Құрметті сайт оқырмандары. Бүгін, шығармашылықпен айналысатын азаматтарымыздың  жариялауға ұсынылған жаңа  туындыларының алғашқы тобы  келіп түсті. Оның  иегері, еліміз деңгейінде белгілі ақын, жазушы, әнші, бүгінгі күнгі ауданымыздың «Бас ақыны», мықты шахматшы, дойбышы, тағы-тағы ..., иә, «сегіз қырлы, бір сырлы», — биыл 80 жастың сеңгіріне шыққан,  Дубек Мусанов ақсақалымыз.

Дукеңе  ризашылығымызды білдіре отырып, Өзіне мықты денсаулық,  әлі де ұзақ ғұмыр тілейміз, шығармашылығының  қанаты қайрылмасын дейміз. 

МҰСАНОВ Дубек 

 

 

1937 ж. Қаракөз ауылында дүниеге келген. М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының жанындағы актерлік студияны және ҚазМУ-дің филология факультетін тәмамдаған.

Суықсай ауылындағы мектепте мұғалім, аудандық партия комитетіне нұсқаушы қызметінде болады.  Содан кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін ауданның біраз  мекемелерінде басшылық қызметтер атқарды.

Оның қаламынан туған “Киелі тас” повесі,  «Ағынды менің Ақсуым» деректі кітабы бар. Өлеңдері “Жайдарман», «Жетісу жырлайды» атты жыр жинақтарына енген, республикалық газет-журналдар,  облыстық газеттер  беттерінде  өлеңдер топтамалары үнемі жарияланып келеді. «Күй туралы аңыз», «Бөрібай батыр», «Құдайдың тізімінде қалған адам», «Қасым сондай болмаса» атты дастандары жарық көрді. 1990 жылы — “Батырлар жылына” арналған облыстық мүшәйрада “Қарт жауынгер жыры” балладасымен 3-орынға ие болды. Ілияс Жансүгіров өміріне  байланысты  “Қызыл тамшы” драмалық поэмасы, “Арсалан – Қымбат” романын  жазды. Француздың ұлы драматургі Жан Батист Мольердің “ Лекарь по неволе”  («Елде жоқ емші») пьесасын қазақ тіліне аударған. 2006 ж. «Мұқағали Мақатевқа», «Төлеген Айбергеновке», “Даниярдың монологы” (Шыңғыс Айтматовтың “Жәмилә” повесінің ізімен) балладалары жарық көрген. “Ағаңды таны, шырағым”, “Сал дәурен” атты өлеңдеріне сазгер М. Егінбаев әндер жазған.    Ақсу ауданының құрметті азаматы.

 

Осы өмірбаянға Дукеңнің өзінің қосқаны:

Мен қаһары қатты «отыз жетінің» наурыз айында «Қаракөз» аулының «Қасқалдақ» деген жерінде туыппын.Сол жылы ел ішін індет жайлап адам шығыны аз болмаса керек. Әкем Мұса ағайынды үшеуі қатар жығылып: әуелі ағасы-Әубәкір, оның қырқында інісі-Рамазан, менен үш жас үлкен ұлы-Құсбек дүние салыпты. Құсбекті қойып келгенде дүниеге тірі шілде мен келіппін.

«Шүйінші!» — дегендерге: «Лақтырып жіберіңдер.Ол адам болғанша қай заман!» — деп,жылап жатып қалыпты.

Еркенің еркесі болып өстім,бірақ мектепке келгенде үздік оқыдым.

М.Әуезов атындағы академияның жанынан ашылған актерлік студияны,одан соң ҚазМу-да тамамдадым.

Мектеп мұғалімі,  аупартком нұсқаушысы болып,  басшы қызметтерде істедім.

Алғашқы өлеңдерім Әбділда Тәжібаевтың сәт сапар тілеуімен «Лениншіл жас» газетінде жарияланды.  Содан былай «Жұлдыз», «Жалын», «Парасат» журналдарында жазған шығарылым жарық көріп тұрды.

«Жайдарман», «Жетісу жырлайды» ұжымдық жинақтармен бірге Қадыр Мырзалиевтің төрағалығымен өткен Қасым Аманжоловтың «90 жылдығына» арналған мүшайрада өлеңдерім жинаққа кірді.

 

Бір сұранып,  алдынан қайтып келдім...

 

Бір сұранып,  алдынан қайтып келдім,

Көргенімді қалдырмай айтып келдім.

Хор қызынан көп артық Тұрсынбалам,

О жақтың да тамырын тартып көрдім.

 

Ас пісіріп хор қызы газ жақпайды,

Күлкісімен жаныңды маздатпайды.

Сағынасың ауылды, ағайынды,

Мұң ұялап, шегесің аздап қайғы.

 

Дем тартпайсың, шықпайды иіс тағы,

Жайқын өмір, дүние – тыныш бәрі.

Күндіз түні Аллаға салауат қып,

Лә – илл – лә – һа, илл – ал – ла – жұмыстары.

 

Баласына, мұсылман мұрат та әйгі,

Алам десең, аласың ұнатқанды.

Бәрі жақсы...бір кетсең...үй жағыңа,

Қайтармайды, қайтадан сұратпайды.

 

Ерік берсе көрмес ем бір күнің де,

Не жетеді қаз қанат қыр гүліне.

Мұрша берсе кең Аллам риза –қош!

Жүре берем азғантай тірлігім де.

 

Бір сұранып, бір жолға қайтып келдім,

Көргенімді қалдырмай айтып бердім.

Ағайын жоқ, о жақта досың да жоқ,

Ақырындап тамырын тартып көрдім.

 

Достық туралы ұғымдар мен жұғындар

 

Дос тұттым сені адалым көріп, Қарқара көңіл алыста,

Адалым деуге дайын ем, қолды кеудеме қойып нан ұстап.

Бармағың бүгін, астарын аңдып әр сөздің,

Білмеппін бірақ жүретініңді қарыстап.

Жылулы күнде жып-жылы ғана жымиып,

Қыраулы күнде қойыныңа тығып,қар ұстап.

 

Сен келсең жайнап,

Қуанушы ем бір таңым күліп атқандай.

Әңгімемен жастанып жатып,

Ақ мамыр түнді мақпалдай.

Жүрегі дүлдүл асылдар бар-ау,

Қаратаудан да қарғыған,

Кеудесі көркем алғыр ән,

Осқыра қарап тұрмайтын аяғы астында жатса жар құлап.

«Жылқыға жаман жал бітсе, жанына торсық байлатпас»,

Жегімге түстес  түстік жер құлағы қалатын салбырап.

 

Баласаздың  шалдары-ай

Баласазды, туысқан білесің бе?

Жайлау түгіл, тасына гүл өсірген.

Немересін жетелеп, тай мінгізіп,

Өлеңдеткен шалдары жүр есімде.

 

Тәй-тәй басса, жарылып той қылатын,

Тайға мінсе, келгендей тау құлатып.

Айтып сойып бір малын

Басын қосып,

Шежіре айтып кәрілер ой қуатын.

 

«Дың-дың-дың-дың» домбыра дыңылдаған.

Қолын созса немере жымыңдаған,

«Күйші болар, о тәуба, өзіме ұқсап,»-

Деп атасы оны да ырымдаған.

 

Дойбышы еді кәрілер шеттерінен,

Тақта үстінде тартысып көк бөрідей.

Ұмытылып достығы жайшылықта,

Беретұғын ет кесіп еттерінен.

 

Бір тізесін немере ат қып мініп,

Кең әлемде «жалғыз күн» шалқып күліп.

Қалғып-шұлғып бір кезде ұйықтайтұғын,

Дидарынан жаз иісі аңқып тұрып.

 

Аяп берген Алласы сиға мұндай,

Қуаныштан қария тұр жарылмай.

«Атасының аузынан түсіп қалған»,

Атасына немере иманындай.

 

Қалған әдет қазаққа бұрынғыдан,

«Иесі», -деп «шаңырақ» ырым қылған.

Осы мырза болашақ «Отағасы»,

Атасының жүрегін жылындырған.

 

Атасының етігін киіп алып,

Күн шуағын көзіне жиып алып.

Сары шалдың «қаз тұрса» немересі,

«Сақтай гөр!» — деп құдайға сиыналық.

 

Алтын туралы әңгіме

(Новелла)

Дуылдасып үңілген ел «...Алтын», — деп,

Жамырасқан жанарларда жарқыл көп.

Тіске басып, біреу ұстап таңданып,

Қарап тұрдым сырт жағынан салқын кеп.

 

— Шіркін! Шіркін!.. -десіп жатыр «Шіркіндер»,

«Ер құнындай!»-деді біреу іркілмей.

Он жұтынып, сілекейге шашалады,

Қомағайдың көмейі де бүлкілдеп.

 

— «Алтын қымбат,»-деді бір қарт, -десе де,

Тең келмейді тіршілікке бір күндей.

Көрдік алтын-күмісіңнің шамасын,

Соғыс жылы.Кең сарайға адасып.

 

Кіріп кеттім. Құйма алтын...асыл тас...

Тау боп жатыр, көрсең естен танасың.

Аттай бере неше өлікке кез болдым,

Байғұстардың бола алмапты панасы,

Бомба түсіп қиратқан-ау шамасы.

Адам қымбат бәрінен де, қарағым,

Қымбаттатқан алтынды адам санасы.

Жылтырауық мұның түсі болмаса,

 

Бұл да темір, дұрыстап бір қарашы.

Қайыр тілеп қалған қанша патша бар,

Алтын атып, шашқан текке ақшаны әр.

Көзбен көрдік,а лтын жинап оққа ұшқан

 

Соғыста да дүниеқор бәтшаһар.

Сүйеді жұрт «Алтыным» деп баласын,

Өз баласы әркімнің-ақ дара шың.

Көзінен нұр шашылғанда ананың

 

Шынында ұлы «алтын» ба деп қаласың.

Елге оралып, үш сүйгенде ұлымды,

Жүрегімнің жаздым қатқан жарасын.

Бүлінгеннен бүлдірге де алмадым

 

Жібермеді ақылымның салмағы.

Арын сатпас алтын үшін кешегі,

Бабалардың артық санап аруағын

Жарым сүйдім: «Алтыным!» — деп жасқанбай,

Тең келмейді алтын да оған аспандай.

«Алтын жиған өліпті аштан» деген бар,

Өткендер аз алтынына мастанбай.

 

Алтын да рас жатқан жоқ-ау күреліп,

(жұлқысқан жұрт бірі қалып,бірі өліп).

Мың алтыннан мың есе артық бір күннің,

Өмір соған тұрған жоқ-ау тіреліп,

Менің осы, қарақтарым, білерім.

Мен бас изедім.

 

Құстар қайтып барады

 

Түн салқындап келеді күндегіден,

Шоғыр. шоғыр бұлт көшіп түйдегімен.

Сурет салып аспанға неше алуан,

Топ-тобымен қаз ұшып, түйдегімен.

 

Арқан керіп көк аспан аясында,

Түзу сызық...үш бұрыш жарасуда.

Шеңберлене айналып айна көлді,

Даярланып жүргендей жаңа асуға.

 

Көш бастаушы үн салып, жол ашады,

О,табиғат! Қараңыз тамашаны.

Ақырындап аспанға көтеріліп,

Біртін-біртін шарықтап тау асады.

 

Жұлдыздарға жетердей биіктеген,

Неше оралып, заулайды құрып «көген».

Балапанын үйірлеп, адастырмай,

Ата-аналық осы да «ғұрып» деген.

 

Құс та болса ұрпағын тастамайды,

Әуенімен тербетіп аспан-айды.

Бала туса «түндегі көбелектер»,

Олар үшін арылмас баста қайғы.

 

Қайтем құспен оларды салыстырып,

Бояп алды бұл күнде таныс қылық.

Адамнан ба білмеймін, заманнан ба?

Таусылған ба адамнан намыс құрып?

 

Бір салқындық сеземін күндегіден,

Адасқандай ақылым білгенінен.

Күн өтерін құс құрлы ойламаппыз,

Жыбыр-жыбыр тіршілік күйбеңімен.

Өтеріңді білмеппіз өткінші,өмір,

Құстар қайтып барады түйдегімен.

Әйеншекті ауру да басынады,

Аяласаң шығып ап басыңа әлі,

Күре тамыр күркілдеп шықшытыңнан,

Оған қызық қан қысып тасығаны.

Төсек тартып көп жатсаң күйің кетіп,

Іздегені науқастың жасығаны.

 

Шаншымалы шаншу да жүректегі,

Әлсіретіп өкпеден жүдетпегі.

Бүйрегіңнен бұрғылап, баурыңды езіп,

«Соқыр ішек» байланып, қыл өтпеуі.

 

Түрі де көп аурудың естімеген,

«Шошқа тұмау»,«құс тұмау» — бес түрі ерен.

Емшінің де мұрты бір майланады,

Ем қолданып,дертіңе кескілеген.

 

Әр пендеге жан керек емделесің,

Жемқор болса,емшіге жем бересің.

Тақыр таза қалтаңның түбін қағып,

Далбастайсың, жан тәтті өлмегесін.

 

Қан тасиды алқымнан қысып алып,

Бет қызарып, өзгеріп түсің анық.

Дәрі сасып ауызың безектейсің,

Қиналғанда алдына түсіп алып.

 

Жедел жәрдем келе ме кешікпей ме?

Дөңгелейсің келгенше есік-төрге.

Адамзатқа кең Аллам:

Денсаулық бер,

Ұрпағымды жаяйын өсіп мен де.

 

Иектесе ауру да басына кеп,

Жығыласаң да сабыр ет жасыма тек.

Қорықпасаң ол дағы байқайды екен,

Жалынғанмен жан қалмас басына теп,

Жан сауға да ес жина,жасыма тек.

 

Дүбек Мұсанов   Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Ақсу ауданының құрметті азаматы.