Сайтымда қазақ елінің ардақты ұлы,  Ақсу жерінің тумасы, өнер саңлағы  қобызшы  Молықбай  туралы жазбаларды  жинақтайтын  жеке  тарау  ашып  отырмын. Бұл жолы  оның  энциклопедиалық  өмірбаяны,  оның  әкесі Байсақ  туралы  Жемісбек  ТОЛЫМБЕКОВТЫҢ  және өзі туралы Елдос ТОҚТАРБАЙДЫҢ  «Мұрагер»  деген тың мақалалары беріліп отыр. Қабыл алыңыздар! 

 

 

Қобызшы Молықбай Байсақұлы

Өмірбаяны

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

 

Картинки по запросу қобызшы МОЛЫҚБАЙ

 

  Молықбай Байсақұлы (1857, Қосағаш ауылы — 1930, Алматы) — қобызшыбақсы, кеңестік саяси қуғын-сүргін  құрбаны.  Өнерпаздық,  емшілік қасиеттері әкесінен дарыған. Молықбай — жыр дүлдүлі I.Жансүгіровтің кіндік әкесі, ақынның  «Күйші»  поэмасының  басты кейіпкері. 1930 ж. «халық жауы» деген  жаламен  тұтқындалып,  Алматы түрмесінде қайтыс болған.[1] 

 

   Абзал халқына киелі қара қобызы және шипагерлік қасиеті арқылы қамқор болғандықтан «қобызшы Молықбай» деп атанған.

  Бақ қонып, қасиет дарыған Байсақ «Желді қарағай» деген асуда өсіп тұрған қос қарағайдың жоғарылау тұрғаны жел соққанында үн шығаратынын тыңдап біліп, қобыз жасатуға сол қарағайды әкесі Бұғыбайға кестіртіп алады. Қобызды өз туысы Бектөлеге шаптырып жасатады. Қобызды күміспен күптеп, алтынмен аптаған, аталас туысы, зергер шебері Естібай Мырзағұлұлы болады. Оның ішегі мен шанағына, әмісе жүйрік аттың қылын қолданып отырады. Байсақ қобызын арғын елінде ат бәйгесіне қосып, кие кісілері арқылы аламанда бірінші келтіреді. Соған байланысты ел-жұрты Байсақты «Дәупірім» деп атап кетеді.

 

  «Оңтүстік Қазақстан» газетіне шыққан, «Азамат ақын» атаулы естелігінде Орал Мекембаева: «Молықбай қартты біздің Үлгілі  ауылының  бар баласы  жақсы білетін.  Оның  қара  қобызы  сәл желдің лебінен дем алғандай өз-өзінен сыңсып  тұратын.  Менің  ойымша  сол  қобыздың жаны бар секілді. Тіпті ауылдағы адамдар «Ұлы Отан соғысы  жылдары  осы  қара  қобыз  халықпен  бірге  қайғырып, неше бір мұңды сазды тартты» деп жазады.

 

  Қобыздың мойынының морт сынғаны мен жаңқаның орнының тесігі қалғаны рас. Байсақ кіреберіс босағадағы босанған әйелдің жолдасы көмілген, бет топырағы бос жатқан, шұңқырға аяғын тығып алып, оқыс құлап, тобығы мен жіліншегін сындырады. Сонда Байсақтың үйінің төрінде ілулі тұрған қара қобыз өздігінен жерге құлап, ол да мойынынан морт сынып, бір жағындағы жаңқасы орнынан тайып шығып, орны үлкен тесік болып қалады. Осы салдардан киелі үлкен қара қобызды ел-жұрт «жарық қара қобыз» деп атайды.

 

  Киелі жарық қара қобыз 1930 жылдан 1984 жылы Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров мұражайына өткізілгенінше, Молықбайдың келіні, Адасқанның үйінде сақталып келді. 1978 жылы Адасқан апаның үйі дымы қалмай өртенгенде, сандықтағы қара жарық қобыз өрттен дін аман қалады. Бұл әлі шешуі табылмаған қобыздың кие, қасиеті десе де болар.

 

  Молықбайдың әкесі Байсақтан кейін қара қобыз сегіз жыл иесіз үй төрінде ілулі тұрып қалады. Бір күні Молықбайды Садақтыда тары орып, баулап жүргенінде, әкесінің  бір  қаршыға  бастаған  жүз  кісілік  пір  киесі көзіне  көрініп,  кие қысып, ие буып тастаған жерінен көпшілік ес-түссіз күйінде оны үйіне жеткізеді. «Ақсарбас» атап сойылып, Молықбайға әкесінің қасиеті қонып, үлкен нағашысы Қылышты (Қосымбайдың) бақсының дәріпі дарып, қобызда ойнап, бақсы-балгер, емші болып, жадынан өлең шығарып, қобыз сарынына қосып ән, жыр айтып, үш ішекті, төртбұрышты домбырада күй шертіп, халық қолдауымен сал-серілік ғұмыр да кешеді.

«Бозінген» әлқиссасында І.Жансүгіров:

«Жар қабақ, сида, арсақай, саршұбар шал,
Көзінің жаңылмасам ақшылыбар.
Шайыдан шапан киіп, үкі тағып,
Бұлғақтап, болған десед серіде сал» — деп жазады.

 

  Дәмелі Имашқызы мен Қалпендеұлы Орысбайдың қалдырған деректері бойынша Молықбайдың түр-сипаты: «Келбетті,  ұзын  бойлы,  сүйегі  сұлу, бітімі  тік, сақалды,  мұртты,  бетінің  сары шұбар секпілі  бар,  өңі  сары,  бүркіт мұрын, оң жақ шекесінде алақандай қалы бар, жар қабақ, арсақай, дауысы жуан», — делінеді. Бұл Ілияс Жансүгірұлының  «Күй» поэмасындағы «жар қабақ,  сида,  арсақай, сар  шұбар  шал»  деген  қобызшы Молықбайдың  суреттемесімен дәл келеді. «Молықбай  қысы, жазы басынан елтіріден тігілген бөрік пен зер тақиясын  тастамай, үстіне  жазда желбегей  шайы  шапан, қыста  елтірі тон, аяғына саптама етік киіп, өзін өте мұқият таза ұстаған, кірпияз жан еді», — деп деректейді Елубай мен Досбайдың Жанатбектері.

 

  1927 жылы Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов қобызшы Молықбайды арнайы іздеп келіп, Амантекше жайлауында кезігіп, тартқан күйлерін тыңдайды. Сол  сапардан  Ілияс  Жансүгіров «Күй» поэмасын жазып, «Жаңа мәдениет» журналына  1929  жылы  бастырып  шығарады. Ілиястың «Күй» поэмасын Сұлтанбек Қожанов: «Өте жоғары деңгейлі шығарма», — деп бағалайды. «Аққу», «Құдіреттің құсы», «Ақ көбік-көк көбік» күйлері туралы Молықбай  атаның  өз аузынан әңгімесін естіген Мұхтар Әуезов 1927 жылы очерктер жазғаны белгілі.

 

  Ілияс Жансүгіров 1927 жылы жазған «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласында: «Жетісудың Талдықорған уезінде Ақсу болысындағы домбырашылардың (Нұрсапа, Егеубай, Молықбай, т.б,) тартатын күйлері мыналар: «Мәдіген шора», «Барақ», «Жошы хан», «Бес төре», «Ақмеди», «Әуре-сарсаң сандалкөк», «Түрікпен», «Әрине-ау», «Түйек қалды», «Борлы қыз», «Қос келіншек», «Қарқара-ау», «Қос мерген», «Терісқақпай», «Қорқыт», «Шыңғысбай қоңыры», «Саркідір», — деп атап жазады.   Молықбайдың бұдан басқа ел есінде сақталып қалған күйлері: «Құлақ күй», «Тоғыз толғау», «Жез киік», «Жарбол», «Ақ көбік — көк көбік», «Аққу», «Құдіреттің құсы», «Он сан мен Орманбеттің айырылғаны», «Қазан», «Қорамжан», «Бозінген», «Ер Әлінің дүлдүлі», «Ерден», «Ықылас», «Қара жорға», «Сылқылдақ» деп аталады.

 

  Молықбайдың суырып салма ақындығы мен өлеңдері терең ойлы, философиялық мағынаға өте бай, қанықты болып келеді. Мысалы:

«Жанды нәрсе өледі,
Қыл ырыздық қанағат,
Қайта бәрі өнеді.
Жаңа нәрсе тозады,
Адал болған азамат,
Қай күнде де озады.
Босқа жүрме алқынып,
Еңбек ет адал талпынып.
Байқайсыңдар ма, халқым,
Жақсы өмір тұр шақырып».

 

  Ілияс Жансүгіров 1920 жылы асыл жары, елі — Тасыбай, Берентайқызы Аманшаға үйленеді. Тойға қобызшы Молықбай келіп, өлең-күймен думан жасап, отау құрған екі жасқа ақ батасын береді. Молықбай:

«Айналайын, Ілетай!
Қызын алдың Берентай.
Қосағыңмен тату бол,
Берер сыйым, міне, тай!» — деп, тойына бір тайды тарту етеді.

 

  Молықбай бақсылық ем-домды кім көрінгенге жасамаған. Өзінің ішкі сезімімен сезіп, ем-домы қонатынына көзі жетсе  ғана  ол адамды емдеуге келіскен. Ақы сұрамаған, елдің бергенін ризық тұтып жүре берген. Тұйғын ақын Қуат Терібаевтің «Күнсағила» деген поэмасы бар. Сол Күнсағиланы талма ауруынан жаз айында жайлауда Молықбай  жазады.  Қаниса деген әйел бір аяғынан ақсап, баса алмай  таяққа сүйеніп  келсе,  Молықбай  сол  әйелді оқыс аяғының шыққан жерінен теуіп жазып, ол әйел үйіне сау қайтады. Елі емелелі, 1910 жылы туған, Мұсанов Қанабек ақсақалдың анасы Қалипан, ағайы Шәкербай екеуін үлкен «құлғана мерез» дертіне шалдыққанын 1917 жылы жазады.

 

  Молықбай цирк ойындарын көрсеткенде, жиналған ел оның денесіне жарақат түспес үшін, «дақ салма» деп адақтап  тұратын  болған, сол  салдардан  Молықбайдың  елге  көрсеткен  ойындары «Дақ салма» деп аталады.

 

  Ақын Сараның Жиенқұлдан қайтып азат болудың амалын таппай, талай тарыққаны өз өлеңдерінде келтіріледі. Ақын Сара түс көріп, түсін аталас туысы Молықбайға жорытады. Сараға  Молықбай: - «Бостандық аласың! Мұңыңды өз еліңе айт! Сосон сыңарыңды дұрыс тап!» — деп жориды. Жоруы дәл келгені тарихтан аян. Ақын Сараның түсіне кірген «Аққу» өлең болып осылай шығады.

 

  Елі бөрте Бисеке мырза: «Молықбайдың тартқан қобызының сарынына тоймадым! Өмірден өтерімде сол сарынды бір естіп өлсем, арманым болмас еді?» — депті. Бисеке сақай, тастемір Арнай болыстың ауылына келгенінде аяқасты ауырып, емдеуге Молықбайды Арнай алдырады. Бисеке Молықбайдың қобыз сарынын естіп жатып көз жұмады.

 

  Қапал мен Лепсі уезінің ояздары Молықбайдың өнерін жоғары бағалап, Шұбарағаш-Ойжайлауда үш жылда бір өтетін съезге өнерін көрсетуге Молықбайды арнайы алдыртып отырады. Халық «тоқсан күй қобызында Молықбайдың» деп оның өнерін пір тұтады. Ақынжан молда мен Сүлей қажының деректерінде: «Қобызшы Молықбай құран сүрелері мен аяттарын қобыз сарынына дауысын қосып, өлең қылып айтқан», — делінеді.

 

  Молықбайдың қобызына 77 жылдан кейін Қанат Дотаұлы Қазақбаевтың қолымен Астана қаласында реставрация жасалып, Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров мәдениет үйінің сахнасында, 16-мамыр күні, астаналық «Тілеп» қылқобызшылар квартетінің жетекшісі Әлқуат Дотаұлы Қазақбаев Молықбайдың қобызымен екі күй орындады. «ҚазҰМА» профессоры, қобызшы Раушан Мұсақожаева: «Молықбай – қобызшы, Қорқыттың артында қалған өлмес мұрасын жалғастырушысы. Біз оның ұмытылған күйлерін қалпына келтіруіміз керек. Молықбай ол Паганини сияқты дүлдүл дарын иесі» — деп, 2007 жылы 15 мамырда Талдықорған қаласында өткен қобызшы Молықбайдың 150 жылдығына арналған танымдық конференциядағы баяндамасында бағалады.

 

  Молықбай — кеңес өкіметі белсенділерінің астамшыл істерінің қуғын-сүргінінің құрбаны болған. Молықбай Құрақбайдың келіні елі ноғас Имашқызы Дәмелінің төркіні мінгізген тор атқа ықыласы ауып, Құрақбайдан қалап сұрап алады. Молықбайдың аталас інісі Нөкербек, партячейка қызметінде жүріп, тор жорға атты Моқаңнан сұрап алып, кеңес өкіметі жасаған талай тойдағы жорға жарысына қосады. Ат басқа аттарға дес бермей, бас жүлдені әперіп отырады. Газет  беттеріне тор жорға аттың суреті  басылып  шығып, даңқы  асқақтайды. Тор жорға атқа кеңес белсенділерінің көңілі артып, әсіресе қызылдар белсендісі Күнтуов Құндақбайдың талабы ызғарлы болады. Қалау- тілектері орындалмаған кеңес белсенділері Молықбайдың ісін дік, кек көріп, 1928 жылы екі жүз пұт бидай астық «продналог» деп, оған салым салады. Молықбай өзіндегі бар мал мен қаражатын жиыстырып, салымды өтейді. 1929 жылы қызыл  белсенділері Молықбайға үш жүз пұт бидай астық салымын тағы салады. Оны өтеуге мұршасы жетпеген  Молықбайды белсенділер «халық жауы» деген желеумен қобызы мен өзін қамауға алып, тор атын, күміс  ерін, үй  мүлкін  «тәрік»  деп  тәркілейді. «Халықтың Молықбайын ұстадыңдар, қарау ниет, жүзі қаралар» деп, қайнар Торыбай Молықбаймен бірге Алматыға айдалып, Көкесік түрмесіндегі абақтыға екеуі қамалады. Түрмеде Молықбаймен уақытша ұсталған ақын Кенен Әзірбаевтің да жолдары ұштасыпты.

 

  Молықбайдың түрмеде қобызбен орындаған күйлеріне, өнеріне тәнті болған түрме бастығы мен колонна басшысы Молықбайды үш күнге астыртын өз үйлеріне босатып апарып, қобыз сарынына дауысын қосып тартқан күйлерін үнтаспаға, одан  пластинкаға жазып алады. Колонна басшысы Молықбайға түрмеден бостандыққа шығуға көмектесіп, «Молықбайды келіп, алып кетіңдер» деген, үй-ішіне телеграммамен хабар жібертеді.

 Молықбайдың әйелі мен баласы өгіз арбамен бір ай мерзім шамасындай жол жүріп, Алматы маңындағы Көкесік түрмесіне  жеткенінше, Молықбай  іш  ауруынан  1930 жылы көкек айының 30-ында 73 мүшел жасында қайтыс болып кетеді. Амалы құрыған әйелі мен баласы киелі қара жарық қобызды алып, кері елге оралады.

 

  Қобызшы Молықбай туралы «Күй» поэмасында Ілияс Жансүгірұлы: «Әлемнің әуеніне бермес ем-ау, қазақтың мұны тартқан күйші шалын» десе, жазушы Серік Жанәбіл: «Қорқыт — иісі түркі еліне ортақ болса, Молықбай — қазақтың қобызшысы», — деп ардақ қыла бағалайды.[2]

 

  Үлкен атасы Жетібай да қобызшы болыпты. Ұлы бабасыер Тоқпанбет. Сүйегі Түркістанда жерленген. Қазақ тарихында белгілі адам. Ақын Сара Тастанбекқызы осы Молықбаймен туысқан.

 

  Қызылорда қаласынан шығатын “Жаңа әдебиет” журналында Ілияс Жансүгіровтің “Күй” поэмасы жарық көреді. Онда Ілияс ақын: “Қазақта қобызшының қалғаны сол”, деп ашық айтады. Ілияс біледі. Ол кезде қазақтың атақты қобызшысы Ықылас Дүкенұлы өмірден өткен кез еді. Кеңес заманына жеткен қобызшы Молықбай Байсақұлы болатын.

  Жалғыз қобызшы, Қорқыт күйлерін елге жеткізуші, ірі талант иесі Молықбайдың жазық­сыз түрмеге қамалып өлгені Ілиясқа өте ауыр тиіпті. Ілияс ұлттық тұрғыда ойлайтын адам ғой. “Күйші”, “Құлагер” поэмаларымен бірге “Исатай – Махамбет” пьесасын, Құр­манғазы туралы “Көбік шашқан” дастанын, Молықбай туралы “Күй” поэмасын жазды.

– Қажыған көңіл қамын, жүрек жанын
Қозғаған қобыздағы қоңыр сарын.
Әлемнің әуеніне бермес ем-ау,
Қазақтың мұңын тартқан күйші шалын, – деп Ілияс жүрегімен жырлайды.

“Қазақтың мұңын тартқан күйші шалын”, – деген сөздің астарында қазақ ұлты жатыр. Ілияс Молықбайдың күйлерін өте жоғары бағалады.

Мағжан Жұмабаев қобызшы Қойлыбай бақсы туралы поэма жазды. Сәкен Сейфул­лин Ықылас қобызшы” деген әңгімені өмірге әкелді.

Ілияс Молықбайдың қайдан шыққанын, өмірде болғанын елге айтып кетеді.

“Матайда, Кенже, Тұңғат, Сақайдағы!” – деп айтуы Молықбайдың төл құжатының белгісі. Қобызшыда тууы туралы куәлік болмаған.

 

  Қобызшының тұсында Ақсу өңірінде атақты Толғанбай ақын өмір сүрді. Қобыз­шы осылармен араласты. Әсет Найман­баевтың өзі Молықбайдың қобызындағы күйлерді  тыңдаған. Жетісу  жерінде  атақты  Сүйінбай, Бақтыбай ақындармен бірге Молықбай қобызшы қатар айтылады.

 

 

 

 

Молықбайдың әкесі Байсақ

 

Картинки по запросу Жемісбек Толымбеков

 Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ

 

   Қобызшы Молықбайдың әкесі Байсақ — дәупірім бақсы, қобызшы, үш ішекті домбырада ойнаған күйші болған. Арғын еліндегі бір аста қобызын ат бәйгесіне қосып келтіргені туралы Қарқаралы ауданы, Темірші болысында жасаған Оспан қарт: «Күндерде бір күн, бір тойда ат жарыс болатын күні атақты Байсақ бақсы келіп, «бәйгеге мен қобызымды қосып жіберсем» деген тілек ұсыныс жасайды. Бірақ,  көре алмаған күншіл адамдар бақсыны күлісе мазақ  қылады. Намыс кернеген  Байсақ қобызын ат жарысына қосады. Күншілдер ат айдаушыға пара төлеп, қобызды шеңгелге  байлаттырып тастайды. Аттар  қайтып, бәрі  жөнелгенде  қобыз шеңгелден кие күшімен босанып, бәйге жүйріктерден озып, сөреге бірінші жетіп, жүлдені иеленген екен», — делінеді. Білгір қариялар дерегінде: «Байсақтың бір Қаршыға құс бастаған алпыс атты, қырық жаяу, Меңгей (Ақжігіт), Жүзей (Бозжігіт) бастаған жүз кісі кие-пірлері болған», — деп деректейді.

 

  Байсақ үш-төрт жігітпен жоқ іздеп, Арқаға барыпты.  Ол  кезде жоқ іздеген адамдар көп көзіне түсе бермепті. Әмбе өздерін жоқ іздеуші екендерін білдірмепті.  Азықтары  таусылып, қарындары  ашады.  Бір бай ауылының тұсына келеді. Қасындағы серіктері: «Байсақ, қарын тойдырудың бір амалын жаса?», — деп өтініпті. Байсақ киесі алпыс атты, қырық жаяу кісілерін қалдырып, тек Қаршығаны ғана алып шығыпты. Серіктеріне Байсақ: «Обал болады», — депті. Серіктері: «Обалы  бізге  болсын. Бұрап  барады. Қарнымызды бір тойдырыңыз?» — деп жалыныпты. Байсақ амалсыз келісіпті. Байсақ байдың қызының басындағы үкілі тақиясын түсіріп, қызды талдырып, құлатпақ болады. Байсақтың киесі Қаршыға бай қызының басындағы үкіден үркіп, тақияға түспей қойыпты. Сонда Байсақ жерден бір уыс топырақ алып,  шашып  жіберіпті. Қыздың  басындағы тақиясы жерге  ұшып  түсіп, қыз талып, құлапты. Бай  ауылы  төменде, ал  бұлар төбеде отырыпты.  Байдың  бәйбішесі зар илеп, маңайындағыларды көмекке  шақырыпты. Бай отауынан біреуі  төбедегі  бұларды  көріп,  оларға  келіп,  жағдайды айтып, көмек сұрапты. Байсақтың серіктері Байсаққа мензеп көрсетіп, «тамыр ұстаушы еді» депті. Оларды отауға ертіп әкеледі. Байсақ қыздың тамырын ұстап  көреді.  Байсақ: «Малдың  ішінде үлкен, семіз ісек қой бар екен. Соның өкпесімен қағып емдеу керек», — депті. Бай айтылған қойды сойдыртады. Қан шыққан кезде қыздың есі кіріп, жығылған орнынан  тұрады. Серіктері  сойылған  қойдың  етін жеп, әбден тояды. Бай ауылы Байсақты «дәупірім бақсы» екеніне сеніпті. Олар сал болып жатқан көршілес, тағы бір байдың қызын емдетпек болады. Оған Байсақ көнбепті. Бірақ, көп болып жалынған соң,  көңілдерін  қимай, ықпалдарынан шықпай, сал болып жатқан қызды емдеуге Байсақ келісіпті. Ол қызды алпыс әйелдер жыны қысып тастаған екен. Қызды сал қылған алпыс әйелдер жыны емдемек болған Байсақты дуалап тастапты. Байсақтың өз киесі олардың күшіне жетпепті. Байсақтың кие құсы Қаршыға  ашық  шаңырақтан  ұшып  шығып, тастап  кеткен жүз киесін Жетісудан шақырып келуге ұшып кетіпті. Алпыс әйелдер жыны Қаршығаның артынан қумапты. Дуаланған  Байсақ булығып, бәрін  сезіп,  біліп  жатыпты. Таңға  жақын Байсаққа тіл бітіпті. Үй иесіне Байсақ: «Басқа үйлерді жығып, осы жерден көшіріңдер. Сал қыз екеуміз жатқан үйді жерге қазық қақтырып, арқанмен  мықтап буып, бекітіп байлаңдар. Дауыл  тұрады», — депті. Үй  иелері Байсақтың айтқанын орындапты. Таң ата Байсақтың Қаршыға бастаған алпыс атты, қырық жаяу кие кісілері келіп, алпыс әйелдер жынымен айқасып жеңіпті. Байсақтың «дауыл» дегені кие кісілерінің екпіндері екен. Байсақ сал қызды емдеп, жазып алыпты.

Қобызшы  Байсақтың  өнеріне  жастар мен ақын Сараның еліктегенін, елі Тастемір Азынақұлұлы Ахмет ақын:

 

«Күй төккен Байсақты көрген бала,

Талпынады оның айтқан әнін сала.

Қобызды қоңыраулатқан өнерлі адам,

Тұрғандай бір қауымнан жеке дара.

Ынтығып, ықыласпен тыңдағанның,

Күй қонад көкейіне көкірек жана.

Құмарта қобыз тыңдап жүргендердің,

Ішінде ерекшелеу еді Сара», — дейді.

 

  Байсақтың қобызын басында Бөрібек (Қисық) Ақбаздағы екі  бөлмелі  тоқал үйінде сақтап ұстапты. Бөрібектен кейін  Молықбайдың  келіні Адасқан алып, Үлгілідегі  үйінде  сақтапты.  Қобыздың  мойынының  сынған жері болған еді. Реставрациядан кейін білінбей қалды. Қобыздың сынғаны туралы Мықыштың Бөрібегі: «Байсақ көрші ауылға жолдасының әйелі босанып, соған барыпты. Әйел босанған үйге Байсақ ешқашан бармайды екен. Жолдасы «кешкі сауық  бар»  деп  алдап апарыпты. Ол  кезде  әйелдің  босанғандағы  жолдасын  есік  босағасына, бір  оңқай және бір солақай асық қосып, көмеді екен. Кіре  берістегі сол босанған  әйел  жолдасы  көмілген  шұңқырға  Байсақ аңдамай аяғын тығып алып сындырады. Сол мезетте  үйде  төргі  керегеде  ілулі тұрған қобыз өздігінен жерге құлап, мойынынан опырылып сынады. Байсақтың әкесі Бұғыбай «қап, балам бірдеңеге ұшырады» деп, Байсақтың ұрынғанын  сезіпті. Қобыздың  сынған  жерін  Бұғыбай  өзі  жөндепті. Бірақ, қаққан шегелерін тат басып тұрушы еді», — деп Қалпенденов Орысбай атаға айтып, жаздырып кетіпті.

 

  Байсақтың ұстаған «жарық қара қобызы» Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгірұлы атындағы мұражайда сақталуда тұр. Өткізген  Молықбайдың  келіні, елі Қаптағай-Тоқа, Адасқан мен аталас ұрпағы Ниязбек. 1942 жылы және 1978 жылы Адасқанның қамыс пен сылақтан тұрғызылған ескі тоқал үйі тұп-тұла түгі қалмай өртенгенінде, сандықтағы сақтаулы  жатқан  киелі  жарық қара  қобыз  өрттен  еш  ақаусыз  аман  қалыпты. Жарық  қара  қобыздың қыл ішегін Айт атаның әйелі қиыншылық жылдардан бастап сақтапты. Сол қыл ішектерді Ойтоған ауылындағы Айт атаның келіні байқамай отқа жағып жіберіпті.

 

  2007 жылы 16 мамырда жарық қара қобыз Астана қаласынан  жөндеуден өткізіліп, 77 жылдан кейін қайта жаңғыра, Талдықорғандағы Ілияс Жансүгірұлы атындағы мәдениет сарайында сахна төрінде ойналды. Профессор, қобызшы Раушан Мұсақожаева: «Молықбай қобызының сарынына оркестр дауысы жетпеді», — деп бағалады. Қобызды жөндеп, жаңғыртқан әлемге әйгілі музыка аспаптарын жасайтын шебер Қанат Дотаұлы Қазақбаев. Өңделген Молықбайдың қобызымен І.Жансүгіров мәдениет  сарайының сахнасында «Қорқыт», «Ықлас» күйлерін орындаған  Астаналық  «Тілеп»  қобызшылар квартетінің көркемдік жетекшісі, әлемге  есімі  мәшһүр  қобызшы Әлқуат Дотаұлы Қазақбаев.

 

 

 

МҰРАГЕР

 

Картинки по запросу елдос тоқтарбай

Елдос ТОҚТАРБАЙ

 

                                                                           Қобызшы – Молықбай  шал Матайдағы, 

                                                                      Матайда – Кенже, Тұңғат, Сақайдағы.

                                                                   Қазақта  қобызшының  қалғаны сол,

                                                                  Жорға еді маймаңдаған бақайшағы.

                                                                                                             І.Жансүгіров

                                                                                                                       «Күй» поэмасынан.

   Жер  жәннаты – Жетісу өңірінің тамаша  бір аймағы – Ақсу, Қапал өлкесі. Қапал  болысының  оңтүстік –шығысында  кіндіктөбе  қонысы бар. Кіндіктөбе – табиғаты керемет, сұлу жер. Жер шоқтығы асау  Ақсу  өзенінің  жанынан  қоныс тепкен.

   

    Көктемнің бел ортасы еді... Қайнар елі. Берсүгір әулетіне бақ қонып, құт дарыды. Келінінің аяғынан бала саулап, шаңырағы кеңіп, үй іші сәбидің күміс күлкісіне  толып, көктемнің  жайдарлы  күнімен  үйдің  босағасына  қуаныш пен  шаттық еніп, ақ қанатты ақ ордаға әсем рең берді.

          

   Құдайдың мейірім-ықыласы ерекше төгілген аймаққа төсекте бас, төскейде малы бірге   Шураттың жерінен бір топ қонақтар келіпті. Араларында  Қаракерей Қабанбай батырдың жиені, Байсақұлы Молықбай қобызшы да бар. Бұлар әдеттегі қонақтардан ерекше сыйлы һәм қадірлі жандар еді...

            

  – Ассалаумағалейкум, Серілер! Қайнар елінің ауылына хош келдіңдер, – деп Жансүгір қонақтарды қарсы алып, он екі қанатты ақ ордаға кіргізіп, төрге жайғастырды. Жас қыздың құшағындай кең үйдің ішінде ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары отыр еді...

  – Жуырда  келініміз тұңғышына босанып еді. Соның құрметіне  дастарқан жайып, ел-жұртқа сауын айтып, шілдехана жасап жатқан жайымыз бар,  – деп Берсүгір шал қуанып, қонақтарды отырған кісілерге таныстыра бастады. – Мына  жігіт  біздің елге бөтен емес, асылдың сынығы, батырдың ұрпағы деп, Молықбай қобызшының арғы аталары жайлы әңгіме өрбітті.

  – Наурызкөк ерте келді ғой... Мамыражай мамырдың ортасында дүние есігін ашқан ат ұстарларыңыздың бауы берік болсын! – деп қобызшы риясыз лебізін білдіріп, көптің қуанышына ортақтасты.

 

   – Айналайын, Молықбайжан, өзің мына Жансүгірімнің тұстасысың. Бүгін сені біздің үйге Құдайдың өзі айдап келген  шығар.  Мына  баланың  есімін  өзің  қой, жолымды  бердім,  жарқыным, — деп шал келінге қарап ишара танытты.  Ибалы  келін  атасының  қас-қабағынан  айтқызбай-ақ сөзін ұғып, ақ бесіктің жабуын ашып, бөбекті серінің қолына ұстатты.

 – Жазғытұрымда дүниеге келген інімнің өмірі жарқын, мәнді де сәнді болсын. Атаның емес, адамның баласы бол. Өр Алашымның  бағы  бол! Қара  сөздің  хас шебері болғайсың,  – деп сәбидің жазық  маңдайынан  сүйіп, Сенің есімің – Ілияс болсын! Ілияс! Ілияс! Ілияс! – деп бөбектің құлағына азан шақырып, атын қойды. Көненің көзіндей болып келе  жатқан салт-дәстүрдің жолымен баланы көкке көтеріп, әкесінің қолына берді.

 

   Қобызшы жиналып отырған жұртқа қобыздың қоңыр үнін естіртіп, бірнеше күйлерді орындады. Тыңдаушы қауым зарлы күйлердің үніне қосылып, боздап та алды.

 –Бұл күйлеріңде қазақтың арғы тарихының қасіреті жатыр екен. Енді бұндай алапат қырғынды қара халық қайта көрмесін! – деді төрде отырған үлкен шал.

– Әумин! Айтқаныңыз келсін, ақсақал! – деді  де қобызшымен бірге келген жігіт халық әндерін орындап, көптің құлазыған көңілін көтергендей болды.    

   Сол күні қобызшы да, бесікте жатқан сәби де таңның кіндігін ұйқысыз кесті. Ертесіне  сал-серілер  жиналып,  келесі ауылға жол тартты. Берсүгір қарт қобызшының  тағдырына  алаңдап, ішінен құдайға сиынып, басына амандық тіледі.

 

   *     *     *

   Уақыт шіркін сынаптай зырғып өте шықты. Бесікте жатқан сәби өсіп, ер жетіп, ат жалынын ұстап, тазы ертіп, қолына бүркіт қондырып қобызшының ауылына келді. Бұл мезетте  қобызшы  қартайып, шау  тарта бастаған еді. Бозбала  қобызшының  сыйлы  қонағы  болып, жүздеген  күйін  тыңдап,  өнер,  ғылым,  Құнанбай  сұлтанның  баласы хәкім Абай  туралы әңгімелерін естіді.  Молықбай шал өзінің  ұстазы  Жиенбай қобызшыдан қалған құлагер-домбырасын жас жігітке сыйлап, сауырына  құрық  тимеген  асауды еншіге беріп, иығына төрде ілініп тұрған  Байсақтың зерлі шапанын жапты.

      

   ÐšÐ°Ñ€Ñ‚инки по запросу илияс жансүгіров– Күнім, Ілиясжан, сенің атыңды қойдым ғой... Кейде осы ісіме өкінемін. Неге десең, мен қасіретті адаммын. Менің қасіретім емес, дарыным, қасиетім қонсын. Бірақ, есіңде болсын, Құдай Тағала да өзіне ұнайтын пендесіне ауырлықты,  қасіретті  үйіп-төгіп береді екен. Сенгеннен  кейін береді де. Ауырлықты, қиындықты жеңе білу – өзіңнің  бойыңдағы  жаман  қылықтарды ауыздықтаумен бірдей!  Әйтпесе, ібілістің  торына түсініп, нәпсісін тия алмай  жүргендердің  қарасы қаншама. Солай, құлыным, солай...  ,  – деп шал күңіренді.

           

  – Әке! Ақсуда туған ұлмын от болсам деп... Сіз, ештеңеге  налымаңыз.  Бұйырған  тағдырдың  дәмін  татамыз. Қарсы  соққан  дауылға  төтеп берер күш-қайратымыз  бар.  – Батаңды бер, – деген жас жігіттің отты сөзіне қобызшы шын қуанып, көзінен қайғының  емес, қуаныштың лағыл  жасы  ақты.  Ыстық  жас  жігіттің  алақанына тамып  жатты. Әке-бала  боп,  бірін-бірі риясыз түсініп, ұзақ уақыт құшағына қысып тұрды.

             

  – Жарқыным, мұхит тағдырдан өтер қайығыңның ескегі берік болсын! Бердім ақ батамды. Ғұмырлы бол, тұғырлы бол,  – деп  маңдайынан сүйіп,  жігітті еліне қарай шығарып салды.

      

 *     *     *

   Ілияс Ақсудан ұшқан аққулармен жанасып, білім іздеп жыраққа кетті. Алматы, Ақмешіт, Орынбор, Ташкент, Мәскеу барды. Аңсары ауып келген қасиетті, қасіретті сөз өнері мамандығына оқуға түсіп, небір ауызымен құс тістеген дүлдүлдердің  шығармаларын  оқып,  көкірек  шөлін  басып,  өзі де  нәрлі  жырларды  жаза бастады.

        

  Ақмешіт. Түн еді... Ілияс ұйықтай алмады. Есіне ауыл-аймақ түсті. Қобызшы әкесін сағынып жатты. Матайдың қызылқұмына аунағаны, Кіндіктөбенің  қоңыр салқын ауасын жұтқаны, Ақсудың айдынына шомылғаны есіне жиі түсіп жүрген кезі еді...

           

*     *     *

  Молықбай шалдың жүрегі әлденені ертерек сезген екен. Ақсу-Бөрібай көтерілісінен кейінгі ақ пен қызылдың шайқасы, кеңес  өкіметінің  орнауы,  ұжымдастыру,  бай-шонжарларды  аяусыз  әшкерелеген  кәнпескенің  тәркілеуі бірінен соң бірі болып, халыққа  ауыр тиді. Аша  тұяқтылары қалмаған  бұқара үркердей  шулап, арғы бетке үдере көшіп жатты. Алмағайып заман басталып, алатаудың  етегін ақ қар емес, қара бұлт торлап, елден береке, бірлік кетіп, қазақтың  ішінен қазаққа жау шығып, ру-руға, жік-жікке бөлініп, құдай тағаладан берілген асыл мінездері боқ-сідікпен араласып, теріс пиғылдары жүзеге аса бастап, әділ, ақиқатқа іңкәрлік танытар, жаны адалдыққа құштар  жандарға жала жауып, нақақтан-нақақ  «халық жауы» етіп, итжеккенге  айдатып  жатқан  кез... Туған халқын шетсіз, шексіз сүйген қобызшының да басына қара тұман төніп, аяғына кісен түсіп, түрмеге түсті. Өнер адамын осылай да қорлаған еді ау...

          

  Ілияс елге келіп, болған жағдайды естіп, көңілі құлазыды. Әкесіндей болған жанына жақын адамын іздеп, шарқ ұрып, асау Ақсу өзеніне барып, әзиз адамын енді қайтіп көрмесін сезіп, долдана ағып жатқан өзеннің сарынына қосылып, аңырап кеп жылады.  Ақынның  зарына  көк  аспанда қосылып, нөсерлі ақ жауынын шелектеп ағызды. Ақын да, аспан да көз жасын тия алмады. Бұл  жас – шерменде  көңілдің  өнерге деген, асыл азаматқа деген шынайы ықылас-құрметі еді...

         

   Молықбай – қазақтың  соңғы қобызшысы. Енді бұндай дәулескер қобызшының мына опасыз дүниеге келу-келмеуі екі талай. Қобызшының  атын  естен шығармауымыз үшін, оның әрбір тартқан күйлерін халыққа, болашақ ұрпаққа жеткізу, сақтау – менің арыма, ұятыма байланысты. Мен – қобызшының мұрагерімін! – деп азамат ақын өксіп-өксіп булығып жылады.

 

*     *     *

            

  Ілияс Алматыға келіп, Әуездің немересі Мұхтармен танысады. Ол кезде екеуі де халыққа танылып үлгерген қаламгерлер еді... Бұлар қантуыс емес, шығармашыл жантуыс болды. Екеуара әңгімелері ұзаққа созылды.

    – Мұқа, біздің елде Молықбай деген қобызшы болған еді, – деген Ілиястың сөзін соңына дейін тындамастан зерек жігіт:

     – Иә, естуім бар. Өзін көрмесем де, күйлерін естігенмін. Кезінде Абай еліне келген екен. Шаһкәрім, Әріптермен аралас-құралас болыпты. Абайды үлгі тұтқанын да естідік, – деді.

             

   – Сол дегдар адам менің есімді қойған еді... Шебер күйші еді. Амал нешік, қазір тар қапасқа танылып жатыр. Туған елі сатты. Бұрын-соңды бұндай қиянатты көрмедім. О, тоба, кем дүние! – деп ақынның жетім көңілі қайтадан құлазыды.

   – Ілеке, қобызшының көзкөрген тұстастары, замандастары, көнекөз қариялар барда елге барып, ол кісінің күйлерін,  әңгімелерін хатқа  түсіріп  қалайық та? – деп жазушы  бауыры ақынның аманат-үмітінің шоғын үрлеп, ниеті мен ықыласын арттыр ды.

          

     – Бәрекелді!  Менің де арманым осы еді... Рақмет, бауырым!

     – Ендеше, ағасы, уақыт өткізбей, елге барайық, жолға қамданайық!

   – Өкіл әкемнің ескіше сауаты болмаса, жарытып оқымаған да ғой. Күйлерін естіп, ауыл арасында, ел ішінде орындап жүрген жігіттер де бар көрінеді. Соларды табайық.

            

   Осы түннің кіндігін ақын жаңа жырмен кесті. Ол – «Күй» поэмасы еді.  Ақын қобызшының құрметіне өлеңмен, кестелі жырмен  өлмес те, өшпес ескерткіш соқты.

            

*     *     *

  1927 жылы қос қаламгер Ақсу еліне келді.  Амантекше жайлауында болып, қобызшының  күйлерін орындап жүрген ел арасындағы жігіттермен кезігеді. Әйгілі ақын Қуат Терібайдың шаңырағына қонақ болды. Қобызшының барлық орындаған,  өзі  шығарған  күйлерін хатқа түсірді. Қобызшы туралы, оның ата-тегі жайлы  аз-кем  түсініктеме жазды.

            

   – Оу, ағайын, мына жігіт қазақтың бағына біткен асыл ер. Есімі – Мұхтар. Абай елінің тумасы. Абайдың туысқаны. Талабы мен дарына, жазғанына қарасаң  жаның сүйсінеді. Қазақтың болашағы осы балаларыңыз, – деп ақын өкшелес  бауырын  жерлестеріне  таныстырды. Үй иесі Қуат ақын да алыстан ат терлетіп келген қонағының құрметіне  өзінің  арнауын арнап, жетісудың назқоңыр мақамымен ән айтты.

             

    Ілиястың осы  сапары – қазақ руханиятына, музыка өнеріне қосылған  үлкен үлес  болды. Азамат ақын алдаспан қобызшының алдындағы әрі өкіл әкесінің алдындағы өзінің перзенттік парызын  осылай өтеген еді...

 

*     *     *

                 

  Түрменің азабын әбден тартқан, тағдыры ит сүйреткен терідей жырымдалған  қобызшы абақтыда бірге жатқан жігіттерге:                 

  – Біздің дәурен осымен біткендей...  Жақсылы-жаманды өмір сүрдік. Менің елу жыл сенімді серігім болған қобызымды алдырыңдар, түсіме жиі кіріп жүр. Енді Ілиясымды көруім, көрмеуім  екіталай. Қайнардың еліне айт, Ілиясты күтсін, Ілияс – біздің ғасырдың ұлы ақыны! Мен оған сенемін. Тәңіріме тапсырдым,– деп өмірлік талқаны таусылып, ажал тақалғанда ішіне бүккен шерменде ойын  жазып, ағынан ақтарылады.

*     *     *

 1927 жылы Ілияс бірінші әйелі Аманшадан айырылғаннан кейін, қазадан қан жұтып, Қызылорда қаласында қызметтес досы болған Сәдуақас Оспановтың немере қарындасы Бәтимамен бас қосады.

             

  1929 жылы дауылпаз ақынның қобызшының құрметіне арналған  «Күй» поэмасы «Жаңа мәдениет» журналына жарияланады. Сөйтіп, қобызшының есімімен,тауқыметті тағдырымен, оның тартқан күйлерімен халық таныс болады.

             

  Молықбай шал 1930 жылдың көкек айының отызында туған жері – Шуратына жетпей, тар қапаста құрт ауруынан жан тапсырады.

            

   «Қызыр Ілияс» деп құлағына азан шақырып, үш мәрте атын әсем дауысымен әндетіп  қойған кіндік әкесінің өлгенін естіген азамат ақын:                       

     – Сізді «жүрегіме» жерледім,  – деп аңырап қоя берді...

    – Хайырлы қаза болсын! Бекем бол,  – деп Бәтима күйеуінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.  – Өнер адамы өнер адамын шын түсінеді екен ау...  О, дәриға-ай, – деп ақынның  жары  әлденелерді  күмбірлеп айтып отырды.

*     *     *

                

   Жетісудың жорғасы, заманының өнерпазы, бармағынан бал тамған қобызшы, күйші, ақын, бақсы-балгер – Молықбай Байсақұлының есімі «Ақ көбік», «Боз інген», «Көк көбік», «Дүлдүл Ер Әлі», «Жылаған ноғай-қазақ», «Жезкиік», «Сауырық», «Қазан»  күйлерімен қатар айтылып, халық есінде мәңгілік қалды.

                 

    Ілияс – мұрагер еді... Қорқыт қобызды, ащы тағдырлы қобызшының аманатына қиянат жасамай елге жеткізген асыл ер өзінің қанаты қайырылып, құлагерінің тұяғы сынып, мезгілінен ерте соларын білді ме екен?!

                                                               

                                                                  *     *     *

                 

  О дүние. Жұмақ. Пайғамбардың ақ туының астында әкелі-балалы екеу қайта қауышып, жер бетіндегі опасыз дүниенің қызығына алданып, шырмауына түскендерге қарап, құмырсқа тірліктегі пенделерді аяп тұрды...