Ақсу халық театры

 Ауданда колхоздастыру жұмыстары аяқталып, халық шаруашылығын өркендетуге арналған алғашқы бесжылдықтарды жүзеге асыру үшін еңбектеніп жатқан ақсулықтардың  рухани-мәдени талап-сұраныстарын өтеу қамын ескерген ауданның партия, комсомол ұйымдары  ХХ-ғасырдың  30-шы жылдары ауданда көркемөнерпаздар ұжымын құру ісін қолға алды. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы болған Нұрбопа Өмірзақовтың басшылығымен ауданда өткізілген тұңғыш өнерпаздар байқауының нәтижесінде олардың  ішінен  аса таланттылары іріктеліп алынады. Бұрыннан халық арасында өздерінің табиғи талантымен танылған домбырашылар Болысбек Қанапиянов, Жәрдембек Тостағанбетов, әншілер Әбілмәжін Тоқтаров, Бекайт Орынбаев, Қуат Терібаев, Қайша Жексембина қасына Алматы театрында бұрын сахна көрген Шәкен Қасенов, Мінуәр Қасенова, Ұлжан Ұлбекова сияқты тәжірибелі артистердің, өнерімен көзге түсіп жүрген  Разбек Жалдыбеков, Болысбек Қонаев, Бұрғанбаев, Үмбеталиев, Жақыпбековтермен бірге бір топ жастардың келіп қосылуы  Ақсу өнерпаздарының қатарын нығайта түсті. Көркемөнерпаздар ұжымы көрермен көпшіліктің көңілінен шықты. Осыған орай Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен 1939 жылы Ақсу өнерпаздарына колхоз-совхоз театры атағы берілді.

Соғыс жылдарында театрдың майданға кеткендерден қалған тобы – көбінесе егде тартқан адамдар тылдағы еңбекшілерге ойын-сауық қойып, көңілдерін көтеріп, тұнжыр күндерін түлеткендей жыр төкті.  Театрды бұл кезде басқарған Халел Сейсенбеков те өзі тұстас бір топ орта буынды адамдармен тағы да майданға кетіп, содан оралмады. Олардың орнына өнерімен көзге түскен аға буын өкілдері тартылып отырды. Атақты халық ақыны Қуат Терібаев та театр ұжымына қосылып, соғыс зардабынан қаралы да қамкөңіл болған ауыл адамдарына халық ерлігін өзінің жыр жолдарымен баяндап,  рухтарын көтеріп отырды.

Соғыстан кейін Ақсу өңірінде алдыңғы ағалардың үлгі-өнегесін көрген өнерлі жастардың жаңа толқыны өсіп, олар 1953 жылдың күзінде жас өнерпаздардың олимпиадасы деп аталып, өткізілген аудандық байқауында жақсы дайындықтарын көрсетті. Бұл олимпиаданы өткізу жұмыстарына аудандық партия комитетінің хатшысы Аймұқамбет Байтуғанов  тікелей басшылық жасады. Іріктеліп алынғандардың ішінен аудандық мәдениет үйінің жанында жұмыс істейтін драмалық үйірменің құрамы белгіленді. Ойтоған ауылдық клубының меңгерушісі Назарбек Әмірғалиев- аудандық мәдениет үйінің директоры; балалар бақшасының тәрбиешісі Бағила Тынысбекова – мәдениет үйінің кассирі; аудандық мал дайындау мекемесінің бухгалтері Кеңес Әбілмәжінов – мәдениет үйінің көркемдік ісінің басқарушысы; Бақалы орта мектебінің мұғалімі Әбітай Исақанов – аудандық мәдениет бөлімінің инспекторы болып тағайындалды. Талапты жастарды біріктірген мәдени-үгіт бригадасы сол жылдың аяғынан концерттік бағдарламалармен ауданның шаруашылыктарын аралай бастады.

Ақсу өнерпаздарының өнер жолындағы биігі- сахнаға драмалық пьесаларды шығаруы еді. Алғашқы қойылым белгілі жазушысы Қапан Сатыбалдиннің «Сүйінші» атты пьесасы болды. Ал 1956 жылғы арнайы байқауда үлкен концерттік бағдарламамен қатар Ғабит Мүсіреповтың  «Қыз- Жібек»  пьесасының бір актісін және драматург И. Матақовтың «Өмір үшін» атты пьесасын сахнаға шығарған драмалық үйірме республикада бірінші болып, ресми түрде « Ақсу халық театры» атағын жеңіп алды. Оның тұңғыш режиссері болып, өнерлі ұжымның өз қатарында өсіп, өз қазанында қайнаған Назарбек Әмірғалиев тағайындалды.

Бұл жылдардың ішінде театр ірілі-ұсақты сахнаға 64 спектакль шығарды. Театр артистерінің шеберліктерінің шыңдала түсуі нәтижесінде классикалық дүниелер де сахналанды. «Ақан сері-Ақтоқты», «Еңлік-Кебек»,  «Қозы Көрпеш- Баян сұлу»,  «Ана- Жер-Ана», «Той боларда», «Күн мен көлеңке», «Қуырдақ дайын», «Дәрігер келін», тағы басқа 50- ден астам пьессалар қойылымдары көрермендердің көзайымына айналды.  Алматы қаласында 3 рет болып, республикалық театрлар сахнасынан  мәдениеті биік алматылықтарға да өнер көрсетті. Ә.Тәжібаевтың «Той боларда», С.Адамбековтың «Күн мен көлеңке» атты пьесалары  Алматы теледидары және Қазақ радиосы арқылы да  тарады. Театр бүкіл елімізге танымал болып, республикамыздың және көрші Қырғызстанның көптеген облыстарын аралап, елді мекендеріндегі мыңдаған көрермендердің ықыласына бөленді.

Театр режиссері Назарбек Әмірғалиев, артистер Разбек Жалдыбеков, Құмарқан Нұрқанов, Дәмен Шәймерденова, суретші Қалтай Шудабаев республикалық халық театрлары  байқауының лауреаты және артистер Нұрлықан Болысбеков, Тұралық Тәңірбергенова, Наурызбай Мұкәрәмов  Ленин комсомолының 50 жылдығы құрметіндегі жас өнерпаздар байқауының лауреаты атағына ие болды. Театрдың тұрақты артистері Дәмен Шәймерденова,  Бағила Тынысбекова,  Нұрлыхан Болысбеков « КСРО-ның озат мәдениет қызметкері» белгісімен  марапатталды. Ұжым В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы мен Қазақ КСР- ның 50 жылдық мерекелері құрметіне  арналған халық театрларының 1969 жылғы облыстық байқауында да бірінші орынға ие болды.  Байқаудың лауреаты атағын жеңіп алған театр актрисасы Д.Шәймерденоваға «Ана-Жер-Ана» спектакліндегі тамаша өнері үшін  ГДР-ға тегін жолдама берілді

Театрдың режиссері Н.Әмірғалиев 100-ге тарта басты рольдерде ойнады. «Ақсу вальсі», «Қаракөз», «Сауыншы жеңге», «Еңбек ерлерінің маршы», «Ақбота», «Сәулетай» сықылды әндермен «Ақбұлақ», «Бозторғай» атты күйлердің авторы.  Теартрдың табанды да талантты артистерінің бірі Құмарқан Нұрқанов – сахнаға 60-қа тарта бейнелер шығарды. Театрдың тұрақты мүшесі болған  Бағила Тынысбекова 75-тен аса рольдерде ойнады, елді тамсандыра ән шырқады.  Театрдың мүшесі Нұрлықан Болысбеков көптеген рольдерді орындап,  күйлер шертті, көркемсөз жанрында сықақ бөлімін жүргізді.  Темірғали Юсупов, Тұралық Тәңірбергенова, Дариға Болысбекова, Мамыртай Ақмадиева, Садырбек Алдабергенов, Наурызбай Мұкәрәмов сияқты жас таланттар да қойылымдарда ойнап, көрермендердің көңілінен шықты. Спектакльдерге қоғамдық негізде С.Мұхаметшин, Л.Леонова, Қ.Ерғалиев, Т.Тынышбекова, Қ.Қабдолдин, Т.Білісбаев, М.Шөкенов сияқты жастар белсене араласты. Оларға кейіннен Б. Күнболатов, Т.Алыбаев, У.Молдағалиева, Д.Бескенбаев, Т.Тұрсынбаева, С.Әжібекова, Д.Бескенбаева, З.Рақыжанов  сияқты өнер жолында үміт күттірер  жас толқын келіп қосылды.

Назарбек Әмірғалиев пен Дәмен Шаймерденова кейіннен  қазіргі Бикен Римова атындағы облыстық    драма театрына ауысып, ол жерде де өнер биігінен көріне білді, үкімет наградаларымен марапатталды, «Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер» белгісін кеуделеріне қадады. Барлық кезеңде де  облыстық театр құрамында  ақсулық өнерпаздар қатары үзілген емес. Олар туралы кітаптың басқа тарауларында  айтылады. Ал, төменде Ақсу халық театрының алғашқы құрылып-қалыптасуында үлкен еңбектері сіңген, одан кейін де оның өнерінің дамып, аса танымал ұжым болуында белсенді мүшелері болған жеке өнерпаздар туралы деректер берілді.

 ТОСТАҒАНБЕТОВ Жәрдембек

1907ж. Ақсу ауылында туған. Суырып салма айтыс ақыны. әртіс. Толғанбай ақынның ұрпағы, оның көптеген айтыс пен өлеңдерін жатқа білген. Арабша хат танып, кейіннен жаңаша сауатын ашқан. Жас кезінен өнерге бейім боп, ән айтып, өлеңдер шығара бастайды. Ұлы Отан соғысына қатысып, жаралы болып елге қайтады. Ұжымшарда жұмыс істейді. 1957ж. құрылған Ақсу халық театрінің ірге тасын қалаушылардың бірі. 1938ж. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Жантық рөлін ойнап, республикалық байқауға қатысады. Республикалық, облыстық байқаулардың бірнеше рет лауреаты атанады. Ақсу аудандық «Ленин жолы» газетінің штаттан тыс тілшісі болады, Аудан ақындарының айтыстарына қатысып отырған. Қ.Бұғыбаева, Қ.Мұқашев, С.Тінтаев сияқты белгілі ақындарымыздың ұстазы саналады. “Еңбек күйі” атты өлең-толғаулар жинағыны шыққан. Біраз өлеңдері халық ақындары жинағына енген. 1965ж. І.Жансүгіровтың 70 жылдық мерейтойында республикалық ақындар айтысын ашып береді. 

ИБРАГИМОВ Кәдір

1908ж. «Арасан» ауылында туған. Қапал педагогикалық училищесін бітіріп, ұзақ жылдар бойы мектептерде қызмет істеді. Ұлы Отан соғысына қатысты. Ақындықпен қатар әншілік, сазгерлік қабілеті де болған. Ел арасына таралған көптеген әндері болған. Ақсу халық театрының құрамында болып, қойылымдарына қатысқан. 

 ЖЕКСЕНБИНА Қайша

1912ж. Қызылқайың ауылында туған. 1935ж. Ақсу ауылындағы «Амангелді» артелінде тігінші болады. 1937ж. Ақсу колхоз-совхоз театрына қабылданады. Театрдың алғашқы жылдарында әрі актриса, әрі режиссер міндетін атқарады. Елуден астам рөлдерде ойнады. 1953ж. театрдың басқа ауданға ауысуына байланысты «Жаңақоғам» кеңшарына ауысып, шопан болып істейді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталған.

 

ЖАЛДЫБЕКОВ Разбек (1917-93)

Қосағаш ауылында туған. Әке-шешеден ерте айырылып, Сарқандағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Өсе келе ұжымшарда жұмысшы болады. Жастайынан өнерге жақын ол, 1937ж. көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады, алғашқылардың бірі болып Ақсу колхоз-совхоз театрына қабылданады. 1956 жылғы  фестивальға қатысып, М.Әуезовтың «Еңлік–Кебек» трагедиясы қойылымындағы ойыны үшін, оның I–ші дәрежелі дипломымен марапатталып, лауреат атанады. Ленин комсомолының 50–жылдығына орай  «ҚССР-дің озат мәдениет қызметкері» атағы беріледі. Ақсу халық театры өмірінде ерекше орны болған ол, өмірінің соңына дейін өнерден қол үзбей өткен. Негізінен  комедиялық рольдердің шебері болған,  Ақсудың  «Алдар көсесі»  атанған. Оның орындаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Жантығын, «Қыз Жібектегі» Шегесін көргендер күні бүгінге аңыз етіп айтады. Ол асқан әнші, дәулескер күйші де еді. Әншінің орындауындағы «Ағаш аяқ», «Нақ-нақ», «Ардақ», «Айдай»,  т.б. халық әндерін жұрт сүйсіне тыңдайтын.  Өмірінің соңына дейін мәдениет саласында адал да сыйлы жұмыс жасаған ол,  1975ж. облыс деңгейінде ұйымдастырылған құрметпен зейнеткерлікке шығады. 

НҰРҚАНОВ Құмархан (1929—2000)

Қызылту ауылында туған. Актер, әнші. Ұлы Отан соғысының ардагері. Жасынан өнерге бейім болып өскен ол аудандық халық театрына

 

қабылданады. Халық театрларының республикалық бірінші байқауында М.Әуезовтың «Абайындағы» ол сомдаған Абайы өте жоғары бағаланып, лауреат атанады Театр құрамында соңына дейін болып, қойылымдарында көптеген рольдерді сомдаған. Кейіннен «Жаңақоғам» кеңшары Мәдениет үйінің директоры болып, ауыл өнерпаздарына көп көмек көрсетті. Ақсу ауданының Құрметті азаматы. 

 

 

ТЫНЫСБЕКОВА Бағила

1930ж.  Тарас ауылында туған. Актриса.  Ақсудың «бұлбұлы» атанған әнші. Еңбек жолын аудандық тұтынушылар қоғамында бастады. Өнерпаз қыз аудандық байқауларда көзге түсіп, аудан басшыларының ұсынысымен Ақсу театрына орналасады. Оның құрамында үздіксіз өнер көрсетіп, көптеген рольдерде ойнайды .Өмірінің соңына дейін көпшілік ортасында сый-құрметке ие болып жүрді. 2007ж. қайтыс болды. Ақсу ауданының Құрметті азаматы. 

РАҚЫШЕВ Сағынбек (1930—2006)

Ақсу ауданында туған. Актер, Қазақстанның еңбегі сіңген артисі. 1945ж. бастап Ақсу аудандық халық театрында, Қаратал колхоз-совхоз театрында, Шымкент облыстық, Талдықорған және Қызылорда облыстық драма театрларында еңбек етті. Ол Абай, Сырым, Қобыланды (М.Әуезовтың «Абайында», «Қаракөзінде» және «Қобыландысында»), Амангелді, Қозы, Ақан Сері (Ғ.Мүсіреповтың «Өлі-арасында», «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында», «Ақан Сері – Ақтоқтысында»),
Мұса Шорманов (С.Мұқановтың Шоқан Уәлихановында»), Сыбанқұл (Ш.Айтматовтың «Ана –Жер анасында»), т.б. рөлдерін сомдады.  

ӘМІРҒАЛИЕВ Назарбек

1932ж. Сарқан ауданы Бақалы ауылында туған. Актер, әнші, сазгер. Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қызметкері.

Еңбек жолын Ойтоған ауылында клуб меңгерушілігінен бастап, 1954ж. аудандық мәдениет үйін басқарады. Мәдениет үйінің жанынан драма үйірмесін құрып, оған жетекшілік етті. 1959ж. Ақсу мәдениет үйіндегі драма үйірмесіне «халық театры» атағы беріліп, оның режиссерлығына тағайындалды. Ол М.Әуезовтың «Еңлік – Кебегінде» Кебек, «Абайында» Айдар, Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібегінде» Төлеген, «Ақан
Сері – Ақтоқтысында» Ақан, Ш.Айтматовтың «Жәмиласында» Данияр, С.Сейфуллинің «Қызыл сұңқарларында» Еркебұлан, І.Жансүгіровтің «Кегінде» Бейсенбай, т.б. рөлдерін сахналады. 1975ж. Талдықорған облыстық драма театрына қызметке ауысты. 1996 ж. қайтыс болды. Аудан тұрғындарының аса сүйікті әні «Ақсу вальсі» әнінің авторы. Талдықорған қаласында және Ақсу ауылында Н.Әмірғалиев атында көшелер бар.

 

ШАЙМЕРДЕНОВА Дәмен

1935ж. Алтынарық ауылында туған. Биші, актер. Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қызметкері. Орта мектепті бітірген соң Ақсу халық театрының құрамына қабылданған. 1968ж. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітірген. Өнердегі алғашқы қадамы қазақ академиясының драма театрында Еңліктің (М.Әуезовтың «Еңлік – Кебек») рөлін сомдаудан басталды. Осыдан кейін үлкен сахнада Баянның, Жібектің, Ақтоқтының (Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында», «Қыз Жібегінде», «Ақан Сері – Ақтоқтысында»), Әйгерімнің (М.Әуезовтың «Абайында»), Жәмиләнің (Ш.Айтматовтың «Аңсаған менің әнімсің») және тағы басқа рөлдерді ойнады. Сонымен бірге ұйғыр халқының «Алмұқ ана», өзбектің «Мехребану», татардың «Ою», қарақалпақтың «Бибігүл», украинның «Полька», қазақтың «Жастар биі» атты ұлттық билерін сахнаға шығарды. 2002 ж. дүниеден өтті.