«Жамау  Бұқарбайдың 70 жылдығына»

 

Құрметті оқырмандар!

Өткен ғасырдың 80-90-шы жылдары Жетісу өңірінде, жалпы қазақ елінің  әдебиет, өнер  сүйер қауымына жалынды да отты өлеңдерімен, қоғамдық өмірдегі белсенділігімен  өте жақсы танымал болған, Ақсу жерінің (Алматы облысы) «жалау» ақыны аталған  Жамау  БҰҚАРБАЙДЫҢ (марқұм) биыл туғанына 70 жыл болады. 

Соған орай, бүгін  сайтымның жоғарыдағы тақырыптағы  тарауында Ақынның өмір жолына, шығармашылықтарына байланысты айтылатын, жазылатын танымдық-естелік жазбалардың алғашқылары ретінде назарларыңызға Жемісбек Толымбековтың  «Жалын  Жамау  жадымда», Мұхаметәлі Қазбанбетовтың «ЖАМАУ» (эссе) атты естелік мақалаларын және ақынның бұрын еш жерде жарияланбаған мысалдық өлеңдері ұсынылып отыр. Танысыңыздар!

Жамау туралы сайтымда бұрынырақ жарияланған тағы бір мақаламен де танысуларыңызға болады:http://bit.ly/2VRaqUe

Сонымен бірге, ақынды танып-білетін азаматтардан да жазбалар тосамыз!

 

 

Жалын  Жамау  жадымда

Жемісбек Толымбеков

 

Жамау Бұқарбай 

 

 "Адам деген атымды былғамадым". Ақын Жамау Бұқарбайдың сөзі. Ең алғашқы облыста «ев»- ті сойынан алдырған Жамау Бұқарбай болды. Тірі болса, 70 жасқа келер еді. Өмірден өткеніне 25 жыл толып кетті.

 Анасы Баянды Алтынбекқызының шыққан тегі — Шоқпар. Жастай жетімдік тауқыметін тартып өседі. Он төрт жасында Жамаудың әкесі Беркімбайға тұрмысқа шығады. Алдыңғы балалары жас шетінеп, тоқтамаған. Баянды ана құрсағынан Жамау ақын бесінші баласы болады.

 Балалары шетіней берген жайды ескеріп, Баянды келінін үйіне арнайы шақырып, дәм таттырып, Телібайдың Бөрібегі: «Қызым Өмірлікке тартқан ұл берсін», — деп батасын береді. Жамауға босанар алдындағы түнде Алтынбекқызы Баянды ана түсіне бұрыңғы көршісі, елі Қайнар, Солтабай марқұм қария кіріп, женінің жамауы бар күпәйкені көрсетіп, екі мәрте «Жамау» депті. Жамау ақынның өмірге келуін, есімінің ақ бата және түс көру аян ырымнан аталғанын Баянды ана өзі айтып берген еді.

 

*       *       *

Өзі туралы Жамау ақын:            

                             «Жамау емес қалаумын,

                             Мен дегенге сабаумын.

                             Ақындарға жан пида,

                             Алаяқ қуға қамаумын.

                            

                             Жамау емес жалаумын,

                             Орта құрсақ жараумын.

                             Жай халыққа жомартпын,

                             Басқаға Қарынбай қараумын.

                            

Жамау емес жауырмын,

Бар Қазаққа бауырмын.

Толғанбайдай толқыған,

Жалмендедей ауырмын.

                            

Жамау емес жаяумын,

Жиенбайға таяумын.

Арсалаң атам сияқты,

Жібектей жұмсақ баяумын», — дейді.

 

*       *       *

 

 Жамау ақын 1994 жылы 14 ақпанда, 44 жастан үш-төрт ай аса,  атына кір келтірмей, жұмбақ күйде өмірден өтті. «Жартоған», «Баспалдақтар», «Жайдарман», «Пері қызына хат», «Жаннатым менің», «Жаралы аққу» өлең кітаптарының авторы. Ән сүйер жүрегіне жол тапқан «Шынарым» өлеңінің авторы. Әуезі Мұратхан Егінбаевтікі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Ілияс Жансүгіровтың 100 жылдығына арналған ақындар мүшайрасының жеңімпазы. Облыстық кеңестің депутаты. 1986 жылғы «Желтоқсан» жастар көтерілісін Ақсудан Алматыдағы Республика алаңына тілеулес он азамат пен арнайы ақ киіз үй апарып тігіп, ақтаушыларды қолдаушылардың бірі. Сарқан, Көксу аудандық газетінің редакторы. Ақсу аудандық «Азат» қозғалысының төрағасы. Ақсу аудандық «Аққұс» шығармашылық қауымдастығының төрағасы. Талдықорған қалалық, Ақсу аудандық «Қазақ тілі» қоғамының белді мүшесі, ел қамқоры, шешен, көсем сөздің ділмәрі еді.

 Жансүгірде Толғанбай ақын есіміне көше атауын әперген дәріп. 2004 жылы шыққан облыстық «Жетісу», Ақсу аудандық «Алтын ұям – Ақсуым» энциклопедияларында, «Абыз Ақсу, аңыз Ақсу, нағыз Ақсу» кітабында Жамау ақынның өмірбаяны қысқа дерекпен берілген.

 

1994 жылы Ілияс Жансүгіровтың 100 жылдық мерей тойына арналған Республикалық айтысқа қатысқан 36 ақын Жамау ақын жайында «Арнау» өлеңдерін Ақын Сара мәдениет үйінің сахнасынан айтты. Жамау ақын туралы журналист, жазушы Мұқаметәлі Қазбанбетовтың «Жамау» хикаяты, ақын-журналист, жазушы Жомарт Игіманның «Мазасыз жүрек», ізденгіш Жемісбек Дулатбекұлының «Ақиқаттың адамы», «Елін сүйгенді, елі сүйеді», Серік Байғалиевтың «Алаңдағы он күн», Н.Ахметжанұлының «Егіліп елі еске алды», Дүйсен Мұхаметшаровтың «Замандас туралы бірер сөз» деген туындылары, Ақсу ауданының бір топ жазба ақындарының арнау, жоқтау өлеңдері облыстық, аудандық газеттерде басылып шыққаны бар.

 

1995, 2018 жылдары Талдықорған қаласы мен Ақсу ауданының орталығы Жансүгірде Жамау ақынға арналған ғибрат кештері өткізілді. Жамау ақынның тұрған үйіне мәрмәр тастан естелік тақта орнатылған. Талдықорған қаласы мен Жансүгірде Жамау Бұхарбай есімімен көше аталған. 2008 жылы шілде айында облыстық «Жетісу» телеарнасынан Жамау ақынға арналған жарты сағаттық «Жәдігер» хабары берілді. Облыстық «Жетісу» теле арнасынан тікелей эфирде Мұхаметәлі Қазбанбетовтың қатуысуымен бір сағаттық хабар берілді.

 

Жамау ақын өзі туып, өскен Н.Есеболатов (Діңгек) ауылындағы Жартоғанда мәңгі орын алды. Зират басындағы ашылып тұрған кітап бейнелі екі үлкен мәрмәр тасқа «Бір ғанамын» деген өлеңі қашалып жазылған. Небір жақсылар өмірден өтіп, жаназа алдындағы жиында Жамау ақынның «Бір ғанамын» өлеңің бір шумағы болсын айтылғанына сан мәрте куә болдым. Жақсының айтқаны шарапат ұмытылмайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

*       *       *

 

 Жақын араласқанша, Жамау ақын туыс екенін білмедім. Ақсу ауылында Байболат Асылбекұлы деген аға жаназасында алғаш рет Жамауды көріп, сәлем бердім. Одан бұрын жолыққан адамым емес. Тек, баспа бетінен еңбектерін оқитынмын. Жамау қайтыс болған, жазушы Шәкен Күмісбаевтың «балдызы» деп келген екен. Алау атқан жас кезім. Қайдағы «Байболат қайта сізге туыс» деп бетіне бастым. Жамау үнсіз құтылды. Шыққан текті сұрау немесе рушылдық Жамау ақынның бойына бітпеген нәпсі екенін бара түсіндім.

 

*       *       *

 

Егемен орнап, қазақ тілі мәртебесі көтеріліп, тіл қоғамы құрылды. Жамау Бұқарбай Талдықорған қаласының «Қазақ тілі» қоғамының орынбасарлық қызметін атқарып жүрген. Қала мекемелерінің қазақ тіліне деген мәртебесіне зере сап, білек сыбана кірісті. Кезек оқу орындарына да жетті. № 8 кәсіптік училищеде жиын өткізіп, «Қазақ тілі» қоғамына ынталыларды қабылдады. Акті залы лық толы. Жиынға өз еріктерімен сабақтан тыс уақытта келгендер. Көбі баспасөз беттерінен оқып, біліп жүреді екен. Жамау бірден басшылардан бастап, анау қайда, мынау қайда деп атап шықты. Атағандары залда болмай шықты. Олардың бәрі орыс нәсілді еді. Залда ылғи қаракөздер. Басқа ұлттан бірең-сараң ғана. Жиын біткенше залдағылар тырп еткен жоқ. Ұйып тыңдады. Жарты сағатта типыл бітірді. Басшылардың жайған дастарханына қарамады. Алшаң адымдап тратуармен кетіп барады. Жүгіре басып, аялдамаға тақап қалғанда қуып жеттім. Бас сап құшақтап, бауырына басты. Қойнынан «Жаннатым менің» атаулы кітабын суырып алып, қолтаңба жазып, сыйға берді. «Тағы бір мекемеге барамын» деп, асығыс автобусқа мініп кетті.

 

*       *       *

 

Жамауды қонаққа үйге шақырдым. Салт жүр. Келді. Дәмелі Имашқызын ауылдан алдырғам. Екеуі таң атқанша зал үй бөлмесінде әңгіме соқты. Ұйықтамады. Ақ қағазға Дәмелі Имашқызының айтқандарын түсіріпті.

 - Екі-үш күн болады. Дем ал, — десем, көнбеді. Тіпті алдында тұрған аста ішілмеген. Жұмысқа кеттім. Кешкі сағат бесте оралдым. Дәмелі Имашқызы: «Жамау жаңа кетті», — деді. Төзіміне таң қалдым. Толғанбай ақын мен Мәулім-Шатырбай туралы жазыпты. Ертеңінде газет фото тілшісін жіберіп, Дәмелі Имашқызын суретке түсіртті. Сол сурет әлі сақталуда.

 «Октябрь туы» облыстық газетіне «Топты жарған Толғанбай» атаулы мақала шығарды. «Шатырбай-Мәулім» деген поэма жазды. Жамауға жолықсам.

— Ғаламат ғажап. Қарыздармын. Ата туралы дерек білетін ананы тауып бергеніңе, — деп рахметін жаудырды.

— Басы ғана, — дедім. Мейірлене қарай қалды.

— Құрылысшымын дейсің! Енді түсіндім! Қандай құрылысшы екеніңді, — деп қуана, басымнан сипады.

 

Жамаудың фототілшіге түсірткен

Дәмелі Имашқызының суреті

*       *       *

 

 Жамау ақын үйге келген сайын балаларым «Бұқар жырау келді» деп алақайлайтын. Салдары жоқ емес. Жамаудың анасы Баянды Шоқпар Шиырбай шешеннің аталас жақыны. Жамау Түйтебай шешеннің ұрпағы. Ел іші айтуында екі шешеннің де сөзден тосылған жерлері жоқ. «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деген осы болар.

 Жамау да балажан. Балаларды кезек кезегімен екі қолтығынан ұстап, аспанға лақтырып еркелететін. Қолдарына сый-сияпатын да қалтасынан шығарып үлестіретін. «Балалы үй базар» деп дастархан нәзірі даяр болғанша, олармен шуылдап үйдің ішін базар жасайтын.

 Ұлым Аятбектің есімін Айтқалиев Аятбектің құрметіне қойдым. Шофер курсын оқып жүргенде таныс болдық. Ыға-жыға туғандай көрінді. Көңілім жарасым тапты. Үйімде тұрып оқыды. Сөйтсем, аталас бауырым екен. Оны кейін білдім. Жомарт Жамаудың басынан өткізген осындай қылықтары жетерлік.

 Бірде Аятбек Нива машинасымен Жамауды ауылы Құрақсуға қонақ етпекке әкетеді. Жолай, маған Ілияс ақынның туған жерін көрсет дейді. Аятбек Жаңалық тұсындағы бір құм төбе маңайындағы шеңгелдер өскен жерге әкеп, Серпербай мен Дәулетбек ақсақалдар айтуынша осы маңай болса керек. «Кіндік қоңыр» осы деп сендіреді. Аңғал Жамау ақын жүрегімен қабыл көреді. Жамау ақын «Кіндік қоңыр» деген туындысын Ілияс Жансүгіровке арнап шығарды. Ілияс Жансүгіровтың 100 жылдық мерей тойы барысында Жаңалық тұсында Ілияс ескерткіш белгісін ашу салтанатында, Қызылтаң ауылы мектебінің бір оқушы қызы домбырамен жыр қылып сол туындыны орындады. Көп қошаметіне бөленді. Туынды тарам жайды. Тіпті, көпшілік Ілиястың туған жері «Кіндік қоңыр» деген мекен деп жүр. Жамау ақын шығармаларының сыр құдіреті, татымдығы — ақ пейіл, ықыласымен шығарғандығында жатса керек.     

 

*       *       *

 

 Жамау облыстық кеңестің депутаты болатын.

 - Уа, депутат! Ілияс ақын 100 жылдық мерей тойына бір жақсылықты депутат құзырыңмен жасатпайсың ба? — деп қайрадым.

— Дұрыс. Ойланайын, — деді.

 - Ойланатын түгі жоқ. Үштөбедегі Қайрақтының гранит тасынан Жаңалық тұсына, күре жол бойына, ескерткіш белгі қойса қайтер еді? — дедім. Жамау мәрт келісті.

— Қалай жасату керек? — деді.

— Гранит тасқа Ілиястың басына түлкі тұмақ киіп түскен бейнесін қашап салса, астына жазу ғана, болды, — дедім.

— О, құрылысшы, — деп жанданып кетті. Гүлше Тәңірбергенқызы мен мәслихат хатшысы Тұрсын Әбдірешев қолдапты.

 

 

Осылай Ілияс ақын туған жеріне ескерткіш белгісі 100 жылдық мерей тойы қарсынында орнады. Қазір ол ескерткіш белгі Ойтоған ауылына барар қара жолының Бұрған жағасына көшірілді. Ескерткіш белгі орнағанын Жамау ақын көрмей, өмірден өтті. Бірақ, оңды істің іске асқаны рухының абзалдығы ғой.

 

*       *       *

 

Ілияс ақынның 100 жылдық мерей тойына Республика бойынша бетке ұстар 36 суырыпсалма ақын қатысты. Айтыс Жансүгірдегі ақын Сара мәдениет орталығында өтті. Айтысқа уақыт еркін берілді. Ақындар риза болды. Айтыс басталмай тұрып, сол кезде атақ-даңқы қазаққа мәшһүр Шымкент ақыны Қалыбекова Әселхан: «Бас жүлдені маған айтқызбай беріңдер! Ақын Сараның тойында бас жүлдені жюридің мүшесі Көкшетау ақыны Баянғалиға бұрып жіберді. Мұрты едірейген, жаурыны күжірейген неме, қайтыс бопты ғой" деп, Жамау ақын аруағына тіл тигізді. Әселхан ақын мұсылмандық құран сауабы бар, бес мәрте намазын бұзбайтын, молдалау жан екен.

 Іштен тынып, Мұхаметәлі Қазбанбетов тұр. Шыдамаған мен«Әділ еді. Бұруы мүмкін емес. Ел алдында айтпай, жүлде алмайсыз», — деп кейіс білдірдім. Айтыста Әселханға бас жүлде автокөлік бұйырмады. Артынан домбырасы, құндыз бөрік бас киімі, берілген жүлдесінен айырылды. Орналасқан жәйлі мекенде қалып, «ауырдым» деп автобусқа мінбей, Ілиястың туған жері Қызылтаң ауылына ақындармен бірге бармады.  Менезі шалыс, шарт көрінді. Ертеңінде той өтетін Қоқтыға бармастан бұрын, Жамау ақын жерленген Жартоғанға ақындар мінген автобусты Мұхаметәлі Қазбанбетов бұрды. Жамау ақын жамылған топырақ басына құран оқылып, аруағына дұға бағышталды. Мұхаметәлі Қазбанбетов айтыста Жамау Бұқарбайға бір ауыз сөз арнаған ақындарға Жамаудың «Пері қызына хат» деген кітабын сыйға берді. Той біткен соң, Әселхан ақынның еліне есен жеткенін естідік. Жамау рухты ақын. Аруағына сыйынғанда, қателікті кешкен сыңайлы. Ілияс ақын аруағы да Әселхан ақынды «бастан құлақ садаға» демекші, тек заттарынан ғана айырып, есен еліне оралдырғандай боп тұрады.   

 

 

 

*       *       *

 

«Тамаша» ойын-сауық отауының актеры Бауыржан Ибрагимов Талдықорғанға келіп, Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында шығармашылық концерт өткізді. Жамау ақынмен бардым. Дәлізде филармония директоры Таңатар Алшабеков кезігіп, аман саулықтан кейін, екінші қабаттағы кабинетіне апарды. Таңатар Алшабековтың қосағы Күляш Қанымбала есімді он алты бала туған әпкеміздің қызы еді. Таңатар жезде болатын. Бір жағы Жамау ақын сырт киімді сонда қоямыз, ыңғайлы деді. Кабинеті кең, болымды екен. Бес домбыраны арнайы тапсырыспен Алматыдан шеберге жасаттырып әкелдім деп, Таңатар домбыраларды футлярымен көрсетті. Құны әр қайсысы бір айлық жалақы тұрғанын да айтты. Жамау ақын бір домбыраны футлярынан алып, ұстап көрді.

-Тамаша екен. Сен күймен. Мен тақпақтап айтыс жасайық. Кәні, ұста, — деп қолындағы домбыраны Таңатарға берді. Құлақ күйін келтірген Таңатар, бір күйді шалқыта тартты. Кезек сенікі дегендей, екі көзі Жамауда.

-Күймен не айтқаныңды түсінгем жоқ. Тағы бір күй орында? – деді Жамау. Таңатар тағы бір күйді жоғарғы деңгейде орындады.

-Пах, шіркін! Домбыраның үні-ай, керемет! — деп Жамау тына қалды.

-Жауап сенен, — деді Таңатар.

-Тартысыңда шек, түсінерлік сеп жоқ, — деді Жамау. Таңатардың орындаған күйі папури еді.

 

Қоңырау шырылы естіліп, шығармашылық концерт басталатынын білдірді. Залдағы орындарымызға, бір қатарға жайғастық. Шығармашылық концерттің соңғы нөмірі болатын. Жамау Таңатардан кабинет кілтің сұрап алды. Сыртқа барып келді. Көрермендер Бауыржанды құтықтап, гүлдер сыйлап жатты. Жамау ылп етіп, сахнаға көтерілді. Бауыржанға қысқа ылтипат сөздер арнап, ризашылық пейілін білдірді.

 

"Батырлар мен ақындар шыққан Ақсу деген аудан бар. Ілияс, Молықбай, Толғанбай, Сара, Құдаш, Ғалилар өскен өлке. Ақсу елі мен ауданының атынан Сізге сыйлық «домбыра»,  деп, сахна шымылдығынан көрінбей тұрған қазақы көйлек киген қызға белгі тастады. Қыз домбыраны сахнаға алып шығып, Жамау ақынға ұсынды. Жамау домбыраны Бауыржанға Ақсу ауданы мен халқы атынан сыйға тартты. Көрермен тегіс орнынан тұрып қол соқты. Сахнадан түсіп, Таңатарға келген Жамау ақын:

 

-Ал, жезде! Қошаметіңе рахмет. Кете берейік. Жұмыстарың әлі бар болар? Мә, — деп кабинетінің кілтін қайтарып берді.

-Киімдерің ше? – деді Таңатар.

-Әуре болма. Жаңа темекі алуға барғанымда ала шыққанмын, — деді.

-Кеттік! Кеттік! – деп, Жамау жылдамдатты. Киімдерді шыға берістегі күзет бөлмесіне әкеп қойған екен.

-Жәке, домбыра жоқ еді ғой. Ауданнан кім әкепті? — дедім.

-Үндеме. Жездеден сұрамай, сыйға алдым. Қалғанын өзі шешер, — деді.

 

Ел мен жер намысы үшін Жамау ақын жүрегін жұлып беруге бар азамат еді. Бір көрген Бауыржан Ибрагимовтай саңлақ өнер иесіне сыйы осындай болды.

 

    Бауыржан Ибрагимов                                                                   Таңатар Алшабеков

 

      Жамаудың сыйлаған домбырасы

 

                                               

*       *       *

 

Жансүгірде Жамау ақынға сәлем бере үйіне бардым. Зал бөлмесінде сырты қағазбен ұқыпты қапталып, кендір жіппен буылған үш топтаманы көзім шалды. Жамау ақын:

-Мына кітаптарды Талдықорғандағы баспаханадан қаржысын төлемей әкелдім. Аудан басшылығы «төлейміз» деп уәде еткен. Бірақ, әзірге төлемеді. Баспаханадағылар маған сеніп, кітаптарды толық шығарып берді, — деп жадырады.

 Пышақ әкеп бір буманың жібін қиды. Кітап атауы «Жайдарман» екен. «Ілиястың інілері, Сараның сіңлілері» деген топтама. Ақсудың бетке ұстар, жасы мен қартты бар, жазба ақындарының туындылары енгенін паш етті. Көрімдігін қолына ұстатып едім, бір кітапты қолтаңбасымен сыйға тартты.

Ауданға шығармашылық кеш өткізуге ақын Кәкімбек Салықов келеді. Аудан басшылары ұятқа қалмайық. Ақынға сыйға есте тұтарлықтай, не берсек деп ойласады. Кәкімбек Салықовты қарсы алғанда Жамау ақын топтан озып алдынан шығады.

-Ақынды ақын таниды, өре жайған, — деп сәлем береді.

 Кәкімбек Салықов ризалықпен Жамауды қасына ертіп алады. Жамау ақын бұл кезде жұмыссыз, бос жүрген кезі екен. Шығармашылық кеш жоғарғы деңгейде өтеді. Кеш аяқталып, таразы сый-сияпатқа жетеді. Аудан басшылығы даярлап қойған сый-сияпатын ұяттау бола ма деп қомсынғанын Жамау ақын сезеді. Орнына көтеріліп, төрдегі Кәкімбек Салықовқа таяп барады.

-Кәке, қазақ елін араламаған жеріңіз жоқ. Үлкен қызметтерді де атқардыңыз. Машина, тон, шапан, керектің бәріне қанықтыңыз. Тек, сізде бір зат жоқ. Аудан мен халық атынан беретін сыйым, — деп ақынның көңілін ынтықтырады.

-Ол не болды екен? — деп залдағы кездесуге келгендер мен аудан басшылары назар салып, ден қояды.

 Жамау ақын қойнынан «Жайдарман» кітабын шығарады.

-Мынау, Ілиястың інілері, Сараның сіңлілерінің топтамалық шығармасы. Сізде жоғы осы, — деп Кәкімбек Салықовқа ұсынады.

-Рас, бұдан артық сый болмас, — деп Кәкімбек Салықов дән риза болады.

Аудан басшылығы төленбеген кітап қарызының қаржысын баспахана есеп шотына аударады. Жамау ақынның жол тапқыр өрлігі мен танымасты бір көргенде-ақ қандай адам екенін ажырата білетінін араласқан достары мен етене жақын туыстары қанық білетін еді.

 

Кәкімбек Салықов                                                                         Жамау сыйға  берген кітап

                                           

      *       *       *

 

Жамау ақын, Мақсұтхан, Мұхаметәлі, Дүйсенбек, мен дастархан басында бас қосылды. Жамау ақын облыстық кеңестің депутаты болатын. Мәселені Ілияс Жансүгіровтың 100 жылдық мерей тойына қатысты Жамау ақын көтерді.

-Ілияс ақынның 70 жылдығы Қызылтаң ауылында 1964 жылы емес, бір жыл кешеуілдеп, 1965 жылы өтті. Ат бәйгесі мәреге жетпей тоқтапты. Опатты жәйіттер болыпты. Ілияс ақын 100 жылдығында опат жағдайлар болдырмаудың қамын ойлассақ. Не шаралар жөн, — деп ортақ сауал қойды. Әркім өз ойларын айтты. Мұхаметәлі Қазбанбетов:

-Дұғагөй Бижамал апаны тартып,дұға мен көріпкелдік қасиетін пайдалану керек, — дегенді білдірді.

-Ол да қажет. Рас кие, қасиеті бар адам, — деп Жамау келісті. Бірақ, жөн тоқтам табылмағандай. Жамау ішінен саралап, екшеп отыр. Сонда мен:

-Аталарымыз жайлаудан етекке түскенде жыл сайын Қоқты деген жерде той жасайды екен. Ешқандай опатты жағдай болмапты. Қоқтының қай жер екенін білмеймін, — дедім. Күлімдей жадырап Дүйсенбек:

-Қоқты Кеңжыра ауылына қарасты Еңбектің тұсында. Білемін. Көрсетейін, — деді.

-Болды. Табылды. Тойды Қызылтаңда емес, аталар жөнді білген, Қоқтыны көрген соң, сонда жасатуды шештіремін, — деп Жамау ақын түйіндеді.

 Ертеңгі күн сенбі болатын. Барып Қоқтыны көрдік. Той өтуіне әбден оңтайлы жер екен. Ұнады. Жамау ақын:

— «Қара өгіз» жарадың! Нұр ғой сенің талабың, жайсаң екен Қоқты атаулы алабым, — деп Дүйсенбекке риза болды. Жамау ақын Дүйсенбектің еңбекқорлығын талмайтын «қара өгізге» теңейтін. Оған Дүйсенбек еш ренжімейтін. Қара өгіздей төзімді болу қайда? – деп іштей Жамаудың айтқанына иланатын.

 Ілияс Жансүгіровтың 100 жылдық мерей тойы Қоқтыда аталып өтті. Асылы ешқандай опатты жағдай орын алмады. Той өткен күні киелі дала қыраны бүркіт Қоқтыны шыр айналып ұшып жүрді. Бижамал апа да ешқандай жамандық болмайтынын алдын-ала айтып, сабаға түсірген еді. Жамау ақынның көпшілік сақтығы үшін жасаған қамы осындай болды. Оны іске асырған облыс басшылары мен аудан басшылары. Әсіресе Василий Иванович Осипов болатын.

                                        

    *       *       *

 

 Жамау Бұқарбай ақын Әбен Дәуренбековты «әке», Тәкен Әліпбайды «қара шал» деп бағалайтын. Талдықорғанға келсе, екеуін көрмесе, көңілі тыншымайтын. Әбен де, Тәкен де Жамау десе, жанын бермесе де, беруге бар асылдар еді. Әбен Дәуренбеков Жамаудың өлеңдегі әкесі. Екеуі бас қосса болды, қай өлең болмасын, әр сөз бен ирімдерін бүге-шігесіне дейін талдап шығады. Талдағанда шымыр қазақылықты немесе көкейге қонатын өлең болмаса жоламайды. Өлеңді қазақы талдап үйреткендіктен Жамау ақын Әбен Дәуренбековты «әке» деп бағалады. Әбен де Жамау десе ішкен асын жерге қоятын. Жамау ақын қайтыс болды дегенді естігенде Әбен: «Алдымнан жарқылдап, Ақсудан кім шығады», — деп толқып шығарған өлеңі ең үздік туынды қатарына кірген.  

-Қара шалды таппадым. Жүр, үйіне барамыз, — деп кешкісін қасына Жамау

ертіп алды. Есіктен үйдегі апай қарсы алды. Жамаудың бетінен кәді баласындай сүйді.

-Тәкен қазір келеді. Төрлет, — деді. Жамау өз үйіне келгендей алшаңдады.

 

Зал бөлменің қабырғалары тұтас сөре-сөре кітапқа толы. Құдды кітапхана. Жиналмалы баспалдақ та тұр. Кітаптар рет ретімен қойылған.

-Картотека да жасап, тізіп қойған, — деді Жамау. Шай нәзіріне үстелге шақырылдық. Ет асылып жатыр екен.

-Өзің білгендей келдің, — деп жеңгей ақ жарқын ақтарылды. Шай үстінде Тәкен аға есіктен енді. Жамау екеуі ал кеп құшақтас. Әңгімелер құнды шертілді. Қазақтың қара сөзінің шеңбері талқыға түсті. Небір шұрайлы ой толғам, талдамдар айтылды. Мына жері былай, анау олай деп, екеуі пікірлерін бірінен-бірі оздырады. Қара сөзді мағыналы, тартыссыз, түйсіммен саралауды алғаш рет көзбен көрдім. Тәкен аға қазақтың қара сөзінің білгір майталманы екен. Жамаудың Тәкен Әліпбайды «қара шал» деп, неден қадыр тұтатының ерен түсіндім. Түн ортасынан ауды. Екеуі тоқтар емес. Тауыспайды.

— Жамау төсек салсын ба? Қон, — дегенде барып, Жамау Жансүгірге қайту керек екені есіне түскенді. Сағат түнгі үштен асқан. Такси шақырылды. Автовокзалға жетіп, автобусқа отырды. Жамау Талдықорғанға келген сайын қону деген жоқ. Әмісе түнгі сағат 3-4 шамасында вокзалға барып, автобусқа мініп кетеді. Әбен Дәуренбеков пен Тәкен Әліпбайды Жамау ақынның бағалаған астар сыры осындай. Ұрпаққа өнеге, тағылым етерлік дәріп.

 

                                                    *       *       *

 

Облыстық радио журналисті Тоқтасын Сүгірбеков:

-Жамау жазба ақындығымды өрелі өрістетуіме жол ашты. Ақын жасады. Құдаш Мұқашевқа арналған мүшайрада жеңімпаз қылды. Киелі Ақсу елі мен жерінен айналайын, — деп көрген сайын ізет қылатын. Жамау ақын:

-Тоқа, баршын ақынсың. Мұны дамыт. Кеудең алтын қазына, соңы өлең етіп жаз, — деп мәртебемді көп көзінше жоғары көтерді.

-Қайтып енді төмендейін. Жамау ақын қамшылаған мені, — деп аузынан тастамай айтатын. Кезіккен сайын Жамауды есіне алмай тұрмайтын еді.

                                                  

 *       *       *

 

Спортшы, жаттықтырушы, ұстаз, палуан Жұмабек Қуанышбаев:

-Шатып-бұтып анда-санда өлең жазатынмын. Ерінбей ақ қағазға түсіріп қоямын. Бірақ, именіп көпке білдірмей жүрдім. Жамау ақын Шәкен Күмісбаев арқылы сондай өнерім барын біледі.

-Жүке, жазған өлеңдерің болса, жасырмай әкеп көрсет. Ешкім бірдең жазба ақын болған жоқ. Көрейін, — деді. Қолың алдым. «Ілиястың інілері, Сараның сіңлілері» айдарлы «Жайдарман» топтамасына туындымды, суретіммен бастыртып, шығарғанда төбем көкке жеткендей әсерде болдым.

-Жамау ақын өлең жазуыма бет пердемді сыпырды. Кеңесін аямады. Үйретті. Ақындыққа тартты. Шынын айтқанда, «палуан ақын» жасады, — деп қалбалақтап, көңілі шалқып, рахметін жаудыратын еді. Жұмабек Қуанышбаев Жазушылар Одағының мүшесі болды. Бес-алты кішігірім өлең кітабының авторы. Облыстық, аудандық, Республикалық баспасөз беттеріне өлеңдері жиі басылып, шығып тұрды.

 

                                                *       *       *

 

Сал-сері, өлеңдерінің лирикасы ерек ақын Жұматай Жақыпбаевтың асына Жамау Жансүгірден келді. Заида шақырту жіберіпті. Жетісу өңірінің небір жайсаң-жақсылары бас қосты. Радио журналисті, сатираның саңлағы Серік Жортанов:

-Небір бетке ұстар жақсы-жайсаңдармен Жамау дастарханда бірге отырған. Жұматай ақынның жұбайы Заида Елғондинова арнайы Жамауға бет бұрды. Жамау да орнынан тұрып, қасына барып, ізет білдірді.

-Жәке, не қызметте жүрсің? Білінбей кеттің ғой? – деп Зайда маңайындағы жақсы-жайсаңдарға естірте сауал қойды.

-Жұматай ақынның орны бос тұрмасын деп жұмыссызбын, — деді Жамау. Отырғандар тып-тыныш тына қалды. Шыбын дауысы естілердей тыныштық орнады.

-Жұматайды жоқтатпағаның азық болмайды. Өзіңе шектеу жасама. Жақсы-жайсаңдар қадырыңды елеп, ескермегені азаматтыққа жатпас, — деп Заида Жамаудың қолын алып:

-Жүнжіме, қандай жұмыс болмасын кіріс, — деп жігерін қайрады.

Астан оралған Жамау ақын мен Серік Жортанов екеуі маған келді. Сатирашы Серік Жортанов:

-Жамау Жұматайдың орнын бастым деп, жігіттерді қатырды. Әй, барлығы жерге кірер тесік таппады, — деп болғанды баян етті. Жамау ақын:

— Қатардан қалмай, бір жұмыс істермін. Жас кезімдегідей құрылысшы болсам да, — деп бойында үміт оты жанғанын білдірді. Жансүгірге көңілі қош қайтты.

 

*       *       *

 

Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Камал Әбдрахман үш-төрт жігітпен бас қосып, қауқылдасып тұрады. Камалды көзі шалған Жамау оған қарай қадам басады. Камал Әбдрахманның сөйлегенде «р» әрпіне тілі келе бермейтін мүкістігі бар екен.

-Япырай, пелі келе жатыл. Жігіттел байқаңдал, — деп Камал қасында сөйлесіп тұрғандарға ескертеді. Камалдың айтқанын Жамаудың құлағы шалады. Жігіттер де сасып қап, бір-біріне алақтап қарасады. Сәлем саулықтан соң, Жамау:

-Әй, Камал, «пері» емес, ең болмаса «жын» деп айтпадың ба? – деп Камалдың бетіне тесірейеді. Екеуі қарқылдап кеп күледі. Жігіттер аң-таң. Қалжыңдары жарасқан, жастары тете, тең құрдастың қалжынының куәсі болған жігіттер:

-Бәсе, перісі несі десек? Ойпырай! Қандай жарасым. Ғажап тапқырлық, деп бастарын шайқап, мырс-мырс күле жөндеріне кетеді. Камал Әбдрахман мен Жамау ақынның бір-біріне деген сыйласымдары ер азаматтың нағыз қадыр тұтарлық ғанибеті еді.

 

*       *       *

 

Жамау ақынның біраз жылдар жұмыссыз жүргені оны ешкім де жұмыстан шығарып немесе қуған жағдайлар ныспы болмаған. Жамау ақын істеген қызметі ұнамағандықтан емес, көбіне әділетсіздікке төзбегендіктен арызды өз еркімен жазып босайтын. Қарам басшыларға қол астында қызмет бола тұрса да иіліп бармайтын.

-Жайымды көрмей жүрген жоқ. Біледі бос жүргенімді. Сеніп шақырмаса. Қайтып барамын. Барғаныммен қызметке алмайды, — деп намысын түсірмейтін еді. Кіші басын үлкейте алмай жүргенінде, үлкен басын кішерейткісі келмеген. Арда, асыл болғанымен, адалдыққа бой ұрамын деп, өміріңде көп тепкі мен теперіш көрді. Бірақ, ешқашан мойымады.  

 

*       *       *

 

Жамау ақынның азаматтарға, жас ұрпаққа, халқына жасаған қайырымдылық істері көптің есінде қалған. Еленбегенді елететін. Көрінбегенді көрсететін. Білмегенді білдіретін. Болымы бай, тәлім-тағылымы мол болды. Жазушы Шәкен Күмісбаевтың 50 жасқа толған мерей тойын ататып, өзі басқарды. Ақсудың айтыскер ақыны Бекболат Атанбаевтың үйлену тойын аудан көлемінде дүркіретіп жасатты. «Шаңырағың биік болсын Бекболат» атаулы мақаласын аудандық газетке шығарды. Құдаш Мұқашевті ұмыттырмай, атап өткізді. Тарихқа қос батыр Назар мен Нартайлақты шығарып қалдырды. Еңбегі сіңген мұғалім Мәкей Еркінбековты баспасөзде алғаш дәріптеді. Ақын Сағыныш Намазшанованың дәріпті ақын болатынын 10 сынып оқып жүргенінде-ақ көріпкелдей болжам дәл айтқан еді. Қанат Тілеухан «Жамаудай болсам» деп армандап, ақыры рухы қолдап, арманына жетті. Қазір «Жас Алаш» газетінің бас редакторы, журналист, жазушы.

 

 Жамау ақын Сараның 115 жылдық мерей тойын Қапалда өтуіне жаны талмай ат салысты. Тойда болған ебедейсіз оқиғаны ың-тыңсыз, пәтуалы шешті. Жамау рухы үшін келтірейін. Тойдың құрметті қонақтарының бірі болып Алматыдан режиссер Асқар Тоқпанов шақырылады. Асқар Тоқпанов той басталардан бір күн бұрын Қапалға жетеді. Кешқұрым тойға тігілген қазақ үйлерді аралап ішін көрейін десе Асқар Тоқпановты жолаттырмайды. Милиция аға лейтенанты тосқауылдайды. Асқар Тоқпанов ашумен тіл тигізеді. Милиция аға лейтенанты Асқар Тоқпановты ұстап, Қапал қамағына апарып, тұтқындап тастайды. Жамау құрметті қонақ Асқар Тоқпановты іздейді. Милиция сақшыларынан сұрайды. Одан милиция аға лейтенантына кезігеді. Түркі тек бас киімі бар адамды тіл тигізген үшін апарып қамағанын айтады. Жамау дереу мені сонда апар дейді. Аға лейтенант орындайды. Жамау Асқар Тоқпановты қамақтан шығарып, кешу сұрап, әрең тойға қалуға көндіреді. Тойдан қайтарында аудан атынан астына ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, басына бөрік кигізіп, Жамау ақын Алматыға дейін ілесе барып, үйіне есен жеткізіп салады. Аудан, облыс басшыларын ұятқа қалдырмауы Жамаудың адамгершілік танымы мен бедел көрегендігі еді. Аудан басшылары Жамауға рахметтерін айтып, алғыстарын сөзбен білдіреді.

 

Қанат Тілеухан   Шәкен Күмісбаев  Сағыныш Намазшанова

                                               

  *       *       *

 

«Арқалы, арын ақын Жамау еді,

Шешен тіл, сөйлесе өрт, алау еді.

Ақиқат, әділдіктің хақ жолында,

Халқына тірек, қолдау, қалау еді.

 

Алғыры ортасының ағлан еді,

Мағыналы өлең, дастан жазған еді.

Жол, өнеге көрсетіп жастарға да,

Қыр-сырын қилы тарих қазған еді.

 

Көтерген «Шоңай» менен «Қос батырды»,

Жауқазын, жігер еді, хас батылды.

«Жайдарман», «Жаннатың…», «Пері қызға хат»,

«Жартоған» өшірмейді еш атыңды», — деп Жамау ақын өмірден өткенінде есімі өшпесін тұжырымдаппын. Жамау ақынның есімін ұрпақтар ұлықтайтынына кәміл сенемін.

                                               

*       *       *

 

1995 жылы, 15 ақпан күні Жамау ақынның өмірден өткеніне бір жыл толғанда «Жамау үні» деген өлеңді әузімен шығарыппын. Келтірейін.

 

             Жамау үні

 

Баласы Беркімбайдың Жамау едің,

Қайырым, әділ іске жарау едің.

                 Бай-бай, тәңірім-ай.

Жол табар қиын-қыспақ шырғалаңнан,

Халқыңа сен де кірпіш қалау едің.

                Бай-бай, тәңірім-ай.

 

Қайырмасы: Қалды-ау, қалды-ау,

                  Қайран күнім-ай.

 

Егемен есен болсын қайран елім,

Жастарды жақсылыққа қайрап едім.

                Бай-бай, тәңірім-ай.

Қырық төрт жасқа жетіп, асқанымда,

Сұм ажал аяқ асты қайдан келдің.

                 Бай-бай, тәңірім-ай.

 

Қайырмасы: Қалды-ау, қалды-ау,

                   Қайран күнім-ай.

 

Өрімтал өлең жазған ақын едім,

Шешен тіл, көсем сөздің парқы едім.

                Бай-бай, тәңірім-ай.

«Еркек тоқты құрбандық» дегендейін,

Адалдық құрбаныңмын жарқын елім.

                 Бай-бай, тәңірім-ай.

Қайырмасы: Қалды-ау, қалды-ау,

                   Қайран күнім-ай.

 

 Адалдықтың ақ туындай жалын Жамау Бұқарбайды елі мен өсірген ортасы ұмытпай, есте тұтып, 70 жылдығына орай еске аларына сенімім мол.

 

 

 

ЖАМАУ (ЭССЕ)

Мұхаметәлі ҚАЗБАНБЕТОВ

24.07.2018

 

Талдықорған политехникалық колледжінде ардагер ұстаз Зәмзәгүл Есболатованың ұйымдастыруымен ақын Жамау Бұқарбайды еске алу кеші өтті. Алдымен мұрағаттардан алынған бейнефильмдер слайд арқылы көрсетіліп, әдеби-сазды көрініс орындалды. Кешке Астанадан «Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі» Жамалхан Мамырбекова, Алматыдан тарихшы-ғалым Өкітай Ахметов, ақынның Талдықорғандағы достары Дүйсен Ерденбеков, Жемісбек Толымбеков, Мәраз Құсжанова, Тоқан Қоржынбаев, Ақсу ауданынан туған інісі Қанат Бұқарбаев пен «Ақсу өңірі» газетінің директор-бас редакторы Жайлау Найманханұлы қатысты. Зал толы студенттер мен ұстаздар қауымы алдында олар Жамаудың өмірі мен шығармашылығы жайында қызықты да  мұңды, тартысқа толы әңгіме айтып берді. Шындығында жай оғындай жарқ етіп, небары 45 жасында дүниеден өткен Жамаудың ерлігін белгілі жазушы Сайын Мұратбеков пен қоғам қайраткері Хасен Қожахмет атақты батырымыз Бауыржан Момышұлына теңесе, қаламгерлігімен Жетісуға танымал болған Тұрсын Әбдуәли, Әбен Дәуренбек, Камал Әбдірахман, Ахмет Кендірбек сияқты жандардың барлығы мойындаған.

Бір ғанамын,
Бар болғаны ұл ғанамын.
Байлауы жоқ, баянсыз, беймаза өмір,
Көп екен шырғалаңың, шырғалаңың.
Көп екен шырғалаңың, бұралаңың,
Жанымды жеп жүректі тырналадың.
Опасыздар сан саққа жүгіртсе де,

Адам деген атымды былғамадым.

(Жамау Бұхарбаевтың құлыптасындағы өлең)

    Желтоқсан көтерілісінен кейін жаппай қуғынға түскен жастар есін жия алмай, айтары ақиқат болса да Колбиннің жергілікті жерлердегі «тісқаққан» кадрларына адамзат алдындағы адалдығын ұқтыра алмай жүрген кез.
– Ия, жағдайларың қалай? – деді тіл қоғамының кеңсесіне кірген облыстық «Жерұйық» газетінің қызметкері Қанат Асқар, – әлгі біздің Жамау дос қайда жүр?
– Осында.
– Үйінде болса шақыршы.
Жамау он бес жыл облыстық газетте Қанатпен бірге қызмет істеген, кейін арасы екі жыл ішінде Көксу, Сарқан аудандарында газет редакторы, соңғы айларда Талдықорған қалалық «Қазақ тілі» қоғамында хатшы болып, онда да       тұрақтатпай Ақсуға, туған еліне қайтып келген.
Сол Жамау ақын қырыққа келгенде желтоқсан желімен ызғарланып, аудан басшыларымен тіл табыспайтын болып алды. Көктемгі наурыз мерекесінде желтоқсан боздақтары туралы айтам деп мінберге көтеріле алмай, шиыршық атып жүрген. Енді, міне, Қанат сонау облыс орталығынан іздеп келуі тегін емес сияқты.
– Астанада ақын Мұхтар Шаханов бастаған бір топ қазақ зиялылары желтоқсан боздақтарын ақтауды қолға алып жатыр. Оларға төменгі жақтан көмек қажет. Соған ұйтқы болатын Жамаудан басқа кім бар?
«Кімді айтсаң, сол келеді» деген кейде рас. Дәлізде асыға басқан таныс жүріс естілді де, Жамаудың өзі кіріп келді.
– Өй, сен мұнда не іздеп жүрсің?
Екеуі құшақтаса амандасты.
– Хабарсыз кеткен соң халыңды білейін дегенім бе жазығым?!
– Е, жөн. Жүр үйге!
– Жоқ, рахмет. Мүмкіндік болса бөтен де сенімді жерге барсақ. Әңгіме бар, шет жағасын жаңа досыңа айттым.
– Жарайды, ал кеттік.
Жол бойы талай нәрсе айтылды. Жамау мына ұсынысқа қуана келісімін берді:
– Бәсе халықтың қарғысы жіберсін бе. Оңбағандар, елді алдап, желтоқсанда алаңға кілең бүлікшіл жастар жиналды деп түсінік жұмысын жүргізді. Біздің ауданнан да он екі қыз-жігіт қатысқан екен,   қазір бәрі жазықсыз оқуларынан шығып қалды. Олардың өміріне балта шапқан опасыздар лайықты жазасын алуға тиіс! Ол үшін халықты жинап, азаматтық «Желтоқсан» қозғалысының құрылтайын өткіземін. Соңғы кесімді халық өзі айтады. Тек қазір Қанат барда құрылтайды өткізу жөніндегі  ынталы топ құрып алуымыз қажет.
Желтоқсан оқиғасының куәгері, суретші Жолдасбектің дастарқаны үстінде мақсаттас жігіттер жиналып, он бір адамнан мүшесі бар ынталы топ құрылды. Заңды түрде тіркелу үшін бірінші мәжіліс хаттамасы жазылды. Ынталы топтың Жарғысы мен Бағдарламасы қағазға түсіріліп, көбейтілді. Барлық елді мекендерге құрылтай өткізу жөнінде хабаршы жіберілді. Желтоқсанның бес жылдығын ел болып атап өту жөніндегі ұсыныс қоса айтылды.
Жағдай ойлағандай шиеленісті. Қарапайым халық құрылтай өткізуді қолдады. Аудандық партия комитеті мүлде қарсы шықты.
Кенттегі Мәдениет үйіне ақпанның 5-жұлдызында ауылдардан келген үш жүз алпыс бес делегат жиналды. Аупартком хатшылары әдеттегідей лауазымды адамдарға арналған төрде емес, бірінші рет қалың көпшіліктің арасындағы орындықта отырды. Мәжілісті мен басқардым. Жамау салған жерден елді үйіріп әкетті.
– Қанды желтоқсанда қазақ арыстары мен аруларды сойыл мен сүйменге жығып, иттеріне талатқан, сау қалғандарын саралап өлім жазасына кескен жалғыз Колбин емес, оның қолтығынан демеп, қолпаштап отырған Мәскеудегі,  Кремльдің төресі Михаил Горбачев және ауыл, аудандардағы оның қолшоқпарлары, – деді Жамау, – Аупарткомның бірінші хатшысы Нәуке, халқыңыз сізден желтоқсан құрбандығының бес жылдығын кеңінен, ақиқатын аша атап өтуді сұрайды, бұған не дер едіңіз? Қалың қарашасы сенген хандар да көпке топырақ шашпаушы еді.
Аупартком хатшысы орнынан ашулы көтерілді. Сырын қаншама сездіргісі келмегенімен әр сөзі тістерінің арасынан сыздай шықты.
– Желтоқсанды ақтап митинг өткізе алмаймын.
Сарай іші толқын кергендей гу етті.
– Хатшыға сенімсіздік білдірілсін.
– Мұндай басшының қажеті шамалы.
– Халықтың рухын таптағаны ғой.
Жамау оң қолын көтергенде жұрт сілтідей тынды.
– Ұйғарым былай болсын, хатшы қаласын, қаламасын желтоқсанның бес жылдығын атап өтеміз.
– Дұрыс шешім!
– Қолдаймыз, молда алдырып, шаһидтерге бағыштап Құран оқылатын болсын.
«Бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, қатты ашынғаны сонша, аупартком хатшысы мен оның төңірегіндегілер турасындағы наразылыққа толы жарыссөз қызды да кетті. Жеке билеушілік тізгінін ұстап, айтқандары сөзсіз орындалатын аудан басшылары бірінші рет алты сағатқа созылған жиыннан сең соққан балықтай есеңгіреп қалысты. Ертесіне аудан мекемелерінің басшыларын жинап, желтоқсанды атап өтуге әкімшілік жолмен тыйым салатындығын білдірді.
Құрылтайдан құлақтанған жұртшылық бірақ Жамау жағында еді.
...Алаңда Тұрғанбай молда Құран оқып, құрбандыққа қара қой шалынды. Әйелдер жағы үйлерінен жеті шелпек пісіріп әкелген екен, елге үлестірілді. Желтоқсанда оқудан шыққан өрімдей қыздар мен жігіттер, кейбіреулерінің ата-аналары сөйлеп, көңілдері босаған көпшіліктің жанарларын жас жуды.
Жамаудың мен білетін саяси күресі осылай басталды.  
...Ынталы топтың кезекті мәслихатында жоңғар шапқыншылығы кезінде Дарабоз Қабанбайдың түменбасыларының бірі болған Шоңай батырдың қос ұлы, қаһарман жауынгерлер Назар мен Нартайлаққа жерлесіміз ретінде ас беру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Жамау бұл кезде Қарашілік округінен аудандық кеңестің депутаты болып сайланған.
– Қалай қарайсыңдар, көтеретін шаруамыз дұрыс па? – деді ол топ мүшелеріне сынай қарап.
Бас сәулетші Нұрланды қасынан бір жеті шығармай ұстаған Жамау тарихи ескерткішке лайық кесенесінің жобасын жасар алдында қос батырдың ағайындарымен тағы бір ақылдасты, көнекөз қариялардан естіген деректерін сұрастырып, түртіп отырды. Ақыры құрылысшылар кесенені салып болғанша ақынның «Назар – Нартайлақ» поэмасы жазылды. Бұған дейін өзінің туып-өскен жеріне арнаған «Жартоған» атты тұңғыш кітабы шыққан болатын. Таяуда жарық көрген «Жаннатым менің» кітабын қоғамның көрнекі үгіт бұрышына қойған жерімнен қолқалап алып алды.
– Аз данамен шыққан мына кітапты таппай жүрсем, жақсы болды ғой. «Жаралы аққу» поэмасын бастырсам, мына кітап бар, болашақта «Пері қызына хат» атты жинағымды баспадан күтіп отырмын, бәрін жинап Қазақстан Жазушылар одағына өткіземін.
– Жазушылар одағы енді құрылайын деп жатыр. Несіне асығасың?
– Асығу керек, бауырым! «Жақсы сөз – жарым ырыс». Әлі-ақ Тәуелсіз Қазақстан Республикасы да, дербес Жазушылар одағы да болады. Жаман ағаң соның бір мүшесі болып жүрсе кімнен несі кем?
– Болуыңа тілектеспіз, Жәуке!
Қос батырдың кесенесіне жүгіріп жүргенде «Жазушы» баспасынан қаржының тапшылығына байланысты кітабын шығара алмайтындықтары жөнінде хат келді.
– Жетіскен екенбіз, енді өнер туындылары да саудаға түсетін болғаны ғой, – деді ол қолындағы бір жапырақ қағазды жұмарлай қоқыс шелегіне атып, – сонда жазушылар қалай күн көрмек. Кітапты басу үшін менен он мың сом сұрайды. Он мың түгілі екі жүз сом жалақы алып көргенім жоқ.
– «Асыл пышақ қап түбінде жатпас» деген, бір ыңғайы келер.
– Әй қайдам. Қыспақтың басы осы болар, әлі өлеңдерімізді ел жиналған жерлерде ғана оқып, шерімізді шығарамыз.
Қос батырдың кесенесі ойдағыдай шықты. Есігі, босағасындағы найзасы мен қалқаны екіден жасалған аумақты кесене сонадайдан көз тартып, сары дала төсіндегі ерліктің көзіндей көкпен таласады. Оның ашылу салтанатына жиналғандардың санында да шек жоқтай. Аттылы, жаяу ағылған ел.
Жырқұмар ел салтанат үстінде Жамауға сөз бергенде салған жерден «Назар – Нартайлақ» поэмасын сұрап оқытты.
Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы төрт сағатқа созылды. Жамау сөз сұраса да бермей, төралқадағылар жарыссөзді тоқтатуға ниет білдірді.
– Тоқтаңдар! Айтпағым бар, осындайда сөйлетпесеңдер, сонау жер түбінен неге шақырдыңдар?!
Жылдам адымдаған ол төрағаның қарсылығына қарамастан мінбеден бірақ шықты:
– Ана тілі дейміз. Тіл – дініміз құрығанда ғана жойылатынын білеміз бе? Олай болса алдымен дінді мықтап қолға алу қажет. Қараңыз, Қытаймен шекараны ашып қойды, биылдың өзінде ғана газеттегі есептеу бойынша төрт жүз қазақ қызы қытайларға тиіпті. Демек, осынша адам будда дініне кірді деген сөз. Отырғандар тыныштала қалды. Шешен өзеуреп шыққанына қарағанда көкейкесті мәселенің манағы ұзақ жиналыста ашылмай қалғанын барлығы да түсінген.
– Сіздер діндегі «қалта саясаты» дегенді естулеріңіз бар ма? Оның мәнісі мынада, ислам дінін баяғыда мұсылмандар бүкіл Еуропаға қылыштың күшімен кіргізді. Христиандардың атақты крест жорығының мақсатын да білесіңдер. Олардың барлығы да жаулаған жерлеріне өз дінін ұстатты. Ал қазіргі қалталылар, яғни байлар қарудың орнына доллар, немесе ақша қолданып қатырып жатқанын қалай аңғармайсыңдар?! Ана тілін сақтаймыз десек, алдымен басқа ұлттың дініне кіріп жатқандармен күресу керек.
– Оларға не істейсің?
– Бізді осы енжарлық құртады. Әр ауданнан мешіт ашуды, оған жастарды тартуды жандандырайық.
– Негізінен қазақтар тұратын Ақсу ауданында да мешіт жоқ қой, алдымен өздеріңді жөндеп алыңдар.
– Оның рас, мешіт бетімізге шіркеу болып бітті. Осыдан барысымен қолға аламыз.
 Ол мінбеден тез түсіп кетті.
Аудан орталығына келісімен кент әкімі Серіктің атына қатынас қағаз түсірді. Екеуі кеңінен отырып ақылдасып, ақыры мешітке партияның кезінде Алматы мен Шығыс облыстар арасындағы жоғары лауазымды жүргінші қонақтарды күтетін үйді беруді жөн санады. Ол ақ кірпіштен салынған, төбесіне күмбез жасап жіберсе нағыз мешітке лайық орын. Оны облыстағылар қиып бергісі келмеуі де, дау туғызар әңгімеге айналуы да мүмкін. Сондықтан кент тұрғындарының жалпы жиынына салып, аудан әкімінің қатысуымен шешуді дұрыс деп түйді.
«Халық қаласа хан түйесін сояды» дегендей, ел белсенділері де мешітке қонақүй берілсін деп тапты. Мұны әйтеуір аудан әкімі Сағатбек те қолдап, қонақүйді мешітке беру туралы өкім жарияланды.
Ақсудан шыққан арыстарды елге насихаттап, ауылдарды аралап жүрдік. Ит жылғы қыс қатты болды. Әсіресе, ақпанды айтсаңшы азынаған!
– Мен ертең Талдықорғанға барамын, – деді бірде толғаныс үстінде, – сайлау науқаны жақындап қалды. Азаматтық «Азат» қозғалысы өз кандидатын ұсынатын көрінеді, соған қатысамын.
І. Жансүгіров сайлау округінен депутаттыққа кандидат болып ұсынылдым, – деп келді екі күннен соң, – бір орынға екі адам таласамыз.
Міндетті түрде жиналуға тиістісінен үш есе артық қол жиналды. Тіркеуден аман-есен өтті.
– Халқымнан айналайын! Сайлауда да жеңіп шығатыныма сенемін, – деп балаша қуанып жүрді. Қалай екенін ертеңгілік жұмысқа келісімен күн санайтынды шығарды.
Соның арасынша аудан, облыс әкімшіліктері шақырып, екі мәрте барып қайтты.
Біріншісінде:
– Бөлімдерге шақырыпты. Кандидатураңды алсаң қайтеді деп қолқалады. Көнбедім. Тіпті жалынып болмаған соң «Халыққа өтірікші бола алмаймын» деп безектедім.
Сонан соң мені біржолата көшіріп жіберулерін талап еттім. Жайлы қызмет, жаңа жеңіл машина берсе де алмадым, – деп келді.
 Екіншісінде:
– Серік Шаяхметұлының өзіне кіргізді. Бұрыннан білетін құрдасым емес пе, облыс әкімі мені түсінді, енді мазаламайтын болды, – деп келді.
Кенет қайғының қара аспаны төнді! Түрі жаман жентек қарды жұлқына атқан дауылды, түнерген дүлей таңда, иә сол атты адамды ұшырардай ұшқынған алапатта: «Жамау ақын өзіне қол салыпты», – деген денені темірдей қарыр аяздан да суық хабар дүңк етті. Аңырап ана, жасын төгіп жар, бүгіліп бала, қан ішіп дос-жаран қалды. Ақынды көрге қимаған табиғат зират қорымына барар жолды борап тастады. Ауданның бар күшті техникасы борасынды тазалауға шамасы келмеді. Мыңдап мал қырылды. Түнгі аспанды қарғыстың нышанындай шұбатылған ақ жолақ шулан екіге бөліп тұрған аязда техникалардың жанар-жағармай құйған бактары қатып, жарылды. Тек алыстағы ағайындарына хабарға кеткен УАЗ ғана дін-аман оралды. Жұмбақ өлім сырын қалың жұрт түсінбеді.
– Жыртығымызға жамау еді, жалған дүниеден отыз бірінші Ақсу арысы болып өзі өтті, – десті.
Алты Алашқа хабарланып, конференция өтеді деген күні тағдыр Жамауды жерлеуге мәжбүр етті.
Конференция қимас досымыздың қырқын бергенде жұмысын бастады.

...Политехникалық колледж залында өткен кеш барысында жас талап ақындар Жамаудың өлеңдерін жатқа айтумен бірге өздерінің жас жүректерін жарып шыққан арнауларын да оқыды. Студенттер залдан түрлі сұрақтар қойып, ақынның келесі жылы аталып өтетін 70 жылдығына туған ауылы Есеболатов та Жамау оқуларын ұйымдастыру, шығармаларын арнайы сайдтарға салу, оның құрметіне күрестен аудандық турнир өткізу сияқты ұсыныстар айтылды.

 

 

Ақын Жамау Бұқарбайдың баспа бетіне шықпаған мысал өлеңдері:

   

   Ынсап

Сүйеніп ап таяғына,

Маған әжем айтқан аңыз:

Өмір сүрген баяғыда,

Қазақ атты қарт бабамыз.

Елге сыйлап қолда барын,

Ен жайлаған өлкені кең.

Бүгінгі ұрпақ сол бабаның,

Үрім-бұтақ, өркені екен.

Дидарынан таң тараған,

Сақалы аппақ қауырсындай.

Халық мұңын арқалаған.

Қабақ шытып, ауырсынбай.

Қорғап үйірін тағылардың,

Қамқор болып жүреді екен.

Жер бетіңде жаны бардың,

Түгел тілін біледі екен.

Бірден алып баптағаны,

Жүздеп, мыңдап өреді екен.

Қасиетті қарт бабаны,

Бәрі жақсы көреді екен.

                 

                  *       *       *

 

Бітпейтұғын жұмыстары,

Кеш қайтатын, ерте кетіп.

Баба бірде құмырсқаны,

Сөзге тартты еркелетіп.

Бунақ-бунақ буылғандай,

Титтей тұрқың үш бөлінген.

Алып болып туылғандай,

Саған жойқын күш бөлінген.

Басың үлкен, қылдай белің,

Бөксең – бөлек, мүсін – дене.

Еңбекқұмар дыңдай ерім,

Осы сенің күшің неде?

Басым үлкен, мол ақылы,

Ойымды еркін билеу үшін.

Бөксем үлкен болатыны,

Ауыр жүкті сүйреу үшін.

Серіппелі балғын денем,

Дәл бабында бұл шағымда.

Менің күшім ең алдымен,

Төзімім мен ынсабымда.

Жүзі таңдай арайланып,

Тиді жауап жанға жайлы.

«Дұрыс!» — деді, баба ойланып,

Қанағатшыл – қор болмайды.

Сөзің – алтын, ойың – дана,

Үлгі болып кетсе ізетің.

Қанағат пен тойым ғана,

Мұратыңа жеткізетін.

Есті өмірге екен сенім,

Еңбекшілдік белгісі едің.

Ынсабыңның шет пен шегін,

Байқайын деп енді сенің.

Қарт қолына құмыра алып,

Салды түйір бидай дәнін.

Сынай қарап тұрып анық,

Айтты келіп ұйғарғанын:

Ал, қарағым, ен мынаған,

Біреу жалған көруі шын.

Дәлел керек енді маған,

Басқалардың сенуі үшін.

Түйір дәнді талшық қылып,

Ішінде осы құмыраның.

Отырасың мәнсұқ қылып,

Жүзін көрмей шұғыланың.

Тыйым салып құрсағына,

Мықты болсаң шыдағаның.

Көз жеткізіп ынсабыңа,

Жыл өткенде шығарамын.

«Мақұл!» — деп ол, қоса тұрды,

Келіспесем өкпелейсіз.

Бір жылдан соң босатуды,

Ұмытып тек кетпегейсіз.

 

 

          *       *       *

 

Хабар шалып маңайға, елге,

Ақты күндер шырайланып.

Айлар ұзап талай жерге,

Жақындады жыл айналып.

Қалғаны жоқ қапыда енді,

Қауым көрді мұны қалың.

Ашылатын сәті келді,

Ауызы зындан құмыраның.

Ұмытпаған шартын әлгі,

Ұмытса егер – болмағаны.

Құмырсқа мен жарты дәнді,

Көріп баба толғанады.

Несібесін бөліп қана,

Тең жартысын үнемдеген.

Құмырсқаны көрген баба,

«Өмір мәнін білген» деген.

Шығарып ап, жаны қалмай,

Бәйек болды, түк жоқ еттен.

Түрі пышақ жанығандай,

Аштық меңдеп, күйі кеткен.

Түрін байқап енді ғана,

Сөкті зілсіз, жазықты қып,

Өлер бопсың сорлы бола,

Дәл қасыңда азық тұрып.

Бастап елде жоқ ғұрыпты,

Бұл нең, сонша қиналғаның?

Бір жылыңа жеткілікті,

Бермеп пе едім бидай дәнін.

Құмырысқа жинап күшін,

Ернін әрең жыбырлатып:

Бойдағы ең қымбаттысын,

Алса — сорлы, кім ұрлатып.

Жәбір көрмедім ешкімнен,

Азынатсам құрсағымды.

Өмір үшін күрестім мен,

Басшы қылып ынсабымды.

Түйсік айтты мұны дана,

Құнтсыз кеуде – құлазымақ.

Қайтер едім, құмырада,

Қалған болссам ұзағырақ?

Жек көрмейді ауыз дәмді,

Жатар болса реті келіп.

Қолымдағы қауыз дәнді,

Қойғаным сол екі бөліп.

Күдерімді текке үзбегем,

Таңдайымда – қышқыл дәмі.

Күн туса егер, жеткізбек ем,

Бір бөлігін үш жылға әлі.

Жәбір көрмедім ешкімнен,

Қабыстырсам құрсағымды.

Өмір үшін күрестім мен,

Өкпелетпей ынсабымды.

Ынсапты ердің рухы мықты,

Төтеп берер қай сынға да.

Соларменен құлпырыпты,

Байтақ ел мен байсын дала.

Сен де, балам, білші мұны,

Талап қусаң – табандама.

Құмырысқаның тіршілігі,

Үлгі болар адамға да.  

 

    *       *       *

          Шапағат

Арғы тегі – Үңгір,

Руы – Үйшік.

Одан кейі де біраз буын тараған.

Өз әкесі – Шошала,

Бабасы – Балаған.

Біреуге бодан еді,

Болдығы жеткен Шолан еді.

Мәткесі майысып,

Сырғауылы қайысып,

Күйсеуі жетіп тұрды.

Жанынан жаңа Үй түскелі,

Күйі де кетіп тұрды.

Бұл өзі әу басында,

Иті үретін ауласында,

Кіріп-шығар жаны бар,

Маңыраған малы бар.

Азын-аулақ ақшалығы,

Он бес сотых бақшалығы.

Алма, өрігі аралас,

Шағындау бағы бар,

Пәле-жаладан аман еді.

Адамына құнтты,

Аузы – құлыпты,

Шошалаич Шолан еді.

Болмады.

Ілінген соң Қаулыға,

Қырсық келді ауылына.

Адыраңдап жеткендер,

Едіреңдеп есін алды.

Ергенегін топсасымен,

Есіктен шешіп алды.

Дөдегесін бұқпалатып,

Терезесін түп қопарып.

Қада қағып артына,

Жерін де кесіп алды.

Соқа басы сорламай,

Енді мұның несі қалды?!

Жөн емес пе расында,

Бұл қорлыққа шыдасын ба?

Шолан тулап, қаққан еді,

Дауласып баққан еді.

Бірақ қайда-а-а-а,

Көрінбеді лақ құрлы.

Ертеңінде бульдозер кеп,

Жалп етіп, құлап тынды

                  *       *       *

Осындай жай – жасырма,

Бар емес пе, әркімнің-ақ — басында.

 

  *       *       *

    Шам мен шырпы

 

Майы шыққан сыртына,

Күлкі үйірген мұртына.

Балауыз шам бір күні,

Кездесіп қап Шырпыға.

Былай деді: /Шіренді,

Ұят болды, бұл енді/.

Білгенге шидиген бейбақсың,

Кімдерге тұлға бола қоймақсың?

Түсінбеймін, жырп етіп жанып,

Қылп етіп сөнгенің.

Сонда кімді қарқ қып,

Жүрсің сен, жарықтық?

Мендей бола алмайсың,

Ұз-а-а-қ жана алмайсың.

Сосын адамдар да,

Саған алаңдар ма?

Тфу!

Шағады да сақ тұрып,

Тастайды лақтырып.

Жұмыс емес, жұмысың,

Көрген күнің құрысын!

Шамның сөзін бұзбаған,

Текке қызбаған, Шырпы айтты:

Әй, мұңдарым, бұл не қылғаның?

Менің арқам емес пе,

Көкіп тұрғаның?! ...

 

            *       *       *

Тексіз иттің иесін,

Қабатынын білесің.

Қасіретке осындай,

Қай бетіңмен күлесің?

 

    *       *       *

 

     Мысық пен ит

 

Мысық, әу бастан Мысық еді,

Бағы аспандап, ұшып еді.

/Мұны, әрине, ит бағып,

Шошқа тағалаған түсінеді/.

Шикідей де, пісідей де,

/Мейлі тышқан кісіней ме/.

Біріне де қарамай,

Ет пен сүті, май мен құрты,

Толып тұрды жағалай.

Күнде ойын сауықтан,

Сартап болып мауыққан.

Семірген Мысық,

Серейіп түсіп, айтты:

/Көзі тірі ғой/,

Мен сорлының көргені,

Иттің күні ғой?! ...

Мұны естіген Төбет,

Шынжырын салдырлатып,

Орнында қалды қатып.

Ауф! Өксіген өмірің-ай,

/Ойланып, деді былай:/

О, бейшара жерлесім,

Күніңді маған бермесін!

              *       *       *

Тарылмай ма, тек қана,

Тәуба, иманы жоқ қана.