Сайтымдағы бүгінгі әңгімеміз - Қазақтың «тұйғын ақыны» аталған, Ақсу жерінің  алып тұлғаларының бірі Қуат Терібаев атамыз туралы.

  Мақаланың «Қуат-1» деп аталуы, бұрынырақ сайтымда айтылғандай,  бүгіндері халқымызға жақсы танымал, дарынды өнер иелері  ақын Қуат Қайранбай, жазушы Дәурен Қуат сынды атамыздың ізбасарлары, Ақсу жерінің азаматтары болғандығынан...

 Төменде көпшілік оқырмандарымызды жақынырақ таныстыру мақсатында ақынның өмірдеректері, атамыздың туған келіні, ауданымыздың ардақты азаматы, елағасы Ажар Сәрсембайқызы Сеңкібаеваның ұсынған әр жылдары газеттерде жарияланған мақалалар мен суреттері, және де халық ақыны Қалқа Жапсарбаевпен айтысынан үзінді беріліп отыр. Қабыл алыңыздар!

 

*       *       *

  Құлаққағыс:  Егер осы сайтта «жоқ болсаңыздар», оған жазылуды ұмытпаңыз!! Ол үшін оң жақтағы немесе  парақтың  астындағы  терезешелерге  адрестеріңізді  енгізіңіз!  

Және де  дайындалған  электронды  кітаптарға тапсырыс беріңіздер!

 

 

Қуат  ТЕРІБАЕВ

(1891—1952)

 

  Халық  ақыны.  КСРО Жазушылар одағының мүшесі.

  Алматы  облысы  Ақсу  ауданы  Көкөзек  ауылында  туған.

  Ол жастайынан ауыз әдебиеті үлгілерін, қисса, дастан, айтыс өлеңдерді көп тыңдап, оқып өскен.  Тайкөт ақыннан, Әсет Найманбаевтан Абай өлеңдерін, «Татьяна–Онегин», «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», «Қыз Жібек» дастандарын жаттап алады. Оның жырлаған  «Татьяна–Онегин» дастанының нұсқасы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланады. Отан, жаңа тұрмысқа бейімделген ауыл өмірі, т.б. тақырыптарда жырлар   толғады.

   Соғыс жылдары  “Күшіне  қаһармандық  мінді  халқым”, “Ел сәлемі–ерлерге”  атты өлеңдерімен  халықты фашизмге қарсы күреске шақырды «Күнсағила», «Қайтқан кек», “Айжан–Жанша”  поэмалары  мен бірнеше өлеңдері “Өмір жыры” (1951)  деген  атпен  жеке  кітап  болып жарияланды. Мәскеуден шыққан  «Дала жыры» жинағына топтама өлеңдері  енген.  «Көкөзек»,  «Ағынды Ақсу»  атты  кітаптары жарық көрді.

  Айтыскер  ақын ретінде  Республикалық,  облыстық  сайыстарда  бірнеше рет жүлдеге ие болды. Төлеу Көбдіков, Жақсыбай Жантөбетов, Қалқа .Жапсарбаевпен  айтысқан. 1936 жылы өткен республикалық айтыста  Мұхтар Әуезов  оны  «Тұйғын ақын»  деп атаған.

  Ақын есімі туған ауылындағы орта мектепке және Мәдениет үйіне берілген және де бюсті қойылған.

 

 

Ақсу ауданы Көкөзек ауылы. Қ.Терібаев атындағы Мәдениет үйі  мен орта мектеп.

Қуат Терібаев бюсті

 

  Қуат Терібаевтың бюсті 1991 жылы ақынның 100 жылдығын  мерекелеу күндері ашылған. Бюст ені 1,5 м, биіктігі 3,0 м  болатын тас постаментке орнатылған. Ақынның кескін бейнесі диаметрі 1,2м, биіктігі 1,0 м болатын тастан құйылып, қара сұр түске боялған. Ескерткіштің екі жақ шетінде көлемі 18 ш.м  болатын гүлзар бар.

 

 

Мұрағаттық жазбалардан ...

 

 

 

 

 

Айтыстың алып өкілі

 С. Қорғанбаев — аудан әкімінің орынбасары

 "Ақсу өңірі" газеті, 16 қыркүйек 2016 жыл 

 

Қазақтың дәстүрлі әдебиетінің аса дарынды, асқақ жаратылған алып тұлғаларының бірі – жерлесіміз Қуат Терібаев ақынның туғанына биыл 125 жыл толды. Ол кезінде ұлы Жамбыл Жабаевтың өзімен терезесі тең түскен, екеуі де бір мезгілде Қазақстанның халық ақыны атағын алған ақтаңгер ақын.

 

  Қазақ  әдебиетінің тарихындағы айтыстарды зерделеген Мұхтар Әуезовтың өзі оның 1936 жылғы өнерін көріп, «тұйғын ақын» деген баға берген екен. Бұл әрине, әлем таныған  ұлы  жазушының аузынан шыққан дуалы сөз, әділ баға деп білеміз. Оған Қуат атамыздың кез келген айтысы немесе өлеңдері айғақ бола алады. Олай дейтін себебім 1991 жылы ауданымызда Қуат Терібаевтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Кең көлемде ойластырылған аталған шараның басы – қасында мен де болдым. Дәлірек айтқанда сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы ретінде әр атқарылатын шараға жауап бердім. Мерейтой құрметіне ақынның туған ауылы Көкөзекте зәулім мәдениет үйі салынып, оған Қуат Терібаевтың есімі берілді. Оның алдындағы алаңға қоладан құйылған ескерткіші орнатылды. Тойға келгендерге тәбәрік ретінде беру үшін Алматыдағы «Жазушы» баспасынан «Көкөзек» атты кітабын шығардық. Кітапқа ақынның бұрын жарық көрген өлең – жырлары, дастандарымен қатар оқырмандарға белгісіз болып келген шығармалары да енді.

  Ақын мұраларын жинап, бастыруға жерлестеріміз, Сәтбаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Жамалхан Мамырбекова, келіні Ажар Сеңкібаева, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық бөлімшесінің төрағасы Мұхаметәлі Қазбанбетов, аудан мектептері мен мекемелерінің басшылары үлкен көмек көрсетті. «Ойымнан ақтарайын сөздің мүлкін, жасартып жайнатайын көрсін » деп Қуат ақын өзі жырлағандай бұл кітапта республикаға әйгілі ақындар Қалқа Жапсарбаев, Жақсыбай Көбдіковтармен айтыстары да енді. Көксулық Қалқамен айтыста біздің бабамыз Ақсу ауданының намысын қорғап, жерлестеріміздің жеткен жетістіктерін  тамаша  суреттейді.  Беткейінде  мыңғырған жылқы жайылып, төскейінде шалқыған егін өскенін мақтанышпен жеткізе отырып, Ақсуда 3 МТС істейтінін, ал қарсыласы жақтағы Мұқыры МТС-і оның ширегіне жетпейтінін айтады. Жалғыз МТС-тері техника жөндеп үлгермегендіктен «Мұқаншы» деген ұжымшарының 2 гектар бақшадан жалғыз қияр ала алмағанын ащы сынайды.

  Сондай – ақ, Қуат  ақын  Жамбылдық  Жақсыбаймен  айтыста да өзінің осындай өткір де, ойлы «шабуылымен» жеңіп шығып, жер жаннаты – Жетісудың табыстарын ауыз толтыра паш етеді. Оның  ішінде Ақсу ауданының қол жеткізген жетістіктерін асқан  шабытпен  жырлап,  өңірінен шыққан Еңбек Ерлерінің өнегелі істерін паш етеді.  Екінші  жағынан қазақ халқының дәстүрлі айтысының құдіретін сездіріп, оларды мәдени мұра ретінде кейінгі ұрпағына қалдырды. Қуат бабамыздың жолын жалғастырған біздің ауданның айтыскер ақыны Бекболат Атанбаев сол жолы Жамбыл облысынан келген Алтынкүл Қасымбековамен ақтық сынға шығып, жүлдегер атанды.

  Әлі күнге ауданымызда айтыс өнерін дамытуға байланысты мәдени – көпшілік шаралар өтіп тұрады. Оған мысал келтіретін болсақ, осыдан біраз жыл бұрын аудандық «Қобызшы Молықбай» атындағы мәдениет үйінде сол кездегі директор Болатқан Боранбаевтың ұйымдастыруымен «Жарық жұлдыздар» атты байқаулар өтіп, оған өзіміздің ауданның айтыскерлерімен бірге Қытай елінен де қандастарымыз қатысты. Күні кеше ғана аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Амантай Айтбаев ағамыздың ұсынысымен аудандық айтыс өтіп, бүгінгі облыс ақындарының айтысына қатысатын талапкерлер анықталды. Оның жеңімпазы болған Бекболат Атамбаевқа да осы жолғы өңірлік ақындар айтысында шығармашылық табыс, сәттілік тілейміз.

  Ауданның  мектептерінде,  кітапханалары мен мәдениет үйлерінде Қуат Терібаевтың 125 жылдығына орай жыл басынан бері көптеген шаралар ұйымдастырылып, олардың өткізілу барысы аудандық «Ақсу өңірі газетінде жарияланып тұрды.  Сонымен  қатар  газетте  «Қуат Терібаевтың 125 жылдығына» атты тұрақты айдар ашылып, онда тұрғындардың, мектеп оқушыларының арнау өлеңдері,  естеліктері берілді. Көкөзек ауылындағы Қ.Терібаев атындағы орта мектепте аудандық білім бөлімінің басшылығымен «Жас ақындар айтысы» өткізіліп, жүлдегерлер, талапкерлер жыл сайын марапатталып келеді. Айта кету керек, бұл мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің шақыруымен жас ақындар айтысына республикаға белгілі ақын, Алматы облысы бойынша ақындар мектебін ұйымдастырушы Айтақын Бұлғақов та қатысып, қазылық етумен бірге өзінің өнеріндегі бай тәжірибесімен бөлісті.

  Мұның сыртында «Өлеңді ағытайын әнге бөлеп», «Ақтарайын сөз мүлкін», «Оқушы жастарға» сияқты Қуат ата өлеңдерінің тақырыптарына құрылған әдеби – танымдық сағаттар мен Жамбыл Жабаевтың биылғы 170 жылдығына байланысты кітапханаларда өткен «Жамбыл және Қуат», «Қазақстанын жырлаған Қуат», «Тұйғын ақынның дастандары» атты оқырмандар кештері де жас ұрпаққа үлкен өнеге – үлгі болды деп ойлаймыз. Ондай орталарда Қуаттың өзге ақындарға ұқсамайтын қолтаңбамен жазылған ерлік пен махаббат тұрғысындағы «Айжан – Жанша», «Қайтқан кек», «Күнсағила» поэмаларының айтар ойы, мәні мен мағынасы талданды.

  Қорытып айтқанда Қуат Терібаев атамыз  қайталанбас  ірі тұлға болуымен артындағы ұрпағын мәңгі мақтаныш сезіміне бөлейді. Ел аман, жұрт тыныш болып, ақын атамыз көксегендей береке – бірлікте еңбек ете берсе екен дейміз. Мерейтой құтты болсын, қадірлі қауым!

  •   

Қуат Терібаевтың халық ақыны  Қалқа Жапсарбаевпен

айтысынан:

 

Халық ақыны Қалқа Жапсарбаев


Халық ақыны Қуат Терібаев

 

« Лепсі мен Ақсу, Бүйен, Басқан, Сарқан,

Толқыны тас көтеріп аққан тарпаң.

Егін сап, малын бағып жағасына

Өрістеп колхозды елім өсті дарқан.

Ежелден сол бес өзен жерленгенім,

Қонатын саяхаттап кернеп елім.

Қаракерей Қабанбай, ер Бөгенбай,

Білесің жауға намыс бермегенін.

Ел үшін жанын қиған қаныменен,

Батыр  Шоңай, Бұғыбай, Сәрімендемен.

Қалмақты Жетісудан қуған солар,

Түсірген табанына сермегенін.

Халықтың қорғаушысы батырлардың,

Әшейін атын атап тербегенім;

Ұрпағы сол батырлар ер Нұрсұлтан,

Кім білмес сары жұлдыздай өрлегенін.

Жиырма сегіз батыры қасындағы,

Білесің жауға қылыш сермегенін.

Кировтың ардақтаған Қалқасына,

Дұрыс па жөн көрсетіп бермегінім.

Кешегі ақын Майкөт, Толғанбайдың,

Су ішіп, суатынан жем жегенмін;

Құл ақын, сал Ниязбек, өр Кеншінбай,

Осылар уақытында өрнегі елдің. ...

 

*     *     *

... Аршалы, Қоянкөз бен Сарытау, Жүрек,

Шыңдары паңданады көкті тіреп,

Қоянкөз, Ақшұнақтың аңдары ну,

Бауырында ойнақтаған арқар түлеп,

Аспанға мойнын созған қарағайы,

Тұрғаны табиғаттан тілек тілеп.

Төгілген төмен қарай қорым тастар,

Шатқалға тастағандай біреу күреп.

Құрақсу  құмға барсаң, Ақжал, Бүйен,

Балқашқа құлаш ұрып жатыр иен.

Тайсойған, Үлек пенен Жарамжалда,

Кең байтақ өрісім сол отар малға.

Су ішіп Сарытұмадан күніне бір,

Тірілді Ақтау менен Қаражар да.

Қалың мал кернеп жатыр ақ даланы,

Көлдері малға сусын арнадағы. ...»