Күні кеше АҚСУ ауданының (Алматы облысы)   90-жылдығына арналып шығарылған «АРАЙЛЫ ӨЛКЕМ-АҚСУЫМ» және «АҚСУДЫН АРДА ТҰЛГАЛАРЫ» атты  КІТАПТАРДЫҢ  «тұсаукесері» өткізілді. Сол жөніндегі хабарламамен танысыңдар!

 

 

 

 

«АРАЙЛЫ ӨЛКЕМ-АҚСУЫМ» және «АҚСУДЫН АРДА ТҰЛҒАЛАРЫ» атты  

КІТАПТАРДЫҢ  «тұсаукесер» шарасы туралы

 

АБДИКЕРОВА Гуля, Ақсу аудандық кітапханасының директоры.

 

 Аталмыш шара  14 маусым күні  «Молықбай» атындағы аудандық мәдениет үйінде  өткізілді. Оған ауыл әкімдері, мекеме басшылары, ардагерлер, мәдениет үйі қызметкерлері мен кітапханашылар, жастар өкілдері қатысты.

  Шара оған қатысушылардың аудандық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған  «Ойлары ұтқыр, қаламы ұшқыр кемеңгер, Аксудан ұшқан дарынды талай қаламгер» атты кітап көрмесімен танысудан басталды.

 

  Одан кейін шараның ресми  бөлімі жалғастырылып,  оны мәдениет үйі  директоры Асхат Досмуханбетов  жүргізіп отырды.

  Алғашқы болып сөз берілген ауданның әкімі БАЗАРХАНОВ Eciм Сейілханұлы бұл шараның ауданның 90 жылдыгын атап өту мақсатында белгіленген кешенді шаралардың басты бөлімі екенін, соған орайластырылып  шығарылған  кітаптардың аудан тұрғындары мен жастарына, жалпы  окырман қауымға аудан тарихы мен ұзақ жылдардағы ел тіршілігін, оның әр кезеңдерінде халыққа аса танымал болған тұлғаларын таныстыру-насихаттау мақсатындағы  аса құнды және қажетті шығармашылық туындылар екенін баса көрсетті. Соған орай кітаптардың  дайындалуын толығымен өз жауапкершілігіне алып, баспадан шығаруын ұйымдастырған ауданның сыйлы да ардақты тұлғаларының бірі,  мемлекеттік қызмет ардагері, ел ағасы, «Ақсу ауданының Құрметті Азаматы» Серікбек СЕРПЕРБАЕВҚА  атқарған шығармашылық еңбегіне деген аудан тұрғындары мен белсенді азаматтарының атынан құттықтауларын, үлкен ризашылық ниеттерін жеткізіп, оған осы бағыттағы ізгілікті істерін  жалғастыра беруіне, өзіне мықты денсаулық,  амандықта болуына тілектестігін білдірді.  

 

 

 Өз кезегінде сөз алған аталмыш кітаптардың авторы Серікбек СЕРПЕРБАЕВ олардың дайындалу мақсатын, мазмұндық құрылымдары, жазбалық деректерінің қалай жинақталғаны және іріктелгені туралы түсініктеме берді. Сонымен бірге аудандағы жартығасырға жуық қызметтік жылдарындағы өзінің бастамасымен, ұйымдастыруымен атқарылған елдің есінде қаларлық маңызды да ауқымды қоғамдық-мәдени шаралар, таңбаланып қалған ескерткіштік дүниелер туралы баяндады. Ол арнайы дайындалған бейнежазбалық көріністермен ілестіріп отырылды (ол төменде берілді).

 Сөзінің арасында С.Серпербаев жиынға қатысып отырған біраз өзінің ұстаздарына, аудан басшыларына, ардагерлерге, шәкірттеріне  кітаптарын сыйға тарту етті. 

 

 

 *       *       *

 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Одан кейін сөз алған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді АЙТБАЕВ, еңбек және мемлекеттік қызмет ардагері Орал ИСАНОВА, еңбек ардагері, журналист Дүйсен МҰХАМЕТШАРҰЛЫ кітаптар авторына құттықтауларын, ризашылық сезімдерін білдіріп, алдағы уақыттарына жақсылықтар тіледі. Аудан тумасы, танымал ақын Ербол ОРАЗБЕКОВ елағасына деген ыстық ықыласын, ізгі ниеттерін өлең шумақтарымен жеткізді.

 

 *       *       *

Серікбек Серпербаев ағамызға

(аудан кітаптарының тұсаукесеріне)

 

Ақсу десе қуанып тұрады ішім,

Айтылады халқыма жыр алғысым,

Құтты болсын биылғы келіп жеткен,

90 жылдық, ағайын, қуанышың!

 

Соған орай бүгінгі шарамызда,

Келді міне ел тарихы арамызға,

Ұсынған кітаптарын оқырманға,

Алғысымыз шексіз Серікбек ағамызға!

 

Жақсының сөзін жанына азық көрген,

Тарих бетін тереңнен қазып берген,

Өшпес мұра артына із қалдырып,

Кітап қылып барлығын жазып келген.

 

“Жұртым” деп жүрегі соға білген,

Еңбегіне ел көңілі тола білген,

Серікбек ағам мың жасасын,

Жақсылықтың жаршысы бола білген!

 

Ақсудың жаңалығы, таңдамасы,

«Ақсу сайтта» біздің өңір жарнамасы,

Ақсудың атты өшпейді мәңгілікке,

Сіз секілді еңбек етсе бар баласы!

 

 *       *       *

  Содан соң аудан басшысы Есім БАЗАРХАНОВ пен ел үлкендері  салтанатты түрде кітаптардың  «тұсаукесер»   лентасын қию шарасын атқарды.

  Шара соңы мәдениет үйі қызметкері, әнші Қали ҚАПАРДЫҢ С.СЕРПЕРБАЕВТЫҢ сөзіне жазылған «АЛТЫН ҰЯМ-АҚСУЫМ» (АҚСУ МАРШЫ) әнін  орындалуымен аяқталды.