Құрметті осы мақаланы оқушылар!

Мақала алдында, Сіздерге осы сайттағы  ауылдық округтері туралы  жарияланған ( алда жарияланатын) деректік мақалалар «авторлық емес» екенін ескертеміз! Олар, ауданымыздың 80-жылдығы мерекесі қарсаңында ауыл округтерінен  жинақталған материалдарды негізге алып,  бүгінгі ауыл мамандарының толықтыруларымен  құрастырылып отыр.

  Осыған орай, егер мақала деректерінде қателіктер кетіп жатса, оны жедел түзеуге дайынбыз!  Ал, оған жеке бір адамдардың есімдері әртүрлі себептермен кірмеген болса, сол жөніндегі кінә қоюшылықты (претензияларды) сайт иелері өзіне еш қабылдамайды!  Бірақ, соның өзінде, мақалаға ондай азаматтар туралы деректерді (лайықты саналатын болса)  қосымша енгізіп, оны толықтыруға әбден болады. Яғни, солай қажет деп санасаңыздар,  деректер жазбасын (ауылға сіңірген еңбектерін, марапаттарын көрсетіп), ауыл округі әкімдігі мамандары  арқылы, немесе осы сайттағы  эл.адреске тікелей жіберулеріңізге болады!

 

Қаракөз ауылдық округі  Ақсу ауданы

 

  Ауылдық округі құрамына   Қаракөз  және Кеңғарын елді мекендері кіреді. Жер көлемі 0,4 мың шаршы шақырым. Округ орталығы — Қаракөз ауылында орналасқан. Халық саны-1,0 мың адам, зейнеткерлер-169.

Ауыл округінде  Бижарас Садырбайұлы  атындағы орта және Кенғарын орталау мектептері, ауылдық дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік пункт, кітапхана, байланыс торабы,  учаскелік полиция пункті, мал дәрігерлік пункт, бірнеше сауда орындары халыққа қызмет етеді    

Округте пайдаланып жүрген ауылшаруашылық жері — 18,1 мың га, оның ішінде егістігі-3,6 мың га. Мал  шаруашылығы  бойынша   ірі  қара,  жылқы,  қой-ешкі  және  құстар өсірумен айналысады

 

 

Қаракөз ауылы  аудан орталығы- Жансүгіров ауылынан солтүстікке қарай 52 шақырым жерде орналасқан. Басқан өзенінің аңғарындағы жусан, ши, құрақ аралас боз, бетеге, т.б. шөптесін өскен бозғылт қоңыр, шалғынды қоңыр топырақта құрғақ далада орналасқан.

  Қаракөз ауылын 1901 жылға дейін атақты шешен Шиырбайдың ұрпақтары Мырзақұл Шөтікұлы мен Қанабек Шиырбайұлы басқарады. 1901 жылы  Ресей үкіметінің өкілі ретінде елге басшылық жасаған Семен есімді орыс офицері Мырзақұл мен Қанабекті қамап тастайды. Бұл іске қарсы болған ел азаматтары 2 мыңдай адам жинап, қолдарындағы шоқпар, сойылмен Семенге қарсы шықпақшы болады. Абақтыда жатқан Мырзақұл мен Қанабек елді ақылға шақырып, елші жіберуді талап етеді. Сөйтіп, ауыл азаматтары келіссөздер жүргізіп, ел ағаларын босатып алады. 1918—1919 жылдары  Басқан  бекінісін  «Алаш-Орда» өкілі Абылайханов Меделхан азат етеді.

1924 жылы «Қызылорақ» атты ұжым құрылады, оның басшысы Шолпанбаев Жұмағұл болады. Ол 1955 жылы Жамбыл атындағы ұжымшарға айналады. Оған Жотатоған, Жаңажол, Көкөзек, Аралтоған, Жаңатоған, Жартоған, Қызылорақ ауылдары қосылды.

1962 жылы осы  Жамбыл атындағы,  Жаңалық және  Киров атындағы ұжымшарлар  біріктіріліп, Басқан кеңшары құрылады.  Одан 1969 жылдың шілде айында Қаракөз кеңшары  қайтадан жеке бөлініп шығады. Оның директорлары болып  - Жұмабеков Бидахмет,  Қуандықов Сәкен,  Рахманов Есімжан,  Әбілмәжінов Әділхан және Қорғанбаев Сәбит; ал партком хатшылары болып — Етекбаев Жұмахан, Фазылжанов Мұрат, Болысбеков Несіпбек және Есенбаев Балтабай қызмет атқарды.

 

Ауылдың танымал азаматтары:

Бижарас Садырбайұлы — Қаракөз ауылында дүниеге келген. Ел тұтқасын ұстаған ақсақалы, би болған ол, өз қаражатымен отыз шақырымнан астам жерден ағаш тасытып, кірпіш құйғызып, болашақ «Қызылорақ» орта мектебінің негізі болған төрт сыныптық бастауыш мектеп салдырады. Өзі Барлыбек Сырттановтың күйеу баласы. Сол кісінің туыстарының көмегімен оқулықтар алғызып, ауыл жастарына білім бергізіп, сауаттарын ашқан. Ауылдағы орта мектепке оның есімі берілген;

Темірғали Жөңкебайұлы — 1908 жылы Қаракөз ауылында туған. Коллективтендіру кезінде «Қыстақ» деп аталатын мойынсерік ұйымын басқарды, ХVIII-ші партсъезд атындағы ұжымшардың төрағасы, Қарабөгет ауылдық Кеңесінің хатшысы болады. Ұлы Отан соғысына қатысады. «Бақалы» ауылында есеп қызметкері, ауылдық Кеңесінің хатшысы, Тесіктоған және Молотов атындағы ұжымшарларды басқарып (1945-62), үлкен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында оларды озықтар қатарында көрсетті. 1962 жылдан «Басқан» кеңшары директорынын орынбасары, кейіннен бөлімше басқарушысы болды. Құрметті демалысқа шықса да жұмыстан қол үзбей, 1978 жылға дейін қызмет атқарды. Сан мәрте аудандық, ауылдық Кеңестерге депутат, аудандық партия комитетінің мүшелігіне сайланған. 1-ші, және 2–ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен және 9 медальдармен марапатталған.

Қалабаев Сымжан — көп жылдар бойы Ақсу аупарткомында бөлім меңгерушісі болған,  Ақсу ауданының Құрметті азаматы:

Далбағаев Егеубек Даданбекұлы -  ұзақ жылдар партия, кеңес қызметтерінде, білім, мәдениет салаларында басшылық қызметтер атқарған. І.Жансүгіров атындағы облыстық мұражайдың директоры, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы болды. Алматы облысының және Ақсу ауданының Құрметті азаматы;

 Жұмабеков Оңласын — көп жылдар прокуратура саласында қызмет істеді. ҚР Бас прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігі Бастығының орынбасары, ҚР Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы болды. Қазір ҚР Парламентінің депутаты. Ақсу ауданының Құрметті азаматы;

 Айханов Әбілсейіт Рүстемұлы — еркін күрестен спорт шебері, Қазақстанның екі дүркін чемпионы болған. 1958-69 жылдары  халықаралық жарыстарда 75-рет белдесіп, оның 72-де жеңіске жеткен. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған;

 Әбдіманов Оразғали театр артисі, сахналарда көптеген басты рөлдерді сомдаған. «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі»;

 Әділманов Болат Мәрзімбайұлы — М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрының актері.

Есенбаев Балтабай — Қаракөз ауылында 50 жылдан аса еңбек етті. Тракторшы, комбайнер, жүргізуші, Қызылорақ орта мектебінде мұғалім болды. 36 жыл ауылда комсомол, кәсіподақ, Кеңес, партия ұйымдарында жетекшілік, ауыл әкімі қызметтерін атқарды. Ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы болды. Ақсу ауданының Құрметті азаматы;

 Садық Әбіғалиев-1935 жылы  Қызылорақ ауылында туған. Профессор, Алматы шет тілдері институтында дәріс береді. 30-дан аса ғылыми еңбектері, оның ішінде «Неміс тілі» оқулықтары бар;

 Аханов Қалматай— 1917 жылы туған. Балалар үйінде тәрбиеленген. Оқытушылық және партия комиттетерінде қызмет атқарады. Қарасу, Қызылорақ жетіжылдық мектептерінің директоры (1958-62) болды. Одан кейін «Басқан» қой кеңшарында кадр бөлімнің меңгерушісі қызметін атқарды. 1995 жылы  қайтыс болды. Бірнеше медальдармен және Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған;     

Құмарғалин Нұрсұлтан 1932 жылы туған. Ауданның көптеген мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры және Қаракөз ауылдық Кеңесінің төрағасы қызметтерінде еңбек атқарған;   

Қайырбекова Сақыш — ауылдың алғашқы әйел-механизаторы, аудандық, облыстық кеңестің депутаты, аупартком мүшесі болып сайланған;

 Рахманов Есімжан-1947 жылы туған. Аудандық комсомол, партия ұйымдарында қызмет атқарды. «Қаракөз», Ленин атындағы кеңшарлардың директоры, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының, аудандық жер ресурстары бөлімінің бастығы болған;

 Аханов Саяхат Қалматайұлы — 1962 жылы  Қаракөз ауылында дүниеге келіп, Қызылорақ орта мектебін бітірген. Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының тәжірибе шаруашылығында, «Фитосанитария» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны Алматы облысы бойынша филиалының директоры болып қызмет атқарып келеді.

Сол сияқты, шаруашылықтың өркендеп, өсуіне қызылша звено жетекшілері болған-Ерболат Шаймерденов,  Бөркеш Мыңбаев; сауыншы-Бәти Тұрғанбаева; автомашина жүргізуші-Әбілғазы Серікбаев; механизатор-Өкен Рақымберлин және т.б. зор еңбегін сіңірді.

Ауыл округінде  Бижарас Садырбайұлы атындағы орта және Кенғарын орталау мектептері бар (Олар туралы деректер жеке беріледі).

Ауылда 1965 жылы  20 орынды аурухана салынды және перзентхана жұмыс жасады. Аурухананы  Қожахметов Биғұлжа ұзақ жылдары басқарып, онымен бірге еңбек еткен Қабдолданова Рысалды, Қыдырманова Балқаштар  бүгіндері құрметті зейнеткерлікте.  Қазіргі бас дәрігер — Э.Усенова.  Мекемеде — С.Нурахметова, А.Қырықбаева, Ш. Нұрахметова және А. Жақыпбек еңбек етеді.

 

  Кенғарын ауылдық клубы халыққа қызмет етуде. Онда 2 штат бірлігі (меңгеруші және әдіскер) бар.  Меңгерушісі — Б. Танысбеков.  Клубта 4 үйірме жұмыс істеуде, барлығы 32 қатысушыны құрайды.

   

Қаракөз  ауылдық кітапханасы ауылдық әкімшілік  ғимаратында  орналасқан. Кітапханашы — Абеева Бағдагүл. Кітапхана  өскелең  өмір талабына сай  оқырмандардың  талабын қанағаттандыру,  рухани  байлығы  мен  жалпы қабілетін  дамыту мақсатында жоспарлы жұмыс атқаруда, әртүрлі тақырыпта көпшілік іс-шараларын өткізіп отырады.  Ауыл кітапханасының оқырмандары саны – 560, кітап қоры- 6642 дана , оның ішінде мемлекеттік тілде  - 4128 дана.  Кітапханадағы «Жас қанат» қызығушылық клубы  8 жас оқырманмен бірлесіп жұмыс жасайды.

 

   Ауыл округі әкімшілігінде бүгінгі таңда қызмет атқарушылар: Бас маман іс-жүргізуші — Н. Тасболатова; бас маман-салық инспекторы  - Е.Қасымбаев; бас маман-есепші  - Н.Санатбекұлы; жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы — Р.Китапьянов және спорт жұмыстары әдіскер- нұсқаушы — А.Бекбаев.  Ауылдағы малдәрігерлік пунктінің  меңгерушісі  - М. Шайықов.

 1994 жылы  Қаракөз ауылының алғашқы әкімі болып Есенбаев Балтабай тағайындалып, ол зейнеткерлікке шыққанға дейін осы қызметті абройлы атқарды.  Одан кейін әкімдер болып Өтеуов Бейсен, Кенжебаев Айбек және Байболов Берік жұмыс істеді.

Көпелбаев Дастан. Қаракөз ауыл округінің әкімі. Ақсу ауданы

 

2017 жылдың  тамыз  айында ауыл округі әкімі болып Көпелбаев Дастан Кенжебекұлы сайланды.  Ол 1987 жылы. Ақсу ауылында туған. Ө.Жолдасбеков атындағы институтты «Қаржыгер» мамандығы бойынша бітірген. 2009  жылдан бастап Алматы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында жетекші маман,  Ақсу ауданы Есеболатов және Ақсу ауылдық округі әкімдіктерінде  бас маман және  «Демей» ЖШС-нің атқарушы директоры қызметтерін атқарған.

 

 

 

Ауыл округінде өткізілген көпшілік шаралардан

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қаракөз ауылының мешіті. Ақсу ауданы