Құрметті осы мақаланы оқушылар!

Мақала алдында, Сіздерге осы сайттағы ауылдық округтері туралы  жарияланған (алда жарияланатын) деректік мақалалар «авторлық емес» екенін ескертеміз! Олар, ауданымыздың 80-жылдығы мерекесі қарсаңында ауыл округтерінен  жинақталған материалдарды негізге алып,  бүгінгі ауыл мамандарының толықтыруларымен  құрастырылып отыр.

  Осыған орай, егер мақала деректерінде қателіктер кетіп жатса, оны жедел түзеуге дайынбыз!  Ал, оған жеке бір адамдардың есімдері  әртүрлі себептермен кірмеген болса, сол жөніндегі кінә қоюшылықты (претензияларды) сайт иелері өзіне еш қабылдамайды!  Бірақ, соның өзінде, мақалаға ондай азаматтар туралы деректерді  қосымша енгізіп, оны толықтыруға әбден болады. Яғни, сондай азаматтар туралы  (лайықты  деп санасаңыздар) деректер жазбасын (ауылға сіңірген еңбектерін, марапаттарын көрсетіп), ауыл округі әкімдігі мамандары  арқылы, немесе осы сайттағы  эл.адреске тікелей жіберулеріңізге болады!

Қапал ауылдық округі  Ақсу ауданы


Ауылдық округі орталығы —Қапал ауылы.  Жер көлемі  0,5 мың шаршы шақырым.   Халық саны–4,5 мыңдай. 

 Ауылда Ғали Омаров атындағы және Есболған Жайсаңбаев атындағы 2 орта мектеп,  Қапал  № 12  кәсіптік  колледжі,   балабақша,  ауылдық  аурухана, кітапхана,  мәдениет  үйі,  мұражай, пошта бөлімі, байланыс торабы, полиция бөлімі, сүт зауыты,  орман шаруашылығы мекемесі, өртке  қарсы күрес бөлімі, селден қорғау бөлімі,  электрлік станция,  ауылдық мешіт  және мал дәрігерлік пункт, т.б. мекемелері халыққа қызмет етеді.

  Шағын  кәсіпкерлік  саласы бойынша  19 сауда  орны, 3 тойхана, наубайхана,  асхана, дөңгелек  жөндеу  шеберханасы, 2 шаштараз, аяқ  киім  жөндеу  шеберханасы,  2  шағын кірпіш  жасау цехы бар.   

  Округте пайдаланылып  жүрген  ауылшаруашылығы  мақсатындағы  жер  алаңы -36, 7 мың  гектар.  Оның ішінде:  егістік — 6,6 мың;  жайылым - 24,0 мың;  шабындық-2,2 мың га.   Мал  шаруашылығы  бойынша   ірі  қара,  жылқы,  қой-ешкі  және  құстар өсірумен айналысады.

 

 

Қапал ауылы аудан орталығы - Жансүгіров ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 77 шақырым жерде, Қапал өзенінің жағалауында, Қарасу тауының етегіндегі жусан аралас боз, бетеге, көкпек өскен қоңыр, қызыл қоңыр топырақта тау алдының құрғақ жазығында орналасқан.

Қапал өзені – Ақсу алқабындағы өзен. Бастауын Жетісу Алатауының оңтүстік-батыс сілемі – Қаратаудың солтүстік беткейіндегі бұлақтардан алып, Қызылағаш өзеніне құяды. Қаржер асты суларымен толығады. Арнасы тік жарлы. Ұзындығы 42 км (салаларын қосқанда 204 км), су жиналатын алабы 398 км2.  Жылдық орташа су ағымы 2 м3/с. Өзен егін суғаруға пайдаланылады.

 

Қапал өңірінің табиғат көріністері


Қапал өңірінің табиғат көріністері

  

 

 

 

 

 

 

 

 

Қапал өңірінің табиғат көріністері


Қапал өңірінің табиғат көріністері

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қапал өңірі мен ауылының тарихы өте қилы,  ерекше мол. Қапал бекінісінің негізі 1847 жылы қаланғанымен, оның тарихи тамыры тым тереңнен сыр шертеді.  Кейбір деректер бойынша осы өңірде табылған архитектуралық ескерткіштер. орны VI-VII ғасырларда Қимақ мемлекетінің ордасы болғанын көрсетеді.  Қорғандарының маңайында сол кезеңде өмір сүрген тайпалардың көне зираттарының орны сақталған. Ол туралы деректерді  әл-Идриси, әл-Рашиди, Гольдезилардың тарихи еңбектерінен бастап көптеген тарихи-әдебиеттік шығармашылықтардан молынан алуға болады.

   Әрине, Қапал өңірінің  мазмұнды да, мәнді бірнеше ғасырлық тарихы шағын мақала шеңберіне сыймайды. Сондықтан да, ол туралы төмендегі жазбамызды ресми энкиклопедиялық деректерді негіз ете отырып, беріп отырмыз.

      "... Қапал  ауылының  іргесі 1847 жылы әскери бекініс ретінде қаланады.

1854 жылы 19 маусымында  Семей  облысының   құрамында    Қапал  округі  құрылады. Қапал уезінде 12 бекет салынады. Қапал  бекеті   Қапал  қаласы  болып  өзгертіледі. Осы, 1854 жылы, Қапалда 626 үй, 10 көше, 8 көлденең көше, 60 орындық орыс мектебі, 50 орындық қазақ медресесі, тастан каланған 5 үй, 5  цейхгауз және Қапал өзенінің бойында 42 диірмен, 9 көпір болады. Нан және  арақ  зауыттары,  20  тұрақты және  57 уақытша  ашпа сayда нүктелері жұмыс істеген.

1856 жылы қараша айында Үлкен  орданың  қазақ  Приставствосы  Семей  облысының Алатау  округі  болып өзгертілді. Алатау  округінің  құрамына  (Қапал  округінің  оңтүстік  бөлігі Қаратал  мен Іле   өзеннінің  аралығы)  Іле  аймағы, Күнгей  және  Теріскей Алатау  аймағы  кіреді.  Орталығы  Верный  қорғаны  болды.

Патшалық Ресей билеген 1867—1918 жылдары, Ақсу, Қапал өңіріндегі 14 болыс елін біріктіретін Жетісу губерниясының Қапал уезінің орталығы болады.  Нақтылап  айтқанда, 1867 жылы  11 шілдеде  Жетісу  облысы құрылып, құрамына Қапал уезі де  кіреді. 1899 жылы  11 маусымда  Жетісу  облысы  Түркістан  аймағына  қосылады. 1913 жылының  басында  Жетісу  облысы Қапал  уезі  Қапал  қаласы  қайта  ашылады. (Қапалда 1894 жылы 12 мың халық тұрған).

  1918 жылы наурызда осы өңірде Кеңес өкіметі орнап, 26 мамырынан Жетісу  облысының  жұмысшылар,  шаруалар  мен  қызыләскер Кеңесі  депутаттарының  атқару  комитеті  жұмыс  жасай  бастады, 

  1920 жылы  29 наурызда ақтардың әскерінен азат етіліп, азамат соғысының дүрбелеңі аяқталады. 1921 жылы  1-ші қазанда  Жетісу  облысы  Туркістан   республикасы  құрамына  енеді, ал, оның Семиреченск  облысының  құрамына  Қапал   аймағының  7 уезі (Талдықорған  және  14 болысымен) кіреді.  1922 жылы  2 маусымда  Қапал  уезі  Талдықорған  уезі  деп  аталады да,  орталығы  Қапалдан  Гавриловка  селосына (кейіннен  Талдықорған деп  өзгертілген)  ауыстырылады.

   1928 жылы  Қапал уезі (кейіннен Талдықорған уезі болып өзгертілген) таратылып,  Бүйен-Ақсу  ауданының  құрамына енеді

  1939 жылы  16 қазанда  Қазақстан Советтік  Социалистік  Республикасының   Жоғарғы  Кеңесінің  Жарлығымен  Талдықорған  ауданынан  бөлініп,  Қапал  ауданы  құрылады,  орталығы  Қапал  селосы  болды.

  Содан кейінгі тарихында Қапал ауданы  Талды –Курган  облысы сияқты  бірнеше рет таратылып, қайта құрылып отырады. 1944 жылы  15 наурызда Қапал  ауданы  Талдықорған  облысының  құрамына  енді. 1959 жылы  6-шы маусымда Қапал  ауданы  Алматы облысы  құрамында құрылды. 1963 жылы басында Қапал  ауданы  таратылып, Қапал селосы Ақсу  ауданының  құрамына  енгізілді. 1970 жылы 4-ші желтоқсанда Қапал  ауданы  қайта  құрылды. 1997 жылы  22 сәуірде Қапал  ауданы жаңадан қайта  құрылған Алматы  облысының  құрамына  енеді.

 

   1997 жылы мамыр айындағы әкімшілік-аумақтық құрылымдық өзгерістер нәтижесінде Қапал ауданы таратылып, бірнеше ауыл округтерімен бірге Қапал ауылы да Ақсу ауданының құрамына енді. Ол ауыл округінің және «Күреңбел» шаруашылығының орталығына  айналды. Қазіргі уақытта кооператив те таратылған...

   Шежіреге толы өлкенің «Қапал» атануы туралы да әрқилы жорамалдар, болжамдар айтылады. Оны зерттеушілер тарапынан айтылатын негізгі нұсқалар төмендегідей болып келеді.

   Бір тарихи деректер бойынша, бұл атаудың пайда болуын, қалмақтардың Қапал есімді қолбасшысы болған деп, соның  есімімен байланыстырады. Ол 1723 жылғы Талас өзенінің бойында өткен қазақ-қалмақ соғысында Бөрібай батырмен жекпе-жекке шығып, жан тапсырыпты. Қалмақтар оның сүйегін «Тамшыбұлақ» жотасындағы «Төске» алаңына жерлеген делінеді. Бұдан 100 жылдай уақыт бұрын Н.А.Абрамов  деген зерттеуші де осы пікірді айтады...

  Екіншісі, кейіннен Г.К.Комакашинев дегеннің зерттеулерінде бұл пікірдің негізсіз екені айтылады. Ол «Қапал» атауының, сол жердегі «Қопалы» деген өзен атымен қойылғанын және оның «Қапал» болып өзгеруіне орыс тілінің әсері болғанын айтты. Былай, жағырапиялық жағынан алып қарағанда да, елді мекеннің  орналасқан жері сазды, көк шалғынды, қопалы болып келеді. Сосын ел-жұрт та «Қопалы» деп атауы мүмкін жағдай...

Қапал батыр ескерткіші

  Қапал атауының негізгі  деректері, осы өлкеде бірнеше рет болып, көп еңбектерін қалдырған Ш.Уалихановтың зерттеулерінен алынады: «Қапал станицасы Қапал батырдың есімімен аталған.  Қапал батырдың мәйіті Қапалдан 40 шақырымдай Қарамола деген жерге қойылған». Есім ханның тұсында, сүйегі – Дулат атасынан тарайтын Қапал есімді батыр болған. Ол қолбасшы ретінде жерімізді жаулап алған жоңғар шапқыншылықтарына қарсы жанкештілік танытқан батыр.  Осы пікірді Б.Сырттанов та естелігінде: «Қапал-сол жерде зираты бар Қоңырат қазақ батырының есімімен аталған. Оның құрылысы 1847 жылы Аягөз қаласымен бірге басталған»-деп, жазған. Бұл дерек «Қапал» атауының шығуы Қапал батырдың есімімен тікелей байланысты екенін ақиқатқа жақындатады.

  Қапал батырдан тараған ұрпақ «Қай елсің?» деген сауалға «Қапалмыз» -деп жауап қайтара жүріп,  кейіннен  жаңағы Дулаттың Жаныс ішінен тарайтын Қапал деген  ру қалыптасқан деп айтылады. Өздерін Батыр бабамыздың ұрпақтарымыз деп санайтын  Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданы азаматтары, батарға Шымкент қаласында үлкен ескерткіш орнатты. 2004 жылы бабаларының зиратына келіп тағзым етеді, қазіргі Қоңыр ауылында ас беріп, Алматы-Өскемен тас жолының бойына ескерткіш орнатады.  1999 жылы  «Қапал батыр өрені» атты шежіре кітап шығарды. Көптеген зерттеулер мен жорамалдарды салыстырып, сараптай келе жергілікті  өлкетанушы,  тарихшы марқұм М.Қ.Алыбаев та «Қапал атауы Қапал батырдың есімімен тікелей байланысты» деген тұжырымдамасын өзінің тарихи зерттеу еңбектерінде келтіріп, көп еңбек еткен...

   Енді, осы деректерге қосымша ретінде, Қапал, Ақсу өңірінде өскен, білім алып, еңбек жолын бастаған, Алматы облысының бірнеше аудандарын басқарған, облыстық деңгейдегі басшы қызметтерде істеген, Жетісу өлкесінің тарихы жөнінде көптеген зерттеушілік еңбектері бар, Алматы облысының құрметті азаматы, Тоқтарбек Кәріпжанұлының Қапал ауылының 150 жылдығына орай арнайы жазылып, баспасөз бетінде жарияланған «Жетісуға танымал шаһар...» деректі мақаласын ықшамдап беріп отырмыз:

  «Кезінде жер жаннаты Жетісуға кім қызықпаған, кімдер көз тікпеген?! Талай алпауыттардың түсіне кіріп, түн ұйқысынан оятқан бұл өңірдің жері, суы, ауа райы, жалпы табиғаты- адам өміріне, шаруаға тым қолайлы. «Түгін тартса майы шығатын» Қапал жеріне патша үкіметі жанталасып бекініс сала бастаған...

Осы кезеңде бұл өңірдің сұлу табиғатын Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, П.Семеновтармен қатар ағылшын ғалымы Уильям Аткинсон сынды саяхатшылар зерттеп, тамашалаған. Орыс империясы күшейіп, оңды- солды қанат жайған 1847 жылы Қапал бекінісінің іргетасы қаланды. Ал 50-ші жылдардың ортасынан кейін-ақ қазақтың байтақ даласындағы қала мәдениетінің ХІХ ғасырдағы үлгісін танытқан Қапал-аса бай тарихымен, қайталанбас сәулеттік бітімімен, табиғи әсемдігімен белгілі қалалардың біріне айналды...

Қазіргі асхана болып тұрған ғимарат бір кездері Семейдің уақ руынан шыққан бір ірі байы Тыныбай салдырған мешіт еді. Ол кісі Құнанбай қажымен (Абайдың әкесі) құда, біздің елге де құда-жекжат болатын. Қапалдың шығыс жағындағы бір кездері аудандық банк орналасқан–қызыл кірпіштен тұрғызылып, сырты жасыл түсті бояумен әсемделген татар мешіті. Бұдан басқа орыс шіркеуі, тағы да бір қазақ мешіті болып еді. Кезінде мұнарасы көкке көтеріліп, айшығы жарқыраған 3 мешіт, 1 шіркеу болған.

Сонымен қатар Қадірбай, Сәлімбай қажылардың Шаяхмет, Садықбай т.б. байлардың көше бойлай салған еңселі екі қабатты әсем үйлері көз тартатын. Қала халқына арналған, офицерлер үшін салынған жеке клубтар болған. Бұл кезде қазақ балалары оқитын «Туземная школа», «Якобия» атты татар қыздары медресесі, орыс ер балалары мен қыздарына арналған «Приходская школа», төрт сыныптық бастауыш мектеп, т.б. оқу орындары болды...

 «Якобия» мектебіне бертінде халқымыздың аяулы ұлы Біләл Сүлеев жетекшілік етіпті. Фатима Ғабитова да осы мектептің түлегі екен. Бұл да тарих... Мұрағат деректеріне сүйенсек, Қапалдың тасы өрге домалап тұрған кезінде бұл тұста тері өңдейтін 2 зауыт, кірпіш зауыты, ұста дүкендері, 80-нен астам ірілі-кішілі дүкен, кітап дүкені, бірнеше ұн тартатын диірмен, асхана, наубайханалар жұмыс істеген. Кезінде бақ өсіру, жеміс ағаштарын отырғызу, қаланы гүлдендіруге баса назар аударылған. Қытайға қатынайтын сауда жолдары мен Құлжаға, Шәуешекке керуен жолдары жүретін болған...

 Табиғат жарықтық не деген шебер! Жөңке жазығына жақын сайдың ішінде жер астынан, әр қабырғасынан елімен қоштасқандағы арудың көз жасындай тамшылап тұратын, жазда салқын, қыста суы қатпайтын Тамшыбұлақ деген қолат бар. Қалаға ерекше көрік беретін осы бұлақ арнасы қаланы екіге бөліп тұрады. Оның суы таудан аққан Қапал өзеніне құяды. 1848 жылы жанына әйелін ерткен ағылшын саяхатшысы Томас Уильям Аткинсон Қапал бекетінде бір жыл қыстаған ғой. Ол Қапалда туған ұлының атын Алатау-Тамшыбұлақ қойған. (С.Марков. «Асқарға аттанғандар»,72 бет.)

Қаланың таңбасына (герб) енгізе қоярлықтай ерекше жәдігерлердің болмауынан қалалық басқарма қала таңбасына сегіз қырлы бекіністің көрінісін лайық деп тауыпты. Оның ортасына «патшаның тәжі, Н.А. 1848 жыл. Қапал қаласы» деген жазулар таңбаланған. Төңірегі гүлден өрілген шеңбермен көмкеріледі. Мұндағы «Н.А.» деген таңба Николай Андреевич деген патшаның аты- жөні. Бұдан шығатын қорытынды-халыққа жақсылығы жоқ, қанаушы патшаны дәріптеп көрсету ол заманда шексіз жол алған... 1867-68 жылдардағы ел басқарудың жаңа жүйесіне байланысты әкімшілік және әскери билік бір қолға көшірілді. Ресейдің отарлау саясаты одан әрі нығайтыла түсті. Реформаның нәтижесінде Жетісу облысының құрамында Қапал уезі құрылды. 1876 жылғы губернатордың бұйрығымен әр түтіннен салық жиналып, ол әкімшілік басқару орындарының еңбекақысына жұмсалған...

Тарихқа жүгінсек, Қапалдың басына әрқашан қара бұлт үйіріліп тұрған екен. Алғашқы құлдырауы Қазан төңкерісінен басталып, байлардың үйлері тәркіленіп, мешіт, медресе, шіркеу қиратылды. Толық емес есеп бойынша  400-ге жуық үйлер Талдықорған, Сарыөзек, Алматы, т.б. қалаларға көшірілген. Небір әсем үйлер иесізденіп, Қапал ауылдық кеңесі мен «Пламя революция» ұжымшарының (қазіргі Күреңбел ұжымының) қарамағына өткен. 1940ж. Қапал аудан болып құрылғанда көне үлгімен, өте биік талғаммен салынған Шаяхмет байдың екі қабатты 2 үйі аудандық кеңесі атқару комитетіне, Құсабаевтың үйі аудандық партия комитетіне қоныс болды...

Соғыстан кейін аудан орталығын Қапал-Арасан курортымен, Молалы темір жолымен байланыстыратын асфальт жол салынды. Барлық елді мекендер электрлендірілді. Жаңадан тұрғын үйлер салынды. Жаңа жетіліп келе жатқан аудан 1962 жылы желтоқсан айында таратылып, Талдықорған, Ақсу аудандарына қосылды. 1970 жылы ақпан айында бұрынғы шекарасымен Қапал ауданы қайта құрылды да, 1997 жылы қайта таратылды...».

 Қапал ауданы жеке әкімшілік құрылым болып тұрған жылдары оған бірінші басшы болған азаматтар: Жандыбаев Кеңес Абдулаұлы (1971-74);  Жақсыкелдинов Менғали Сенбайұлы (1974-80); Тазабеков Рахымбай(1980-85);  Каріпжанова Роза Оспанқызы (1985-87);  Жақиянов Оралбек Нұрсеитұлы (1987-89);  Медетбеков Турсынғазы Омарұлы (1989-91);  Алдабергенов Қалабек Құдайбергенұлы (1991-94) және Тұрғанбеков Асылмұрат (1994-97). 

Аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болғандар: Косарев Владимир Семенович(1971-80),  Белецких Иван Яковлевич (1976-81), және Зайцев Иван Васильевич (1980-89).

Қапал ауылдық Кеңесі төрағасы болғандар: Жуков Василий Алексеевич (1971-72); Есжанов Нұрбай Сарыбасович ( 1972-73); Сенбинов Каскен Сенбинович (1973-75); Кенжебеков Әділқазы (1975-80); Адильбеков Токен Қылышбекович (1981-82); Матрузиев Файзулла Макпулович (1982-85); Искаков Газиз Абаевич(1985-89) және  Қасабулатов Ермухамбет Жылкельдинович (1989–96).

Қапал ауылының танымал, ел сыйлаған азаматтары: 

Құсайынов Диқанбай Бөрлiтөбе аудандық оқу бөлiмiнiң инспекторы, Қапал аупарткомының үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi, Қапал орта мектебiнiң директоры қызметтерiн атқарды. КСРО оқу министрлiгiнiң  “Халық ағарту iсiнiң үздiгi» белгісінің иегері, «Қаз ССР халық ағарту iсiнiң  озық қызметкерi”.  «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерi мен көптеген медальдармен марапатталған.« Ақсу ауданының  Құрметтi азаматы»;

Бактиярова Разиға Нарысқызы(1924—2008)  Қапал орта мектебiнде мұғалім, аудандық оқу  бөлiмiнде аға инспектор болған.  «Халыққа  бiлiм беру iсiнiң үздiгi». «Еңбек Қызыл Ту» орденiмен, көптеген грамоталармен марапатталған. «Ақсу ауданының Құрметтi азаматы»;

Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов  Ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор. Мемлекет қайраткері. ҚР Парламенті депутаты;

Мулюков Ахат Аминұлы   Дәрігер,  Республика басшысы Д.А.Қонаевтың жеке емдеу дәрігері болған. ҚР-ның орталық медицина ауруханасының реанимация және   анестезиология бөлiмiнiң дәрiгерi қызметiн  атқаруда. Қазақ ССР-інiң “Еңбек сiңiрген   дәрiгерi”. ҚР Денсаулық сақтау үздiгi” белгісімен марапатталған;

Бармақов Баймырза Әбікенұлы  Дәрігер, еліне адал қызмет жасап, ауыл, аудан дамуына үлкен үлес қосқан ел ағасы. Аудандық мәслихатта жетекшілік қызмет атқарған;

Далибекова Макира Айтжанқызы  Мектептерде директор, Қапал аудандық бiлiм бөлiмiнің бастығы болған. Қапал  аудандық бiлiм бөлiмiнде бас инспекторы қызметiнен зейнеткерлiкке шығады. “Бiлiм беру iсiнiң үздiгi». Бiлiм министрлiгiнiң және облыстық бiлiм департаментiнiң грамоталарымен марапатталған. Қоғамдық жұмыстар белсендісі;

Нұрмұхамбет Нұрғалиев(1941—2010) Сазгер, әуесқой композитор. Бірнеше әндердің авторы, Мұқан Төлебаев атындағы дәстүрлі облыстық композиторлар шығармалары байқауына қатысып, дипломмен марапатталған;

Алыбаев Марат Қызайбекұлы  Өлке тарихын зерттеуші,. Қапал аудандық мәдениет бөлімі бастығы, ауыл әкімі болған;

Болат Казкенұлы Сембинов  Генерал-лейтенант. ҚР Қорғаныс министрiлiгiнде вице-министр болды;

Көкенова Әлия Абаққызы(1960—2008)  Педагог, ұстаз. Өмірінің соңғы жылдары мектеп директоры болып қызмет атқарды. Аудандық мәслихат депутаттығына сайланған. «Ыбырай Алтынсарин» медалiнің иегері. Бiлiм  саласының көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған;

 Есжанова Гүлжамал Сатбайқызы  Педагог, ұстаз. Еңбек ардагерi, зейнеткер, «ҚР бiлiм  саласының үздігi». Көптеген жыл бойы  мектеп партия ұйымын басқарған;

Саманов Мюдин Жұмабайұлы Қазақ ұлттық политехникалық университетiнде математика кафедрасының меңгерушiсi, математика ғылымдарының кандидаты, доцент;

Бауыржан Тұрсынұлы Жұмағұлов  Заң  ғылымдарының  кандидаты. Астана қаласының Алматы ауданының сот алқасының төрағасы болды, 2010 жылдан. ақпан айынан Қарағанды  облыстық  сотының  төрағасы;

Жұмагелдинов Ораз Макенұлы Ауылшаруашылық саласының озық қызметкері. Соңғы жылдары «Күренбел» ЖШС басқарған. “Құрмет” ,”Парасат” ордендерiмен, “ҚР 10-жыл” медалiмен марапатталған. “Ақсу ауданының Құрметтi азаматы”;

Құмарғалиева Салтанат Шорақызы            Химия ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ оқытушысы, доценті;

Ильясов Қадыр Қалиұлы Экономика ғылымдарының докторы;    

Теңiзбаева Көркембике Әмiрбекқызы(1927—2008) Педагог, ұстаз. Ұзақ жылдар Қапал орта мектебiнде мұғалiм болған. «Қазақ ССР халық ағарту iсiнiң озық қызметкерi», көптеген грамоталармен марапатталған;

Есжанов Нұрбай Сарыбасұлы(1927—2007) Қапал кәсiптiк-техникалық училищесiнiң директоры, ауылдық Кеңесінің төрағасы, Қапал ДЭСУ мекемесiнiң бастығы қызметерiн атқарған;

Сайлау Әбділдінов-Қапал ауданы  көркемөнерпаздар үйірмелерін құруға көп еңбек сіңірген, 70-ке тарта ән жазған, «Ауыл кеші көңілді» атты әндер жинағына өлеңдері енген;

Ақыпбек Әсима Өтепбергенқызы ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің инспекторы;

Алибаев Оқас Қайролдаұлы    Жоғарғы санаттағы терапевт-дәрігер. 30 жылдай Қапал аудандық (қазіргі ауылдық) ауруханасының бас дәрігері болды.  КСРО-ның және ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі. Ақсу аудандық мәслихатының депутаты болған.“Ақсу ауданының Құрметтi азаматы”.

Ауыл округінде Ғ.Омаров атындағы және Есболған Жайсаңбаев атындағы орта мектептер мен  Қапал  № 12 кәсіптік колледжі бар (Олар туралы деректер жеке беріледі)

 

Қапал ауылдық мәдениет үйі

Қапал мәдениет үйінің іргетасы 1974 жылы қаланған. 2009 жылы оның ғимараты толықтай күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша сипатқа ие болды. Қазіргі таңда 8 штат бірлігі бар. Қызметкерлерінің бәрі жоғарғы білімді мамандар. Мәдениет үйінің басшысы — Науай Әлиасқар, әдіскері — Көкенова Айгүл, музыка жетекшісі — Хамитов Семсер, шаруа меңгерушісі — Баянова Айсұлу, дыбыс операторы — Қайса Қадыржан.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қапал ауылдық кітапханасы

Кітапхана ауылдық мәдениет үйінде орналасқан. Абономент (оқырманға қызмет көрсету бөлімі), оқу залы, кітап қорын сақтау бөлімдері бар.  2017 жылдың соңғы көрсеткіші бойынша кітап қоры 32 141 дана болса, мемлекеттік тілде 9365 дана. 1201 оқырманы бар. Бір жылда жаңадан 241 дана кітап түссе, 214 данасы мемлекеттік тілде.

Кітапханада екі  қызметкер жұмыс істейді. Кітапханашы Қорабаева Күләтай Хасенқызының осы кітапханада еңбек еткеніне 37 жыл толып отыр. Білімі орта арнаулы. Жайлаухан Айсауле — білімі жоғары, мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1997 жылы  Қапал ауылы Ақсу ауданына қосылғанынан бастап, ауыл әкімі Марат Алыбаев, Мереке Қалиасқаров (екі рет), Тұрсыннұр Білісбек, және Жұмажан Рахимжанов болды

Бүгінгі таңда Қапал ауылы әкімшілігінда  бас мамандары болып Қожатай Серік Ескелдіұлы,  Мұқатаев Асқар Сатыбалдыұлы  және  Байдилдинова  Мархабат  Алпысбайқызы, бас маман-есепші- Мұхаметали Айнұр, бас маман салық инспекторы- Туматаев Хамит Хасенұлы және жетекші маман болып  Чепель Владимир Сергеевич қызмет атқарады.

2015 жылдын шілде айында округ әкімі болып Әміров Нұрқасым Кенжебайұлы сайланды. Ол 1962 жылы туған. Мамандығы экономист.

Әміров Нұрқасым

Қапал ауылдық округінің әкімі

Ақсу ауданы

 

Қапал өңірінің тарихына байланысты мақалалар және Қапал ауылында орналасқан басқа мекемелер туралы деректер  жинақталуына байланысты ары қарай  да жалғаса беретін болады...

 

 

Қапал ауылында өткізілген көпшілік шаралардан...