Ақсулық ақын-жазушылар — 2   

 

  Құрметті оқырмандар!  Сайт кітабының алдыңғы парақтарында осы тақырыппен әңгімені  бабаларымыз  санатындағы  және  өткен,  20-шы  ғасырда  қалың  қазақ  еліне  танымал  болған,   қазір  арамызда жоқ   (аруақтарына  тағзым етіп)  жерлес  ақын-жазушыларымызды таныстырудан  бастаған едім.  Одан кейін, «Ілиястың ізбасарлары» ретінде балауса жастарымызға да орын бердік.

  Бүгін, аға ұрпақ қатарына жатқызылатын тағы бір топ ақын-жазушылардың есімдерін, өмірдеректерін  көрсетіп отырмын. Осы сипаттағы  мақалалар біраз жалғасатын болады. Одан ары, өз туындыларының ұсынылып,  жинақталуына  қарай,  олардың әрқайсысына жеке парақтар ашамын. Мысалы, бүгінге күнге, осындай тұрғыда, ауданымыздың ардагер ақыны  МҰСАНОВ Дубек  пен қазіргі уақыттың белгілі ақыны ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ Әділбектің, жергілікті тарих және әдебиет зерттеуші ТОЛЫМБЕКОВ Жемісбектің өз парақтары ашылды. 

 

МҰСАБЕКОВ Дәуітбай

1899ж.  Қапал өңірінде туған. Ақын, шежіреші. Қарағаштағы «Мамания» мектебінде оқыған.

Сауатты болғандықтан ауылдық кеңестің хатшысы, есепшісі болады. Шолақ белсенділердің қысымымен 1933 жылы Қытай асып кетуге мәжбүр болады. Ол жақта 20 жылдай өмір сүріп ұстаздық атқарады. «Өткен күннің елесі», «Ескі күннің елесі», «Өкініш пен өмір шаттығы», т.б. жеті шығарма жазып, халық арасында танымал болады. Оның «Қасен – Жәмилә» дастаны желісінде қазақтардың осы аттас тұңғыш киносы түсірілген. 1955 жылы елге оралып, «Ащыбұлақ» ауылында тұрақтайды. Ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласады. Осы жақта «Арсалаң – Қымбат», «Жаңа жол», «Заһар мен қаһар» дастандарын жазады. 2006 ж. «Аманат» атты шежіресінің 1- ші томы жарық көрді. келесі кітабы да баспаға тапсырылған болатын. Шежіреші, жыр, естеліктер жазған, «Елім- ай» деген ән шығарған. 1977 ж. қайтыс болды.

 

АҚСУБАЕВ Жапарғали 

АҚСУБАЕВ Жапарғали 

1910 жылы Ақсу ауданының Арасан ауылдық округіне қарасты «Қызылжар» ауылында туған. Ұлы Отан соғысының  ардагері,  айтыскер ақын.
 1928—1929 жылдары өзінің туған жерінде 10-15 үйден құрылған мойынсеріктердің жұмысына, 1930 жылдары жаппай колхоздастыру жұмыстарына белсене ат салысады. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін, 1942 жылы майданға аттанып, Курск майдандарындағы шайқасқа қатысқан. 1943 жылы  сол қолынан жараланып, әскери госпитальға түседі. 1944 жылы қаңтар айында елге оралады.
  Соғыстан кейін Қапал ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. одан кейінгі өмірі ТУҒАН ЖЕРІ , «АРАСАН»  ұЖЫМШАРЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТУГЕ АРНАЛДЫ. қой фермасының  меңгерушісі,  бригадир болады және Қапал аудандық су бөлімінде қызметтер атқарған.  
Ол ауылдастары есінде айтыскерлік ақындығымен есте қалған азамат. Аудандық ақындар айтысында өзінің шымыр шумақтарымен  «Арасан» колхозының еңбеккерлерін дәріптеп, озат шопан, тракторшы, сушы, малшылардың аттарын, ЖЕТІСТІктерін насихаттап отырады, Ақсу өңірінің табиғатын да жырларына кеңінен арқау еткен. Өмірінің соңғы жылдарына дейін туған жеріне деген махаббаты мен сүйіспеншілігін өлеңмен өрнектеді.
1990 жылы 80 жасында қайтыс болды.  «Ерлігі үшін» медалі, «Германияны жеңгені үшін», «СССР Қарулы Күштеріне–70 жыл» медальдарының иегері.  

БЕЙСЕМБЕК Елжас Мұсабайұлы 

 1932 жылы Ақсу ауданы, «Қарағаш» ауылында дүниеге келген. “Мамания” орта мектебін, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

 Аудандық, облыстық газеттерде еңбек етті. Облыстық газет редакторының бірінші орынбасарлығы қызметінен зейнеткерлікке шыққан. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. 2005 жылы қайтыс болды.

 

ҚҰРАҚБАЕВ Түлкібек

1939 ж. Матай стансасында туған. Айтыскер ақын, әнші, артист.  Мектепте еңбек еткен ұлағатты ұстаз.

Аудан, облыс, республика көлемінде көптеген айтыстарға қатысып топ жарған ақын. Облыстың және ауданның Бас ақыны атағын иемденген. Қ.Жапсарбаев пен К.Әзірбаевтың 100 жасқа толуына арналған облыстық, республикалық айтыстардың бас жеңімпазы, жүлдегері болған. Қазақ телевизиясында айтыстарға қатысқан алғашқылардың бірі. Домбырамен халық әндерін нақышына келтіре, әуезді орындаған әнші. Ақсу халық театры құрамында «Қыз Жібек» спектакілінде Шегенің, «Біржан мен Сара» спектакілінде (авторыТ.Қалилаханов) рольдерін сомдаған. 1965ж. республикалық деңгейде өткен І.Жансүгіровтың 70 жылдық мерейтойын үйлестірушілердің бірі, арнаумен беташарын ашқан. 1990-91жж. облыстық оқушы ақындар айтыстарында қазылар алқасының мүшесі болып, жас ақындардың жолын ашқан тілеуші, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақовқа батасын берген.

 

ЕСІМЖАНҰЛЫ Тұрсынзада 

ЕСІМЖАНҰЛЫ Тұрсынзада 

1941ж. Алматы облысының Ақсу ауылында туған. Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.  Еңбек жолын 1957 ж аудандық «Ленин жолы» газетінде тілші ретінде бастап, оның редакторы болады, «Жазушы» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Ақындар қауымдастығында жұмыс істейді (1962-86).

Одан кейінгі жылдары еркін шығармашылық жұмыста. Алғашқы өлеңдер жинағы «Қабырғатал» деген атпен жарық көрді. Жалпы жиырмаға жуық кітабы шыққан. Драматургия саласындағы шығармалары, олардың ішінде «Соңғы сот», «Зауал», «Жолда қалған жолаушы» пьесалар байқауларда жүлде алған. Эдгар По, А.С.Пушкин, С.Есенин, Р.Гамзатов, т.б. шетел және орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударды. Шекспирдің «Король Лир» драмасын қазақ тіліне тұңғыш аударушы. Шығармалары бірнеше рет шетелдерде жарияланған толғау, дастандары, мақал- мәтелдік, философиялық қара сөздік жанрдағы айтулы шығармалары республикалық газет-журналдарда көп жарияланған

Қазақстан Республикасы «Экология» қоғамдық академиясының академигі.  «Еңбекте Үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.

 

КӨПТІЛЕУОВ Хасен

КӨПТІЛЕУОВ Хасен

1937ж. Ақсу ауылында туған. Ақын, журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі. «Мамания» орта мектебін, Қазақтың мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1957ж. аудандық «Ленин жолы» газетінде бастап, Қосағаш ауылдық кітапханасының және автоклуб меңгерушісі,. Қызылорақ орта мектебінде мұғалім болады (1959-67). Аудандық «Өмір нұры» газетінде бөлім меңгерушісі, газет редакторының орынбасары, Сарқан ауданында «Ленин жолы» қазақша газетінің редакторы, «Ақсу өңірі» газетінде бөлім меңгерушісі болды (1967—2002). Зейнеткерлікке шыққаннан кейінде облыстық «Жетісу» газетінің жергілікті тілшісі болып келді. Екі повестің, 2 поэма, көптеген өлеңдер мен әңгімелердің авторы. «Бәйтерек», «Биік тұлға» және «Сырласу» атты кітаптары жарық көрді.

 Қазақстан Журналистер Одағының VI- съезінің делегаты. 2006ж. облыс әкімінің және облыстық журналистер одағының К.Қазыбаев атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Бірнеше мүшәйралардың жүлдегері.

«Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері. Ақсу ауданының Құрметті азаматы

 

 АМАНБАЕВ Берлібек Рысбекұлы

АМАНБАЕВ Берлібек

1940ж. Талдықорған қаласында туған. Ақын, журналист. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жансүгіров кентіндегі Чапаев атындағы орта мектепті, Абай атындағы қазақтың педагогикалық институтын бітірген.

1969 жылдан баспасөз қызметінде болды. Аудандық «Ақсу өңірі» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, редактор, аудандық радио хабарын тарату редакциясында аға редактор, Қапал ауданында баспахана, Ақсу аудандық мұрағат директоры, аудандық газеттің жауапты хатшысы қызметтерінде болады (1983—2002). Қазір зейнеткер. «Тұңғыш», «Сыр сапар», үш «Жүз бір түн» атты өлеңдер жинақтары жарық көрген. «Көңіл көкжиектері», «Жайдарман», «Мөлдір бастаулар» өлеңдер жинақтарында бірнеше туындылары жарияланған. Аудандық, облыстық, республикалық баспасөздерде өлеңдері жарияланып тұрады. Бірнеше мүшәйралардың жүлдегері. Ақсу ауданының Құрметті азаматы

 

 

КҮМІСБАЕВ Шәкен

КҮМІСБАЕВ Шәкен

1942ж. Ақсу ауданы, Қаракөз ауылында туған. Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. кейінде басқарма мүшесі болды.

1961ж Алматы шет тілдер институтын бітірген. “Мәдениет және тұрмыс” журналында тілші (1965-70), «Мамания» орта мектебінде мұғалім (1970-96) болады, «Қазақ елі», Ана тілі” газеттерінде, “Бала би” », «Айгөлек» журналдарында қызмет істеді (1996—2001). , Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов мұражайында бөлім меңгерушісі, «Балалар әдебиеті» баспасында бас редактор болып қызмет істеді.

“Жігіт те жылай ма екен?”, “Соқ барабан” кітаптары “Жалын” баспасының арнайы сыйлығын алған. “Ақсақ шал”, “Таудағы жазулар” , “Соқ барабан” , “Тау жолдары”, “Кішкентай шал” , “Қаладағы келін”, “Қара қуыстың желі” , т.б. кітаптары жарық көрді. «Филипп Морисс», «Астана – Бәйтерек» сияқты балаларға арналған әдеби конкурстарында бас бәйге, «Балауса» бәйгесінде екінші орын алған. 2008 жылы «Солақай» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесін ұйымдастырушысы. «Жүректен жүрекке» атты ұлттық журналистер мен ақпарат құралдары байқауының бас бәйгесін алып, «Қазақ тілді баспасөздің үздік журналисі» атанған. Жеке әңгімелері украин, орыс, белорус, монғол, неміс, ағылшын тілдеріне аударылған топтама жинақтарға енген. 2008 жылы қазақ балалар жазушыларының «Балалар бағының бағбандары» атты анықтамалық жинағын құрастырған.   «Қазақстан Республикасына 20 жыл» медалімен марапатталған. Ақсу ауданының «Құрметті азаматы.

 

БИСҰЛТАН Болатбек

1942ж. Ақсу ауданы Тарас ауылында туған. Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Семей мемлекеттік педагогика институтын, Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген. Ол бұқаралық ақпарат қызметінде 40 жыл табанды еңбек етіп, қатардағы тілшіден бас редактор дәрежесіне дейін жетті. Ақсу аудандық «Өмір Нұры» газеті қызметкері (1965-70), Қапал аудандық «Қапал еңбектері» газеті редакторының бірінші орынбасары, редакторы, Талдықорған облыстық «Октябрь туы» (кейіннен «Жерұйық») газетінде ауыл шаруашылығы, партия тұрмысы бөлімдері басшысы, қоғамдық–саяси бөлім жетекшісі болады. Одан кейін Сарқан аудандық «Сарқан» газетінің редакторы (1997—2000), «Алатау» қоғамдық-саяси апталық газеті редакторының орынбасары (2001-05) қызметтерін атқарды. 2001ж. бірінші саны шыққан сол «Алатау» газетінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі ретінде танымал болып қалды. Қазір зейнеткерлікте.

1968 жылдан бірнеше дүркін Одақ және Республика журналистерінің Съездерінің делегаты, ірі форумдардың қатысушысы, көптеген мақтаулар мен марапаттардың иесі. Ақсу ауданының құрметті азаматы.

 

ОСПАНБЕКОВА Жұмаш Әбдірахымқызы

1947ж. ҚХР Құлжа қаласында туған.  Айтыскер ақын.

1967 ж. орта мектепті, 1977ж  Қазақтың мемлекеттік университетін журналистика факультетін бітірген бітірген.

Еңбек жолын бұрынғы Қапал ауданындағы Абай атындағы ұжымшарда клуб меңгерушісі болып бастаған. Қапал ауданындағы радиохабарларын тарату редакциясында, халық шығармашылық пен мәдени-ағарту жұмыстары жөніндегі облыстық ғылыми әдістемелік орталығында (1974-85), республикалық телерадио хабарлар тарату комитетінде, республикалық “Қазгидромет” орталығында қызмет атқарған(1986—2002). ҚР Көлік және коммуникациялар министірлігінің Аэроғарыш кентінде (Астана) бас маман болды. 1970жж. ақындар айтыстарына қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарды иеленген, 1981ж. “Облыстың бас ақыны” атағын иеленген. “Бұлбұл көңіл” атты жинағы жарық көрді. “Жыр шашу”, “Қарлығаш”,“Мәңгі көркем” жыр жинақтарына өлеңдері мен айтыстары енген.

 

МҰХАМЕТШАРҰЛЫ Дүйсен

1948ж. Жансүгіров  поселкесінде туған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

КазМУ-дың журналистика факультетінің радиотелекино журналистика бөлімін бітірген. Еңбек жолын 1966 ж. аудандық баспаханада газет басушыдан бастап, аудандық «Өмір нұры» газетінің корректоры, аудандық радиохабарын тарату комитетінің редакторы, «Ақсу өңірі» газетінің аға әдеби қызметкері, ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы және аудандық «Ақсу ажары» телеарнасының жүргізуші редакторы  қызметтерін атқарған. 1991 жылдан аудандық Кеңестің референті, аудандық Мәслихаттың, аудан әкімінің бас маманы болды. 1998—2000жж. аудандық Мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы болды.  2000 жылдан зейнеткерлікке шыққанша «Ақсу өңірі» газетінің бас редакторы қызметін атқарып келді.

Ақсу аудандық Мәслихатының 5 шақырылымының депутаты болып сайланған. Ұкіметтің бірнеше  мерекелік медальдарының, М.Тынышбаевтың туғанына 130 жыл және Қаракерей Қабанбай батырға арналған ескерткіш белгілерінің иегері. Ұзақ  Бағаев атындағы сыйлықтың лауреаты. Қазақстан Журналистер Одағының Құрмет Грамотасымен марапатталған. Есімі «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» кітабына енгізілген. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

ЕГЕМБЕРДИЕВА Лидия Исақызы

ЕГЕМБЕРДИЕВА Лидия

1951ж. Ақсу ауданы Қарашілік ауылында дүниеге келген. Драматург, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі.

Қызылағаш ауылындағы 10 жылдық мектеп–интернатты, 1986ж Қазақтың мемлекеттік университетін журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын тілшілік қызметтен бастайды. Еңбек жолын Шымкент облысы, Алғабас аудандық баспаханасынан бастаған.  «Қазақ әдебиеті» газетінде, Қазақ радиосының «Ауыл өмірі» редакциясында, 19961999 жылдары үлт саясатын үйлестіру комитеті мен ҚР Әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы зейнетақы агенттігінде қызмет еткен. 1999 жылы  Алматы облыстық драма театрында труппа меңгерушісі болады. «ҚазАҚ» қоғамының Алматы облысы бойынша уәкілі қызметін атқарды.

Республикалық басылымдарда «Кәрі қыз», «Жолы ауыр жігіт», «Жолда», «Соңғы тілек», «Құдағи», «Ауылдың әжелері-ай», «Менің әжем», «Қара гүл» сияқты туындылары жарық көрді. Әңгімелері жас прозаиктердің «Арман қанатында» топтама жинағына енген. 1991ж. «Жолы ауыр жігіт» атты повестер мен әңгімелер жеке жинағы жарық көрді.Драматургия саласына да қалам тартып, «Әріптестер», «Қалталы күйеу, қайдасың», «Егіздер» комедиялары мен «Ғашық жүрек» мелодрамасы, «Рэкеттің махаббаты» психологиялық драмасы Алматы, Қызылорда және Қарағанды облыстық драма театрларында сахналанды. 2001 жылдан «Қалталы күйеу, қайдасың» атты комедиясы Алматы облыстық Б.Римова атындағы драма театрында, 2004 жылдан «Егіздер» комедиясы Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында қойылады.  2006ж. «Алғашқы танго» махаббат элегиясы Ғ.Мүсірепов атындағы республикалық академиялық жастар театрында қойылды. Осы жылы Шолпанатада өткен Орта Азия театрлар фестивалінде қатысып, пьесалары халықаралық сертификатқа ие болды. Қазіргі кезде «Жетісу –жерім менің», «Көресін көрмей», «Менің Карлсоным» пьесалары республика театрлар таңдауында жатыр. 1999ж. облыстық Б.Римова атындағы драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. Одан кейін  шығармашылықпен айналысуда.

«Ұлттық саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетінің» бас маманы ретінде Қазақ тіліне байланысты Заңның қабылдануына, ҚР-ның әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің жанындағы «Зейнетақы агенттігінде» зейнетақы қорларын ашуға ат салысқан мамандардың бірі. ҚР Мәдениет минстрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

 

НАЙМАНХАНҰЛЫ Мұхаметәлі

НАЙМАНХАНҰЛЫ Мұхаметәлі

1953ж. Діңгек ауылында дүниеге келген. КСРО және Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі.

Қазақтың мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1970ж. Т.Тоқтаров атындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. Аудандық «Өмір нұры» газетінде аға әдеби қызметкер, ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі (1976-86), аупартком нұсқаушысы (1987-90), аудандық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы, аудан әкімі жанындағы Тіл комитетінің төрағасы, аудан әкімдігінің ұлт саясаты бөлімі бастығы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болады (1990-97). 1997 жылдан аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы. Қазіргі уақытта аудандық «Ақсу өңірі» газетінің редакторы.

“Кесенедегі құс ұясы”, “Ақсудан шыққан арыстар”, “Жер жасырған жыр”, “Киелі тәуіп”, “Қайнар батыр”, т.б. 20-дан астам кітаптары жарық көрді. «Жайдарман», «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» кітаптарына әңгіме, очерктері енген. Ақын Сараның 115 жылдығына жарияланған бәйгеде «Кесенедегі құс ұясы» повесі Бас жүлдені жеңіп алды. 1-ші разрядты волейболшы, 1970-73ж. облыс құрама командасының сапында ойнады.

Үкіметтің бірнеше мерекелік медальдарының иегері, облыс әкімінің, облыстық ішкі саясат департаментінің, Қазақстан журналистер одағы облыстық ұйымы мен облыстық «Жетісу» газетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Нұр Отан» ХДП- ның «Заңғар» сыйлығын иеленді.  Ақсу ауданының Құрметті азаматы

 

ЕСТЕНОВ Арасанбай Жексенұлы

ЕСТЕНОВ Арасанбай

1953 ж. Арасан ауылында туған. Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Арасан орта мектебін, Қазақтың мемлекеттік универ-ситетінің журналистика факультетін бітірген.

1972-74жж. әскери борышын өтеп қайтқан соң 11 жылдай Қапал аудандық “Қапал еңбеккері” газетінде фототілші, аудармашы, әдеби тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарады(1974-85). “Жазушы” баспасында редактор, аға редактор, жетекші редактор, “Білім” баспасында шығармашылық топтың жетекшісі болады (1985—2000). 2002ж. қараша айынан ЖШС “Баянжүрек” баспасының директоры әрі құрылтайшысы.

Тұңғыш өлеңдері мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ Ақсу аудандық “Өмір нұры” газетінің беттерінде жиі жарияланып тұратын. Тырнақалды көлемді туындысы-“Шырғалаң” повесі 1977ж. республикалық конкурста ынталандыру сыйлығына ие болып, 1982ж. баспадан шыққан “Таң нұры” атты повестер жинағында жарық көрген. Содан бергі уақыт ішінде жазушының  “Ауыл таңы”, “Баянжүрек баурайында”, “Тасжарған ерте көктейді”, “Айжаңғырық” “Жансауға” “Періштелер патшалығы” атты повестер мен әңгімелер жинақтары және  “Әліппемен қоштасу” “Мектептегі мейрамдар”, “Жеті саны киелі” сынды балаларға арналған өлең кітаптары жарық көрді... Халықаралық “Дарабоз”  бәйгесінің, Республикалық “Жалын” “Астана –Бәйтерек”, “Елім менің” конкурстарының бірнеше мәрте жеңімпазы. Ақсу ауданының Құрметті азаматы

 

 ТОЛЫМБЕКОВ Жемісбек Дулатбекұлы

ТОЛЫМБЕКОВ Жемісбек

1954ж Алматы облысы, Ақсу ауданы, Ойтоған ауылы округіне қарасты Бұрған елді мекенінде туған.

Білімі жоғары, мамандығы құрылысшы және мұғалім. Өлке тарихы мен әдебиетін зерттеуші ізденгіш, шежіреші. Ел ұмытып бара жатқан ер-батырлар, ақындар, басқа да айтулы тұлғалар туралы 40-тан астам деректі деректі зерттеу еңбектері, өлеңдері және «Мүсәпір батыр», «Бабеке», «Ауылыма өлең қонған», «Ер Тоқпанбет» поэмалары баспасөзде жарық көрген. Шежіре еңбектері Ақселеу Сейдімбековтың қазақ халқы шежіресін құрастыруында пайдаланылған. «Ақсудан шыққан арыстар», «Төлегетай, Матай, шежіресі Сақай», «Топжарған», «Қолағаш», «Жанталас», «Қобызшы Молықбай», «Атандым ақын Сара» атаулы кітаптарының авторы. Бұрын баспа жүзін көрмеген айтыстарды «Ақихат» және даналық сөздерді «Қадір білген» деген айдарлармен жинақтаушы. «Сақай саласы» шежіре-тарих кітабін жазып шығарған. 1989—1991 ж. облыс бойынша оқушылар арасында ақындар айтысы мен дәстүрлі әндер байқауын, соңғы уақытта"Рухани жаңғыру" Бағдарламасына сай аудандық, облыстық деңгейдегі бірнеше ғылыми-танымдық конференциялардың бастамамашысы және ұйымдастырушысы болып, баяндамалар жасаған. Құрылысшылар дайындаушы кәсіптік оқу орындарында қазақ тілінде сабақ беруді алғашқы ұйымдастырушы. Осы салаға арналған қазақ тіліндегі «Мәди тану» оқулығын жазған. Талдықорған қаласындағы көшелерге Ақсу елі арыстарының есімдерін беруге ықпал еткендердің бірі.

  Кәсіптік білім беру ісінің үздігі.  1993 жылы өткізілген «Оқытушы-93» облыстық оқытушылар сайысының жеңімпазы атанған. 2002 жылы Балаларға арналған «Мүсәпір батыр» қойылымы  Республикалық конкурста бірінші орын алған. 2011 жылғы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің жеңімпазы. Меценат Есенқұл қажы Маманов атындағы сыйлықтың алғашқы бас жүлдегері.    2016 жылы «Батыр шапағаты» Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған медалімен марапатталған.

ӘЗІРБАЕВА Бақытжан Сағынбекқызы

ӘЗІРБАЕВА Бақытжан

 1956ж. Ақын Сара ауылында туған. «Стенокиде» стенографиялаудың дүние жүзі түркі тілдес елдер арасындағы тұңғыш маманы. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепті, КазМУ-дің журналистика факультетін, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын КазТАГ-та машинисткадан бастаған, Қазақ радиосында штаттан тыс тілшілік қызметті қатар атқарады. «Мектеп» баспасында машинисткадан бастап, редакторлық қызметке: ҚР Парламенті Шаруашылық Іс басқармасы Инженерлік орталығында оператор-стенографистен бастап, сектор меңгерушісі, бөлім бастығына дейін дейін өседі (1975-90). 1991ж. тамызынан бастап Орталықтың Сенат іс-шараларын стенографиялау бөлімінің бастығы қызметін атқарып келеді. «Стенокиде» стенографиялаудың бойынша методикалық оқулықтың қазақ тіліндегі мәтінінің тұңғыш авторы болып, жылдам стенографиялау жаттығуларының әдістемелік құралын құрастырды, сол бойынша көптеген мамандарды дайындауда. Көптеген әдеби шығармалардың, теле-радио хабарлардың авторы. 2010ж. «Қайроштың хикаялары» атты әңгімелер жинағы баспаға тапсырылды.

ҚР Президенттік және ҚР Парламенті Іс Басқармаларсының «Құрмет грамоталары», «Алғыс хаттары» және бағалы сыйлықтарымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» Құрмет белгісімен марапатталған.

Жалғасы болады...