Құрметті оқырмандар!

   Бүгін осы интернет-кітаптың  «Ақсуым-өнер ордасы» атты тарауында   ақын-жазушылардан   басқа да  өнердің  сан қырлы сала-бағыттарында ( артист-актерлар, театр-кино  режиссерлері, әншілер, суретшілер, т.б.)  есімдері қалың жұртқа барынша танымал болған  дарын иелері туралы  әңгімелерді  бастап отырмын.  «Ақсулықтар» деп айтылатын олардың қатары да молынан саналады. Олар туралы танымдық деректер, мақалалар жүйелі түрде жарияланып отырылатын болады.  Алғашқылары   ретінде  солардың аға буынына жататын біраз азаматтарымызды атап өтеміз.  Басқалары  туралы алдағы уақытта  олардың  Өздерінен де, Оқырмандардан да мақалалар-естеліктер тосамыз!

 Ақсу өңірінен шыққан  өнер саңлақтары

БАЙСАҚҰЛЫ қобызшы МОЛЫҚБАЙ (1857—1930).

   Заманының заңғар  өнерпазы, қобызшы. ақын,  әнші,  халықтың киелі бақсысы. 1857ж. Ақын–Сара ауылы өңірінде туған.

Жыр дүлдүлі І. Жансүгіровтің кіндік әкесі, ақынның “Күйші” поэмасының басты кейіпкері.

«Қобызшы Молықбай шал Матайдағы.

Матайда – Кенже, Тұнғат, Сақайдағы

Қазақта қобызшының қалғаны сол.

Жорға еді маймандаған бақайшағы».

МОЛЫҚБАЙ БАЙСАҚҰЛЫ

Оның әкесі Құдайбергенұлы Байсақ бақсы-әупірім, бақсы, қобызшы, емші, үш ішекті домбырада ойнаған күйші болған. Арғын еліндегі бір аста қобызын ат бәйгесінен келтірген тылсым күш иесі, бір қаршыға құс бастаған кие-пірлері болған деп айтады. Байсақтың ұстанған «жарық қара қобызы» Талдықорған қаласындағы І. Жансүгірұлы атындағы мұражайда сақтаулы тұр. Қобызды әйгілі музыка аспаптарын жасайтын шебер, Қанат Дотаұлы Қазақбаев жөндеп, жаңғыртқан. Профессор, қобызшы Р.Мұсақожаева: «Молықбай қобызының сарынына оркестр дауысы жетпеді», -деп бағалайды. Молықбай 30 жасқа келгенше, бақ дарып, әкесінің қасиеті қонғанша жалданып байдың малын бағып, жатақ елмен бірге тары егіп, кедей шаруа күйін кешеді. І.Жансүгіровтің «Күй» поэмасында оның түр сипатын «жар қабақ, сида арсақай, сар шұбар шал» деп суреттесе, көз көргендер «келбетті, ұзын бойлы, бітімі тік, селдір, шоқша сақалды, қысқа мұртты, бетінің сары шұбар секпілі бар, өңі сары, бүркіт мұрын, оң жақ шекесінде алақандай қалы бар, дауысы жуан» және де қысы-жазы басынан елтіріден тігілген бөрік пен зер тақиясын тастамай, үстіне жазда желбегей шапан, қыста елтірі тон , аяғына саптама етік киіп, өзін өте таза ұстаған, кірпияз жан болған деп айтады...

 

Асқан күйшілік шеберлігімен аты аңызға айналған, абзал халқына киелі қара қобызымен қамқор болғандықтан «қобызшы Молықбай» атанған оның қазақ өнеріндегі орны ерекше. Оның уақыты қазақтың атақты қобызшысы Ықылас Дүкенұлының өмірден өткен кез еді. Сондықтан, Молықбай қобызшы атақты Қорқыт баба, Асанқайғы және сол Ықыластың артында ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалған асыл, өлмес мұраларының жалғастырушысы, Кеңес заманына жеткізушісі болды. Әсет Найманбаев та Молықбайдың қобызындағы күйлерді өзінен тыңдаған. Молықбай ел арасында өте беделді адам болған. Жетісудың жер аттарын өте терең білген, Мәскеуде, Қызылордада жүрген Ілияс Жетісудың жері мен өзен, бұлақтары туралы мол мағлұматтарды осы Молықбайдан сұрап алған дейді.

Молықбай қыл қобыз бен үш ішекті домбыраны бірдей меңгеріп, оларда Асанқайғының «Желмая», Қорқыттың «Бозінген», «Жез киік», «Ақ көбік, көк көбік», «Аққу», «Құдіреттің құсы», Абылай ханның «Абылайдың жорғасы», Тәттімбеттің «Сылқылдақ», Кетбұқаның «Ақсақ құлан», Ықыластың «Ықылас», одан басқа «Қазан», «Қорамжан», Ер Әлінің «Дүлдүл», керей Байжігіттің «Қара жорға», әкесі Байсақтың «Ерден», «Он сан мен Орманбеттің айырылғаны» күйлерін шертіп насихаттаған. Молықбай күй тартар алдында әр күйдің шығу тарихын, мазмұнын, авторын тыңдарманына әңгімелеп жеткізе білген зерек болыпты. Әңгімелер өзінің «Құлақ күйімен» басталатын болған. Молықбай цирк ойындарына ұқсас өнерімен де халқын тамсандырыпты.

Молықбай Кеңестік дәуірдің, қуғын-сүргіннің құрбаны болды. 1930ж. “халық жауы” деп тұтқындалып, сәуір айында, 73 жасында түрмеде қайтыс болыпты. Оның артында қалған жалғыз ұрпағы – қара қобызы ғана...

 ӘБЖАНОВ  Серғали (1912—1976)

Ақсу ауданында туған.  Әнші, Қазақстанның халық артисі (1954).

Бала кезінен өнер жолына түсіп, ел арасына танымал әнші болады. 1934-37жж. Қазақтың атты әскер полкі ансамблінде өнер көрсетті. 1937ж. Абай атындағы Қазақ опера және балет театры жанындағы әншілер даярлайтын студияны бітіріп, өмірінің соңына дейін осы театрдың әншісі болады. Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» Бекежан, «Ер Тарғынында» Тарғын, «Жамбылында» Сүгір, М.Төлебаевтың «Біржан мен Сарасында» Жанбота, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында» Жиренше, Н.Г.Жигановтың «Алтыншашында» Ормай, И.Н.Насировтың «Терең көлінде» Болат және т.б. рөлдерді орындады. Опералық партиялармен қоса камералық әндерді орындауда да ерекше қабілет танытты. Сазгер ретінде “Батыр қыз”, “Солдат сағынышы”, “Жастық жыры”, “өрге тарт, менің өз елім”, “Ер Төлеген”, “Көкшетау”, “Астанам” т.б. әндер шығарды.  “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған.

БАЙБАТЫРОВ Мұқаш 

1899ж. Ақсу ауданында туған.  Ақын, әнші. Абай атындағы академия опера және балет театрының әншісі болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында үгіт бригадасының құрамында жүрді. 1946-69жж. республикалық ақындар  айтыстарына қатысқан. Халық ауыз әдебиеті мұраларын хатқа түсіріп, арнаулы қорларға тапсырған. Оның орындауында 50-ге жуық халық әндері нотаға түсіріліп, «Алпамыс» жыры мен өзінің «Толғау», «Кененге арнау» әндері грампластинкаға жазылды. Шығармалары «Ақындар жыры», «Пернедегі термелер», «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы», «Халық поэзиясы және бүгінгі өмір» атты жинақтарда жарияланған.

 ЕСБАТЫРОВА Ғалия

ЕСБАТЫРОВА Ғалия

 

 

1919ж. Ақсу ауданы Бақалы ауылында туған. Жазушы, әнші.  Ақсу қазақ орта мектебін, 1940ж. Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген. Республикалық газет-журнал редакцияларында әдеби қызметкер, «Қазақфильм» киностудиясында режиссер, көркемфильмдер дубляжында аудармашы болып істеген. «Кезеңді кездесулер», «Зылиқа», «Әмеңгер» т.б. кітаптары жарық көрген. Кеңес Одағы жазушыларының жиырмадан астам шығармаларын қазақ тіліне аударған. Бірнеше медальдармен марапатталған.

 

 

 ӘБДІЛМАНОВ Оразғали

1936ж. туған. Актер, Қазақстанның еңбегі сіңген артисі. 1959ж. Жамбыл облысында мәдени-ағарту училищесін бітірген. 1978 жылдан бастап Жамбыл және Атырау облыстық, 1982 жылдан Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрларында қызмет істеді.

Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғаниында» Ғани, «М.Әуезовтың «Еңлік- Кебегінде» Кебек, Кеңгірбай, «Абайында» Оразбай, Айдар, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш –Баян сұлуында» Қозы, «Ақан Сері- Ақтоқтысында» Сердәлі, «Болашаққа аманатында» С.Датұлы, «Ұлпанында» Есеней, С.Мұқановтың «Балуан Шолағында» Балуан Шолақ, І.Жансүгіровтың «Исатай- Махамбетінде» Исатай, Т.Қалилахановтың «Ақын Сарасында» Тұрысбек қажы, т.б. бейнелерді сомдады.

ЖАЙСАҢБАЕВ  ЕСБОЛҒАН Ботабайұлы (1940—1983)

ЖАЙСАҢБАЕВ  ЕСБОЛҒАН

Суықсай ауылы, Баласаз жерінде өмірге келген. Актер, Қазақстанның еңбегі сіңген артисі. М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры жанындағы студияны, ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген.

1960ж. бастап М.Әуезов атындағы қазақ драма театры артистерінің негізгі құрамында өнер көрсетеді. Театр сахнасында 40-тан аса ролдерді сомдаған. Оның театр сахнасында ойнаған алғашқы рөлі З.Шашкиннің «Заман осылай басталады» спектакліндегі Покудин болды. Ол көбінесе комедиялық бейнелер сомдауымен көрермендер ілтипатына бөленді. Оның таңдаулы рөлдері: Н.Гогольдің «Үйлену» комедиясындағы Подколесин, Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтың «Беу қыздар-ай» мен «Ой жігіттер-айындағы» Қасен мен Серке, М.Әуезовтің «Абайында» Нарымбет Б.Майлинның «Майданындағы» Дәуіт, С:Жүнісовтың «Ажар мен ажалындағы» Олжатай, Ә.Тәжібаевтың «Майрасындағы» Бақтияр, Ж.Файзидің «Башмағындағы» Махмұд, т.б. Оның актерлік шеберлігін ерекше танытқан М. Әуезовтың «Еңлік — Кебегіндегі» Жапал ролі болды. Ол кино әлемінде де танымал болды. 1976 жылдан «Қазақфильм» және «Мосфильм» киностудияларында бірнеше фильмге түскен. «Раушан коммунисте» Ауылнай, «Доланада» Сәрсенбаев (1980), «Ақ бақсыда» Ятчель (1982) бейнелерін сомдады.

Қапал ауылындағы орта мектепке Е.Жайсаңбаев есімі берілген. 2010ж. Қапал ауылында 70-жылдық еске алу мерейтойы өткізіліп, мектеп жанында бюсті орнатылды. Ол туралы естеліктермен «Жайсаң ғұмыр» атты кітап шығарылды. 

 

НӘДІРБЕКҚЫЗЫ  Бақыт

1945ж. Ақсу ауданы Көкөзек ауылында туған. ҚР мәдениет қайраткері. ІІ категориялы диктор. Ы.Алтынсарин атындағы (Мамания) мектепті, өнер студиясын, Алматыдағы Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетін, Шымкент мәдениет институтын бітірген.

1963ж. мектеп бітіргеннен кейін жолдамамен комсомол– жастар бригадасында қой бағады. 1965ж. Талдықорған облыстық кәсіподақ комитетінің мәдениет бөліміне қызметке кіреді. Онда 40-жылдан астам еңбек етіп, халық шығармашылығы жұмыстарының үйлестірушісі болады, облыс, қала, аудандар өнер ұжымдары, халық театрлары мен ансамбльдері жұмыстарының, айтыс, мәдени-көпшілік жұмыстарының өркендеуіне елеулі үлес қосты, Облыстық радио комитетінде 1986ж. дейін штаттан тыс диктор болды.  І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі қызметінен зейнеткерлікке шықты. Одан кейін де жас ұрпаққа тәрбие беріп, өнер-мәдениет қырларын үйретіп, медицина колледжінде қызмет істеді.

Жастайынан өлең-әңгімелер жазумен айналысады, өлеңдері «Мөлдір бастаулар» жинағына енген, мәдениет-өнер мәселелері жайында көптеген мақалалар жазды. «Жетісу алауы», «Құлагер» әдеби-творчестволық бірлестіктердің ұйымдастырушысы, көптеген мүшайралық, мерекелік шаралардың сценарисі, режиссеры, жүргізушісі болды. «Айтыс», «Наурыз», «Қыз сыны», «Жігіт сұлтанын» алғашқы ұйымдастьрушы, жүргізушілердің бірі. Ақсу халық театрының құрамында болып, өнер де көрсеткен. Өнер-мәдениет саласындағы көптеген байқаулардың лауреаты, мақтау грамоталарының иегері.

ТӘЖІБАЕВ РАҚЫМ  (1946—2011)

Күйші, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі.  Қытайдың Құлжа қаласында туған. Оның аталары 30-жылдардағы нәубет кезінде шекара асып, көршілес Қытай жеріне барып тұрақтаған. Арада біраз жыл өткен соң, болашақ күйші 1955 жылы атамекенге, әке-шешесінің кіндік қаны тамған,  Сағабүйен ауылына көшіп келеді. Осындағы мектепте сегізінші сыныпқа дейін оқып, одан кейінгі Қызылағаш ауылындағы мектеп-интернатта білім алған. Рахымның домбыра аспабына деген қызығушылығы сол мектепте оқып жүрген кездерде қалыптаса бастаған. Оның осы талабын ерте аңғарған Сазанбай есімді туысы жас талапты өнерге баули бастады. Әйтсе де соғыстан кейінгі уақыттарда ел арасында баян аспабы кең тарап, Рақымның әуестігі соған ауып, ауыл адамдары оны «баяншы бала» атап кеткен.

Алматыда республикалық эстрада-цирк студиясының домбыра класын, Абай атындағы педагогикалық институтында (қазіргі ҚазҰПУ) музыка пәнінің мұғалімі мамандығын сырттай оқып бітірген.
1967ж. өнер студиясын үздік аяқтаған ол, «Қазақконцерт» бірлестігіне домбырада жеке орындаушы болып қабылданады. Сол жылы 1967 ж. Москвада өткен Бүкілодақтық эстрада артистері конкурсының жүлдегері болады. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін республикалық «Гүлдер» ансамблінде домбырада жеке орындаушы болады.1972 жылы «Қазақконцерт» бірлестігіне қайтадан оралып, сонда 1995 жылға дейін жұмыс атқарды. 1990-96жж. осы бірлестікке қарасты «Серпер», «Самал» ансамбльдерінің көркемдік жетекшісі қызметін қоса атқарады.

Қазақ күйлерінің білгірі, әрі майталман орындаушысы ретінде бірнеше күйтабақтар жаздырып, телерадионың алтын қорына халқымыздың көптеген қайталанбас күйлерін жазып өткізді. Өнер жолын ұстаздықпен де жалғастырып, мектептерде жас домбырашылар дайындаумен де айналысады. Көптеген шетелдерде гастрольдік сапарларда болып тұрады. Көптеген байқаулардың жүлдегері .

 

ҚАЛИЕВ ӨМІРСЕРІК (1947—2017)

ҚАЛИЕВ ӨМІРСЕРІК

Басқан ауылында туған. Актер, ҚР еңбек сіңірген артисі. Құрманғазы атындағы консерватория жанындағы театр бөлімін бітірген. Ыдырыс Ноғайбаевтің, Рабиға Мұқайқызының шәкірті болады.

Еңбек жолын Ақсу аудандық «Ленин жолы» газетінде корректор болып бастап, Діңгек ауылындағы орта мектепте мұғалім болады, Басқан ауылындағы клубта жұмыс істейді. 1975ж. Жансүгіров атындағы ұжымшарда комсомол ұйымының хатшысы болып жүрген жерінен жаңадан ашылған Талдықорған облыстық драма театрының актерлер құрамына қабылданады. Содан бері сахнада 80-нен аса бейнелерді сомдаған. Оның ішінде М.Әуезовтың «Абайында»- Абайдың, «Қаракөзінде»-Асанның, «Түнгі сарынында»-Тәнекенің, «Еңлік-Кебегінде»-Еспенбеттің, Ғ.Мүсіреповтың «Ақан Сері-Ақтоқтысында» Мылқаудың, «Қозы Көрпеш- Баян сұлуында» Қарабайдың, т.б. рөлдерді ойнады. Ақсулық, жерлес қаламгерлеріміз Қ. Мұқашевтің «Дала дастанында» Ілиястың әкесі Жансүгірді, Т.Калилахановтың «Алтын бесік» атты тарихи қойылымында Қабанбай батырды, «Ақын Сарасында» Мүсәпір Батырды ойнап, ел көңілінен шықты. Облыс көлемінде өткен Батыр бабаларымыздың, атақты адамдардың мерейлік тойларында қойылған театрлік қойылымдарға режиссерлік жасап, басты кейіпкерлер бейнесін сомдады. Қала мектептерінде оқушыларға театр өнерінің қыр сырларын үйретумен шұғылданды. Ашылуы  қайтадан қолға алынған Ақсу халық театрінің бас режиссері болып жүмыс атқарды. Ол, таяуда, қазан айында қайтыс болды.  «Парасат» орденінің иегері, көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Ақсу ауданының Құрметті азаматы»

 АЙТҚОЖАНОВ Тұрарбек

1947ж. қазіргі Жансүгіров поселкасында туған. Мәскеу қаласындағы М.С.Щепкин атындағы Жоғары театр училищесін бітірген.

1972 жылдан жаңадан шаңырақ көтерген Торғай облыстық музыка драма театрында актер, режиссер, бас режиссер болады. 1978-90жж. Ғ.Мүсрепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актерлық қызметте болды. 1993 жылдан Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық өнер академиясында оқытушы, аға оқытушы, доцент, «Сахна қимылы» кафедра меңгерушісі болып, ұстаздық қызмет атқарады. Театр өнерінің ортасындағы 30 жылдан астам уақыт ішінде М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» Кеңгірбай, Ғ.Мүсреповтың «Қозы Көрпеш-Баяң сұлуында» Жантықтың, Т.Ахтановтың «Күшік кійеуінде» Бекболаттың, Ә.Таразидың «Жақсы кісісінде» Ахметтің және Ш.Айтматовтың, Шекспирдің, т.б.драматургтар туындыларындағы сан алуан образдарды жасайды. Сахна қимылы өнерін өркендетуде үлкен еңбек етіп, «Сахна сыры» атты екі жинақ оқулығын шығарды. 

 

АЛЫБАЕВ Талғат (1947—1999)

Жансүгіров поселкесінде туған. І.Жансүгіров атындағы университеттің музыка факультетін бітірген. ҚР оқу ісінің үздігі.

Еңбек жолын Ақсу халық театрында бастайды. Аудандағы алғашқы үрмелі аспаптар оркестрін құрды. 1970-73жж. Қ.Сәтпаев және Чапаев атындағы орта мектептерде мұғалім, 1978 жылдан аудандық саз мектебінің директоры болады. Ауданның мәдениет-өнер саласын дамытуға көп еңбек сіңірген. 1989ж. І.Жансүгіров атындағы университетінің саз факультетінің аға оқытушысы, кейіннен соның ұлт аспаптар кафедрасының меңгерушісі болды.

 

ИСАБАЕВ Исатай (1936—2007)

ИСАБАЕВ Исатай

Жансүгіров кентінде туған. Суретші. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР өнеріне еңбегі сіңген қайраткер.

Чапаев атындағы орта мектепті, Мәскеу полиграфиялық институтын бітірген. Институтта графика және бейнелеу өнерінің шебері Андрей Гончаровтан дәріс алған.

1955-58жж. әскер қатарында болады. «Қазақ мемлекеттік көркем әдебиеті» баспасында көркемдеуші, Қазақ политехникалық институтында оқытушы, Қазақ КСР баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитеттің бас суретшісі болады (1960-91). 1994 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін «Ана тілі» баспасының бас суретшісі-редакторы болып жұмыс істеді. Қазақ халқының «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», т.б. эпостық шығармаларын безендіруге арналған графикалық көркем туындыларымен танымал. Оның «Мұхтар Әуезов-жазушы» атты линогравюрасы, «Абай», «Суретші Айтбаев» шығармалары, «Қазақ халқының тұрмысы», «Көкпар», «Жекпе-жек», «Шайқас» секілді циклді еңбектері халықаралық көрмелерге қойылып, түрлі жүлделерге ие болды. 100-ден астам кітапты көркем безендірген, 1000-ға жуық графиканың және бейнелеу жұмыстарының авторы. «Тарлан» сыйлығының лауреаты