Қазақстанның халық артисі Болат  ӘБДІЛМАНОВ туралы

Сайтымның бүгінгі парағы елімізге жақсы танымал кино және театр актері. Қазақстанның халық артисі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, таяуда ғана туғанына 60 жыл толған жерлесіміз, Ақсу жерінің тумасы (Алматы облысы)  Болат  ӘБДІЛМАНОВқа арналып, онда оның бұған дейінгі театр сахналарында және  күні ертең  «тұсауы кесілетін» «Абай» телехикаясында  ҰЛЫ АБАЙды сомдауы туралы туралы сұхбаттық әңгіме мен бейнежазбалар беріліп отыр. Танысыңдар:

 

 

 

ӨМІРБАЯН

 

 Болат  Мәзімбайұлы ӘБДІЛМАНОВ

   Кино және театр актері. Қазақстанның халық артисі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері (2001). Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі.

1960 жылы 11 қарашада Ақсу ауданы Қаракөз ауыл окугіне қарасты «Кеңқарын» ауылында туған. Әкесі — Әбділманов Мәзімбай, анасы — Әбділманова Шарбану, шопандар болған.

Алматы мемлекеттік көркем-театр институтының актерлік факультетін бітірген (1982),

1982 жылдан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының, 1992—2006 жылдары — М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының актері болады. 2016 жылдан осы театрдың  актерлік құрамында.  Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмінің» киноактері.

   100 шақты театр спектаклдерінде, 30-дан аса фильмдерде ірі-ірі кейіпкерлер бейнесін сомдаған. Шекспирдің «Асауға тұсау» (Петручио), Ш.Мұртазаның «Бесеудің хаты» (Сталин),  М.Әуезовтің «Абай» (Абай) мен «Айман-Шолпан» (Арыстан), «Томирис» (Мард), «Тойдан қайтқан қазақтар» (Қошқарбай), «Геростратты ұмыту» (Тиссаферн), «Қамар сұлу» (Оспан) спектакльдерінде ойнаған.

«Ақын арманы» (Торайғыров), «Шәкәрімнің соңғы күні» (Қарасартов), «Заманай» (Есет), «Құланның ажалы» (Иемберген), «Сағыныш» (Боранбай), «Махамбет» (Баймағанбет сұлтан),  «Біржан сал» (Жанбай болыс), «Жерұйық»  (Орынбай), «Қазақ хандығы», «Шегіртке» (Дастанов) т.б. көптеген кинофильмдер мен телесериалында рольдер сомдаған.

 «Құрмет» орденімен (2009),  «ҚР тәуелсіздігіне 10 және 25 жыл» медальдарымен марапатталған.

Жұбайы — Базарлинова Айгүл. Қыздары — Жамал, Ақмарал, Ақерке; ұлдары — Иманғали, Ақнұр.

 

 

Болат Әбділманов: Театрда жүз актер болуы мүмкін,

бірақ дәл Абайды ойнайтын актер болмауы мүмкін

 

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan». 19 Қазан, 2020

 2020 жылдың 15 қазанында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өзінің 95-маусымын «Абайдың жұмбағы» қойылымының (Абай шығармашылығы және М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының желісімен жазылған драма, сахналық нұсқасын жасағандар Болат Әбділманов, Мәдина Омарова, қоюшы режиссері Аридаш Оспанбаева, қоюшы суретшісі Мұрат Сапаров) премьерасымен ашты.

«Абайдың жұмбағы» қандай қойылым? Оның Ә.Мәмбетов, Е.Обаев сахналаған «Абайлардан» қандай айырмашылығы бар? Осы сауалдарға жауап іздеп спектакльде Абай образын сомдаған және жазушы-драматург Мәдина Омаровамен бірлесіп, аталған пьесаны жазған актер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділмановты әңгімеге тартқан едік.

 

 

 

– Болат аға, сонау 1940 жылы Ас­қар Тоқпанов алғаш сахналаған «Абайдан» кейін, міне, тұп-тура 80 жыл уақыт өтіпті. Әкемтеатр сахнасында Қалибек Қуанышбаев бастап сомдаған Абай образы Ыдырыс Ноғайбаев, сіз, Ерлан Біләл, Азамат Сатыбалдыға дейінгі бірнеше буынның ойынында әртүрлі характер тапты. Сахнадағы Абай сая­сат пәрменімен идеологиялық кейіп­керге де айналды. Сонда да болса әр кезең­нің көрермені Абайды әр қыры­нан танып келеді. Алайда сіз сомдаған Абай ел есінде ерекше қалды, тіпті бір бейне деп қабылдайтындар бар, мұның қан­дай да бір құпиясы бар ма?

– Әрине, Абайды ойнау – әр актер­ға үлкен мәртебе, әр актердің арманы – Абайды ойнау. Абай деген – түбі жоқ тұңғиық теңіз, Абай деген – үлкен бір жұмбақ, Абай деген – біздің рухания­тымыздың ең биік шыңы, Абайдан биік бізде ешкім жоқ. Ал егер актер ретінде айтатын болсам, Абайды ойнайтын, «бол­дым, толдым, Абайды таныдым» деген актер – тоқтаған актер. Абайдың биігіне еш­уақытта шығып болу мүмкін емес, ол қазған сайын, тереңіне барған сайын, тәжірибең молайып, актерлік шеберлігіңді ұштаған сайын сен оны білген үстіне біле бересің. Жалпы, Абайды ойнау үшін менің түсінігімде, тек қана талант аздық етеді. Өйткені Абайды ойнау үшін актердің тұлғалық қасиеті, табиғаты, ә деп шыға келген кезде актердің кескін-келбеті, антропологиялық ұқсастығы, одан кейін барып актердің жүрісі, жүрісіндегі салмағы, аяқ басысы, яғни пластикасы, сол жүріп келе жатқан кезде ол нені ойнап келе жатыр, нені ойлап келе жатыр – соның барлығы кешенді түрде образды құрайды. Тіпті соның өзі де аздық етеді.

Геройды, оның ішінде Абайды шіңкіл­деген, жіңішке дауыспен, шаршаған, қар­лыққан дауыспен ойнауға болмайды. Егер опера театрында Абай қойылатын бол­са, ол міндетті түрде баритон болады, себебі ол – герой. Сондықтан актердің үні тереңнен шыққан эпикалық кең тынысты, зор дауысты болу керек. Оны біз осыған дейін Абайды ойнаған актерлердің салып кеткен мектебінен білеміз. Драма театр­да бірінші актердің үні тұрады, сол үн арқылы мазмұн шығады. Біз Жапонияда болдық, актерлердің үніне таңғалдық. Олар сол актердің үні, дауысы арқылы жапон елінің рухын беріп тұрады. Сенесіз бе, театрда алдағы екі жылға дейін билет жоқ. Бүкіл әлемнен келіп, тілін түсінбесе де, сол рухты сезініп кеткісі келетін кө­­­рер­­мен көп. Абайды ойнайтын актер алдыңғы планға келген кезде оның кең, эпикалық үні арқылы көрермен Абайдың әлеміне ене бастайды. Үнімен бірге қабаттасатын – адамның көз жанары. Сахнадағы кейіпкердің көз жанары көрерменнің көзімен тоқайласып, сонымен жіпсіз байланып, энергетикасымен көрер­менді ұстап тұруы керек. Сонда ғана көрермен тапжылмай оған қатып қалады.

– Абай­ды ой­­найтын актердің тағы қандай ерек­ше­ліктері болу керек?

– Айтып тауыса алмаймын ба деп қорқамын… Абайды ойнаған актер өте ірі ойнауы керек. Ірі ойнау деген не? Сахнадағы сенің әрбір қимылың бір мақсатқа құрылуы керек. Егер сен ба­сыңды көтеріп, жанарыңды биікке қа­дасаң, көрермен сенің неге солай істегеніңді түсінуі керек. Яғни мүмкін сол сәтте көкте Аллаға мінәжат етіп тұрсың ба, көкке қарау арқылы Аллаға қарап тұрсың ба... Қимылың сөйлеу керек. Оң қолыңды алға қарай көтерсең, неге көтердің, себебі болу керек, ол жай ғана көтеру болмау керек. Сол көтерген себепті ақтауың керек. Ірі ойнау деген – осы. Жүрген жүрісің де маңызды. Сен мына жерде тұрып, сахнаның ана басына неге бардың? Сенің әрбір қимыл-қозғалысыңды көрермен түсініп отыруы керек. Сахнадағы әрбір қимылыңмен, мінезіңмен қабаттасып, нақты мақсатқа құрылғанда ғана жаңағы Абайдың образы  кесек тұлға болып шығады. Содан кейін сахнада тұрып ұстайтын паузалардың да әсері керемет. Егер сенің жан дүниең бос болса, ішіңде ештеңе жоқ болса, сен пауза ұстай алмайсың. Ішің толып тұрғанда ғана пауза ұстайсың. Абай сол сәтте не ойлап тұр? Ол бір сөзді айтып тұрады, бірақ оның арғы, астарында басқа нәрсе бар, соны ойлап тұрады. Сондықтан Абайды ойнаудың көптеген осындай қырлары бар.

– Сахнаға Абай шыққан соң оның өлең­дері міндетті түрде оқылатын болар. Қазір­гі актерлердің үлкен кемшілігі – оқыған өлеңдері жүректі тербей алмайды. Өлең құнарлы болғанымен, жү­рекке жетпеген соң, қабылдануы қиын. Жас актерлер осыны түйсіне ала ма?

– Біздің Әуезов театрының мектебі – романтикалық үрдістегі мектеп. Сондықтан бұл өнер сөзсіз ескерілу керек. Поэзияны оқымайтын актер – еш­қашан ақынды, ірі тұлғаны ойнай алмайды, жалпы актердің актерлігі поэзияны қалай оқуымен бағаланады. Егер сенің демің қойылмаса, сенің зор дауысты үнің соған жетпесе, сен Махамбеттің рөлін ойнай алмайсың, Махамбеттің ішкі қуатын, оның тіліп түсер өткір қылыштай өршіл рухын бере алмайсың. Сол сияқты Абай да үлкен философ, оның өлеңін оқығанда, қай жерінде пауза жасау керек, қай жерінде екпін беру керек, соны ішкі түйсігімен сезініп, дауыс қылдарын нақты басып пайдаланатын актер ғана Абайды ойнай алады. Абайды қарабайыр ойнауға болмайды. Әнде әуен болады, сондай-ақ сөзде де әуен болады. Біздің алдымыздағы Байділда Қалтаев, Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев, Алтынбек Кенжеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдбеков, Әнуар Боранбаевтар, осындай үнді, сахнаның сөйлеу мәнерін меңгерген, сөзден образ жасайтын актерлер еді. Сондықтан Абайды ойнау үшін осындай ерекше қасиеттер болуы керек.

– Одақ шеңберінде Әкемтеатр абыройын асқақтатқан әйгілі Әзірбайжан Мәмбетов спектакльдерін бас-аяғы он­­шақ­ты әртістің геройлығының төңі­регінде құрғаны белгілі. Сіз ол кезде жас едіңіз ғой, анау-мынау емес, Абайдың өзіне ла­йық көрген патриарх­тың назарына қалай ілік­тіңіз?

– Әуезов театрында Мәмбетов «Абай­ды» қойғанда, менің жасым қырықта еді. Бас кейіпкердің рөліне мені таңдады. Театрымызда Абайды ойнағысы келіп талпынған актерлер көп болды, Әзекеңнің есігін қағып, рөл сұраған ағалар да болды, бірақ солардың бәріне Әзекең (менің екінші, үшінші құрамым да болған): «Мен бұл спектакльді Әбділмановқа арнап қоямын, бұл тек Әбділманов ойнайтын Абай» деді. Менің ұғымымда қазақ театр көгінде Ә.Сығаевтан өткен сыншы жоқ, бұл спектакль жайлы, менің рөлім туралы «Egemen Qazaqstan», «Парасат», «Жас Қазақ» басылымдарында Әшекең үлкен-үлкен мақалалар жазды. «Парасат» журналында жарияланған «Соны соқпақ» деген мақаласы тұтас менің шығармашылығыма арналды. Ме­нің Абайды ойнаған рөлім жайлы кеңінен көсілді. Жоғары бағасын берді. Семейдегі Абай музейінің шырақшысы, қазір марқұм болып кетті, абайтанушы Төкен Ибрагимов ағамыз басқа бір ұжымда ойнаған Абайымды көріп, елдің алдында айтқан еді: «Әбділманов артынан қарасаң да Абайды ұқсатады екен, өйткені Абайды жеңгелері бұқа мо­йын деп айтқан» дегені есімде. Дулат Исабеков ағамыз да «Қазақ әдебиетінде» мақала жазды. Ақселеу Сейдімбек, Жабал Шойынбет, Гүлзира Серғазы, Марат Қоңыровтар мен сомдаған Абайға үлкен баға берді. Бұл Әуезовтің пьесасы бойынша ойналған Абай.

– Ұлттық театр кеңістігінде Абай образын сомдап жүрген актерлер көп. Сіз оларға қандай баға берер едіңіз?

– Өз әріптестеріңе сын айту қиын. Дегенмен менің түсінігімде, театрда жүз актер болуы мүмкін, бірақ дәл Абайды ой­найтын актер болмауы мүмкін. Ал ондай актер шықпай тұрса, Абайдың рухын, Абайдың аруағын қозғаудың керегі жоқ, ондай көзсіздікке баруға болмайды деп ойлаймын. Өйткені актерді танитын көз керек. Соны көретін режиссер керек. Есағаңның, Е.Обаевтың бір сұхбатында: «Өз Абайымды таба алмадым» деген сөзі бар. Ол кісі «Абайды» қойды ғой. Ра­сында, Абай – біздің руханиятымыз, оған эксперимент жасап, оны үлкен де, кіші де келсін-келмесін ойнай беруіне болмайды. Тіпті керек десеңіз, кезінде Абай рөлі Шәкен Аймановқа және Қапан Бадыровқа берілген екен, бірақ Мұхтар Әуезов Шәкен Аймановтың атын естіген бетте, рөлден алып тастаған. Бұл туралы «Қазақ әдебиетінде» де жазылды ғой: «Сен өзіңнің даңқыңа, талантыңа сеніп ойнайын деп тұрсың ба, сенің Абайға табиғатың келмейді, сенің Абайды ойнауыңа мен рұқсат бере алмаймын»,  деген екен М.Әуезов Ш.Аймановқа. Содан соң Абайды Қапан Бадыров ойнаған. Айрықша талант Аймановтың өзіне тоқтау салынса, демек, бұл – жоғарыда айтқан сөзімнің дәлеліне келеді. Орыстар айтқан ғой: «Кемеңгер актер болмайды, оң жамбасқа келетін рөлдер болады» дейді, яғни сол оң жамбасқа келген рөл ғана актердің бағын ашады. Әр актердің табиғаты әртүрлі ғой. Менің Кебекті немесе Гамлетті олар сияқты ойнай алмауым мүмкін, ал олар Гамлетті керемет жақсы ойнауы мүмкін, бірақ Абайды ойнай алмайды.

 – Белгілі жазушы-драматург Ма­дина Омарова екеуіңіз жазған «Абай­дың жұмбағының» Тоқпанов, Мәм­бетов, Обаев қойған спектакльдерден өзгешелігі неде?

– Ес-ағаңның, Әзекеңнің қойған «Абайы» кеңестік дәуірдегі идеологияға құрылған спектакль, ал біз бүгінгі күн­нің Абайын жазуға тырыстық. Біз ең бірін­ші әке институты, яғни әкенің сөзін тыңдау мәселесін қозғадық. Құнанбай әр кездес­кен сайын Абайға ақыл-үлгі көрсеткен кезде, әр сөйлеген сайын бала Абайдың көзін ашып отырады. Ол әжесі Зереден үлкен рухани білім алды, содан кейінгі құндылықтарды әкесі Құнанбайдан алды. Біз бұл жерде «Құнанбай болмаса, Абай қайдан пайда болар еді» деген идеяны көтереміз. Мынау гендік жалғастық деген бар, яғни Құнанбайдағы ерекше тектілік Абайға келіп тұр. Сол Абай әкені көру арқылы, әке институтын, әкенің тәрбиесін көру арқылы ұрпақ жалғастығы атты баспалдақпен көтеріліп келе жатады. Біз бұл пьесада Құнанбайды биікке көтеріп отырмыз. Дана, дара Құнанбай. Сондағы айтпағымыз – тектілік идеясы. Тектілік деген – адамның бойындағы ең ірі асыл қасиеттердің жиынтығы. Сондықтан біз Құнанбайды көтеру арқылы Абайды ашып отырамыз. Абай қатты қиналып, өзінің қасындағылардан таяқ жеген кезде түсіне әкесі кіреді. Әкесі оған жөн сілтейді. «Балам, сен осындай-осындай жолмен бара жатырсың, сен маған жеткен жоқсың, сен маған жету үшін өзіңе жететін ұл туғыз», дейді. «Ол ұлыңды ұлттық дәстүрде, білімді, саналы ұрпақ етіп тәрбиеле ол өзіңе жететін болса, сонда ғана сен маған жеттің» деген сөз айтады әкесі. Құнанбайды кө­теру арқылы Абайды көтеріп отырмыз. Құнан­бай мен жас Абайдың ортасындағы қарым-қатынас жас Абайдың Тоғжанға деген махаббаты кезінде айшықталады. Екеуі бір-бірімен жүрекпен ұғынысып, түсінісіп, екеуі бір-біріне жүрек сырын ашып, екеуміз мәңгілік бір-біріміз үшін деп тұрған кезде Құнанбай әкесі мынандай сөз айтады: «Жастықтың ыстықтығына дау бар ма. Дүниенің оны айырбас етер қай тәттісі бар? Жастығыңды, махаббатқа мастығыңды дәт жетіп қию қиын болса да айтайын. Абай, бұдан былай бала жастық пен албырт жастықтың орнын басар нәр­лі жастық ізде. Бұл жолда да құштар көп. Желдіаяқ желмаясын жосытқан Асан Қайғы да, ащы күйін бебеулеткен Ал­шағыр да – барлығы да тыным таппай безек қақты. Бірақ олардың мұраты тән мен жан тоятынан биігірек еді, олар елдің ертеңін ойлап шарқ ұрды…» дейді. Сонда жас Абай: «Әке, бар жүрек, бар қиял Тоғжанмен туысып тұр… Ішім бір жақта, сыртым бір жақта болып, енжар өмір сүруге жас жүрегім шыдамас! Тоғжанға берген уәдем бар… Ол қайда қалады?» дейді. Сонда Құнанбай: «Балам, айтпағым – екі жастың махаббатынан да артық махаббат бар. Ол – еліңе, жеріңе, дәстүріңе деген махаббат. Ата-бабамыз мына ұлан-ғайыр жерге ие болып, мыңғырған малын бағып отырған бүгінгі мамыражай тіршілігіне сол салт-дәстүрді бұзбай ғана жетті. Қазақтың қазақтығы кеткен күні шеті сөгілген шілтер орамалдай ел тарқайды, жұрттан ырыс-береке кетеді. Сүйіндіктің қызы да бесігінде айттырылған. Уәдеңді бұзба, бұл қызға да бұздырма!» деп келелі ой айтады. Сол кезде Абай келісіп, «Сап-сап көңілімді» жазады. Әкесінің сөзімен кетеді.

Кей адамдар айтады, Абай мен Діл­даның арасында махаббат болған жоқ, екеуі атастырылып қана қойған, екі аға сұлтан құдаласып, сол үшін ғана құрылған одақ дейді. Ділда одан 4-5 жас үлкен, екеуі бірін-бірі сүймей қосылды дейді. Сол Ділда мен Абай арасында шынымен махаббат болмаса, Әбдірахмандай, Мағауиядай, Ақылбайдай ұл­ туа ма? Екеуінің арасында зор махаббат болған. Бірақ басқа махаббат.

– Сонда осы жаңа Абай арқылы бү­гін­гі қоғамның проблемаларын ашпақ бол­дыңыздар ғой?

– Абайдың ұлылығы сонда, ол бүгінгі күнгі проблемалардың шешімін сол заманда болжап айтып кеткен. Егер шыдамы жетіп үңілсе, бүгінгінің адамдары көп сауалдың шешімін Абайдан тапқан бо­лар еді. Мысалы, «Бас басына би болған өңкей қиқым» дейді немесе «Тиянақсыз, байлаусыз байқұс қалпың, не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың» дейді. Қазір қаптап кеткен шоулар, ой жоқ, мән жоқ, мағынасы жоқ, көгілдір экранды ашып қалсаң, көретінің тек қана ыржақай күлкі. Бұл немене? Халықты аздырудың жаңадан табылған амалы ма? Көрерменді ешқандай биіктікке, тереңдікке тәрбиелемейтін, руханилығы жоқ, жай ғана қораның ішінде жиналғанда айтатын, қарабайыр, дөрекі сөздермен біз қазір көрерменді күлдіргіміз келеді. Соған біздің қазіргі жастарымыз еліктеп, тобырлық деңгейге кетіп бара жатқандаймыз. Абаймен байланыстырып, Абай идеясы арқылы біз осыны көрсетуге тырыстық.

Абай шығармашылығында тосын, бүгінгі күнмен үйлесіп, сабақтасып жат­қан мезеттер өте көп. Біз соның бәрін қа­ғыс қалдырмай осы спектакль бойына жама­дық. Біздің «Жұмбақтың» басқа «Абайлардан» бір айырмашылығы осы. Біз еркін, тәуелсіз елдің азаматтарымыз, сондықтан Абайды ешбір идеология шеңберіне салып құрсамай, өз биігінде шарықтатып көрсете аламыз. Бұл – біздің артықшылығымыз және бақытымыз.

– Абайдың 175 жылдығы қар­са­ңында «осы Абайды біз неге дәріптей бере­міз, ол соншама кім?» деген бағыт­та да кер­тартпа пікірлер бой көрсетіп қал­ды…

– Ел болған соң ішінде аласы да бар, құласы да бар. Рас, кейбір ойы таяз жандар Абайдың өлеңдерін, Қарасөздерін бір оқиды да «Абай қазақты жек көрген, ол неге қазақты жек көрген, неге сынай береді» деп жамандай жөнелуге себеп етіп тұрады. Блогерлер, сондай біреулер жазды. Себебі олар тереңіне бармайды. Тереңіне бару үшін Абайша тебіреніп, Абайша толғанып, Абайға бір қадам болса да жақындай түсу керек. Ол қазақты жек көргеннен айтты ма, әлде керемет жақсы көріп, жаны ауырып айтты ма? Бізге ұнамайтын сөздер болғанмен, оның ар жағында жатқан ерекше махаббатты көре білу керек. Спектакльде Абай «Қазақ сонда өзінің сол табиғатынан қашан айырыл­ды, өз болмысын қашан жоғалтты?» деп сауал тастайды. «Бұрын мұндай болма­ған еді ғой» дейді. Мұның астарында не жатыр? Қазақ басқа мемлекетке бодан бол­ғалы өзінің табиғатын жоғалтты дейді. Екіжүзділікке барды, ол ұлттың жақсылығын да, жаманын да қабылдады, жынды суға ерік берді, шайтан болды. Өзінің тілінен, дінінен айырылды.

Біздің спектакльдегі Абай – азаттықты, тәуелсіздікті аңсаған Абай. Абайға кезінде депутат Шаймерден Қосшығұловтың жазған хаты қазір баршамызға белгілі дерек қой. Ол Абайға патшаның құпия жарлығын жеткізген, яғни ақ патша генерал-губернаторға құпия хат жазыпты… Сондағы жазғаны «қазақты билеу үшін бірінші хандық жүйені құрту керек депті. Екіншісі болыстықты кіргізсең қазақ өздері-ақ ру-руға бөлініп, тоз-тоз болады. Сонда бұл халықты билеу оңай депті. Ал үшіншісі тіпті сорақы, қазақты бір дінге кіргізу керек, яғни шоқындыру қажет депті. Өстіп түз тағысы қазақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстамақ болыпты». Біздің спектакльде осы туралы айтылады, Абайдың қайраткерлік сипаты ашылады. Осы зымиян әрекетке тосқауыл қою үшін кемеңгер ақын 1885 жылы болған Қарамола съезінде қазақтың көне әдет-ғұрып мәселесін заманға лайық­тап, халық пайдасына шешілетіндей етіп, кем-кетіктің, әсіресе әйел правосын жақ­тап 73-тармақтан тұратын Ереже әзір­леп, бекіттіреді. Осындай, бұрын ке­ңес кезінде айтылмаған, бірақ ұлы ақын­ның өмірінде орын алған көптеген айту­лы оқиға спектакльден көрініс тауып отыр. Бұл – оның бұрынғы, бұған дейінгі қойылымдардан басты ерекшелігі. Абайды ойшыл, ақын ғана емес, қоғам, тіпті мемлекет қайраткері болғандығын көрсетуді мақсат еттік. Жер реформасына қатысты оның еңбегі қандай? Бұл туралы да қазір аз айтылады. Абайтанушылар болмаса, көлденең жұрт біле бермейді. Әб­дірахманға «Ұлтың үшін қызмет ет» дейді. «Мен әкеден алған аманатымды саған тапсырамын» дегенде, Әбіш өзінің сырқаттанып жүргенін айтады. Сонда да Абай Алладан тек сабыр тілейді. Тағ­дырдың жазғанына көнбістік таны­тады. Осы ситуация арқылы спектакль шарықтау шегіне жетеді. Ол ұлын жоғалтқан әке ретінде емес, қазаққа өзі­нен кейін тізгін ұстар, қызмет етер, көзі ашық, көкірегі ізгі ізбасар тастай алма­ға­нына өкініп, шарқ ұрады. Сіз енді ақын­дығынан, ойшылдығынан бөлек, қазақтың болашағы жолында осылай жан аямай еңбек еткен Абайды қазақты жек көрді деп қалай айтасыз? Олай айтатын адамдар – білімсіз, таяз. Бар болғаны сол ғана.

М.Әуезовтің ұлылығы, кеңестік дәуір­де Абайды олай жазбаса, оны жарыққа шығара алмас еді. Ол бір ұлыны көтеру үшін, басқа ұлыларды амалсыз құрбан етті. Әйтеуір қалай болғанда да Абайын қазаққа табыс етуді көздеді. Әйтпесе ол да Мағжан, Ахметтердің жолын құшқалы тұр еді. Әуезов, әрине, «Абайды» қазір жазса, мүлде басқаша жазар еді…

– Әуезов театрында «Абайдың жұм­ба­ғынан» бөлек, Абайдың «Қарасөз­дерінің» желісіне құрылған драма-диалог «Қара» қойылымы сахналаныпты, оның премьерасы 21 қазанда өтеді екен. «Үй ішінен үй тіккендей», бір театрдың басына осынша Абай көптік етпей ме?

– Әуезов театрының потенциалы өте үлкен, мұнда жүзден аса актер жұмыс істейді. Екі спектакль емес, бес спектакль қоюға театрдың күші жетеді. Сондықтан да Әуезовтің атымен аталатын театрдың Абайға бір уақытта екі бірдей спектакльді арнауы – заңды. Оның үстіне Абайдың 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында тойланып жатыр, биылғы жыл Абай жылы болып жарияланды. Осыған орай біз екі спектакльді қатарынан көрерменге ұсынып жатырмыз. Біз Ұлы Абайды жан-жағынан көрсеткіміз келді. Екеуі екі түрлі бағытта, екеуі екі түрлі жүк көтеретін спектакль, екеуінің де өз көрермендері болады деген сеніміміз бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 https://egemen.kz/article/252598-bolat-abdilmanov-teatrda-dguz-akter-boluy-mumkin-biraq-dal-abaydy-oynaytyn-akter

 

 

«АБАЙ» телехикаясының премьерасы туралы

«TAŃSHOLPAN» ақпаратты-сазды бағдарламасы.

14 желтоқсан 2020 ж.

 

«NUR TILEÝ». Болат Әбділманов

11 желтоқсан 2020 ж.