Құрметті сайт оқырмандары, қонақтары!  Аудан азаматтары! 

  Сайтымыздың «Ақсуым-өнер ордасы» атты арнаулы парағына өткен жолы  шығармашылықпен айналысатын жерлес азаматтарымыздың ішінен  алғашқысы ретінде,  биыл 80 жастың сеңгіріне шыққан,  ауданымыздың «Бас ақыны», «сегіз қырлы, бір сырлы» үлкен өнер иесі,  еңбек ардагері МҰСАНОВ Дубек ақсақалымызды қалап алып, оның өмірдерегі мен біраз туындыларын енгізген едім.  Ал, бүгінгі кезекте,  өнердегі солардан кейінгі ұрпақтың лайықты өкілі ретінде, ауданымыздың төл баласы  Әділбек Ыбырайымұлы туралы әңгіме қозғауды  жөн деп есептедім.   

    Әділбек Ыбырайымұлы — еліміздің шығармашылық ортасында әлдеқашан аса танымал болған, өзіндік «ойып алған» орны бар ақын, жазушы; дарындылығымен әдебиет жанрындағы ең беделді саналатын  көптеген сыйлықтардың иегері. Міне, жуырда  өтетін «Рух» халықаралық әдеби конкурсына,  ауданымыздың тарихына байланысты және оның  кейіпкерлері  халқымыздың ерекше құрмет тұтатын  тұлғалары болып отырған «КЕНЕ ХАННЫҢ КЕГІ» атты тағы бір жаңа  туындысы ұсынылып отырған жайы бар. Ол біздің де сайтымызда жарияланды.

   «Әділбектің кітабында әбігер тіршілік бар. Кітабын оқып отырып Әділбек ініммен айтысып, айқайласып отырған сәттерім де аз емес.

  Егде тартып, еңсең түскенде, қарттықпен ұшырасқанда, бойыңдағы отыңнан, қойныңдағы тотыңнан айырылғанда айтылар сөзді жас жігіт неге сонша ерте айтты екен деген күдікті ойға берілгенім болмаса Әділбектің осы бір жүрек жарды сөзіне мен әбден сендім».

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қазақстанның Халық жазушысы

    Екінші жағынан, Ә. Ыбырайымұлын Үкімет деңгейіндегі мемлекеттік қайраткер ретінде де тануымыз керек. Осыған орай,  басқаларға үлгі етер қасиеті ретінде оның туған өңірі  елімен үнемі  қарым-қатынаста және олардың халқының жағдайымен,  күнделікті тіршілігімен, проблемаларымен жете хабардар болуы  мен олардың келелі деген біразының  шешілуіне  нақты көмектер  беріп отыратынын айтар едім...   

  Осыған орай, Әдекеңді  аудан халқына әлі де жете таныстыру мен  шығармашылығын насихаттау (кемшіндеу жатқандықтан)  жұмысына  өз тарапымнан және сайттың  мүмкіндігіне қарай қолдау жасауды жөн санап  отырмын.

 Бүгінгі арнаулы жазба төмендегідей  мазмұнда құрылып  отыр:

  • Ә. Ыбырайымұлының толық көлемдегі өмірдерегі берілді.
  • Назарларыңызға бірнеше өлеңдері ұсынылып отыр. Айтуым керек, мен оларды арнайы іздеген жоқпын. Ол үшін, өзі аса белсенді қатысушысы болып саналатын әлеуметтік жүйедегі,  тек соңғы таза  бір айдың ішіндегі ғана жарияланған өлеңдері мен табиғат көріністері суреттері топтамасын қарап шықтым. Одан ары, өз кезегінде, олардың ішінен «Жетісу суреттері» тақырыбымен  берілген табиғат суреттер және соларға «жабыстыра»  жазылған бірнеше өлеңдерін ғана  таңдап алдым.
  • Одан кейін Әділбектің  «ҚАЗАҚИ СӘЙГҮЛІКТЕР СЕРИЯСЫ»  атаумен күнделікті дерлік үзбей  жариялап отыратын фотосуреттерінің де ең соңғыларын ғана енгізіп отырмын. Олардан Әдекеңнің атқұмарлығы, атбегілігі, жылқы малының білгірі екендігі, оларға деген  ерекше  сүйіспеншілігін байқап  ризашылығыңды білдіресің

Ыбырайымұлы Әділбек (Алпысбай)

ӨМІРДЕРЕК

   1965ж. Алматы облысы Ақсу ауданының Қызылағаш ауылында туған. Ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепті, Қазақ Мемлекеттік Университетін, Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген

   1990ж. «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде тілші болып еңбек жолын бастайды. 1994ж. “Матай” инвестициялық жекешелендіру қоры басқармасының орынбасарлығына бекітіледі. 1996ж. кәсіби мамандығына қайтып оралып, “Қазақстан-Заман” қазақ-түрік халықаралық еркін басылым-газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарды(1994–96). Келер жылдары мемлекеттік қызметке қабылданып, ҚР Сыртқы істер министрлігі Ақпараттық талдау және жоспарлау басқармасының екінші хатшылығына тағайындалады, бірінші хатшысы болады. 1999ж. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары–Ауыл шаруашылығы министрінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының баспасөз хатшысы болады. 2001 жылдан мемлекеттік мұнай тасымалдау компаниясы–“ҚазТрансОйл” АҚ менеджер, бас менеджер; «Мұнайлы ел» журналының бас редакторы; «Астана қ. телевизиясы» жаңалықтар қызметінің продюсері; «Рауан» баспа үйінің бас директоры–«НұрАстана» газетінің бас редакторы; «Астана қ. телевизиясының» бас редакторы, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарады. Бүгінде ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің инспекторы.

   Өмірдің әр саласынан мақала, очерктер жазып, тілшілік кәсіптің қыр-сырын тереңірек ұғынып, жорналшылыққа мейлінше машықты. Публицистикамен қатар әдебиетшіліктен де қол үзбеді. “Жұлдыз”, “Жалын” журналдарында өлеңдері жарияланды. «Пір мен пырақ», «Көктемсіз жыл», «Сүмбіле шуағы», «Ақ тамақ қарлығаштар» жыр жинақтарының, «Ақ кекіл» атты хикаят пен әңгімелердің, «Адам-айуан», «Ұяластар» романдары мен «Зауқайыр»  роман-триллерінің,  «Ақкекіл»,  «Мизам көк» хикаяттар пен әңгімелер кітаптарының, «Сана. Өлшем. Ақиқат» публицистикалық жинағының авторы.   Қазақстан Жастар одағы мен Журналистер одағының бірлесіп, журналистика саласындағы тағайындаған Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының иегері (1992ж.). Сондай-ақ, әдебиет пен мәдениетке берілетін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының (1997ж.), Халықаралық «Алаш» (2012ж.), «Дарабоз» (2015ж.) әдеби сыйлықтарының лауреаты. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген «Алаш тарихының ақиқаты» атты республикалық бәйгесінің жүлдегері. Баубек Бұлқышев атындағы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Азаттық аясында» атты республикалық жыр бәйгесінің бірінші орын иегері.

  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.  Алматы облысы Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Жетісу суреттері  (Өлеңдер циклінен...)

 

АЙНАЛЫП КЕТЕ АЛМАЙ ЖҮР АҚҚУ ҚАЗЫМ...

Қоңыр күз, болмашы нұр
Там-тұмдаған,
Шытынған күн ырайы салқындаған.
Ақсудың айдынынан дамыл тауып,
Қалқиды
Аққу қаздар қаңқылдаған.

Қия алмай мекен жерін, айдын көлін,
Осында
Өткізгендей айдың көбін.
Ақсудан ұша алмай жүр
Жарар еді,
Қалмаса қарлы, мұзға
Әй, білмедім...

Қалқисың
Көкті әуелеп, әсем құсым,
Аптығын көңілімнің
Бас енді шын.
Көкейде көгілдірдей қалып қойдың,
Күлімдеп,
Көз жаулайтын жас, өңдісің

Төрт маусым
Алма кезек алмасады,
Жылдар да
Жаймен жылжып алға асады.
Дәурені біткенменен жазғы күннің,
Сайраны
Жыл құсының жалғасады.

Шаттығың сезілетін даусыңда айқын,
Тәтті өмір
Болмаса екен маусымдай тым...
Ақсудан қайтар аққу
Жылы жаққа,
Жетісу жырын айтып таусылмайтын.

Күн шіркін бүркеп алған сызды бетін,
Аққу қаз әсем, сазды біз білетін.
Барады мойынында
Алқаң кетіп,
Арманнан жасап алған үздіге тым.

Ақсудан
Ұша алмай жүр аққу қазым,
Көңілдің байызсыздау тапты назын.
Туған соң
Көгілдірлер Жерұйықта,
Жерсінбей жүрер ме екен жат бұғазын...

Айналып кете алмай жүр аққу қазым...

2017 жылғы 30 қазан

 

БІР АРУ ШАТҚАЛДАРҒА ТЕЛМІРЕДІ...

Таудағы кештің кейпі мүлде бөлек,
Еседі сәл салқындау шілдеде леп.
Тау-құздың ар жағынан Ай қарайды,
Болғандай бірімізбен тілге кемек.

Құз-шыңның көз тартады
Өңді іреңі,
Әлдебір жұмбақтарға сендіреді.
Соңғы кез кешке қарай жарқабақта,
Бір ару шатқалдарға телміреді.

Таулардың
Таң ете ме тылсымдары,
Ұнай ма қызық та жат қыр-сырлары.
Ұдайы қас қарая көрем ылғи,
Тұратын жалғыз келіп бір сұлбаны.

 

 

Кетеді алаңдатып сән көңілді,
Қарайлап мен де аламын сәл демімді.
Айта ма батар Айға
Армандарын,
Немесе, күте ме екен әлдекімді?

Үзілмей күнде осы жайт қайталанды,
Үдетіп жібергендей қайта алаңды.
Бір күні
Айғай салдым шың басынан,
Жаңғырық дүрліктірді сай-саламды.

Пендені
Ұға қоймас жайт алдайды,
Ынтыққан құштар көңіл қайта алмайды.
Ақтасты,
Күнде саған көтерілем,
Содан соң
Сол бір бейне байқалмайды...

2017 жылғы 29 қазан

 

МҰЗ ҚАБАҚ, АПАЙ ТӨСТІ АҚПЕЙІЛІМ...

Еседі құйындатып күзгі ызғырық,
Өмірді жүр екенбіз біз қыздырып.
Өтеді қара суық жауырыннан,
Екпіндей елеурете
Ызғып ұрып.

Күздегі өндірмек боп келте күнді,
Кидім де жолға шықтым телпегімді.
Табаным туған жерге тигеннен соң
Желі де көтереді желкенімді.

Жетісу тауларының аңғарлары,
Жетелей апарады
Арманға әрі.
Өмірге қанат байлап қайта келер,
Құпия қойнауыңа барған бәрі.

 

Құздарда кездесетін пері қиын,
Көк тайғақ, шыңыраулы жері қиын.
Алдыңнан қауіп-қатер күтіп тұрар,
Сонда да іздей берем Жерұйығын.

Кеземін азды-көпті тау етегін,
Мендегі болар-болмас нәуетек үн.
Мұз қабақ, апай төсті
Ақпейілім,
Сендегі құдіретке тәу етемін.

2017 жылғы 28 қазан

 

ЖЕТЕЛЕП ЖОЛ ІЛГЕРІ ҚҰЙҒЫТАМЫН...

Үзбеуім қатынасты керек білем,
Еседі сағыныш жел Теректіден.
Жетелеп жол ілгері
Құйғытамын,
Кеудемде жүрек шіркін өрекпіген.

Әзірше
Бітпесе екен татар дәмім,
Жөн болар жетпегенге
Апарғаның.
Арманды
Алыстағы жақындатып,
Тарта бер қияныңа сапарларым.

 

Қараймын
Қуанышпен кең далаға,
Бүйеннің суы тасып енді аға ма?
Жетісу,
Мен өзіңе қайта оралдым,
Жерұйық болғаннан соң сенде ғана.

Күліктей
Бойда жүрер күйі кілең,
Жарысар жылдамдықтың дүйімімен,
Кезбе бұлт –
Керуеннің арасынан,
Күн сұлу назар тастар қиығымен.

Іздеймін балаң күнгі сауығымды,
Таппаспын
Сол кездегі қауымымды.
Кербез тау,
Ырысы мол бақты далам,
Басшы бір,
Бауырыңа ап мауығымды.

2017 жылғы 27 қазан

 

ТАУДАҒЫ КҮЗ. ШАТҚАЛДАҒЫ ҮН...

Таудағы күз
Көркем де келістісің,
Тәкәппар боп кетеді тегіс түсің.
Шатқалда ән сап
Жүр ме екен сол бір ару,
Оның даусын
Жаңғыртып бөлісті шың.

Көркің сенің
Мен үшін бұрын да әйгі,
Әлі ештеме білмеймін сырың жайлы.
Әуендеткен
Талшын ба, тағылар ма,
Жүрек тұсым
Еріксіз шымырлайды.

Оранғандай
Бөкебай түбіт, мамық,
Әппақ бұлттар төбеңе тұнып қалып.
Әудем жерді
Көре алмай сипалақтап,
Әлгі әуеннің
Мән-жайын түк ұқпадық.

 

 

Тымық қойнау меңіреу
Не біледі,
Алаңдатты сол үннің жөні мені.
Күрең жақпар тасыңа
Қырау шалған
Қызыл шырай
Жапырақ емінеді.

Көктем кезде
Шыққан ед бақтан да әнің,
Ынтықтықтың абайсыз татқам дәмін.
Бір хабарын
Алмай-ақ кетеміз бе,
Жұмбақ күйі
Қала ма шатқалдағы үн?..

2017 жылғы 27 қазан

 

ҚАЗАҚИ СӘЙГҮЛІКТЕР СЕРИЯСЫНАН

Иең қайда, ақбоз ат?!.


Ақбоз ат... ақ қырау қыс...


Ақ боз арғымақ

 

 

 

Күртік кешкен жирен қасқа...


Иесіне тіл қатқан торы төбел...


Құла бөрте ат болады бұйырса...

 

Күзгі үйір


Кең өрісте жосылтқан жылқылар...

 

Үкілі жануарлар...

Ымыртқа ұмтылған сары қызыл...

 

Жал-құйрығы төгілген көк айғыр...


Байшұбар...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Босанып кеткен қамбар қасқа...