КӨҢІЛ  АЙТАМЫЗ!

 

 Бүгін таңертеңгі халқымызға аса танымал азамат,  Қазақстанның  Құрметті  журналисі, Қазақстан Республикасына  еңбегі  сіңген қайраткер Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫНЫҢ  кенеттен өмірден өткені туралы қайғылы хабар қабырғамызды қайыстырып кетті!

НҰРТІЛЕУ бауырымыздың дүниеден өтуі, біздер, оның туған Ақсу жерінің жұртшылығы (Алматы облысы) үшін де орны толмас қаза болып отыр. Оның қазақ телевизиясы саласындағы ұзақ жылдарғы өнімді және абыройлы қызметімен қатар, өзінің туған ауданының,  әсіресе, оның мәдениет, өнер саласының өсіп-дамуына; аудан тарихын, оның халқының тіршілігін, өнер және басқа салалардағы жетістіктерін бүткіл елімізге танытуда, насихаттауда атқарған  еңбегі орасан зор еді. Көптеген мемлекеттік наградаларымен қатар, оның Ақсу ауданының және Алматы облысының Құрметті азаматы атақтарының иегері болуы,  сол еңбектерінің лайықты бағалануы екенін көрсетеді. Олар жөнінде әлі де ұзағынан айтылатын болады. ...

Біз НҮКЕҢ екеуіміз жасымыз  қатарлас, замандас болғандықтан, бір-бірімізді  жас кезімізден біліп өстік. Ал  соңғы 20 шақты жылдарда  аудан, облыс аумағында өткізілген көптеген маңызды шараларды  атқаруда  бірлесе жүрдік, отбасылық жақсы қарым-қатынаста болып,  қуанышты    жағдайларға  өзара ортақтастық. ...

Өз отбасымның және аудан азаматтарының, жұртшылығы атынан  да асыл АЗАМАТЫМЫЗДЫҢ әулетіне, аса сыйласатын  жұбайы ҚАРЛЫҒАШҚА,  барлық туған-туыстарына қайғыға ортақтасып көңіл айтамын. НҮКЕҢНІҢ жатар жері жайлы, иманы серік, арты қайырлы, тек жақсылықтар болсын! Ол есімізде мәңгі сақталатын болады!

 Бүгін сайтымның мүмкіндігін пайдаланып, арда азаматымыздың өмірдеректері мен біраз алғашқы қолға ілінген фотоларын беріп отырмын

Серікбек СЕРПЕРБАЕВ

 

 

 

ИМАНҒАЛИҰЛЫ НҰРТІЛЕУ

 

   Тележурналист. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Республикасына  еңбегі  сіңген қайраткер, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының мәртебелі профессоры (2010), Қазақстанның  Құрметті  журналисі,  Қазақ журналистикасының қайраткері. Спорт шеберіне кандидат. Алматы облысының және Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

   1952 жылы 14 мамырда Ақсу ауданы Қарасу ауылында  дүниеге  келген. Алғашқы сауатын 5 жасында атасы, Мысық болыстың баласы Қалиасқардан алады. Әкесі – Иманғали айтыскер ақын, елі  сыйлаған ардақты азамат болған.

  Нұртілеу өз отбасының тарихын «Менің шежірем» деген толғауында былай деп келтіреді:

Жүз жасаған атамның арнасымын,

Дөңгелегі сияқты арбасының,

Манарбек, Жүсіпбекпен Ақмешітте,

Ән салған ақын Имаш жалғасымын.

Егесте ерте иленген елтірімін,

Жігіттің жүрегі ашық кең түрімін.

Бухгалтер қарт ақынның кенжесімін,

Он төрт құрсақ көтерген кемпірінің.

Тегім-Найман, Матайдың Шоқанымын,

Сөз терген бір ұлымын Отанымның,

Шөбересі боламын ел билеген,

Мысық болыс атанған жоталының.

  

Н.Есеболатов атындағы орта мектепті,  ҚазМУ-дің  журналистика  факультетін  бітірген. Мәскеудегі білім жетілдіру институтында 5 рет оқып, кәсіптік шеберлігін шыңдайды.

   Еңбек жолын мектепті бітіргеннен кейін ұстаздық етуден бастайды, комсомол қызметкері, құрылысшы болады. Сол жылдары аудандық, облыстық және “Лениншіл жас” газеттерінде алғашқы шығармалары жарық көре бастайды. Журналистік жолын студенттік кезінен-ақ, 1974 жылдан қазақ теледидарында жүргізуші ретінде бастап, кейіннен жастар редакциясының тілшісі, редакторы, аға редакторы, комментатор, бас редакторы, саяси шолушы, директордың орынбасары болады. Осы жылдары Қазақ теледидары дирекциясының, көркемдік кеңесінің және Қазақстан Жастар Одағы ОК және бюро мүшесі болды.

Одан кейін «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде, “Хабар” агенттігінде, ҚР Президенті әкімшілігінде жауапты қызметтер (2003—2006) атқарды, «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма Төрағасы болды (2006—2008). 2008 жылдан зейнетке шыққанға дейін Басқарма төрағасының кеңесшісі болды.

Тележурналистика саласындағы 40 жылдай атқарған қызметі мерзімінде алғашқы жүргізген «Жадыңда ма жолдас?» және одан кейінгі  "Құрдастар", «Көзқарас», «Жас жігер», «Алтыбақан», «Ақиқат пен аңыз», «Жастар дауысы», «Арай» «Айна». «Көкпар», «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Діңгек», «Қолтаңба», «Көршілер»,  "Заң сөйлесін» сияқты 50-ге жуық ел көңілінен шығып, көрермендердің  көзайымына айналған телебағдарламарды жүргізді. Қазіргі кезде «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Nur-Tiley»  атты авторлық бағдарламасын жүргізеді.

Ол: тележурналистер арасында 1-ші болып камералық технологияны меңгерген; журналистер арасында  ең жас  Бас редактор, тілшілер арасында алғашқы «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма Төрағасы болған,  шетелге іс-сапармен  шыққан Қазақстандық тележурналист; шетел журналистері арасында алғашқы болып  атақты қырғыз жазушысы  Ш. Айтматовпен  Еуропа жерінде  телесұхбат  өткізді; 50-ге жуық (яғни, бүгінге ең көп телебағдарламалар) жүргізіп, 4,5 мыңдай хабарлар шығарды; тележурналистер арасында 1-ші болып бенефис өткізді және т.б. шаралардың ұйытқысы болып отырды. «Нұртілеу» атты фото-шежіре кітап  шығарылған.

«Парасат» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Қазақстан халқы ассамблиясына 20 жыл» (2015), мерекелік медальдарымен,  2 мәрте ҚР Президентінің мақтау грамотасымен марапатталған. Қазақстан Журналистер Одағының 3 мәрте лауреаты, «Нұр Отан» партиясының «Нұр сұңқар» бәйгесінің «Майталман» номинациясының тұңғыш лауреаты, телерадио журналистерінің республикалық “Алтын жұлдыз” конкурсының жеңімпазы. «Мәдениет қайраткері» және «Хабар» агенттігіне 20 жыл» мерекелік төсбелгілерінің иегері.

Отбасылы, 3 баласы, немерелері бар.    

 

 

Фотоестеліктерден ...

 

Картинки по запросу "нұртілеу иманғалиев"

 

Картинки по запросу "нұртілеу иманғалиев"