Димашқа деген ақ бата

 

Құрметті сайт оқырмандары, қонақтары!  Ақсулық азаматтар!

Сайтымыздың өткен парағында ауданымыздың төл баласы, үлкен өнер иесі ЕРБОЛ ОРАЗБЕКОВТЫҢ екі шығармашылық еңбегімен Сіздерді таныстырғым келгенін айтқан едім. Соның біріншісі ретінде, өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Ақсу өңірінің атын шарықтата шығарған, иелерін республикалық бәйгеде жеңімпаз атандырған, бүткіл Ақсу елінің ерекше мақтанышына айналған, «ТҮЙМЕБАС» атты жүйрік арғымағымыз туралы поэмалық тұрғыда аталған шығармасын жариялаған болатынмын. Оны көрмегендеріңіз болса, ізін суытпай танысып алыңыздар.

Ал, қазіргі жариялап отырғаным, бүгіндері әлемдік деңгейде мемлекетіміздің мәртебесін ерекше арттырып, қазақ халқының атын миллиардтаған адамдарға паш етіп, етене таныстырып жүрген әнші баламыз, үлкен азаматымыз ДИМАШҚА деген Ерболдың  арнауы, өзекжарды тілегі, берген ақ батасы болып отыр. Қабыл алыңыздар!

 Жақсылап  тыңдаңыздар, оқыңыздар. Содан кейін, Ерболдың осы шығармашылықтары туралы сайт бетінде пікірлеріңізбен бөлісіңіздер, «коммменттеріңізді» қалдырыңыздар, оған деген ниеттеріңізді білдіріңіздер.

 

 

Димаш Құдайбергенов бауырымызға

Ербол ОРАЗБЕКОВ

 

   

Димашжан құтты болсын жеңісіңіз,
Тілекшіміз əрдайым сен үшін біз
Еліңнің төл өнерін танытам деп,
Түстің ғой бұл додаға ел үшін сіз.

Өлеңді шырқағанда сойылдаттың,
Барынша əрлеп, бағып, қоюлаттың.
Ауыздарын аштырып миллиардтардың,

Қазақтың кім екенін мойындаттың.
Қайдан шыққан деп сені сұрайды елден,
Керемет талант деп қазаққа шырай берген.
Таныстырған кезде де ерекшесің,

Тегіңнің өзі айтқандай Құдайберген!
Шүкір дейміз құдайдың бергеніне,
Перзенттік пайдаң тиді елге міне.
Қазанаттай қанатты шабысыңмен,

Алды болып қидың ғой көмбені де.
Жаңылмағын осы бір шабысыңнан,
Ізіңнен құйындатып шаң ұшырған.
Жеңіс туын желбіретіп жеткізерсің,

Жаратқан болса егер бақ ұсынған.
Бəрі де бір Алланың қалауында,
Нұр жаусын Димаш бауыр талабыңа.
Үкілеген үмітін ақта еліңнің,

Береке нəсіп етсін қадамыңа.
Білеміз, дауысыңның бөлегін біз,
Үстем болсын əрдайым өнеріңіз.
Оралғын ортамызға орын алып,

Ақ бата Өзіңізге береріміз.
Бұлбұлдай сайрағанда үнің бөлек,
Сондықтан да тамсанып, үңілді көп.
Əлемдегі сирек дауыс иесі деп,

Қытайлар басын иіп, жығылды кеп.
Тым ерекше өнерің бар дараланған,
Жан жоқ шығар қызығып қарамаған.
Еңбек етсең күні — түн дамыл таппай,

Бағыңды да жаратқан жағар алдан.
Көпте болмас дауысың — бөлек екен,
Тыңдағанда тамаша ерек екен.
Қос əншінің баласы құр бола ма?

Қасқадан төбел туар деген екен.
Алланың берген сыйы ата — анаңа,
Ісіне ұлы Алланың қата бар ма?
Тегінде түгел жүйрік болса егер,

Құрсағында құр тұлпар жата ала ма?
Жүйріксің дара шабар аламанда,
Бəрі бірдей сен құсап шаба ала ма?
Ағаң болып, батамды берейінші,

Жəрдем қылсын бауырым, саған Алла.
Жұлдызыңды жаратқан жақты бүгін,
Топқа түсіп, көрінді нақты құның.
Айтқан тілек, берген бата қабыл болып,

Берсін Алла өзіңе сəттілігін
Əдетіңнен адамдық жаңылмарсың,
Саған да айтылатын табылар сын.
Өзіңе сен, бауырым, Аллаға сен!

Жүрегіңе жұдырықтай бағынарсың.
Ағалық айтып жатқан тілегімді,
Жалпы қазақ атынан деп қабылдарсың.