Қай акын –жыршы өзінің кіндік қаны тамған туған жерін
жырламаған, әнге қоспаған ...      

 Туған жеріне, еліне арнаған  Ақсулық ақындардың өлеңдері

 

 ИЛЬЯС ЖАНСҮГІРОВ  
           Жетісу суреттері

Жер таппан жерде жетер Жетісуым:

Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,

Асқардың аспан сүйген сілекейін,

Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын.

Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,

Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым.

Асқардан ақтарыла арқыраған,

Жөкеңнің кім аңсамас балдай суын.

Ескінің ертегі айтсам ертесінен:

Жетісу қан малшынған белшесінен,

Алайда, айналармын, айтам әлі,

Шыға алмай жүрмін әзір жер шетінен,

Қалмақты, Қоңтәжіні Жөңкесінен,

Үркітіп Абылай мен Шоңай шауып,

Жөңкенің асырыпты желкесінен.

Жетісу, кеудең асқар, аяғың көл,

Қоңың құм, мықыныңда бар сексеуіл.

Тау жайлап, қоңыр күзеп, құмды қыстап,

Ол бір маң мал өсірген өлкедегі ел...

Аршалы, Амантекше, Қарасырық,

Қараүңгір, Қалмақасу, Қаражырық.

Сауыры Салқынбел мен Сайынбөлек,

Суығы соғып тұрад аласұрып.

Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі,

“Бәйгіге” қосады өзін таң асырып,

Шоқысын Бүркітінің Үшбүйенге,

Қойыпты сәукеледей жарастырып.

Күрделі қоныс қайда Күреңбелдей,

Құр жатпас Қора Мұзбен Жүгенделмей

Тегерез төңкерілген тегеш шажа,

Шамқой шал қабақ жаба түнергендей,

Талақтай талаураған Баян-Жүрек,

Тұнжырап түкіріп тұр “тірі өлгендей”

Мұрыны Мұзбалақтың көкте мүлгіп,

Ақтасты аспанға әдей тірегендей,

Қар кете қарлы алаңы қақа айыра,

Қаптағай қаптай көшед Бүйенді өрлей

Түйірлі бұршақ нөсер ұшықтайды.

“Ши ұшық”, “Қырқаяқ су” жібергендей

Көкжамбас; қол Көпірлі Таудың көркі,

Жатқан мұз Шатыртастың көкше бөркі.

Аққұмық, Демікпеден алған адам

Алдырар Айдарлыдан Алтай түлкі.

 Қоңыртау қорқатыным бала жастан,

Жыланы түрі жаман – түкті, түрпі.

Түнімен тау күзеткен, таста айтақтап,

Дуана заржақ байғыз – шайқы-бүркі.

Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді,

Балқашты қамыс қамап желкілдейді.

Атанған алты өзені Жетісудің

Балқашқа бауырымдап еңкілдейді...

Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік

Сықылды ағаштардың талайы бар.

Суретін сөз баяндап жеткізе алмас,

Жерінің Жетісудың бәрі сондай!

ТЕРІБАЕВ Қуат  
              Ақсу  халқына

Өлең бе осындайда толғамаған,

Толғасам нөсер сөзім сорғалаған.

Бетіне ақ қағаздың із түсіріп,

Жөнелші жүйріктейін, жорға қалам.

Жырласам Ақсудағы еңбекші елді,

Кетеді қанат бітіп сонда маған.

Ақсуға сәлем жаздым-ауданыма.

Алға ұмтыл, еңбекші, елім намыспенен.

Атақты арқа сүйер Ақсуымсың,

Шыныққан жылда-жылда нар іспенен.

Октябрь алдындағы бар міндетті,

Орындап келетін бол табыспенен.

Шаттық пенен қуаныш кеуде кернеп,

Созайын құлашымды еркін сермеп.

Ылайық табысыма тамылжыған,

Асыл сөз көкейімнен шықсын өрлеп.

«Чапай» мен Қарашілік ауылына,

Көп сәлем ұйымдасқан қауымына.

Сенің де көмегіңнен үміт күтіп,

Мен дағы тілектеспін дамуыңа.

Жетінші Көкөзек пен Басқаныма,

Өтініш үлкен-кіші жастарына.

Шалқыта мерекеге табыспен кел,

Қажырлы қайрат болсын дастаныма.

Қуанып, мейірім тасып қанаттанып,

Ұшайын ақындықтың аспанына.

Арнайы сәлем айтам Діңгегіме,

Дес бермес ауылым едің ілгеріде.

 Еңбектің ұлы майдан жарысында,

Бәйгеден келіп тұрған күнде-күнде.

Табысың таң-тамаша таңқаларлық,

Ақынның шабыт берер жүрдегіне.

Айтуға уақыт жоқ бәріңді атап,

Орынсыз не қылайын сөзге матап.

«Кеңжыра», «Еңбек» пенен «Тоған», «Тарас»,

Бәріңде өс, бейбіт күнде мәңгі жасап.

Оныншы ауыл, Сүттіген, Бұрғаныма,

Сенемін еңбекші елдің ұлдарына.

Жаңартып колхозыңның әр тұлғасын,

Ағартпай әрбір үйін қалдырмасын.

Жер-жерге табысымнан хабар беріп,

Радио күні-түні хабарласын.

Ұлы той отыз жылдық мерекеге,

Сайрандап халқым бүгін қарқындасын!

 

АҚЫН САРА
             Туған ел, өскен жерім

Қызы едім Тастанбектің атым Сара,

Елімнен ерте кетіп шықтым дара.

Ауылымда арыз да айттым, арман да айттым,

Болған соң көңілім жасты, көзім қара.

Тастемір, Сақай, Тұңғат ата тегім,

Жақсылар жібермеген жауға кегін.

Үш Матай: Кенже, Аталық, ер Қаптағай,

Тұлпардың тұяғы боп туған едім.

Көкжайдақ туған жерім тегіс екен,

Алқабы арық-тоған егіс екен.

Жаратқан жан бергенге дін берген ғой,

Жегенім сол жерімнің жемісі екен.

Ішкенім ағынды Ақсу суы екен,

Ақсудың аруы аққу сұлу екен.

Бұғаудан босанам деп бұлқынғанмын.

Бойыма біткен өнер буым екен.

Сол өнер өрге сүйреп елден кеттім,

Кір жуып, кіндік кескен жерден кеттім.

Айтыста арызданып азаттық ап,

Айттырған қалың беріп елден кеттім.

Өмірім осында өтті одан бергі,

Ем тауып ішімдегі шешкен шерді.

От жағып, отау тігіп отан еттім,

Қазақтың қаны сіңіп қалған жерді.

Ақсуым- жерұйығым, Жетісуым,

Аралап Асан атам тіккен туын.

Жоны қар, қоңы қоңыр, бауыры бұлақ,

Қазақтар қоныс қылған қанша буын.

Қайысқан қапталдары қайың мен тал,

Білектей балдырғаны балауса бал.

Қойыны қойлық деген қотан болып,

Жайылған жазығында мыңғырған мал.

Бар мұнда Бүркіттідей биіктер де,

Кең өріс кеңересі киіктерге.

Шыбынсыз жазда жақсы семіреді,

Шілдеде шыққан жылқы биік жерге.

Төле би төрі атанған Күреңбелдің,

Төлі боп төңірегінде жүрем дедім.

Айтысып ақын Сара атым шыққан,

Бауырында бақытты өмір сүрем дедім.

 

Жапарғали Ақсубаев

ТУҒАН ӨЛКЕМ – ҮШ БҮЙЕН

 

Үш бүйен сенде туып, сенде өстім,
Мен сенің мөлдіріңді жастан іштім.
Жүгіріп жалаң аяқ жар жағалап,
Жалықбай, жанды аямай талай кештім.

Құмар боп балығыңа бала кезде,
Үй көрмей кешке дейін болдым кезбе.
Жарылған қос аяқты еледім бе,
Жас кезде қызық бар ма одан өзге.

Үш Бүйен, сүйем сені туған өлкем,
Мақтанып, көркіңді айтып жыр қып шертем.
Түрленіп табиғатың жылдан жылға,
Суың бал, тасың гаухар, шөбің көркем.

Бүркітті, Бесқарағай, Астауша сай,
Көксай мен Қасқабұлақ жатыр былай.
Қарасаз, Сайынбөлек, Мыңшұқырмен,
Малдың құты жайылған жазғы алты ай.

Керілген кеудең анау кербез шыңдар,
Жан басып, құс қонбаған биігің бар.
Қарағай, қалың арша арасымен,
Әртүрлі жылға саймен жортады аңдар.

Әр шөптің жаз айында гүлі жайнап,
Жастар жүр арасында күліп-ойнап.
Жайлағын колхоз-совхоз сай-салаңда,
Сапырып сары қымыз, бие байлап.

Ақырып аққан өзен таудан құлап,
Қосылып сансыз бұлақ мен мұндалап.
Жабысқан жасыл арша қара тастар,
Әдейі қойғандай-ақ қолмен қалап.

Тобылғы, жыңғыл, бөргөз, мойыл, үшқат,
Иісі танау жарып, жанға рахат.
Еріксіз көз саласың жартастарға,
Жаралған қалайша деп қабат-қабат.

Үш сала аққан өзен Алатаудан,
Құлдилап төмен ағып жүз бұралған.
Порымыңа ағысыңмен лайықтап,
Ежелден үш Бүйен деп ел атаған.

Жарысып үш саладан ақсаң-дағы,
Төмен кеп қосыласың Баласаздан.
Жатырсың құшақтасып бір өзен боп,
Нағызы туысқандай бір анадан.

6 сәуір 1964 жыл

 МҰҚАШЕВ ҚҰДАШ
         Көктем көріністері

Құрышын қандыратын құлақтардың,

Күлкісі, күлкісін-ай бұлақтардың

Келгенде көктем аңсап туған жерін

Кең далам, қойныңнан гүл ақтардың.

Боз торғай ауадағы шырылдаған,

Тұр ма еді шертіп әлде сырын маған

Ұйқыда жалғыз ғана қарт Алатау,

Көрдің бе, қар түндегі сырылмаған.

Екі елік сонау жүрген-түз қонағы,

Жалт етіп жортып өтсе, із қалады

Ғашығы қыз ерніндей қызғалдақты

Көбелек самалдан да қызғанады.

Жараңдар, тыңдаңдаршы, құлақ түріп

Күледі көк нөсері, жылап тұрып.

Найзағай айқыш-ұйқыш от семсерін

Барады қыр үстіне лақтырып.

Боз сағым қала берді ойда малтып,

Па, шіркін, кетті-ау тегі бойда балқып!

Көк гүлі, көл еркесі құс аруы

Қос аққу бара жатыр, қайда қалқып?!

Уақыт қандай іскер, қандай ұтқыр

Ауламда бір түп көктем бүр жарып тұр.

Жігіттер, жүріңдерші қырға шығып,

Біз-дағы көктем болып аунайық бір.

Жұлдыз боп жанып тұрсақ белес, түзде

Мынауың артық екен демес бізге

Құрбым-ау, бұл өлкеге әрқайсымыз

Тегінде бір-бір көктем емеспіз бе?

Желекке ойнап шықса құралай күн,

Аунайды арнасында марал-айдын

Туған жер таңғы шықты жолдарыңды,

Көктемгі жалауың боп аралайын.

Уа жолдар, сан түйіскен, түйіспеген

Алдым шың, мына жақ құз, қиыс төмен

Келемін көктемді ертіп, шыңға өрлеп,

Құласам...

Жоқ, құлауға тиіс емен.

 

ТҰРСЫНЗАДА ЕСІМЖАНОВ   
           Қабырғатал

Атам-сенде, бабам-сенде,

Құрбан еткен тағдыр қатал.

Лықа толып арнаң шерге,

Жылап аққан Қабырғатал.

Дүниеден қараш қалдың,

Бір қызындың, бір мұздандың,

Жаттың түнде қара аспанның

Жұтып алып жұлдыздарын.

Әкем сенің шүйгініңе

Жанарын шалдырыпты.

Анам сенің бір гүліңе

Жастық шағын қалдырыпты.

Күн нұрынан бал таттың да,

Толқыныңмен емірендің.

Толқыныңмен толғаттың да,

Дүниеге мені бердің.

Қаштың алып бар үмітті,

Шомылғанда дәйім саған.

Жалбызыңды жапырыппын,

Құлап түсіп тайыншадан.

Қызық ем-ау ол кезде мен,

Жылаппын да, күліппін де,

Кездерімде ел кезбеген,

Қадіріңді біліппін бе.

Оралдым мен ел деп келіп,

Оралуға тиісті  те едім.

Толқыныңнан шөлдеп келіп,

Анарынан иіскедім.

Нәрім-сенде, гүлдеу-менде,

Сырлар жатқан Қабырғатал,

Мәңгі-бақи бұл кеудемде

Жырлап аққан Қабырғатал.

 

БҰҒЫБАЕВА ҚАНИПА
                      Туған  елім

Тауыса алмадым, сағат дауысын санап түр,

Уақытты өткен санап жату ағаттық.

Мен өзіңе сапар шектім, туған жер,

Жүрегіме сағынышымды қанат ғып.

Жалықтым ғой, қиялдаудан, қалғудан

Кеше ғана бала қыз ем, балдырған.

Толқып келдім шыға ма деп жамырап,

Ақсуымның толқындары алдымнан!

О, туған жер!

Келдім саған төркіндеп,

Кешегі қыз, күлме, «қандай кемпір», -деп

Асыққанда аңсаушы едім, Ақсуым,

Көпіріңмен өтуді бір селкілдеп.

Жылдар бойы төзімімді егеген,

Қорытылған жасты көзден төгер ем.

Туған жерге оралғанда Сара әпкем,

Туған жерге оралмаймын неге, мен?

Арман-ойсыз өткен емес бұл күнім,

Сағыныштың самалы боп есті үнің.

Жұлдызды іліп, жапырағына жиналған,

Сырын шертсін қос ағашқа қос гүлің.

Дастарқандай жазық далам, жұмбақ қыр,

Анашымдай маған қолын бұлғап тұр.

Таңғы нұрдай сорғалаған үнімен,

Сусыныңды қандыр елім, тыңдап бір.

О, жер ана! Қызық емен, мен өгей,

Сезімімді сыр ғып шерттім телегей.

Қонған өлең қарлығаштың ақ бауыр,

Қолдан енді алма ұшырып, елемей.

Туған елім, сәбиіңе бол құндақ,

Мұң шағамын, толғаныстан солқылдап.

Тыңда, тағы Сара үніне үн қосқан,

Өз дауысымды үлгермесем мен тыңдап.

 

 ЕРМҰХАМЕТ ЖАҚСЫЛЫҚОВ 
                Қарасуым

Қарасуым, сағындым жас шағымды,

Ып- ыстық топырағыңды басқанымды.

Жас келеді көзіме сені ойласам,

Ұмытпайды адамдар жастағыңды.

Махаббаттың оты алғаш шашқаныңды,

Жоғалтқамын жастықта тапқанымды.

Асық ойнап, асыр сап, уайымсыз,

Сенде атқыздым алғашқы ақ таңымды.

Білмеймін қанша жұмыс атқарылды?

Достар қайда? Оранып ақ сағымға,

Өтті өмірден бәрі де қас қағымда.

Шаш та оранып кенеттен аппақ ұнға,

Кәрілік шын құшағын ашқаны ма?

Ішінен тек мені іздеп тапқаны ма...

Сөндіре алмай кеудеде шоқтарымды,

Біле алмадым қай кезде тоқтарымды.

Лапылдаған сөндірмей от жалынды,

Іше алмай піскен асты- шоқтағыңды.

Өткіздім қадірлемей бұл жалғанды,

Сағындым жас кездегі достарымды.

Тек өзіңді сағындым Қарасуым,

Сағындым жанға жылы дала шуын.

Кеше ғана еді ғой, кеше ғана,

Балалармен асыққа таласуым.

 

МАРФУҒА АЙТҚОЖИНА
    Адамға туған жердің жаманы жоқ

Адамға туған жердің жаманы жоқ,

Жарқырап жанып тұрған

Жанарында от.

Арманым арылмайды тірлігімде,

Отындай жер ошақтың жанады үдеп.

Адамға туған жердің жаманы жоқ,

Балаңмын,

Қиыр қонған,

Алаңы көп.

Бәрі де кешегідей көз алдымда,

Ойлама,

Сені ұмытып қалады деп.

Адамға туған жердің жаманы жоқ,

Жанымның бір өзіңнен табары көп.

 Сағыныш сахарасын кезіп жүрген,

Бір мұңлығың,

Қарыған табанын от...

Адамға туған жердің жаманы жоқ.

 

САҒЫНБОЛАТ ТІНТАЕВ
                Ұясы шыңда

Кеудеге сиғыза алмай нар даланы,

Берері көп, аз болды ғой алмағаны.

Шыңдарға ұя салған ұлы талант,

Биіктен қыран болып сорғалады.

Ілияс – жарық жұлдыз аспандағы,

Ерен тұлға, ел ұлы асқардағы.

Жай оғы төнсе де оның төбесінен,

Қайсар ақын қаймығып жасқанбады.

Ән – бесік, әлдилеген жайсандарды,

Ақындық қалап алған қайсарларды.

Өлкесін өлең сөзбен тамсандырды,

Тағдырдың тәлкегінен тайсалмайды.

Ән мен күй арылмаған атырабымнан,

Маржандар көкке шапшып жатыр ағыннан.

Өмірге дүлдүл ақын алып келген,

Ағынды Ақсу, айналдым топырағыңнан.

 

ЖАМАУ БҰҚАРБАЙ
   Құшағыңды аш, туған жер!

Егіздердей бір-бірінен аумайтын,

Бала кезде баратынбыз тауға айдын.

Маң төбелер,

Тақтай табан қол шана,

Бізді алып еңістерге заулайтын.

Сағынышты үнсіз ғана түсініп,

Маған ыстық алақанын ұсынып.

Балалықтың ізі қалған туған жер,

Балапанын шықты алдымнан ұшырып.

Бола қалып тентек те, данышпан да,

Ғанибет-ау, сағына табысқан да.

Бөленейін сәбилік қуанышқа,

Бала күнгі даламмен қауышқанда.

Толып атар таңдары тамашалы,

Табиғаты бейнесіне жарасады.

Айналайын, бас мені ақ төсіңе,

Бірге өткен бейкүнә бала шағым.

Мөлдіріңе шөл құрғыр толық қанбай,

Кетуші едім қасыңнан қонып қалмай.

Есейгенде есті алдың елесіңмен,

Аспанда Ай менен Күн жолыққандай.

Бозторғайың-алқымында жыр тұнған,

Құшағыма құлайтындай ұмтылған.

Туған жердің мені аңсап жүрегі,

Жатыр ма екен, кеудесінде бұлқынған?

Нәзік сезім жыл құсындай төбемнен,

Ұзап ұшпай, қуана еріп келем мен.

Құшақ ашып сен тұрғанда Туған жер,

Тұнық ағып өтеріме сенем мен.

 

ОРАЗ  ЖҰМАШЕВ
                    Дала сазы

Тағы ұйқыдан оятып тынған қырын,

Тағындырды табиғат мың сан гүлін.

Бұрын жеткен бәрінен бозторғайлар,

Боздатуда беткейде ансамьблін.

Сызылтады сандуғаш сайран бақтан,

Құбылтады бұлбұл үн «Сайжол» жақтан.

Сұлулықпен саз әуен тербеткендей,

Тұнжырайды «Тәуке тау» ойға батқан.

«Сатан» сайдан сабылып сал бұлақтар,

Сыбырласып самалмен бал құрақтар.

Қаз-үйректер қаңқылдап «Қараөткелде»,

Көкқұтандар қонуда әрірек сәл.

Көші-қоны құстардың толастамай,

Дүниенің шаттықпен жарасқаны-ай!

Қалықтайды айдында шалқар іздеп,

Араласып аққумен адасқан Ай.

Көкек, байғыз қонақтап «Ақжарына»,

Көкектейді жар салып жан-жағына.

Көк кептер де күңкілдеп көмейінен,

Қосылады даланың саздарына.

Сары белден сарғайып таң келеді,

Сәуле сүйген тал-қайың сәнденеді.

Сағынышым үзеді тамшыларын,

Сезіміне кімнің кім мән береді?

Нәркестеніп, тіршілік наз ойнатып,

Нәзік сезім билеген қайран бақыт!

Жастық жайнаң қағады айдалада,

Жүздерінде жарқылын арайлатып.

Туған жерде беу шіркін, көктем қандай!

Табысуға ғашық боп жатқан жандай.

Тамашаға селқостау жаным неге?

Танымаста әлдебір өкпем бардай.

Тағы кеттім аралап Ақсу бойын,

Толқындары жасауда тасқын-тойын.

Төңіректің бәрінде сауық сайран,

Тарыққанның табиғат қайтсын ойын?!

ДУБЕК  МҰСАНОВ
            Аңсай  берем,  Баласаз

Аңсай берем бір жұтым Баласаздың ауасын.

Бір жұтымы-дәрі емес, бір арманға дауа шын.

Мен сағынам, жерлесім, сен көресің қызығын,

Қызметтің бабымен бара алмадым тау асып.

Балаусалы бал құрақ, шыбынсыз жаз, қысы бар,

Қырмызыдай қыздары, жігітінің ісі нар.

Ақ бәйбіше бақыты-саба толы қыдыры.

Ақпан барсаң ақырған сары қымыз ұсынар.

Ішпей-жемей масаңсың, мас кісідей тойдағы,

Ол да болса қуаныш, көңіліңнің тойғаны.

Биік-биік таулардай биік бойлы жігіттер,

Ғылым баққан ағадан бір кем емес ойлары.

Апыл-тапыл басқан жер,

Әліппені ашқан жер.

Жиырма бестің дүлділі

Дүбірлетіп басқан жер.

«Аужар» айтып, «Жар» айтып,

Келін бетін ашқан жер.

«Бет моншағын» төгілтіп,

Ақ шымылдық ашқан жер.

Абысындар аңқылдап,

Анам ашу шашқан жер,

Атам атап ақ жамбы,

Той-тойлатқан дастан жер.

Уай, алтын босағам,

Куәм мынау Аспан-Жер.

Қыдыр шалған жер еді,

Тәңір Ием, шашпай бер.

Баласазы балауса аңсай берем ауасын,

Ауасы оның дәрі емес, бар араманға дауа шын.

/Секілді ғой ол маған көзімдегі қарашық/.

Құс көңілді ұшырып, желмен жетем әндетіп,

Ақ сәулемен таласып, тауларым тұр таң тасып.

 

 ЖҰМАБЕК ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ
            Ақсуым

Жасыл ну жағаң саялы,

Жолдарым жатыр баяғы.

Жағаңа келсем толқынның,

Құшағын маған жаяды.

Жүземін менде болмай ерік,

Қайғың болып тербеліп.

Жадырап бойым, ой сергіп,

Жатасың маған дем беріп.

Жағаңнан жайлап өскен леп,

Тарайды бойға төске өрлеп.

Көгіне аунап жыр өрем,

Толқыныңнан дестелеп.

Ырысы елдің-алтын дән,

Суыңа қанып шалқыған.

Сәбиің тұрса нан ұстап,

Кернейді бойды шалқып ән.

Көрмеген елі тапшы күн,

Несібең нұры жақсының.

Бос арқалап қайтпаған,

Балықшы, аңшы қапшығын.

Өзіңсің жырдың қайнары,

Қайнары гүлдің аймағы.

Өзіңде ақын Сараның,

Толғанып пісті ойлары.

Жасыл ну жағаң саялы,

Жолдарым жатыр баяғы.

Жағаңа келсем толқынның,

Құшағын маған жаяды.

 

ХАСЕН КӨПТЛЕУОВ
               Тіл құдіреті

Ана тілім бұлақтайын шымырлап,

Әуеніңде әуезді үндер шын ырғақ.

Бар әлемді сен арқылы танимын.

Тірлігімді батыл іске тұр ырғап.

Тілім барда қырандарша талмаспын,

Өткірлеген тіліп түсер алмаспын.

Жағаласаң жон теріңді сыпырам,

Ақиқат пен шындығыңа жалғастым.

Тіресуге табан талай тілінген,

Отты сөзден жаудың белі бүгілген.

Қасиетті жерді қорғап қызғыштай,

Қабанбайша айқасамын бүгін мен.

Тұлғалымын туған ана тілінде,

Бостандығым бүтінделген бұл күнде.

Қылышыңдай қайраулымын қашанда,

Әділдіктің айбаты бар үнімде.

Жат пиғылды жөнсіздене ұсынба,

Тағаландың тайғақ тағдыр тұсында.

Желтоқсанның желбіреген желінде,

Аспандағы қолға қонған құсың да.

Туыңды тік туған өлке төрінде,

Еңбегіңді еншілеуде ерінбе.

Қаза-қарта, бал қаймақты жеп тұрып,

Қазағымды сыйламасаң көрінбе.

Кемеңгердей биік биік кеудең, дауыс та,

Ерлігіңнен ауытқыма, ауыспа.

Тәуелсіз ел бұл әлемде еңселі,

Тіл құдіретін мәңгілікке тауыспа!

 

 БЕРЛІБЕК АМАНБАЕВ
       Үш бәйтерек  (Баллада)

Бір-бірінен ажыратпай өнерін,

Бірге жаттап кітаптағы өлеңін.

Бейімбеттей, Ілиястай, Сәкеңдей,

Үш арысты бірдей жақсы көремін.

Жарқыратып баға жетпес беренін,

Олар шалқар бойлатпаған тереңін.

Десе дағы сол мөлдірге жүзіп мен,

Сөз маржанын, ой – гауһарын теремін.

Жүрегімде қан тамыр боп дүрсілдеп,

Үй жанында бой көтеріп тұрсын көк.

Дедім дағы ырым етіп көшеме,

Терек ектім жапырағын ілсін деп.

Табиғаттан сезбек болып күшті ерек,

Ол туралы мен көретін түс бөлек.

Балам, өзім және менің жан жырым,

Бағыштадық үш арысқа үш терек.

Бұл болмысты тыңдар болсаң ақ тыңда,

Қара ниет күдіз – түні жатсын ба?!

Қоршауы жоқ, қорғаны адамдай.

Әдейі біз қалдырғандай нақ сында.

Көз алдыма өрнектеліп елестер,

Сендер өткен әлі есімде белестер.

Кешегі бір нәубат жылдай, бауырым,

Деп тұрғандай орнатқан соң мені ескер.

 Қорға мені жүрегіңнің қолымен,

Өтсін адам бара жатқан жолымен.

Сындырмашы деші анау сотқарға,

Жолықтырма қара түндей сорымен.

Бірақ содыр тілер әркез соқтығыс,

Бәйтеректер көзді тартқан боп күміс.

Үсік шалды аздап-аздап оларды,

Бұрнағы жыл өтті дағы қатты қыс.

О құдірет, Ілияс тұр дін аман,

Кім берді екен жылынатын күн оған.

Туған жері Ақсуы ма әл берген,

Табиғаттай десек те күш сынаған.

Алыса алған адам жасар жұтпенен,

Туған жердің рухы демеп тіктеген.

Үй алдында немере еккен бір терек,

Тосын мінез танытты біз күтпеген.

Қайсарлықтың белгісіндей бұл үстем,

Әлі жайып жапырағын күмістен.

Табиғаттың тартуындай тұлғалы,

Ілияс терек асқақ қарап түр үстен.

ЖАНКЕЛДІ  ЗАМАНБЕКОВ
               Шалқы , жырым

Ақсуым, айналайын алтын суым.

Күй төгіп домбырадан шалқып жырым.

Мен неге тербелмеймін, тебіренбеймін,

Қолыма тиген сәтте жарқын туым.

Ақсуым айналайын, асыл өлкем.

Балауса бал құрақтай жасыл өлкем.

Дархан ел, жомарт жерді көрер едім,

Бір сәтке бәрін тастап қасыма ерсең.

Ақсуым, асқар белім, Алатауым,

Көргем жоқ сенен аппақ дала таңын.

Күйісің тартылмаған Молықбайдың,

Әнісің айтылмаған Сара апамның.

Шалқытып егін-жайдың дариясын,

Ақсуым шашты күнге шұғыласын.

Көз жүгіртіп бүгінгі келбетіне,

Ойланып отыр бабам, Ілиясым.

Ақсуым айналайын арқыраған,

Айнадай тұнығың бар жарқыраған.

Ән-жырдың, думан тойдың астанасы,

Ежелден таныс дәстүр, салты маған.

Айнала көз тоймайды қарасақ та,

Елі бар арман толы парасатқа.

Ертеңгісі бүгіннен жарқырайтын,

Ақсуым қол созады болашаққа.

 

ҚУАТ  ҚАЙРАНБАЕВ                              
              Туған жер

Айналайын, ата жұрт, қоныс мекен,

Перзентіңмін өзіңе таныс, бөтен.

Жазамын деп жыраққа кеткен едім,

Өзің жайлы әрлі өлең намысқа тең.

         Айтар біреу – ерекше несіменен?

         Сенде ергенмін киелі көшіне өлең.

         Махаббатым сәбилік қалпымда сол,

         Суыған жоқ, жоқ бәлкім, еш үдеген.

Шырқап өтпей сан жүрген сар даламен,

Шырпы өмірді арнайы таңдамап ем.

Жыр жұртынан енші алып кеткен ұлың,

Келмей жүр-ау, сағынтып, арнап өлең.

         Сенен атты біз үшін таралып күн,

         Демеу бердің даңқына сан алыптың.

         Өзен-көлің, көк майсаң, қырларыңда,

         Ізі жатыр бал дәурен, балалықтың.

Төгілгенде тауыңнан таң үлгісі,

Таңғажайып көрінер тәңір күші.

Топырағың біздерге төсек еді,

Түнің мақпал-ғашықтар жамылғысы.

         Жанға құйып Ақсудың ағын әнін,

         Лепсінің де барғанбыз бағына мың.

         Дос-жаранмен алаңсыз бірге жүрген,

         Туған жерді мен бүгін сағынамын.

Сағынамын сан барған думан көлді,

Қыздар жүрген қырларды – буған белді.

Сұлу құшып үйрендік, әттеген-ай,

Еске де алмай сүюді – Туған жерді.

 

 ЖЕМІСБЕК  ДУЛАТБЕКҰЛЫ
   Өркендеп ел жайнасын

     Табынарым туған ел,

     Кіндік кесіп, буған бел.

     Шиырбай шешен, Маман зерек,

     Толғанбай ақын, Шонай ер,

     Өншең игі мекендеген,

     Ақсу ырыс тұнған жер.

     Ерліктері ақ аңыз,

     Батырлар бар қараңыз.

     Бөрібай батыр, Ер Тоқпанбет,

     Тәнеке, Сырттан, Мұңайтпас,

     Ер Тастемір, Ер Байтулақ,

     Құлжан, Шуаш әз — абыз.

     Жақсыны айту ләзім,

     Ел сүйінген кіл разың.

      Арсалаң ақын, ақын Сара,

      Бекетбай, Қуат, Ілияс,

      Ораз, Жамау, Жәрдембек,

      Атадым пәк біразын.

      Үш аталы Матайымдай,

       Өлең қонған Сақайымдай.

      Тоқпанбеттің тоғызындай,

       Молықбайдың қобызындай,

       Өркендеп ел жайнасын.

     

  ОҚАС  ӘЛІБАЕВ
              Асулардан ары асып

Қатпар – қатпар қап таулардың шыңынан,

Жақпар – жақпар жартастардың жымынан.

Жылап ағып жиналады Мұзбұлақ,

Тамшысына таң сәулесі тұныған.

Күліп ағып, күліп ағып жүгіріп,

Кіші тасқа үлкен толқын сүрініп,

Жетелеген бір үмітті бір үміт,

Көк теңізге сапар тартқан бірігіп.

Қарағай мен қайыңдарын суарып,

Қосылады бір-біріне қуанып.

Бағлан бұлақ батыр Ақсуға айналып,

Ақырайды атой салып, ту алып.

Күштіліктің күпірлігін қарашы,

Тар қапасты тағдырымен таласып.

Тас арнаны талқан етіп барады,

Ашулы Ақсу асулардан ары асып.

Аруақтанып, ақ көбігін сапырып,

Жер қойнаудан, бар қуатын шақырып.

Үзіп өтіп, бұзып өтіп барады,

Қабанбай мен Қаптағайдың батыры.

Ұлы мақсат ұзақ жолға жетелеп,

Батыр Ақсу атойлайды төтелеп,

Тосқауылды томар құрлы сезінбей,

Тасқын ағын үйдей тасты көтеред.

Тауды асқасын әділетке бас ұрып,

Асылық та, ашуы да басылып,

Егіншінің жетегіне ереді.

Ел ризығына игі нұр боп шашылып.

Жол-жөнекей өзендерді жинап ап,

Құмда гүлге, шөлге өмір силамақ.

Қиыр жолда қисық арна жібермей,

Ойдағы арман оңай бітпей қиналад.

Асыл Ақсу ақ сүтіндей ананың,

Өміріне нәр ұсынған даланың.

Көк орайды, көп орманды мәз етіп,

Көк теңізді арман етіп барады.

Балқаш, Балқаш ғашығы сен жер – көктің,

Толқыныңа ап, қанша арманды тербеттің.

Құшағыңа ал Сал серісін Қапалдың,

Бұрымында күн ойнаған келбеттім.

Махаббаттың мәнін құйып санаңа,

Жер менен Көк мынау дарқан далаға,

Сылқ-сылқ күліп, сылқ-сылқ күліп жатады,

Күйші толқын, күбірлесіп жағада.

Тау мен құмның бар асылын жинаған,

Жаратқанның бақыты деп сыйлаған.

Ата-бабам қадір тұтқан Ақсуым,

Мен сүйгендей, оны сыйлап, сүй,  балам.

 

МҰХАМЕТӘЛІ  ҚАЗБАНБЕТОВ
         Мерейтой қонақтарына

Тарих талай ел тағдырын сіліккен,

Көз аштырмай шапқыншылық, бүліктен.

Сталиндік қуғын-сүргін селіне,

Қайран қазақ бірінші боп іліккен.

          Отыздардың ойраны жұрт есінде,

           Тоталитар жүйе тұрды десінде.

           Күңіренді, егілді Ақсу естіп ап,

          Ілиясты қамаған күн кешінде.

«Үкімет бар, әділдік бар» деп білер,

Момын халық жағында еді тектілер.

Әттең, бірақ құрбан етті бәріңді,

Тас жүрегі қан тілеген ептілер.

         Даңқың қалды, артыңда ақындығың,

         Күйшілігің, айтысқа жақындығың.

         Проза ма, поэзия, сатира ма,

         Бәрінен де сезіліп жатыр мұңың.

Жай сезілмей дұшпанын бұқтырады,

Ұрпағыңа ерлік рухын жұқтырады.

Ақын жаны- әділдіктің жалауы,

Бағалауды адамзатқа ұқтырады.

         Жалғыз оққа байланғанмен бар ғұмырың,

         Мың сан оқ та өшіре алмас сырын мұның.

         «Ілияс оқуы» боп жарқырайды,

         Миллионның жүрегінде жұлдыз жырың.

Ілияс біреу, ізбасары он-жүздеген,

Гауһар жырдың сарайынан жоқ іздеген.

Қашанда ардақтаған ақынды Ақсу,

Хош келіпсіз, қонағым,  бол бізбенен.  

 

     P.S.: Қүрметті  оқырмандар, жерлестер!   Сайттық кітабымыздың тақырыбына және мақсатына сай оның осы бетінде аса белгілі және халыққа танымал  аға ұрпақ  ақындарымыздың  біразының өз туған жеріне,  табиғатына,  еліне-халқына  арнаған  жүрекжарды  өлеңдерінің  алғашқы  топтамасын  жариялап  отырмыз.  Бұл үрдіс  жалғаса  береді.  Ендігі мінбер — кейінгі толқын  дарындарына,  әсіресе,  жастарға  берілетін  болады.  Бәріңе  есік-"сайт беті"  ашық!   Шырқаңдар!!!