Құрметті сайт оқырмандары, аудан азаматтары! 
Бүгінгі сайт парағында белгілі ақын, жерлесіміз, «Ауданымыздың құрметті азаматы» Қуат Қайранбаевтың  Өздеріңізге арнаған жаңажылдық жүрекжарды өлеңін жіберіп отырмын. Қабыл алыңыздар!

(Алдыдағы күндерде сайтымызда Қуатқа арналған жеке мақала жарияланатын болады)

                             Аудан әкімінің хатына

Фото Қуата Қайранбаева.

Қуат Қайранбаев

Жазылып мекенжайы,
нақ дерегі,
Ел жақтан мейрам сайын хат келеді.
Ақжарма ақтарылған тілектермен,
Лебізін туған жердің ап келеді.

Басылған бұрыштама,
мөріменен,
Осындай ақ тілекке шөлігер ем.
Жан едім арман қуып жырақ кеткен,
Туған жер шығарам деп төріне өлең.

Бойыма құйып берсе халқым нәрін,
Биіктен бекер болар тартынғаным.
Бұл хаттар еске салып ерке Ақсуды,
Балқаштың төске ұрады толқындарын.

Аршыған көкейдегі көмескі ойды,
Бұл хаттар өзге хатпен теңеспейді.
Матайдың бұйрат-бұйрат құмы болып,
Жазығы Егінсудың елестейді.

Қапалдың шыңдарына шыңдап арман,
Тылсымын табу үшін құмға барғам.
Хат болып сыбырлайды құлағыма,
Бір үн кеп сылқ-сылқ күлген жылғалардан.

Сағым боп қонса бірде сыр ақтарған,
Бәйшешек бүр жаратын қыраттардан.
Белесті енді бірде әкеледі,
Әкем мен Анам барып жырақ қонған.

Дей ме екен,
бойың пәстеу, ойың балғын,
Қалада ұға бермес жайыңды әркім.
Бұл хаттар сырластырар рухыменен,
Ілияс, Ақын Сара, Сайындардың.

Жазылып мекенжайы,
нақ дерегі,
Ауданнан мейрам сайын хат келеді.
Туған жердің Құрметті азаматы,
Екеніңді есіңе сап береді,
Хатпен бірге көңілге бақ та енеді!..

Қуат Қайранбаев

Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, қадірлі жерлестер!!!