Өткен ғасырдың екінші жартысында, Ақсу өңірі жұртшылығына ақындық  өнердің иесі ретінде және қоғамдық өмірдегі белсенділігімен көзге түсіп, танымал болып үлгірген жас азаматтарымыздың бірі, Түлкібек Құрақбаев еді.

  Алайда,  жоғарғы оқу орнында оқып,  оны бітірген  70-ші жылдардан кейін  облысымыздың Көксу ауданы  мектептерінде ұстаздық қызметте өмірлік жылдарын өткізеді және де айтыс ақыны ретінде шығармашылығымен сол өңірден облыс, республика көлемінде есімі белгілі болады. 2017 жылы қайтыс болады.

Сондықтан да, өкінішке орай. Түкең  өзінің туған, Ақсу ауданы жұртшылығы үшін  ұмытылыңқырап,  ал кейінгілерге тіпті меймәлім болып қалған жағдайы бар.

 Осы олқылықтың орнын толтырудың, оның есімін туған жеріне қайта оралтудың алғашқы қадамы ретінде, жергілікті әдебиетшіміз, Жемісбек Толымбековтың ұсынған оның  өмірдеректерін, біраз өлеңдерін және бұған дейін баспа бетін көрмеген, яғни біздің сайт арқылы алғашқы рет  «Фатима» атаулы поэмасы жарияланып отыр.  

Кейіпкерлері, еліміздің ірі тұлғалалары  ИЛЬЯС ЖАНСҮГІРОВ, БІЛӘЛ СУЛЕЕВ  және ФАТИМА ҒАБИТОВА  болып келетін бұл поэма  осыдан кейінгі, келесі парақта жеке беріледі. Қабыл алыңыздар!

 

  Түлкібек Құрақбаев (1939—2017 ж.ж.) 

1939 жылы, 6 мамырда Талдықорған облысы,  Ақсу (бұрынғы Бөрлітөбе) ауданына қарасты Матай стансасында жұмысшы отбасында өмірге келген.

   Әкесі Қуатбек Ұлы Отан соғысына қатысып, 1942 жылы 16 желтоқсан күні Калининград облысы, Козлов деген жерде қайтыс болған екен. Әкесінен жастайынан жетім қалып, бірыңғай ана тәрбиесінде өсіп ержетіпті. «Үлгілі» бастауыш мектебінде оқып, 1950—1951 оқу жылында «Тесіктоған» жеті жылдық мектебіне барған. 1954—1953 оқу жылында Ақсу ауданы орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке барып, оны 1957 жылы бітіріп шыққан. Он жылдық мектепті бітірген соң комсомолдық жолдамамен мал шаруашылығына барып, бас шопан болып жұмыс жасапты. 1960—1964 жылдарда бірде клуб меңгерушісі, бірде мектепте пионер вожатый болып әртүрлі қызметтер атқарған.

  1965 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1972 жылы сырттай бітіріпті. Мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. 1976 жылы Киров ауданы, Қызыларық ауылындағы Қызыларық орта мектебіне өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, сол мектептен 1994 жылы зейнеткерлікке шыққан. «Жыл мұғалімі» сайысына қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған.

   Бүкілодақтық халық творчествосының фестивалінде лауреат атанған. Алматы облысы, Көксу ауданы әкімшілігі тарапынан бірнеше рет алғыс хаттармен марапатталған. 1994 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» белгісімен, 1988 жылы «Тәлімгер ұстаз» атағымен, 1985 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

Аудандық, облыстық, Республикалық ақындар айтысына қатысып, алдыңғы орындардан көрінді. Ең алғашқы айтысы 1958 жылы Әбітай Исхановпен өтті. Облыстың және Көксу ауданының бас ақыны атағын иеленген озық. Ілияс Жансүгірұлының 70, 90, 100 жылдық мерей тойларына өлеңмен «Арнау» арнап, тойдың беташарын ашқан үлгі. Домбырамен халық әндерін нақышына келтіре, әуезді орындайтын әнші. Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков пен Кенен Әзірбаев ақынның батасын алған. Ақсу халық театры құрамында «Қыз Жібек» спектакілінде Шегенің кейпін сомдаған шебер. КСРО-ның 50 жылдығына, В.Лениннің 100 жылдығына арналған Республикалық өнер байқауына қатысқан өнер жұлдызы. Облыс атынан ол шараға Дәнеш Рақышев, Зарықбек Рахымжанов, Түлкібек Құрақбаев үшеуі қатысқан. Ең алғаш 1965 жылы өткен І.Жансүгіровтің 70 жылдық мерейтойын ақын ауылында, Ақсу ауданы көлемінде ат салысқан үйлестірушінің бірі. Қызмет істеген Қызылтаң ауылындағы І.Жансүгіров мектебінде Ілиясқа арналған кешті аудан көлемінде ұйымдастырып, «Құлагер поэмасы» деген тақырыпта баяндама жасаған. 1965 жылы «Құйғанда» өткен І.Жансүгіровтің тойында ақындар айтысына қатысып, шебер, мәдени сөз үлгісін көрсетіп, Ш.Уәлиханов атындағы совхозының ақыны Ж.Ішпекбаевпен айтысып өнер сынасқан майталман. Т.Құрақбаевтың ақындық өнеріне тойға келген халық пен оның мәртебелі қонақтары Ғ.Мүсірепов, Ф.Ғабитова, С.Мұқанов, Ғ.Орманов, Қ.Бекқожин, Қ.Мұқашев, Ғ.Мұстафин, Ж.Садықов, К.Қазыбаев, Т.Сұлтанбеков, Қ.Шөкенов, Ы.Маманов, И.Сүлейменов, С.Нұрғалымов, Т.Махметов, т.б. қол соғып, тәнті болыпты. Қазақ теледидарында айтыстарға қатысқан алғашқылардың бірі. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров мәдениет үйінде өткен, Ілияс Жансүгіровтің 90 жылдық мерейтойына арнап айтқан Т.Құрақбаевтың «Арнауын» естіген Еркеғали Рахмадиев: «Мына бұлбұл! Дүлдүл кім? – деп, орнынан атып тұрып, қасындағылардан сұрағаны бар. 1990—1991 жылдары Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров мәдениет үйінде өткізілген оқушылардың облыстық ақындар айтысында қазылар алқасының мүшесі болып, Қайыржан Жексенбиев, Балғынбек Имашев сынды жас ақындардың жолын ашып, көрегендікпен болашағын болжай білген тілеуші. Түлкібек Құрақбаевтың:         

                              «Ассалаумағалейкум, көрерменім,

                              Алдыңда отыр жайнап өрендерің.

                              Осылар болмағанда бұл араға,

                       Домбыра ап, өлеңдетіп, келер ме едім», — деген беташар жыры жас талап ақындарға құтты қадам мен ізгі тілекке ұласқан.

2011 жылы Ақсу ауданының 80 жылдық тойындағы «Ақсудан шыққан арыстар» атты ғылыми конференцияда Толғанбай ақын туралы көркемді баяндама жасады. «Соғыс ызғары» атты жыры Алматыдан 2014 жылы басылып шыққан «Мұзбалақ Мұсабек» кітабына енген. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген Республикалық ақындар айтысында «үздік өнер көрсеткені үшін» Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің арнайы дипломымен марапатталған. 1987 жылы Қалқа Жапсарбаевтың туғанына 100 жыл толуына байланысты өткізілген айтыста Қалқа Жапсарбаев атындағы бас жүлдені жеңіп алған. 2007 жылы «Туған тілдің мұнын шерткен ақынмын» атаулы аудандық жазба ақындар жабық мүшәйрасында бас орынды алып, бірінші дәрежелі дипломды иеленді. «Тасқын» ақын атанған Толғанбай Мырзағұлұлының өнерін жалғастырған шөбересі болған еді.

 

Түлкібек Құрақбаевтың өлеңдері

Өлеңім

Өлеңім, менің өнерім,

Өзіңсің қымбат керегім.

Өлсем де бір күн көз жұмып,

Өлмесе деймін өлеңім.

Өлеңді көптен жазғам жоқ,

Тартынып және қалғам жоқ.

Ұсынбадым баспаға,

Шыққаны болса арман жоқ.

Жақсы өлең мүмкін арындап,

Жастықпен кетті жалындап.

Шау тартқан мына кезімде,

Жеткені осы қағылдап.

Жаза да жаза бермедім,

Тіліңе неге ермедім.

Асылы қайда өлеңнің,

Осы ма елге бермегім?

Деген ой мені мазалап,

Тұрады кейде жазалап.

Етіңдер, елім, қайтейін,

Осыған да қанағат.

Жандары жайсаң, жамағат,

Болыңдар бәрің саламат.

Оқысын деп мен жаздым,

Оқу да саған аманат.

Оқымасаң қайтейін,

Мұнымды кімге айтайын?

Дегенім ғой, беу, қазақ,

Өзіңді бір байқайын.

Өйткені, қазақ өлең ғой,

Өлеңнен туған берен ғой.

Берен қиып түспей ме?

Қазақ солай деген ғой.

 

 

Бала күн 

«Үлгілі» деген жерде едік,

Бұйрат-бұйрат құм іші.

Ол күнде бала ермегі,

Ылғида ойын жұмысы.

Жағалап құмға барушы ек,

Теруге қаракенесін.

Жаужұмыр қазып алушы ек,

Тәтті бір жеміс дегесін.

Дәмін де татып жуаның,

Айранға турап салушы ек.

Өзіне тартып құба құм,

Бауырына басып алушы ед.

Айналып одан кете алмай,

Жүруші ек құмын шиырлап.

Шымшымын тартып, есе алмай,

Өруін білмей бұрымдап.

Ауылдың жаны өзекті,

Оған да жиі барамыз.

Қып-қызыл шақа көжекті,

Қуалап ұстап аламыз.

Әйтеуір, тыным табу жоқ,

Аралап қойнау қолатты.

Ұзақты күнге дамыл жоқ,

Түрініп алып балақты.

Қорғасын құйып сақаға,

Асықты тігіп ойнаймыз.

Қыс болса қарлы жотада,

Сырғанақ теуіп заулаймыз.

Суына түсіп тоғанның,

Денені күнге күйгіздік.

Көн болған қара табанның,

Етіне шөгір кіргіздік.

Жарылған жерге шаң сіңіп,

Тілініп балтыр кететін.

Маңдайдан шып-шып тер шығып,

Төбеден күн өтетін.

Жарылған жерге шешеміз,

Шикі кілегей жағатын.

Қаңғыбасы көшенің,

Шыдамай безек қағатын.

Ыңғайлы үйлер аласа,

Құстарға ұя салуға.

Торғайлар жұмыртқаласа,

Құмар ек соны алуға.

Күн екен сол бір қызықты,

Оралып қайта келмейтін.

Біздердей қиқар бұзықты,

Үлкендер кейде тергейтін.

Қарамай боран дауылға,

Біткенше әлің қалжырап.

Қайтатын едік ауылға,

Сілеміз құрып салбырап.

Осы ма қызық бала кез,

Түсіп ед қайдан есіме.

Өтті ғой талай шала кез,

Қызықтым оның несіне?

 

Рух

Қара сөзді бұрын да Абай айтқан,

Байқағанға бәрінде қадап айтқан.

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста»,

Деген сөзді сол Абай талай айтқан.

Ақыл, қайрат, сезімге жүрек басшы,

Сол жүректің тексеріп кілтін ашшы.

Не нәрсе екен оларды қозғайтұғын?

Мән беріп, ақылыңмен араласшы.

 

 

Жүрек келіп кеудеңе орнағанда,

Алпыс екі тамырды қозғағанда.

Егер сенің кеудеңе рух бермесе,

Болған емес, ұқсайсың болмағанға.

 

Ой

Ой дегенің шетсіз, шексіз тұңғиық,

Тұңғиыққа ал, келіңдер, сүңгиік.

Сүңгиік те ой асылын алалық,

Асыл затты кете алады кім қиып.

Санамызға сапырылып келеді ой,

Бірі саяз, ал біреуі терең ой.

Тереңінде жатқан таза маржанды,

Сүзіп алып, өз еліңе бере ғой.

Сонда ғана лас ойдан арылып,

Жан жабықса жай табады айығып.

Жарық сәуле саңлаудан жылт етсе,

Соған жету ойыңдағы бар үміт.

Бар үміттен, тек жастарым, құр қалма,

Ізде, талпын, қолыңды соз шыңдарға.

Есі дұрыс адам ойсыз болмайды,

Ойлы болсаң асқақтайды тұлғаң да.

Біліп алғың бізге жақсы ой керек,

Ойсыздарға ақылыңмен бер көмек.

Ертең мен де сендей ойлы болам деп,

Бесігінде уілдесін бал бөбек.