Сайтымның бұл парағында өткен ғасырдың басындағы Ақсу жерінің тағы бір дара, өнер тұлғасы Бекетбай ақын Шөмшетайұлы туралы танымдық мақала беріліп отыр. Бекетбайды жыр дүлділі Ілияс Жансүгіровтың өзі  «дәріпті сұңғыла» деп бағалаған және де ол туралы оның бірнеше  туындыларында айтылып қалынған. Алайда, өкінішке орай, одан ары Бекетбай ақынның өлеңдері еш жерде сақталмай және іздеусіз қалады...

 Солай десек те, ақын бабалары туралы бүгінгі ұрпақтың, жалпы көпшіліктің білгені тиіс, зерделеріне түйіп алғаны дұрыс деген ниетпен жергілікті әдебиет зерттеушіміз, шежіреші Жемісбек Толымбековтың  дайындаған  деректі жазбалары ұсынылып отыр. Танысыңыздар. біліңіздер!

Және де желідегі өз достарыңызбен де бөлісіңіздер!


 

Бекетбай ақын

      Жемісбек Толымбеков

 

 Қазақтың «қара тілі» атанған Мұжық биден Иман, одан Шөмшетай, одан Бекетбай (1858—1930 ж.ж.) ақын тарайды. Бекетбай ақын арсиған арық қатпа қара, шұбар кісі болған екен. Бекетбайдың кіндігінен Сақабек. Ол 1912 жылы оқыс жағдайдан өліпті.

 Жеті жасында Бекетбай шешектен екі көзі соқыр болып, зағип қалады. Мырзағұлұлы Толғанбай ақын «күніңді өлеңмен көр» деп Бекетбайдың аузына ырымдап түкірсе, ақындық өнер қоныпты. Бекетбай Толғанбай ақынның баулыған тікелей шәкірті саналады. Ел ішінде: «Толғанбай мен Бекетбайдың дауысы дауылдай жаңғырығып, тау шулатқан», — деген сөз қалыпты. Бекетбай ақын: «Домбыра шерттім ермекке, көзім соқыр, балам жас, жазылмай қаппын еңбекке», — деп кеңес өкіметі члендікке жазғанында, тізімге ілінбей қалғанын 100 жас жасаған, елі Өтебай, Ажар апа айтып беріп еді. Нүсіпұлы Үпі қажы: «Бекетбай ақынның жеті жасында шешектен көзі кетті. Бірақ, таңдайына ән жазылып, құдіреттен миына өлең құйылған», — деп 1927 жылы Мұхамәдидің үйінде отырғанында айтыпты. Халық қамқоры болған бөрте Бисеке мырзаның: «Бекетбай ақынның әні мен өлең дарынына тоймадым», — деген сөзі елге кең таралыпты.

Өзі туралы Бекетбай ақын:

                           «Шөмшетай әкем аты Бекетбаймын,

                           Үйде кедей болсам да, түзде баймын.

                           Ат та алдым, шапан да бұл өлеңмен,

                           Қайталап бір сөзді екі айтпаймын», — дейді.

 

 Ілияс Жансүгірұлы «Дала» поэмасында Бекетбай ақынды тарихшы шал, кемеңгер ойшыл ретінде бейнелейді. «Дала» поэмасының «Сандал» атты тарауында: 

                     «Асанқайғы бастаған,

                    Жолшыбай көмір тастаған,

                    «Жиделі Байсын» жері бар.

                     Шаңырағына мың түйе,

                     Жылына үш қоздайтын,

                     Қой біткен құтты елі бар.

                     Қулы, нулы көлі бар,

                     Өзеннің ұзын кеңі бар.

                     Жалғыз түп қана шиіне,

                     Айғыр үйір, жылқы ығар.

                     Сондай шүйгін жері бар,

                     Көшудің соған жөні бар», — деген Бекетбай ақын сөздерін келтіреді.

 

                     «Жырау солай жырлаған,

                     Осы сөзбен улана

                     «Қайда кеңдік, тыныштық?»

                     Деп кеңесе, толғана

                Жыбырлаған бір заман», — деп Бекетбай ақынды «жырау» қыла, ол өмір сүрген кезең сұрқия заман болғандығын хабардар етеді.

 

 

 «Жетісу» тарихы кітабында Бекетбай ақынды І.Жансүгіров: «Самайы ақ бурыл, бітіп қалған құдықтай көр көздері, басын қара шытпен танып тастаған, ескі кемболат шолақ жеңді сүмілте киген, қолдан илеген ешкі тері қыржық қонышты байпағы бар», — деп суреттейді. Елі қайнар, ауыл ақыны Тілеубай:

                  «Ассалаумағаликум, соқыр Бекең,

                  Тартыпты қуарыңқы екі шекең.

                  Көзің соқыр болғанда, бетің шұбар,

                 Несін аяп қойды екен құдай-екең», — деп Бекетбайға сәлем береді. Бекетбай домбырасын қолына ала бергенде, Тілеубай ұстап алып жібермей, «қап, Беке, байқамай шығып кетті» деп, Бекетбайды әзер тоқтатыпты.

 

«Менің есімдегі» айдар дерегінде Бекетбай ақын туралы Ілияс Жансүгірұлы: «Ол кешегі Абылай ханды айтады. Жетісудағы қалмақты Шоңай батырға көшіртеді. Кенесары ханның Жетісуға келіп, қазақтың орыс пен қытайдың қайсысына қарарын білмей екі жаққа жарылғанын жыр қылады. Орысқа төре тұқымы, сұлтандар мұрындық болып, елді қаратқанын тап басып айтады. Елдің қутыңдаған қу шұнақ, шолақ заманға кез болып тұрғандығын жырлайды», — деп жазады.

 

 Ілияс Бекетбайдан өнеге үйреніп, тәлім алғаны анық. Ілияс Жансүгірұлы «Жолдастар» романы, үшінші тарау «Толқында» Бекетбай ақын бейнесін сомдап, есімін Әлеке деп атайды.

 Бекетбай ақын жайында Ілияс Жансүгірұлы: «Білмейтін сөзі жоқ. Бұқар жырауды жырлайды. Жасыбай батырды жоқтайды. Асанқайғының толғауларын сөйлейді. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазған «Хал-ахуал», «Сарыарқа» кітаптарын жатқа айтады. Ақан серінің Құлагерді жоқтаған өлеңін таза дауысымен сыңсытқанда, тыңдаған елді жылатады. Жанақты көрген, Шөжемен шайқасқан, сыбан елінің он жеті ақынының алдында өлең айтқан», — деп деректейді.

 «Жетісу» тарихы кітабында Бекетбай ақынды Ілияс Жансүгірұлы «дәріпті сұңғыла», 1916 жылғы әскери жұмыстарға кісі алдырмау көтерілісінің «байғыздай қақсаған оятушы, аңыратпа агитаторы» деп мәлімдейді.

1916 жылы ақ патша әскери жұмыстарына қазақтан кісі алу және бастарына түскен тауқыметті Бекетбай ақын:

                   «Қазақтан солдат алман» деп,

                   Хат, мөр қылып ақ патша,

                   О баста уәде бере алды.

                   Түйенің мұрнын тестіртпей,

                   Мұсылманнан кек алды.

                   Уәдесін кері алды.

                   «Мектепке сурет қойсын» деп,

                   Дінімізге қол салды.

                   «Үй бер» деді, үй алды,

                   Үй артуға түйе алды.

                   «Ат бер» деді, ат алды,

                   «Қап бер» деді, қап алды.

                   Елтірі, арқан, ақ киіз,

                   Ат кежім, байпақ, текемет,

                   Солдатқа керек деп алды.

                   Аяғында мініки,

                   Аузын салды балаңа,

                   Енді алмаған не қалды?» — деп зарлайды.

 

 Өткір тілді, өлең сөздің дарыны Бекетбай ақын мал-мүлікті сыпырып, «халықты қарық қыламыз» деп, кеңес өкіметі көпшілікті ортақ дүние члендікке алып жатқанда:

                                          «Бекет бардық, сиыр мініп тебендеген,

                                           Кешке шейін тұрсақ та түк өнбеген.

                                           Сөзінің жуан балтыр, тоқтам жері,

                                 Әйтеуір, қазақ малын түгендеген», — деп кеңес белсенділерінің түйін ісін жеткізеді.

 

«Дала» поэмасында Бекетбай ақыннның ел қамы уайымын І.Жансүгіров: «Малдан-жаннан үміт жоқ! Тек ақ патша шоқынтар! Жырау солай жырлаған», — деп келтіреді.

Алғаш орыстардың келіп қазақ жерін иеленгенін Бекетбай ақын:

                          «Алты ауыз қылып қазақты,

                           Басында орыс ел алды.

                           Елді орысқа қаратып,

                           Төре мен сұлтан шен алды.

                           Түтінге төрт теңгеден,

                           Шаңырақ ақша һәм алды.

                           «Терісіндей өгіздің»,

                           Деп қана сұрап жер алды,

                           Сол жеріне кент салды», — деп баяндайды.

 

«Өгіздің терісіндей» дегені: орыс басында қазақ жеріне келгенде өгіздің терісіндей ғана жер сұрапты. Аңғал қазақ: «Өгіздің терісіндей жерге қайтып жан сақтайды? – деп қызық көре, орысқа өгіздің терісі тулақты береді. Орыс өгіз терісін қылдырықтай таспа қылып тіліп, сонымен жерді өлшеп алыпты.

 Бекетбай ақын байларды аямай мінегенін Қожамұратов Балтабай ата көп айтушы еді. Сол кісінің айтуында Жүніс байға Бекетбай ақын:

                     «Жүніс-ау, бар болғанша, жоқ болмағың,

                     Мың жарым қой бітсе де, боқ болмадың.

                     Үйіңде қағып салар бір киіз жоқ,

                     Қатықсыз қара көже, тоқ болмадың», — депті.

 

Ой-Найманның айбыны саналған Қалқабайдың ұлы Маманға Бекетбай ақын:

                       «Болмайды тегі соқыр тегін кісі,

                       Жарқылдар Мамакеңнің тебіңгісі.

                       Шайды да, қанытты да алып едім,

                      «Қалды ма» деп отырмын жебіндісі, – дегенінде Маман құт Бекетбайдың сұраған тілегін орындап, үлкен сияпатпен жолға салыпты. Маман құттың ер-тұманының тебіңгісі күміспен қапталғандықтан, күн нұрымен шағылысыпты. Маман құттың оң жақ көзі қысыңқы болған екен. Соқыр дегені сол. «Жебінді» деп бір сауылымнан қалып, екінші сауғанды айтады.

 

Бірде Мысық болысқа Бекетбай ақын:

                               «Ассалаумағаликум, болыс – Мысық,

                               Бекетің тағы келді көзін қысып.

                               Сондағы сұрағаным бір қап тары,

                     Қайтейін соған бола аттан түсіп», — деп айтқанын ақын Иманғали Қалиасқарұлы «Ағынды менің Ақсуым» кітабында келтіреді.

 

 «Дала» поэмасының «Аласапыран» атты тарауында Бекетбай ақынның Алаш, Алашорда азаматтары түйсімін І.Жансүгіров: «Бұл да елеулі бір белең! Арты қанды ор, алды жар. Сол қан қазақ ұлты үшін! Десе кімдер сендірер? Деп ойлады әлгі шал!» — деп толғайды.

 

 Бекетбай ақын С.Жанәбіловтың «Дүрбелең» хикаятында айтылады. Бекетбай — бір айтқан әуенін еш қайталамаған, әуезі құлаққа жағымды, әсем, дауысы кең, ашық, жарқын, ерек, үш күн тынбай жырлайтын үлкен дарын иесі, эпик ақын болған. Бекетбай ақынның орындаған қиссаларын, әсіресе «Шәкір–Шәкіратты», елі тыбыш, Мөнеков Жұмаш оның өзінен үйренген. Жұмаш өнегесін Батырбаев Күмісбекке тәлім еткен. Қаракүшіков Мұқан ақсақал Бекетбай ақынның көптеген шығармаларын әуезімен айтып елге таратқан екен. Ел ішінде Бекетбайдың «Әккигай» деген әуені сақталған. Оны Алажиде станциясының тұрғыны Батырбаев Күмісбек деген ақсақал ғажап орындайтын еді. Таспаға түсіріп алмағаныма өкінемін. Бекетбай ақын ұзындығы адам қолының қарынан келетін кішкене қара шолақ домбыра ұстап, астына ала жорға ат, кейде «мінгенім астымдағы қызыл өгіз, Бекетбайдың айтары ұшан теңіз» деп өзі айтқанындай, қызыл өгіз мініпті. Өлең айтқанында домбырасын қолымен баурай ұстап аңыратыпты.

 

Бекетбай ақын 1930 жылы 73 жасында өмірден өтеді. Зираты Матай станциясынан 8 шақырым жердегі Молочка деген жердегі қорымда жатыр.

 Бекетбай ақынның бірер өлеңдері «Баспалдақтар» топтама жинақ кітабына енген. Бекетбайдың өнер еңбегін Ілияс Жансүгіровтан басқа ешкім зерттеп бағаламады. Бекетбай ақынның «Кедей мен бай шекарасы», «Батрактың тойы» шығармаларының маңызы әлі жойылмаған, мәнді туындылар. «Кедей мен бай шекарасы» шығармасын Қасымжомарт Оңғаров ата жатқа айтса, «Батрактың тойы» шығармасын Оспанов Төлеубай ақсақал толық жатқа білуші еді. 1927 жылы 15 қыркүйекте Қасқалдақтың сазында өткен, елі Шоқпар, Мырзақұлдың асында Бекетбай ақын өнер сайысына түсіп, жүлделі бас бәйгені иеленіпті. Бекетбай ақынға ешкім қарсы шығып, батып айтыспапты.

 

 Бекетбай ақын батасын «қалаулы осы көптің ақыны бол» деп, елі әйтек, Жаманбайұлы Базарбайға береді. Базарбай боз кілем үстінде Бекетбай ақынның ұстазы Толғанбай ақындай жорғалап отырып, өнерін елге көрсете біліпті. Базарбай елінде сал-сері атанып, қолына үкілі домбыра ұстап, қара қызыл күрең ат мініп, қыз-келіншектермен көп айтысыпты. Өңі қара торы, көрікті, сұлу жігіт болыпты. 1989 жылы шыққан «Ел аузынан» кітабының «Жолдама» атты тақырыбында, жас ақын Базарбай табалдырықтан аттап үйге еніп:

          «Осы үйде Бекет ақын бар деген соң,

         Әдейі келіп едім, бата сұрап», — дейді.

 

Жырлап отырған дастанын үзе қойып Бекетбай:

                             «Баласы Жаманбайдың Базарбайсың,

                             Отырса жұрт жиылып азандайсың.

                             Дауысың әсем екен, сөзің өктем,

                             Жәрмеңке, күнде қызық базардайсың.

                             Үстіме неге келдің сен демейін?

                             Сұрасаң ақ батамды мен берейін.

                             Қалаулы осы көптің ақыны бол,

                             Айтыста үстем болсын сөз мерейің», — дейді.

 

Базарбай ақынды көп қалауымен Бекетбай Әсет Найманбаевпен айтысуға дайындапты. 1909 жылы «Мамания» жаңа мектебінің ашылу салтанатына жамбасы сынған Әсет ақын Шәуешектен Қарағашқа келе алмай, екі ақын кезікпей қалады. 

 

 

1930 жылғы «Бөрібай көтерілісінде» Бекетбай ақын Ақсу түрмесіне жазықсыз қамалғандарға келіп, өлең арнап айтыпты. Білгендер: «Сөзі нәрлі, дауысы кең, ғаламат, ашық, сарынды еді», — дейді. Бекетбайға кеңестік түрме басшылары «халық адамы» екенін біліп, ныспы тиіспепті.

 

Бекетбай — өткір, сыйлы, әділетті, адамгершілікті ақын. Екі көзі зағип болғанымен, көкірегі зерек Бекетбай ақын көптеген ел мен жерлерде болып, өнерімен елді қызыққа қаймана бөлеген дарын иесі. Өнегесі дәріптелмей жатқан Шөмшетайұлы Бекетбай ақын Жетісу өңірінің асыл тұлғасының бірі. Ілияс Жансүгіров Бекетбай ақын есімін «Қазақ энциклопедиясына» енгізген. Бекер жасалмаған дәріп екені ескерілгені жөн.

 

*       *       *

 

Бекетбай ақынның 1916 жылы ақ патша әскеріне кісі алуға қарсы айтқаны

 

------------------------

------------------------

Алты ауыз қылып қазақты

Басында орыс ел алды.

Елді орысқа қаратып,

Төре мен сұлтан шен алды.

Түтінге төрт теңгеден

Шаңырақ ақша Һәм алды.

«Терісіндей өгіздің»

Деп қана сұрап жер алды.

Сол жеріне кент салды.

«Қазақтан солдат алман» деп,

Хат, мөр қылып ақ патша,

О баста уәде бере алды.

Түйенің мұрнын тестіртпей,

Мұсылманнан кек алды.

«Мектепке сурет қойсын» деп,

Дінімізге қол салды.

«Үй» деді, үй алды,

Үй артуға түйе алды.

«Қап бер» деді, қап алды,

«Ат бер» деді, ат алды.

Елтірі, арқан, ақ киіз,

Ат кежім, байпақ, текемет,

Солдатқа керек деп алды.

Аяғында мініки, аузын салды балаңа,

Енді алмаған не қалды?..

------------------------------

Ортаны шайқап орысың,

Орысқа шағып болысың,

Елдің құтын тауысты-ау.

Баса шөгіп беліне,

Баса қонып жеріңе,

Сыйғызды бір қауызға-ау.

Қонысыңды қоршалап,

Қазақты талай боршалап,

Жылында бір түгелдеп (санақ алу),

Қол, аяқты кісендеп,

Қап еді жалғыз-ақ бауыздау.

Бауыздағандай мақтамен,

Мақтап жүріп мәз қылып,

Малыңды тегіс алып боп,

Жасыңа салды ауызды-ау.

---------------------------------

---------------------------------

Әлемді тегіс алыпты-ау.

Ағылшын, орыс, француз,

Нағылғанмен әйтеуір

Ел басына туған күн...

Ер басына келген кез.

Ақыр заман боларда,

Жүз қатынға бір еркек,

Қалады екен, содан без.

Осынау сұмдық рас боп,

Туған жерден топырақ

Қаламысың бұйырмай?..

Көк өрім өңшең көген көз...

----------------------------------

----------------------------------

----------------------------------

Асанқайғы бастаған,

Жолшыбай көмір тастаған,

Жиделі-Байсын жері бар.

Шаңырағына мың түйе,

Жылына үш қоздайтын,

Қой біткен құтты елі бар.

Қулы, нулы көлі бар.

Жалғыз түп қана шиіне,

Айғыр үйір, жылқы ығар.

Сондай шүйгін шөбі бар,

Көшудің соған жөні бар.

 

*       *       *

Кенесары-Наурызбайдың Алатауға келуін Шөмшетайұлы Бекетбай ақын:

                                       

                                     «Көшіп кетіп барамын,

                                     Мекен-қоныс еткелі

                                     Алатаудың алабын.

                                     Алатаудан ел тапсам,

                                     Әскер жинап аламын.

                                     Көкшетауға аттанып,

                                     Соғысты солай саламын.

                                     Жаудан аулақ Жетісу,

                                     Жанға сая жер екен.

                                     Аймағында Алатау,

                                     Келе батыр көп екен.

                                     Кенеге нөкер болуға,

                                     Қол үстіне қол келді.

                                     Он мың қолмен Сұраншы,

                                     Саурық батыр ол келді.

                                     Он мың қолмен Сыпатай,

                                     Ұзын бойлы зор келді.

                                     Рүстем төре бәрінің,

                                     Арт жағынан, соң келді.

                                     Рүстемге ерген жұрт,

                                     Он бес мыңнан мол келді.

                                     Жинақ саны қырық мың қол,

                                     Кенекеме қол берді», — деп жырлапты.

 

*       *       *

 

Бай мен кедей шекарасы

(Таным)

Бастайын «бісмілда» деп сөздің басын,

Ұлғайып жетпіскеде келді жасым.

Бұл күндер жаман, жақсы араластым,

Бір жерге құйылғандай жез қорғасын.

Жігіттер, құлақ салып тыңдасаңыз,

Айтайын бай, кедейдің шекарасын.

Бір байдың бір кедей малын баққан,

Күн сайын суын құйып, отын жаққан.

Ол кедей суын құйып, отын жағып,

Әр қараны жалғыз дара солай тапқан.

Кедейлер байдың малын бағар еді,

Жанына ұйықтамаса жағар еді.

Бір қойын жазатайым қасқыр жесе,

Қойымды төлеп бер деп, сабар еді.

Кедейдің ұстап берер қойы қайда?

Өмірі құлқорлықта қалар еді?!

Болғанда жыл аяғы қойды әкел деп,

Қойына қойды қосып алар еді.

Қалаға сарт пен ноғай дүкен салған,

Ала алмай кедей сіріңке көзі талған.

Тәкәпар дәу отырар көгал жерде,

Сөзімнің дәйегі бар, емес жалған.

Таралған сарт, ноғайдан өнер емес,

Қаланы кедей сорлы көрер емес.

Жанында жалғыз тиын болмаған соң,

Бір қалаш өлдім десең берер емес.

Көктемде байлар көшіп кетерінде,

Жайлауға жыға көшіп жетерінде.

Қызығын дүниенің байлар көріп,

Кедейдің көрген күні бекер мүлде.

Етекте кедей біткен қалушы еді,

Егінді тоған шауып салушы еді.

Әр кедей, әр баймен ортақ болып,

Сауынды байдан келіп алушы еді.

Береді байлар сауын бес-ақ ешкі,

Алады екі аяқ сүт ерте-кешкі.

Жауырды желқом ерттеп, жазып мін деп,

Береді көлігіне жауыр бесті.

Бір байдан бір кедей бар сауын алған,

Байменен ортақ болып егін салған.

Болғанда жаз ортасы бес ешкінің,

Бір лағы түйнек болып өліп қалған.

Үш айда кедей салған егін пісті,

Шетіне орақпенен жасап істі.

Қырманға орып әкеп жиған екен,

Төрт-бес қап ұшырғанда бидай түсті.

Төрт қапты екі-екіден бөліп алды,

Бір қабы ортасында жалғыз қалды.

Маған берген ағалық кеусенің деп,

Аударып бай қабына сала салды.

Үш қабын разы боп бай алады,

Кедейге екі қабы нақ қалады.

Ерінбей тыңдасаңыз азаматтар,

Лақтың әңгімесі басталады.

Сен көрдің биыл менен талай пайда,

Ешкімді түгел қылып ауылға айда.

Бар еді бес ешкінің бес лағы,

Төртеуі жүр, біреуі кетті қайда?

Ойбай, бай, бір лағың түйнек болып,

Жайылымда қалған екен әлі солып.

Бара қалсам, іші кеуіп жатыр екен,

Үйіме сүйреп әкеп, жедім сойып.

Қызталақ, төлеп бергің лағымды,

Түйнек дейсің лақты сірә құнды.

Өзің сойып алып, лақты өлді дедің,

Жиылған бір талай жұрт көрді дедің.

Бай сөйлеп кедейге жақындаған,

Байдың сөзін баршасы мақұлдаған.

Төлеп бер лағымды, сауын бес ешкімді,

Ала жаз қатық қылып, қорек қылған.

Сен — кедей, ол болмаса өлмес пе едің?

Нысап жаса, қара мұның өрекпуін.

Бермесем қайтер едің, не болар көрмек күнің?

Бірін бер бидайынның, саңқ етті өрекпі үн.

Лаққа кедей байқұс өлмек болды,

Құдайдың салғанына көнбек болды.

Екі қап бөліп алған бидайының,

Біреуін лақ үшін бермек болды.

Қырманды өңшен құзғын аралады,

Кедейдің екі қабын шамалады.

Қабының біреуі үлкен, бірі кіші,

Лаққа үлкен қабын бағалады.

Бай қабына бір қабы толмаған соң,

Жартысын қалған қаптың тағы алады.

Қырманда кедей байқұс қалды тоқтап,

Бидайды төрт жарым қап бай әкетті,

Кедейге бидай қалды бір жарты қап.

Тимеді қанша айтсаң да байдан пайда,

Әкеп бер, бұл байдың аты қайда?

Бардағы малын жинап әкеп бергің,

Тағы да ісің түсер он екі айда.

Мінгені кедей байқұс арық керді,

Барды да арық керді алып келді.

Жаз бойы байға тегін істедім деп,

Құдайға мінажат қып, жылап келді.

Болғаны мынау қалай, мұншама арық?

Осынша арық қылдың қайда барып?

Үстінен ала жаздай түспедің ғой?

Жанына саптыаяғың байлап алып.

Біреудің атын міндің жаздай жайлап,

Болмай ма күтіп мінсең түбін ойлап.

Жарты қап бидайыңды бер де құтыл,

Апарып арбаға сал, аузын байлап.

Бидайды жаздай баққан байға беріп,

Қырманда кедей қалды соры қайнап.

Бай тағы алып кетті арық керді,

Ашасын, күрегімен алып кел деп.

Жаздайғы бейнеті босқа қалып,

Үйіне кедей келді демін алып.

Біраз жатты, шай ішті сүтсіз, қатық,

Жүрсе де жаздай сорлы шаңдатып,

Түк бермей, бай кетті, иттей қауып.

Май алған, қатық қайда ешкі сауып?

Алайын ешкі жинап, бай берсе пішен шауып.

Көрейін қамданып, қыстық азық өзім тауып.

Ойланды кедей байқұс қиялға көңілі ауып.

 

*       *       *

 

Бекетбай ақынның Базарбайға берген жолдама батасы

 

Жас Базарбай:   Қолыма домбыраны алдым бұрап,

                         Үйрендім бала кезден өлең құрап.

                         Осы үйде Бекет ақын бар деген соң,

                         Әдейі келіп едім бата сұрап.

Бекетбай:  Баласы Жаманбайдың Базарбайсың,

                 Отырса жұрт жиылып азандайсың.

                 Дауысың әсем екен, сөзің өктем,

                 Жәрмеңке, күнде қызық базардайсың.

                 Үстіме неге келдің сен демейін,

                 Сұрасаң ақ батамды мен берейін,

                 Қалаулы осы көптің ақыны бол,

                 Айтыста үстем болсын сөз мерейің!

 

*       *       *

 

Бекетбай ақын Ілияс Жансүгіровке берген жолдама батасы:

 

                       Хас зерек, талабы зор Ілиясты,

                      Қырандай жайсаңдардың ізін басшы.

                      Қызыр баба сақтасын көз бен тілден,

                      Ізденіп, қатарыңнан озып, асшы.

                      Я, Аллам!  Қолдасыншы дара жасты,

                      Жиырма бірге жасы жаңа басты.

                      Ұштамаса білімді жарамасты,

                      Тілеуін қабыл етіп, жолын ашшы.

(Мұхаметше Балаубеков атадан, өмірден өтер алдында қырық күн бұрын жазып алып едім).

 

*       *       *

 

    Мысық болысқа Бекетбай ақын:

 

                           «Ассалаумағаликум, болыс – Мысық,

                           Бекетің тағы келді көзін қысып.

                           Сондағы сұрағаным бір қап тары,

                           Қайтейін соған бола аттан түсіп.

 

*       *       *

 

Жүніс деген байға Бекетбай ақын:

 

                     Жүніс-ау, бар болғанша, жоқ болмағың,

                     Мың жарым қой бітсе де, боқ болмадың.

                     Үйіңде қағып салар бір киіз жоқ,

                     Қатықсыз қара көже, тоқ болмадың.

 

*       *       *

Кеңес өкіметі ортақ дүние члендікке алып жатқанында Бекетбай ақын:

 

                                     Бекет бардық, сиыр мініп тебендеген,

                                     Кешке шейін тұрсақ та түк өнбеген.

                                     Сөзінің жуан балтыр, тоқтам жері,

                                     Әйтеуір, қазақ малын түгендеген.

                                     Қызы бардың басына  қамшы үйіріп,

                                     Қыздарыңды қызталақ «сүйем» деген.

 

*       *       *

 

1927 жылы шоқпар Мырзақүлдың асында

Тәнекенің ұлы Қожабекті көрген Бекетбай ақын:

 

Базарда тұрған бөз едің,

Қарулы тұрған тез едің.

Жақсылар бас қосқанда,

                                               Аузындағы сөз едің.

                                               Өсек-аяң ісің жоқ,

                                               Асыл туған бек едің.

                                                     Жақсылар бас қосқанда,

                                                     Қызыл тілді безедің.

                                                     Құран, аят жатқа айтқан,

                                                     Бөлекше туған ер едің.

                                                     Жаяуға ат болып ең,

                                                     Шалқып бір жатқан көл едің.

                                                     Тартынып еш көрмеген,

                                                     Жауаптың келген кезегін.

                                                     Жасап, тірі жүре тұр,

                                                     Жақсы ата көз едің.

 

*       *       *

 

Ой-Найманның айбыны саналған Қалқабайдың ұлы Маманға Бекетбай ақын:

 

                            Болмайды тегі соқыр тегін кісі,

                            Жарқылдар Мамакеңнің тебіңгісі.

                            Шайды да, қанытты да алып едім,

                            «Қалды ма» деп отырмын жебіндісі.

 

*       *       *

 

Үпі қажы туралы айтқаны

 

Үпінің үйіне жолаушылап, екі көзі тұл көрмейтін, соқыр Бекетбай ақын келеді. Шөлін қымызбен басып, шаршатқан күн аптығы мен жол соққысынан енді жантайып, тыныға бергенінде, сырттан Мұхамәдидің баласы Мырза кіріп: — Ассалаумағалейкум, ақын ата! – деп, жүгірген ентігін баса алмай тұрады. Бекетбай ақын жастықтан басын көтеріп, сәлем бергеннін дауысынан аңғарып: — Үй, мынау, бала ғой? – депті.

 – Иә, Беке, Мұхамәдидің жеті жасар ұлы Мырза, — деп Үпі қажы жауап беріп, баланы ақынға таныстырады. Бекетбай ақын қара шолақ домбырасын қолына алып, құлақ күйін келтіреді.

  • Мен жеті жасымда шешек ауыруына шалдығып, содан екі көзім көрмей қалды. Тасқын ақын Мырзағұлұлы Толғанбай:

 - Күніңді өлеңмен көр! – деп аузыма үш түкірді.

  • Содан өне бойым мен қан тамырларыма ақ қағазға сиямен жазылғандай өлең құйылды. Кеудеме өршінді қайрат, жігер бітіп, тамағыма талмас дауыс бітті, — деп Бекетбай өз ғұмырының балалық үзігін әңгімелеп беріп, қолындағы домбырасын асқақтата шертіп:

                                  «Игі  іске ел кенелген,

                                  Үпіге кім бар теңелген.

                                  Ақылы асқан данышпан

                                  Сан озық аспай тежелген», — деп ұзағынан орығыта тоғытып, бір иіріп тастайды.

  • Беке, мені тым асыра сілмеп мақтадың-ау, — деген Үпіге.
  • Өзіңдей ақылды арысты мақтамағанда, даттайын ба? – деп, Бекетбай ақын алдындағы кеседегі қымызды бір сіміріп жіберіп:
  • Мырза, балам! Сәлем бергеніңе ризамын. Әл-ауқатты әкеңдей іскер бол! – деп, Мырзаға ырым батасын жасапты.