Құрақсу ауылы, Ақсу ауданы

 

  Матай ауылдық округі құрамына кіретін  Құрақсу ауылында 500-ге жуық тұрғындар  бар.  Ауылда  Қ.Мұқашев атындағы орталау мектеп, ФАП, кітапхана, пошта, байланыс бөлімшесі бар.

   Құрақсу ауылы  аудан орталығы — Жансүгіров ауылынан  солтүстік-батысқа қарай 155 шақырым жерде, Ақсу өзенінің оң жағалауында, баялыш, сұр жусан, күйреуік басым өскен сұр, құмайтты шалғынды топырақ қалыптасқан қуаң жазықта орналасқан.  Ауыл аумағында изен, жусан, көк құрақ, теріскен, көк шөп, жиде, сексеуіл мен шеңгелдердің ,  көктал, үйеңкі, тораңғы, қамыстың әр түрлері қалың өседі.  Сол сияқты, өңірдің табиғи жағдайының ыңғайлығына  байланысты елік, шошқа, борсық, қоян, т.б. аңдардың және, қырғауыл, үйрек тектес құстардың өптеген түрі молынан өсіп-өнеді.

   Климаты–жазы ыстық, қысы суық, қалың құм басқан шөл.Құмдар ортасында балықтарға бай бірнеше көлдер бар.  Құрақсу көлдер жүйесі деп аталатын олар,  Ақсу өзенінің екі жағында Құрақсу каналынан бастап, оның сағаларына дейінгі аралықта бірнеше шақырымға созылып жатыр.

   

   

 

 

 

 

 

 

 

 

   Бұл ауылдың аймағы бұрындары Ақсу ауданы шаруашылықтарының малдары қыста жайылып шығатын қыстауы болған. Аудан басшыларының ұсынысы бойынша, осы жерде Қазақ КСР ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру және дайындау Министрінің 1963 жылғы  30 қарашадағы бұйрығымен Құрақсу қой кеңшары ашылды.

   1972 жылы жаңадан Бөрлітөбе ауданының құрылуына байланысты,  кеңшар осы ауданның құрамына кірген. Мал басы көбейіп, күрделі құрылыстар жүргізілді. Ақсу өзеніне көпір салынып, Құрақсу–Матай тас жолы асфальттанды. Екі қабатты мектеп үйі, 90 орындық балабақша, интернат, 150 орынды клуб, 25 төсектік аурухана, МТМ, құрылыс бөлімі, қоғамдық монша, дүкендер, тұрғын және малшылар үйлері, мал баздары салынып, 4 шақырым жер асты су құбыры жүргізілді. Ауыл орталығы мен мал қыстақтары толық электрленді. Халық саны 1200-ге дейін көбейді. 1977-78 жылдары қой-ешкі саны 30 мың, ірі қара-15 мың, жылқы- 400, түйе-90 басқа жеткізілді.

  Шаруашылықты әр жылдары  Ж.Қоңырбаев (1964-66),  Т.Орынбаев (1966-68), Ә. Бекбосынов (1968-71),  Ш. Оспанов (1971-72),  Б. Исламжанов (1972-74),  Қ. Әбуов (1974-78),  Н. Мырзахметов (1978-79),  М. Керімқұлов,  М. Нығметов  Т. Кәріпбаев,  С. Базарханов (1979-91),   Ә.Далбағаев (1991-92), Қ. Найзабаев (1992-96),  Ә. Жақсыбеков (1996-98) және О. Шаженовтар (1998—2000) басқарды.

  Партия комитетінің хатшылары болып,  Қ.Мұқашев, Қ.Медеуов,  С. Әлсейітов, Т. Оралбеков, Қ. Долаев, Қ. Құдайбергенов  және  Т. Егізтаев қызмет атқарды.

  Құрақсу ауылдық Кеңестің төрағалары — К.Кеңсебаева (1965-67),  Н. Журавлева (1967-69), Т. Жақыбаев (1969-71) және  Т. Қыдырбеков (1971-96) болды.

   Құрақсу  кеңшары  1994 жылы  желтоқсан айында  таратылып, Құрақсу өндірістік кооперативі болып құрылды. 1997 жылы ол да тарап, бірнеше шаруа қожалықтары құрылды.

 

   Ленин, «Еңбек Қызыл Ту» ордендері иегері, шопан- Аманжол Әбәсілов; «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызылту» орденді шопан — Қанатқан Сүлейменов; көптеген ордендер иегерлері, механизаторлар — Несіпбай Дәрменбеков, Амантай Абасылов, Балтабек Жұмашев; «Еңбек Қызыл Ту» орденді малшы- Тұнықбек Сүйеубеков; ағайынды Советбай мен, Үмбетбай Мәукеновтар, Қатарбаев Әсет, Серік Дулатов, Берік Досбаев, Өмірәлі Тілеуқұлов, Жармұханбет Бейсенбеков және басқалардың есімдері — ауыл мақтаныштары ретінде айтылады.

  Құрақсу кеңшары кезінде,  Түргенбаев Ермұхан — бас инженер; Байханов Тұрарбек — бас бухгалтер; Бөпебаев Құрманғали, Медетханов Ыбырайхан, Ақылбеков Мұраттар — мал дәрігерлері  болып абройлы қызмет атқарды.

  1959 жылы Құрақсу ауылдық ауруханасы ашылды. Оның бас дәрігері болып — Сыбанова Бағила, Құдайбергенова Жәміш, Байболов Жұмабай, Бөлебаев Жұмабек, Беспаев Естай және Тоқтасынова Ботакөздер қызмет атқарды.

  Құрақсу кеңшары 1994 жылы желтоқсан айында таратылып, Құрақсу өндірістік кооперативі болып құрылды. 1997 жылы ол да тарап, бірнеше шаруа қожалықтары құрылды.

 Құрақсу ауылы округінің алғашқы әкімі — Кеңесбаев Бейсен, одан кейін Өмірбаев Төлеубай, Солтанбеков Әділжан Жабықбайұлы, Біркеленов Бекетай және Смағұлов Ұлан болды.

  2013 жылы Құрақсу ауылдық округі тарап, оның аумағы толығымен Матай ауылдық округі  құрамына енгізілді...

 

Табиғат көріністерінен...