«Ақын сара» атындағы музыка мектебі ашылды!

 

Таяуда ғана, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» мейрамына орайластырып Талдықорған  қаласында  қазақтың саңлақ ақын қызы Сараның есімі берілген «Музыка мектебін» ашу шарасы өткізілген болатын. Оның ашылу салтанатында  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жиналған жұртшылықты, жалпы облыс халқын мерекелі күнмен және жаңа мектептің іске қосылу қуанышымен құттықтады. Ол, өз сөзінде, замануи тұрғыда салынған зәулім,  300 орынды мектеп  ғимаратының  соңғы жылдары қалада көптеп салынып жатқан әдемі әлеуметтік нысандардың кезектісі екенін, онда өнер жолын таңдаған  дарынды оқушыларға, жастарға өз шығармашылықтарын шыңдауына барлық мүмкіндіктер  туғызылып отырғанын атап көрсетті. Музыкалық аспаптардың барлық түрлерімен, басқа да  қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген осы мектепте алда білім алатын оқушылардың өнер биіктерінен көрінетіндігіне, жаңа шығармашылық табыстарға жететіндіктеріне   сенім білдірді.

Одан кейін ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, дирижер Әли Алпысбаев қуанышты жағдайға  байланысты  облыс  әкімі  Амандық  Баталовқа  көпшіліктің,  өнер  сүйер  үлкен қауымның зор ықыласын, ризашылық ниетін жеткізіп білдірсе, белгілі киноактер, облыстың Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков жиналған елге  батасын берді. Содан соң, мектеп ғимаратының ашылу лентасы қиылып, салтанатқа қатысушылар оның ішін аралап көрді, тамашалады. ...

Осындай  жаңа өнер ордасына Ақын Сараның есімі берілуіне келсек, ол  Жетісу өңірі жұртшылығының көптен күткен  «қуанышты жаңалығы» еді. Себебі, бүткіл «иісі қазақ» қауымының ардақты қызы — Сара сияқты тұлғасының есіміне ие болар  өнер шаңырағы қажет екендігі көптен бері әр деңгейде айтылып, күн тәртібінен түспей  келе жатқан елулі мәселе болатын. Сондай маңызды саналатын әңгімелердің,  ұсыныс-бастамалардың  басы-қасында жүрген ел танитын беделді азаматтар, ұл-қыздар қауымының түсін түстеп, есімдерін атап шығуды міндетіме алмай-ақ қояйын, тек солардың бәрінің ой-ниеттерін, сол бағыттағы іс-қимылдарын, атқарылған шаралары ауқымын айқындап  бере алатын  ел ағасы, беделді азаматы Камал Абдрахмановтың бұрынырақ баспасөз бетінде жарияланған  «БАТАЛОВҚА БАЗЫНА. «АҚЫН САРА АТАУСЫЗ ҚАЛА МА?» деген мақаласы беріліп отыр.

Осыған орай, Сараның кіндік кескен, бүткіл қазақ даласына ақындық даңқын асырған ағынды Ақсу жері  халқының қуаныштарын сол азаматтарға, жекелік тұрғыда  «Ақсу  жерінің  Құрметті  Азаматы» атағына ие Амандық Ғаббасұлына  деген  зор ризашылықтарын сайтым арқылы жеткізуді  мен де жөн көрдім. Қабыл алыңыздар!

 

Сонымен бірге, осы парақта сол мақалаға қоса, Ақын Сара туралы сайт қоржынында жинақталған жазбалар ішінен тағы бір шағын мақалалар топтамасын  беріп отырмын. Ал, бұрынғы жарияланған жазбаларды  сайтымның  осы тарауынан оқи аласыздар. Сілтемесі: http://ser-bek.ru/category/a%D2%A3yz-abyz-na%D2%93yz-a%D2%9Bsu-kitaby/a%D2%9Bsuym-%D3%A9ner-ordasy-2/a%D2%9Bsuly%D2%9B-%D3%A9ner-saxna-sa%D2%A3la%D2%9Btary/a%D2%9Byn-sara-165

Және де бүгінгі жазбалармен желідегі, топтағы өз  достарыңызбен бөлісіңіздер.

 

 

 

Мектептің ашылу салтанатынан көріністер

 

 

Фотосуреттер «Тaldykorgan-online.kz»  сайтынан  алынды.

 

 

 

 

БАТАЛОВҚА БАЗЫНА. «АҚЫН САРА АТАУСЫЗ ҚАЛА МА?»

 

Камал Әбдірахман

Жетісудың қарт жорналшысы

Abai.kz ақпараттық порталы

11 қараша 2016 жыл.

 

Тағдыры ауыр, ғұмыры қысқа, мына жалған дүниеден аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шығып, өмір жолы тұмшаланып қала беретін ғажайып тұлғалар болады. Қуаныштысы – олардың артында өлмес мұра, таңдайын қағып, қадір тұтар халқы қалады. Өкініштісі – қайсы бір іші тар азаматтар олардың өз қолдарымен жазып кеткен дүниелеріне, замандастарының куәліктеріне сенбей сан-саққа жүгіртіп, күңгірт сөйлеп, күлімсі талас тудырады.

 

Қазақ даласындағы осындай тұлғаның бірі және бірегейі – Сара Тастанбекқызы. Өлең сөзден торта айырған ақынның соңында да танымал тұлғаларға таңылатын орынсыз дау қалды. Сараның атына қосақталып, өз атын бір көрсетіп қалу үшін жанталасқан сан «жүйрік» құйысқан көтерді. «Сара мен Біржанның айтысы болмаған» деп тырбаңдағандар бұрын да болды, қазір де бар, болатын да шығар. Солар Шайхысыламның Жетісуға сапары туралы сапаршының ұлы Төребай Шайхысыламұлының Сараға қарата айтқан мына сөздерін бір оқыса тілін теңге қотыр басар еді:

 

Шайхысылам Жетісуды аралады,

Байлар мен би, болысты жағалады.

Қалдырған саған Біржан қолтаңбаны,

Өзіңнен қалап алып, кете барды.

 

Тайға таңба басқандай анық. Сараны көзі көрген, сол кездің куәгерінің сөзі. Біржан мен Сараның кездескені таза шындық. Ал, екі ақын кездессе, сөз қағыспай кетеді дегенге кім сенеді?

 

1993 жылы Сара ақынның 115 жылдық тойы өткенде қалап қосылған күйеуі Бекбайдың кейінгі келіншегінен туған немересі Бәтима апай Қарабұлақтан табылып, аса көп, өте құнды мағлұматтар беріп еді. Салынып жатқан молаға еңіреп келіп, егіліп отырып айтқан әңгімелеріне көпшілік куә. Естімеген, кеңестік идеологияның салдарынан тоны айналдырылған жайттарға қанықтық. Жиенқұлдың орыс, француз тілдерінде шешен сөйлегенін, Петербор, Мәскеуге дейін сауда жүргізген аса епті маман екенін кім білген. Олар өз алдына бір әңгіменің өзегі.

Ал бүгінгі айтпағым – Алматы облысының әкім-қаралары Жетісу тарихынан, өздері бас болып отырған өңірдің тарихи тұлғаларының ғұмырынан хабарсыздығы, ел ісіне қырсыздығы бар секілді көрінеді. Жыл басынан бері Талдықорған жақтан Сара ақынға қаратыла не шара өтеді екен деп елеңдеумен келеміз. Себебі, биыл қазақтың маңдайына біткен бір тума қызы- Ақын Сараның дүниеден өткеніне тұп-тура 100 жыл толды. Жуырда жолым түсіп, басына соғып, бет сипадым. Тозып кетіпті. Облыс әкімінің, оның алашапқын орынбасарларының, мәдениет, тіл басқармалары, телерадио, газет басшыларының, жорналшылардың қара жерге шықса қақырап қалатын табаны тимегені анық. Әйтпесе, біреу-міреуі Сараның дүниеден өткен жылына көз салар еді ғой. Түйсігі барында «Аруақтан ұят болыпты-ау!» деген ой тұтанып, қалам алар еді.

 

Заманбек марқұм айтатын «чинучтардан» ақын Сараға бір қайыр бола ма, жоқ па? Сенім аз. Себебі, Алматы облысының басшыларына Елбасымыздың өнегесін ежіктеп жазып, «Abai.kz» арқылы, оқысын деп жібергенмін. Президент 2002 жылдың көктемінде Әз Жәнібек пен әз Тәуке хандарға Астанада ескерткіш қоюды ұсынған. Жұртшылық түзету енгізіп, Керей мен Жәнібекке бөлмей-жармай ескерткіш қою қажет деген ұсыныс айтты. Келісілді. Ескерткіш қойылды. Мұнан соң Қазақ Мемлекетінің бастауында тұрған қос Тұлғаға көше аттары берілді. Міне, осы өнегеден үйреніп, Талдықорған қаласына кіре берістегі, әзірше атаусыз даңғылды Керей мен Жәнібектің атына беруді ұсынғанмын. Талдықорғанға кіріп келе жатқан жолаушы қазақ тарихына еніп келе жатқандай әсер алар еді. Естуімше Талдықорған облысының көзі тірі шежіресі, анасы іспеттес Бәтима Сақауова бастаған бір топ азаматтар да дәл осындай ұсыныспен облыс әкімі А.Батталовқа шыққан екен. Әзірге жақсы жаңалық болмай тұр.

 

Міне, осындай немқұрайлылық көз алдымыда тұрған соң Ақын Сара атаусыз қала ма деп  шошимын. Жетісу Университетінде ғалымдар, жұрт жайын ойлайтын ақындар мен жазушылар Талдықорғанда қашан да мол болушы еді. Бұл ағайындар неғып үнсіз жатыр? Шенеуіктер жүндеп тастайды деп сескене ме екен? Бірақ, өз елінде, өз жерінде кімнен қорқады? Ақын Сараның шығармашылығы мен ғұмырына арнап кең көлемді ғылыми-танымдық мәслихат ұйымдастырып, ондағы баяндамаларды жеке кітап етіп шығарса облыстың бюджеті опырылып қала ма? Ақын Сараның аруағына арнап облыс орталығында ас берсе, облыс банкротқа түсе ме?

 

Жетісуға кіндігі байланған інілерім бар еді. Олардікі омалып, қай отырыс? Мысалы, облыстық Тіл басқармасының ата қаздай бастығы, ақын – Ахмет Кендірбеков, Шыңғысханның жоқтаушысы, «Жетісу» газетінің басшысы, жиенім, дәуперім – Әміре Әрін, Телерадионың құлағын ұстаған, сүйрік батыр – Бейсен Құранбек, Мәдениеттің сүйегін мүжіген телқоңыр – Ахан Әбдуәлиевтер. Бұларға айтар қосымша ұсынысым және бар. Жабылып жүріп, шын мәнінде келісті «Жастар» паркін ашқан екенсіңдер. Шүкір!

 

Ахмет, Әміре, сендер білесіңдер, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қидаласып, қырқысып Талдықорғанның қақ ортасындағы төңкеріс көсемдерінен екі көшені тартып алып, бірін Біржанға, бірін Сараға арнадық. Ақын Сараға мейрамхананың артына ескерткіш қойдық. Сол кезде ет қызумен асығыс шешім қабылдап, қате жасағанымызды қазір түсініп жүрмін. Тасада тұр. Керемет әдемі, сүп-сүйкімді дүние көзге түсе бермейді. Осы ескерткішті «Жастар» паркінің ортасына, жастар сейіл құрар жерге орнатса қандай жарасымды болар еді. Інілерім-ау, төртеулеп, ең болмаса осы шаруаны қолға алуға шамаларың жете ме? Қаржы қажет болса жұрт жинап береді. Ал, енді осы мәселеге ақыл қосар азамат керек болса облыстық мәслихаттың басшысы Серік Мұқановпен кеңесіңдер. Сендерге де. Жетісуға да, тіпті, маған да бөтен емес. Талай тығырықтан шыққан, небір шәкімнен жол тапқан, тәжірибелі ағаларың ғой. Сөз жоқ, бір амалын нұсқайды.

 

Жыл соңына дейін екі ай уақыт бар. Ынтасы бар ұланға ұлан-асыр той жасауға жетеді. Біз Ақын Сараға арнап екі-ақ шара өткізуді ұсынып отырмыз. Ғылыми-танымдық конференция арнау, ескерткішін ел көзіне шығару. Өтініп отыр екен демеңіздер. Сараны ардақтау – парыз.

Облыстың қауқары жоқ болса – айтыңдар. Ұялмаңдар. Өзіміз де қалың жұртпыз. Анау жылдары Талдықорғанды облыс орталығы жасаймыз деп жүзге  жуық жігіт-қыздар «Талдықорған – тағдырым» атты ынталы топ құрып, мені дөкей басшы сайлап, бүкіл облыстың аудандарынан мыңдаған адамның қолын жинаған тәжірибеміз бар. Ол хаттың алды жанашылардың қолдауымен Президентке жеткен. Нәтижесінде  Қасымжомарт Тоқаев басқарған үлкен комиссия келіп, хатта жазылғандардың шындық екеніне көз жеткізген, бізбен емін-жарқын әңгімелескен. Осыны ести сала сол тұстағы Алматы облысының басшылығы мені «кілемге» шақырып, үш сағат тәжікелесіп, қызыл иек кеткенше тістесіп едік. Онда облыс қысқарып, қайран облысыммен бірге мен де қысқарып, қалалық Мәдениет және тіл басқармасының шынашақтый ғана басшысы едім. Мені қызметтен алмақ болған. Қала басшысы С.Жылқайдаров пен орынбасары К.Шәмшидиноваға осындай тапсырма беріп, ықтырып тастамақ-ты. Ықпақ түгілі «қыңқ» еткен жоқпын. Қайта танымал журналист, жұртты түгел бай-қуатты етпек Нұртілеу Иманғалиев екеуіміз бір амал жасап, өздерінің тақиясын айналдырып кеткенбіз. Ақыры дегенімізге жеттік. Талдықорған қаласы облыс орталығы атанды. Кешелер сол топтың біразына телефон соқсам бір-жары шау тартқаны болмаса, дені сау-саламат екен. Жанығып отыр. Ұсынысқа – айқай, жылуға – қаржы қосуға бек дайын. Бір бас қоссақ болды, шаруа жайлап жылжып кетейін деп тұр. Облыстың әкімінен бастап, Өнербаевты қосып, інілерімді шақырып, тұп-тура Тәуелсіздік Күні қарсаңында қос жылқы сойып, қазы айландырып, ас беруге шамамыз жетеді. Асқа жиналған Қазақстанның әр түпкірінен шақырылатын меймандардың, Жетісу жұртының атынан Мемлекет, Үкімет, басшыларын Қазақстан Республикасының 25 жылдығымен құттықтап, телеграмма жолдасақ дейді. Білсін өздері тағайындаған төмендегілерінің «күйкі тірлігін». Астанадан арнайы келгендеріміз құттықтауды ала кетіп, Ақорданың жәшігіне салатын сияқтымыз. Ерегескенде тура осылай істейміз.

Осы тұста тағы да Елбасының өнегесін Алматы облысы басшыларының алдына тартпақпын. Анау жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Әл Фарабидың моласы мен Бейбарыс сұлтанның кесенесін Дамашыққа іздеп барып, Құран оқып, тәу етті. Елге келісімен екі Тұлғаның басын жөндеуге нұсқау берді. Іс тындырылды.

Фариза ақынның «Мені өркеуде ақын десе бұл ақын Сараның арқасы. Сарадан үйрендім, өнеге алдым. Сара менің – пірім» деген еді. Сараға мұнан артық баға бере алмассың.

Ақын Сара – қазағы, елі тұрғанда атаусыз қалмауы тиіс. Басшылар бұқпантайлағанда жұрт бас қосып, өз білген шарасын істейтіні әлімсақтан белгілі. «Өлі разы болмай – тірі байымайды» дейтін қазақтың баласымыз. Облыс басшылары, інілеріміз бен олардың ақылшылары жұрты қозғалып жатқанда қарап отырар ма екен? Әлде қазақ қадір тұтқан Сара ақынды еске түсірер шара өтікізе ме? Сәл ғана сабыр сақтап, тосайық. Мүмкін жыбырлап қалар. Болмаса Жетісу жұртына сауын айтамыз. Шен-шекпенсіздер де таңымыз атып, кешіміз батқан халықпыз. Ақын Сараның бір ісін өзіміз көтеріп кетеміз.

Камал Әбдірахман

Жетісудың қарт жорналшысы

Abai.kz

ЖЕТІСУДЫҢ  САЙРАҒАН  БҰЛБҰЛ  ҚЫЗЫ

( Мақалалар топтамасы )

 

Айша ЕРСҰЛТАН

 

 

Сара – саңлақ. 
Сара – дара. Сара Тастанбекқызы туралы талай сыр, талай шежіре-дастандар жазылды. Әсіресе, «Біржан – Сара» айтысына қатысты жыр-жазбалар өте көп. Сара Тастанбекқызы ерекше өнерімен дараланған, ұлтымыздың аяулы перзенттерінің бірі. Біржан мен Сара айтысын жата-жастанып оқымаған жан кемде-кем. Бүгін Талдықорған қаласында ақын қыздың өмірден өткеніне 100 жыл толуына орай ас берілмек. Осыған байланысты, ақын Сара жайында жазылған сыр-дестелердің бір үзігін оқырман назарына ұсынып отырмыз.


 

Сара күй де шерткен

 

Ақын Сара 1876 жылы немесе 1878 жылы туып, 1916 жылы 38 жасында өмірден озды деу, өмірі, заманы, қатынас ортасына сай келмейді. Ақын Сара 1853 жылы туып, 1907 жылы өмірден өткен. Бұл деректі әдебиет зерттеушісі Шеген Ахметов, қаламгер Зейтін Ақышев, жа­зушы Бексұлтан Нұржекеұлы, айтыскер ақын, ағарту ісінің үздігі Түлкібек Құ­рақбаев қолдаған. Ағартушы Мәкей Еркінбеков пен артист Қанабек Байсе­йітов те заманында растаған.

Абайдың ұлы Әбдірахман 1895 жылы қайтыс болған. 1896 жылы Сараның ауылы Үш Кәукен, Тасыбай елінде отырғанда Шаһкерім Құдайбердіұлы Әбдірахманның сүйегін түнетіп өтеді. Ол туралы Мәкей Еркінбековтың естелігі баспа беттерінде басылған. Мәкей туралы Тәңірберген Қалилаханов: «Әбіштің сүйегі Сараның үйінде болғанда басы-қасында 12-13 жасар бала Құдайбергенге мінгесіп келген» деп жазады. Ағартушы Мәкей Еркінбеков 1952 жылы қайтыс болған.

Сара Абайға жеткіз деп «Көңіл» өлең айтыпты. Оны жазып алып Шәһкерім Абайға жеткізеді. Сараның ол өлеңі толық сақталып, кітапқа енді. Шаһкерім Құдайбердіұлының анасы Тастемір –Атымайлының қызы, есімі – Күнке. Сараға аталас, туыс, арғы атасы бір, Амандостан тарайды. Сонда Сара 1878 жылы туса – 18 жаста, онда әлі күйеуге тимеген. Мейрамбай Байтолықов, Тұр­лыбек Түйтебаев, Намазбек Еспен­бетов аталар дерегінде «Күйеуге «азаттық» алғаннан кейін, төрт-бес жыл өткен соң шыққан» делінеді. Бекбай Сараның үйінде екі жыл қызмет жасап жүріп, зорға алыпты. Сондықтан Бекбай­ды сақай-тастемір елі «Төлеген» деп те атаған. Әбдірахманның сүйегін түнет­кенде Сараның жасы 43-те болған. Сара былғарымен қапталған мәйітті күзетісіп, қасына шырақ жағып шығарады. Есте­лігінде Мәкей Еркінбеков: «Шаһкерім қажы Абайдың ұлы Әбідрах­манның сүйегін алып келе жатып, жолай ақын Сара ауылына тоқтап, бір қонып, аттарын жемдеп, суарып алған. Сол кезде ақын Сараның Абайға көңіл айтып өлең жолдап, ақбоз атты азаға тартып жіберген. Бұл ара-тұра құдандалық араластың бір іспет көрінісінің ізгілік белгісі еді» деп жазады.

Сараның әкесінің лақап есімі – Тастанбек. Тастай берік ісі мен мінезіне бола жеңгелері мен келіндері, ел-жұрт Тастанбек деп атап кеткен. Ағаштан түйін түйген шебер болған. Азан шақырып қойылған есімі – Сұлтанбек. Отыз жеті мүшел жасында, Сара туған соң қайтыс болған. «Қорлық» деген өлеңінде Ақын Сара: «Құдай-ау, әкемді алдың туа сала, Атанттың жесір кемпір, жетім бала» дейді. Анасының есімі – Жанкөкше, Шынқожаның қызы. Ақын Сара өте сұлу болған. Ол өзін «Қамысты терең көлдің сұңқарымын» дейді. Өзін сұқсыр үйрекке теңеуі, ондай үйрек өте сақ болады. Қаршыға мен лашынның ең ұшқыры алады. Сара нұр жайнаған келбетті, ақша жүзді сұлудың өзі болады. Бұлбұл үнді, бұраң бел, өзгеше жаралған нәзік жан болып жетіледі. Әжімсіз он саусағының бәрі аппақ, аузы оймақтай, отыз тісі меруерттей екен. Мойнында ақық моншақ. Лебізі шербет. Қара көз. Кірпігі жібек тудың шашағындай төгілген, қасы қаламқас. Маңдайы биік біткен, кең. Қолаң шашты, қос жуан бұрымды, қыздың тотысы атанған. Өнері сегіз қырлы. Басында шоқпардай үкі таққан кәмшат бөрік. Үстіне кигені белі қынама оқалы қамзол, шәйі көйлек. Саусағына күміс сақина, құлағына күміс сырға салған. «Күй тартсам бал тамады бармағымнан» деп Құдайберген ақынға айтқанындай, Сара күй де шерткен.

Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ,
әдебиетші

 


 

Ақынның шы­ғармашылығы бiзге түгел жеткен жоқ

 

Қазақ даласында Сара, Дина секілді ғажайып талант иелері – талай апа­ларымыз ғұмыр кешкені ақиқат. Ол тек тарихтың тылсымдарында қалған.
Біз о бастан «ауылдағының аузы сасық» деп өзіміздің асылдарды елемеуге тырысатын халықпыз. Бұл – бір. Екіншіден, ұлтымыздың өмір шежіресіне келгенде біз тіптен салақпыз. Әйтпесе, Сара Тастанбекқызының шығарма­шылығы тек Біржанмен айтысы ғана емес қой.

Бұл ойыма себеп, Сара ақынның өз өмірбаяны туралы баяндаған «Тағдыр тәлкегі» атты жалпы атпен берілген бір топ өлеңі. Осы топтамаға «Ашындым», «Жүрек», «Торығам», «Ортақ мұң» секілді әрқайсысы бір балладаға тұрарлық бірнеше жеке өлең енген.

Мүмкін ол өлеңдерге тақырып қойған «Тордағы тоты» атты шағын жинақты құрастырушылар болар. Қалай болғанда да Сара Тастанбекқызы қазақ жыр өнерінің тарихнамасынан өз орнын ойып алатын ақын екені шындық.

«Қазақ – ақын халық» деп жиі ай­тылады. Сол ақын халықтың талай-талай талантты ақын қыздары да болғанына күмән келтіруге болмайды. Әрине, олардың туындылары уақыттың шаңына көміліп, бізге жетпей қалды. Оның үстіне «әйелдің жолы жіңішке» деген шығыс философиясын қағидаға айналдырып өскен ұлт «байтал шауып бәйге алмас» дегендей, ақылы болмаса да, басында қисайған бөркі бар біреудің тіркесін мәтел қылып, қыздардың өздерін де, өнегелі сөздерін де жоққа шығаруға тырысқан.

Алайда дана халқымыз Тұмардай, Әлия мен Мәншүк, Хиуаздай батырларды, Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар секілді батыр ұлдарға ақылшы да, қорған да бола білген Гүлбаршын сұлу, қыз Құртқа, Ақжүніс, қыз Назым және Қара­шаштай данагөй қыздарды туған, аялап өсірген.

Халқымыздың жады соның бәрін ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғас­тырып, кейінгіге өнеге етіп келеді. Сара жазу үстелінің басына оңаша отырып, өлең жазбағаны белгілі. Әр жерде айтқан жырларын әркім жаттап алып, кейінгі хат білетіндердің қағаз беттеріне түсіруі тумысынан ақын халықтың өнерге, оның ішінде әдебиеттің негізі – поэзияға деген ықылас-ілтипаты қашан да шексіз болғанын айқын көрсетеді.

Дей тұрғанмен, Сара ақынның шы­ғармашылығы түгелімен бізге жетпеген деп ойлаймын.
Он үш жасынан қолына домбыра алып, өлең жолына түскен ақын өзінің тым қысқа өмірінде үлкенді-кішілі бірнеше айтыскермен жыр-жарысқа түскен болар, бірақ олардың бәрін кезінде оқу-тоқуы жоқ ауыл адамдары жазып не жаттап үлгере алмаулары әбден мүмкін.

Сара бұрынғы Талдықорған (қазіргі Алматы) облысының Ақсу ауданында Тастанбек пен оның жұбайы Жанкөкшенің отбасында 1878 жылы дүниеге келген. Тастанбек – сіңірі шыққан кедей. Сарадан үлкен Сахари атты ұлы болған. Тастанбек өмірден ертерек озады. Оның немере інісі Жайсаңбек батыр денелі, қарулы жігіт екен. Ағасы Тастанбек өлгеннен кейін ол Сахари екеуі бірлесіп, Ақсу ауылының шет жағындағы кедей-кепшіктер тұратын жерден шағын үй салады. Сара сол жерде анасының жанында өседі. Анасы Жанкөкше аурушаң адам екен. Сараның өлеңіне қарағанда анасы өкпе ауруымен сырқаттанған.

Салынған сал қорадан аласа үй,
Есіксіз, терезесіз, қараша үй.
Қазандық, көне алаша, тозған қомша,
Жетімсіз жарлы тұрмыс – іштегі күй.

Әйнек жоқ, терезеге тартқан қарын,
Азынатқан босағадан қыз ызғарын.
Төрт жағын төңіректің қар үрлеген,
Жан да жоқ келіп-кетер бірлі жарым.

Жылтылдап сол бір үйден
шыққан жарық,
Кейде өшіп үзіледі, кейде жанып.
Сол үйде тынбайтұғын мен ғанамын,
Уыстап тамызыққа отын салып.

Міне, Сараның көз ашқалы көргені – осы жоқшылық, жас өркеннің көңіліне қайғы ұялатқан қасірет.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА,
Қазақстанның халық жазушысы


 

Қазақтың тұңғыш өнерпаз қызы

 

Сара – хан қыздары Жібек немесе Ақжүніс емес, тағдыры талқыға түсіп тәлкек болған Хадиша мен Ажарға да ұқсамайды. Бұл – Күләш шығарма­шылығында кездескен қазақ қызда­рының бәрінен өзге, оқшау бейне. Сара – күні бүгінге дейінгі ұлттық опера­мыздағы халықтан шыққан, халықтың ойын айтатын тұңғыш азамат, өнерпаз қыз. Ендеше соны бейне жасау керек, әрі халықтың көңіліндегі Сараны ұмытпау керек.

Солай Сара бейнесінің тек музыкалық емес, жан-жақты ашы­луына мән берген Күләш операның аталуына да назар аударған. Әдетте «Руслан и Людмила», «Самсон и Дамила», «Тристан и Изольда» болып келеді. Немесе «Царская невеста», «Спящая красавица», «Аида» деп әйелдерге назар аударады. Мұқан операсын «Біржан» деп атаған. Ол түсінікті, өзі Біржан әндерінен шабыт алып, соның бейнесін көрсеткісі келіп отыр ғой. Соны Күләш «Біржан мен Сара» деп атауды ұсынған. Оны кезінде дирижер Столяров та қызу қолдаған. «Барлық мәселе Сараға қатысты болады да, опера «Біржан» аталады. Сараны қосу дұрыс». Со­нымен опера «Біржан – Сара» аталып, премьерасы 1946 жылы 7 қарашада өтті.

1949 жылы композитор Мұқан Төлебаевқа, режиссер Құрманбек Жандарбековке, суретші Анатолий Ненашовке, солистер: Күләш Байсе­йітова, Шабал Бейсекова, Әнуарбек Үмбетбаев, Байғали До­сымжановтарға Мемлекеттік сыйлық берілді.

Сара ЛАТИЕВА,
жазушы