Жамау ақынды еске алғанда...

12 маусым 2019ж

 

Бүгінгі парақта биыл туғанына 70 жыл болатын Жетісу өңірінің «жалау» ақыны атанған Жамау БҰҚАРБАЕВҚА арналған кезекті жазбалар — ол туралы өз замандастары, әріптестері,  Қазақстан Журналистер  одағының мүшелері Жомарт ИГІМАН  мен Мұхаметәлі ҚАЗБАНБЕТОВТЫҢ естелік мақалалары беріліп отыр. Танысыңдар!

 

Сайтымда бұған дейін  «Ақсудың «жалау» ақыны — Жамау туралы» және «Жамау Бұқарбайдың 70 жылдығына» деген тақырыпты парақтарда жарияланған жазбалармен мына сілтемелер арқылы танысуға болады:http://bit.ly/2VRaqUe және http://bit.ly/2UHmqva

 

 

Мазасыз жүрек

Жомарт ИГІМАН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

Алмас тілді ақын, талантты журналист, «Жерұйық» газетінде тілші болған жылдары қаламынан оқырман қызыға оқитын өрнекті очерктері, сараптамалық мақалалары жиі туындаған Жамау Бұхарбаевтың туғанына биыл 70 жыл толады.  Кейінгіге үлгі-өнеге болу үшін ноқтаға басы сыймай кеткен ақынның мерей жасы туған жерінде аталып өтеді деген нық сенімдеміз. Демек қаламгер мұрасын саралау, жырларымен сырласу оны жан-жақты тануға ізашар болады, мазасыз жүректің лүпілін естуге мүмкіндік береді.

 

 

Жамау ақынның менде оншақты туындылары жазылған өлең дәптері сақталыпты. Сірә, газетке жариялау үшін бір келгенде арнайы қалдырған болар деп ойлаймын. Анда–санда құнды қолжазбаларға толы мүкәммал-мүлкімді ақтарғанда сол сарғайған блокнот, ондағы сиялы автоқаламмен аққағазға анық түскен айшықты қолтаңба көзіме оттай басылады.

 

Осы жыр дәптеріндегі Есенинге арналған өлең «Мазасыз жүрек» деп аталады екен.

Туған жердің дауылпаз түлегі көп,

Түлегі көп,

Түрліше түледі кеп.

О, Есенин, білемін мен өзіңді,

Ресейдің мазасыз жүрегі деп...

...Алып-ұшып,

Асығыс дән алдың да,

(Муза талай сен десе қанар мұңға).

Бойлап кеттің жып-жылы топыраққа,

Жүрек болып бір рет қадалдың да ...

 

Үзіндідегі поэтикалық кеңістікпен бейнеленгендей «жүрек болып қадалып, жып-жылы топыраққа бойлап кеткен» еркін де ерке Есенин тектес жан дүниесі жұртым деп жұлқынған Жамау дәні де бүгін өнімін беріп, өңірін өлең–өнерге сүйсіндіріп келе жатқаны шындық. Сондықтан аға қаламдастың өзі, шығармасы жайындағы естелікті жазарда осы тақырып жадымда тұрып қалды.  Расында да Жамау ақынның жүрегі елім еңсесін түзесе деп, қазағым қоңсыларынан қалыс қалмаса деп шарқ ұратын еді.

 

Жамау Бұхарбаев туралы өмірдерек 2004 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Жетісу» энциклопедиясына енген. Онда 1949 жылы Ақсу ауданындағы Діңгек ауылында туғаны, 1994 жылы қайтыс болғаны, ҚазМУ-ді бітірген соң «Жерұйық» газетінде тілші, Сарқан, Киров аудандық газеттерінде редактор, жергілікті  «Азат» қозғалысының және «Аққұс» шығармашылық қауымдастығының төрағасы болғаны тізбеленеді.

Әйтсе де «Жетісу жауқазындары», «Баспалдақтар», «Жайдарман» жыр жинақтарына өлең топтамалары  енгенін, соңында «Жаннатым менің», «Пері қызына хат» сынды өзіндік үні, сыры мен мұңы  тұнған  кітаптары қалғанын, Ақсу ауданы орталығындағы бір көшеге Жамау  Бұхарбаев  есімінің берілгенін білетін көзі қарақты оқырмандарының барлығы көңілге медеу.

 

Маған енді қажеті жоқ түктің де,

Не қыламын қасиетін алтынның?

Күйдім,

Жандым,

Күңірендім,

Ұттым не,

Сорға айналған көлдей мүлде сарқылдым.

 

Ол осылайша «Пері қызына хат» жазып, өлімнен биік тұрғанын тірлігінде –ақ дәлелдеп кетті.

Дегенмен бір күндік сәулеге ештеңе де жетпейді. Жазымышқа көнсек те ана жылдары көзден кетсе де көңілден кетпей, ақын ағамыздың орнын толтыра алмай жүргенде төмендегі аза-жыр қаламымнан қамығып туған –ды:

 

Аман болса амал не көш –көлігің,

Түспес еді –ау қағазға естелігім.

Кесте жырым мақтау боп өрнектелмей,

Жоқтау болып оралдың еске бүгін.

Қылау түспей кетті рас дос көңілге,

Көрдің өмір шуағын, өкпегін де.

Табысып ек, танысып Алматыда,

Сонау жетпіс сегіздің көктемінде...

 

Танысуымызға Ордаш ағамыз, табысуымызға ортақ мақсатымыз себепкер болғаны анық. Сол жылдары ҚазМУ-де оқып жүрген біз кезекті сессияға келген Жамау ақынды «Жетісу» қонақүйіндегі нөміріне арнайы іздеп бардық. Көп ұзамай бірге өскен бауырлардай емен-жарқын әңгімеге көштік.  Сырластықтың бұл бастамасы болды да, кейіннен Талдықорған-Жансүгір-Лепсі арасы қаншама жыл сағыныш болып жалғанды.

Жамау ақынның балалығы елдің ертеңінен үмітті елуінші жылдарда өткен. Қатарластары сияқты соғыстың санада қалдырған сызын сезініп өскендіктен болар сол бір сұрапыл жылдардың көлеңкелі тұсын шама-шарқынша жырлады да. Маған ақынның «Солдат жесіріндегі» аз сөзбен көп мағына беруге ұмтылған үшқыр ойы, ұтымды формасы ұнайды:

 

Күрсінтіп күткен жүректі,

Күлімдеп көктен күн өтті,

Шалағай –шарпы көз ілер.

Шерткілеп шерлі әйнекті,

Елес боп ізсіз ай кетті,

Жидіген жүрек езілер.

Құлпыртып талай қырды нұр,

Қузайды арттан жыл-ғұмыр,

Мүсіркейді екен өзін ел.

Сұрау сап ұшқан уылжып,

Оралды үміт күмілжіп,

Сезінер жүрек, сезінер....

 

Мұндағы «Шерткілеп шерлі әйнекті» немесе «Қузайды арттан жыл-ғұмыр» деген өміршең жолдар кез-келгеннің тіліне орала бермейтін оңтайлы да ойлы, жанды тіркес. Алдыңғысы боздақтарын тыныштықтың өтеуіне берген ауыл үйлерінің әйнектері де шерлі екенін, екінші күтумен келісті бір ғұмырдың тұл болып өтіп бара жатқанын шеберлікпен кескіндеп отырған жоқ па? Сондай-ақ «уылжып ұшқан үміттің күмілжіп оралуы» таңдайыңа татитын, жадыңда жатталатын жыр ұшқыны емес деп кім айта алар?!

Бұл пікірді «жоғалған пышақтың сабы алтын» деп қимастықпен айтып отырмағанымыз хақ. Ол жылдары өзара өлең оқысып, жетістік–кемшілігін жасырып-жаппай айтуға дағдыланғанбыз. Баспаға жолдама аларда өлең жинағы жабық та, ашық та рецензияланатын. Ондайда Жамау ақынның ажары ашық, жүзі жарқын. Себебі таланты мен талпынысы ұштасып жататынын аға буын ақындар да мойындап үлгерген.

 

Жамау Бұхарбаевтың шағын өлеңдерден бастау алған шығармашылығы сюжетті, оқиғалы, байыпты да байсалды ой түйіндеген балладаларға, эпикалық кең тынысты дастандарға ұласқаны қатарластарын сүйсіндірді. «Шатырбай-Мәулім», «Нартайлақ-Назар», «Мерген» дастандарының көтерген жүгі қомақты екендігі бас қосуларда айтылып жүрді. Оның үстіне облыстық газетте жарық көретін очерктері көркемдік жағынан әңгімеге бергісіз дараланып тұратын. Ол отызды орталап, қырыққа қадам басқанда ел мен тіл тағдыры жанын ауыртып, саясатқа да араласты. Осы жерде ақындық қуатының, қаламгерлігінің көмекке келгені анық. Айтарын ірікпеді, істің ақ-қарасын айқындап, қарулыға құр қол жүгіруден тайынбады. Сол жылдары дүниеге келген төмендегі бір өлеңі маңайындағы мансаптының бітім-болмысын әшкерлеп тұрғандай:

 

Ізің  жерге түседі, елге-елесің,

Шөлдемесің белгілі, терлемесің.

Ағарғанның бәріне күйе жағып,

Өзім ғана болсам деп сен келесің.

Күйінесің, көбеймей өкшелесің,

Осылайша бір күні екшелесің.

Көгергеннің бәріне көз алартып,

-Таптап кетсем, шыркін-ай, -деп келесің.

Белгілі ғой шама жоқ. Таптамайсың,

Еш жақсыны шешіліп мақтамайсың.

Қандай адам түбінде ақтар сені,

Жаза басса –ешкімді ақтамайсың.

 

Ақынның жанына батқандай ағарғанның бәріне күйе жағып, көгергеннің бәріне көз алартып, жүргендерден әлі арылмағанымыз айналамызға аян. Тәуелсіз ел болып тұғырымыз биіктесін десек, көсегеміз көгерсін деген ақ ниетке ұйысақ өз ішіміздегі алалықтан ада болмағымыз парыз.  Осына ойлап ақын жанының ауырып, бейтарап, беймарал, бейқам жұртын оятам деп жанталасып жүріп өз отына өзінің өртенгенін айналасы біледі. Қаймана көпшілік те оны соңындағы бай мұралары–өлеңдері арқылы ұғынады әлі. 1990 жылы «Жазушы» баспасынан ақынның «Любимый край» атты өлеңдері мен поэмалары орыс тілінде жарық көріп,  көпшілікке тарады.

Ол достыққа адал болатын. Бөрлітөбеге жолы түскенде, немесе бізді Ақсудың дәмі тартқанда, әлде Алакөлге бірге сапарлағанда Жәкеңнің адалдықтың айнасындай ізгі істері ғана есімде қалыпты. Жоғарыда мысал келтірген естелік-жырымда ақынның үйімізде болған бір сәті төмендегіше өрнектеледі:

 

Адалдықпен арамыз арқандалды,

Сыйластыққа сырт көздер сан таңданды.

Отбасылық альбомға ойып тұрып,

Қалдырыпсың қос шумақ қолтаңбаңды:

-«Есті зерде енші алып бұл өмірден,

Бұл отауға достары күле кірген.

Бұл отауды, бұл үйді Сайраш, Жомарт,

Отан қылып өтер деп білемін мен.

Білдім –дағы қалдырдым ақ көңілді,

Ыстық леп боп төгілген жүрегімнен.

Бақытыңды жыр етіп алға аттайын,

Арманыңды қызымдай ардақтайын.

Асылыңды ұлымдай әлпештейін,

Сағынышты алтындай салмақтайын.

Бірақ, бірақ, о құдай, сен бар болсаң,

Сағынышты мен мұңға жалғатпайын!»

Қалдырыпсың осылай жырлар арнап,

Алыстаса ақын да тұлғаланбақ.

Өкінішті, өртендің өз отыңа,

Қимастықты отырмын мұңға жалғап.

 

Оның тіліне оюлы ой, тегеуірінді тіркестер жиі оралатын. Жазғандағы шеберлігі сөйлегенде шешендікке ұласатын. Бірде Жансүгірде ақынның белгілі саясаткер Хасен Қожа-Ахметпен арадағы ұлт келешегі туралы әңгімелеріне ортақтасып, ой-өрісінің кеңдігіне тағы да тәнті болғаным бар.

Ақын – суреткер. Өлеңдегі олжа ілкі сәттерді тап басып, сөзбен мың сан ойға жетелейтін сурет сала білу. Бұл тұрғыда Жамау ақынның суреткерлігіне айғақ бола алатын өлеңдерін көп іздеп әуре болмайсыз:

 

Самал ескек толып –толып күреген,

Хош иісін қотармайды мұрныңа.

Сыны кетіп, сыры ұшқан, жүдеген,

Жаурағандай сілкінеді қыр мына.

Бой балқытар жыры мұңға айналып,

Толқындардың түйілгендей ішегі.

Жағалауға мұз кілегей байланып,

Жарқабақтан ұшқан мизам түседі.

Өткен түннің сызы қандай?

Білмеп ем.

Ала шарфы салып алып мойнына,

Төңірекке тау қарайды зілменен,

Қашқан бұлттар тығылмайды қойнына.

Қаз қаңқылдап, шаңқылдамай шағала,

Шау тартыпты шауып кетер қунақ ай.

Айналаның бояуы оңды. Сары ала,

Сүмбіленің желі де тым сумақай.

 

Бұл суреттелген суы суып, бояуы оңған сүмбіле-өмір күзі ақынның көңіл күйімен астасып, жанын тоңдыратынын сезіндім. Сезіндім де «төңірекке зілмен қараған» айналасындағы Алатаудай ағаларынан жылылық ауыса алмаған шуақсыз шақтарының кездескендігіне қынжылдым.

 

Жамау ақынның ортамыздан кеткеніне ширек ғасыр толыпты.  Оның рухы мәңгілік мекенінде жатып ап туған жердің төсіндегі ізбасарларымен сырласады, миллиондармен мұңдасады, соңында қалған өмір-өлеңі арқылы мың жасайды.

Туған жердің талының әр түптері,

Сағындырып жүретін тартып сені.

Үлгермедің тойлауға қырық бесті,

Қос қырық бес ақынға артық па еді?!

 

 

«Жайдарман» қалай жазылды?

 

Мұхаметәлі ҚАЗБАНБЕТОВ

Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі.

«Ақсу өңірі» газеті,  22 шілде 2016 жыл

 

Тоқсаныншы жылдардың басында ақсулық қазақ қаламгерлерінің ұйымдасқан серіктестігі құрылды. Оны ылғи бас әріптерінен құрастырып «Аққұс» деп атады. Төрағасы Жетісуға белгілі ақын – журналист Жамау Бұқарбай болды. Келісім бойынша ай сайын бір рет арнайы бас қосып, ақындар өздерінің жаңа өлеңдерін оқитын. Оның ішінен таңдап алынған шығармалар мектептерде, кітапханаларда, мәдениет үйлерінде өтетін мүшайраларда бәйгеге қосылатын. Бірде серіктестіктің кезектен тыс шақырылуы болды.

— Жігіттер, қатарымыз көбейіп келеді. Ұзын санымыз отызға жетіп қалды, — деді төрағамыз жылдам сөйлейтін әдетімен көпшілікті өзіне қарата, — Бұған дейін біраз мүшайралар да өткіздік. Енді менде екі ой бар.
— Айт, тыңдайық!
— Айтсам, бірінші ауданның «Бас ақыны», «Хас ақыны» және «Жас ақыны» атақтарын белгілейік. Әлі алда ауданда, облыста ана тіліміз бен батыр бабаларымызға арналған бірқатар жарыстар болады. Соған кімді жіберу керек, шешім әділ болуы үшін өлеңін осы үшеуі оқып, біздің алдымызда талдайтын болсын. Басқамыз олардың шешіміне өз пікірімізді қосамыз. Жарай ма?

— Дұрыс екен. Қолдаймыз.
— Онда кімдерді сайлайсыңдар?

Әркім ақындардың бұған дейінгі жазған өлеңдерін біледі. Қай атаққа кім лайық екенін көп ойланып жатпады.
«Бас ақынға» жас жағынан да, шығармашылық тұрғысынан да Жұмабек Қуанышбаев келеді.
«Хас ақын» даусыз Дубек Мұсанов.
«Жас ақын» өсіп келе жатқан ба-лауса жастардың ішінен Сағыныш Намазшамова болсын.
— Келістік пе?
— Келістік.
— Онда жөн.
— Сонда Жамау қайда қалады? – деді қарасулық ақын Сатыбалды Кенжебайұлы.

— Жоқ. Менің «Баспалдақ», «Жартоған», «Жәннәтім менің» деген кітаптарым шықты. Оның үстіне  жақында Қазақстан жазушылар одағына өтемін. Сондықтан мен бұл атақтан саналы түрде бас тартамын, - деді төрағамыз ойланбастан,  — менің ойым ақсулық ақындарды шыңдап, облыстық, республикалық деңгейге таныту.

Сол жерде үш адамға арнайы дайындалған «Аққұс» — тың куәлігі тап-сырылды.

— Екінші айтайын дегенім – осы отырған бәріңнің кем дегенде 1-2 кітапқа жететін өлеңдерің бар. Қазіргі экономикалық жағдайдың қиын екенін білесіңдер, әйтсе де мен өзім танитын
баспалармен сөйлесіп, 4 баспа табақ жинақ шығаруға келістім.
— О, мынауың жақсы екен!
— Біздің де жазғанымыз тасқа түсетін болды.
— Қуаныштымыз!

Отырғандардың жанарында лезде Жамауға деген ризашылық сезім оты жарқ етті.
— Тек жолыма қаражат жинап берсеңдер ертең қалаға шығамын.

Жамау кезінде Желтоқсан оқиғасын ақтаймын деп қуғынға түсіп, жұмыссыз жүрген. Ешкім сұрақ қоймастан қалталарынан бар 5 – 10 теңгелерін жинап берді.

Жайлау, бүгін Баянды Құсмолдин атаңа барып, осы әңгімені айт. Ол кісі аяғынан жүре алмайтын болған соң шақырмадым. Беретін өлеңдері болса алып кел.

Тапсырмасын алған бетте Баянды атамның үйіне бардым. Терезені қараңғылап қойып, жалғыз отыр екен.
Аман – саулықтан соң алдымен өз бұйымтайымды айттым.
— Аға, бізде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық бөлімшесі ашылып жатыр. Жоспар көп. Соның бірі ел тарихына байланысты Алматыдағы Орталық мұрағаттан алдырған құжаттарды зерттеу. Ақсудың атақты арыстары жайындағы деректердің кейбірі араб тілінде екен. Соларды аударуға көмектесесіз бе?
— Жақсы, балам!

Мен қуанып кеттім. «Денсаулығын айтып көнбес» деп іштей ойлағанмын.
Комсомол кезінен елге қызмет еткен жан туралы білетінмін. Ол атақты «Мамания» медресесінде оқыған. Ақын Ілияс Жансүгіров, Қуат Терібаевтармен жақсы араласқан, тіпті әнші Майра, Әсет Найманбаев, Әміре Қашаубаевтармен кездесіп, өнегелі сөздерін естіген. Кейіннен өзі де ұстаздық жолға түсіп, Қарағаштағы мектеп жөнінде кітап жазған кісі.

«Аққұс» туралы айтқанымда ол қуанды.
— Бәрекелді! Бұларың құптарлық жай екен. Жазғандарымды таппаймын – ау!
Балалар бір жерге қоюшы еді...
Ақырындап бөлмелерді аралап жүріп 5 өлең тауып берді.
— Өтінерім сол – менің өлеңдерімді достық туралы жазғанымнан бастаңдар.
— Неге?
— Өмірде өте жоғары бағалайтын дүнием – достық. Ел білсін, достықтың неше түрі болатынын. Оны аталарыңның өмірден түйгені деп қабылдаңдар.

Өлеңдерді сол сағатта Жамаудың қолына тигіздім. Аға аманатын да айттым. Кітапты құрастырушы ретінде асықпай оқып шықты да: «Пах! Пай –пай!» деді. Қағаздарын жинап алып,
бірден Талдықорғанға тартты.

   Осылайша 1993 жылы «Аққұс» — тың тұңғыш жинағы «Жайдарман» деген атаумен жарық көрді. Оған жерлестеріміз жазушы – журналист Тәңірберген Қалилахановтың «Қабырдағы қаңқалар» дастанынан үзінді, Жарқынай Әбілханқызының «Өмір лебі», «Өскенге», «Қазақ қыздары», Гүлбаршын Молдабаеваның «Отан», Қаншайым Тоқтарованың «Туған жер», Жолдыбай Сейітовтың «Табиғат», Жұмабек Қуанышбаевтың «Оралу», «Қылыш», «Лепсі», Берлібек Аманбаевтың «Оқ тескен гармон», «Мені іздесең», «Тастағы жазу», Дубек Мұсановтың «Құшады далам кеп», Сатыбалды Кенжебайұлының «Көктем көркі», «Нөсер», «Жол», Хамен Смағұловтың «Деп жүр едім», Есқали Есмұратовтың «Гүл қауыз», Ораз Жұмашевтың «Толғау», Жамау Бұқарбайдың «Кіндікқоңыр хикаясы», оқушылар Раушан Сейсенбаева мен Сағыныш Намазшанованың балауса өлеңдері енді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кітап – аға буын ақындардың талғамын танытып, оқырмандарын көбейтсе, жас жеткіншектердің ақындық өнерге деген құлшынысын арттырды. «Аққұс» — тың басқосуы енді айына 1 рет емес, 2 – 3 рет өтетін болды. Жылдар өтті. Аталған адамдардың көпшілігі бұ дүниеден озып кетті. Бірақ
артындағы ұрпақтарына «Жауқазын» ескерткіш болып қалып, сан жүректе әлі гүлін жарып тұрғандай... Тәңірберген, Ораз, Жұмабек, Берлібек, Дубек, Хамен ағаларымыздың бірнеше жеке кітаптары республикалық баспалардан басылып шықты. Олар көзі тірісінде талай аудандық, облыстық мүшайраларда жүлдегер атанды. Жамаудың жыр–арнаулары республикалық деңгейде өткен Ілияс Жансүгіров, Қуат Терібаев, Ақын Сара мүшайраларында Бас бәйгені талассыз алды. Жас ақындардың арасынан Сағыныш Намазшанованың да жыр жинақтарына облыста «Тұсаукесер» жасалды. Әкесі Сабыржан да ақын болған өнерлі қызымыз бүгінде Алматы облысы әкімінің аппаратында Ақпарат және БАҚ бөлімін басқарады.

 

Орайы келгенде Баянды атамның маған тапсырған өлеңдерін бүгінгі оқырманға ұсынуды жөн көрдім.

 

ДОСТЫҚ

Дидар достығы- қызығу,
Марқабатсыз достық- бұзылу.
Ықпал достығы- астамшылық,
Сыйласымды достық- адамшылық.
Жоқтық достық- барайғанша ғана,

Барлық достық- азайғанша ғана.
Жастық достық- ыстық достық,
Шоғы сөніп қарайғанша ғана.
Жүрек достығы- қайран достық!

Жоқ табылып, барға сайран достық.
Өмір өшкенше қымсынбас достық,
Достық азығы таусылмас достық.

Достық сөзінің мағынасын,
Оқырман түсініп, танып алсын.

 

ҚАНИПА БҰҒЫБАЕВАҒА

Кең – жазира, дархан – дала
ауылыңның,
Бүлдіршіндей бөбегі едің талдырмаш.
Еншіңді алып балалық бал дәуіріңнің,
Түлеп ұштың, қара көзді қарындас.

Кім болжапты алдағы өмір талабын,
Жүрегінде жыр ұшқынын қарағым.
Ақын болар, сөз кестесін терер бір,
Ақын қызы атанар деп даланың.

«Дария орны құр болмас» деп
бабамыз,
Жолын қудың әпкең – Ақын Сараның.
Енді міне, арналысың Ақсудай,
Атағың бар, Ақсуыңдай сарқылмас.
Өлең, жырдың айдынында аққудай,
Сұңқылдатып құй жырыңды,
қарындас.

 

АҚЫН АҒА

Қарапайым сұр шекпенді ақыным,
Колхозды өмір еңбегінде шынықтың.
Еңбек болды жыр арқауың жақының,
Қолмен істеп, еңбек сырын шын
ұқтың.

Жырға қостың жалқауында, батырын,
Кемшілігің бетіне айттың ұлықтың.
Колхозды ауыл, ауданымның даңқы
деп,
Жырлап өттің гауһар сөздің нақылын.

Жыр тұлпарын сыйға тарттың еліңе,
Ақындықтың үстем қырын танытып.
Ешқайсысын келтірмедің шеніңе,
Ер айқаста, ақын топта сындарлы.

Әсіре жүйрік озбай қоймас тегінде,
Сөз тұлпары, ел тұлпары болмасаң.
Халық ақыны атақ алу тегін бе?
Өзіндік бір тұтам өмір елесін,

Атқан таң, басқан жер белесін.
Ой тарих, қара шаңырақ тұрғанда,
Ел аманда ұмытылмас ер есім.
Өсер ұрпақ ақын аты Қуат деп,

Жырыңменен өмірге үлгі бересің.
Заман зырлап, жылдар өтер тербеліп,
Әр дәуірдің ұрпағы бар зерделі.
Жырлы жүрек, сырлы өмір иесі,
Ел ұмытпас сен сияқты ерлерін.

 

ҚАРАҒАШ

Ата мекен, алтын бесігім Қарағашым,
Тәрбие, білім алып көзімді аштым.
Жетпіс жайлап бұл күнде аппақ
болды,
Сен сипаған кешегі қара шашым.

Бұл күнде ордаң да жоқ, орныңда жоқ,
Ізі де жоқ қара көз қарындастың.
Ордасы едің білімнің, тәрбиенің,
Білімге қанат қаққан талай жастың.

Жетісуға әйгілі «Мамания»,
Кім айтар мектебі деп Ілиястың.
Құрметті Мамания аруағың,
Сен көтерген білімнің шаңырағын.

Мақтаныш, салтанат пен атаймыз біз,
Өтсе де қанша дүние, қанша ағым.
Сол күндердің сәулелі жұлдызындай,
Білімнің жағып едің шам – шырағын.

Бұл күнде белгіңде жоқ естелікте,
Аңсаймын, есіме алып сағынамын.
Тарихта бір сөз қалмай өшесің бе,
Ұрпақтардан келеді жөн сұрағым.

Баянды ақсақалдың бұл ертеректе жазған өлеңі ғой, әйтпесе 1999 жылы «Мамания» мектебінің 100 жылдығы  кеңінен атап өтілді.

 

ТОЛҒАУ

Жақсының жақсылығын айтпай
болмас,
Дүниеге келген адам қайтпай қалмас.
Мен-дағы өлем-ау деп жазғаным жоқ,

Түсініп ғибрат алсын, кейінгі жас.

Дүниеге кім келмеген, кім кетпеген,
Ақын жоқ дүние жайын сөз етпеген.
Тірлікте мағыналы өмір сүріп,

Халқыңның ұлы бол сен құрметтеген.

 

Тарихтың үңілсеңіз өткеніне,
Не ғалым, не данышпан өтпеді ме?
Алдағы мақсатыңа арман еткен,

Бірі жетіп, біреуі жетпеді де.

Жеткендерге не талас жалғаны жоқ,
Айтылмай, ескерусіз қалғаны жоқ.
Зұлымдықтан зар шегіп өткендердің,

Орны толмас, өкініш, арманы көп.

 

Білмегенді тарихтан қаза алмаймын,
Есту, аңыз, жоба мен жаза алмаймын.
Сол армандас, замандас
жақсылардың,
Өмірін ойлап жүрегім мазалайды.

Сатқындық, жауыздықтан жер
күңіренді,
Ардақтыдан айрылып ел күңіренді.
Жетісу сөз тұлпары Ілияс еді,
Қор етті-ау сөз сұңқары қайран ерді.

Жетісудың аңызы Әсет қандай,
Атанған ән мен жырға бұлбұл таңдай.
Өлеңмен Жетісуды дархан еткен,
Ұл туса ақын болып, тусын сондай.

Алмасты «мүсәтір» деп ішіп қойып,
Арманмен өткен екен белгі қалмай.
Бірді айтсаң Сәкеңді айт, Қызыл
қыран,

Поэзия нұрымен бетін жуған.

Төңкерістің ұранын іске асырып,
Жаңа дүние, жас заман жолын қуған.
Тар жолда, тайғақ кешу талмай өтіп,
Халқым деп, Қазағым деп жанын
қиған.

Жазықсыз, жауыздықтың тұзағында,
Қырық үште есіл ер құрбан болған.
Ақиық, сөз сұңқары Ілиясты,
Өлеңмен жаңа өмірдің кілтін ашты.

Зұлымдық, сатқындықтың құрбаны
боп,
Өмірі ерте сөнді, шіркін жастың.
Біз қалай біле – тұра өкінбейміз,
Еске алмай ардақты аға,
армандасты.

Ахметтің «Мұғалім сәни әліппесін»,
Оқыдық төте арабша сөз кестесін.
Ардақтап ажыраттық анам тілін,
Жадиттен Қазағымның сөз жүйесін.

Қазаққа тұңғыш рет алып берді,
Ғылымның жаңа тұлға несібесін.
Өркенді, өшпес ғылымы қалды
артына,
Ұрпаққа ұмытылмас сіздің есім.

Міржақып, Мағжан мен Жүсіпбекті,
Шәкәрім қандай еді Абай текті.
Қазақтың поэзия даласына,
Сөз гауһарын жырменен гүл ғып екті.

Әділдікпен, адалдық, адамдықты,
Оқы, біл деп жырымен өсиет етті.
Адалдықты жауыздық тұншықтырып,
Жазықсыз төрт шаһар жан арманда
өтті.

Армансыз пендесі жоқ, бұл
жалғанның,
Деп өткен Қазақ бабам сөз тарланы.
Қазақтың аруақты ұлдары деп,
Фатиха рухына сөз арнадым.

Бұлардың ішінде әсіресе «Достық» өлеңінің бүгінгі ұрпаққа айтары көп деп ойлаймын.

 

Қарап отырсам қазір де өлең жазатын өнерлі жандар, жас лек те баршылық. Бірақ олардың басы біздің кезіміздегідей бірікпейді. Оны қолға алуды мақсат ететін жастың табылмауы қынжылтады. Олар өздерін өнерде көрсетудің орнына алтын уақытын бекер алатын өмірдегі ғаламтор ойындарына беріліп кеткен сияқты.

 

Ақындық өнер–екінің бірінің маңдайына бұйырмайтын құдіретті күш. Сондықтан да кешегі Ілияс, Қуат, Ақын Саралар елге аса қадірлі болғанына талас жоқ. Соны өлеңмен жеткізе білген Баянды ағамыз да жай адам емес. Өмір мен өнер бір – біріне қатысы болғанмен екеуі екі бөлек дүние. Айталық, қариялар жас баланы көлденең біреудің тіл – көзінен сақтасын деп: «тфәй – тфәй» деп жатады. Немесе домбыраның тиегі тайып кетпес үшін «тфәй» дейді.

Бұл – өмір, яғни біріншісі ырым да, екіншісі домбыраны ойнатып болғанша тиекті қозғалып кетуден сақтайтын шара. Ал осы «тфәйді» өнерге айналдыруға болатын екінші қырынан алып көрейікші: Әміре Қашаубаев Париж сахнасында өзінің қайталанбас асқақ даусымен ән саларда домбыра тиегіне түкіргенін көрген модератор француз: «Бұныңыз не?» деп сұраған екен. Сонда Әміре бабамыз мүдірместен: «Тфәй – қазақтың желімі» деген екен. Бұл сөз ойнату, қиыннан сөз тапқан шешендік, яғни – өнер.

 

Ақын, жазушы – журналистерді өзгелерден ерекше етіп көрсететін бойындағы осы қасиеті. Олай болса бүгінгі жастарға: «Ата–бабаларымыздан сәтті жалғасып келе жатқан қазақтың қара өлеңін қағажу қалдырмай, бойларыңдағы дарынды ашуға ұмтылыңдар» дегім келеді. Әлі де талай «Жайдарман» жазылып, баспадан шығуға тиіс!