Барлыбек Сыртанов туралы баяндаулар — 6

 

  Осы тарауда бүгін Барлыбек Сырттановтың  рухына арналып шығарылған алғашқы және жаңа ән беріліп отыр.  Ән әлі орындалмаған, өзінің орындаушысын тосады. Авторы — халқымызға жақсы танымал сазгер, Ақсулық  Мұратқан Егінбаев. Әннің әуенін  сазгердің өзі тыңдауға ұсынады.

  Сонымен бірге, Ақсулық жазушылар Шәкен Күмісбаев пен Жемісбек Толымбековтың Барлыбек Сырттановтың тұлғасын танымдық тұрғыда толықтыратын   мақалалары жарияланып отыр. Қабыл алыңыздар! 

 Алдыңғы жазбаларды сайттың осы тарауынан таныса аласыздар.

 

Барлыбек Сырттанов

 

Алты Алаштың сұлтаны

 

Сөзін жазған: Әли Ысқабай

Әнін жазған: Мұратхан Егінбаев

 

 

 

 

Мұратқан Егінбаев


Картинки по запросу әли ысқабай

Әли Ысқабай

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Таудай биік тұлғасы,

Ақыл-ойдың тұнбасы,

Алты Алаштың баласы

Ардақтайтын данасы

Елтағдырын дәл басқан,

Арман ойы алға асқан

Сырттанұлы шығарған

Қазақтағы алғаш заң

Жарқыратқан шындықты

Сом болаттай алдаспан

 

          Қайырмасы:

Шындықты айқара ашқан,

Елі үшін тайталасқан,

Өктемге келіспеген,

Күресте беріспеген,

Алаштың ардақтысы,

Беделді салмақтысы,

Қоғамның қайраткері,

Өр мінез айбатты ері

Текті ұлы Барлыбекті

Ұмытпай ұлықтайды

Егемен-байрақты елі

     

         Көрсе де өмір талқысын

        Жұмсай жүріп нар күшін

     Қажымаған қайсар ер

       Белді буып халқы үшін,

     Туған жерді-қырқаны

    Жадыратып нұр таңы

   Атауы үшін күрескен

     Сырттановтың ұрпағы

Ел есінде сақталар

        Алты Алаштың сұлтаны.

                Қайырмасы.

 

ОСЫ ЖҰРТ БАРЛЫБЕКТІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

 

Картинки по запросу шәкен күмісбаев

Шәкен Күмісбаев

 

Шәкен Күмісбаев

жазушы, халықаралық «Алаш»

әдеби сыйлығының иегері

Túrkistan онлайн газеті

31 қаңтар 2018 жыл

 

 

 

   Туған аудан – Алматы облысындағы Ақсу ауданының орталығына, Ілияс атамыздың атындағы кентке кіре-берістен бастап жол бойына ілінген портреттерді көріп, көкірегіңді мақтаныш кернейді.Ақсу, Қапалдың өткені мен өскенін саралайсың. Дүлдүл ақын Ілияс, Біржанмен айтысқан ақын Сара, атақты Шиырбай шешен, Толғанбай, Қуат, Құл, берідегі Тұрсынзада, Құдаш, Қанипа ақындар, Бөрібай, Тоқпанбет, Тәнеке, Мүсәпір батырлар, қазақта үшінші болып мектеп ашқан Мамандар әулеті, әлі де есімі аталмаған бабаларды есіңе алсаң, бұл мекен тұнып тұрған өнер мен батырлар өлкесі дейсің. Елінің болашағын ойлап, қиын да қасіретті тағдыр кешкен, ақ патшаның ұлтқа жасаған қияметіне қарсы тұрғандарды еске алатының анық.

 

  Ойлап қарасаңыз, тәуелсіздікке бет бұрған қазақ жұртының алғашқы легі «Алаш» қайраткерлері екенін еліміз ұмытпақ емес. Бұл ыңғайда жұртшылық өткеніне көз жіберіп, бүгінгісін сараптауға зор мүмкіндік алды. «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын тойлауда, тарихтың қойнауында талай жылдар ашылмай жатқан рухани қазынасына иек артты. Көз көрген, көңілге түйген шараларды іске асыруға бел шеше кірісті. Сондай шараның бірі жақында Республиканың «Қазақстан» телеарнасынан «Жарқын бейне» айдарымен берілген хабар дер едік. Ақсу аймағының жұрты, әсіресе, қарттар қауымы бір қуанып қалғаны анық.

 

  Сонау бір жылдары атақты ғалым, марқұм Сәкен Өзбекұлымен көрші болып, өткен-кеткенді айтысып, сырласып жүруші едік. Көршіміз Сәкен бірде: «Әй, есіміміз ұқсас екен, мен бір өтпелі жайды айтайын. Менің ғалым болғаным, сен туып-өскен ауданның азаматына байланысты болды. Барлыбек Сырттанов деген адам туралы естігенің бар ма?» – деп сұрады. Алғашқыда сасып қалғаным рас. Басымды шайқадым. Ол жымия күлді де: – Бұл жан туралы мен де білмеуші едім,– деді ол сәл уақыт үнсіз қалып. – Диссертацияға тақырып таңдар кезінде атақты ғалым, жетекшім Салық Зиманов шақырып алып: – Әй, Сәкен, қарағым! Қазіргі кезде ұлылар туралы жазылған небір еңбектер бар-ақ. Десек те аса бір құрметті азаматтың есімі ұмытылып жүр. Соны есіңе салайын. Әрине, жазар болсаң ыждағаттылықты, мол еңбекті қажет етеді. Бұл жан туралы ел архивінде, Ташкенде, Петербургте деректі дүниелер болуы керек. Ол «Алаш» қозғалысы кезеңінде қазақтың конституциясын жазған алаштың үлкен қайраткері. Есімі ұмытылып барады», – деді.

Кейінірек Сәкеннің дүниеден өтпес бұрын маған сыйлаған «Барлыбек Сырттанов» атты шағын кітабын оқып, көптеген жайға қанық болған едім.

 

  Әңгімеге қайтып оралсақ, «Жарқын бейне» бағдарламасын дайындаған журналист Елдос Тоқтарбай Барлыбек Сырттанов туралы тың деректер жинап, жақсы бір істі бастаған екен. Өте құптарлық жайт. Ендігі мәселе, бастаманы қолдап, Барлыбек бабамыз жайлы әлі де зерттелмеген, архивтерде жатқан қазынаны қайткен күнде де іздеп табу. Мәселен, Сәкен Өзбекұлының «Барлыбек Сырттанов» атты кітабында айтылған мына бір тарих осы бағдарламада айтылмай қалды. Оның себебі телехабар уақытының қысқалығынан болса керек. Мысалы, Барлыбектің атақты Алаш қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол саласындағы инженері Мұхамеджан Тынышбаевпен ара қатынасы айтылмады. Ол Барлыбектің шәкірті екені анық. Дәлелсіз сөз дәйексіз. Сәкен Өзбекұлының, сонымен бірге қарттардың әңгімесінде Мұхамеджан мен Барлыбек Ақтастыдағы Маманның қонысында кездескен деп айтылады, өйткені ертеректе екі алып Верный қаласында танысып, уақыт өте Мұхамеджанды ерлер гимназиясын бітірген соң алыс сапарға Барлыбектің өзі аттандырып: «Жолың болсын, балақай! Қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының көбеюі өте қажет. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады». Қараңғы қазақтың күні қараң, осыны зердеңе сақтап жүр», – деп жолға салуы осының дәлелі.

  Екіншіден, Б.Сырттанов қазақ жастарының қараңғылықтан шығып, білім алуына көмектескенін айту керек шығар. С.Өзбекұлы өз еңбегінде Барлыбек губернатордың қарамағында қызмет ете жүріп, Мұхамеджаннан басқа, Салық Аманжолов, Базарбай Мәмбетов, Нүсіпбек Жақыпбаев, Қанат Боранбаев, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев, Ысқақ Дүйсенбаев сияқты жастарды – ұлт өкілдерін ерлер гимзиясына қабылдатқан деп дәлелдей жазады.

 

  Тағы бір ойға алар жайт – Барлыбектің Қазақстандағы Жәңгір, Ы.Алтынсарин мектептерінен кейінгі үшінші «Мамания» мектебін салдыруда үлкен үлес қосқандығы. Ол жайында туған қызы Ханифадан қалған құжатта былай деп жазылған. «Б.Сырттанов делает предложения местным зажиточным строить школу-мектеп ... настаивает на Мамановы... Сейтбаттал Маманов побыв в Алма-Ате у Сырттанова берет план мужской гимназии Алма-Аты (Верного)»...

 

  Сондай-ақ, Б.Сырттановтың артында қалған араб, парсы, орыс және қазақ тілдерінде (өз ғұмырында) жинаған кітаптарын әйелі сақтап қалыпты. Қазіргі уақытта Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы мұражайда тұр. Ханифа апай әкесінен қалған дүниені сонау бір қиын-қыстау кезде киізге орап, жерге көміп сақтаған екен. Соның ішінде Б.Сырттановтың «Қазақ елінің уставы» (устав деген сөз ХІХ-ХХ ғасырлардың басында конституция деген мағынаны білдірген) мен «Дәрілік өсімдіктер» деген кітабы бар екен. Оның біріншісі Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасы бойынша жазған, 28 баптан тұратын қазақтың тұңғыш конституциясы болатын. Дәл сол уақытта Дума депутаты Бақытжан Қаратаев қатты қуанып: «Меніңше, жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың, жалғыз сен ғана халық үшін еңбек еттім деуге құқың бар»,– деп хат жазған еді.

 

  Жылжыған жылдар, ат желісті айлар, асыққан апталар, қас қағым сәт күндер өтіп жатыр. Өшкеніміз жанып, өлгенімізді тірілткен рухани жаңғыру кезеңі де өмір сахнасына келіп жетті. Нарық заманы өрлеуді, биік асулардан өткен тарихты еске алуды қалайды. Мұндайда, әрине, осы аймақтан шыққан атақты шәкірттері, дәулетті азаматтары жайды түсініп, қарап қалмас деген ойға тірелесің. Олар ұл болсын, қыз болсын туған жерін, «екінші анам ғой» деуді ұмытпай, мынандай уақытта қол ұшын беріп, көмектесіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Әншейінде «Біз Ілиястың ауылынанбыз», «Бізден елдің алғашқы оқу министрі Б.Сүлеев, қоғам қайраткерлері Кәкімжан Қазыбаев, Дүйсетай Бекежанов, Жекен Қалиев, 8 ғылым докторы, 37 ғылым кандидаты, тағы басқалар шыққан» деп туған ауданын мақтаушылар қамқорлық жасап, зерттеуге, тағы басқа істерге қолғабыс жасаса несі айып.

 

  Рас, рухани жаңғыруға белсеніп қатысып жатқандар да жоқ емес. Шара нақты нәтижесімен көрінетіні ақиқат. Мәселен Б.Сырттанов мұражайын ашу қолға алынып, ұлы тұлға туралы деректер ізделсе... Әңгіменің басында айтылып, «Жарқын бейне» телебағдарламасынан көргеніміз, осы істің бастамасы десек болар. Десек те қазақтың үлкен қайраткері, ардақты азаматымыз Барлыбек Сырттановтың есімімен аталған мектепті, көшені кездестіре алмай жүргеніміз көрер көзге ұят. Өзінің жарты ғұмырын өткізген Алматыда атын әйгілер бір ескерткіш белгі жоқ. Халықтың өлгенінің тіріліп, өшкенінің жануының айқын дәлелі болар еді. Күні кеше Верныйға (Алматыға) қолынан жетектеп әкеліп, ерлер гимназиясына кіргізген Ораз Жандосов: «Ау, менің ұстазымды неге ұмытасыңдар?» деп сауал тастаса не айтар едік?

 

  Осы бір жерде көңілге кірбің келтірер тағы бір жайтты айтуға тиіспіз. Қазақ заңының өмірге келуіне зор үлес қосқан Барлыбек Сырттановты Алаш қайраткерлерінің тізімінен неге көре алмай жүрміз? Әділетке жүгінсек, Барлыбек Сырттанов – «Алаш» партиясының белсенді мүшесі. Дәлеліміз 1905 жылы Орал қаласында өткен «Бес облыстың делегаттары» съезін ұйымдастырған Ә.Бөкейханов, Ж.Сейдалин, М.Дулатов, Б.Қаратаевпен бірге Барлыбек Сырттанов та қатысқан. Ұлтжандылығы үшін ақ патшаның қудалануына түскені де айқын. Бұл мәселе «Жарқын бейнеде» айтылғанын білеміз, олай болмаса қызы Ханифа әкесінің кітаптарын жерге жасырар ма еді? Әлде ұлы заңгердің өкпе ауруына ұшырап, 1914 жылы өз ауылы Қарашоқыда дүниеден өтуі себеп болып тұр ма?! Б.Сырттанов «Алаш» ардақтыларымен қатар тұруы керек, оның өмірі – ұрпаққа үлгі болар мол шежіре. Барлыбектің шәкірті, қазақтың біртуар азаматы, белгілі қайраткер Мұхамеджан Тынышбаевтың: «Теңдікке қолы жетпегендер Барлыбек, Тұрлыбекке (туған бауыры) жылап келіп, теңдік алып, мауқын басушы еді», – деуі текке айтылмағаны анық.

 

  Олай десек, бұл мақаламызды оқып, ойға батар көпшілік, шындық үшін шарқ ұрар деген мол сенім алға жетелейді. Сол кезде «Барлыбекті білеміз бе?» деген сұрақ өзегін табады.

 

 

Алаштың Барлыбегі

Жемісбек Толымбеков

Картинки по запросу Жемісбек Толымбеков

Жемісбек Толымбеков

 

 

 

 

 

 

 

 

 

   Барлыбек Сыртанов туралы ғылыми негіздегі таным Каз КСР Ғылым академиясының философия және құқық институтының мемлекет тарихы және заң бөлімінен бастау алыпты. Бөлім басшысы — Салық Зиманов. Қазақстанның XIX–ХХ ғасырлардағы саясаты жүйесіне ғылыми негіздеу жұмыстарын жасап кірісуге 1950 жылдан бастап ой туыпты. Бірақ, тоқтап қалып, 1970 жылдан қайтадан жаңғырыпты. Сәкен Өзбекұлының кандидаттық дисертациясы «Қазақстанның саяси және құқықтың жүйесіндегі Санкт-Петербург институтының рөлі» деген тақырыпта болған екен. Санкт-Петербург институттың түлегі Барлыбек Сыртанов болғандықтан, Сәкен Өзбеков тақырыбынан ауытқулықтар жасамапты.

 

   Барлыбек Сыртанов жазған «Қазақ елі Уставының» жазылуы туралы бірнеше дата айтылады. Н.О.Дулатбеков пен С.Әбдіғалімов 1910—1913 жылдары жазған десе, Өтепберген Ақыпбекұлы пен Мұқан Исахан 1911 жылы 13 маусымда жазған дейді. Сәкен Өзбеков 1911 жылы, 3 және 13 маусымда жазған деп, күндерінің екі түрлі датасын көрсетеді. Алғаш рет «Қазақ елі Уставы» 1992 жылы, табылғаннан кейін 11 жылдан соң, «Түрік бірлігі» газетіне Сәкен Өзбекұлы басып шығарған екен. Архивтен таппай, 1981 жылы уставты Қанипадан арапша жазылған қолжазбасын тауып алады. Барлыбек Сыртановтың дербес құқықтық мемлекет құруға арналып жазған «Қазақ елі Уставы» — 1917 жылы құрылған «Алаш» партиясының бағдарламасының негізі болып қалыптасыпты.

 

  1881 жылы Жамбыл Жабаев Сыртан батырмен кездесіп, «Сыртанға» деген өлең арнаған. Сол өлеңде Жамбыл «балаларыңды оқуға беріп, оң іс жасадың» деп айтқан. Қонайдың әкесі Қожахметке Барлыбек Сыртановтың ұлы Әбдүлқадірдің (Кәкенің) жазып қалдырған қолжазба дерегінде: «Сыртан (Дүйсенбі) 80 жасқа таяп, 1916 жылы қайтыс болды. Сыртанның кіндігінен алты бала. Оның бесеуі ұл, бірі — қыз. Олар:

1) Керімбек 1862—1925 жылдары өмір сүріп, 53 жас жасады.

2) Тұрлыбек 1864—1906 жылдары өмір сүріп, 42 жас жасады.

3) Барлыбек 1866—1914 жылдары өмір сүріп, 48 жас жасады.

4) Қызы Батима 1868—1934 жылдары өмір сүріп, 66 жас жасады.

5) Молдахан 1870—1915 жылдары өмір сүріп, 49 жас жасады.

6) Кенжехан 1872—1917 жылдары өмір сүріп, 45 жас жасады», — деп тізеді.

 

  Барлыбек Сыртанов Верный гимназиясы мен Петербургтегі Шығыс университетін «үздік» бітірген, Жетісудан тұңғыш шыққан ерек тұлға. Петербургте Барлыбекпен бір жылдары оқыған Оралдық Мұхамеджан Қаратаев, Қостанайлық Жанша Сейдалин, Көкшетаулық Мәмбетәлі Сердалин, Ақтөбелік Абдолла Теміров, Бақтыгерей Құлманов, Ақмешіттік Серәлі Лапин, Семейлік Д.Сұлтанғазин, Оралдық Ә.Ниязов сондағы қазақ жастарын біріктіріп, «Жерлестер» үйірмесін құрады. Үйірмеде Чернышевский, Белинский, Добролюбов, Герцен шығармашылығымен таныса жүріп, қазақ халқының болашағына зере салады. Мүшелер саны өсе келе «Жерлестер» үйірмесі ұйымға айналады. «Жерлестер» ұйымының құрамының саны  1500 студенттерге жетіп, «Жерлестер одағына» айналып қалыптасады. «Жерлестердің» салған сара жолының арқасында Ресей астанасы Санкт-Петербургтің қақ төрінде қазақ тұлғалары болып шыққандардың көбі оқыпты.

 

  Александр Ульяновтың 1887 жылы патша Александр ІІ-ге жасамақ болған қастандығы Барлыбекке үлкен әсер етеді. Барлыбектің саяси-қоғамдық тұрғыдан қалыптастырып, өсуін жеделдетсе, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» кітабы өзінің алған жолының оң екеніне нүкте қояды. Барлыбек Сыртанов ең алғашқы қазақ болып патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы болады. Қазақ халқының басқа халықтармен тең, өркенді түлегенін қалайды. Барлыбек Сыртанов білімді қазақ ретінде Столыпиннің реакциялық отарлау реформасына қарсы шығады. Барлыбек Сыртанов ең алғашқы болып, курстастары Жанша Сейдалин, Серәлі Лапинмен бірлесіп, Бүткіл Қазақтар съездің ашу туралы кеңес қылады. Сол кеңесте «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін ашу керектігі ұйғарылады. Бүткіл Қазақ съезді бола қалған жағдайда, Барлыбек Сыртанов мынандай келелі мәселелерді шешуді қояды. 1) Қазақ халқына бір кездері одан зорлықпен тартып алынған жерлерді қайтару. 2) Мемлекеттік Думаға қазақ халқының өкілдерін сайлау. 3) жергілікті жерлерде қажеттілікке орай діни мүфтилер сайлау. 4) жергілікті тұрғындардың құқықтарын Ресей империясы орыстарының құқықтарымен теңестіру.

 

  Барлыбек Сыртанов 1911 жылы Санкт-Петербургте ең алғашқы «Қазақ елі уставын» жазады. Оның көздеген мақсаты Қазақ халқына Парламенттік дәрежеде Республика жобасын құрап, егемен ел жасап, отарлықты жою болды. Ресеймен одақтас болуды көздеді. Мемлекетті жоғарғы орган ұлттық мәжіліс басқаруын жобалады. Ұлттық мәжіліс президентті сайлауға 4 жылға, екі мәрте құқықты деп білді. Барлыбектің «Жерлестерден» бастау алған идеясы «Алаш» партиясының негізі болып іске асты. Барлыбек Сыртанов мемлекеттік заң жазып Қазақ елінің түлеуіне 100 жыл бұрын жол салып берді.

 

  Жетісу облысы  қазақ-қырғыздарының съезі  1910 жылы орыс  әскерлерінің Қоқандықтармен Ұзынағаш түбінде болған шайқастағы жеңісінің  50 жылдығын жергілікті әкімшілік орындарының салтанатты түрде атап  өтуі кезінде  ұйымдастырылған болатын. Салтанатты атап өтуге орыс халқының өкілдерінен басқа облыстағы  қазақ  және  қырғыз халықтарының қадірменді азаматтары да шақырылады. Сол жиынның кезінде жергілікті қайраткерлер: облыстық  басқарма қызметкерлері Б.Сыртанов пен Ы.Жайнақов, Верный уезі Шамалған облысының  басқарушысы М.Смаилов, үлкен Алматы облысының  өкілі Б.Әшекеев, Пішпек уезінің  қырғызы Д.Сауранбаев, белгілі қырғыз манапы Ш.Жантаев және т.б. белсенді  азаматтар жасырын түрде съезд өткізуді ұйымдастырады. Қазақтар мен қырғыздардың 50 шақты өкілі қатысқан Ұзынағаш съезі 21 қазан күні кешкісін Казанско-Богородский селосында өтеді. Онда қазақ-қырғыздардың отаршылдық  саясат нәтижесінде бастан кешіп отырған тауқыметі талқыланып, жергілікті әкімшілік орындары тарапынан қазақ пен қырғызға жасалып жатқан  қысымшылыққа орталық билік орындарының назарын бұру үшін Петербургке арнайы  өкіл жіберу мәселесі  қаралады. Көпшіліктің  ұсынысы бойынша Петербургке жіберілетін  өкіл ретінде Барлыбек Сыртанов белгіленеді. Съезд кезінде Б.Сыртановтың Петербургке баруы  үшін деп 500 сом ақша жиналады. Мұндай  қаржы съездің ұйғарымы бойынша облыстағы уездерден де жиналатын болып келісіледі. Б.Сыртановтың Петербургке сапарының  нәтижелі  болуына  қазақтар мен қырғыздар  ғана емес, сонымен бірге облыстағы татар,  ұйғыр халықтарының алдыңғы  қатарлы азаматтары да мүдделілік танытыпты.

 

  1910 жылы 26 желтоқсанда Верный  қаласында Б.Сыртанов, Ы.Жайнақов және т.б.  қазақ  зиялылары бас қосып, Мемлекеттік думаға  қазақ-қырғыздар атынан тапсырылатын талап-тілектерді  талқыға салып, оның  мәтінін құрастырады. Қазақтар мен  қырғыздар атынан тапсырылатын бұл талап-тілекте жер, оқу-ағарту, сот  ісі  және дін мәселелері  қамтылады. Түркістан  өлкесіндегі діни істердің жергілікті әкімшіліктің қарауынан алынуы, Түркістанда өз алдына бөлек мұсылмандық  діни басқарма құрылып, Жетісу облысы  қазақ-қырғыздары соған қарау керектігі көрсетіледі.

 

  Жетісу өңіріндегі қазақ  зиялыларының  көшбасшысы саналған Б. Сыртанов 1912—1914 жылдар аралығында баспасөз беттерінде басылған публицистикалық мақалаларында М.Сералин, Б.Қаратаев, Ж.Сейдалин С.Лапин, Р.Мәрсеков сияқты тез арада жалпықазақ  съезін шақырып, онда халықтың  жанына батқан отарлық саясаттың салдарынан әлеуметтік, рухани және саяси күйзеліске ұшыраған елдің көкейтесті мәселелерін шешу жолдарын қарастырады. 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен патша  өкіметі тыңшылары азаттық қозғалыс жетекшілерінің ұлттық  мүддені  қорғау жолындағы  әрекетін “түрік және герман үгітінің” әсерімен байланыстыруды әдетке айналдырған жағдайда жалпы  қазақ  съезін өткізу тіптен мүмкін болмай қалады. Барлыбек Сыртановтың бұл ойын 1917 жылы Оралда Досмұханбетовтер бастап іске асырады.

 

  Барлыбек Сыртановты ғылыми негізде ең алғашқы болып Салық Зимановтың тапсырмасымен зерттеген Сәкен Өзбеков «Барлыбек Сыртанов» атаулы кітапты 1996 жылы «Жеті жарғы» баспасынан шығарды. Сәкен Өзбековтің Барлыбек Сыртановты зерттеудегі еңбегі ғибратқа толы толағай. Қазақстан Республикасы Заң ғылымдары академиясы 2006 жылы Барлыбек Сыртанов атындағы сыйлық лауреаты дипломы мен медалін де тағайындатыпты. Ең алғашқы сыйлық лауреаты дипломы мен медалін Олжас Сүлейменов иеленіпті. Ол өрелі еңбекті Барлыкбек Сыртановты зерттеушісі, жас болашақ ғалым Елдос Тоқтарбай тауып, ары қарай дамытып жалғастырмақшы.

 

  Алаштың кемеңгері Барлыбек Сыртановтың жазған «Қазақ елі Уставы» мен елу үй руының басшысы Бұқабаймен келісіп отырып жазған «Ынтымақ ережесі» әлі де көнермей, егемен Қазақ елінде жүйелі түрде бірнеше тармақтармен қолданылып келеді. Алаш идеясы Ақсудан шыққан Алаштың азаматы Барлыбектен түлеп, бүткіл Қазаққа қозғау салғаны айқын.