Құрметті оқырмандар!

 Ақсу (Жетісу) өңірі халқының мақтанышы, рухы ерекше қадірленетін Байсақ ұлы қобызшы Молықбайдың  есімі, бүгінгі таңда жалпы қазақ жұртына жақсы танымал болды деуге болады. Соңғы жылдары ол туралы танымдық мақсаттағы жазбалар мүмкіндігінше жарияланып, әр бағыттағы, әр деңгейдегі  көпшілік шаралар да өткізілуде.

   Екінші жағынан, елдік дәрежедегі биік тұлға  ретінде,  оның өмірлік жолы мен өнердегі келбетін жақсы танып білу  үшін,  әлі талай зерттеулер  қажет екені де түсінікті. ...

  Мәселен, 1930 жылдың  30 сәуірі — оның  түрмеде қайтыс болған күні. Соны еске сала отырып және Байсақұлы Молықбай туралы танымдық еңбектерді толықтыру мақсатында ұсынылған Жемісбек Толымбековтың мақаласын беріп отырмыз. Ж.Толымбеков жоғарыдағы  айтылған мақсатта қобызшы Молықбайды терең зерттеушілердің бірі және сондай көптеген еңбектердің авторы. Ал, бүгінгі шежірелік тұрғыда жазылған және насихаттау бағытында  бұған дейінгі өткізілген шараларды тізбелеп көрсетілген  жазбалары бұрындары еш жерде көрсетілмеген,  біздің сайтымызда алғашқы рет беріліп отыр. Қабыл алыңыздар!

 

 

Қобызшы Молықбай

 

 «Тоқсан күй қобызында Молықбайдың», «Молықбай шал қобыз тартса, Амантекше жайлауы жауындатқан»,  «Молықбай қобызында ойнағанда, көз көрген тақыр жерден шаң ұшқанын», «Молықбай Ілиястың атын қойған» деген сөздер халық арасында кең таралып сақталған. Ілияс Жансүгірұлы «Күйші» поэмасында қобызшы Молықбайдың тоқсан күйінің бірнешеуін қолданғаны байқалады.

 

Байсақұлы Молықбай (1857—1930 ж.ж)

 

   Ілияс Жансүгіровтың 1960 жылы жарық көрген шығармаларының екінші томының 77 бетіндегі суретте үш салт атты кісі қатар түзеп тұр. Бергі екеуі Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов. Арғы шеттегі басына зер тақия, үстіне желбегей шәйі шапан киген, сақалды кісінің аты-жөнін көрсетілмеген. Бір «белсенді» делінген. Суретті түсірген жайлауды Амантекше емес, Дегерес деп көрсеткен. Сурет 1927 жылы түсірілген. Бұл қобызшы Молықбайдың суреті. Суреттегі келбетті көрген аталар Орысбай мен қос Жанатбектер «Молықбай» деп мақүлдаған еді. Бірақ, уақытында айтуға бұқты. «Ауыз ашушы болмаңдар» деп тыйды. Суретте Молықбайдың астына мінгені бәйге тор жорғасы.

Алматы қаласындағы «Таймас» баспа үйінен 2014 жылы журналист Қажет Андас Алматы облысының мәдениеті мен өнері «Жерұйық мекен» деген кітап-альбом шығарды. Альбом-кітаптың 42-ші беттегі «Аққуды әнмен қайырған» деген тақырыппен берілген суреттерде қобызшы Молықбай бірінші тұр.

 

Байсақ-Молықбай қобызы

 

  Молықбайдың суретіне қарап – ол қарапайым, қатардағы қазақтың бірі екені білінеді. Молықбайды Итжонды Арқадан шақырып, немересінің атын қойдырған Жансүгірдің ағасы Берсүгірдің тілегін жықпаған. Жас сәбиге «Қызырілияс» деп азан шақырып, есімін қойған. Қайындарының атын атамайтын жеңгелері «Қызыр» дегенді айтпай, қысқарта «Ілияс» деп атаған. «Қалқаман-Мамыр» кітабындағы «Қызырілияс» деген Ілиястың қолтаңбасы сол шындықтың бізге жеткен белгісі.

 

«Қалқаман-Мамыр» кітабының беті

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қызыр-Ілияс есіммен Ілияс «Қыли» мектебіне оқығанға дейін аталған. Бара Біләл Сүлеевтің ұсынысымен Қызырілиясты «Ілияс» деп атап кетеді.

 

  Меккеге барып, қажы атанған Берсүгір қария: «Інім! Атыңды Молықбай деп қойған екен. Елге молшылық әкелсін деп ниет білдірген ғой. Әкең Байсақ, атаң Бұғыбайды танимын. Ақын Сара әпкең. Тектінің түлегісің. Ұлы бабаң – Ер Тоқтанбет. Елің — Сақай. Біз де тегін емеспіз. Жаңа өмірге келген немеремнің есімін өзің қой!» – депті. деп Серік Жанәбіл жазады.

  Молықбай жас нәрестеге Қызыр-Ілияс пайғамбардың есімін берген. Бұл әңгімені Ілиястың туған інісі Қызырбек Жансүгіров айтқанында, Бимағзұмның ұлы Кәппай куәгер болыпты.

Орысбай Қалпенденов

 

Қалпендеұлы Орысбай ақсақал қолжазбасында: «Жансүгір той жасады. “Шиліөзектің” бойында ат бәйгесі өтті. Жансүгір тойға Молықбайды шақырды. Жұрт: “Молықбай келді!” — деп шуылдап жатты. Басына бөрік киген, бойы ортадан жоғары, өткір жанарлы, жүзі нұрлы. Әр адамға тесіле қарап отырды. Ойын баласы едім», – деп жазған.

 

 

 

Ілияс Жансүгіров 1925 жылы музыка зерттеушісі А.Затаевичті Ақсу өңіріне ерте келіп, қобызшы Молықбаймен жолықтыртады. А.Затаевич Молықбай орындаған бірнеше күйлерді жазып алыпты.

 

 

Қобызшы Молықбайды «Бозінген» әлқисасында Ілияс Жансүгіров:

 

                  «Жар қабақ, сида, арсақай, сар шұбар шал,

    Көзінің жаңылмасам ақшылы бар.

Шәйіден шапан киіп, үкі тағып,

                                            Бұлғақтап, болған десед жасында сал», — деп сипаттайды.

  Молықбайдың түр-сипатын Дәмелі Имашқызы мен Қалпендеұлы Орысбай: «Келбетті, бойы ортадан жоғары, сүйегі сұлу, бітімі тік, сақалды, мұртты, бетінің сары шұбар секпілі бар, өңі сары, бүркіт мұрын, оң жақ шекесінде алақандай қалы бар, жар қабақ, арсақай, дауысы жуан», — дейді.

Қалпендеұлы Орысбай


Дәмелі Имашқызы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  Елубай мен Досбайдың Жанатбектері: «Молықбай қысы, жазы басынан елтіріден тігілген бөрік пен зер тақиясын тастамай, үстіне жазда желбегей шайы шапан, қыста елтірі тон, аяғына саптама етік киіп, өзін өте мұқият таза ұстаған, кірпияз жан болды», — деп деректейді.

           

                               

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Елубай мен Досбайдың Жанатбектері

 

Молықбайдың шыққан ататегі:

Найман ішінде – Матай (Сарыкерей). Нысанбай жыраудың «Найман болсаң – Матай бол» деген қанатты сөзі, қазақ елімен бірге Жоңғарға қарсы соғыста Матай елінің көрсеткен өрлігі мен ерлігінен туған ұлағаттық.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

    Матай – кемел өмір сүрген кемеңгер, ақылгөй, ел басқарған бастапшы. Дәулетті бай, шешен болған кісі. Ұрпағы бірнеше рулы ел болып, өсіп өнгені хақ. Матай — күллі жаугершілікке қарсы тұрған жампоз. Иісі қазақты бірлікке, елдікке шақыра білген данагөй. Қазаққа мәлім жазушы Әнуар Әлімжановтың жазған кітабының желісімен түсірілген «Жаушы» кинофильмінде Матай ата Мадай деген лақап есіммен бейнеленген. Өйткені, кеңес заман талабы жазушыны сөйіткізуге барғызған. Артқы ұрпағына Матай ата: «Еліңді жауға таптатпа! Бөтенге басқартпа! Қазақтан бөлінбе!» — деген өсиет қалдырыпты.

 

  Матайдан Кенже (Ізбасар) — «Жауынгер дейді Кенжені қорықпаған жауынан» деген халық даналығы бар. Жазушы Әнуар Әлімжановтың «Жолбасшы» кітабы мен «Жаушы» кинофильмі Кенже батыр ерліктерін баяндаудан тұрады. Кенже батыр еліне жолбасшы болып, жауыңа қарсы атой салған тарихи тұлға. Есімімен үлкен рулы ел аталады.

 

  Кенжеден Сұртай (Тоқмырза) — Сұртай — төкпе ақын, сазгер әмбе батыр. Ел қорғаған асыл. «Төрт батыр» қиссасында: «Қабанбай батыр, ақын Сұртай – бұлар да батыр еді жаһан кезген», — деп айтылады. Сұртай ақын «төкпе ақын» деген халықтан марапат атақты иеленіпті.  Сұртай ақынның ақындық, батырлық өнерін хан мен жыраулар жоғары бағалап, пір тұтып, халыққа өнеге етіпті. Сұртай ақын атты әскерге арнап әскери-жасақ «ән-ұран» да шығарыпты.

 

    Сұртайдан Ер Мәмбет, Үмбет батыр тарайды. Семейдің Ақсуат аймағында Үмбет деген жер атауы бар. Бұдан осы аталар сол өңірде ғұмыр жасағаны айқындалады. Шежіреде екі атаның ұрпағы аз өскен делінеді.

 

   Үмбеттен Қарытқұл, одан Боданбай, одан Жалау қарт деп таралады. Жалаудың есіміне «қарт» сөзінің жалғасқанынан кемел жасаған қария екені ұғылады.

 

  Жалаудан Темір, оның кіндігінен Болат тарайды. Болат – тақуа, жомарт адам болып, өзінде ақырғы барын елден аямай беріп жіберіп, өмірінің соңында кедейлік күй кешіпті. «Жалаудан Темір, Темірден Болат туып, өтті өмір», — дейді Толғанбай ақын «Ататек» өлең шежіресінде.  Қарытқұл мен Болат аталар тұсында жаугершілік, сапырылыс, алма-кезең заман болып, қырқыс-талас, соғыс елге жиі зобалаң әкеліп, сол салдардан аталар ұрпағының өсімі бір-бірден таралып, аз болыпты.

 

  Болаттан Байғыз (Барғыз) тарайды. Бұрындар «құс данасы байғыз» деп айтылыпты. Дана болсын деп, есімін ырымдап Байғыз атаса керек. 1856—1857 жылғы қыста Бішкектегі Қоқан қолының бастығы Атабек Байғыз (Барғыз) еліне «орысқа қарсы шығайық» деп, хат жолдағаны тарихта бар. Бұдан Байғыз есімімен ел атауы аталғаны білінеді.

 

 Барғыздан Кенжеқара, Сақай өрбиді. Сақай бабаның өркені өсіп, есімі ел атауына айналған. «Қазақнама» атты үшінші кітаптың «Тұңғиық» деген тарауында Тәңірберген Қалилаханов: «Сақай» деген ру аты, бұрынғы жаугершілік замандарда қалыптасқан «сақшы», «жасақшы», «жауынгер» деген ұғым береді», — деп жазады. Сақай бабаның өзіне өлең дарып, ауылына өлең қонып аттаныпты. Ол туралы 1862 жылы өткен Сүлеймен төре асындағы «Түбек пен Толғанбай» айтысынан Түбек ақынның «өлең қонған ауылыңа бабаң Сақай» деген жерінен аңғарылады. Ел ішінде: «Өлең Кенжеге түстеніп, Сақайға қонған», — деген сөз қалған. Ақын Сара: «Сақтаған Сақай руы саңлақ өнер, қолыма құс боп қонды маған дара», — деп Сақай руына өнер қонып, дарығандығын растайды. «Жаралған Кенже, Сақай рулықтан, жанмен сүйіп елінің мұңын ұққан», — деп. Ақсулық ақын Ораз Жұмашев айтпақшы, Сақай елдің ырысы, жұрттың тынысы, елін жауға бермеген батыр, әрі ақын, ел бірлігін ойлаған дана болғаны анық.

  Қазынжет Орысбайұлы тізген шежіреде: «Тұғылық ханның немересі Әділ ханның баласы Саманы Қызай елі ел басқартуға қалап әкеп, оны Алдияр хан деп атайды. Сама отыз жыл төрелік етіп, 51 жасында өмірден өтіп, сүйегі Жайсаңқонырға жерленеді. Сол Самаға еріп, ел бірлігін үйлестіруге ақын Сақай және Үйсіл, Сіргелі, Бораштың Құбасайының ұрпағы Баян батыр бірге келеді. Қазіргі Қытайдағы Іле, Қас бойындағы Төлеңгіттер Сақай атаның ұрпақтарымыз деседі», — деп жазады.

 Сақайдың мәйіті «жау сүйегімнен аттап өтпес» деген өз қалау-тілегімен сол кездегі шекараға жерленіпті. Қазір ол жер Қытай мемлекетіндегі Іле ауданы, Нылқыдағы «Уәйіс сұлтан мазары» деп аталады.

 

  Сақайдан Тұрсын, Қасқа, Тағай тарайды. Тағайдың кіндігінен Тұңғат туады. Тұңғат Жоңғар соғысы кезінде өз еліне жолбасшы болыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Тағай Тұңғат батырдың мінген атының шапқан шабыс дүмпуінен жауы қорқа, үдірей қашқан», — деп жазады. «Қазақнама» кітабында Тәңірберген Қалилаханов: «Тұңғат – батыр, жауынгер болған», — деп жазады. Мырзағұлұлы Толғанбай ақын: «Сұрасаң арғы атамды батыр Тұңғат, еш адам өткен емес баса көктеп», — деп Байқошқарұлы Түбек ақынға айтады.

 «Тұңғат бабаға дуа қонған киелі, қасиетті кісі. Аруағына тіл тигізбеңдер! Тұңғаттың айтқаны мірдің оғындай дәл келетін, өзі көріпкел», — деп ескертіп отыратын бұрынырақ өткен білгір аталар. «Тұңғатқа қасиетті тіл тигізбе, тірі боп жер бетінде жүрсең аман», — дейді «Ататек» өлең-шежіресінде Толғанбай ақын. «Ақын Сара» кітабында Тәңірберген Қалилаханов: «Тұңғат баба сөзді тұңғиық тереңнен тартып сөйлегенінен, елінде Асанқайғы атанып кеткен», — деп жазады.

 

  Тұңғаттың кіндігінен сегіз ұл. Төртеуі Жоңғар жаугершілігінде шейіт өліпті. Ол төртеуінің есімдері беймәлім. Ұмытылған. Қалған төртеуі Аманбай, Аталық, Тоқпанбет, Тастемір (Болатбек) деп аталады.

Тұңғат баба өз батасын,  ұлдарының ішінен еректеп, Тоқпанбетке беріпті. Дуасы кіші ұлы Тастемірге дарыпты. Ілияс Жансүгірұлы «Күй» поэмасында: «Қобызшы Молықбай шал Матайдағы, Матайда Кенже, Тұңғат Сақайдағы», — деп жазады. Есімі аталған Тұңғат Ер Тоқпанбеттің әкесі.

 

  Тұңғаттың кіндігінен Ер Тоқпанбет (Қолағаш, Шөңкей, 1705—1801 ж.ж.). Ер Тоқпанбет 1705 жылы туып, 1801 жылы 96 жасында, қыста қайтыс болған. Жоңғармен соғыста түмен басқарған. Бөгенбай батырдың қолдауын, жекпе-жек майданына үш рет қатарынан шығып, жеңіспен оралғаны үшін Абылай ханның «өсімтал бол» деген батасын алады.

  Ер Тоқпанбеттің есімі Кенже-Матайдың ұраны болған. Ақтабан шұбырынды» жаугершлігіне бастан-аяқ қатысқан тұлға. Жоңғар шапқыншылығынан бос қалған соң Шыңғыс тауына Матай елін қоныстандырған. Ер Тоқпанбеттің лақап есімдері «Қолағаш баба», «Шөңкей батыр» деп аталған. «Абай» трилогиясындағы Бөжейдің қыстауы – Тоқпанбеттің қонысы болған. Ол жер қазір де «Бөжей-Тоқпанбет» деп аталады. Тоқпанбет деген өзен де қазір солай аталады. Сондағы аталардың ескі қорымы «Тоқпанбет бейіті» деп аталады. Молықбайдың әкесі Байсақтың зираты сонда болуы мүмкін.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  Тарихшы Құрбанғали Халиди (1843—1913 ж.ж.) «Тауарих хамса» деген еңбегінде Ер Тоқпанбет (Шөңкей батыр) туралы деректер келтіреді. Ер Тоқпанбет Түркістандағы Ахмед Ясауи мазарына жерленген.

  

 

 

 

 

 

 

    

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ер Тоқпанбет туралы Оңғарұлы Қасымжомарт (1905—1986 ж.ж.) ата:

«Тәңірім береке бер мұсылманға.

Тоқпанбет шарапатты өткен екен,

Сүйегін апарыпты Түркістанға.

Әрбір затты, әртүрлі кәсіп істеп,

Тәңір берген ырыздық тірі жанға.

Тоқпанбет атамызға қолым жайып,

Дұға қылып тұрамын анда-санда.

Жайған қол, айтқан дұға қабыл қып,

Бір өзіңнен тілеймін Тәңір оңда.

Қаз дауысты Қазыбек бұрын өткен,

Сүйегін апарыпты, ол да сонда.

Зиратын Қожа Ахмед көргенім жоқ,

Барғандардан естимін, бармасам да.

Тарих қып осыларды жазған жоқпыз,

Нелер жақсы өтіпті мұсылманда.

«Бабамыз Ер Тоқпанбет шарапатты,

Қолтықтайды жаның бір қысылғанда».

Әр жерден тәжірибе көргенім бар,

Бекер айтып жазғам жоқ, мұны жайға» — деп өлеңмен уағыздапты.

   

Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман кітабында «Тоқпанбеттің төсі, шыңы, жазығы, қыстауы» деген жер атауларын келтіреді. 57-ші бетте: «Тоқпанбеттің қыстауы қалың шалғынды, мол тоғайлы, ең бір құйқалы қыстау», — деп суреттейді. 

  Ер Тоқпанбет ұрпақтары арызданып: «Мұраға қалған Ер Тоқпанбет қорығын қайтартып беруді», — өтінеді. Губернатор жерді мұрагерлерге қайтарып беру туралы Сергиополь округіне ұрпақтары атынан хат жазады. Бұл Ер Тоқпанбет есімімен жер атаулары аталғандығын айқындап тұр. Ер Тоқпанбет туралы жазушы Серік Жанәбілов «Алтын жүзік» кітабында жазады. 

 

Тұрсынзада Есімжанов

Қазаққа белгілі ақын Тұрсынзада Есімжанов:

«Тоқпанбеттер найзасын саптағанда,

Отанын таптатпаған жат табанға.

Кенженің кереметтей асылдары,

Мерт болған «Шұбырынды Ақтабанда», — деп толғайды.

 

 

«Ататек» өлең шежіре шығармасында Мырзағұлұлы Толғанбай (1844—1897 ж.ж.) ақын:

 

Мырзағұлұлы Толғанбай

«Хан Абылай бата алған Бөгенбайдан,

Ер Тоқпанбет бата алған Абылайдан.

Абылай хан, ер Тоқпанбет Сұлтанда екен,

Жаратқан орын берген жақсы жайдан.

Ер Тоқпанбет бата берген Айтқожаға,

Басына бақыт қонбай ер оза ма?!

Айтқожа бата берген Бабекеге,

Нәсілі әулиеден шын тазаға.

Бабеке бата берген Мұжық биге,

Әруаққа қасиетті тілмен тиме.

Мұжық би бата берген Шоңды биге,

Тірлікте жігіт түсер неше күйге.

Шоңды би бата берген Телібайға,

Телібай үлгі болған «Үш Матайға».

Орта жүз, ой-найманнан Төлек атай,

Матай, Кенже болғанда елім Сақай.

Ұраным сыйынатын «Ер Тоқпанбет»,

Ұрпағы Құлтай батыр болған сондай», — деп дәйекті жырлаған.

 

Абылай хан

 

  «Батамен ел көгерер» демекші, Ер Тоқпанбеттің батасы жеті ұрпағына дамыған. Ер Тоқпанбеттің батасы дарыған ұрпақтарының зираттары Ақсу ауданының территориясында жатыр. Айтқожаның зираты бұрынғы Тайванда (Кеңжыра). Бабекенікі Еңбек ауылына жақын Ақсу өзені бойында. Мұжық бидікі Шолақөзек пен Ақын Сара ауылының аралығында. Басында Қайрақтының гранит белгі тұр. Шоңды бидікі Ақсу өзенінің Бұрған бөгетіндегі Көкқамыста – бұрынғы Жайпақ. Берікбол Қасымов бастаған ұрпақтары қастерлеп қоршап, асыл тастан ескерткіш орнатып, есімін жазып қойды. Телібайдікі Құрақсуда. Ақ кірпіштен Әнуарбекұлы Аятбек бастаған ұрпақтары басына жаңа қорған орнатып қойды. Сарыбасұлы Арнай «Бөрібай» көтерілісінің жетекшілерінің бірі болып, 1930 жылы атылған. Ер Тоқпанбеттің батасы дарығандар осы аталғандар.

 

  «Ер Тоқпанбет, одан бергі аруақты атам» деп. Толғанбай ақын айтқанындай, Ер Тоқпанбеттің бәйбішесінен Жетібай, екінші әйелінен Мешітбай, үшінші әйелінен Қоңырбай, Қонысбай, Жанысбай, төртінші әйелінен Жолдыбай тарайды. Ер Тоқпанбеттің бәйбішесінен жеті сары түсті балалары болыпты. Олар Тоқпанбеттің кейінгі әйелдерінен туған інілерін аямай, қара жұмысқа салып, ірідік күш көрсетіп, озбырлық жасапты. Соны білген Ер Тоқпанбет бәйбішеден туған балаларының озбырлықтарын жаратпай, тілімен өткір оссы айтса, содан жазым ба, жоқ басқадай ма, әйтеуір алтауы бірдей өліп, емшектегі Жетібай ғана тірі қалыпты. Жетібай ата есімімен «Жетібай дүлейі» деген атты адам өте алмайтын, Балқаш көлі өңіріндегі бөрлі құмдарының үлкен иін жері аталады. «Жетібай дүлейінен» ары асуға болмапты.

 

   Жетібай екі әйел алыпты. Бәйбішесінен Құдайберген, Нұрлыбай, ал Бертіс, Бердібай, Бердіке екінші әйелінен туады.

 

   Құдайбергеннен Бұғыбай, одан Байсақ, Жансақ, Малсақ (Мықыш), Өмірбек. Жансақ сөзді тауып, бетке айтқан дәріп болған. Талыс деген ақын «Жансақ айтқанындай» деп оның сөздерін әмісе есіне алып, отырған ортасында жиі келтіріп отырыпты. Жансақ Шоқпар Шиырбай шешен мен Садыр Құл серінің қасына жиі еріпті.

Малсақ, Жансақ туралы:

«Малсақ, Жансақ, Шиырбай,

Айтқан сөзі шырындай.

Үш Матайда үшеуі,

Қырық батыр Қырымдай», — деген ел ауызында сөз қалыпты.

 

  Байсақ — дәупірім бақсы, қобызшы, үш ішекті домбырада ойнаған күйші болған. Арғын еліндегі бір аста қобызын ат бәйгесіне қосып келтіріпті. Ол туралы Қарқаралы ауданы, Темірші болысында жасаған Оспан қарттың дерегінде:

  «Күндерде бір күн, бір тойда ат жарыс болатын күні атақты Байсақ бақсы келіп, «бәйгеге мен қобызымды қосып жіберсем» деген тілек, ұсыныс жасайды. Бірақ, көре алмаған күншіл адамдар бақсыны күлісе мазақ қылады. Намыс кернеген Байсақ қобызын ат жарысына қосады. Күншілдер ат айдаушыға пара төлеп, қобызды шеңгелге байлаттырып тастайды. Аттар қайтып, бәрі жөнелгенде қобыз шеңгелден кие күшімен босанып, бәйге жүйріктерден озып, сөреге бірінші жетіп, жүлдені иеленген», — делінеді.

 Білгір қариялар дерегінде: «Байсақтың бір Қаршыға құсы бастаған алпыс атты, қырық жаяу, Меңгей (Ақжігіт), Жүзей (Бозжігіт) бастаған жүз кісі кие-пірлері болған», — делінеді.

 

  Қобызшы Байсақтың өнеріне жастар мен ақын Сараның еліктегенін, елі Тастемір Азынақұлұлы Ахмет ақын:

Ақын Сара ескеркіші

«Күй төккен Байсақты көрген бала,

Талпынады оның айтқан әнін сала.

Қобызды қоңыраулатқан өнерлі адам,

Тұрғандай бір қауымнан жеке дара.

Ынтығып, ықыласпен тыңдағанның,

Күй қонад көкейіне көкірек жана.

Құмарта қобыз тыңдап жүргендердің,

Ішінде ерекшелеу еді Сара», — деп келтіреді.

 

  Ақын Сара Жиенқұлдан қайтып азат болудың амалын таппай, талай тарыққаны өз өлеңдерінде айтылған. Ақын Сара түс көріп, түсін аталас туысы Байсаққа жорытады. Сараға Байсақ: «Бостандық аласың! Мұңыңды өз еліңе айт! Сосон сыңарыңды дұрыс тап!» — деп жорыпты. Жоруы дәл келгені тарихтан аян. Ақын Сараның «Аққу» өлеңі осылай шыққан екен.

 

  Бақ қонып, қасиет дарыған Байсақ «Желді қарағай» деген асуда өсіп тұрған қос қарағайдың жоғарылау тұрғаны жел соққанында үн шығаратынын тыңдап біліп, қобыз жасатуға сол қарағайды әкесі Бұғыбайға кестіртіп алады. Қобызды өз туысы Бектөлеге шаптырып жасатады. Қобызды күміспен күптеп, алтынмен аптаған, аталас туысы, зергер шебері Естібай Мырзағұлұлы. Қобыздың ішегі мен шанағына, әмісе жүйрік аттың қылын қолданыпты.  Байсақтың қобызын Бөрібек (Қисық) ата Ақбаздағы екі бөлмелі тоқал үйінде 1958—1962 жылдары сақтап ұстаған. Бөрібектен кейін оның сары әйелі мен Молықбайдың келіні Адасқан 1984 жылға дейін Үлгілідегі үйінде сақтап келген.

 

   Елбасының сенімді серігі, еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Найман-Сақай руынан тарайды. Қазақ: «Ер жігіттің артында сөз жүреді», — дейді. Ататек шежіресіне емес, үй ішілік жел сөзге сүйенгендер халқымыздың маңдайына біткен осы азаматтың шыққан тегіне, ұлтына қатысты өсек–аяңнан арыла алмай-ақ жүр. Ер Тоқпанбеттің ұлы Қоңырбайдың баласы Байжан батыр, одан Мұжық би тарайды. Мәсімовтер Мұжық бидің Секе-Сақай тармағынан өрбиді. Қобызшы Молықбайға аталас болады. Бәрі қасиетті Ер Тоқпанбеттің ұрпақтары. Мәсімовтердің әжесі Нұрбану Райбайқызы Ер Тоқпанбеттің Қоңырбайының ұрпағы Құлжан абыздан өрбиді. Сонда Мәсімовтер ата мен ана жағынан да Сақай табына жатады.

  2010 жылы Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов 13 ақпан күні жұмыс сапарымен  Талдықорған қаласында келіп, Ілияс Жансүгіров мұражайын аралап көргенінде, оған қобызшы Молықбай қобызының жасалған көшірмесі сыйға, тарту етіп берілді.

 

 

Кәрім Мәсімов


Кәрім Мәсімовтың ата-әжесінің зираты. Ақсу ауылы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Елі бөрте Бисеке мырза: «Молықбайдың тартқан қобызының сарынына тоймадым! Өмірден өтерімде сол сарынды бір естіп өлсем, арманым болмас еді?» — депті. Бисеке Сақай, Тастемір Арнай болыстың ауылына келгенінде аяқасты ауырып, емдеуге Молықбайды Арнай болыс алдыртады. Бисеке Молықбайдың қобыз сарынын естіп жатып көз жұмыпты.

 

  Садақты — Үлгіліге жақын. Молықбайдың әкесі Байсақтан кейін қара қобыз сегіз жыл иесіз үй төрінде ілулі тұрып қалады. Молықбайды Садақтыда тары орып, баулап жүргенінде, әкесінің бір қаршыға бастаған жүз кісілік пірлері көзіне көрініп, кие қысып, ие буып тастаған жерінен көпшілік ес-түссіз күйінде оны үйіне жеткізеді. «Ақсарбас» атап сойылып, Молықбайға әкесінің қасиеті қонып, үлкен нағашысы Қылышты (Қосымбай) бақсының дәріпі дарып, қобызда ойнап, бақсы-балгер, емші болып, жадынан өлең шығарып, қобыз сарынына қосып ән, жыр айтып, үш ішекті, төртбұрышты домбырада күй шертіп, сал-серілік ғұмыр кешеді. Елі Садыр Жиенбай деген Молықбайды өнерге баулып, қобыз үйреткен деген деректер ныспы жалғандық. Молықбай мылқау болған деген сөз де өтірік. Солай деп жазғандар Елі Садыр Жиенбай дегеннің кім екенін білмей ұйқастырған ғой. Тіпті Молықбай ақынды Бақтыбай ақын Жолбарысұлымен де жанастырып қойғандары — ол да жалғандық.

  Қапал мен Лепсі уезінің ояздары Молықбайдың өнерін жоғары бағалап, Шұбарағаш-Ойжайлауда үш жылда бір өтетін съезге Молықбайдың өнерін паш етуге арнайы алдыртып отырыпты.

 

  Ақынжан молда мен Майлыұлы Сүлей қажы: «Қобызшы Молықбай құран сүрелері мен аяттарын қобыз сарынымен өлең қылып айтқан», — делінеді. Сүлей қажы Майлыұлы – Біләл Сүлеевтің әкесі.

 Киелі жарық қара қобыз 1984 жылға дейін Молықбайдың келіні, Адасқанның үйінде сақталып келді. 1978 жылы Адасқан апаның үйі дымы қалмай өртенгенінде, сандықтағы қара қобыз өрттен дін аман қалыпты. Бұл болған тылсым оқиғаны әлі ешкім дәріптеп ашқан жоқ.

 Молықбай: «Кием шиеленіседі», — деп Байғазы Мүсәпір мен Орысбай батырлардың зираттарының маңайына тақау қобызын ойнамапты. Мырзақұлдың асында, 1927 жылы, «көз» өнер сайысында Молықбай бас жүлдені иеленіпті.

Сейітбай мен Орысбай аталар көтеріліп ауырғандарында осы қобыздан жазылған еді.

Қара қобыз сәл желдің лебінен дем алғандай өз-өзінен дауыс шығарып, сыңсып тұрады екен. Ауыл адамдары: «Ұлы Отан соғысы жылдары осы қара қобыз халықпен бірге қайғырып, неше алуан мұңды саздар шығарды», — дейді.

 

Тәңірберген Қалилаханов

  Молықбай ұсталатын тор аттың негізгі иесі, жоғарыда айтылған елі Ноғас Имаш атаның қызы Дәмелі. Дәмелі ол атты ұзатылғанында төркінінен мініп келген. Молықбай тор жорғаны Имаштың рұқсатымен Дәмелінің қайынағасы Толғанбай ақынның ұлы Құрақбайдан қалап, 70 жасқа қараған шағында алған. «Жақсы ат баққа бітеді» демекші, ол ат Молықбайдың айдалуына себепкер болған. Молықбай «маңдайыма біткен жалғыз атым» деп, Күнтуов Құндақбайға тор жорға атын бермей қайтарады. Содан іріткі туындап, ақыры ауданның партия басшысы М.Жылысбаев Молықбайға астық салығын салдыртады. Молықбай жиған-терген малын астыққа айырбастап, бірінші салықты өз күшімен өтейді. Оған тыншымаған ауданның партия басшысы М.Жылысбаев пен Күнтуов Құндақбай екінші мәрте Молықбайға көп мөлшерде «продналог» салық салдыртады. Молықбай салықты берілген уақыт мерзімінде өтей алмайды. «Халық жауы» деген желеумен Молықбайды олар ұстатып, түрмеге айдатады.

Қарт жазушы, журналист Тәңірберген Қалилаханов«Молықбайды екі милиция айдап әкетпекке келгенінде, Молықбай аталас інісі Нөкербекке қарап, Жансүгірге сәлем айт. Баласы Ілиясқа бір ауыз сөз айтсын. Менің ұсталғанымды білдірсін деп айтқан», – дейді.

 

Қалпенденов Орысбай (атаның қолжазбасынан 1993 жылы, 27 мамырда көшірілген):

 

Қалпенденов Орысбай

"Молықбай, Ілиястың туған жері,

Кіндік кесіп, кірлерін жуған жері.

Отыздан асқан соң, бір қызды алып,

Үй болып, белді мықтап буған жері.

Тары орып, Садақтыда жүргенінде,

«Қобыз ал» деп кие кеп, қуған жері.

Әкеден қалған қобызды алған соң,

Ән салып, күйлер тартқан болды сері.

Қобыз даусын естуге құмарланып,

Бірі қалмай, келетін жақын елі.

Қобыздың сыңсыған дауысын естіп,

Халықтың тарқайтұғын мұң мен шері.

Туыстар көмектесіп, қыз әперіп,

Бір күнгідей болмады көргендері.

Молықбай саусағынан бал аққандай,

Домбыра мен қобыздың болды кені.

Таспа бел, сұлу, торы әйел келіп,

«Құт қонды» Молықбайға депті елі.

Жолбарыссоққан, Құлжабай, Сымбыл биік,

Жоғары-төмен көшкен, қонар жері.

Жетпісте Құрақбайдан бір ат алған,

Сүмбедей сұлу торы, емес жалған.

«Жақсы ат баққа бітеді» деген рас,

Жорға жүйрік болыпты, топты жарған.

Қыз Әйнектің тойында бірінші кеп,

Халыққа бәйге әкеп, олжа салған.

Келер жылы Баймолданың тойында,

Ұзап келген атты көріп, аудхатшы Жылысбаев:

«Дос болам, атыңды бер» деп, қолқа салды сонда шалдан.

Шал айтты: «Қартайғанда жанға жайлы бір ат еді,

Басқа нәрсе сұраңыз көңілге алған».

«Осы атты бермедің» деп, келер күзде,

«Төле» деп, екі жүз пұт, 1928 жылы бидай салған.

Құтылды бидайдан мал мен зат беріп,

Шалда үрей қалмады, татын көріп.

Жиырма тоғызыншы жыл күзде, үш жүз пұт қайта салды,

Төлемеген соң, милиция абақтыға тықты шалды.

Ат, атанды, күміс ер, үй шаруасын,

«Тәрік» деп, сатпақ үшін ауданға алды.

Халық жауы қаматты абақтыға,

Сұм заман өтті-кетті, ала-құла.

Начальник колон үйіне қонақ етіп,

Күй тартқызып,

Әр күйді магнитофонға басып алған.

Үш қондырып, «түрмеден шығасың» деп,

Онан соң қайтарған абақтыға.

Іші өтіп, әлі кетіп,

Науқастан 1930 жылы, 30-ші көкекте қайтыс болған.

Ілиястың «Қазақта қобызшының қалғаны сол» дегені, есте қалған.

 

Қобызшы Молықбай Алматының жанындағы Көкесік түрмесінде іш өту (дизентерия) ауыруынан, 1930 жылы 30 сәуірде қайтыс болған. Зираты сонда, орны әлі анықталмады. Жаңалық болуы мүмкін. Түрмеде жатқанында халын сұрап, жағдайын білуге аталас інісі Елубаев Жанатбек барған.

Жанатбек ата мен Нұрғазиля апа

 

  Молықбайдың қыл қобыз бен үш ішекті домбырада орындаған күйлері: өзінің «Құлақ» күйі, Қорқыттың күйлері: «Бозінген», «Жез киік», «Ақ көбік, көк көбік», «Аққу», «Құдіреттің құсы», Ер Әлінің «Дүлдүлі», Асанқайғының күйлері: «Желмая», әкесі Байсақтың күйі «Ерден» — бұл күй, елі Найман-Бағаналы, аға сұлтан Ерден Сандыбайұлының Бименде деген жалғыз баласы қайтыс болғанында, соған арнап шығарылыпты. Қазір бұл күй Ықылас атына телінеді. Елдің білгір қариялары дерегінде «Ерден» күйі Молықбайдың әкесі Байсақтың күйі делінеді. Себебі, Ерден өлген баласының мүрдесі иістенгенінше көмуге бермей, құшақтап жатып алыпты. Амалы таусылған жамағат қобызшы Байсақты алдыртыпты. Ол:

 

«Ассалаумағалейкум, Ерден ер!

Көтер басты жерден ер!

Аққу ұшып көлге кетті!

Сұңқар ұшып шөлге кетті!

Балаң адасқан жоқ!

Бәріміз баратұғын жөнге кетті!»  — дегенінде, Ерден жастықтан басын көтеріп, жамағаттан кешу сұрап, «мен шын адасқан екенмін» депті. Сол мезетте Байсақ қобызын қолына алып, өзі шығарған «Ерден» күйін тартыпты.

 

  Аталған күйлерден басқа «Он сан мен Орманбеттің айырылғаны», Кетбұқаның күйі «Ақсақ құлан», Ықыластың күйі «Ықылас», одан басқа «Қазан», «Қорамжан», Керей Байжігіттің күйі «Қара жорға», Абылай ханның күйі «Абылайдың жорғасы», Тәттімбеттің күйі «Сылқылдақ» күйлерін тартыпты.

«Аңызға бергісіз ғұмыр» кітабы

  Осы аталған күйлерге қосымша Ілияс Жансүгіров 1927 жылы жазған «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласында: «Жетісудің Талдықорған уезінде, Ақсу болысындағы домбырашылардың (Нұрсапа, Егеубай, Молықбай) тартатын күйлері: «Мәдіген шора», «Барақ», «Жошы хан», «Бес төре», «Ақмеди», «Әуре-сарсаң сандал көк», «Түрікпен», «Әрине-ау», «Түйек қалды», «Борлы қыз», «Қос келіншек», «Қарқара-ау», «Қос мерген», «Терісқақпай», «Қорқыт», «Шыңғысбай қоңыры», «Саркідір», — деп жазады.

1927 жылы Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов қобызшы Молықбайды іздеп, Амантекше жайлауында кезігіп, тартқан күйлері мен әңгімесін тыңдайды. Сол сапардан кейін Ілияс Жансүгіров «Күй» поэмасын жазып, Қызылордада «Жаңа мәдениет» журналына, 1929 жылы бастырып шығарады.  Ілияс Жансүгіровтың «Күй» поэмасын Сұлтанбек Қожанов«Өте жоғары деңгейлі шығарма», — деп бағалапты.

Қобызшы Молықбайдың орындаған «Аққу», «Құдыреттің құсы», «Ақ көбік, көк көбік» күйлерінің мазмұнына ұлы жазушы Мұхтар Әуезов очерктер жазған.

 

 

 

  Молықбайдың суырып салма өлең шығаратын ақындығы да болыпты. Өлеңдері терең ойлы, философиялық мағыналы, мысалды болып келеді. Ел жадында сақталған аздаған өлеңдері:

 

 «Бір мысал, айтқан арнап, Моқаң дәріп,

Көңілі түсінгеннің болар жарық.

Баянсыз дүниеге алданбаңдар,

Мысал ет өткендерден өнеге алып.

Үстіне жалаң қабат киген бөзі,

Ашылмас аш десе де жұмған көзі.

Сөзімді түсінгендер ескерсін деп,

Молықбай халық үшін айтқан сөзі.

Неше түрлі болғандар болмай қалды,

Көрге түсіп бәрі де тұрмай қалды.

Айдаһардай ысқырған дәулер қайда?

Ойыңа түсірсеңші сондайларды?!

Олар кетіп, ал кезек бізге қалды,

Қол қайыр ет, адалдан жиған малды.

Мал біткендер бекерге ләпсі ашпай,

Адалдықпен қинаңдар шыбын жанды.

Нашарға баса берме азуыңды,

Ұмытпа қияметке баруыңды.

Халық қанау деген озбырлық іс,

Қанша мықты болсаңда адуынды.

Арналған ырыздығың біткен соң,

Біліңдер қара жерде қалуыңды.

Қайда кетті бұлбұлдай сайрағандар?

Мықты болып тістерін қайрағандар.

Көзіне топырақ толып көрде жатыр,

Дүниені көп қуып тоймағандар.

Көктен түскен адамдай ызғарланды,

Қаскүнем, зәлімдікті қоймағандар.

Ақырғы іске пенденің көзі жетпес,

Болам деп, толықсып жүр болмағандар.

Мәз болып, ләпсіні көп қуады,

Пиғылы, ниеті жаман оңбағандар.

Кейбірі «тәубә» етіп ойланады,

Алыстан істің түбін шолғағандар.

   

             *    *    *

Халқым-ау, ләпсіні тый, жан барында,

Қайыр жаса, тірлікте мал барында.

Момынның шырылдатып қақын жеме,

Алданып дүниенің жалғанына.

Тірлікте жомарт болып, қайыр етсең,

Қолы ашыққа, жол ашық барғаныңда.

Жиған малға таласар қатын, балаң,

Сен өліп, тұрмастай боп қалғаныңда.

Өмірден ғибрат алғың аға, іні,

Әркім жетпей өтіпті арманына.

Қанша қызық көрсеңде тірілікте,

Өлімнің бір түсесің қармағына.

Замандас, құрбы, құрдас бәрі қайда?

Қарашы ой жіберіп жан-жағыңа.

Басында бала болып туғанымыз,

Дүние ер жеткен соң қуғанымыз.

Қызығып ләпсіні көп қуғанменен,

Кәніки, түгел болған тұрманымыз?

Ерінбей еңбек жаса азаматтар!

Әділ болып тірлікте тырбаныңыз.

Ойда жоқ уақытта ажал келсе,

Имандық жасай алмай құр қалармыз.

Топырақ төсек төсеп жатқан жоқ па,

Бай, мырза, неше түрлі сырбазымыз.

Басында малы, жаны шулап тұр ма?

Осыдан миы барың үлгі алыңыз.

      *    *    *

Жанды нәрсе өледі,

Жаңа нәрсе тозады.

Адал болған азамат,

Қай күнде де озады.

Босқа жүрме алқынып,

Еңбек ет адал талпынып.

Байқайсыңдар ма халқым,

Жақсы өмір тұр шақырып.

*    *    *

 

Рас қой бұл дүниеге келу деген,  дұрыс қой көз көргенге сену деген.

Тірлікте сыйласқаның орынды іс,  алғыштарға ат бар ғой «жебір» деген.

Өлгеннен соң томпайған топырақсың, сүйектен не шығады кебіндеген?

Ерінбей еңбек жаса азаматтар, әділ болып ғаламда өмір деген.

 

 

  І.Жансүгірұлының «Күй» поэмасынан басқа, қобызшы Молықбай туралы жазушы С.Жанәбіловтің «Қобызшы Молықбай» кітабы (Алматы, «Жалын», 1994 жыл), «Қобызшы Молықбай шал Матайдағы» («Егемен Қазақстан» газеті, 27.10.2010 жыл) тарих толқынында айдарындағы деректі мақаласы, «Молықбай да Сүгірдің бір сыңары», «Біртуар» айдарымен берілген («Ел мәдениеті» газеті) «Молықбай қобызшыны еске алдық», «Қара қобыз иесі» («Ел мәдениеті» газеті, № 10, 30.05.2007. жыл), «Асыл мұра» айдарымен берілген Қайыржан Қожабекұлының «Молықбайдың қобызы туралы ақиқат пен аңыз» («Жерұйық» газеті, 1994 жыл, 7 желтоқсан), Қарағанды қаласынан студент Меруерт Оспанованың «Ілиястың атын кім қойған?» («Қазақ әдебиеті» газеті, 30.09.2005 жыл), жазушы Ш.Күмісбаевтың «Қобызшы Молықбай шал Матайдағы», «Қобызшы Молықбай кім болған? («Қазақ елі» газеті, 17.04. Барыс жылы)» деректі мақаласы, Мырзағазы Данияровтың «Молықбай күйші» («Жерұйық» газеті, 1995 жыл), «Мәдениет мәйегі» айдарымен шыққан Қуат Қайранбаевтың «Киесі еді қобыздың» («Жетісу» газеті, 19.05.2007 жыл), О.Қалпенденовтың «Қобызшыдан қалған мұра» естелігі («Аңызға бергісіз ғұмыр» кітабында, 2010 жыл), Л.Есбаева «Қыл қобыз иесі» («Талдықорған» газеті, 29.06.2007 жыл), Ж.Дулатбекұлының «Қобызшы Молықбай Байсақұлы» («Жерұйық» газеті, 1995 жыл, 21 қаңтар, «Қасиетінен айналайын», «Қобызшы Молықбай тартқан күйлер», «Қобызшы Молықбай» қойылымы, «Қазақтың қобызшы Молықбайы», «Замана үнін жеткізген» Байсақұлы Молықбайдың туғанына 150 жыл («Жетісу» газеті, 15 мамыр, 2007 жыл), Жамау Бұқарбайдың «Жаралы аққу», «Ел іші — өнер кеніші» айдарымен берілген Көсемәлі Сәттібайұлы мен Әділбек Баққараның «Молықбай қобызын қалпына келтірген шебер» («Егемен Қазақстан» газеті, № 144, 8 маусым, 2013 жыл), «Заманның ұлы, жанардың нұры» айдарында берілген Қуаныш Түнғатардың «Қобызшы Молықбай шал» («Жетісу» газеті, 2013 жыл, 3 тамыз) атты еңбектері республикалық, облыстық газеттерде басылып шыққан. Алматы облыстық шығармашылық орталығының көмегімен 2012 жылы Ж.Дулатбекұлының «Қобызшы Молықбай» атты кітабы жарық көрді. Кинорежисер Қасимановтың С.Жанәбіловтың «Қобызшы Молықбай» повестінің өзегімен түсірген «Қобызшы Молықбай» туралы кино-спектаклі бар.

 

Серік Жанәбілов

Шәкен Күмісбаев

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жемісбек Толымбеков


 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сұлтанбек Қожанов

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қобызшы Молықбайдың өмірбаяны, Ақсу ауданына 70 жылдығына шығарылған «Гүлденген өлке АЛПЫСТА» деген кітапшада және 70 жылдығына шығарылған «Ағынды менің Ақсуым» кітаптарында,  2007 жылы шыққан «Алтын ұям — Ақсуым» кітабында, 2011 жылы Ақсу ауданының 80 жылдығына орай шыққан «Абыз Ақсу, аңыз Ақсу, нағыз Ақсу» энциклопедияларында қысқа дерекпен  жазылған.

 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

       

Суырыпсалма айтыскер ақын Алтынбаев Қалихан (1927–2002): «Қобызға тіл бітірген Байсақ пенен Молықбай», — депті.  Қаз ҰМА профессоры Раушан Қожабекқызы Мұсақожаева: «Қорқыт күйлері әлі тірі. Молықбай қобызшы оның күйлерін халыққа жеткізе білді. Молықбайды өз көзімен көріп, күй­лерін тыңдап, “Күй” поэмасын жазған Ілиясқа алғысымыз шексіз. Өнер өшпейді. Молықбай — ол Па­га­нини сияқты дүлдүл, дарын иесі. Пага­ни­ниге ескерткіш орнатылған. Байсақұлы қобызшы Молықбайға еш ескерткіш орнатылмапты. Бұл өкінішті», — деп ортаға ой салады.

Қобызшы Молықбайдың 150 жылдығына арналып өткізілген танымдық конференцияның бейне түсірілімін «Хабар» телеарна тілшісі Тілеуқабыл Мыңжасаров Қазақстан бойынша және шет елдегі Қазақ қауымына телеарна хабарлары арқылы жеткізіп көрсетті.

Тілеуқабыл Мыңжасаров


Алтынбаев Қалихан

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  Молықбайдың қобызына 77 жылдан кейін Қанат Дотаұлы Қазақбаев реставрация жасады. Матай станциясында, Талдықорған қаласында қобызшы Молықбай атында көше атаулары барАқсу ауданының орталығы Жансүгірде орналасқан ауданның мәдениет үйі қобызшы Молықбай есімімен аталады.


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров мәдениет үйінің сахнасында, 16-мамыр күні, астаналық «Тілеп» қылқобызшылар квартетінің жетекшісі Әлқуат Дотаұлы Қазақбаев Молықбайдың қобызымен екі күй орындады. 

   Ақсу ауданының 80 жылдығына арналған Республикалық мүшәйраның жеңімпазы және қобызшы Молықбай атындағы сыйлықтың лауреаты болып Мақпал Мыса атанған болатын.

 

Әлқуат Қазақбаев


Мақпал Мыса

 

 

Молықбайдан Тілеубек (1898—1942 ж.ж.) – 1942 жылы соғыстан ауырып келіп, Үлгіліде қайтыс болып, сондағы қорымға жерленген. Түр-сипаты шешесі Ырысайға тартыпты. Ырысайдың елі – Байғазы, Бөжен-Нұрабайдың қызы. Қыпша бел, сұлу әйел болыпты.

 Тілеубектен Қанатбек, Қанабек, екеуіде өмірден жас өтіпті. Қанатбек 1946 жылы тоғыз жасында шетінепті.  Тілеубектің қызы Қантайдан жиендер бар. Олар Текелі мен Матайда тұрады. 

 

Нұрлыбек Есболов (Молықбайдың шөбересі)

Қобызшы Молықбай кіндігінен Есбол, одан Оспанбек туады. Оспанбек (1891—1954 ж.ж.) үлкен дамолла болыпты. Оспанбектің  Нұрбек, Нұрлыбек  деген ұлдары және Нұржамал деген қызы болады.  Нұрлыбектің қолында әкесі Оспанбектің Әзімхан Садуақасұлы  Молықбайдан таратқан шежіресі бар.   Әзімхан Садуақасұлының «Дін-тәрбие діңгегі» атаулы кітабында Есболұлы Оспанбек туралы: «Жарма ауданы, Қапанбұлақта дүниеге келген. Қожадан оқыған. Бала оқытып, мектеп ашқан. Мектепте ұл балалармен қатар қыз балаларды да оқытқан. Молда ретінде қудаланған. Діни кітаптарын жерге көмген. Ұлы Отан соғысында Отан қорғаған», — деп деректейді. Оспанбек жасы 63-ке келіп, өмірден озыпты.

 

  Оспанбектің ұлы Нұрбек ертерек қайтыс болыпты. Нұрлыбек Қалбатауда (Георгиевка) тұрады. Аудандық мәслихаттың хатшысы болған. Қазір зейнеткер, ақсақалдар алқасын басқарады. Нұрлыбектен Мақсат – Беларусь елінен оқып келген әскери қызметкер, Дидар тарайды. Нұржамалдан Серікхан — әскери полковник, қорғаныс министірлігінде шекара қызметін басқарады.

 

Жемісбек Толымбеков