Ақсулық ақын-жазушылар

   Қазақ елінің өнері мен мәдениеті өзінің халық болып қалыптасқан сонау бір қилы заманнан бергі әр дәуір-кезеңінің өзіндік сипат-болмысымен, сан қилы тарихи оқиғалар әсерімен дамып, өркендеп келеді. ХІХ-шы ғасырға дейін негізінен ауыз әдебиеті үлгісінде дамыған жалпы қазақ өнерінен Ақсу өңірін бөліп алып қарауға болмайды. Ұрпақтан-ұрпаққа, ауыздан-ауызға ауысып, жеткізілген аңыз-ертегілер, эпостар, шешендік сөздер, ақын-әншілер орындауларын бойына мейлінше сіңірген Ақсу халқы да өнердің ұлы көшінен қалып көрген жоқ. Керісінше, айдынынан аққудай әндерін ұшырып, кең даласын ән-жырмен думандатып, ел ортасын сән-салтанатқа, ойын-сауыққа бөлеген ақсулықтар - қазақ өнеріне қомақты үлесін қосқан, оның «төрінен» именбей орын алатын «салмағы» бар жұрт. Ақсу елі— ежелден тұлпардай жүйрік, қырандай алғыр құс қанат ақындардың ақ туын аспандатқан ел, сонау сұрқай заманда сұңқардай суырылған Абылай ханның сарбаздарының ат жүрісінің ырғағына сай жортуыл жырын жырлаған Сұртай ақынның, түпсіз тереңдетіп, тұңғиық жыр төккен, ақын Сара сиынып пір тұтқан Арсалан ақынның, талай өнерлілер «суатынан су ішіп, жем жеген» Толғанбай ақынның, Ақсудай ағынды да арынды Ілиястың, аққу қанат ақын қыз Сараның , айтыс ақыны Қуат Терібаевтың елі. Солардан қалған шұбырынды созылып, Ғали Орманов, Тұрсынзада Есімжанов, Құдаш Мұқашев, Қанипа Бұғыбаева, Дубек Мұсанов, Қуат Қайранбаев, Сағыныш Намазшамова, т.б. жалғасып жатыр. Өнер елден әлі де небір дүл дүл жүйріктердің туары анық, туады да. Оған дәлел — бүгінде ақындықтың айдынында батыл қадамдар жасап, тамаша жыр өрнектерімен көзге түсіп жүрген балауса жеткіншектердің үлкен бір қауымы өсіп келе жатқаны, олардың республика, облыс деңгейінде өтіп жүрген Абай, Ілияс, Мұқағали оқуларының, т.б. өнер байқауларының тұрақты жеңімпаздары және жүлдегерлері болуы...

Айтыс өнері — ең көне жанр, ол намыс пен сөз сайысы, тек қаэақ халқына дарыған қасиетті өнер. Ақсу өзенінің оң жағасы мен сол жағасы болып жинала қойып айтысу өмірдің әр кезеңдерінде болып тұрған. Сол Біржан мен Сараның айтысынан кейінгі Ақсу жерінде өткен дүбірлер- Орта жүздің арынды ақыны Әсет пен Сараның, Ұлы жүздің бағында сайраған бұлбұлы Бақтыбай мен Ақсулық Бекетбайдың, болса, келесісі- Жақыпбек пен Әсемнің, Толғанбай мен Түбектің айтыстары. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары-ақ ақындардың республикалық деңгейдегі алғашқы айтыстарының біздің ауданда өткізіле бастауы көп нәрсені аңғартса керек. Мәселен, 1990ж. Ақсу ауданының 60-жылдығын, 1991ж. -ақын Қуат Терібаевтың 100-жылдығын, 1994ж.–І...Жансүгіровтың 100-жылдығын мерекелеу шаралары аумағында өткен сондай айтыстарда еліміздің танымал ақындары-Айнұр Тұрсынбаева, Әселхан, Шорабек Айдаровтар жеңімпаздары атанды...

  Құрметті оқырмандар!  Талай ғасырлық  Ақсу жерінің өнер кеңістігіндегі дарындарының  есімдерін атап шығудың өзі  ғана  ұзын-сонар  тізімді құрайды.  Олар туралы  мағлұматтар беру  мақалалар емес,  жеке кітаптардың  өзіне  таршылық  етеді.  Олардың  әрқайсысының   шығармашылығы жеке-жеке талдау-зерттеулік еңбектердің тақырыбы бола алады.

      Ал, ерте кезеңдердегі  өнер адамдары  туралы  жан-жақты,  толыққанды, нақты мағлұмат беру   одан да киын шаруа.  Сондықтан,  кітаптың   осы  тарауының  алғашқы  әңгімесін   сол  бабалық  санаттағы  және  өткен,  20-шы  ғасырда  қалың  қазақ  еліне  танымал  болған,   қазір  арамызда жоқ  ( аруақтарына  тағзым етіп)  жерлес  ақын-жазушыларымыз  туралы мүмкіндігінше  жинақы деректер берумен  бастауды жөн санадық. 

 

 

   СҰРТАЙ ақын

Найман-Матай-Кенже. «Ақтабан шұбырынды» зар заман кезеңін «Елім-ай» жырымен жеткізген Қожаберген жыраудан кейінгі саналатын танымал ақын. Ел қорғаған асыл. Сұртай ақынның «Маржан қыз», «Ақпантай батыр», «Адақ», «Ел үшін, жер үшін», «У-гәй-әй» деген өлең, жыр, дастандары елге кең таралған. Бұхар жыраудың тапсырысымен «Маржан қыз» өлеңін орындаған. «Оқжетпес» оқиғасын халыққа, ең алғашқы болып, өлең-жыр қылып шығарған. Атты әскер-жасақтарға арнап «ән-ұран» шығарған. «Бұрындар қазақта жорық жыры жоқ делініп келсе де, шындығында қазақ қолын рухтандырып жорық жырын бастаған Сұртай ақын болып табылады. Тарихтағы «Оқжетпес» оқиғасынан кейін Бұхар жыраудың айтуымен қалың қол қаптай жүргенде ат жүрісіне сай келетін жорық жырын шығарған.Қаракерей Қабанбай» кітабы, «Маржан қыз», авторы Зейнолла Сәнік, Бейсенғали Садыхан). Сұртай ақынның қазақ ханының бас өлеңшісі, ақыны болғандығы дау тудырмайды. Орта жүздің бас биі, қаз дауысты Қазыбек оны жоғары бағалап: «Билік айту оңай, біліп айту қиын. Сұртай біліп айтады» депті.

 

  Толыбайұлы  АРСАЛАН  ақын (1821–90)

 

Айтыс ақыны. Туған жері қазіргі Ақын Сара ауылы. Ақын Сарамен рулас, Найман-Матай- Кенже-Тастемір.

Өлеңдерінің көпшілігі әлеуметтік сарынға құрылған... Арсалан ақын жайлы дерек өте аз, ол тек «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты академиялық жинақта аталып өтеді. Шығармалары Қазақстан ҰҒА-ның Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы. "Қос Басқан», «Киікбай», «Ақшұнақ», «Байсерке», «Сарқан» атты өлең туындылары сақталып, мұра болып қалған. Ел аузындағы аңыз бойынша Қаракерей Серікбай қажының қызына ғашық болып, шын есімін жасырып, Көшен деген атпен жүріп оның жылқысын бағады. Содан қызды алып қашып, арғы бет асып,  Қызай елінде Көшербек атанып жүреді. Көшен-Көшербек деген атпен айтыстарға қатысқан деген деректер айтылады. Осы есімі ел-елде, әсіресе Сарыарқада жиі аталады. Арсалаң найман Бесауыл ақынмен, Құлбай төренің ақын қызымен айтысқан. Оның сыртында ақын Сараның «Арсалаң алдында» деген өтіну өлеңі («Бес ғасыр жырлайды», 2-том) және Біржан салмен айтысында Арсаланға сиынатын жері бар. Ол жайлы Дубек Мұсанов «Арсалан- Қымбат» романын жазды. 

   БОЛҒАНАЙ ақын

жөніндегі деректер негізінен ақын, әнші болған Оразғали қызы Дәмештің (бұл күнде дүниеде жоқ) айтуы бойынша есте қалған. Болғанай ру жағынан Найман-Матай-Қаптағай-Бөрте. Туған жері қазіргі «Қызылту» ауылы. Сареке қажы ауылының қызы, Қаржау Шадамбай ауылының келіні. Оны білетін көнекөз қарттардың айтуы бойынша жасы жиырмаға жетер-жетпестен дүниеден ерте кеткен. Ел есінде қалғаны «Арнау» атты хикаясы. Ақынның өлеңіне көз салсақ:

«Ақша бет ауырарда албырарсың,

Қара көз жан берерде жаудырарсың.

Майысқан жез қармақтай он саусағым,

Астында қара жердің саудырарсың.

Келгенде Мәңкүр-Нүңкір сауал сұрап,

Қызыл тіл не жауаппен нандырарсың»,

– деп келеді. Өлең ұйқасу жағынан, мазмұн-мәні жөнінен төрт аяғы тең жорға деуге келеді. Хикаяда: «Астында сегіз көздің салмақ жатыр, Қара жер сегізкөзден қармап жатыр» деген жолдары бар, соған қарағанда ол сал ауруына ұшыраған болуы керек. Оразғалиқызы Дәмештің оны білу себебі, Болғанай Дәмештің жақын жеңгесі, бір жағы ұстазы болғанға ұқсайды. Оның қайын атасы Шадамбай Жалайыр Жәлменденің баласы Пышанмен дос болған. Оларды дос еткен-өнер, ақындық жолы болса керек.

 

   Мырзағұлұлы ТОЛҒАНБАЙ ақын  (1844–97)

 

ТОЛҒАНБАЙ ақын Мырзағұлұлы

Халық ақыны. Қосағаш ауылында туған. Сара, Қымбат, Әсем, тағы басқа ақындардың ұстазы болған. Халық ақыны Қуат Терібаев та: «Толғанбайдың суатынан су ішіп, жем жегенмін» — деп, өзіне ұстаз санаған. 17 жасында Маманмен бірге Найман-Қаракерей еліне барып, Байқошқарұлы Түбек ақынды айтыста жеңіп, батасын алған. «Түбек пен Толғанбай» айтысының мәтіні 1955ж. Қазақ КСР ҒА қолжазбалар қорына тапсырған. «Ататек» өлең-шежіресі, «Қабанбайдың жаралмышы» қиссасы, «Түбек пен Толғанбай» мен «Толғанбай мен Әлия» айтыстары, «Төребай ақынмен» қақтығысы, «Тау» «Нәсілім менің Кенже едім», «Көңіл», «Нақыл, тәрбие» өлеңдері баспа жүзін көрген.

1897ж. қайтыс болады. Зираты Ойтоған ауылындағы Жолбарыссоққан қорымында жатыр. 1994ж. ауданда ақынның 150 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция өткізілді.    

Тастанбек қызы АҚЫН САРА (1853–1908)

 

Ақын, әнші, әйел бостандығы үшін күрескен ардақты жан. Ақсу ауданы, кәзіргі Ақын Сара ауылы “Тастемір тоғаны” мекенінде өмірге келеді.

               Ақын Сара

Қызы едім Тастанбектің атым Сара,

Елімнен ерте кетіп шықтым дара.

Ауылымда арыз да айттым, арман да айттым,

Болған соң көңілім жасты, көзім қара.

Тастемір, Сақай, Тұңғат ата тегім,

Жақсылар жібермеген жауға кегін.

Үш Матай: Кенже, Аталық, ер Қаптағай,

Тұлпардың тұяғы боп туған едім.

Көкжайдақ туған жерім тегіс екен,

Алқабы арық-тоған егіс екен.

Жаратқан жан бергенге дін берген ғой,

Жегенім сол жерімнің жемісі екен.

Ішкенім ағынды Ақсу суы екен,

Ақсудың аруы аққу сұлу екен.

Бұғаудан босанам деп бұлқынғанмын.

Бойыма біткен өнер буым екен.

Сол өнер өрге сүйреп елден кеттім,

Кір жуып, кіндік кескен жерден кеттім.

Айтыста арызданып азаттық ап,

Айттырған қалың беріп елден кеттім.

Өмірім осында өтті одан бергі,

Ем тауып ішімдегі шешкен шерді.

От жағып, отау тігіп отан еттім,

Қазақтың қаны сіңіп қалған жерді.

Ақсуым- жерұйығым, Жетісуым,

Аралап Асан атам тіккен туын.

Жоны қар, қоңы қоңыр, бауыры бұлақ,

Қазақтар қоныс қылған қанша буын.

Қайысқан қапталдары қайың мен тал,

Білектей балдырғаны балауса бал.

Қойыны қойлық деген қотан болып,

Жайылған жазығында мыңғырған мал.

Бар мұнда Бүркіттідей биіктер де,

Кең өріс кеңересі киіктерге.

Шыбынсыз жазда жақсы семіреді,

Шілдеде шыққан жылқы биік жерге.

Төле би төрі атанған Күреңбелдің,

Төлі боп төңірегінде жүрем дедім.

Айтысып ақын Сара атым шыққан,

Бауырында бақытты өмір сүрем дедім.

                               «Туған ел, өскен жерім»

    Әкесінен ерте айрылған Сара 15 жасына дейін жоқшылық көреді. Жасынан дарынды болған ол, елдегі ақындар мен шешендерді беріле тыңдап, өлеңдерін үйреніп, көпшілік алдында ән салатын болған. Тұрысбек қажы “өгіз ұрлады” деген айыппен түрмеге жабылған Сараның немере ағасы Жайсаңбекті босатқаны үшін, оны шешесімен бірге өзіне көшіріп алады. Ол 1868ж. Сараны 40 жастағы Жиенқұлға айттырады. Жетім қыз үшін мал алып отырған оның әрекетіне Есімбек қажы қарсылық білдіріп, Сараны өз ауылына көшіріп алады ( Бұл жай «Тұзақ» атты дастанда суреттеледі). Ақын қыз өмір тауқыметіне мойымай, қайсарлық танытады. Сондықтан да, Сара өлеңдерінің тақырыбы негізінен әйел теңсіздігіне арналған және де махаббат лирикасы. «Арман», «Балаларым», «Бекіндім», «Жүрек» атты өлеңдері тақырбы әсерлі, көңіл тебірентер махаббат болса, «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Жоқшылықта», «Торығу», т.б. толғауларында тұрмыс тауқыметін тартқан азапты өмірдің ащы шындығы, әйелдің бас бостандығы, ел басшыларының озбырлығы мен әділетсіздігі баяндалады. Емші-балгер іздеп барғанда, көрші Жалайыр елінің сый құрметіне риза болып, “Қош бол, елім” өлеңін шығарады. «Шешен шал» деген ән де шығарған.

    Сараның дарынды ақын, даналы суреткер, майталман сөз шебері екенін танытқан шығармасы – Біржан салмен айтысы. Найман елін аралап, серілік жасап жүрген атақты Біржан сал 1895ж. жазында Қапал өңіріндегі белгілі «Ешкіөлмес» тауның теріскей баурайындағы «Көшкентал» дейтін көк майса жайлауда отырған Тәнекеұлы  ЕСІМБЕК қажының жерінде болады. Сол жерде Сарамен кездесіп, шаршы топтың алдына айтысады. Бұл айтыс Сараның халық алдындағы беделін арттырып, атағын алысқа жаяды, оның бағының ашылуына үлкен себеп болады. Ақын қыздың елдің құрметіне бөленіп, халықтың махаббатына ие болғанын көрген қажылар оның басына бостандық беруіне мәжбүр болады. Айтыс болған жерде қазір орнатылған кесене бор. Сара 1889ж. Әсет Найманбайұлымен, 1990ж. Төребай Есқожаұлымен айтысқан.

       Біржан мен Сара айтысы

дәстүрлі қазақ өнерінің озық үлгілерінің бірі.  Айтыс 1895 ж. жазында Қапал-Ақсу өңіріндегі Ешкіөлмес тауының баурайында, Тоғызқұмалақ мекенінде Біржан сал Қожағұлұлы мен Сара Тастамбекқызы арасында өтіп, бірнеше күнге созылған. Бұл айтысты ең алғаш 1898 ж. Қазан қаласында ағайынды Каримовтар баспасынан “Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны” деген атпен Жүсіпбек қожа Шайғысламұлы жариялады. Кейін Зайсан жерінде 2-ші нұсқасы табылып, “Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны” деген атпен Қазанда жеке кітап болып басылды. (Айтыстың алғашқы нұсқасы – 969 жол, 2- ші нұсқасы – 1080 жол.) Әріп Тәңірбергенұлы жазған тағы бір нұсқасы 1907ж. жарық көреді. Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін, адамгершілік пен әділдікті, өмір шындығын өзекті де, әлеуметтік тақырып етіп көтереді. Қос жүйрік бұдан әрі жалпы ақындық өнер, адам бойындағы сан алуан қасиеттер, ел дәстүрі, байлық, салтанат, ел басшыларының іс-әрекеттері секілді мәселелерді де өлеңдеріне арқау етеді. Айтыс алғашында рулық бағыт алса да, одан ары дәстүрлі арнадан ауытқып, жүйелі өнер сайысына, көркем де кестелі сөз жарысына айналады. Қазақ қоғамындағы әлеуметтік қарым -қатынастың адам өміріне әсері, тұрмыстың мән-мазмұны философиялық ой-толғамдармен қосыла өріліп, өз нақышын тауып жатты. Айтыста халқымыздың әдептілік пен әсемдік туралы пікірлері, эстетикалық талғам-талаптары кең көрініс тапқан. Айтыс ХІХ ғасырдағы қазақ халқының болмыс тіршілігін жан-жақты суреттейтін көркем туынды болып табылады және жалпы сөз өнеріндегі көркемдік қуаты, бейнелілігі жағынан ерекше эстетикалық талғам биігінен көрінген үздік айтыс үлгісі ретінде қазақ ауыз әдебиетінің тарихынан ерекше орын алады.

Айтыс негізіндегі Қ. Жұмалиевтың либреттосы бойынша 1946 ж. М. Төлебаев “Біржан – Сара” операсын жазды. 1993ж. маусым айында Біржан – Сара айтысының 100 жылдығына орай Көкшетау мен Талдықорған облыстарының суырып салма ақындарының айтысы өтті.

 ТЕРІБАЕВ Қуат

ТЕРІБАЕВ Қуат

Халық ақыны. КСРО Жазушылар одағының мүшесі . 1891ж. Көкөзек ауылында туған

Ол жастайынан ауыз әдебиеті үлгілерін, қисса, дастан, айтыс өлеңдерді көп тыңдап, оқып өскен. 1911ж. Сарқанда нағашысы Тайкөт ақыннан, Әсет Найманбаевтан Абай өлеңдерін, «Татьяна – Онегин», «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», «Қыз Жібек» дастандарын жаттап алады. Оның жырлаған «Татьяна – Онегин» дастанының нұсқасы республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланады. Отан, жаңа тұрмысқа бейімделген ауыл өмірі, т.б. тақырыптарда жырлар толғады. Соғыс жылдары “Күшіне қаһармандық мінді халқым”, “Ел сәлемі – ерлерге” атты өлеңдерімен халықты фашизмге қарсы күреске шақырды. «Күнсағила», «Қайтқан кек», “Айжан – Жанша” поэмалары мен бірнеше өлеңдері “Өмір жыры” (1951) деген атпен жеке кітап болып жарияланды. Мәскеуден шыққан «Дала жыры» жинағына топтама өлеңдері енген. «Көкөзек», «Ағынды Ақсу» атты кітаптары жарық көрді.

Айтыскер ақын ретінде Төлеу Көбдіков, Жақсыбай Жантөбетов, Қалқа .Жапсарбаевпен айтысқан. (Айтыс,3-т.,1966). Республикалық, облыстық сайыстарда бірнеше рет жүлдеге ие болды. 1936 ж. өткен республикалық айтыста  М.Әуезов оны «Тұйғын ақын» деп атаған. 1952 ж. қайтыс болды. Ақын есімі туған ауылындағы орта мектепке және Мәдениет үйіне берілген.

 МҰСАБЕКОВ Дәуітбай

1899ж. Қапал өңірінде туған. Ақын, шежіреші. Қарағаштағы «Мамания» мектебінде оқыған. Сауатты болғандықтан ауылдық кеңестің хатшысы, есепшісі болады. Шолақ белсенділердің қысымымен 1933 жылы Қытай асып кетуге мәжбүр болады. Ол жақта 20 жылдай өмір сүріп ұстаздық атқарады. «Өткен күннің елесі», «Ескі күннің елесі», «Өкініш пен өмір шаттығы», т.б. жеті шығарма жазып, халық арасында танымал болады. Оның «Қасен – Жәмилә» дастаны желісінде қазақтардың осы аттас тұңғыш киносы түсірілген. 1955 жылы елге оралып, «Ащыбұлақ» ауылында тұрақтайды. Ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласады. Осы жақта «Арсалаң – Қымбат», «Жаңа жол», «Заһар мен қаһар» дастандарын жазады. 2006 ж. «Аманат» атты шежіресінің 1- ші томы жарық көрді. келесі кітабы да баспаға тапсырылған болатын. Шежіреші, жыр, естеліктер жазған, «Елім- ай» деген ән шығарған. 1977 ж. қайтыс болды.

   БЕРСҮГІРОВА Дәмеш

1905ж.  Сарқан ауданы Бақалы ауылында туған. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

1920ж. Алматы қаласында ашылған қазақ-қырғыз жастарынан оқытушылар даярлайтын қысқа мерзімді курсты бітірген.

1921ж. бастап жұбайы С.Берсүгіровпен бірге Алакөл, Сарқан, Қапал аудандарында мәдени – ағарту жұмыстарына белсене араласады. Өмірінің соңына дейін ұстаздық қызметте жүрді. «Қоңыр жорға» , «Шипагер» , «Боранбай» , «Ағынды Ақсу» атты өлең кітаптары мен поэмалар жинақтары шыққан. Оның жазған Сталиндік репрессияға қарсы “Қостерек” және атом бомбасын сынауға қарсы “Бейбітшілік туралы” балладалары, “Шипагер”, “Сары жайлау”, “Қоңыр жорға” дастандары қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған.

 ЕРКІНБЕКОВ Дүйсенбек (1905—1961).

  Жазушы.   Қарашілік ауылында туған. Жазушы, ҚазПи-ді бітірген .

Көп жыл ағарту саласында қызметтерде болған. Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жараланған. Әдебиеттің түрлі жанрына ат салысты. “Шаншу” атты сықақ әңгімелер жинағы, “Шымыр”, “Айдай” поэмалары жеке кітап болып шықты. “Шындық” пьесасы көп жыл бойы қазақ театрларында қойылып келеді.

 МЫСЫҚОВ Иманғали Қалиасқарұлы

Ақын, айтыскер.   1906 жылы Алматы облысы Ақсу ауданының Суықтөбе жайлауында дүниеге келген.  Кеңестік жүйеге дейін ауыл молдасынан дәріс алып, төтеше хат таниды. Анасы Күліштің суырып салар өлеңшілігі мен әншілігінің әсері және атасы Мысық болыстың маңайында жиі шоғырланатын Арсалан, Базарбай, Бекетай, т.б. ақындарға еліктеуі бар, жастайынан қолына домбыра ұстап, ән салады. 

1934 жылы  Қызылордада алғаш театр ашылғанда қазақтың жезтаңдай әншілері  Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержановпен бірге театрға шақырылады, бірлесе  ән салғаны болған екен.  Кейіннен  Жүсіпбек Елебеков ауылға концерт қоя келгенінде, сахнада  екеуі бірігіп біраз ән салады. 

Кейіннен ауыл,  ұжымшар жұмыстарына араласып кетсе де, мәдени-рухани өмірден өзін бөлектемейді Аудандық, облыстық айтыскер-ақындардың  ой-көкпарларында  өнер көрсетеді. Қалқа Жапсарбаевпен, тегеуіріні қатты Қуат Терібаевпен үзеңгілес, қатар жүреді. Қуатпен және Рахима, Досқали сынды ақындармен айтысады. Газет бетінде сол кездегі белгілі ақындармен сөз қағыстырады. Сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік мәселелер төңірінде көптеген өлеңдер жазып, олар бұқаралық-ақпарат құралдарында жарияланып отырды.

 ОРМАНОВ Ғали (1907—1978)

Ғали ОРМАНОВ

Ақын. Қапал өңірінде туған.  Алматыдағы Халық ағарту институтын, Қазақ педогогикалық инcтитутын бітірген (1943). 

  Алматыдағы халық ағарту орындарында (1929-30), «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істейді, Ж. Жабаевтың әдеби хатшысы болады (1930-46). «Әдебиет және искусство» журналының және Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін атқарды (1950-60). «Шеңбер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді(1934), кейіннен «Алынған қамал», «Абысын сыры», «Халық-қаһарман» , «Емен» , «Сәт сапары», «Ой қанаты» , «От өзен», «Жер қызығы», «Жан қанаты» , т.б. кітаптары шықты. Бірнеше рет таңдамалы шығармалар жинағы басылды. Көптеген поэзиялық туындылары орыс тіліне аударылып, жеке кітап ретінде жарық көрді. Өз кезегінде ол Пушкиннің, Лермонтовтың, Маяковскийдің, Мақтымқұлының, Мырза Тұрсынзаденің, А.Тоқомбаевтың, т.б. ақын-жазушылардың өлеңдері мен поэмаларын, Л.Толстойдың «Анна Каренина» романын, Мопассанның әңгімелерін, Н.Гогольдің повестерін, М.Шолоховтың «Адам тағдыры» әңгімесін, М.Бубеновтың «Ақ қайың» романын, т.б. шығармаларды қазақ тіліне аударды...

Ленин, «Еңбек Қызыл ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

  АХМЕТОВ Сейсенбек Мұхаметұлы (1922-1978)

Лепсі стансасында дүниеге келген. Қапал педучилищесін, ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі.  Көкөзек ауылдық кеңесінде мәдени жұмыстардың басқарушысы,. осы ауылдағы орталау мектепте мұғалім болады (1941-43). Талдықорған облыстық газетінде жауапты хатшы, «Лениншіл жас» газетінде, Қазмембаспада аға редактор, редакция меңгерушісі, директордың орынбасары қызметтерін атқарады (1941-64). Мемлекеттік Баспасөз комитетінің редакторы, «Мектеп» баспасының жоғары оқу орындарына арналған басылымдар редакциясының меңгерушісі болды (1964-78). 1978 ж. зейнеткерлікке шықты... Өмірінің соңғы жылдары Қазақстан аудармашылар қауымдастығының президенті қызметін атқарды.

  Әңгімелері мен өлеңдері, поэмалары тобы бар. Біржан мен Сара айтысы тарихын зерттеген. Көптеген классик жазушылар мен журналистердің таңдамалы шығармаларын тәржімалаған.

   СҰЛТАНБЕКОВ Талапбек (1930—2007) 

СҰЛТАНБЕКОВ Талапбек

Жазушы-журналист. Ақсу ауылында туған. Алтынсарин атындағы (Мамания) орта мектебін күміс медальмен,, Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген. Әкесі Сұлтанбек Берсүгіров ақын Ілияс Жансүгіровтің немере інісі.  Қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының, спорт журналистиканың негізін қалаушы.

Семей облысының Абдыралы ауданында, Қаскелең ауданындағы Шамалған ауылында мұғалім болады (1953–55). Сол кезде Елбасы – Н.Ә.Назарбаевқа орыс тілінен сабақ берген. Алматы облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Жетісу») газетінде жауапты хатшының орынбасары, республикалық «Білім және еңбек» журналының жауапты хатшысы, бас редакторы болады (1955-70). «Қазақфильм» киностудиясында (1970-85) қызмет істеп, 500-ден астам көркемфильмді қазақ тіліне аударуға қатысты. Бүкілодақтық «Киноцентр» бірлестігінің қазақ бөлімшесінің директоры болды (1985-91) ж... 1991 ж. республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты. «Дойбы ойыны», «Шахмат ойнай білесің бе?», «Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ» атты көмекші оқу құралдарын жазып, елімізде осы спорттық ойын түрлерінің дамуына үлкен үлес қосты,

ҚСРО және Қазақстан Журналистер Одақтарының, ҚСРО және Қазақстан Кинематография Одақтарының мүшесі. Дойбы мен тоғызқұмалақтан спорт шебері, тоғызқұмалақтан үш дүркін Қазақстан чемпионы. Республикалық дәрежедегі төреші.  Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

   
 ЖАҚСЫЛЫҚОВ Ермұхамет (1930—1999)

ЖАҚСЫЛЫҚОВ Ермұхамет

Қарасу ауылында дүниеге келген. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. «Мамания» орта мектебін, Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетін, Мәскеудегі КОКП Орталық Комитеті жанындағы партия мектебін бітірген.

Талдықорған облысы аудандары мектептерінде мұғалім, мектеп директоры болып қызмет атқарады. Аудандық «Ленин жолы» газетінің редакторы, Кеген аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болады (1958-70), Алматы облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Туризм және экскурсия жөніндегі Алматы облыстық Кеңесінің төрағасы, Алматы облысы мен қаласында радио–хабарларын тарату Бас редакциясының Бас редакторы қызметін істеді (1970-91).

Алматы қалалық, Алатау, Ақсу, Кеген аудандық Кеңестерінің депутаты болып сайланған. Екі рет «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендері және медальдармен, республикалық Құрмет грамоталарымен марапатталған.

   
НҰРМАНОВ Ақан (1933—1968)

Ақсу ауданында туған. Жазушы. ҚазМУ-ді бітірген.

Қостанай облысының  Амангелді  аудандық «Социалистік шаруа», облыстық  «Коммунизм таңы» және республикалық «Лениншіл жас» газеттерінде  әдеби қызметкер,  «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болады (1957-68). «Арайлы таң» повестер жинағы, «Аққу жұлдызы» прозасы бар. «Құланның ажалы» романында Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс оқиғалары баяндалған.

 МҰҚАШЕВ Құдаш (1932—1971) 

МҰҚАШЕВ Құдаш

  Ақын, жазушы, драматург. Қазан айында бұрынғы Талдықорған облысының Ақсу ауданына қарасты Сүттіген ауылында туған.  «Мамания» мектебін, Қапал педагогикалық училищесін бітірген.

Мектептерде мұғалім, аудандық газет редакциясында әдеби қызметкер, «Құрақсу» кеңшарының партком хатшысы болады (1965-70).

Қалың жұртшылыққа ол алдыменлирика саласында қалам толғаған  ақын ретінде танылды. «Өлеңдер», «Жолаушы», «Дүбір», «Жер жұлдыздары», «Күн туралы хикая», «Дала-дастан» атты өлең кітаптары жарық көрді. «Жалғыз тораңғы» повесі жарияланды. «Дала дастаны», «Парторг», т.б. пьесалары М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма және басқа облыстық театрлар сахналарында қойылды.

 
ҚАЛИЕВ  Жаскілең

ҚАЛИЕВ  Жаскілең

1934ж. бұрынғы Бөрлітөбе ауданы «Прибалхаш» кеңшарында,  қазіргі Көкжиде ұжымшарында дүниеге
келген. «Үлгі» балық ұжымшарындағы орта мектепті, Қазақтың С. М. Киров (қазіргі Әл Фараби) атындағы мемлекеттік университетті, СОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірген.

Жоғарғы оқу орнын тәмәмдағаннан кейін Бөрлітөбе, Қапал, Ақсу аудандарында қызмет істеді. 1968 жылдан облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі, партия комиссиясының төрағасы, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры қызметтерінде болды.

«Жырға сапар», «Жыр жүрегі» жинақтарына өлеңдері енген. Өзінің «Армысың, теңіз» атты жыр жинақтары  және қайтыс болғаннан кейін «Аласарма, азамат» атты өлеңдер жинағы мен «Жансаям менің» деген екі томдық прозалық шығармалары жарық көрді.

   
  БҰҒЫБАЕВА Қанипа Әбдірахманқызы (1942—2005)

Қанипа Бұғыбаева

Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.  Ақын Сара ауылында туған. «Мамания» мектебін, Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.  Еңбек жолын өзі туып-өскен ауылда мәдениет үйінің
меңгерушісі болып бастайды. 1964 жылдан Кеген аудандық халық театрында жұмыс істейді. Содан кейін Жамбыл аудандық газетінде, мәдениет бөлімінде, өлкетану музейінде және орталық кітапханада қызметтер атқарады. Аудандық көшпелі автоклуб меңгерушісі болды. «Екінші дәптер», «Ақ сүт», «Қара торғай», «Аруана», «Ана жыры», «Жыр және жүрек», «Қыз дәурен», «Көк белестер», «Менің дауысым», «Гүлдер көзін ашқанда», т.б. өлеңдер жинағы жарық көрген. Ақынның өлеңдері орыс, неміс, өзбек, қырғыз, қытай тілдеріне аударылған.

1993ж. Абайдың 150 жылдық мерейтойына байланысты ұйымдастырылған Түркі елдерінің поэзиясының 2-ші фестивалінің жеңімпазы. 2001 ж. Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған мүшәйраның І дәрежелі дипломымен марапатталған. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

   
МҰХАМЕТШИН Сеймухамет

МҰХАМЕТШИН Сеймухамет

ЖурналистҚазақстан Журналистер одағының мүшесі. 1935ж. Көкжайдақ ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 

Еңбек жолын Ақсу аудандық «Ленин жолы» газетінде бастайды. Аудандық халық театрының жұмысына белсене қатысады. Алматы жоғарғы партия мектебінде оқиды (1964-68). 1968 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін “Егемен Қазақстан” газетінің Талдықорған облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Көптеген әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени, рухани өмірі тақырыптарын көтерген публицистикалық очерктер, мақалалар жазған. Бірнеше  кітаптары шыққан.

   
ОМАРҚҰЛОВ Нұрғали Ахметжанұлы (1940—2006)

   Ақын, журналист. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.   Сарқан ауданы Абай ауылында туған. “Мамания” мектебін, Қазақтың мемлекеттік университетін бітірген.

Аудандық дайындау кеңесінде және құрылыста еңбек етеді. Журналистік және шығармашылық жолы 1963ж. Ақсу аудандық «Ленин жолы» газетінде басталады. 1974 жылдан Талдықорған облыстық «Октябрь туы», кейіннен Алматы облыстық “Жетісу” газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып қызмет атқарады, Ақсу және Сарқан аудандарындағы меншікті тілшісі болды. Көркем туындылары республикалық басылымдарында жарияланып отырды. Өлеңдеріне жазылған Дәнеш Рақышевтың «Балқашта», «Сәулем — ай», «Көңілді көп ойлар тербейді», Әли Алпысбаевтың «Арал мен Балқаш», «Ана», «Аққұсым» Бақберген Асқарбековтың «Әнім сенсің Талдықорған», «Жан әкешім» сияқты танымал әндер бар. «Жүрегімде туған жер» атты жыр жинағы бар.

 

   ЖҰМАШЕВ Ораз (1935—2003)

ЖҰМАШЕВ Ораз

 Ақын, журналист.   Діңгек ауылында туған. Қазақтың мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын ұжымшарда жұмысшыдан бастаған. Аудандық кеңес, партия органдарында жауапты қызметтерде болады. Аудандық мәдениет бөлімін басқарды. 2000 жылдан зейнетке шыққанша аудандық “Ақсу өңірі” газетінде бас редактор болды. «Даладағы ағындар” атты өлеңдер жинағы, «Сезім сырлары» кітабы шыққан. Республикалық газет-журналдарда көптеген өлеңдері басылған. 40-тан астам өлеңдеріне сазгерлер ән жазған. 2000 ж. “Жаңа ғасырға – жаңа ән” облыстық байқауында оның екі өлеңіне жазылған әндер жүлделі орынға ие болып, лауреат атанды. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 
 АҚЫПБЕКҰЛЫ Өтепберген (1950—2007)

АҚЫПБЕКҰЛЫ Өтепберген

  Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.   Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында туған.  Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

1967ж. Абай атындағы ұжымшарда тракторшы болып еңбек жолын бастап, кейін клуб меңгерушісі, комсомол комитетінің хатшысы болады.  Қапал аудандық «Қапал еңбеккері» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редакторының орынбасары, Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде жауапты хатшының оынбасары, бөлім меңгерушісі және “Қазақ әдебиеті”, “Жалын”, “Денсаулық” сияқты республикалық басылымдарда жұмыс істейді (1973-93). 1995 жылдан республикалық “Қазгидромет” агенттігінде, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Ұлттық Банк аппараттарында, ҚР Әділет министрлігінде қызметтер атқарды.

Балаларға арналған «Доп», «Жарыс», «Жарыстан соң жарыс», «Жылдың төрт мезгілі», «Балабақтың бір күні», «Экологиялық әліппе», «Балдай тәтті әліппе», «Ажарлы Астана», «Қызықты әліппе», т.б. кітаптары жарық көрген. Көптеген өлеңдері мектеп оқулықтары мен әдістемелік құралдарға енген, “Шынашақ” атты балаларға арналған поэзиясы бар. Балаларға арналған үздік шығармалар конкурсының жыл сайынғы жүлдегері болып отырды.

 

  БҰХАРБАЕВ Жамау Беркімбайұлы (1949—1994)

   Ақын. Қазақстан журналистер одағының мүшесі.  Діңгек ауылында туған.  Қазақтың мемлекеттік университетін бітірген.

1968ж. әскер қатарына алынып, одан келгеннен кейін құрылысшы, мектеп интернатында тәрбиеші болып жұмыс істейді. Аудандық «Өмір нұры», облыстық “Жерұйық” газетінде тілші (1975-88), Сарқан, Киров аудандық газеттерінде редактор болады (1988-90). Жергілікті азаматтық «Азат» қоғамының, “Ақ құс” шығармашылық қауымдастығының төрағасы және тіл басқармасының салт- дәстүрлер бөлімінің меңгерушісі болды (1990-93). «Қазақ тілі» қоғамының белді мүшесі, 1986 жылғы «Желтоқсан» жастар қозғалысын қолдаушылардың бірі. «Жәннәтім менің», «Пері қызына хат», «Жаралы аққу» өлең кітаптары бар. «Баспалдақтар», «Жартоған», «Жайдарман» топтама атты шығармаларымен танылған. Жансүгіровтың 100 жылдығына арналған ақындар мұшайрасының жеңімпазы. Облыстық кеңестің депутаты болған. Аудан орталығында көшеге есімі берілген.