Құрметті сайт оқырмандары!

Осы сайтымыздың «Мекенім — Ақсу өңірі» атты тарауында ауданымыздың  ауылдық округтері, мекемелері, мектептері туралы  мақалалардың жариялана басталғанын байқап отырсыздар.   Әрине, бір ғана деректік мақалада, олардың танымдылық тұрғыда толыққанды болуы мүмкін еместігі түсінікті жайт.  Осы орайда,  интернет жүйесінің бір ыңғайлысы, сайтта жарияланған мақалаларды түзетіп реттеуге (егер, қателіктер кетіп жатса), немесе  толықтыруға болатындығы.  Сол сияқты,  тақырып мазмұнындағы қажетті материалдардың  жинақталуына қарай,  мақалаларды сайт бетінде циклді түрде жалғастыра беретінімізді, бұрынырақ айтқан болатынмын.
  Міне бүгін, сондай мүмкіндікті ауданымыздың Арасан ауылына байланыстырып отырмын.  Оған, ең алдымен, әлеуметтік жүйедегі осы сайтпен аттас менің «тобымда» жарияланған, жерлесіміз, Елдос Тоқтарбайдың  Қапал-Арасан өңірінің қазақ тарихында алатын ерекше орны  туралы мақаласы түрткі болды. 

  Осыған орай, айта кетсем, Елдос Тоқтарбай жас та болса,  бүгіндері еліміздің шығармашылықкерлері (атау өзімдікі) ортасынан «ойып тұрып, орналасып жатқан» ақын,  әдебиетші  және тарихты, оның ішінде ел қайраткері БАРЛЫБЕК  СЫРТТАНОВТЫ зерттеуші. Көп ұзамай , сайтымызда  Елдос   бауырымыз туралы да және Қапал ауылы тарихына байланысты  мақалалар  болады...

  Сонымен бірге, осы сәтті пайдаланып, Арасан ауылдық округі туралы өткен жолғы сайт мақаласын, ауыл өмірі және онда өткізілген шаралар туралы фотогалереямен толықтырып отырмын.  Қабыл алыңыздар!

Арасан өңірінің айшықтары

   Ұлан-ғайыр мына Ұлы Даланың кез келген атырабын шет елдіктерге мақтана көрсетуімізге болады. Айнадай мөлдір көлдер, құйқалы-қыратты өңірлер, таумен таласқан қарағайлы ормандар, аспанға қол созған асқарлы шыңдар, жеріне таяқ қадасаң, дарақ болып өсетін шұрайлы өлкелер біз де жетерлік. Сұлулығымен, әсем табиғатымен көрген жұртты тамсандырып, таңдандырған қазақ даласының бір пұшпағы – Жетісу. Ықылым заманнан бұ Жетісу – жер жәннаты, жер жұмағы, шоқтығы болып саналады емес пе! Осынау айналайын атамекеннің не заманнан жазиралы мекені, жер құты болған асыл қазынасы – Ақсу, Қапал-Арасан өңірі еді.

 

Арасанның айшықтары
Фото Елдоса Тоқтарбая.Ұлы Даланың сұлу мекені –Арасан! Қазақ сахарасының маржан көздерінің бірі – Арасан өңірінің қазақ тарихында алатын орны ерекше. Арасан өңірі де өз басынан қилы тарихи кезеңдерді өткірді. Қазақ халқының басынан өткерген қайғы қасіреті мен қуанышы бұл өңірде де ізін қалдырды. Арасан даласы айбынды Шыңғыс хан әскерлері тұяғының астында да тапталды. Оған дәлел: халық санасында ғасырлар бойы өшпей келе жатқан Шыңғыс хан қолбасшыларының бірі – Қапын туралы аңыз. Қапал ауылы маңындағы «Бәйге төбе» осы қолбасшыға арналған мазар екені дәлелденеді аңызда.
Баянжүрек тауы – қазақтың атақты Қасым ханы ат шалдырып демалған жері. Қылышынан қан тамған Жоңғар қалмақтары да Арасан алқабын ғасырға жуық мекен еткен. Қазақ даласын Жоңғар басқыншыларынан азат ету үшін болған жорықтарда Арасан жерінде халқымызды Абылай, Төле, Қабанбай, Баян, Шоңай, Дәулетбай, Еспембет, Есенкелді, Ақбантай секілді дара перзенттері жерімізден қалмақ басқыншыларын қуып шығып, халқымыздың тәуелсіздігін алып берген.
Күллі қазақ даласын отаршылдыққа қарсы көтерген сұлтан Кенесары қозғалысының жалыны да осы өңірді шарпып өтті.1849 жылы Қыдырәлі руының көсемі Тәнеке батыр бастаған қазақ сарбаздары Кенесары мен Наурызбайдың өмірін қиған қырғыз манабы Тұрағұл ауылын шауып, қылмыскерді ат құйрығына байлап, аяусыз жазалады. 1860 жылы ішкі Ресейден жер ауып келген орыс қара шекпенділері Арасан ауылының іргетасын қалаған еді. 
Қасиетті Арасан өңірінің дәмін ұлы орыс саяхатшылары Семенов Тянь-Шаньский, Г.Н.Потанин, ағылшын елшісі Аткинсон татты. Қазақ мәдениетінің шоқ жұлдыздары Әсет ақын, Жаяу Мұса, Біржан Сал, ақын Сара, Шәкәрім, Түбек ақын секілді дала перзенттері ән шырқаған жер еді бұл! Қазақ халқының дарынды азаматы, ғалым Ш.Уәлихановтың ерекше ықыласы ауған жер де осы – Арасан алқабы еді.
Арасан жері халқымыздың бостандығы мен ұлттық тәуелсіздігі, оның жарқын болашағы үшін аямай тер төккен асқан білімпаз, елді аузына қаратқан, қазан төңкерісіне дейінгі мерзімде Қазақстанда отаршылыққа қарсы батыл үн көтерген ірі мемлекет қайраткерлерінің бірі – Барлыбек Сырттановтың кіндік қаны тамған жер.
Кезінде Ә.Бөкейхан, Ж.Сейдалин, Б.Қаратаев, Ғ.Мұсағалиев, М.Тынышбайұлы, М.Сердалин, К.Тоғысов секілді қоғам қайраткерлерімен қоян-қолтық араласқан, қазақ халқын отаршылдықтың қанды шеңгелінен босатудың қамын ойлаған ұлы даланың перзенті, ірі қоғам қайраткері, қазақтың ағарту саласында ерекше орын алатын Біләл Сүлеевтің кіндігі Баянжүрек тауында кесілген еді.
Арасан өңірін жайлаған ақсүйек, атымтай жомарттар да халқымыздың мәдени-ағарту саласынан шет қалған жоқ. Атақты Қыдырәлі Маман байдың ұлдары Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенғұл қажылар Жетісу өлкесінде мектеп ашып, Маманның кіші ұлы Есенғұл қазақ романына бәйге жарияласа, үлкен ұлы Тұрысбек әйгілі «Біржан-Сара» айтысын өз ауылында өткізген еді.
Өткен ғасырларда Арасан жеріне алғашқы қоныстанған, орыстың қара шекпенділерінің келуі бекерден бекер емес. 1788-жылдары бұл ауылдан Жібек жолы дәл түп нұсқасымен қиып өткен. Бұл жер қасиетті билер елімен, талай тарлан таланттардың түнеп өткен киелі, жол үстіндегі кішігірім шағын казактар бекеті болған. Әйгілі Қыдыралы бидің төрелік еткен қасиетті жері.
Фото Елдоса Тоқтарбая.Арасанның солтүстік батыс жерлерін, Қарақия, Көңтөбе, Асуөтер, Қарашоғыр шалғыны сияқты жерлерді орыстар мекендеп, ағаштан алғаш үй салған. Сол ғасырда әйгілі географ Шоқан Уәлиханов пен П.П.Семенов келген. Шоқан Уәлиханов Қапал уезін, Жоңғар Алатауын, Жетісу өңірін Қашқар сапарына барарда картаға сызған болатын.
Қапал, Арасан өңірі – қазақ даласының жиделібайсыны болған қасиеті өңір еді. Ажары тайып, базары тарқап, өңі қашқан бұл ауыл-аймақтың ендігі тағдыры – Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының еншісінде. 
Негізі, Қапал-Арасанның жазиралы дархан даласына құдды бір қызылды, жасылды бояуды төгіп алған сияқты ғой. Айналасы – небір гүл, қылқан жапырақты өсімдіктердің алуан түрі бар, хош иісті жер мекені – туристер үшін, кез келген қазақ баласы үшін нағыз демалып ақ қайтатын жер еді.

 

Қапалдың қилы тарихы

Биыл Қапал бекінісіне 170 жыл! Иә, Қапал бекінісінің негізі 1847 қаланғанымен, оның тарихи тамыры тым тереңнен сыр шертеді. V – VII ғасырларда бұл шаһар Қимақ мемлекетінің ордасы болған-ды. Тегінде, «Қапал» атауы қалай пайда болған? Әуелі, елді мекенді жағырапиялық жағынан алып қарағанда, орналасқан жері сазды, көк шалғынды, қопалы болып келеді. Сосын ел-жұрт – «Қопалы» деп атаған екен. Екіншіден, Есім ханның тұсында сүйегі – Дулат атасынан тарайтын Қапал есімді батыр болған. Оның жерленген жері Қапалдан 30-40 шақырымдай аралықта орналасқан Қоңыр ауылының іргесіндегі «Қара мола» бейіті. Үшінші бір тарихи дерек былай деп сөйлейді: қалмақтың да Қапал есімді қолбасшысы болыпты. 1723 жылғы Талас өзенінің бойында өткен қазақ-қалмақ соғысында Бөрібай батырмен жекпе-жекке шығып, жан тапсырыпты. Қалмақтар оның сүйегін «Тамшыбұлақ» жотасындағы «Төске» алаңына жерлеген екен. 
1845 жылға дейін Қопалы өңірі – тарихтың нақ өзі, куәсі болғанға ұқсайды. Қара шекпенділер келген соң, түркі жазуымен бедерленген көптеген балбалтастарды қиратып, үй салып, бекініс құрған. 

Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиет зерттеушісі

 

Арасан ауылдық округі-2. Фотогалерея

Ұлы Отан соғысына қатысушыларына арналған ескерткіштің ашылуы. Арасан ауылы


Ұлы Отан соғысына қатысушыларына арналған ескерткіш. Арасан ауылы

 

 

 

«Баянжүрек» тойханасында. Арасан ауылы