Құрметті сайт оқырмандары!

Ашылғанына   1 айдан енді асқан  сайтымызда жарияланған мақалаларға алғашқы ой-пікірлер, түсініктеме-ескертпелер түсе бастады.  Оған  қуаныштымыз.  Біз сайт материалдарының шындық тұрғыда берілгенін қалаймыз, мақсат етеміз. Интернет сайтының үлкен бір артықшылығы да осында: оқырмандар пікірлері  жедел түрде қабылданады. Одан ары  оларды талдап, жауап беруге, қажет болғанда  түзетулер енгізуге немесе  қайта жариялауға  болатындығы.

 

Сайт мақалалары туралы  Ж.Толымбековтың пікірлері

 

Жемісбек Толымбеков. Сол жақта

 

Осындай мағнадағы алғашқы пікір-түсініктемелер  сайтпен енді танысқан,  ауданымыздың төл баласы, елге белгілі әдебиетші, тарихшы, шежіреші  Жемісбек Толымбековтен түсіп отыр. Жемісбек тарих, әдебиет  тақырыптарындағы зерттеулерімен, мақалаларымен,  ой-пікірлерімен  көпшілікке  жақсы танымал, зиялылар ортасында үлкен беделге ие азамат. Онымен санасады, келісіледі, рас, кейде пікірлер таласына да ұшырап жатады...

Жемісбектің біздің сайт жарияланымдарына жіберген ескертпе-ұсыныстарын өз қалпында жариялап, қабылдау, білу  үшін  оқырмандардың назарына ұсынамыз:

 

 

 

1.«Ақсудың таулары тарих, даласы дастан» тарауы бойынша түсініктемесі:

  •  "Ежен жотасы" Батыйдың ұрпағы Ежен ханның отырған жері емес. Ежен Матай елі ішіндегі Қара деген елден шыққан айтулы батыр болған. Зираты сол Ежен жотасында жатыр. Жота сол салдардан аталған. Ежен Маманның замандасы. Ежен, Маман, Елденбай үшеуі үш бұрышты құрап жатыр. Маман Қарағашта, Елденбай Көкөзекте, Ежен — Ежен жотасында.
  •  Төлегетай бабаның Өкіреш Найманнан таралмайды. Ол үлкен қателік. Источниктерді алғанда саралау керек.

  2. «АҚСУЛЫҚ АЛАШ АЗАМАТТАРЫ» мақаласына түсініктеме:
«Ілиястың шын есімі Қызырілияс, „Мамания“ мектебінде оқымаған. „Қыли“ мектебінде Сүттігенде 3 -ай ғана оқыған. Ал бастау білімін әкесі Сайлыбай ұлы Жансүгір ескіше берген. Берсүгір Жансүгірдің ағасы болады.»

  Түсініктемелер білу үшін және кейіннен түзетулер болуы үшін қабылданады

3 «Ақсу ауданының бірінші басшысы болған азаматтар» мақаласы бойынша:

«Ақсу ауданың 1930 жылы басқарған М.Жылысбаев туралы деректер неге берілмеді екен. Жоқ па әлде? Бар болса жариялауды сұраймын?»

 Деректер жоқ. Бар болса және ұсынылса , міндеті түрде қабылданады

4. «АУДАННЫҢ ӨСІП-ДАМУЫНЫҢ СОҢҒЫ ҒАСЫРЛЫҚ ДЕРЕКТЕРІ» мақаласына түсініктеме :

« Бөрібай көтерілісінің деректері дұрыс берілмеген. Оңдап қойған жөн болады».

«Бөрібай көтерілісі» аудан тарихында нақты ашылмаған, «ақтаңдақ» оқиғалардың бірі.

Өзіңізден де жарияланымдар тосамыз.

 

Р.S.  Осы мүмкіндікті пайдалана отырып сайтта Жемісбек Толымбековтың  тарихи-әдеби зерттеулік еңбектері мен мақалалары  циклін жариялауға  дайын екенімізді айтамын. Соның  алғашқысын тосыңыздар.