«Ілияс Жансүгіровке-125» 

 

Құрметті оқырмандар! 

   1-мамыр — жыр дүлділі І.Жансүгіровтың туған күні болып саналады. Яғни, бүгін оның елдік және халықаралық деңгейде ресми түрде  аталатын 125 жылдығының алғашқы күні басталды...

 Ақсу ауданының тарихын, оның ел таныған азаматары мен тіршілігін насихаттауға байланыстырып ашылған осы сайтымның, өз елінің «ері мен кемеңгері» саналатын Ілияс тақырыбынан тыс қалуы еш мүмкін емес еді. Сондықтан да, осы аз мерзім ішінде біршама мақалалар жарияланып та үлгірілді. Мәселен, оның өмірбаянымен (ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ)  және бірнеше шығармашылықтарынан басқа, тың, бұрындары еш жерде жарияланбаған Түлкібек Құрақбаевтың  "Фатима " поэмасы, Серік  Жанәбіловтың  «Үш алыптың жан серігі болған, Фатима» және Жемісбек Толымбековтың «Ілияс және «Мамания» мектебі»  мақалалары мен Фатима мен Ілиястың мұрағаттық фотолары  жарияланды.  Және де «Ілиястың ізбасарлары» деген тақырыппен өзінің ұрпақтары, аудан, облыс, республика деңгейінде  өткізіліп келе жатқан «Ілияс оқуларының» жүлдегерлері атанған ауданымыздың балауса жас ақындарының бабаларына арнаған өлеңдерінің топтамалары да берілген болатын. 

  Енді міне, сайтымның бетінде  осы мерейлік жылға арналған "Ілияс Жансүгіров-125" атты жеке тарау ашып отырмын және оған жоғарыда айтылған мақалаларды да енгізіп отырмын. Оған алдағы мерзімде  І.Жансүгіровтың қилы да сырлы өмір жолы  мен оның мол, терең қазыналы шығармашылықтары жөніндегі мүмкін болар жаңа танымдық, тың зерттеулік мақалалар жарияланып,  әр деңгейде, әр тақырыптар мен мазмұнда  атқарылатын  мерейлік шаралар туралы хабарламалар да беріліп отырылатын болады.

  Осыған орай, Ілияс Жансүгіров тақырыбын «өзіндік»«ыстық» санайтын шығармашылықкер азаматтардың және де мерейлік бағыттағы шараларды ұйымдастырушылар, баспасөздер қаламгерлерінің белсендіктері мен жазбаларын тосамыз! 

  Ал, бүгінгі парағымызда осы мақсатта тағы да Жемісбек Толымбеков  ұсынған  «Журналист — Ілияс Жансүгіров» және «Ғазиз  Фатима» деген  екі мақаласын  жариялап отырмын.  Қабыл алыңыздар! 

 

Журналист Ілияс Жансүгіров

 

 Ілияс Жансүгіровтің 1925 жылы Мәскеудегі ГИЖ-ға оқуға түскендегі Ресей мемлекеттік архивінен «құпия» деген грифпен жеке іс құжат қағаздары табылып, оны Бақыт Алтынбеков 300 дана кітап етіп, 2014 жылы шығарды. Сол кітапқа сүйене отырып Ілияс Жансүгіров жайында дәл деректерді келтірейін. 1925 жылы 17 қыркүйек күні Журналистика институтына түскендегі анкетасында Ілияс Жансүгіров 1894 жылы туғанын жазып, қай күні туғанында түк көрсетпепті. Туған жері – Ақсу болысы, Талдықорған уезі, Жетісу губерниясы делінген. Үйленген. Әкем – диқан. Білімім – төменгі. 1924 жылдан РКП (б) партиясына кандидатпын, партиялық билетімнің № 1020. Мамандығым — ауыл мұғалімі деп, өз қолымен орысша жазып толтырыпты.

 

Ілияс Жансүгіровтің өзі толтырған анкетасынан

 

Ілияс Жансүгіровтің қол қойғаны

 

  Ілияс Жансүгіровке Мәскеудегі Мемлекеттік журналистика институтына (ГИЖ) түсуіне Агитпроп ОК РКП (б) жолдама, қатынас қағаз беріпті. Оқуға түсіретін қатынас қағазға Агитпроп ОК РКП (б) атынан орынбасары К.Попов деген қол қойыпты. Сөйтіп, Ілияс Жансүгіров ГИЖ-ға студент болып қабылданыпты. 1925 жылы 1 қыркүйек күні институт атына жазған өтінішінде Ілияс Жансүгіров: «Біздің губернияда 2 % халық ғана хат таниды. Өзім 5-6 жыл батрак болдым. 1921 жылдан бастап үзбей кеңес баспасөздерінде қызмет істедім. Партиялық газет «Тілшіде» редактор, орыс тілінде шығатын губерния партиясының «Джетысуская правда» мен «Джетысуская искра» газеттерде корреспондент қызметтерін атқардым. Журналистер секциясының мүшесімін», — деп жазыпты.

 

   Наркомпростың инспекторлық қызметінде жүргендегі Ілияс Жансүгіровтің мінездемесінде: «Батрактар ортасынан көтерілген. Аз мерзім ішінде өзін осы орынға лайықты маман ретінде көрсетті. Жұмыс істеу ретін, жөнін біледі. Мамандарды дұрыс таңдай алады. Тәртіпті. Әдебиет пен мұғалімдік қызметке ықпалды. Бара осы аталған екі саланың біріне пайдалану қажет», — деп көрсетіпті. Мінездемені жазып, қолын қойған РКП бюросының міндетін атқарушы Рядник делінеді. Ілияс Жансүгіров ГИЖ-да оқи жүріп қосымша Инпростан 1 жылдық мұғалімдер курсын оқып бітіріп, 1 дәрежелі мектеп мұғалімі деген мамандық қағазын алып шығыпты. 1922 жылдың қараша айынан Ілияс Жансүгіровте Жетісу облыстық мәдениет саласының инструкторы деген куәлігі де болыпты. 1923 жылы Ілияс Жансүгіров ОАК мен КХК шешімімен «Қосшы» комитетінің ІІІ-ші съезінде Жетісу облысы бойынша бағалы сыйлық № 815832, қақпақты жабылатын күміс сағатпен марапатталыпты.

 

  Ілияс Жансүгіров Алматыдағы педагогикалық институтты құруға үлкен үлес қосқаннның бірі болған. Ол туралы Ілияс Жансүгіровке берілген куәлікте: «Ілияс Жансүгіров Алматы Кырғыз (Қазақ) педагогикалық ағарту институтының директоры. Мөр. Қазан айы, 1924 жылдан — ақпан айы, 1925 жыл», — деп көрсетілген.

 

  Қалалық РКП (б) мен атқару комитеті және Қосшы одағының атынан бірілген куәлікте: «Ілияс Жансүгіров 1925—1926 жылдары Ақтоғай болысында ауыл шаруашылығында біртекті салық енгізу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін берілген», — деп жазылыпты. Ілияс Жансүгіровтің Жеке іс құжаттары ішінде «Организующее значение печати и роль в ней рабкоры» деген атаумен өз қолымен жазған мақаласы да сақталыпты. Онымен қоса ГИЖ-да қалай оқығандығы туралы Ілияс Жансүгіровке арналған «Оқу мінездеме» беттері де көрсетілген. Одан Ілияс Жансүгіровтің сабақты қалай оқығандығы туралы және білімінің өсу деңгейін толық аңғаруға болады.

 

Ілияс Жансүгіров

  1926 жылы 29 қыркүйекте жазғы практика жұмыстары туралы жазған түсініктемесінде Ілияс Жансүгіров: «Орталық комитеттің шешімімен мені Жетісу губкомының ВКП (б) құзырлығына іс сапармен жіберді. Олар мені баспасөз бөлімін басқаруға тағайындады. Жетісуда қазақ газеті «Тілші (Известия)» аптасына үш рет 1200 данамен шығатын еді. Газет шаруаларға (крестьяндарға) арналған. Сексен адам ауылдық корреспонденттері (тілшілері) бар екен. Жолай Қызылордадағы Каз.Крайком баспасөз бөліміне кірдім. Олар маған Жетісудағы баспасөз маңыздылығы туралы мынандай тапсырмаларды:  «а) баспасөз және соған қатысты қызметкерлермен жиын-кеңес өткізуді, б) ауыл корлар конференциясын өткізуді дайындауды, в) газетті іс жүзінде қалай шығаруды үйлестіріп қарастыруды» жүктеді. Бұған қосымша дала қазақтарына газетті қалай шығару керектігі жайында «Жадынама» немесе содан оқып газет шығарылатындай жол көрсету кітапшасын шығаруды тапсырды. Жетісуға келген соң газет жұмысын өркендетіп, маңызын көтеру туралы жергілікті қызметкерлермен бірнеше жиын-кеңестер өткіздім. Осы кезеңде өртеніп кеткен типографияның кесірінен үш газет орыс, қазақ, тараншы тілдерінде шығатын жабылды. Сол салдардан газет қызметкерлері жұмыссыз қалдық. Мені губерния комиссиясы 1916 жылғы ақ патшаның «июнь» жарлығына қарсы көтерілістің 10 жылдығына деректі материалдар жинауға іс-сапармен қырға жіберді. Ол тапсырманы орындадым. Оған қоса Каз.Крайкомның тапсырмасын қыр қазақтарына газетті қалай шығару керектігіне арналған кітапшаны да жазып, Каз.Крайкомға жібердім. Әзірге, оған пікір алғам жоқ. ГИЖ-ға оқуға түскенге дейін редакция аппаратында бес жыл қызмет жасаған өтелім бар. Соған байланысты жергілікті жерге барғанда мен дайын кадр болдым. ГИЖ—да алған теориялық білімім істеген жұмыстарымды тиянақты дәл атқаруыма септігін мол тигізді» — деп жазыпты.

 Көшірме, хаттама № 36, МЖИ ВКП (б) жабық жиыны. 2 ақпан, 1927 жыл. Қатысушылар партия мүшелері – 191 адам, партияға кандидаттар – 12 адам. Қаралған мәселе: 2 — курс студенты, партияға кандидат Ілияс Жансүгіровтің өтініші бойынша оны партия кандидаты мерзімі біткендіктен партия мүшесі қатарына қабылдау. Шешімі — қабылдансын. Қалыс қалғандар 4 адам. Хаттама дұрыс толтырылған. Студенттердің ВКП (Б) хатшысы Б.Данилер.

 

  ІІІ -курс студенты Ілияс Жансүгіровтің өтініші: «Менің әйелімнің ауыр халде ауырып жатқандығы туралы телеграмманы алып, Сіздерден 10 мамырдан қалдырмай, ертерек жазғы каникулдық практикаға елге жіберулеріңізді сұраймын. Менің отбасым Алматыдан 300 шақырым алыс жерде орналасқан. Аралығында теміржол торап жолы әлі орнықпаған. Жаяу немесе салт көлікті жалдап жетуіме 22-23 күн қажет. Үшінші курстықтардың меңгерушісі Перес жолдастың маған қарсылығы болмас деймін. Өйткені, негізгі пәндер оқылып біткен. Менің жағдайымды түсінулеріңізді өтінемін», — депті. Өтініш бұрыштамасына:  «ІІІ — курс студенті барлық сынақтарды өткізген болса қарсылық жоқ», — деп қол қойылыпты. Ілияс Жансүгіров институттан тыс «Красный каучук» зауытына аптасына бір рет сейсенбі күні, 6 сағат бойына ассистент ретінде Анисимов жолдастан тәлім алып тұруы бекітіліпті. Ілияс Жансүгіров оқу бөлімінің шешімімен аптасына бір рет сейсенбі күні орыс тілінен екі сағат қосымша сабақ ұйымдастырылғандықтан «мен орыс тілінің қосымша сабағына қатысқым келетіндіктен Анисимовтен ассистент болудан босатуды сұраймын» деп арыз жазыпты. Рұқсат беріліпті.

 

  «Тілші» газеті редакциясы, № 209, 28 қыркүйек, 1927 жыл, ГИЖ-дің студенті Ілияс Жансүгіровке: «Екі ай мерзім ішінде Ілияс Жансүгіров өзін құнды қызметкер маман екенін көрсете білді. Оның әдеби талантты көрікпен жазған мақалалары газеттің барлық талабына сай келеді. Басты беттегі мақалалары үлкен мағыналы. Жетісу қазақтары оның жазған мақалаларын қызығып, іздеп жүріп оқиды. Екі ай ішінде жауапты газет редакторы ретінде де жақсы қызмет көрсетті. Өз еркімен газет шығарып, басқаруға дайын маман», — деген пікір беріліпті. Пікір астына Жетісу губкомы ВКП (Б) Алманов, жауапты хатшы Айтқожин, контор басшысы Теплов қолдарын қойыпты.

 

  Қазақстанның орталық газеті «Еңбекші қазақ», Қызылорда қаласы, 7 сәуір, 1928 жыл, хат № 53. ГИЖ-ді бітіретін Ілияс Жансүгіровті тұрақты қызметке біздің редакцияға жіберулеңізді сұраймын. Бұрышына «направить в Казахстан» деп бекітіпті. Сөйтіп, Ілияс Жансүгіров 1928 жылы ГИЖ-ді бітіріп, Қазақстанға жоғарғы білікті журналист мамандығын иеленіп оралыпты.                                                              

Жемісбек Толымбеков

 

 

 

Ғазиз Фатима

   

Фатима Ғабитова

Фатима Ғабитова 1903 жылы Қапалда туыпты. Әкесін «аға», шешесін «тәте» деп атап ержетіпті. Әке-шешесі хат танып, сол кездегі адамдар ортасында сауатты саналыпты. Фатима ең алғашқы әріптерді анасы Ғайнижамалдан үйреніпті. Одан Қапалда қыздар медресесін бітіріп, мұғалім болыпты. Он бес жасында, яғни 1918 жылы Ақсуда ағартушы-оқытушы Біләл Сүлеевпен тұрмыс құрыпты. Естелігінде Фатима Ғабитова: «Жәнібек, Азат ұлдарым мен Фәрида есімді қызымның әкесі – Жетісуда тұңғыш Қазақ мектептерін ашқан, өз дәурінің беделді халық ағартушысы Біләл Сүлеев», — деп жазыпты. Ілфа Жансүгірова: «Алашордашылардың бірі, Омбы, Қазан, Мәскеуден білім алған, «Қазақ» газетіне ұдайы мақалалар жазған Біләл Сүлеевтің өмір жолын зерттеп жазатын ұрпақ табылса екен», — деп тілеу тілейді.

 Фатима Ғабитованың Біләл Сүлеевтен туған тұңғыш қызы Фәридасы он жасында Ақтөбеде науқастанып, өмірден өтіпті.

  Біләл Сүлеевтің ұлы Жәнібек 1923 жылы туған екен. 1943 жылы, жиырма жасында, Ұлы Отан соғысында ұшқыш әскери міндетінде жүріп жараланып, Смоленск қаласындағы госпитальда өмірден өтіп, Смоленск қаласындағы жалпы молаға жерленіпті. Әскер қатарына шақыруға Жәнібектің жасы жетпесе де, өз еркімен сұранып, құрбыларынан ерте кетіпті. Жәнібек жайында қаралы қағаз келген кезде Фатима Ғабитова балаларымен Жамбыл облысындағы Меркеде айдауда жүріпті. Фатима Ғабитова өмірдегі ақырғы демі таусылғанынша Жәнібектің жерленген жеріне барып, ең болмаса бір уыс топырақ салмағандығын армандап кетіпті. Біләл Сүлеев 1930 жылы қуғын-сүргінмен ұсталыпты. Ол түрмеден босап шыққан кейін қолшоқпары ұзын кеңес өкіметінің «шаш ал десе, бас алатын» басшылары Біләл Сүлеевті мәжбүрлеп, Алашордашы ретінде Қазақ елінен кетіріп, Мәскеуге қуғындапты. Біләл Сүлеев Мәскеуге өзімен бірге ұлы Жәнібекті ала кетіпті.

  Біләл Сүлеевтің екінші ұлы — Азат. Өте білімдар, эрудит болып өсіпті. Меркеде 1947 жылы мептепті алтын медальға бітіріп, Мәскеудегі МГУ-дің филология факультетін үздік аяқтап, түрік тілдерінің барлығын біліп, ағылшын, француз, неміс тілдерін де еркін меңгеріпті. Білмейтіні жоқ, өте талапты, басы «энциклопедия» сияқты болыпты. Фатима Ғабитова: «Азат — әкесінің гені. Әкесі Біләл Сүлеев сондай мықты адам болған», — деп түйеді. Азат жазушылар одағында аудармашы болып қызмет жасапты. Бірінші әйелі Күляш Байсейтованың қызы Құралай екен. Онымен екі ай ғана бірге тұрып, араларында түсіністік болмай ажырасыпты. Екінші әйелі Қарлығаштан Жәнібек есімді ұл және бір қыз сүйіпті. Азат араққа әуестене басып, пәтуалы жасаған дисертациясын қорғамай, доғарып тастапты. Олжас Сүлейменов екеуі жақсы дос болыпты. Олжас Сүлейменовке АЗиЯ-ны жазуға идея берген Азат Сүлеев екен. Үлкен жиын мен бұқарада емес, ошақ басы жай отырыстарда Олжас Сүлейменов АЗиЯ-ны — АЗАТ и Я деп мойындап айтады екен. Сол қылығы үшін Ілфа Жансүгірова: «Менің Олжасқа деген құрметім жоқ», — деп ішінен өртене тыныпты. Азаттың достары көп болғанымен олардың жанашыр қамқорлық емес, қияс қылықтары аударма жұмыстарын жасату үшін арақ ішкізіп, Азатты жақсы жолдан тайдаруға ықпал етіпті.

  Фатима Ғабитова 1932 жылы Ілияс Жансүгіровпен бас қосыпты. Ілияс Жансүгіровтің Батима әйелінен туған Саят есімді ұлын өз ұлындай бауырына басып, Азатынан бөлмепті. Ілияс Жансүгіров те Біләлдің ұлы Азатты маңдайынан шертіп көрмепті. Қайта өзіне іш тартып, туғанындай көріп, ылғи маңдайынан иіскеп, сүйіп жүріпті. Фатима Ғабитова 1938 жылы Ілияс ұсталып, атылып кеткенінше, Ілияспен бірге бес жыл өмір сүріпті. Фатима Ілиястан Үміт есімді қызды 1933 туып, қыздың есімін Ілияс өзі қойыпты.

 

  Үміт медецина саласының маманы болған. Бірінші күйеуі Ақырап Жұбанов, екінші күйеуі Абдолла Қарсақбаев. Абдолла Қарсақбаевтан Нұрлан есімді ұлы 25 жасында мерт болыпты. Нұрланның артында Дана есімді қызы бар.

 Үміттен кейін 1935 жылы Ілияс пен Фатимадан Ілфа есімді қыздары өмірге келіпті. Есімін Ілияс пен Фатиманың есімдерінің алғашқы буындарын алып, Ілияс тағы өзі қойыпты. Ілфа Ораз Жандосовтың ұлы Санжармен шаңырақ көтеріп, Ажар, Динар, Жанар, Фатима — төрт қыз, Кенен есімді бір ұл тәрбиелеп өсірген ұлағатты ана.  Қыздары туралы естелігінде Фатима Ғабитова: «Үміт — асқан ақылды қыз. Ілфам – ресам. Суретші болатын қыз еді. Мен жәбір істедім», — деп жазыпты.

 

 1937 жылы қараша айында Болат Жансүгіров өмірге келіпті. Ал, тамыз айында Ілияс Жансүгіров тұтқындалып, Фатима «халық жауының жұбайы» деп оны балаларымен өкімет пәтерінен қуып шығыпты. Фатима Болатты Ілиясқа түрмеге барып, қайтып келе жатқанында жолда босаныпты. Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал үстіндегі пальтосын шешіп, сонымен көлегейлеп жүріп босандарып алыпты. Содан Болаттың қолының мүкістігі қалыпты. Болаттың фамилиясын Фатима, Ілияс ұсталып кеткендіктен, өз сойына «Ғабитова» деп құжатқа жаздырып, есімін «болашағымыз болар» деп Болат қойыпты. Құндақтағы баланы Фатима Ілиясқа түрмеге апарғанында тергеуші: «Өзіңіздей жазушы болар», — деп мысқылдапты. Сонда Ілияс Жансүгіров: «Жазушы болып жазықсыз жапа шеккенше, етікші болып еркін өмір сүрсін», — депті. Бұл сөзді Фатима Ғабитова Ілияс Жансүгіровтің 70 жылдық мерей тойы 1965 жылы Қызылтаң ауылында өткенде, Кәппай атаның үйінде де айтқан еді. Болат өсіп, жетіліп, киносценарист саласында қызмет істепті. Болаттың алғашқы әйелі Юля есімді орыс қызы болыпты. Одан Жәмилә есімді қызы бар. Болат 1968 жылы Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрамның сіңлісі Қарлығашқа үйленіп, одан екі қыз көріпті. Болат туралы анасы Фатима Ғабитова: «Болат – менің мақтанышым. Қуанышым. Жаным сүйген, жаныма жай таптыратын ұлым», — деп Болатқа өмірден өткенінше риза болыпты.

 

 

 

   Естелігінде Фатима Ғабитова: «Алматыда көп қиналдым. Бірде болымсыз қызметке орналасып, бірде қызметсіз жүрдім. Бес бала. Тамақ керек, киім керек. Жаны ашып, жәрдемдесер жан жоқ. Жалғыз өзім. Қала халқы жабық дүкендерден тамақ алатын болды. Бізге жан басына 220 грамм қара наннан басқа ештеңе жоқ. Дене шынықтыру техникумында болымсыз сабақ беремін. Техникум күніне бір рет мұғалімдерге омаш көже береді. Мен сол көжені ішпей, үйге әкеліп балаларға ішкіземін.  Біздің осылай қатты қиналып жүргенімізді сыртымыздан білген Мұхтар бір күні маған келіп, өзінің мені ертеден (1927 жылдан) қатты сүйетінін, менің жанымда бірер сағат болуды өзіне бақыт санайтынын айтты», - деп жазады. Осылайша, Фатима үшінші рет күйеуге Мұхтар Әуезовке шығыпты. Олардың екеуара махаббатынан көрі балалардың болашағын ойлап, алаңдаушылығы басым түсіпті. Екеу ара тұрмыс тіршіліктегі табыс көзі ақша мен күнкөріс қамына көбірек көңіл аударыпты. Оқытушы, әдебиетші Фатима Ғабитова: «Менің санаулы өмірімнің барлығы қазақ балаларын оқытуға, қазақ әдебиетін көркейтуге арналған»,— де ақтарылыпты.

 

  Фатиманың ұлы Мұрат Әуезов 1943 жылы туған. Бірінші әйелі Хорланмен «Жас тұлпарда» жүргенінде танысыпты. Хорланнан Алуа есімді қыз баласы бар. Хорланмен ажырасып, Зәуреге үйленіп, одан Мағжан есімді ұлы бар. Ол Америкадан оқып келген банкир қызметкері екен. Мұраттың үшінші әйелі Тамара, ол онымен он жыл отасыпты. Кенже ұлы туралы Фатима Ғабитова: «Мұрат – көрер көзге тым жақсы, тәртіпті болса да жас күннен-ақ тек құрметтегенді сүйеді. Ешкімді өзінен асырғысы келмейді. Бәлкім бұл мінезі оған әкесінен ауысқан болар», — деген екен.

 

 

  Жазылмас науқасын біліп, өмірден өтерін сезінген Фатима Ғабитова ұрпақтарына өсиетнама жазып қалдырыпты. Өсиетнамасында Фатима Ғабитова: «Ожданым алдында баршаңызды адам қылдым. Қара басымның қайғысын ешуақытта қайғыртпай, сендер жайлы ғана ойладым. Сендер маған өз тіршілігімнен артық, жанымнан ғазиз едіңдер. Енді мына табиғаттың қатал заңы бойынша, мен кетіп, сендер қалып барасыңдар. Өлімім өкінішті емес. Тек соңғы минутына шейін жолым ауыр, азапты көрінді. Бәріңде білімді, ақылдысыңдар. Тату-тәтті өмір сүріңдер!» — деп жазыпты. 

 

Фатима Ғабитова

Фатима Ғабитова өзінен қалған дүние мүлікті төмендегіше бөліпті. 1. Библиотекам, қызыл альбомым, Космонавтар көшесі, 43-үйдегі 16-квартирам, қара пианино – Мұратқа. 2. Фонвизин көшесіндегі 17-үйдің астыңғы қабатына квартирші жіберіліп, квартира хақы аспирантураны тауысқанынша Мұратқа тапсырылып тұрсын. 3. Барлық киімдерім, қызыл пианино, іс тігетін машинам, қытай қатындары әшекейлеген қара шкатулкам ішіндегі барлық заттарымен – Ілфаға. 4. Жазу машинам, кішкене телевизор – Азатқа. 4. Қалған дүниелігімнің баршасы, архивім – Болатқа.

 Сүйегімді Қапалға алып барып қойыңдар! Қабірге түсірерде 10 минуттай бетімді ашып, Қапалдың салқын желін тигізіңдер! Діни ырымдарды істемеңдер! Аналарың – Ғабитова Фатима. 31/1-1967 жыл, Алматы.

  Қапалда Фатима Ғабитоваға арналып музей ашылғанында осы аталған Фатима Ғабитованың мүліктерін жинап теріп өткізсе, іс тігу машинасы мен қара шкатулкасы қолды болыпты.

 

  Ақын, драматург Иран Ғайып жазған «Фатима» қасіретнамасы жастар театрында қойылғанда Аян Өтепберген: «Мынадай дүниені сахнаға алып шыққан режиссер Мұрат аға мықты. Өте тартысты тақырып қой. Осындай дүниелер сахналанбаса, кімнің кім екенін білмес едік», – деп спектакльдің режиссеріне ризашылық білдіріпті.

 Ал, біздер жерлестер болып Фатимадан қалған құнды мүлікті келешекке көзайым жасап, тәрбиелік мән жасағанның орнына қолды қылып, Фатима Ғабитованың Қапалдағы музей үйінің ойранын шығарып, тас бекітіп, құлыптап қойдық. Осылай қадірлеп, құрметке ылайық жасадық. Бұл ащы шындық. Фатима Ғабитованың еңбектері мен есімін жаңғыртқанның орнына өшіріп тастадық. Фатима Ғабитова Қазақ елінің асыл үш ұлынан ұрпақ сыйлаған дана ана, қазақтың фольклорына шексіз үлес қосқан әдебиет танушы, аудармашы, мықты корректор қызметкері, ұлағатты ұстаз болғанын көпшілік біле бермейтіні рас. Әсіресе жастар жағы. Бұл еңбектері әлі аршылып зерттелген жоқ. Ал қазақтың үш алып ұлының шығармашылығын өрістетуге жасаған еңбектері ұшаң-теңіз. Оның әлі қыртысы да аршылған жоқ. Фатима Ғабитованы ұлықтау қазақтың аяулы перзенттері Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтен кем түспей, тең түсуі керек. Ұмыттыруға немесе ұмытуға болмайтын зиялы асыл тұлғаның бірегейі екенін түсінген жөн.

Жемісбек Толымбеков