Құрметті оқырмандар!  Бүгін сайтымда, өткен ғасырдың 70-90 -жылдары Жетісу, Ақсу өңірінің өнер кеңістігінде  жалаулатып, жалындатып ақындық  шығармашылығымен   және еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында азаматтық белсенділігімен ерекшеленіп, еліне ерен, біртума тұлға ретінде танылып үлгірген Жамау БҰҚАРБАЕВ  туралы әңгіме басталып отыр. Ғұмыры жарты ғасырға жетпей, 1994 жылы өмірден өткен оның есімі мен шығармашылық еңбектері  кейінгілерге танымдық тұрғыда  біршама  сұйылыңқырап бара  жатқандығы  бар еді.

  Сондықтан да, сайтымның мақсат-бағдарына сай, менің Өзіммен төл құрдас болып келетін Жамаудың азаматтық бейнесін жаңғырту мақсатында, ол туралы алғашқы жазбаларды беріп отырмын.  Әзірге олар, оның өнер жолындағы замандас-әріптестері болған  Ақсулық ақындар  Жемісбек Толымбеков, Нұрғали Омарқұлов және Арасанбай Естеновтің ол  туралы  әр  жылдары  жазылған  мақала  мен  арнау-еске  алу  өлеңдері.  Қабыл алыңыздар!

  Бұдан ары қарай да, сайтта ол туралы танымдық мақалалар,  өзінің де шығармашылықтары жарияланатын болады. 

 

 

Жамау  БҰҚАРБАЕВ 

   

   Жамау БҰҚАРБАЕВ (8.9.1949., Ақсу ауданы, Діңгек ауылы — 17.2.1994) - ақын. ҚазМУ-ді бітірген соң «Жерұйық»  газетінде тілші, 1990-93 ж. Сарқант, Киров ауданы газеттерінде редактор болды. Жергілікті «Азат» қоғамының  және тіл  басқармасы  «Аққұс»  шығармашылық  қауымдастығының төрағасы болды. «Баспалдақтар», «Пері қызына хат», «Жайдарман» атты шығармаларымен танылған.

    Ақсу  ауданы  орталығында Бұқарбай атындағы көше бар.[1]

    Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

 

 

Бұқарбаев Жамау

  Жамау емес қалаумын,

 “Мен” дегенге сабаумын.

  Ақындарға жан пида,

  Алаяқ қуға қамаумын.

 

   Жамау емес жалаумын,

   Орта құрсақ жараумын.

   Жай халыққа жомартпын,

   Басқаға Қарынбай қараумын.

 

   Жамау емес жауырмын,

   Бар қазаққа бауырмын.

   Толғанбайдай толқыған,

   Жалмендедей ауырмын.

 

 

  Жамау емес жаяумын,

  Жиенбайға таяумын.

  Арсалаң ақын сияқты,

  Жібектей жұмсақ баяумын.

 

 

 

Ақиқаттың адамы

Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ

 

                                                      «Бір ғанамын,  Бар болғаны ұл ғанамын.

                                                      Байлауы жоқ, баянсыз, беймаза өмір,

                                                      Көп екен шырғалаңың, шырғалаңың.

                                                      Көп екен шырғалаңың, бұралаңың,

                                                      Жанымды жеп, жүректі тырналадың.

                                                      Опасыздар сан саққа жүгіртсе де,

                                                      «Адам» деген атымды былғамадым!»

                                                                            ( Жамау ақын зиратындағы өлеңі)

    Қырық төрт жас ғұмырында артына өшпес мұра қалдырған ақын, журналист, публицист, қоғам қайраткері Жамау Беркімбайұлы Бұқарбайды білетіндер «ақиқат адамы» дейді. Өйткені, Жамау Бұқарбайдың жасаған ісі адал да әділ, айтарын ірікпеген ақиқатты еді. «Мазасыз жүрек» немесе Жамау ақын жырларымен сырласуында («Жетісу» газеті, № 3, 2007ж) ақын Жомарт Игіман «өзің туралы жылнамаларға түсетін деректер тым сараң» депті.

 

  Бұл рас. Бірақ, Жамау ақын жайында білмек тағылым әлі жазылмақ деген ниеттеміз. Жамау ақынның шешесі, сексеннің  сеңгіріне келген Баян ананың баянына құлақ түрелік. «Ата дәстүр жоралғысымен күйеуге он төрт жасымда шықтым. Төрт  балам жастай өліп, тоқтамады. Жамауым – бесіншім,  өмірге  қасиетті  бата, аянмен  келді. Балаларым  шетіней  берген  жайды  ескеріп,  жиырма  екі ұрпағы тоқтамай, жалғыз Өмірлік деген қызы бар, қасиетті Ер Тоқпанбет ұрпағы, Телібай болыстың Бөрібегі «қызым  Өмірлікке тартқан ұл берсін» деп, Ұлы Отан соғысынан  кейінгі  қиыншылықты 1948 жылы үйіне шақырып, дәм татырып, батасын берді. Батасы оң болып, бойыма  бала бітіп, жүкті болдым. Босанар күні алдында түсіме тірлігінде көрші тұрған, марқұм, елі Қайнар, Солтабай қария кіріп, жеңінің жамауы бар күпәйкені көрсетіп, екі мәрте «жамау» деді. Жамаудың есімі осындай ырым-жоралғымен қойылған.

 

  «Жамау» повестінде публицист, журналист Мұқаметәлі Қазбанбетов: «Жамау ақын өмірден 1994 жылы, 14 қаңтарда,  жұмбақ  күйде өтті. Жұмбақ өлім сырын қалың жұрт түсінбеді. Жыртығымызға жамау еді. Ақсу арысы болып өтті!» — деп жазады. Халықта «ел қамын ойлап, қорғағанды арыс» депті. Жамау ақын облыстық кеңестің депутаты бола жүріп, талай келелі мәселелерді жөн шештіргенімен қатар, Ақсу ауданының халқын құбылмалы астан-кестен  қиындық  уақытта  коммунист  басшы  тезінен  қорғап қалғаны бар. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін, Ақсудан Алматыдағы Республика алаңына он азамат пен бір қазақи киіз үй апарып тігіп, белсенді ақтаушылардың бірі болды. Ұдайы ақ жол ақиқаттан таймады. Халқы Жамау ақынды, өмірден озғанымен, еліне сіңірген әділ, өрелі, өркен істері үшін «арыс» деп бағалады. Өмірден өтпес бұрын, Жамау ақын «менің өскен ауданымның атынан ел ахуалын білмейтін, мұнда тұрмаған, зейнеткер депутаттыққа түспекші екен» деп, депутаттыққа  ұсыну  мерзімі  аяқталуға  аз  қалғанына  қарамастан,  аяқ  асты  қажетті  қол жинап, аты-жөнін керекті  тізімге тіркетіп, облыстық  депутаттыққа қайта өзін ұсыныпты.  Бірақ,  сұм  ажал  мақсатына  жеткізбеді.  Сол жинаған  құжаттарда  Жамаудың  өз қолтаңбасымен жазған өмірбаяны сақталған. Содан сәл деректейін.

 

  «Мен, Жамау Бұқарбай  орта  мектепті  бітіріп, 1968 жылы әскер қатарына алынып, Отандық борышымды өтегеннен кейін, № 2307 жылжымалы механикалық колоннада құрылысшы болып жұмыс істедім. 1971 жылы «Діңгек» совхозындағы Н.Есеболатов атындағы орта мектеп жанынан ұйымдастырылған интернатқа тәрбиешілік, 1972 жылдың көктемінде аудандық «Өмір нұры» газетіне тілшілік қызметке шақырылдым. Сол жылдан бастап қол үзбестен шығармашылық жұмыспен айналысып келемін. 1975—1988 жылдар арасында облыстық «Октябрь туы» (қазіргі «Жерұйық») газетінде тілші, меншікті тілші, 1988—1990 жылдары аудандық газеттерде редактор болып қызмет атқардым. 1990 жылы Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы аудандық бөлімінің төрағалығына сайландым. Білімім жоғары, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқып, 1979 жылы тамамдадым. Әдеби шығармашылық өмірімде қазақ оқырмандарына екі жыр кітабын бердім. Үшінші жинағым үстіміздегі жылы «Жалын» баспасынан жарық көрмекші. Ж.Бұқарбай, 1994 жыл, қаңтар», — деп қолын қойыпты.

 

  Өрелі жас ұрпақ ізденсе немесе жақсы жанашыр табылса, Жамау ақынның өз қолымен «Жалын» баспасына өткізіп, шықпай қалған жыр жинағын іздеп тауып, баспадан шығарып, елге сыйлар деген ниеттеміз. Жамау ақын өмірбаянында  оқырманға  екі жыр жинағын бергенін баян етті. Өмірден ерте өткенімен Жамау ақынның артына мұра қалдырған шығармашылық өмірі басталып, екі жыр жинақ кітабы баспадан шықты. Бірінші кітабын «Пері қызына хат» деп ақын өзі атап, баспадан көзі тірісінде шығара алмапты. Ол кітаптың жарыққа шығуына, қыспалы тапшы кезеңге қарамастан, облыстық  және  аудандық «Қазақ  тілі»  қоғамының  еңбегі  ерен  болды.  «Қазақ тілі» қоғамдарын  басқарған Раушан Жәнібекқызы мен Мұқаметәлі Қазбанбетовтың елеулерінің арқауында кітап дүниеге келді.

 

 

 

  Жамау ақынның Ақсу аудандық, Талдықорған қалалық «Қазақ тілі» қоғамына жасаған орасан ауыртпалы еңбегі ескеріліп, аталмыш  кітаптің шығуымен бағаланды. Жамау ақын «Қазақ тілі» қоғамында қызмет жасап жүргенінде, алғашқылардың бірі  болып, мекемелерде  қазақ тілінің  қолдануына  ерекше  назар  аударып,  кешеуілді  кемшін  жұмыстарды  әділ,  ашық  сынға алып,  көлгірсімей көрегендікпен газет жүзінде жазып, көпке жария ете білді. Соның арқауында талай мекемелерде қазақ тілінде құжаттар жазылу ісі бастама алып, жиын-жиналыстарда қазақ тілінде сөзін айтып, ойын жеткізудің именбес мүмкіндіктері туындады. Ілияс Жансүгіровтың 100 жылдық мерейтойына арналған  мүшайрада  Жамау  ақынның  өлең  туындысы, «өзі  жоқтың көзі жоқ» дегізбей, бас жүлдені жеңіп алды. Шаттанған ағайын-туыс, достарды қойып, қазылардан жүлдені алған  Жамаудың ұлы Аятбектің және жұбайы  Айымжанның  жүздерінде,  қаралы  күндерден  кейін, алғаш қуаныш ұялады. Жамау ақын «менің өлең, поэзиядағы әкем Әбен Дәуренбеков» десе, «тарих, саясат, пікір-талас, публицистика, сындағы атам Тәкен Әліпбай – «қара шал» деп, Талдықорғанға  келсе, оған  сәлем  бермесе, көрмесе  көңілі  байыздамайтын.

 

  «Тегінде бар – текті» демекші, Жамаудың шыққан тегіне сәл тоқталсақ. Анасы «қара қазақ бас қосса сөз бермеген» үш Матай елінің ақылшысы шоқпар Шиырбай шешеннің аталас тұқымы. Әкесі Беркімбай Ұлы Отан соғысының ардагері.  Арғы  аталары  Бұқарбай мен Теңізбай  барымта-қарымтада  дес  бермегендіктен  батыр атаныпты. Үлкен атасы Түйтебай – шешен  болыпты. Жамаудың сөйлегенде көсем сөз шешендігі, ой ұшқырлығы Түйтебай атасы мен Түйтебайдың Тұрлыбегі деп елге тапқыр, мәні зор, қысқа да нұсқа сөзімен әйгілі, аутком төрағасы қызметін атқарған аталарының дәріпінен дарыған деседі. Бірер мысал келтірейін. Ақсу ауданының орталығы Жансүгіровке шығармашылық  сапармен  қазақ оқырманына танымал ақын Кәкімбек Салықов келеді. Шығармашылық  кеш  соңында  аудан әкімі бастаған атқа мінерлер, лық толы залдағы халық көзінше, ақынға дәріпті  әмбе қомақты не сыйларларын білмей тосылыпты. Жұмыссыз жүрген Жамау ақын сахнаға шығып: «Кәкімбек аға! Сіз әкім де ақын да болдыңыз! Ілияс еліне келдіңіз! Тоғалақтап не бір темір тұлпар, жамылғы шапан, ат та сый-құрметпен алдыңыз! Не  қажеттің  бәрі Сізде бар! Бірақ, дәл мынандай «Жайдарман» Ақсулық Ілияс ақын ізбасарлары мен ақын Сара сіңлілерінің өлеңдер топтамасы Сізде жоқ! Нағыз ақынға осыдан артық сый болмас!» — деп, Жамау қолтаңбасымен кітапты сыйлағанда, залдағы халық дүркірете қол соғыпты. Сөйтсе, ол кітапты шығарғандағы  қаржысын Ақсу әкімдігі төлемей созбаққа салып жүрген жайы болыпты. «Ұялған тек тұрмас» демекші, кітап қаржысы «ертең төленеді» деп, аудан әкімі Жамауға сол жерде уәде етіпті. Жамау ақын жылбысқы өтірікке, жағымпаздыққа бой ұрмай, шындықты бетке айтуымен құзырлы басшыларға жақпай, талай мерзім жұмыссыз жүрген жайы да болды. Ондай опасыздыққа еңсесі түскен емес. Ақын Жұматай Жақыпбаевтың Жетісу ауылында берілген асында, Жұматайдың жұбайы ақын Заида Елғондинова: «Жамау–ау, қазір не қызметте жүрсің?» – деп, хал-ахуалын  сонда жиналған небір зиялылар көздерінше сұрапты. Жамау ақын саспай, байыппен: «Жұматайдың  сал-серілік  жолындамын!» — депті.  Отырғандардан үн шықпай, шыбын ұшқаны білінердей, тыныштық орнапты. «Е, Жамау-ай!» — деп, Заида асқа келгендерге  барлай  қарап, неге азаматқа қол үшін беріп, көмек  етпеске  дегендей  басын  изепті. «Қарағым,  азаматтар  бар ғой?! Бәрі оңалар!» — деп Заида күмілжіпті.

 

 

  Жамау ақын «Азат» қозғалысының Ақсу  аудандық төрағасы болғанында, ең алғаш  азаттықтың  туы  деп, қозғалыс штабында  екі  туды  ұстапты.  Бірі  ай  таңбалы жасыл түсті ту, екіншісі тәуелсіз мемлекеттің қазіргі көк түсті туы. Сол көк түсті ту Сарқан ауданының, Амангелді округіне қарасты, Қарауылтөбе орта мектебінде қазіргі кезде сақталуда.  Жамау ақынның елі Сақай. «Сақай  еліне өлең қонып, аттанған» деген халықта сөз қалған. Себебі, Сақай үрімдерінің көбі жадынан өлең шығарып, әнші болған. Білетін жұрт тойды өлеңмен бастау рәсімін Сақай ұрпақтарына  беріп  отырған.  Өнер  көгіндегі Сақай елінің саңлақтары арыда Тайкөт, Арсалаң, Толғанбай, Бекетбай,  Құрақбай,  Байсақ,  Молықбай,  Омарбай,  Нұрланбек,  Құтым,  Сара,  Сарықыз,  Кенбалалар  болса, бері де  Мұхаметше, Шәріпбек, Жәрдембек, Түлкібек, Сағынболат, Қанипа, Тынысбала, Жамаулар болды. Олардың ізін басып өкшелеген жастар да жоқ емес. Сондықтан, Жамаудың өлең шығаруы атадан қонған үлгі-мұра жалғасы. Жамау  ақынның  өзі  біліп-көрмеген  екінші  кітабы «Жаралы аққу» деп аталады. Өзінің ақын Сараға арнап шығарған поэма атауымен аттас. Бұл жинақ кітаптың шығуына ұйытқы болған көрнекті балалар жазушысы Шәкен (Шаймұхамед) Күмісбаевтың еңбегі ерекше. Баян ананың арман-тілегімен Шәкен Күмісбаев сол кезеңдегі үкіметті  басқарған Иманғали Тасмағанбетовке үш мәрте хат жолдап, ақыры 2007 жылғы жоспармен Жамау ақынның  жыр  жинақ кітабы шығатын болды. Еш кедергісіз, дер уақытында кітап «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Редакторы Есенбай Дүйсенбайұлы. Кітап екі бөлімнен тұрады. Біріншісі — өлеңдер, екіншісі — дастандар мен балладалар.  Көлемі  алты  баспа  табақ. Таралымы екі мың дана. Алғы бет аннотациясында Жамау ақынның жырлары бейнелі бедерімен, терең тебіренісімен, парасат иірімдерімен ерекшелінген. Жамау ақынның шығармашылық  мұрасы  өміршеңдігін  жоғалпайтыны, әлі де зерделеніп, зерттеліп жалғасын тауып публицистикасы, келелі  мақалалары  жинақталып,  кітап  болып  шығып  жатса  нұр  үстіне нұр болар еді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

   Тоқтасын Сүгірбеков: «Ешкім менің өлеңдерімді жөнді елеп ескермегенде, Құдаш Мұқашевтың тойында Жамау ағаң  айды аспаннан шығарғандай  мүшайрада  бас  жүлде  бергізді. Бұл мені кеудеме бақ құсы қонғандай толқытты. Елге  біліндім.  Өлең жазуды тастамауға бекіндім. Бұрындар Жұматай Жақыпбаев екеуміз бірге жұмыс істеп, аралас  болдық.  Оның  көптеген өлеңдерін жатқа білемін. Маған арналғандары да жетерлік. Жұматайдай ақын — ерек, біртума. Соған  қарап  өлең  жазбасам да болар еді. Мені сол Жамау ағаң қайта түлетті», — деп екі беті гүлдене құлпырып, керімденген еді.                  

 

    Биыл көктем айында Талдықорған политехникалық колледжінде ақын Жамау Бұқарбайға арналған еске алу кеші жарқырап өтті. Ұйымдастырған  халық  «паравоз  апа» деп кеткен Алтынай Есболатованың қызы білікті оқытушы Ақсу  елі,  жері десе жаның салатын Замзагүл қарындасымыз. Кеш қомақты материалдармен екі сағатқа ұласты. Ылық толы залдағы  өрелі  жастар, түрегеп  тұрғандары  қаншама,  орындарынан  тырп  етпей, қызғылықты тыңдады. Жамау ақынның әндері, өлеңдері орындалды. Естеліктер айтылды. Студенттер мен оқушылар Жамау ақынға  арнаған  өлеңдерін  оқыды. Құрметті қонақтар болып  жазушылар  Өкітай  Ахметов, Мұхаметәлі Қазбанбетов, Жамалхан жеңгей, Жамау  ақынның  бірге  өскен  достары, Жамау ақынның інісі Қанат қатысты. Рухани  жаңғыруға  өнегелі  өмір  нұры  осылай  дәріптелінуін  жастар  жағы құптады. Жамау жайында тек кештермен шектелмей спорттық турнир өткізу келешекке жоспарланды. Жастар жағы Жамау оқуларын неге өткізбеске деген ұсыныс тілектерін жеткізді.

 

   Жамаудай ақыны болған  Ақсу  жері  әлі де талай тума таланттардың бағын  ашарына  сенімдікі  екендерін  жастар  білдірді. Сол колледжде оқитын Ақсулық бір студент «мен Жамаудай сияқты ақын болғым келеді» деп айтып, арнауын сахнаға  шығып,  оқып   берді. «Тірлікке жақсы  сыйған ба?»  демекші,  Жамау  ақын  туралы  ғылыми зерттеу еңбектерін жасауға жастарда құлшыныс бары аңғарылды. Ондай тілектерін еске алу кешіне келген қонақтарға  айтып та жатты. Жамау  ақын  туралы  материалдарлар  интернетте тапшылық екенін де жастар ескертіп, естір құлаққа құйдыра білді. Жалын ақын Жамау Бұқарбайды жастар сүйіп қолдайтыны, оның шығармашылығы  өшпейтіні,  рухани  жаңғыратыны,  биіктеп  өрге  басатыны,  алға басып өркендеп, жасайтыны құп.

 

    

 

Жамауды еске алу

Ақын Жамау Бұхарбайдың туғанына 50 жыл толуына 

 

Нұрғали ОМАРҚҰЛОВ

«Жүрегімде жұмыр жер» жинағынан.

Талдықорған, 2004 жыл.

 

Өлең өлмей Жамау ақын өлмейді
Алпыс сегіз жыл шілдесі шыжыған,
(Еске түссе әлі күнге қызығам).
Кабинеттің кең есігін сәл ашып,
Жасқаншақтай кірді жігіт жүзі ұяң.

 

— Аға, — деді ¬– мен Жамаумын. Діңгектен,
Осы үйге талай жырды індеткем.
Өткен шолу-мақалаңыз ой қосып,
Қайта әкелдім, Сіз айтқандай түзеп мен...

Әлгі өлеңді оқып шығып зер салып,
Тәнті болдым, тастағандай дем салып. 
Әрбір жолы өмірдің өз суреті,
Байқалып тұр жас жігітте кең шабыт.

«Өмір нұры» бетіне сол өлеңі,
Шыға қалды, үлкен де емес көлемі.
Содан бастап бұлақ көзін ашқандай,
Өсе берді Жамау ақын өнері.

Өсе берді Жамау ақын биіктеп,
Өлең жазды бұрқыратып, «үйіп» кеп.
Жамау деген ақынды елі мойындап,
Мойындады асқақ басын иіп Көк.

Тершіп жүрер аязда да танау кең,
Содан былай жұп жазбадық Жамаумен.
Әй, тағдыр-ай, енді отырмыз мінеки,
Өзі жоқта жеткен жасын санаумен.

Еске салар мөлдіреген мұзартты,
Өлеңменен өз өмірін ұзартты.
Қайсар жырдың құдіретті күшімен,
Талай-талай безбүйректі қызартты.

Егемендік қалт-құлт еткен жас қайық,
Болған тұста топ бастады қасқайып.
Жемқорларды өткір тілмен тілгілеп,
Мәңгүрттердің бетіне де басты айып.

Көп қылығын өнеге етіп тұтар маң,
Жалын еді ол жаңа ғана тұтанған.
Алау атып жана алмады, не керек,
Тым аз болды тіршіліктен жұтар дәм.

 

Ақын еді семсер сөзді, тым ірі,
Әттең, әттең, қысқа болды ғұмыры.
Өлең өлмей, Жамау ақын өлмейді,
Сайжол жақтан саңқыл қағып тұр үні!

 

 

 

АҚСУДА

немесе Жамауды жоқтау элегиясы

 

Арасанбай ЕСТЕНОВ

29 қыркүйек 2016 жыл

          Таба алмай сабыр айласын,
             Ит кейпін кештім қаңғырған.
          Жамау бауырым, қайдасың
               Аңқылдап шығар алдымнан?!.

    Ағаларым да жоқ бүгін
          Күлімдей сипар басымнан.
        Байқатып «иті» тоқтығын,
    Берекетімді қашырған.

     Додаға түсіп, жіпсінген
             Достарым қайда боз құлан?..
       Көкезулермен күпсінген
            Не жайын езіп, сөз қылам?!.

 Осы ма өмір дегенің
     Уақыт көшін оздырған.
            Қорлығы-ай көшір неменің
                 Ит жыным түртіп, қоздырған...

           Таба алмай сабыр айласын,
              Ит кейпін кештім қаңғырған.
           Жамау бауырым, қайдасың
                Аңқылдап шығар алдымнан?!.