесі. Оның басшылығымен Бөрлітөбе, Ақсу, Сарқан аудандары аумағында  ауған соғысында қаза болған жерлестерге арналған ескерткіштер орнатылған және де ұйымдастыруымен облыс көлемінде оларға арналған  әр түрлі спорт түрлерінен турнирлер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Сайрамкез Матай орта мектебінде алтыншы сыныпты бітіргеннен кейін Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына қабылданып, спорт жолына түседі...

 

*        *         *

Осы қысқа деректерді ұсынған, Сайрамкездің үлкен бауырларының бірі - Ақмолданова Айнакез Сатыбалдықызы, ұзақ жылдар Матай поселкелік округінің әкімі болып мемлекеттік қызмет атқарған (қазір зейнеткер), Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

Айнакездің өзінің еңбек жолы туралы толық мағлұматтарды осы сайтымдағы  «Ақсудың Майрасы мен Айнасы» деген мақаладан оқи аласыздар:http://ser-bek.ru/bez-rubriki/a%D2%9Bsudy%D2%A3-majrasy-men-ajnasy.html

 

*        *        *

 

Алғашқы құттықтаулар, ізгі тілектер

 

 

*        *        *

 

 

 

 

 

Білекті де жігерлі Елубай

 

Машаев Елубай Мизамұлы Алматы облысы Ақсу ауданының тумасы. 1970 жылы аудан орталығы- Жансүгіров ауылында көп балалы отбасында өмірге келген. Әкесі аудан тұрғындарына жақсы танымал, сыйлы азамат болған. Соңғы жылдары Талдықорған қаласында тұрады.

Елубай жас кезінен спортқа бейімделіп, әсіресе  өзіне табиғаттың берген дене күшін жаттығулар арқылы табандылықпен дамытып, гір көтерумен беріле айналысады. Содан ары аудан, облыстық жарыстарға қатысады, жоғарғы көрсеткіштерімен тұрақты жеңімпазы болып, елге танымал болады.

 

 

*        *        *

 

Елубайдың халықаралық деңгейдегі жетістіктері 2011 жылдан басталады. Сол жылы Киров қаласында өткен Ресей ашық чемпионатында бір  сағат ішінде  24 кило гірді  661 рет көтеріп, жарыстың барлық ережелеріне сай,  ресми түрде әлемдік рекорд иесі атанады.

 

*        *        *

 

2013 жылдың  наурыз айында өткен Талдықорған қаласы чемпионатында  Елубай Машаев жаңа әлемдік рекорд орнатты. Осы туралы  жарыс куәгерлері  былай деп еске алады: «Жарыс орнына гір көтеруге шыққан жұқалау  келген, аласа бойлы қатысушы өзін рекордтық көрсеткішке дайын екендігін мәлімдегенде, оған төрешілер де, басқалар да үлкен мән бере қоймады.  Ол 32 кило  2 гірді қолына алғаннан  бастап көтеру жылдамдығы қарқындай бастаса да, күмәндері сейіле қоймайды. Бірақ уақыт созыла береді, Елубай да тынбайды, қолындағы  екі пұт  салмақты гірлер ойыншық  сияқты сезіледі.  Судьялар кезек-кезек бір-бірін алмастырып отырады. Содан Елубай салмақ көтеру есебін 777 санға  жеткізіп, әлемдік рекорд жасалғанда, көрермендер орындарынан тұрып  қошеметтерін көрсетеді.  Ал Елубай онда да тоқтамай,  көріністі  екі сағат төрт минутке дейін созады. Нәтижесінде екі қолымен екі пұттық  снарядтарды 800 рет көтеріп, бұрынғы  рекордтық көрсеткіш  23-ке артады".

Алайда, қалалық жарыстың деңгейі ресми жарыстардан төмен болғандықтан  фантастикалық нәтижені әлемдік рекорд ретінде ресми  түрде тіркеуге  болмайды.

 

*        *        *

 

Әлемдік рекордшы  Елубай Машаевтың  келесі жетістігі  гір спортынан  үш жылда бір рет өткізілетін Дүниежүзілік Олимпиаданың  2015 жылы  Белоруссияда өткен жарысында болады. Әлемнің 17 елінен  400-ден астам спортшы жиналған сайыстың жеңімпазы атанады.

Елубай өз мықтылығын осы олимпиадамен  қатар өткізілген халықаралық конфедерациясының нұсқасы негізіндегі  әлем чемпионатында тағы дәлелдейді. Америка, Латвия және Финляндия елдері спортшы-күш иелері бәсекелестік көрсеткен ол жерде де,  классикалық  қоссайыста (двоеборье) алтын медальдің иегері болады.

Сонымен бірге, бір сағаттың ішінде 24 кило салмақты 664 рет көтеріп, тағы да Гиннес рекордын жаңалайды.  «Біз оны тоқтаттық,  әйтпесе жаттықтыру кезкңдерінде ол санды 1200-ге дейін жеткізе алатын» деп еске алады,  рекордшысының  тәлімгері Нұрлан Айшымбаев.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Алайда, өкінішке орай, алап күш иесі Елубай Машаевтың рекордтық жетістіктері Гиннестің кітабына ресми түрде енгізілмей отыр. «Мен оны қайталай аламын. Алайда, ол үшін халықаралық сарапшылар және судьялар қатысуы керек, оларды  арнайы шақыру үлкен  қаражаттар қажет » — дейді, бүгінгі Талдықорған қаласының түрғыны, Алматы облысы атын шығарушы, зор білек күшінің иесі  Елубай Машаев. ...