Ақсу ауданына 90 жыл!

 

Ақын Тұрсынзада ЕСІМЖАНұлы туралы

 

Бүгінгі сайт парағы таяу күндерде ғана сеңгірлі 80 жасқа толған, Ақсу жерінің тумасы (Алматы облысы), қазақтың ақиық ақындарының бірі Тұрсынзада ЕСІМЖАНұлына арналып отыр. Онда танымдық тұрғыда ақынның өмірдеректері мен сұхбат-әңгіме, біраз өлеңдері және фотосуреттері беріліп отыр. Танысыңдар!

 

 

Тұрсынзада ЕСІМЖАНҰЛЫ 

 Өмірдеректері

 

Картинки по запросу "тұрсынзада есімжанов" Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

 1941 жылы 21 қаңтарда Алматы облысы Ақсу ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1965).

 Мектеп қабырғасынан алғашқы өлеңдерімен көзге түскен. Еңбек жолын 1957 жылы  аудандық «Ленин жолы» газетінде тілші ретінде бастап, кейіннен  оның редакторы болады.  Талдықорған облыстық «Советтік Жетісу» газетінде, «Жазушы» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Ақындар қауымдастығында жұмыс істейді (1962-86). Одан кейінгі жылдары — еркін шығармашылық жұмыста. 

  Оның  есімі, әсіресе 1960-70 жылдары елімізге ерекше танымал болып, халқымыздың айтулы деген ақын-жазушыларының арасында лайықты орны болған өнер иесі. Туындылары мемлекеттік деңгейде бағаланып, оқырмандары оны іздеп жүріп оқитын болатын. Олардың көпшілігі «Қабырғатал» деген жанама атпен шығарылып отырылды («Қабырғатал» деген  ақынның туған жеріндегі шағын өзеннің аты).

 Алғашқы өлеңдер жинағы да «Қабырғатал» деген атпен жарық көрді. Жалпы 20-ға жуық кітаптары шыққан. Драматургия саласындағы шығармалары, олардың ішінде «Соңғы сот», «Зауал», «Жолда қалған жолаушы» пьесалар байқауларда жүлде алған.

 Эдгар По, А.С.Пушкин, С.Есенин, Р.Гамзатов, т.б. шетел және орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударды. Шекспирдің «Король Лир» драмасын қазақ тіліне тұңғыш аударушы. Шығармалары бірнеше рет шетелдерде жарияланған. Толғау-дастандары, мақал-мәтелдік, философиялық қара сөздік жанрдағы айтулы шығармалары республикалық газет-журналдарда жарияланып тұрды.

Қазақстан Республикасы «Экология» қоғамдық академиясының академигі. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.

 

*       *       *

 Осыларға өз тарапымнан қосарым:

  Мен, ағамыздан кейінгі ұрпақ толқыны қатарында  және ауылдас болғандықтан, оны бала кезімнен  біліп өстім. Ол «Ленин жолы» атты аудандық газетте қызмет істеген жылдары мектеп оқушысы болдым.  Сол кезде газетке жіберіп жататын балалық «шатпақтарымның»  жарияланғандары да  болып еді.  Өзі әкемізбен жақсы араласып үйімізге келіп жүргенінде,  менің басымнан сипап, ниет-тілектерін білдіретін. Содан кейін институт бітіріп келгеннен соң да,  біраз уақыт қасында жүрген «жайым» болды. Одан ол Алматы қаласына кеткеннен кейін, ұзақ жылдар ара қатынас болмады. Тек 2000-шы жылдардың басында «аудан кітабын» шығарып жатқанымда, бір  кездесіп әңгімелескен едік ...

  Бұл жолы осы сайтым мүмкіндігін пайдаланып, осы парақты дайындап отырмын. Және де өз тарапымнан ТҮКЕҢДІ мерейлік 80 жылдық жасқа толу қуанышымен шын жүректен құттықтаймын!

 

 

  Ең алдымен мықты денсаулық,  ұзақ  ғұмыр тілеймін!  Қаламы еш мұқалмай, әлі де талай құнды шығармашылық туындыларының жарыққа шығуына тілектес және куә болайық!  Әулетінде қуаныштар мен жақсылықтар молынан болсын деймін!

Серікбек СЕРПЕРБАЕВ

 

1980 жыл. Ақсу ауылы. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 35-жылдығына арналып салынған мемориалды кешеннің

ашылуына арналған аудандық салтанатты жиынында.

Суретте: аудан белсенділерінің үлкен бір тобы

 

 

Тұрсынзада Есімжанов: Үнемі оқып отыратыным – Құдайдың сыбыры…
Сұхбат
«Қазақ әдебиеті» газеті
27.12.2019

«Қазақтың маңдайына өлең бітсе, өлеңнің маңдайына бітіп ең сен» деп Құлагер ақынға жыр арнаған бозбала ақын әдеби ортаға ерте танылды. Небәрі 16 жасында Эдгар По, Пушкин мен Есенин, Байрон мен Гейне, Расул Ғамзатовтарды қазақша сөйлетіп, аудармалары баспасөз бетінде жарық көрді. Өлеңдері хақында Ғабит Мүсірепов: «Тұрсынзада өз соңынан талай талант туғызып, әрбір жаңа жинағымен оқырман талғамын тереңдетіп, қазақ жырының көкжиегін кеңейтіп келеді. Ол талантын ылғи бір маңызды жаңа тақырыптарға арнайды, жаңа бояулар, жаңа теңеулер табады…» – дей келе, тұтас шығармашылығына пайымды шолу жасаған болатын.

 

… Ақынның үйіне барғанымда, есікті өзі ашты. Кең бөлмеде отырып сұхбат құрдық. Жолдасы Тыныштық апамыз ақынды ерекше құрметтей білетін. кісі екен. Сұхбат арасында ойларын айтып, қосылып отырды. Ақын: «Маған жазуға мүмкіндік туғызып отырған бірінші Құдай, екінші осы жетпіс жылға жуық отасқан жан жарым, Тыныштығым», – деп ризашылығын жеткізіп қойды. Сірә, оңашалықты сүйетін шайырдың ой сарайы айтар сырға толып қалса керек, аз ғана жағдай сұрасудан соң еш сауалсыз-ақ әңгімесін бастап жүре берді.

«Сексен томға жуық поэзиялық шығармалар жаздым…»

Мен – құдіреттің қолындағы қаламмын. Сондықтан осы міндетті ғана орындаймын, құдірет не десе – соны істеймін. Табысқа малданып, жазу-сызуды тоқтатқам жоқ, сексен томға жуық поэзиялық шығармалар жаздым. Мұны ешкім көрмейді, ешкімге бермеймін де. Ол өлеңдерімді шығаруға қазір уақытым да жоқ. Кезінде «Бір бөлмелі үйіміз» деген өлең жаздым. Сонда адамдар бұлар төрт бөлмелі үй алды, бұл қалай деп ойлайтын болуы керек. Ал мен «бір бөлмелі үйіміз» деп бүкіл жер шарын айтқан болатынмын. Шынында солай, біз бәріміз, барлық ұлттар, елдер бір ғаламшарды мекен етеміз. Әр ұлттың мәдениетіне құрметпен қарау керек.

 

– Ерте танылдыңыз. Ерте танылу сізге не берді, сізден не алды?

– Бала кезімде барлығы қолпаштап, қошеметтеп жүретін. Мен 4-сынып оқып жүргенде ұзақ-ұзақ жырларды жатқа айтатынмын. Ауданның бас дәрігері әкеммен дос еді. Сол кісі кейде қолыма күректей-күректей ақша беретін. Әкем болса: «Ой, Хасан-ау, мұның не, кішкентай баланың іші үлбіреп кетпей ме?» – деп бәйек болатын. Адамды көбіне мақтау құртады.

Ақша бұлт анау қаптаған,

Селі жоқ бойда жауар түк.

Мінімді көзге айтпаған,

Достардан маған жау артық,

дегенді кейінгі кезде жаздым. Ал енді:

Сен жоқта барлық ақын бала шәкірт,

Бәрі ұлы сен жоқ болсаң арамызда,

– деп Ілияс ақынды қатты мақтап жіберген болуым керек. Бір кісіге бұлай айту қиындау. Прогресс деген жүре береді. Жаңа буын келіп поэзияны дамыту үстінде. «Абайдан асырып не жазамыз?», – дейді біреулер, онда, жаза алмайтын болса, қаламды тастау керек. Принцип біреу – келдің бе оз, бірақ оздым деп кеудені қағудың керегі жоқ. Ісің озық болсын. Түптің түбінде поэзия авторынсыз жетім қалады. Сонда көретін күні қалай болады?! Бұл жайында көзіңнің тірісінде ойлану керек.

 

 

 

– Сіз көбіне жиналыстарға, жиын-тойларға қатыса бермейсіз. Оңаша жүресіз. Сізге оңашалық не берді?

Оңашалық – жазу берді. Мәселен, соңғы шыққан кітабым бүгінгі заман ауқымын қамтиды. Осы заманға берілген жауап. Ал енді, өмірде мәселелер таусылмайды. Мен сәл ерте тұрамын, жаттығу жасаймын, бойда қан айналса, қаламға қарай жүгіртеді. Тек жазу, жазу.

 

– Яғни, тек жазу үшін оңашаланасыз?

– Әрине, оңашалықсыз жазу жоқ.

 

– Бір байқағаным, сізді қай буын өкілдері де жақсы таниды, құрметтейді. Мәселен, аз уақыт бұрын ғана Ғалым Жайлыбай ағамен сөйлескенде, жырыңызды жатқа айтып берген болатын.

– Ғалым Жайлыбай – ақын. Жалпы, «ақын» не «ақын емес» деген екі сөз жетеді. «Ұлы ақын» деп әспеттеудің қажеті жоқ. Ұлы ақын – Құдай ғана. Ұлылық Аллаға ғана жарасады.

 

– Абайдың биіктігі неде?

Абайдың биіктігі – оның оқығандығы. Ол дер кезінде оқыған, ізденген. Қолына домбыра алып «әләуләймен» кеткен ақын емес. Абайдың әлі де зерттелуге тиіс жақтары бар. «Бес дұшпанның» өзі осы күнге дейін маңызды дүние. Алдағы бес ғасырда да маңызын жоғалтпауы мүмкін. Оның мықтылығы – мәңгілік тақырыптарды қаузауында. Болмыстан өшпейтін тақырыптарды тереңірек меңгеруге талаптанғандығында. Ал ол талаптың арғы жағы қашанда дами береді. Даму шегіне жеткен ақын болмайды. Адамзаттың даму шегіне жету мүмкін емес.

 

– Мәңгілік тақырыптарға толығырақ тоқталсаңыз?

– Мәңгілік тақырыптарға қандай қоғам келсе де, мейлі ол қоғамның аты социализм болсын, коммунизм болсын, Тәуелсіз қоғам болса да, ескірмейтін, құндылығын жоғалтпайтын тақырыптарды жатқызар едім.

 

«Қыздың жолы жіңішке» деп Фариза Оңғарсыноваға жол бердім…»

– Сізді дүниенің құрылымы қызықтыратын секілді…

Ең ұлы іс – құрылыс! Көзіміздің алдында көрініп тұрған Астананың салынуы да, жарқырап тұруы да – адамзаттың қолынан сирек келетін істердің бірі. Сондықтан ол да – шығарманың ең үлкені. Ол қалаға Нұр-Сұлтанның атын қоюы қай жағынан болса да дәлме-дәл келіп тұр.

 

– Өткенге өкінішіңіз бар ма?

– Өкініштің өзі кейде мақтаныштан, қуаныштан, шаттықтан артық жеміс береді. Өзіңді өзің қайрамай, Құдай Тағаланың тапсырған шаруаларын толық орындамай жатып, құр мақтанға бой алдыруға болмайды. Өкініштің жақсы жағы да, жаман жағы да болады. Сондықтан бұл мәселеге тәубемен қараймын. Қалай болғанда да, жасалған іс өлмейді. Егер болар болса, өкініш – жұмыс істемеген, іс атқармаған адамда болуы мүмкін. Менде өкініш жоқ. Ал атақ-даңқ жағына келер болсақ, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, бірден-бір үміткер болғанмын. Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Олжас Сүлейменовтер барлығы дауыс беріп, қолдап отырды. Бірақ өзім «қыздың жолы жіңішке» деп жолымды Фариза Оңғарсыноваға бердім. Фариза сонда рақметін айтқан болатын. Мұны ешқашан қателік деп санамаймын.

 

– Мұқағалимен дос болыпсыз.

Возможно, это черно-белое изображение (2 человека и люди стоят)

– Иә, мінезі қызық кісі еді. Милиция­ның машинасы көрінсе, қаңбақтай ғана Шәміл құрдасына «Әне, әне келе жатыр, мені салып әкете алмайды, сен жеңілсің, сені алып кетеді», – дейтін. Сөзі мен әзі­лі жарасатын өзге де құрдастары, тұр­ғы­ластары көп еді. Менен он жас үлкен бол­са да, өз атымен Мұқағали дейтінмін. Бізді дәм-тұз жақындастырып, дос қылып жіберді.

 

– Әдебиеттің даму көкжиегін бақылап отырасыз ба?

– Әрине, қалай болғанда да, өмір дамымай тұрмайды. Ал өмір дамыған соң әдебиет дамиды. Қоғам ешқашан кері кетпейді. Алға адымдап отырады. «Тек қана аппақ көгершін ұшады, тек қана жақсылық бола береді» деп ойлау – қате. Бұл – арманға ғана сиятын дүние. Мәселен, қазақтың даналық сөздері Шекспирдің шығармаларынан кем соқпайды. Тілді дамыту – ең негізгі мәселе. Шынымен қазақ тілі дамитын болса, әлем халықтары ағылшын тілінде емес, қазақ тілінде сөйлеуі мүмкін.

– Классика деген не?

Классика деген – өзгермейтін, ең жақсы үлгілер. Қарапайым тілмен айтқанда – шексіз шеберлік.

 

– Үнемі оқып отыратын кітабыңыз бар ма?

Үнемі оқып отыратыным – Құдайдың сыбыры.

«Менің ұғымымда ең ұлы ақын – Құдай…»

Картинки по запросу "тұрсынзада есімжанов"

– Сіздердің замандарыңыз аумалы-төкпелі болды ғой…

Жас кезімде:

Мен сенбеймін Құдайға, пендеге де,

Сенейін сағымдар мен желге неге?

Көктемге де сенбеймін кейде жаумай,

Ырыс құймай кетеді жерге көне.

Мен сенемін өзімнің еңбегіме,

Халқымның қажырына, жеңгеніне, – деген өлең жазғанмын. Ал қазір басқаша ойлаймын. Бәрі де Құдай Тағаланың көмегімен жасалған. Менің ұғымымда ең ұлы ақын – Құдай.

 

 

– Еуропаның «Дон Кихотын», «Робинзон Крузосын» алсақ та, формасында Інжілмен ұқсастық бар. «Бүкіл әдебиет атаулы киелі кітаптардан бастау алды» деп айтсақ бола ма?

 – Болады.

 

– Сізді көбі мінезді кісі дейді…

– Жер бетінде 7 миллиард адам болса, бармағының ізі ұқсамайтыны секілді, ешбірінің мінезі де бір-біріне ұқсамайды.

– Бүгінгі қоғамға көңіліңіз тола ма? Ренішіңіз жоқ па?!

– Жоқ. Мүлде жоқ. Сыннан гөрі, менде ризашылық мол. Атақ деген не? «Мен Нобельден жоғарымын» деп ойлағын. Атақты алудың ең оңай жолы сол. Бірақ Нобель сыйлығын алған адамдардан кем жазбау керекпін деп, жазуыңның сапасын жөндей бер.

 

– Жас күніңізде көп жазған секілдісіз.

– Мықтылардың көбі – Сәкен, Бейімбеттер, Пушкин, Лермонтовтар жас кезінде өмірден өтті. Мұқағали да елуге толмай кетті. «Жас күнде бәрін тындырамын» деудің өзі – зор қателік. Жас келген сайын ақыл да, шеберлік те толысады. Бұл әр адамның өзінің табиғатына байланысты. Сондықтан жас кезімде бәрін тындырып кетуім қажет, қартайғанға жұмыс қалмауы керек деген – жай нәрсе. Бәрін бір Құдай біледі.

– Жаңа кітаптарыңыз бар ма?

– Шынымды айтсам, өзімді насихаттауды білмейтін адаммын. Керек нәрсе өзі-ақ көрінеді. Өзіме Құдай Тағаланың құралы есебінде ғана қараймын. Қалам болсам – Құдай Тағаланың қолындағы қаламмын. Не жаз десе, соны жазамын. Ешуақытта кітапты оқып алып, сондағы әсермен жазған адам емеспін.

– Туған жылыңызды қарап отырсам, Мұхтар Шахановпен құрдас екенсіз.

– Мұхтар бір сөзінде жақынырақ жүрейікші дегендей ілтипат танытты. Мұхтарды жоққа шығаратындар бар, олай болмайды. Ол – әдебиетке өзіне-өзі үлкен талап қойып келген жігіттердің бірі. Әрине, оны Абаймен, Махамбетпен жарыстыру – бұл жай ғана спорттық пікірлер.

 

– Адамзаттың ойлау жүйесі, сіздіңше, жаңа сатыға көтерілді ме?

– Әлі күнге әр жерде соғыстар, қантө­гіс­тер болып жатыр. Соның бәрі адамзат баласының санасы әлі де болса біз ар­ман­дағандай дәрежеге жетпеуінен деп білемін.

 

– Мылтықты қай кезде тот басады?

– Ұсталмаса – тот басады.

 

– Ғабит Мүсіреповпен біршама уақыт бірге жүріпсіз…

– Ғабеңмен Жапониядан келе жатып та­ныстық. Көбіне преферанс ойнауға шақыратын. Кейіннен бұл ойынға қолым тимейтінін айттым. Ғабит – бір ауыз сөзге сыймайтын адам. Толып жатқан атақтың бәрі адамға өздігінен келіп жабыса бермейді. Ал ол – шетелде де мойындалған кісі еді.

 

Осы тұста әңгіме ауаны аяқталып та үлгерді. Ақын қысқа және нақты сөй­лей­ді екен. Сөзге өте адал қарайтынын бай­қадым. Бір мезетте ақынның жары Тыныштық апай сөйлей жөнелді: «Бұл кісі ешкіммен бақталаспайды. Біреуге артық сөз сөйлемейді. 80 жылдығында кітаптарының бәрін шығару керек пе деп ойлаймын…».

Ақын қабырға толы кітапханасын көрсетті. Иық тірескен, жүзі қартайған кітаптар… Мұнан соң жеңіл қоштасып шығып кеттім. Иә, ол тағы да қалам мен қағаз аталатын киелі ұғымдармен бетпе-бет қала берді.

Сұхбаттасқан Батырхан СӘРСЕНХАН

 

 

Туған жер  шумақтары

Тұрсынзада ЕСІМЖАНҰЛЫ

 

ҚАБЫРҒАТАЛ

Атам-сенде, бабам-сенде,

Құрбан еткен тағдыр қатал.

Лықа толып арнаң шерге,

Жылап аққан Қабырғатал.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Дүниеден қараш қалдың,

Бір қызындың, бір мұздандың,

Жаттың түнде қара аспанның

Жұтып алып жұлдыздарын

 

Әкем сенің шүйгініңе

Жанарын шалдырыпты.

Анам сенің бір гүліңе

Жастық шағын қалдырыпты.

 

Күн нұрынан бал таттың да,

Толқыныңмен емірендің.

Толқыныңмен толғаттың да,

Дүниеге мені бердің.

 

Қаштың алып бар үмітті,

Шомылғанда дәйім саған.

Жалбызыңды жапырыппын,

Құлап түсіп тайыншадан

 

Қызық ем-ау ол кезде мен,

Жылаппын да, күліппін де,

Кездерімде ел кезбеген,

Қадіріңді біліппін бе.

 

Оралдым мен ел деп келіп,

Оралуға тиісті  те едім.

Толқыныңнан шөлдеп келіп,

Анарынан иіскедім.

 

Нәрім-сенде,  гүлдеу-менде,

Сырлар  жатқан  Қабырғатал,

Мәңгі-бақи  бұл  кеудемде                 

Жырлап  аққан  Қабырғатал.

 

БАЯНЖҮРЕК

 

 Бұл тауды Баянжүрек деп атаған,

 Самғаған сұңқар атау сан атадан.

 Сар жолдай ғасырларға созылады,

 Болмайды оның ұшы және тамам.

 

 Әр алуан құбылтады сөздің өңін,

 Семсерлі  серттей  ұстап жез білегін,

 Бағзыда Баян деген бір батыр қыз

 Көміпті  осы тұсқа өз жүрегін

 

 Дәл содан Баянжүрек қалған аты,

 Секілді  сері өлкенің салтанаты,

 Апарар әлгі  аңызды алғы ұрпаққа

 Ақын сөз, асыл нұрмен жел қанаты.

 

 Шынында жүрек десе, жүрек шіркін,

 Тың  тұма қан тамырдай шіреп  сыртын.

 Тұс-тұстан тасты жарып дірдектейді,

 Тіршілік сол жүрекке  тілеп бір күн

 

.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Ыстық  су жатыр мұнда жылжып ағып,

 Адамнан алуан дертті  жұлып алып,

 Бұл-дағы Баянжүрек қойынында

 «Арасан» атап кеткен мұны халық

.

 Жүректің жазы менен қысы бірдей,

 Тұрмайды  сағындырып  түсіңе  енбей.

 Түрегеп тұратұғын тастары көп,

 Төсінде мәңгі  қалған кісілердей.

  

 Кезеңде шалғын көктеп,  жаз гулеген,

 Мекендеп осы тауды аз күнге мен.

 Гүлімен құшақтасып ұйықтап  тұрдым,

 Сүйеніп  жартасына жаздым өлең.

.

 Ақын тау. Мұнда қалай жыр тумасын

 Өлеңге түсіреді  ол түр-тұлғасын

 Мен де бір Баянжүрек, ақ  кеудемнен

 Атқыған жырларыма жұртым  қансын.

 

БҮРКІТТІ

 Сұр көкжал бұлағы бар Бүркіттінің,

 Алатын бауырынан үркіп  тыным,

 Табиғат  тік  тұрғызып қойған дерсің,

 Оздырып тамам таудан бір мықты ұлын.

 

 Биік  шың, шалқақ  омырау, қалың қабақ.

 Мұз қатып, үскіріктің  қары борап,

 Ыңырана ызғар кеуде қозғалғанда,

 Бұлт болып бұлтың  етті бір мұзбалақ

 

 Басынан  Бүркіттінің  бұлт  жыртылып,

 Төңірек ішін тартты жым-жырт тынып

 Бірі — бұлт, бірі — бүркіт,екі құс боп,

 Біріне бірі  келіп  ырғып  мініп,

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Саңк  етті  ащы дауысы сайды сабап,

 Мұзбалақ  бұлт үстінде  жайды қанат.

 Биік  шың қолтығынан қыран ұшқан,

 Дүниеге қарт аңшыдай  қалды  қарап.

 

Үсті — бұлт,үсті — бүркіт, үсті — жалын,

 Биік шың бір каққанда  қас-кабағым.

 Ойладым орынынан қозғалтпас деп

 Көзінен құтқармас деп түскен аңын.

 

 Со  бір  шың  бейне аңшы шымыр адам,

 Төсінде бүркіт шулап, кұлдырап аң.

 Төменде қарғып аққан көкжал  су да,

 Тазыдай жем соңында зымыраған

 

 

Фотосуреттер  баяндайды 

 

 

Возможно, это изображение (7 человек и люди стоят)

Возможно, это изображение (7 человек и люди стоят)                

 

Возможно, это изображение (5 человек и люди стоят)

Возможно, это черно-белое изображение (2 человека)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Возможно, это изображение (один или несколько человек, люди стоят и текст «K оралхан бекеев»)Возможно, это изображение (3 человека и люди стоят)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Картинки по запросу "тұрсынзада есімжанов"

Возможно, это изображение (2 человека, люди стоят и люди сидят)

 

Возможно, это изображение (2 человека и люди стоят)

Возможно, это изображение (2 человека, люди стоят и на открытом воздухе)