«Ақындар мен Батырлардың елі» саналатын Жетісу-Ақсу өңірі тарихының 19-ғасырдағы екінші жартысы кезеңіндегі ақындарының арасында аса танымал және бірегейі ретінде Толғанбай ақын Мырзағұлұлының есімі аталады. Ол жөнінде  қазіргі аудан жұртшылығы біршама хабардар және оны құрметтейді. 1994 жылы ауданда ақынның 150-жылдығына орай үлкен ғылыми-практикалық конференция өткізілді.  Одан кейінде аудан  мектептері мен кітапханаларда арнаулы сабақтар, оқушылар конференциясы өткізіліп, аудандық газетте  мақалалар да шығып тұрды. Осы сайтымның тиісті тарауының алдыңғы парақтарында оның қысқа  өмірдерегі берілген болатын. 

Жемісбек Толымбеков

  Солай десек те, қазіргі өткендерімізді түгендеген рухани жаңғыру үрдісі кезеңінде,  басқалармен бірге Толғанбай бабамыздың да  есімін мұмкіндігінше қайта насихаттау, сол  мақсатта  естелік жазбалар, зерртеулік еңбектер аса қажет-ақ. Сол бағытта іс-қимылды жасауға  бізге де бір мүмкіндік туып отыр. Ол үшін тағы да «сайтымның бір доноры»  Жемісбектің Толымбековтың    «мұрағаттық қоржынына қол салуға» тура келеді...

 Бүгін Ақын туралы  кіріспелік, деректік мақала  ұсынылды. Ал, оның шығармалары алдағы уақытта жарияланатын болады.

  Осы жазбалар еліміздің басқа өңірлері азаматтарына да танымдық тұрғыда артық болмас деп санаймыз.

 

 

Тасқын ақын Толғанбай 

 

Толғанбай ақын Мырзағұлұлы (1844—1897 ж.ж.) 

 

Толғанбай ақын Мырзағұлұлы

  «Тіл өнері дертпен тең» дейтін қазақ өз ақындарын, айтыс өнерін кем бағалауға соқтыртпаған. Ұлы далада белді адамдармен тамырлас болмаса да тағдырлас, ойы ортақ, біртуар азамат, ақын Толғанбай Мырзағұлұлы 1844 жылы, қазіргі Ақсу ауданының жеріндегі Ақын Сара ауылының телінде, өмірге келген. Тоғыз құрсақ көтеріп, топты азамат өсірген Құрамыс анасының жетінші перзенті. Толғанбай әкесі Мырзағұлдың қанаты астында қадімше хат танып, сахараныњ сал-серілік дәстүріне құлай беріліп, өлең өнеріне ынта-ықласы ерте артқан. өлең өнері Толғанбайға он үш жасында дарыған. Далада ойнап жүргенінде ақ боз атты, ақ сәлделі, ақ сақалды қарт қасына келіп, «өлең аласың ба, көген аласың ба» деген екен. Өлеңді қалаған Толғанбайға әлгі қария өз батасы мен «Қапудай» деп аталатын әуенді қоса берген. Осы салдардан көпшілік жұрт Толғанбайды «әулиеден әуен алған Толғанбай» деп атап кеткен.

 

 

Әкесі Мырзағұл домбыра жасайтын хас шеберге жиналмалы үлкен сүбелі домбыра жасатады. Домбыраныњ ажыратылатын ұзын мойыны шанағына киіліп, қатты ағаштан жасалған сына кіргізіліп, қайыспен байлап бекітілетін, атқа қомдап алып жүргенге оңтайлы, басы орыстың шылымындай қайқы, үкілетіп моншақ таға, қызыл түсті сырға боялған. Толғанбай ақын киімді бір ыңғай қызыл түсті матадан ою-өрнектетіп, айшықты әсемдетіп, арнайы тіктірткен. Басына зер тақия мен құндыз бөрікті үкі таққыза жасаттырып, аяғына өрнегі бар саптама етікті, киім сыртынан жамылатын құндыз жағалы қымбат матадан жасалған шапан киген. Жарасымды киген киіміне қызыққан аталасы Әлімбайға Толғанбайдың өзі: «Осынау өмірімде, па, шіркін, киген киімін-ай, дегенді естімеген екенмін? Бірақ, пах, шіркін, Толғанбайдың мінген атын-ай, деген сөзді құлағым үш қайтара шалды!» — депті. Толғанбай ақын орта бойлы, зерек ойлы, маңдайы тайқы, келбеті қызыл шырай реңді, өткір жүзді, мұрны жалпақтау, делбегей емес, ат жақты шықшытты, қабағы қалың айшыќты, қолы ұзындау салалы, сүмбілше сұлу саусақты, өзін таза ұстайтын кірпияз, өте ұқыпты кісі болған екен.

 

  Толғанбай ақынның шыққан ататегі: Матайдан Кенже, одан Сұртай ақын, одан Үмбет батыр, одан Қарытқұл, одан Боданбай, одан Жалау-қарт, одан Темір, одан Болат, одан Байғыз, одан Сақай — өлең түнеп аттанған ақын, одан Тағай батыр, одан Тұңғат дана, одан Ер Тоқпанбет, одан Қоңырбай батыр, одан Байжан батыр, одан Мырзағұл, одан  тоғыз ұл: Қоштыбай шебер, Естібай зергер, Ендібай жылқы пірі, емші, Тектібай бай, Белібай білік, Телібай болыс, Толғанбай ақын, Толқынбай, Жұманбай ақын тарайды. Қонысы: қыстауы Жаманжал, Ақжал; көктеу-күзеуі Көкжайдақ, Шұрат; жайлауы Амантекше жерлері.

   

    Толғанбай ақын 18 жасында  үш жүзге мєшћүр, айтыстың ақиығы Байқошқарұлы Түбек ақынмен (1785—1897) Итжонды Арқа жерінде, Бексұлтан төренің ұлы Сүлейменнің асында, 1862 жылы айтысады. Жетпіс жеті жастағы Түбек ақын жас пері Толғанбайға өзі килігеді. Толғанбай ақынның: «Жетпістің жетеуінде желкілдейсің, құдайдың сен сұқ иті иманың жоқ!» — дегеніне, Түбек тоқтап, айтыста жеңіледі. Түбек ақын өз домбырасын тізесіне ұрып сындырып, «апыр-ай, жолымда желдей есіп, желпінген жас тұрғанда, мен адасқан екенмін, енді айтысты тоқтаттым» деп, сондағы көп алдында Толғанбайға батасын береді. Абай Ќұнанбаевтың 150 жылдық тойына арналып шығарылған «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында Қайым Мұхамедханұлы: «Түбек пен Толғанбай үш күн, үш түн айтысқан», — деп жазады. «Түбек пен Толғанбай» айтысының мәтінін 2002 жылы «Жетісу» газеті мен «Жұлдыз» журналына халық мұрасын зерттеуші Қаратай Биғожин шығарған.

 

   Сүлеймен төренің асында Толғанбай ақынның Қоңыр мен Малай, Сүлейменнің ханымына арнап «Көңіл» айтуынан Матай мен Қаракерей елі арасындағы бірнеше жылдарға ат ізін салмай кеткен дүрдараздық  татулыққа ұласқан. Толғанбай ақынның «Көңіл» шығармасы әуезімен Мұхаметше Балаубеков, Жәрдембек Тостағанбетов, Дәмелі Имашқызы орындағандары арқылы көпке жайылған. Қапал ауданы, Абай атындағы колхозының тұрғыны Бейсебаев Бейсенбек деген азамат «Толғанбай мен Түбек» айтысының мәтінін қағазға түсіріп, 1955 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының қолжазбалар қорына тапсырған. Әбубәкір Ахметжанұлы Диваевтың қолжазбалар мұрасы Қаз. ССР. Ғ.А.Орталық Ғылыми кітапханасыныњ қолжазба қоры, папка №1167, 13-18-ші дәптерлерде Толғанбай ақынның «Сүйінбай ақын асында» шығарғаны сақталуда екен. Ол жайында Әбубәкір Диваевтың Алматы, «Ана тілі», 1992 жылы шыққан «Тарту» кітабының «Халық қазынасының қамқоры» айдарлы алғысөзінің 19 бетінде Флора Оразаева жазған.

 

  Толғанбай ақын мен Алшын Есқожаұлы Төребай ақын жасты, бір жылғы тумалар. Екеуі өлеңмен қақтығысқанында Толғанбай әмісе басым түсіп отырған. Төребай ақын Толғанбайдыњ Сүлеймен төренің балалары Қоңыр мен Малайға айтқан «Көңілін» өнеге тұтып, сол нұсқада Шоқан Уәлиханұлы өмірден өткенінде көңіл шығарып айтқаны Өкітай Ахметовтың «Алшын Төребай» кітабына енген. Түбек ақынды Толғанбайдың айтысып жеңгені халыққа ауызша кең тарап, Толғанбай 18 жасында қазаққа «тасқын» ақын атанады. Он жеті жасынан бастап Толғанбай ақын сал-серілік жолына түсіп, 42 жастан асқанынша доғармаған. Яғни, 25 жыл. Толғанбай ақын өзінің туындыларын қағаз бетіне түсіріп, жинастыруды да серік еткен. өкініштісі, сол көлемді «Толғанбайдың толғауы» деп аталған, қомақты жазба жинақ тарамданып жоғалып, ауызша айту дәріпімен жеткеніне шүкірлік етпеске амал жоқ. «Қаракерей Қабанбай» авторлары Зейнолла Сәнік пен Бейсенғали Садыхан және «Хан батыр Қабанбай» авторы Зейнолла Сәнік кітаптарына Толғанбай ақынның «Қабанбайдың жаралмышы» туындысынан бір ғана өлеңі берілгеніне де шүкір.

 

  Ресми түрде баяндалып, көпшілікке көрегенді көркем насихатталмағанымен, сонау бір өткен дәуірде, Ақсу жерінде, ақындықтың Толғанбай ұйымдастырып, қалыптастырған өз мектебі де болған екен. «Тұйғын» ақын атанған, халық ақыны Қуат Терібаев: «Толғанбайдың  суатынан су ішіп, жем жегенмін!» — деп, оны өзіне ұстаз тұтқан. Толғанбайды пір тұтқан, өлең өлкесіндегі Матай елінің «үш тотысының» бірі Сара Сұлтанбек (Тастанбек) қызы. Ақын Сара Толғанбайға жат емес, руы бір, елі ортақ, жақын туыс, тамыры бір қарындасы. Толғанбай ақынныњ Сараға арналған «Еркем» атаулы өлеңінің әуені мен «Ақын Сара, бес жасыңнан ақылға болдың дана» деген қайырмасы, халық сақтауында  ұрпаққа жетті. Толғанбай мен Сараның  өрісі мен тынысы бір, қонысы қатар қонған, қара орманы баяғы Шұрат, Көкжайдақ  мекені. Ел аузы жєне Арқа өңірі деректерінде Сараны «ақ бата, ақ қой қаны» жазылмаған дала заңының бұғауынан, бәрін астыртын, жасырын үйлестіріп, құтқарушылар Арсалаң мен Толғанбай ақындар.

   Сал-серілік жолына түскен Толғанбай ақын Арғын, Найман елдерін бірнеше дүркін аралап, дүйімді үш жүздің игі жақсылары баратын жәрмеңкелерде өз өнерін  сан мәрте паш еткен. Сал Біржанға жолығып, етене жақындасып, еліне келуге шақырған. Сал Біржанның батасын алған. Сара қыздың тағдыры, сұлулығы жайында Біржанға көркем суреттеп, келісті ұғындыра айтып жеткізген. Өз елінің белді кісілеріне Сара мұңын шағып, өлеңмен айтқаны, әсіресе Арсалаңға арнауы жазбаға түскен. Көп болып шоңжар Толқынға, оның ағасы Ой-Найманды билеген Маман құт пен баласы Тұрысбек қажыға дестері жүрмей, амалсыз батылды айлаға басып, Сараға сырттай ғашық Біржан салды Арқадан астыртын  шақыртуға ұйғарым жасалған. Бұл жасырын істің іске асуы Телібай болысқа, ер Шерубайға, Мүсәпір батырға, Арсалаң, Толғанбай ақындарға жүктелген. Ақын Сараның аталас інісі, жасы  тоқсан бесті жасаған Мейрамбай Байтолықов (1875—1970 ж.ж) пен Толғанбай ақынның келіні, жасы  тоқсан бірді жасаған Дәмелі Имашқызы (1907—1997ж.ж.) ұрпаққа мұра қылып артына жаздыртып қалдырған қолжазбаларында «Біржан мен Сара» айтысын алғаш хатқа түсірушілердіњ бірі Толғанбай ақын дейді.

 

 Толғанбай ақынныњ үлкен бір қомақты шығарған туындысы «Ататек» өлең-шежіресі. Толғанбайға көптің сұрауымен «шежіре жаз» деп, тапсырыс бергендер Маман құт пен баласы Тұрысбек қажы екен. Толғанбай ақынныњ өлең-шежіресі Қызай елінде «Маман, Тұрысбек шежіресі» деп аталады. Толғанбай ақынның «Ататек» шежіресінің бір тарауы Қалибайұлы Ерғалидың қолжазба дәптеріне 1941 жылы жазып қойғанынан табылып, 1995 жылы, «Өмір нұры», Ақсу аудандық газетінде басылып, баспада алғаш жарық көрді.

 

  Берісі Матай, арысы Найман асып, Арғын елін тамсандырған Толғанбай ақынды да өскен ортасы сидырмаған. Тік айтып, тура сөйлеуді өмірлік мұратына айналдырған ақынның аяғынан шалушылар ел ішінде аздық етпеген. Сал-серілік жолға түсіп, дүние-мүлік жинамай, айттырып қыз алмай, үйленбей жүрген Толғанбайды ағайын-туыс, ағасы Телібай болыс тәртіпке салмақ ниетте Қапалдағы уезд бастығы «тентек ояз» алдына апарған. «Сен не деген тентексің? Ағайын-туыс, ағаларыңның ақылына көнбейтін?» - деген, аузында бұйрығы, қолында қаламы, қалтасында мөрі бар, шынжыр балақ ояздың, он шақты белді кісілердің алдында, қабағын түйе-түксите берген сауалына, Толғанбай ақын: «Мәртебелі мырза! Мені тентек атандырса, жақын ағайын-туыс, ағаларыма жақпағаным шығар?! Бірақ, өзіңізді «тентек ояз» атандырғанда қалың халқыңызға қай қылығыңыздан жаздыңыз?» — деп, «ашулы арыстанның» жалынан сипаған өжеттігімен басын даудан арашалаған. Ояз: «Өжет, тапқыр ойлы, Толғанбай ақын алдынан ешкім шықпасын! Атақ даңқтарыңды осы адақтайды!» — деп құрметтеп күттіріп, ат, шапан беріп, жолға салыпты. Тентек ояздан алған ат, шапанды Толғанбай ағасы Телібай болысқа сыйлап, өзі атты шаужайына қамшымен бір осып, басқа жолға түсіп, ағасына ілеспей шауып кетеді. Телібай болыс екі атты алма кезек мініп, сол күні Қапалдан Тәнеке батырдың ұлы Есімбектің ауылына жетеді. «Құтты қонақ жақсылық ниетке» деп, Есімбек Телібайды ауылында өтіп жатқан «қыз ұзату» тойына алып барады. Тойда елі Өтебай, қасиетті Алдай бақсының қызы Жамбы «өлең қонып, аттанған Сақай түлегісің» деп намысына тие, Телібайға қақтығысып, екеуі қара өлеңмен айтысады. Жамбының сөздері басым түсіп, Телібай аракідік қайтарым жауап таппай, тосылады. Ќасында отырған Есімбектің тізесін қолымен батыра басып, қобалжи «әлгі Толғанбай ақын, інім келе қалса ғой» деп, есіктен кіргендерге елекзіп, жиі қарап, үміттеніп отырады. Есімбек: «Аптықпа, ол інің той бары құлағына шалынса, түнгі өлеңге қарсы жетіп қалар?» — деп Телібайға басу айтып, сабырлық сақтауды тілейді. Есімбек болжағанындай-ақ, түнгі өлең бастау алып, қызар шағында, Толғанбай барша отырғандарға сәлем бере, есіктен кіреді. Толғанбай орнығып отырмастан, Жамбы қыз қапияда қапы қалдырмақ ниетпен, кекесінді өлеңмен Толғанбайға:

«Япырмай, мынау келген Толғанбай ма?!

Именіп, ол ешкімнен қорғанбай ма?

Толғанжан аузың епті, тілің майда,

Жамбының май шолағын сорғандай ма?! – дейді.

Толғанбай зер қоржынындағы жиналмалы, қызыл түсті, домбырасын дереу қолына алып, күйіне келтіре, үй ішіндегілерге зейін сала, көзімен шола барлап, Жамбыға:

«Жамбы ма, мына отырған тайтұяќ па?

Болғаны оның ақын біздің бақ па?!

Кекесін келген жерден сөзін айтып,

Елінен ерек шыққан сұржайдақ па?!

Беріпті Алакүшік Шаппасына,

Іліндің ноқта болып ат басына.

Толқынды, Нұрланменен қабат алып,

Қарашы Жамбы қыздың саппасына» — дегенінде, Жамбы қыз бетін жаулығымен бүркей,  үйден сыртқа ыта жөнеледі. Толқын мен Нұрлан сол үйде екен, Толғанбайға қамшыларын үйіре, тұра ұмтылады. Оларды үйдегілер мен Есімбек басып, тоқтатып, кешу сұратып, Толғанбайға екеуі екі ат пен екі шапан айып ретінде береді. Толғанбай ол алған сыйын ағасы Телібайѓа тарту етеді. Толғанбайды тәртіпке келтірмек болған бір сапарында Телібай болыс үш ат, үш шапан олжамен оралады. «Наурызбай – Ханшайым (Фатима)» деген туындыда: ««Сөз иесі Толғанбай! Жыр иесі Толғанбай!» — деп айтылған.

 

  Толғанбайдың Естібай деген ағасы өліп, ерте жесір қалған, оның әйеліне, әмеңгерлік жолымен ағайындастар арасында «мен аламын, жол менікі» деген қызғанышты талас-тартыс туындап ушығады. Бұл лаулап тұрѓан отты ары дамытып, ағайындастарының бірлік ұйытқысын білдірмеу және жесір, екі баласымен қалған, жеңгесін ағайындастарының қызғаныш әлегінен құтқару жәйімен, отыз жастан асса да әлі үйленбей жүрген Толғанбай ақын, жеңгесінің ықтиярлы келісімімен, оған үйленеді. Өлген ағасының жолын қастерлеп, жеңгесін сыйласыммен «Үлкен апа» деп атап, жеке отау жасап қояды. Осы мән-жәйдің бәрін тыңғылықты естіп білген, елі Қаракерей, қадау тілді Балтабек қажы «атадан көп болғандарыңмен бөрібауыр екенсіңдер» деп Толғанбай ақынды, бір жиында, өткір тілімен шағады. Сонда, Толғанбай ақын:

«Саналы әділ бала ту ұстайды, жаман бала жақсыға жуыспайды.

Қайырымды, ақ пейіл, дана болса, біреуінен біреуі суыспайды.

Арам пейіл адаммен жолдас болсаң, құрт жеген ағаштай қуыстайды.

Жақсы әйелге ұя бөрік ер кездессе, шақ етіп, бір-бірімен ұрыспайды.

Ағайын бар болса екен күндесе де, сыйласып, күнде бірге жүрмесе де.

Қол жетпейтін торғыннан тоным артық, жыртылып жаға, жеңі кірлеседе.

Кең ойлы, ақыл айтар, қамқор жақсы, әр түрмен ұрсып, зекіп, тілдесе де.

Қайырымды, жайдары, дана болса, тоқтау айтар, ісіңді міндесе де.

Топ қарға не қылады бір сұңқарға, жүз жабы мінсең жетпес бір тұлпарға.

Жаманға әлде қалай ісің түссе, жарамас ашығыңды бір қымтарға.

Сорлы еркекке кез болады долы әйел, отырып от басында дым құртарға.

Дүние байқауымша шолақ екен, қол жетпеске созған қол сорақ екен.

Болған нәрсе, жоқ деуге бармайды аузым, ойласам өмір деген қонақ екен.

Не жетсін, тіршілікте сыйласқанға, қызығы бұл өмірдің сол-ақ екен!» — деп өлеңмен жауап берген екен.

 

  Толғанбай ақынды көре алмас жақын жекжаттарының жала жабуымен, болыс жезделері Жаманбала  мен Жүрімбайдың 500 теңге сүйіншіге қызығып куә болуынан, кезінде кісі өлтірді деп, іргелес Садыр елі айыпқа бұйырып, жығынды жасайды. Толғанбай ақын екі інісі Толқынбай мен Жұманбайдың көмегімен елден кетіп, қорған іздеп, арғы беттегі Қызай елінен тұрақ табады. Қызай елі Толғанбай ақынды хан көтере қолпаштап, ел аралатып, жер танытып, сән-салтанат тойларына, көпшілік мәслихаттарына қатыстырып, саңлақ өнеріне тәнті болып, бір жылдан соң, бектері мен елбасылары «алтынмен үптеп, күміспен күптеп» еліне әкеп салады.

  Ең байлықпен еліне келген Толғанбайды ағайын-туыс, аға-інілері жадырай, сағына қарсы алады. Толғанбай ақын өзіне таңылған айыптың жала екендігін, бар қаражатын аянбай шаша жүріп, нақты анықтап бағады. Үйсін елінде игі жақсылар бас қосқан үлкен тойда «Нәсілім менің Кенже едім» атты толғау-арнауымен: «Жаманбала, Жүрімбай! Жек көрдім кәпір сұрыңды-ай! Өтірік айтпай, жайыңа жүрсең болмас па ед? Аруаққа шек боп ұрынбай! Құдайдың жаратқаны рас болса? Кешіктірмей алар-ау, біріңді-ай!» — деп,  енді жүздерін көрмеспін деген, екі жездесінің қылығын, жұрт алдында беттеріне басып әшкерелейді. Жезделері Толғанбайдың аяғына жығылып, Жаманбала қалтасынан қолма-қол мың теңге суырып, алдына тастаса, Жүрімбай үйіне жете ауырып, бір айдан соң қайтыс болады.

 

  Толғанбай әділ істі ақын, жастайынан бұқара халықтың қамын жеп, сыйлағанныњ құлы, өз елінің намысын жібермеген айбарлы азу тісті ұлы. Ғарып пен қасарды қорғап, сөз дәріпімен пайдасын тигізген. Ақындық, жыр, толғау, ән айту өнерінде бір айтқан әуенің еш қайыра қайталап айтпаған үздік. Замана көшін алға апарар, «адам ісі адаммен» екенін түсініп, былай жырлайды:

«Ауыр қайғы бөлісу, ағайынның парызы.

Көп тілеуі көл екен, ақ батаны ал ізгі.

Сайрап жатар көсемнің, салып кеткен сар ізі.

Бәрінен де жаманды, ағайынның арызы.

Елім, жұртым сізге айтам, бірлікті бол шырақтар.

Бірлікті жерде ырыс көп, ол елге адам тұрақтар.

Ауыз бірлік бар жерде, жететұғын мұрат бар.

Ауыз бірлік жоқ жерде, қиянатты қият бар.

Ұлттық иман қабы дер, иманды да ұят бар.

Көпшілікке жаққан жөн, басыңа жағар шырақ бар.

Фәни тұрмақ бақида, мінетұғын пырақ бар.

Ешкімнің хақын жемеңдер, артында оның сұрақ бар».

 

  Ілияс Жансүгірұлының «Дала» поэмасы мен «Жетісу» кітабында Бекетбай ақын дәріптеледі. Бекетбай Толғанбай ақынның аталас інісі болады. Шөмшетайұлы Бекетбай бес жасында шешекпен ауырып, екі көзінен зағып болып, содан мүлдем көрмей қалады. Толғанбай ақын Бекетбайдың аузына үш түкіріп, ең болмаса «өлеңші, ақын болып, күніңді көр» депті. Толғанбайдың ниеті қабыл болып, Бекетбай тапқыр, дарын сөзімен дес бермес, өнегелі өнерімен халқын сусындатқан озық ақын атанады.

 

  Толғанбай ақын белді, беделді кісі. Матай елінің ізгі жақсылары Толғанбай ақынсыз үлкен жиын, ас, тойларға бармаған. Өлеңді боз кілем үстінде малдас құра, құйрығымен жорғалап отырып айтқан. Елі Қайнар, Болатшы қажы дерегінде: «Толғанбайдың басындағы зер тақиясы құйқасымен бірге ойнап тұратын», — делінген. Толғанбай ақынның Арғында Әлия есімді қызбен, Садырда Есболат қазының балдызымен, Аталық, Шоқпарда Сарықызбен айтысқан қақтығыстарын ел аузынан жинап-теріп, жазып алынды. Одан басқа «Насихат», «Қасқа ат», «Тау» шығармалары мен қатар өсиет, өнеге, тәлім негізінде айтқан көптеген өлең, жыр, термелері мәтіні толық емес, жұрымдалып, халық арқылы жеткендері де бар.

 

  Толғанбай ақын ата салт рәсімдерінің түзігін ұстанып, дәріптей білген жампоз. Бір жылы Толғанбай ақынның екі бірдей туысқан ағалары қайтыс болып, қазаға аза тұтып, «өлең айтып жүргенім биыл емес, өлең деген біздерге қиын емес, екі бірдей ағамыз өліп отыр, айтатұғын өлеңді жылым емес» деп, өлең өнерін қайтыс болған ағаларының жыл уағына дейін айтпай доғарған. Халық Толғанбай ақынның ақындық өнерін «әбдәйі соққан қызыл жел» деп бағалаған.

 

  Ақындықта ешкім жеңбеген «тасқын» ақын Толғанбайды «бір тұқыртып айтыс сөзбен жеңсем, атым шығар еді» деп аталасы Әлімбай деген армандап, ұрымтал, оңтайлы сәт іздеп, Толғанбайды аңдып жүреді. Бір күні, таң атар алаң-елеңде, Әлімбай тұсаған атына жайылымға кетіп бара жатып Толғанбайдың «Үлкен апасы» үйінде ши қоршау ішінде жуынып жатқанын байқап қалады. Ұзақ жолдан түнімен жүріп, ат соқты шаршап келген Толғанбай әмеңгерлік келісіммен алған жеңгесінің отауында жуынып, енді төсекке бас ұрып, жуынар алдында шешкен бой тұмарын мойнына тағып, ләпсі ұйқыға беріле берген тұста, қазақ үйдің сыртқы іргесінен Әлімбайдың дауысы былай шығады:

«Зияны жоқ  дейді ғой бой тұмардың!

Жүрісі жақсы ма екен боз шұбардың?

Толғанжан түніменен құдық  қазып,

Құдықтан қай мезгілде су шығардың?

 

  Толғанбай жастықтан басын дереу көтеріп, үй сыртындағы Әлімбайға:

«Ол рас, жолаушылап кеше кеттім!

Үйіме қайта оралып, түнде жеттім!

Құдықтан таңға жақын су шығардым,

Сол судың дәмін татпай қайда кеттің?! – деп жауап береді.

  Ұйқысы қанып, сәске түсте оянған Толғанбай сыртқа шықса, ат ағашта шуда жіппен бір ат байлаулы тұр. «Мынау ат кімдікі?» — деп жеңгесінен сұрайды. Жеңгесі: «Әлгі Әлімбай, Толғанбайға дауа жоқ! Өзіме де сауап. «Айыбым» деп, жіп сұрап алып, астындағы жайылымнан жайдақ мініп, әкеле жатқан атын осында байлап кетті» — дейді.

 

  Толғанбайдың інісі Жұманбайдың түр-келбеті ұсқынсыз, қара шодыр, бөгде адам бір қарағанда шошырлықтай, қорқынышты екен. Атастырылған, елі Қайнар, Болатшы қажының қызы Зөре жігітін менсінбей, оѓан «күйеуге тимеймін» деп қашқақтап, келіспей жүреді. Бір күні Зөренің әкесінің ауылына Толғанбай ақын келіп, өнерін көрсетеді. «Аспанға көтерілсем аяғымнан ұстайтын! Жерге кірсем төбемнен тартып алатын! Мынандай қайынағам бар! Мен ақымақ екенмін! Жұманбайға келісім бермей жүрген!» — деп Зөре өз мінін мойындап, жедел бағзы ықтиярымен Жұманбайға  күйеуге шығады.

 

  Толғанбай ақын 41 жастан асқанында шынайы неке қидырып, өзінен 19 жас кіші, егіздің сынары, Мәшен есімді қызбен үйлесім тауып, өмірін жарастырады. Мәшен анадан Ќұрақбай, Биби, Құндақбай, Құрсақбай есімді Толғанбай төрт перзент көреді. Толғанбай ақын елу жасында, халық қалауымен болыстыққа сайланып, ел басқарады. Өз парызын адал атқарып, «момынның малын зәлімге» жегіздірмейді. Толғанбай даңқ биігіне қырандай самғай шығып, қысқа ғұмыры сарқылғанша «адам» деген қасиетін аласартпаған ақын.

 Толғанбай ақын 1897 жылы, бір елге барған сапарынан, тіл-көз мірінен ауырып келіп, ата мекені Жолбарыссоққанда биік бір құм төбеге шығып, ел-жермен бір күн, бір түн «Қоштасу» өлең айтып, 53 жасында өмірден өтеді. Толғанбай ақынныњ «Қоштасу» жырын әуезі мен сөзін толық білген Қожамұратұлы Балтабай ақсақал көпке дәріптеген, Бірақ, мұра қылып артына қалдыруды  ұқыптамапты.

Жиырма жеті жасында жесір қалған Мәшен ананың Толғанбайға арнап айтқан «Жоқтауын»  келтірейін:

 

«Кешегі менің татуым, қарада берен ер еді-ай!

Момынның малын зәлімге жегізбеспін дер еді-ай!

Шежіре туған шешенім, әбдәйі қызыл жел еді-ай!

Алайын деген жауының алдынан шыға сөйледі-ай!

Қудан да ұшқыр жүйрігім, талайды сөзбен бөгеді-ай!» — деп ұзағынан жоқтапты.

Толғанбай ақынның «Қапудай», «Еркем»  әндерінен өзге де әндері болған. Елге танымал айтыскер ақын, актер, әнші Жәрдамбек Тостағанбетов: «Әй-у-гай, у-гай» әуезді Толғанбай атамның әні болды. Жас шағымнан үлкендердің айтуымен әуезі есімде қалды», — дей келе:

 

«Атам сөзі ескерткіш көптен елге,

Естігендер сөздерін осал дер ме?

Осы әуезбен Толғанбай самғайды екен,

Сол себептен «у-гай-ға» бастым мен де.

Аққан асып дария жеті арнадан,

«Алтын ауыз, алмас» де Толғанбайды.

Бұтағынан бәйтерек бүрін төгіп,

Тәлімді сөз қалдырған екен маған», — деп толғайды.

 

   Әнші, жыршы Жәнібек Кәрменов: «Толғанбай ақынның шығармалары мен әуездерін іздеп тауып, шығару абзал», — деген еді.

 

Жемісбек Толымбеков