Сайттың кешегі парағында  «тасқын ақын» аталған Толғанбай Мырзағұлұлы туралы Жемісбек Толымбековтің деректік мақаласы берілген еді. Енді соның ізін суытпай, қолдағы бар Толғанбайдың айтыстарының жазбалық нұсқасын беруді жөн көрдік. Қабыл алыңыздар! 

 

 

 

Түбек пен Толғанбай айтысы

 

Байқошқарұлы Түбек ақын

  Алдымен, Түбек ақын туралы қысқаша дерек:

  Байқошқарұлы Түбек ақын 92 жас жасаған делінеді. Қаратай Биғожин: «Түбек 1785 жылы туып, 1877 жылы қайтыс болған» деп, көрсетеді.  Бірақ, Түбек 1896 жылы тірі болған. Себебі, Аронұлы Сүйінбайдың асында 1896 жылы өлең айтқанын Ә.Диваев деректейді. Мөлшермен Түбек 1897 жылы қайтыс болса керек. Түбек ақын 1862 жылы Толғанбаймен айтысқанында 77 жаста болғаны белгілі. Түбек ақын 1785 туғаны расталады. Түбек ақын 112 жас жасаған болып шығады.

  Түбектің  мына суреті - Аткинсон салған тарихи шынайы өз портреті. 

 

Абай Ќұнанбаевтың 150 жылдық тойына арналып шығарылған «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында Қайым Мұхамедханұлы: «Түбек пен Толғанбай үш күн, үш түн айтысқан», — деп жазады.

 «Түбек пен Толғанбай» айтысының мәтінін 2002 жылы «Жетісу» газеті мен «Жұлдыз» журналына халық мұрасын зерттеуші Қаратай Биғожин шығарған. 

 

Сонымен бірге, Толғанбай ақынның Арғынның Әлия есімді қызбен  айтысы қоса  беріліп отыр.

 

 

   *  *  *  *  *

  Айтыс 1862 жылы Итжонды — Арқа жерінде, Қаракерей елінде, Бексұлтанның   ұлы Сүлеймен төренің  асында өткен.   Айтыстың ақиығы саналатын 77 жастағы  Түбек ақын  жәді ауыруынан жазылып, ол да Сүлеймен төренің ұлдарына көңіл айта асына келеді. 

Сол жерде Матай елі асқа келді дегенді естіп, оларды басқарып келген Маманға арнап өлең айтады.

 

Матай елі деген соң, Маман келді,

Түбек естіп, әдейі саған келді.

Түйе мен ат бастатқан тоғыз алып,

Қайтайын деп алдыңа ағаң келді.

Белгілі Наймандағы кең сабағың,

Маманжан танимысың, мен баяғың.

Сексен жас өрісімді өр көрсетті,

Бұл келген Жетісуға бата аяғым.

Осы жолы үш тоғыз аламын деп,

Алдыңда көңілімді кең жаямын.

 

                  *  *  *  *  *

 

Арғын-Найман жиналған келдім асқа,

Сан жиынды көп көрдім бұдан басқа.

Қылыштап, қия алатын өткір сөзді,

Суырсам кесер қойтас, шапсам тасқа.

Өзіңді-өзің келеке етесің бе?

Ұсынасың он теңге қағаз ақша.

Бұл немеңді несіне көрсетесің?

Насыбайдың құнындай, бір-ақ шақша.

Бай Маман, батыр Маман, мырза Маман,

Деп ойлап, ұқсатпаймын сараң насқа.

Он теңге ақша берген намысыңды,

Көп мазақ қып айтпай ма, аузын ашса.

Он теңгелік бағаңа құн кесетін,

Әділ билік айтамын, әлі саспа.

 

 Өңіріне үш елі құндыз ұстатқан, мақпал астарлы, қара құлынның терісінен жасалған зерделі белдікті Тұрысбек Түбекке ұсынып береді. Сонда Түбек:

«Қалқабайдың баласы атың Маман,

Сені балаң билеген заңға жаман.

Не берсең де Маманжан өзің сыйла?

Балаларға қараған күнің қараң», — деп түйеді.

 

Содан соң Түбек ақын 18 жастағы жас бала Толғанбайға қарап,  өзі килігеді.

 

Түбек:   Келдім мұнда Құдайдың бұйрығындай,

Мен де көрдім Толғанбай жүйрігіңді-ай.

Кенже деген еліңді естуім бар,

Қара тоқал ешкінің құйрығындай.

Мазданып ырғаласың сен Толғанбай,

Толқып, тасып көлемің кең тұрғандай.

Береке басы байлы бір Кенже жоқ,

Ардақтап айдар тағып сөз қылғандай.

Тұржау, Тақет бір ел ме, екі бөлек,

Қаракерей Қабанбай, мен Жанкөбек.

Елге айтып іштің шерін тарқатпаса,

Дыңғырлаған қу ағаш неме керек.

Ай, Толғанбай, домбыраң ұзын екен,

Әшекейлеп, сырлаған қызыл екен.

Боталаған түйедей үкі тағып,

Ұзататын біреудің қызы ма екен?

Қаракерей бабамнан екі «торы»,

Соқтығар бұл Толғанбай түртсе соры.

Үш Матайдың шөжіген Кенжесі едің,

Тұржау, Қасқа, Тақетің елдің қоры.

Тақет, Тұржау ел дейді екі тайпы,

Қасқа елің хас кедей, маңдайы тайқы.

Толғанбайдың домбырасы қандай жақсы,

Шылымындай орыстың басы қайқы.

Намысыңа мен тидім бойда жүрген,

Өлеңіңді көрсетші ойда жүрген.

Кенже деген жарым ел кім білмейді,

Ешкінің құйрығындай қойда жүрген.

 

Толғанбай:     Ауылым Аман қыстап, Ақжал көктеп,

                Күздікке малын айдап көшер беттеп.

                Жарда тұрған жантаққа тісі батпай,

                Кәрі түйе малжаңдап шайнар көкпек.

                Жасыңның үлкендігін сыйлайын деп,

                Отыр едім сөз қатпай шегіншектеп.

                Кәрі төбет қапқанмен тісі батпас,

                Үргенге жасқанам ба, босқа кет деп.

                Өлеріңнің шағыңда ырылдайсың,

                Әдейілеп келгендей маған беттеп.

                Ақжалым, Жаманжалым бел емес пе,

                Кенже деген бір талай ел емес пе.

                Тұржау, Қасқа сен өзің деп сөйлейсің,

                Тақетім шалқып жатқан көл емес пе.

                Атамның азынасын кемітесің,

                Тоғызы Тоқпанбеттің мен емес пе.

                Елдің бегі, мырзасы аңдығаның,

                Атама тіл тигіздің, алжығаның.

                Елден жинап алсаң да қосты жылқы,

                Жібіген жоқ қасаны қанжығаңның.

                 Баяғыңдай кеудеңді көтересің,

                Демейсің кейінгіден шалдығамын.

                Сары-Арқаны сатқалдап Жетісудан,

                Орта жүзді жесеңде маңдымадың.

                Өлең қонып, түнеген бабам Сақай,

                «Айт» деп тұрса мен неге аңырамын.

                Кәрі бүркіт қартайып тышқаншылап,

                Түбек сөзден жаңылдың алжығаның.

 

Түбек:   Он жеті ақын, бірі мен Байқарадан,

Көрмей үрген төбетсің айдаладан.

Әлін білмес әлектің өзі екенсің,

Өзі ұрынар қақпанға байқамаған.

Өлең қонған ауылыңа бабаң Сақай,

Ерегессең боларсың ту талақай.

Шешең Айна үш байға тиген екен,

Қырық темір қылауы қиқым, бақай.

 

Мақтама Тақетіңді бай екен деп,

Айдағаны қой, ешкі, тай екен деп.

Жөні бүтін түйе мен жылқысы жоқ,

Көтерме төрт құбыласы сай екен деп.

Жайрағыр жас басыңнан сөзің кермек,

Болатұғын мен бе едім саған ермек.

Оссы сөзбен ілмелеп алпарыстың,

Аңғарамын сөзіңнің түбін тергеп.

Қанды балақ ұрының өзі екенсің,

Ел күйзелткен немесің, қан шеңгелдеп.

Шошқа да тоғыз түгіл он табады,

«Көппін» деп күпінесің қырсық теңдеп.

Атым Түбек екені рас болса,

Қартайсам да болармын саған еңбек.

 

Толғанбай:     Егесте қара дауыл желдей едім,

                Сыйлассаң жазғы шалқар көлдей едім.

                Бай болсаң қайыр тілеп не қып жүрсің,

                Зекет бар, біздің елге кел демедім.

                Өлер күнің жеткенше азық болар,

                Қайырдан Маман берген теңгелерің.

                Қайыршылық өлеңді тоқтат енді,

                Сөз киеме жолықтың енді менің.

                Сөйлейсің тіл тигізіп, құрып айла,

                Білдің атам Қоңырбай, шешем Айна.

                Жоңғар жойқынында ерлері өліп,

                Қасиетпен тиіпті үш-төрт байға.

                Арғы бабам айттың Сақайды атап,

                Тіл тисе Тұңғат дуа буар матап.

                Тоқпанбет, одан бергі аруақты атам,

                Көргені жоқ байланып жаман атақ.

                Өлеңің құрып қалсын, өлгенше айтқан,

                Жетпістің жетеуіне келгенше айтқан.

                Сексеннің келгенінше сеңгіріне,

                Өзіңді қуып жүрген қандай сайтан.

 

Түбек:   Басыңа үкі тағып жынданасың,

«Өткірмін» деп аузыңмен қыл қабасың.

Ауыл үйге ақынсып жүргенсің ғой,

Өлеңнің көрсетейін шын бабасын.

Ақын болып ұядан ұштым түлеп,

Мен долдансам Толғанбай қалма жүдеп.

Он жеті ақын, басы Ақтайлақ би,

Маңайымнан кетпеген қыдыр түнеп.

Жанақ та Сабырбайдан жол алмаған,

Белеңге бұрын шыққан өрден үдеп.

Көп түскен арғын, найман арасына,

Сөздің дүрі мен едім ақын Түбек.

Қыпшақ, арғыннан артты атамыз көп,

Тең келмес керей, уақ, тарақты кеп.

Дәулетті Сыбан найман бөлінеді,

Байкөбек, Жанкөбек, Салпы елі деп.

Қаракерейден білсең кіші жүз аз,

Теңелем деп біздерге болмағай мәз.

Кіші жүздер байлықта тағы төмен,

Олардың бола бермес көңілі жаз.

Сан жағынан тең келмес Ергенекті,

Біздерден дәулеті әлде қайда аз.

Матайдан Қаракерей бай боп асқан,

Көптігі жердің бетін шөптей басқан.

Қаракерей орнынан қозғалғанда,

Матай, Садыр, Төртуыл тұра қашқан.

Терістаңбалы, Ергенекті  жасық,

Барағымнан қаймығып қатты сасқан.

Қисығым аға сұлтан сайланғанда,

Ергенекті қорғалап Қытай асқан.

Қаракерей ішінде бес Байыспын,

Тұрманға сәндігі жоқ жас қайыстың.

Жын, пері шаужайымнан қаға алмайды,

Дәл сендей әккілермен көп сайыстым.

 

Толғанбай:    Қыржыда сен мақтандың әкем көп деп.

                Өзің айттың атаңды Жанкөбек деп.

                Сыбанды жұрт білетін сонша мақтап,

                Тағы айттың бір атаңды Байкөбек деп.

                Арғын, Қыпшақ, Керей, Уақ, Тарақты,

                Сөйледің сан жағынан аз келед деп.

                Жер бетін Қаракерей басқан шөп деп,

                Мақтандың Сыбан быжы, саны көп деп.

                Мықты болсаң елге мән түсіндір еп,

                Сөз неден «Тобықтыдан таяқ жеп» деп.

                Мақтанба бұл арада Түбек шұнақ,

                Біліп қой, Сібір жақта түбің Уақ.

                Есілден сені керуен әкелген ғой,

                Жетім боп жүргеніңде күнде жылап.

                Есіркеп Сыбан шалы сені аяп,

                Бала деп панасы жоқ алған саяқ.

                «Ұлым» деп найман сені бақсадағы,

                Дәл бүгін бізге пышақ тұрсын таяп.

                Жүргенде екі көзің толып жасқа,

                Сыбанға бала бопсың алты жаста.

                Найманның руларын жамандайсың,

                Болған соң шыныменен тегің басқа.

                Арқада ерке Есіл Уағысың,

                Сырт елдің білмейтұғын жұмбағысың.

                Өлеңді қартайғанша айтып жүрген,

                Аягөз аймағының ардағысың.

                Әлде бұл алжығанның белгісі ме,

                Бұл сөзің жараспайды жөн кісіге.

                Алалап Төлек ата балаларын,

                Сөйлейсің әлде қалай сен күпіне.

                Арғын, Қыпшақ, Керей, Уақ, Тарақты,

                Санасаң бәрін қосып көп емес пе.

                Кіші жүзді бүтіндей салыстырсаң,

                Қаракерей олардан кем емес пе.

                Есеп білмей сөйлейсің езді еспе,

                Жұрт алдында мақтанып, болдың бөспе.

                Өсіріп найман санын айтқаныңмен,

                Жалған сөзбен шықпайсың еш белеске.

                Арғын, Қыпшақ, Уақ, Керей, Тарақты,

                Салғастыр Қаракерей көптігі жоқ.

                Сөзіңнің осы айтқан бәрі жансақ,

                Ешкімге тигізетін септігі жоқ.

                Кәрі азбан белгісіз ғой әкең аты,

                Сыбанда өрге шығар таптың саты.

                Шалына Байгөбектің бала болып,

                Жыр жырлап, елді мақтап алдың ақы.

                Айтылмай Балталы мен Бағаналы,

                Қоңырат естен шығып алаланды.

                Боза ішкеннен ұмытып қалдың ба,

                Аталмай Үйсін елі, аға қалды.

                Расқа шықты қалқып көбе іріңді,

                Айтқаныңнан қара азбан білінді.

                Түбектің түйсігі аз, пәлсафа жоқ,

                Жұрттың сөзі сын боп байлар тіліңді.

                Есірме ажырайып, кірме Уақ,

                Айтасың ұсақ-түйек өлең құрап.

                Бай болсаң, ауыл кезіп үйде отырмай,

                Жүресің неге елден қайыр сұрап.

                Не деді, айтысқанда керей Жанақ,

                Бір өзін он жетіге таймай балап.

                Бәріңді Жанақ жалғыз жеңіп шыққан,

                Сыбанда жолы болып құдай қалап.

                Өтірік ішке қалай сияд деймін,

                Жамандыққа ел қалай қияд деймін.

                Жанақтай ағасымен тайталасқан,

                Түбек сенде жоқ екен ұят деймін.

                Найман ақын атанып жайылды атың,

                Таныды жырау ғой деп алыс, жақын.

                Арқада Есіл өзен бойынансың,

                Мақтанба Қаракерей емес затың.

                Жасыңда сайқал қатын жады қылып,

                Жөргөкте сені соққан жын емес пе.

                Қайырлаған кемедей қаңсып қапсың,

                Тіл алсаң меніменен көп егес пе.

                Жетпістің жетеуінде өлең айтып,

                Жын менен сені соққан пері емес пе.

                Айтар сөзден адасып, босқа тантып,

                Алжып жүрген боз азбан сен емес пе.

                Орысты көп болсаңда қырғаның жоқ,

                Ләпсіңді бай болсаңда тиғаның жоқ.

                Жетпістің жетеуінде желкілдейсің,

                Құдайдың сен «сұқ» иті иманың жоқ.

 

  Түбек ақын ашуланып, домбырасымен Толғанбайды ұрмақ болып ұмтылғанда, қасындағы игі жақсылар оны иығынан басады. Түбек ақынға Маман құт: «Қос шоқыншық» атанған Әйім, Жекеймен айтысқанында қандай едің?» – дейді. Түбек ақын : «Ескен желдей, шалқыған көлдей едім!» — дегенінде, Маман құт: «Ендеше сол бақ заманың Толғанбайдың басында тұрған жоқ па?!» — дейді. «Мен, ақымақ, шын алжасқан екенмін! Алдымда желдей есіп жас тұрғанда! Айтысты доғардым енді!» — деп домбырасын тізесіне ұрып сындырып, 77-ті жастағы Түбек ақын 17-ті жастағы «тасқын» ақын Толғанбайға сол жерде батасын беріпті...

 

  *  *  *  *  *

 

   Өткен мақалада айтылғандай,  Матай елінің ізгі жақсылары Толғанбай ақынсыз үлкен жиын, ас, тойларға бармаған. Өлеңді боз кілем үстінде малдас құра, құйрығымен жорғалап отырып айтқан. Елі Қайнар, Болатшы қажы дерегінде:«Толғанбайдың басындағы зер тақиясы құйқасымен бірге ойнап тұратын», — делінген. Толғанбай ақынның Арғында Әлия есімді қызбен, Садырда Есболат қазының балдызымен, Аталық, Шоқпарда Сарықызбен айтысқан қақтығыстарын ел аузынан жинап-теріп, жазып алынған. Солардың ішіндегі Әлиямен айтысы төменде беріліп отыр.

 

 

Толғанбай мен Әлия айтысы

 

 Қақтығыс айтыс Аякөз алқабында, таңғы тамақ кезінде, бір Арғын адамының үйінде өтеді. Толғанбайдың қасында аталас інісі Нұрланбек ақын болған екен.

 

Әлия:

Жақсылар бір-біріне жанасады,

Көнілді көтермесе кір басады.

Құдалар замандассың, заманың бір,

Орынды әзіл айтсақ жарасады.

Деуші еді «қыз бен жігіт барымталы»,

Қалайша көзге ілмейсің құдашаны?

 

Толғанбай:

Орынды әзіл-қалжың айтса жақсы-ақ,

Сыйласу, құрмет ету болды мақсат.

«Бір көрген біліс қой» деп, әттеген-ай,

Қол созып, ұмтылмадым әдеп сақтап.

Жігіттен қыз құтылмас жайса құшақ,

Құдаңды қоймақпысың сөзбен тұсап.

Адамға бір көрмеген «ұят қой» деп,

Түн тұрып баруға қылмадым нысап.

 

Әлия:

Толғанбай жауап айтып толғанасың,

«Сыйладым» деп жалтарып, қорғанасың.

Жігітті түнде жүрген қыз сөге ме?

Екеуің де жап-жассың, боз баласың.

Құдалар екеуі де боз бала екен,

Жол жүріп жүйкелері тозған екен.

Жігітті түнде жүрген қыз сөкпейді,

Ақылың екеуіңнің аз ғана екен.

 

Толғанбай:

Әлия қалжыңыңды біле алмадық,

Тәртіп сақтап қалыппыз біз алданып,

Жол ұзақ, ат соқты боп, амал қанша?

Байталға бастықпаған міне алмадық.

 

Әлия:

Білемін найман жігіт сенің тегің,

Сөйлейсің шешендікпен сөздің кебін.

Қалжыңды орнымен айт, асқақтама,

Бос жатқан дүние жоқ, егін-тегін.

Бірге жатып, бір ауыз сөз айталмай,

Жігіттік намысың жоқ, кетті кегің.

 

Толғанбай:

Естуші ек заман ақыр шарты бар деп,

Ұят, нысап азайып сарқылар деп.

Үлкендер айтушы еді рас екен,

Еркекке әйел келіп артылар деп.

Қалжыңың қалжың емес соңың кері,

Түк бітірмей жаттың деп сөктің мені.

Сөз салсақ қайтер едің, әттеген-ай,

Құшақтап алар ма едің сонда мені?

Көрсе қызар көңілшек болмау керек,

Ары таза, мықты болу қыздың жөні.

Әйтеуір, бір жігітке барасың ғой,

Соған тапсыр бүлдірмей дүниені.

Қош, сау бол, құдашалар сөге көрме?

Қалжыңның бола берер артық, кемі.

 

  Жемісбек Толымбеков