Біздің, Ақсу өңірі Қуат есімді екі ақынымен мақтана алады. Олардың үлкені,  өткен ғасырдың ортасында жалпы елімізге танымал болған айтыс ақыны- ТЕРІБАЕВ ҚУАТ.  Оның өмір жолын, шығармашылықтарын бүткіл аудан жұрты жақсы біледі. Оның есімі өзінің туған, Көкөзек ауылындағы орта мектепке берілген, ескерткіші бар. Ол туралы жүйелі түрде мектептерде арнайы сабақтар, оқушылар конференциялары  өткізіліп тұрады,  мерейлі күндері аудан , облыс деңгейінде аталып өтеді. Солай десек те, атамыз туралы тосып отырған тың құжаттар қолға тиісімен, сайтта жариялайтын боламын.

  Ал, екіншісі, бүгінгі күндердің танымал ақыны, белгілі журналист - Қуат  Қайранбаев.  Қысқаша ғана дерек берсек, Қуатымыз, туған өңірі,  Егінсу-Матай құмдарының ыстық табын табанында қалдырған, Қапал өңірі тауларын еркін шарлап, шипа ауасынан және төменгі Ақсу суларында  демігін басып,  өз шығармашылығына  қуат алған  азамат. Туған өлке  әдемілігін ақындық туындыларында өрнектеп, ал, журналист ретінде,  аудан халқының тұрмыс-тіршіліктерін  айшықтап көрсетіп жүрген оны ел-жұрты құрметтейді.

   Бүгін  сайтта оған арналған  арнайы парақ ашып, оның алғашқы жазбасына Қуаттың өмірдерегін және туған жер тақырыбына арналған  өлеңдерінің топтамасын беріп отырмын.  Және де, ол туралы ғаламтор беттерінен  әдебиетші, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жүкел ХАМАЙДЫҢ «Шуақты  Сезім немесе тағы да ақын Қуат Қайранбаев хақында»  деген мақаланы тауып, жариялап отырмын. Оның шығармашылығы туралы айтылар басқа құнды пікірлер, бағалық мақалалар алдағы  уақыттардың еншісінде деп санаймын.

  

Қуат Әбілұлы  Қайранбаев

Өмірбаян

Қуат  Қайранбаев

 1961 жылы 22 тамызда  Алматы облысы  Ақсу ауданына қарасты Егінсу  ауылында теміржолшы отбасында дүниеге келген. 1978 жылы  Матай орта мектебін бітіргеннен кейін еңбек жолын теміржолшы болып бастайды. Отан алдындағы азаматтық борышын Поляк Халық республикасында өтеп оралып, Бөрлітөбе аудандық газетіне тілші болып орналасады. 1982 –1986  жылдар аралығында қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетінде білім алып, жолдамамен Бөрлітөбе аудандық «Балқаш өңірі» – «Прибалхашъе» газетіне қайтып оралады. 1988 жылы  Қапал аудандық «Қапал еңбеккері» – «Капальский труженик» газеті редакторының орынбасары болып тағайындалып, 1988 – 1997 жылдары осы газеттің бас редакторы қызметін атқарған.  1999 жылдан бүгінге дейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек етуде.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қуат Қайранбаевтың қаламынан  «Жан сырым» (1996 ж.), «Ақ жауын» (2005 ж.), «Дариға – Дәурен» (2011 ж.) атты өлеңдер жинағы, «Тұғырлы тұлға» (2001 ж.), «Жолайырық» (2005 ж.), «Әулет жыры» (2009 ж.), «Шұғыла» (2009 ж.), «Ақ мама» (2017ж.) прозалық кітаптары жарық көрген.  Ақын көптеген облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. 

    Журналистика саласындағы жемісті еңбегі үшін ҚР Президенті Н. Назарбаевтың және облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған. 2011 жылы Қуат Қайранбаевқа «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақсу ауданының Құрметті азаматы» атақтары берілді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20  және 25 жыл мерекелік медальдарымен, «Отан патриоты» , «Батыр шапағаты» медалімен марапатталған.

    Жары – Дариға Садықова дәрігер-терапевт, қызы Гаухар философия докторы ғылыми дәрежесін қорғап, әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте ұстаздық етеді.  Маржан Алматы энергетика институтын, Қазақ – Британ университетін, Ұлыбританияның Ланкастер университеттерін бітірген, байланыс саласының маманы. Ұлы – Сырым Әбіл, Заң университетінің түлегі, республикалықжыр мүшайраларының жеңімпазы.

Фото Қуата Қайранбаева.Фото Қуата Қайранбаева.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Фото Қуата Қайранбаева.

Фото айнакез ахмолдановой.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Фото Қуата Қайранбаева.

Фото Қуата Қайранбаева.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Фото Қуата Қайранбаева.Фото Қуата Қайранбаева.

 

 

Фото Қуата Қайранбаева.Фото Қуата Қайранбаева.

 

ШУАҚТЫ СЕЗІМ немесе тағы да ақын Қуат Қайранбаев хақында

 04 Қараша 2011, 17:32  223  0 Газеті: «Талдықорған» газеті

 

   Жазиралы Жетісудың түлегі – белгілі ақын, журналист облыстық «Жетісу» газетінің қызметкері Қуат Қайранбаев ердің жасы – 50-ге толып отыр. Шығармашылық еңбегін Қапал аудандық газетінен бастаған әріптесіміз өткен аралықта оқырмандарына айтарлықтай шығармалар ұсынды. Оның қаламынан туған өлеңдері бірнеше жеке кітап болып ұсынылды. Қуат Қайранбаев ақындығымен қоса проза жанрына да көсіле қалам тартып, әңгімелер жинағын, сондай-ақ журналистикалық салада да өнімді еңбек етуімен қатар Жетісу өңірінен шыққан өнер қайреткерлері мен еңбек ардагерлері өзге де белгілі тұлғалар туралы очерк-әңгімелер жинағын да оқырмандарына тарту етті. Ол сондай-ақ, Республикалық және облыстық жүлделерге де бірнеше мәрте ие болды. Қалың оқырмандарға да кеңінен танылды. Мұның барлығы да мол ізденіс, шалқар шабыт, ең бастысы – тынымсыз еңбектің арқасында келгендігі анық. Сол себепті біз бүгін әріптесімді даталы мерекесімен құттықтап, Оның деніне саулық, шығармашылығына табыс, отбасына амандық тілей отырып, әдебиетші Жүкел Хамайдың ақын шығармашылығына арналған «Шуақты сезім» атты мақаласынан үзінді беруді жөн көрдік.
 

Қуат Қайранбаев

 Ұдайы өзгелердің шұғылалы жағын көріп, өзі шұғыладай жарқылдап жүретін ақынның бірі – Қуат Қайранбаев. Танысқанымызға жиырмадай жыл өтсе де Қуаттың жабығып жүрген кезін көрмеппін. Алдына нендей іс көлденең тұрса да, жас баладай жарқылдап, күлі-ойнап, өзгелерді де күлкіге көміп жүргені. Зердесі толған өлең, көкірегі толған адамгершілік. Кез-келген ақынның өлеңінен екі шумақты мысал етіп, қалжыңын өзінің қалжыңымен сабақтастыра ұштап, әйтеуір езуіңді талдырмай тұрмайды. Қалжыңы да жарасымды, жасы үлкенге де, кішіге де жұға қалады. Тектілігі басым, текті атадан туғандығы, дана қарттан тәрбие көргендігі байқалып тұрады. Домбыра шертіп, әуелетіп ән салатыны өз алдына, отырған жерінің сәнін келтіріп, жүрген жеріне шаттық-күлкі шашып жүреді. Бұл тұрғыдан есіңізге баяғының дәуренді шағын елестетіп, үкілі серілерді көз алдыңа келтіреді. Ақын болмаған күннің өзінде мықты әнші болатыны байқалып-ақ тұрады да, сол қасиеттерінің барлығы жазған-сызған дүниелерінен де аңғарылмай қоймайды. Тұщымды ой, орнымен қолданылған сөз тіркестері оқырманын еріксіз баурап алады... 

Қуаттың қанша өлең жазғанын білмеспін, әйтсе де оның алғашқы жинағынан бастап, «Ақ жауын» (2005ж) жинағына дейінгі поэзиялық барлық жинақтарын білемін. «Тұғырлы тұлға», «Жолайырық», «Әулет жыры», «Шұғыла» атты прозалық кітаптары да қолымызда. Қуат өлеңсөзде қалай тайпалса, прозалық жанырда да дәл солай, шашасына шаң жұқтырмайтын жазушы. Сөз саптауы әсте қазақы, қарапайым бола тұра қисынды, алыпқашпалығы жоқ, баяулап басталған баяу ырғақ жаныңа біртіндеп барып баяу жұғады. Қазақтың қоңыр үні деген де – осы болар-ау!
«Шұғыла» жинағы оның журналистік еңбегінің жемісі. Ұзақ жыл осы салада жүргендегі көңіліне түйгендері мен Жетісу өңірінде дүниеге келген өнер адамдары туралы очерктері, түрлі тақырыптағы зерттеу мақалаларының топтамасы. Өмірден алынған шынайы шындықтар. Өлеңсөздің Тәңірі – Мұқағали Мақатаевтан бастап замандасымыз Жомарт Игіманға дейінгі ақындардың өлең-жырларын жаңаша талдаған Қуаттың зерттеу мақалалары ақынды ақын көзімен қараудың бір үлгісі болса, қарапайым еңбек адамдары туралы жазған очерктері кәді бір деректі драма іспетті.
«Мұқағалидың ең басты феномендерінің бірі – оның тақырып таңдауында болса керек.», — дейді, Қуат Қайранбаев — Өлеңді жап-жақсы жазатын көптеген ақындарымыз оқырмандарын таңдандырмақ болып күрделі тақырып іздеп әуреге түседі. Соның нәтижесінде өзі де, өзге де түсінбейтін жырлар жазып, жұртты жалықтырып та жүр. Ал, Мұқағали бір қарағанда байқала бермейтін, өзіміз күнде көріп жүрген жайларды жырға қосқанда: «Япыр-ай, мен неге осыны байқамағанмын? Неге жазбағанмын?» — деп ойларыңыз хақ. Осындағы: «япыр-ай, мен неге осыны байқамағанмын?» деген бір ғана сұрақтан Қуаттың өзінің де өмірдегі талай нәрсені «байқап», көкірегіне түйіп жүретіндігі аңғарылады. Мұны ақынның өлеңдерін ақын жүрегімен сезе білген адам көре алса керек-ті, Қуаттың «Неге жазбағанмын?», — деп өзін кіналауы – оның өзінің де поэзияны бек түсінетін мықты ақын екендігін аңғартқандай. Кез-келген адам ақынның өлеңін өзі жазатын тақырыбындай жанына жақындата бермейді. Жақындатқан күннің өзінде, «Япыр-ай, мен неге жазбадым?» деп, өкінбейді де. Міне, сөз арасындағы жалғыз сұрақтың өзінен Қуаттың ойға қандай жүйрік қаламгер екендігі аңғарылады. Қуаттың жазғанынан мұндай мысалдардың талайын келтіруге болады. Ол қандай ақынды жазбасын, тек сол ақынға ғана тән, соның ғана табиғатына қонған дара қырларын дөп басып, алдыңызға түрлі-түсті бояуымен жайып салады. Қуат өзгелерге таңданса, сіз Қуатқа таңданасыз. Жетісудың дүлділдерінен Қуаттың қаламына ілікпегендері шамалы. Күйші, әнші, ақын, сазгерлер өз алдына, ел басқарған азаматтар мен жайлаудағы қойшыға дейін Қуаттың пайымдауынан өтпеген адам жоқ десек те болады. Өмірдің алуан саласына көз жүгірту әуелі – Қуаттың кәсіби журналист екенін аңғартса, соның барлығын сөзбен зерлеу – оның қаламы қарымды жазушы екендігін танытады. Ақын, жазушы, журналист. Үш бірдей дарын. Үшеуін бір адамға түгілі, бір-бірлеп үш адамға берсе де аздық етпес еді. Үш бірдей саланы бірдей алып жүру үшін де адамға мықты қажыр, мықты дарын қажет. Қуат Қайранбаев ақындығымен де, жазушылығымен де, журналист ретінде де оқырмандарын толық мойындатқан дарын иесі. Оның өлеңін немесе қарасөзін немесе мақалаларын оқысаң да өзіндік машығы анық танылып тұрады. Тіптен, Қуат қарасөзді де өлеңдей шалқып отырып жазатыны байқалады. Кейбір әңгімелерін оқысаңыз бастан-аяқ ұйқасып, өлеңдей өріліп тұрады.
«Тәуелсізбін, бүгін жайым өзгерді, еркін елдің ерікті ұлын көз көрді. Тұлымымды ерке желге иіскетіп, еңсе тіктеп есе бердім сөзге енді. Тәуелсізбін, азат енді ұрпағым, күнде тұрып қарсы аламын жыр таңын. Жалтақтаумен әркімдерге өткен күн, ар жағында қалып қойды қырқаның...» (Қазақтың қарышты қадамы. «Шұғыла»,270-бет.). Мінеки, осы бір әңгімеден келтірілген үзіндіні қалайша өлең деп айтпасқа. Қарасөзше жазылып тұрғаны болмаса, сол қалпында өлең. Сөйлемдерін бөліп, өлең шумағына келтірсеңіз болғаны, тамаша қараөлең сарынын байқайсыз: 
«Тәуелсізбін, бүгін жайым өзгерді, 
еркін елдің ерікті ұлын көз көрді. 
Тұлымымды ерке желге иіскетіп, 
еңсе тіктеп, есе бердім сөзге енді. 
Тәуелсізбін, азат енді ұрпағым, 
күнде тұрып қарсы аламын жыр таңын. 
Жалтақтаумен әркімдерге өткен күн, 
ар жағында қалып қойды қырқаның...». Өлең. Өлең болғанда да, анау-мынауға бергісіз тамаша өлең! Ғажабы сол – Қуаттың қарасөзінің ішінде мұндай дайын өлеңдер тіптен жиі кездеседі. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы бір қарасөзін оқып көрелік: «...Басқан сайын кері кетіп қадамым, бұл тағдырдан көріп пе едік нала мұң? Ғасырлардың талқысынан аман-сау, қалай өткен перзеттері даланың? Жазықсыздан құдай кәрін төкті деп, жылады ма жерді жатып тепкілеп?» (Дала демократиясы. «Шұғыла», 273-бет.). Төгіліп тұрған ұйқастар. Өлең емес!, деп айта аласыз ба? «...Басқан сайын кері кетіп қадамым, 
бұл тағдырдан көріп пе едік нала мұң? 
Ғасырлардың талқысынан аман-сау, 
қалай өткен перзеттері даланың? 
Жазықсыздан құдай кәрін төкті деп, 
жылады ма жерді жатып тепкілеп?». Міне, осылайша келтіріп оқысаңыз болғаны, Қуаттың қарасөзінің өзі төгілген өлең екенін бірден байқап, оның төкпелік қасиетіне таң-тамаша боласыз. Осы қасиеті үшін де Қуаттың қарасөзін өлеңдерінен алыстатып қарауға келмейді. Бәлкім, бұл қасиет – Қуаттың ақындығының құдіреті болар?! Оны зерттеп, толық зерделеу үшін уақыт қажет... 
Жүкел ХАМАЙ, 
әдебиетші, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

 

Қуат Қайранбаев.

Өлеңдері. Туған өңіріне арналады

 

                      ЖЕТІСУ

Бабалар қанымен қорғаған,

Аналар ақ тілек жолдаған.

Құт қоныс болар деп таңдаған.

Жетісуым.

Жеті өзен өлкесін торлаған,

Өзіңе айтамын арнап ән.

Жақұт далам,

Бақыт табам бір сенен.

Туған жерден жеткен үн,

Шуағындай Меккенің.

Ұланыңмын тек сенің.

Жұмақ мекен,

Жетісуым.

Арай шашып көкте күн,

Махаббатын төкті елім.

Басқа арманым жоқ менің,

Жаннатты Жетісуым!

 

Көркіне тамсантып талайды,

Күн нұры көгімнен тарайды.

Ерке жел сипайды самайды,

Жетісуым.

Ұрпақтың бағына арайлы,

Алатау сүйсіне қарайды.

Қиял мекен

Қияр ма екем мен сені?!

 

                        Қапал 

Жол тағы бір жотадан асырады,

Тыңдашы,

шырқалмай ма ғасыр әні.

Шіркін-ай,

туған жердің әр төбесі,

Көзіме менің оттай басылады.

 

Осы ғой көптен бері аңсағаным,

Оралмай неге жүргем қаншама күн?!

Ақырын әуежайдан аса берсең,

Моласы көрінеді Кеңсабаның.

 

Асықсаң кете бергін төте, мейлі,

Көңілден қуып жібер бөтен ойды.

Өткен соң Тұздысудан оңға қарай,

Күре жол Қапал жаққа жетелейді.

 

Тарих қой мына жатқан дала деген,

Шарықтап шыңға қарай барады өлең.

Сал Біржан Ешкіөлместің баурайында,

Жолығып, айтысқан-ды Сараменен.

 

Болған соң ешкісі де, қойы да аман,

Ешкіөлмес...

Сыр шертеді жайы маған,

Оң жаққа бір асудан асып түссең,

Қоңыр тұр,

туып-өскен Сайын ағам.

 

Табиғат осы жерде қызығар жан,

Шығады айта берсем түзіп алдан.

Көшкентал көшесінде көрер болсаң,

Марфуға, Өтепберген ізі қалған.

 

Суында сыңғырлаған мың бір әні,

Алдыңнан қарсы алады Шыңбұлағы.

Жабайы алмасы мен өрігі мол,

Қарақат, бүлдірген көз тұндырады.

 

Етегі көмкерілген бау-қайыңға,

Таулардың суығына жаурайын ба?!

Мұзбұлақ, Найзатас пен Сайын, Бөлек,

Бұйығы Қапал жатыр баурайында.

 

Саф таза тілегі бар лағылдайын,

Келгенде алға тосқан барын дәйім.

Сері деп,

салған мені алақанға,

Қапалдың жұртын қалай сағынбайын.

 

Қарт Жоңғар,

қалың жаудың бөгетіндей,

Қоңтәжі – кілең шыңнын төбесіндей.

Ілияс жырға қосқан сұлу өлке,

Мейірін енді маған төгетіндей.

 

Баланың қайтпасын деп бақ-талабы,

Тілегін арда жұртым ақтарады.

Бұл Қапал,

қанат беріп қалықтатқан,

Мәңгілік жүрегімде сақталады!

                

             Егінсу

 

Бәрі өтер...

өтер жастық,

өтер жалған,

Тіршілік, тәтті ме едің шекер балдан.

Мінекей,

Қаражота кейін қалды,

Мәңгілік Сара ақынға мекен болған.

 

Жастықтың жырға қосып жарастығын,

Қыз зарын айтып еді,

Алаш мұңын.

Сарамен бақұлдасып, әрі аттансаң,

Тоспасы шығады алдан Ақешкінің.

 

Қарасаң көз жетпейтін алабына,

Жақын ғой жүрегіме дала мына.

Бір жол бар батыс жаққа жетелейтін,

Көз көрген Алажиде, Молалыға.

 

Тірліктің талшық етіп сабағын кей,

Өзіңді, Қызылағаш, барам үндей.

Жоңғардың сілемі боп үнсіз жатыр,

Жұмбағын ішке бүгіп Қаракүнгей.

 

Ауасы кермекті алар қолқадағы,

Санамда саялайды өлке мәні.

Шап-шағын шаруақор ауыл мынау,

Бір кезде болған дейді көл табаны.

 

Шығыста таулар қалып асқаралы,

Жоңғардың түксиеді қас-қабағы.

Алдымнан балғын күннің елесіндей,

Жазығы Егінсудың басталады.

 

Бұл жерде жастық шақтың куәсі көп,

Сан мәрте түзді кезіп, қыр асып ек.

Өргізген қойнауында тағыларын,

Түбінде әр шиінің бір асым ет.

 

Көктем көл,

жасыл шалғын жаз аңғары,

Сол сурет жиі алады мазамды әлі.

Үшкөлдің суы толып, жайылғанда,

Шалшықта шоршитұғын сазандары.

 

Не жетер перзент үшін елге, тегі,

Мұндайда сезім – бұлақ селдетеді.

Тұсына ауылымның тақалғанда,

Тылсым күш жүрегімді тербетеді.

 

Естелік әр төбесі жатқан батпан,

Мына маң,

қозы бағып, сақпандатқан.

Түнімен ай астында серуендеп,

Кірпікті қамаушы едік атқанда ақ таң.

 

Ол шындық,

артты заман халқыма жүк,

Содан ба,

біздер тасып, шалқымадық.

Әне, әкем теміржолмен баратқандай,

Балғасын иығына артып алып.

 

Басқанда туған жерді келеді ой көп,

Ауылға жетуші едім төредей боп.

Тұрғандай анам тосып үй алдында,

Жанарын алақанмен көлегейлеп.

 

Туған жер,

перзент үшін бекем айлақ,

Есімде,

сан келгенмін «көкем-ай»-лап.

Ағайын жатыр, міне, бір қырқаны,

Туыстай қоңсы қонған жеке жайлап.

 

Тау көріп құм үйілген жай төбені,

Тайпақ тал болған көңіл бәйтерегі.

Ауылдың көшесіне тоқтай қалып,

«Келдім!» деп айқай салсам қайтер еді?!

 

Ататын арайлана таң білініп,

От алған осы арадан сан бір үміт.

«Келдім» деп көшесінде айқай салсам,

Дауысым кететіндей жаңғырығып.

 

Десе де туған жерін мақтайды әркім,

Егінсу,

көңілімде баққа айналдың.

Жаңарған көшеңменен келе жатып,

Сенде өткен жастығымды таппай қалдым!..

 

                       Матай

Жыр күтіп шайырыңнан елеңдесең,

Жазайын,

кеткендей-ақ өлеңде есем.

Тізгігін көлігіңнін Матайға бұр,

Құмдарды бұйрат-бұйрат көрем десең.

 

Таптатпай жауға найза кезеп келген,

Тағдырлы тарих мұнда безектелген.

Құрөзек, Ақөзек пен Талдыөзектей,

Өтесің жол-жөнекей өзектерден.

 

Жоқ мұнда биік шыңдар тас өрлеген,

Сонда да осы өлкені әсем көрем.

Ілияс жырға қосқан Ақсу, әне,

Арыны әлдеқайда бәсеңдеген.

 

Деп келдім,

киелі өлке,

жыр алайын.

Еншімді неге ендеше сұрамайын?!

Сібір мен Түркістанды жалғап жатқан,

Темір жол,

өткен күннен мұрадайын.

 

Демегін,

сар даланың бар ма сәні?

Жадымды сол құмдардың талмас әні.

Бұйыққан бұйрат-бұйрат ақ шағылдар,

Балқаштың толқынына жалғасады.

 

Тағдырдың аз болды ма сыбағасы?

Біз үшін жұмақ еді құм арасы.

Орнында біз оқыған интернаттың,

Мешіттің қалқияды мұнарасы.

 

Демеп ем,

жырақ кетіп бақ сынайын,

Арай күн,

сағым сыйлап атшы дәйім!

Мектебім – жау қайтарған қамал сынды,

Ағам жүр,

қорғап оны сақшыдайын.

 

Көңілді қаумалап-ап қырмызы мұң,

Құрбымен тыңдаушы едік жұлдыз үнін.

Сөмкесін, бақытты едік, арқаласақ,

Бота көз,

қолаң шашты бір қызының...

 

Япыр-ай,

соның бәрі кеше ме еді?!

Бір тылсым сезімімді еселеді.

Қамсыз жұрт,

қалыпты өмір,

қараша үйлер,

Қалпында біздер жүрген көшелері.

 

Білмеймін,

айтылды ма лағыл әнім?

Өткен күн еске түссе қамығамын.

Ұстаздар аз қалыпты алдын көрген,

Құрбылар әже бопты сары қарын.

 

Отарба,

бопты иесі тас тұғырдың,

Көңілден оны көріп қашты бір мұң.

Бұл Матай бәзбіреуге бекет шығар,

Мен үшін бақ мекені жастығымның.

 

Жыр күтіп шайырыңнан елеңдесең,

Жазайын,

Кеткендей-ақ өлеңде есем.

Тізгінін көлігіңнін Матайға бұр,

Жалынын жастығымның көрем десең

 

             ТАҢБАЛЫ 

Жеткізген ғасырлардың жан дабылын,

Естілді, көне дәуір, самғап үнің.

Ей, болашақ, салғайсың назарыңды,

Тасына жақпар-жақпар Таңбалының.

 

Бақыт тауып қия құз, маң даладан,

Тас қашай ма қиналып аңғал адам?!

Ей, болашақ, бабалар бұл белгіні,

Бәлкім, саған жетсін деп таңбалаған.

 

Қайсы дәуір, қайсы бұл ғасыр екен?

Дей алмаймын әйтеуір  заты бөтен,

Тасқа қашап қалдырған бұл суреттер,

Бабамның бізге жазған хаты ма екен?

 

Жауына табалатпай тауында өлген,

Қалған із бе қаһарлы жауынгерден.

Ей, болашақ, құлақ сал, естимісің,

Бүгінге жеткен үнді дәуірлерден.

 

Тіршілік тақағанда жанына мұң,

Біздерге жолдады ма сағым әнін?

Табынып тарыққанда Күн-құдайға,

Талғажау еткен түздің тағыларын.

 

Табиғат айналғанда ән бағына,

Тағдырды бабаларым таңдады ма?

Тілдесіп, тағзым жасап қайтам десең,

Ей, болашақ, келіп-кет Таңбалыға!

 

          ТУҒАН ЖЕР

Айналайын, ата жұрт, қоныс-мекен,

Перзентіңмін өзіңе таныс, бөтен.

Жазамын деп жыраққа кеткен едім,

Өзің жайлы әрлі өлең намысқа тең.

 

Айтар біреу – ерекше несіменен?

Сенде ергенмін киелі көшіне өлең.

Махаббатым сәбилік қалпымда сол,

Суыған жоқ, жоқ бәлкім, еш үдеген.

 

Шырқап өтпей сан жүрген сар даламен,

Шырпы өмірді арнайы таңдамап ем.

Жыр жұртынан енші алып кеткен ұлың,

Келмей жүр-ау, сағынтып, арнап өлең.

 

Сенен атты біз үшін таралып күн,

Демеу бердің даңқына сан алыптың.

Өзен-көлің, көк майсаң, қырларыңда,

Ізі жатыр балдәурен балалықтың.

 

Төгілгенде тауыңнан таң үлгісі,

Таңғажайып көрінер тәңір күші.

Топырағың біздерге төсек еді,

Түнің мақпал-ғашықтар жамылғысы.

 

Жанға құйып Ақсудың ағын әнін,

Лепсінің де барғанбыз бағына мың.

Дос-жаранмен алаңсыз бірге жүрген,

Туған жерді мен бүгін сағынамын.

 

Сағынамын сан барған думан көлді.

Қыздар жүрген қырларды – буған белді.

Сарсаң болған санаға сағым тілеп,

Жырға қосып отырам туған жерді.

 

       ТУҒАН ЖЕР ТОЙЫНА

Тыңдаған қапы қалмас бабалар өсиетін,

Туған жер, тұғырым ең мәңгілік бас иетін.

Тұранға атым шықса, тыңдаса елім мені,

Ақсуым, ең алдымен бұл сенің қасиетің.

 

 

Атады жарқын болып әлі алда болашақ таң,

Ән дарып жүрегіме, күш алғам нәр ошақтан.

Ақсудың ұлы – деген көтердім жоғары атты.

Абырой-беделіңді кезім жоқ аласартқан.

 

Таңдарға табындырдың, ертеңге еліктірдің,

Тірлікке аттандырдың талайын көрікті ұлдың.

Тұрлаулы мерекеңе ақ кептер көңілменен,

Ту қылып тілегімді, қуана келіп тұрмын.

 

Шаттық пен мұң аралас талай күн өтті, мейлің,

Шықпасын енді алдыңнан қатерлі көп дүлей күн.

Шырайлы Ақсуымның ел-жұрты аман болсын,

Шынайы сезімменен бақ қонсын деп тілеймін