Сайт кітабымыздың «Спорт — ұлт саулығы» тарауының бүгінгі екінші мақаласында  аудан спортының  даму  тарихының  бастапқы кезеңіндегі, яғни спортшыларымыздың алғашқы  толқынына жатқызылатын  аса белгілі, халықаралық және еліміз деңгейіндегі үлкен жарыстарда жеңімпаздар қатарында көрініп, ауданымыздың атағын   талай рет  әуелеткен  спортшы азаматтар  туралы қысқаша деректер  беріледі. 

 Ақсулық үздік спортшылар (аға ұрпақ өкілдері)

 

АТАБАЕВ ҒАЛЫМЖАН 

  1934ж. Тасбекет ауылында туған. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті, Қырғыз Республикасының денешынықтыру институтын бітірген. Сонда оқып жүріп, бокстан осы республиканың екі дүркін чемпионы болған. Ауданға келген соң СПТУ–4, Чапаев, Гагарин атындағы орта мектептерінде оқушылар мен ауыл жастарын спортқа баулыды. Оның қолынан бокстан Қырғызстанның екі дүркін чемпионы болған Б.Айтжанов, С.Еркенов,  У.Санабаев,  М.Төлегенов сияқты спортшылар тәрбиеленіп шықты. Олар Кеңес Одағы, республикалық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарда жүрді. Шаруашылық кәсіподақ комитетінің, ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарды.

 

  БАЛАБЕКОВ  ҚУАНТАЙ

1936ж. туған. Алматы денешынықтыру институтын бітірген. Алматы қаласында “СКИФ-2” командасының белді ойыншысы. Көптеген жылдар волейболдан аудандық, облыстық құрама командаларының мүшесі болған. Кейіннен ауданда ДОСААФ мекемесін басқарды.

  

   ҚОЙШЫБАЕВ  БАҚЫТ

1936ж. туған. Алматы денешынықтыру институтын бітірген. 1961-62жж. спорттық гимнастикадан Қазақ КСР-ның чемпионы болған. 1962-90жж. Қазақ Өнер Академиясының денешынықтыру кафедрасының меңгерушісі болған.

  

  ҚУАНЫШБАЕВ  ЖҰМАБЕК

 

1939ж. Бөрлітөбе ауданы Лепсі поселкесінде туған. Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтының түлегі. Ауданда спорт саласын өркендетуде елеулі еңбек сіңірген. Тәжірибелі спортшы-ұстаз, жаттықтырушы ретінде көптеген спортшыларды тәрбиелеген. Өзі үлкен өнер иесі, дүлділ ақын, көптеген кітаптардың авторы. Ауылдық, аудандық кеңестердің, мәслихаттың депутаты болды.

 

  МАМЫРБЕКОВ  СҰЛТАНБЕК

1939ж. туған. Волейболдан аудандағы алғашқы мамандардың бірі. Ол Алматы денешынықтыру институтында оқып жүріп, волейболдан КСРО-ның намысын қорғаған, “СКИФ-2” командасында ойнаған. Н.Есеболатов атындағы мектепте мұғалім, Ақсу мектеп-интернатының, жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болды. Ауданда оның атындағы волейболдан турнирі тұрақты өткізіліп отырады. “ҚР оқу ісінің үздігі”, Құрмет грамоталармен марапатталған.

 

  БАРМАНБЕКОВ ЖАРКЕНТ

1939ж. Ақсу ауылында туған. Алматы денешынықтыру институтын бітірген. 1958 жылдары волейболдан облыс бойынша “Динамо” қоғамының чемпионы. Бокстан Алматы қаласының 3 дүркін және “Буревестник” қоғамының КСРО бойынша чемпионы. Ы.Алтынсарин атындағы (Мамания) мектепте мұғалім, «Діңгек» кеңшары жұмысшылар комитетінің төрағасы спорт мектебінің директоры, Ақсу мектеп- интернатының директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болды. Кооператив ашып, ауылшаруашылығымен айналысты. Қазір зейнеткер.

 

  БЕЙСЕКЕНОВ  САЯҚ

1940ж. туған. Алматы денешынықтыру институтын бітірді. Алматы қаласында “СКИФ-2” волейбол командасында ойнап, капитаны болды. Көп жылдар аудандық, облыстық құрама командасының мүшесі. Ақсу ауылы мектептерінде мұғалім, Ақсу мектеп-интернатының директоры болды.

 

  АҚШАНАЕВ  СОВЕТБЕК

1940ж. туған. Алматы денешынықтыру институтын бітірді. Еркін күрестен республикалық, Одақтық жарыстарға  қатысқан. Алматы қаласының 3 дүркін, “Буревестник” қоғамы бойынша бірнеше рет чемпион болған. Ол Әлікен Байсалбеков, Нұртай Хасенов, Қамалбеков, Алдабергенов, Елтай Ақболатов сияқты мықты, танымал спортшыларды тәрбиелеген.1963-70жж. Чапаев атындағы мектепте мұғалім, 1970ж. Ақсу спорт мектебінің алғашқы директоры болды. Шаруашылық кәсіподақ ұйымын басқарған.

 

  НҮРПЕЙІСОВ  БОЛАТ  

1941ж. туған. Алматы денешынықтыру институтын бітірген. Бокстан спорт шебері, Қазақстан біріншіліктерінің жүлдегері, “ЦСКА” командасында жаттықтырушы болды. Жоғарғы категориялы төреші.

 

  АЙТЖАНОВ  БОЛАТ

1941ж. Ақсу ауылында туған. Алматы денешынықтыру институтын бітіріп, сонда мұғалім, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған. Бокстан КСРО спорт шебері, Қырғызстанның екі дүркін жеңімпазы. Ғылым кандидаты.

 

  АҚБОЛАТОВ  ЕЛТАЙ

1949ж. туған. Спорт шебері. Еркін күрестен жасөспірімдер арасында республика чемпионы. Ауданда жаттықтырушылық қызмет атқарып, оның оқушылары республикалық жарыстарда жүлделі болып отырған, Банников Сергей— республика чемпионы болды.

 

 ШАЛАПОВ  ТҰРМҰХАМЕТ 

1955ж. туған. Күрестен 1971-72жж. оқушылар арасында 2 дүркін республика чемпионы. 1978-79жж. республикалық, Орта Азиялық жарыстарда жеңімпаз болды. Оның Д.Қуатбеков, С.Әуелбеков, А.Тшарбаев, Е.Даукенов, С.Боданбаев, Ж.Оңалдинов, Т.Исламханов, Е.Қалыбаев сияқты шәкірттері әр деңгейде жарыстардың жеңімпаздары, жүлдегерлері болды. КСРО спорт комитетінің “Денешынықтыру және спорттың үздігі” атағы иегері.

 

   ҚҰРМАНОВ  ТҮМЕН

1955ж. туған. Қарағанды денешынықтыру институтын бітіріп, Жансүгіров поселкесіндегі облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде күрестен жаттықтырушы, кейіннен директоры болды. Ол тәрбиелеген палуан шәкірттері- Айтқожин Қуаныш республиканың 4 дүркін чемпионы, Лойзиди Лазер-әлем чемпионатына қатысқан

 

 ЖАРМҰХАМЕДОВ  НҰРБАЙ 

1957ж. Қапал ауылында туған. Спорт шебері. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақша күрес пен самбодан Қазақстанның 8 дүркін чемпионы, КСРО чемпионатының (1975) қола жүлдегері. Жоғары оқу орындары арасында өткен бүкілодақтық жарыстардың 5 дүркін чемпионы. Жастар арасында КСРО және әлем чемпионы.

 

 ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ  САЯТ

   1962ж. Ақсу ауылында туған. Алматы денешынықтыру институтын бітірген. 1988—2005жж. Ақсу аудандық, 2005 жылдан Талдықорған қаласындағы балалар және жасөспірімдер мектептерінде бапкер–жаттықтырушы. «ҚР еңбек сіңірген бапкері». Шәкірттері әлем, Азия біріншіліктерінің жүлдегерлері болып, ал А.Житкеев Сидней қаласындағы жазғы Олимпиадалық ойындарға қатысқан, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері.