Ақсу ауданының  мәдениет-өнер саласының даму кезеңдері туралы

  «Ақсудың ақ шиі де сызылтып ән салады» деген сөз қалың қазақ арасына бекер тарамаған. Соның бір куәсі болатындай ХІХ ғасырдың соңғы жылдарында «Ешкіөлмес» тауының етегінде болған ұлы думан күні бүгінге дейін көз алдымызға елестейді. Ол  атақты әнші Біржан мен қазақтың бұлбұл қызы Ақын Сараның айтысы болып, көк жайлаудың төрінде көсілте шырқаған ән мен жырдың «ауылдық спектаклі» еді. Мәдениетімізге алтындай асыл қазына боп қосылған М.Төлебаевтың  «Біржан–Сара» операсының әндері алғашқыда сол «Ешкіөлместің» бауырында, ТҰРЫСБЕК  Маманұлы ауылында шырқалғанын бүгін көпшілік біледі. Бүгінгі опера өнері қазақтың сол ежелгі ақындар айтысымен төркіндес жатады. Одан кейін, әрине-Молықбай күйші. Оның өнеріне тәнті болған ақсулықтар алыстан аттылы- жаяулы келіп, ұзағынан тамсана тамашалайтыны туралы І.Жансүгіровтің «Күйші» поэмасында толығынан айтылған.

Ақсу халық театрының мүшелері

Кеңес дәуіріндегі өнерге деген үлкен қолдау көрсету саясаты тумысынан талантты қазақ халқының бой серпуіне үлкен әсер етті. Ел басшылығының 30-50 жылдардағы солақай саясатының қиыншылығынан өтіп, еңсесін көтерген Ақсу елінің өнер құсы қанатын кеңге сермеп, биіктерге шырқады, кеңістікке самғады. 1938 жылғы қазақ өнерінің Мәскеуде өткен  онкүндігі — бүкіл өнерсүйгіш халықты дүр сілкінтті. Ақсу өңірінде аудан басшысы болған НҰРБАПА ӨМІРЗАҚОВ алғаш рет өнер жарысын ұйымдастырып, олардың үздік өнерпаздарын іріктеп алып, театр ұйымдастырды. Оның алғашқы директоры-Тәңірберген Қалилаханов болды. Театрдің өнер шығармашылығы жоғары бағаланып, 1939 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің бекітуімен колхоз-совхоз театры атағы берілді. Кейіннен Ақсу халық театрына айналған ол Қазақстандағы сондай санаулы ұжымдардың алғашқысы болды және қазақ елі өнерінде өшпестей өзіндік ізін қалдырды. ( Халық театры жөніндегі дерек-тер төменде жеке беріледі). Осы жылдары Алматыға аттанып астаналық театрлардың іргесін қаласып, қалыптасуына ат салысқан, Қазақтың мемлекеттік опера-балет және драма театрларында көп жылдар өнер көрсеткен халық артисі Серғали Әбіжанов, Мұқан Байбатыров сынды Ақсулық өнерпаздар болғанын да мақтаныш етеміз.

Өнерге деген сүйіспеншілік Ұлы Отан соғысының қасіретін, одан кейінгі қиыншылықтарды жеңілдетті. Ал кемелденген социализм дәуірі өнердің барлық саласынан талантты ақын-жазушыларды, сазгерлерді, театр шеберлерін, суретшілерді, кезең-кезеңімен, лег-легімен қомдап шығарып жатты. Солардың бел ортасында ақсулықтар да топ-тобымен жүрді. Ол үрдіс бүгінге дейін жалғасып келеді және болашағы да жарқын, шексіз.

Ауданда Ақсу халық театрынан басқа да көркемөнерпаздар үйірмелері барлық мезгілде де, әр ауылдарда тұрақты жұмыс істеп, жыл сайын дерлік олардың байқаулары өткізіліп тұрды. Өнер саласындағы айтарлықтай есте қалған 1956 жыл болады. Осы жылы дүниежүзілік көлемде өткізілген жастар фестиваліне әзірлік Ақсу өнерпаздарын жаңа белеске көтерді. Үлкен концерттік бағдарламасы бар, 150 адамдық хор мен М.Әуезовтың «Еңлік –Кебек» трагедиясының фестиваль шеңберіндегі байқауда жоғарғы деңгейде қойылуы Ақсу өнерпаздарын республика бойынша бірінші орынға шығарды. Аудан өнерпаздары құрамындағы Болат Ысқақбаев пен Самат Смағұлов-«Ақсудың Абдуллиндері», Клара Шәкеева «Ақсудың Күләші» аталып кетті. Сол кездері жас өнерпаздар жұмысын ұйымдастыруда аудандық комсомол коми-тетінің хатшысы, кейіннен аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасының орынбасары болған Қойшан Құдайбергенова үлкен еңбек етті

Көркемөнерпаздардың қанаттарын тағы бір биікке сермеген мезгілі 1975-85жж. келеді. Әр шаруашылықта , ірі кәсіпорын-мелемелерде өзіндік көркемөнерпаздар ұжымдары болды. Солардың ішінде бірнеше ән-би үйірмелері, вокальды инструментальды ансамблі, үгіт-мәдениет бригадасы бар Ақсу қант зауытының көркемөнерпаздар ұжымы (тұрақты жетекшісі Чернухина Валентина Николаевна) аудан-облыс көлемінде, қант өндірушілер саласында республикалық, бүкілодақтық деңгейде өнерлері ерекше бағаланып отырды. Шаруашылықтар арасында дәл сондай өнер биігінен одан кейін құрылған

«Құлагер» ВИА-сы, Ақсу ауданы,1990ж

«Жаңақоғам» кеңшарының «Ақсу әуендері» ұжымы да (ұйымдастырушысы Серікбек Серпербаев) көріне білді. Аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Құлагер» ансамблі, Ақсу құрылыс техникумы өнерпаздарының да өнерлері жұртшылықтың әлі есінде.

Ауданда Елубаевтар отбасылық ансамблі де ерекше өнерімен көзге түсті. Ол өнерпаздар тобы ретінде 1984 жылы құрылды. Алғашында оған 7 адам мүше болды. Кейін ансамбль «Айгүл» атанып, құрамы 12 адамға жетті. 1990 ж. отбасылық ұжымға «Халық ансамблі» атағы берілді. Репертуарында көптеген қазақ әндері мен күйлері, туысқан халықтардың ән-әуендері болған. Елімізге барынша танымал болған топтың жетекшісі — отағасы Шеге Елубаев болды. Ол «сегіз қырлы...», аса талантты өнер иесі. Отбасы ансамблінде бұрын ешкімге белгісіз, өзі ойлап тапқан аспаптарды енгізіп көпшілікті таң қалдырған. Аспаптарды тек меңгеріп-ойнап қана қойған жоқ, өз шығармаларын орындап әндеткен. Жамбыл қаласындағы мәдени ағарту училищесінің театр бөлімін бітірген ол, аудандық халық театрында біраз рөлдерді сомдаған. 1983ж. Талдықорғанда өткен республикалық ақындар мен жыршылар байқауында «Ақын, әрі жыршы» деген екі атақты бірге иеленген жалғыз өзі болды... 1985ж. Қазақ теледидары арқылы қазақтың билер атаулысын тұңғыш рет насихаттаушы ретінде көрінді. Ш.Елубаевтың күні бүгінге дейін толық таныла алмай, түсінілмей келе жатқан өнері- жыраулық. Оның өнердегі ізін балалары Айна мен Арда абыроймен жалғастыруда. Айна Елубаева-аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы,  Арда Елубаева- аудандық Мәдениет үйінде жұмыс істейді.

Сол сияқты ауданның бас сәулетшісі болып қызмет атқарған Мұратқан Егінбаевтың сазгерлік таланты Ақсу жерінде барынша ашылды. Оның туындылары ауданда ғана емес, республикамыздың әйгілі әншілерінің репертуарларында орындалады, авторлық концерттері беріліп тұрады. Сол жылдары ауданның мәдениет саласы жұмыстарының көшбасында болған Алыбаев Талғат, Әжібекова Серікжамал, Таубалдиева Жуматайлардың сіңірген еңбектері ерекше болды. Олар Ақсу халық театрына, аудан мектептері мен мекемелерінің көркемөнерпаздар ұжымдарына кәсіби түрде көмек көрсетіп, аудан көлемінде үлкенді-кішілі ән-хор ұжымдарын ұйымдастырып, концерттік, тақырыптық- тәрбиелік шаралардың пәрменді өтілуіне көп үлесін қосқан. Кейіннен олар мамандықтары бойынша институтқа сабақ беруге шақыртылып алынды.

Сол  жылдары құрылған аудандағы екі саз мектебі  қазір де жұмыс істеп келеді. Олардың оқушылары да ел арасында өнерлерін көрсетіп отырды, көпшілігі кейін кәсіби мамандар болып шықты. Осы бағытта атқарылған жүйелі де ауқымды жұмыстардың нәтижесінде аудан көркемөнерпаздар ұжымы мазмұнды концерттік бағдарламаларымен облыстық байқаулардың тұрақты жеңімпазы болып отырды. Аудан өнерпаздары туралы бірнеше рет Қазақ теледидары арқылы арнайы хабарлар берілді ...

Әртүрлі себептермен 2000 ж. басынан жұмыстары бәсеңсіп, тоқтағандай болған аулан көркемөнерпаздардың жұмысы соңғы жылдары қайтадан   жаңғыра бастады. Бұрындары өртеніп кеткен Ақсу аудандық мәдениет үйінің ғимаратына 2006ж. күрделі жөндеу жүргізіліп, қосымша 9 штат бірлігімен қайтадан пайдалануға берілді. Сол сияқты, мәдениет саласына бюджеттік қаржылардың көптеп бөліне бастауына байланысты, осы жылдан ауылдардағы мәдениет мекемелері де жұмыс жандана бастады. 2008ж. аудандағы ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарының саны 19-ға, 2010 ж. 22-ге жетіп, оларда жұмыс істейтін мәдениет қызметкерлері 72 адам болды. Қапал, Қызылағаш, Ақын Сара ауылдық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеулер жүргізілді. Үйірмелер саны аудан бойынша 2006 жылғы 16-дан қазір 90– ға өсті, оларға қатысатын адамдардың саны 187-ден 949-ға дейін өсті.

Мерекелік концерттен, Ақсу ауданы

Ауданда «Халықтық» атағын қорғаған Елубаевтардың жанұясының ансамблі мен Шалабай Тұрғанбаев жетекшілік ететін «Ақсу өрнегі» фотостудиясы» өнер ұжымдары бар. Сондай-ақ өздерінің қажырлы еңбектерінің арқасында аудан

мәдениетінің деңгейін жоғары көтеруге белсене ат салысып жүрген көркемөнерпаздар ұжымдары қатарына Валентина және Сергей Чернухиндер жетекшілік ететін «Ақсу ырғақтары» би тобы мен эстрадалық ән үйірмесін, Жанат Тұралықов басқаратын «Құлагер» вокалды-аспаптар ансамблін, Арда Елубаева мен Жасұлан Тұлымбековтердің Ақсу мен Қапалдағы драма үйірмелерін, ұстаз Камалия Мұқашеваның «Гүлдәурен» би тобын, Күміс Байжолованың Хор тобын,  және Әділбек Рекешовтың домбыра үйірмелерін жатқызуға болады.

Жоспарлы түрде өткізіліп отыратын өнер байқауларының ішінде «Жетісу жұлдыздары», «Тазша бала», «Ақсу аруы», дәстүрлі, ретро, патриоттық әндер байқауларын, қазақша КВН сайыстарын, «Ақсудың қос жұлдызы» ән думанын, «Ауылым – алтын бесігім» атты әуесқой суретшілер көрмесін, ұлттық қолөнер көрмелерін, жыл сайын өтіп тұратын ауылдардағы көркемөнерпаздар ұжымдарының байқауларын көрермен қауымының сүйіп көріп, асыға тосып жүретіні анық. Мәселен, биылғы өткен аудандық көркемөнерпаздар байқауына отызға тарта ұжымдар мен 900 ден астам адамдар қатысты. Сондай-ақ, облысымызда үлкен мән беріліп, аса зор ұйымшылдық пен шығармашылықты талап ететін ұйымдастырылып жүрген «Жастар форумы», «Тілдер фестивалі» және «Аудан мәдениет күндері» сияқты мәдени-көпшілік шаралар ауданымызда ұтымды ұйымдастырылып, жоғарғы деңгейлерде өткізілді. Нәтижесінде, облыстық «Жастар форумында» – ынталандыру, «Тілдер фестивалінде» -3-ші орын, ал, «Ақсу ауданы мәдениет күнін» өткізу деңгейі – Бас жүлдемен бағаланып, 8 орындық УАЗ автокөлігі сыйға берілді. Осындай аудан мәдениет қызметкерлерінің кейінгі жылдардағы қажырлы еңбегі өз жемістерін беріп, 2010 жылдың қорытындысымен Ақсу аудандық мәдениет үйі «облыстағы үздік мәдениет үйі» атағына ие болды. Аудандағы мәдениет саласында атқарылып жатқан игі істерді көріп риза болған облыс әкімі С.Ә.Үмбетов аудан әкімінің көптен бергі өтінішін қанағаттандырып, Ақсу аудандық «халық театрын» қайтадан жандандыру үшін қомақты қаржы бөліп

Ақсу халық театрының жаңа құрамы, 2014 жыл

 

Назымгүл Болатхан

берді. Оған басшылық жасау облыстық драма театрының актері, ҚР–ның еңбек сіңірген әртісі, Өмірсерік Қалиевтің еншісіне тиді. Келешек театр ұжымы бірінші қойылымына кезінде Ақсу колхоз–совхоз театрының бірінші директоры болған драматург, Тәңірберген Қалилахановтың «Абылай аманаты» пьесасын таңдап, толыққанды дайындық жұмыстарын жүргізуде. «Өнер сабақтастығы» деген осы. «Ақсу жері – өнер ордасы» деген атаққа сай,  өнерпаз таланттардың көш керуені еш толастамай жалғаса бермек. Оның бір дәлелі – 2004 жылдан бері облыстың «Жетісу жұлдыздары» байқауының бірінші орны тек ақсулық өнерпаздардың еншісіне тиесілі болып жатқаны. Олардың ішінен халықаралық және Республикалық байқаулардың жеңімпаздары Назымгүл Болатхан мен Дәнел Мырзабековтер, Гүлбақыт Сыдықова және Айберген Болатхандар бүгінде аудан мақтанышына айналды. Сол сияқты жыл сайын өткізіліп келе жатқан Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауында Ербосынов Дастан  (2008) мен Тұлымбеков Жасұлан (2009) бас жүлде иегерлері болса, Жүнісов Бағлан— республикалық байқауының үш жыл қатарынан » 3-ші орынды еншіледі.  Аудандык мәдениет үйінде ертеректе Талғат Алыбаев, Серікжамал Әжібекова директорлары болса. 2005 жылдан оған  Болатхан Боранбаев басшылық етеді.  2010ж. ол басқарған аудандық Мәдениет үйі облыстағы «Үздік Мәдениет үйі» аталды.

 

    Ақсу аудандық мәдениет бөліміне әр жылдарда Хасен Аязбаев, Шоңай Тынышбаев, Қанай Шүленбаев, Дубек Мұсанов,  В.Ли, Ораз Жұмашев, Қаламқас Бостанова, Кенесары Сақалбаев, Мұхаметәлі Қазбанбетов,  Айна Елубаевалар басшылық жасады.

 

Құрметті оқырмандар! Бұл мақала да «Абыз Ақсу, Аңыз Ақсу, Нағыз Ақсу» кітабынан алынып отыр.   Одан   бері оншақты  жыл  өткендіктен,  өнер  саласы  деректері  әлі де толықтыруды және  жалғастыруды қажет ететінін білемін.   ол  таяу уақыттардың еншісінде...