Құрметті осы мақаланы оқушылар!

Сонымен бірге, мақала алдында, Сіздерге осы сайттағы  ауылдық округтері туралы  жарияланған ( алда жарияланатын) деректік мақалалар «авторлық емес» екенін ескертеміз! Олар, ауданымыздың 80-жылдығы мерекесі қарсаңында ауыл округтерінен  жинақталған материалдарды негізге алып,  бүгінгі ауыл мамандарының толықтыруларымен  құрастырылып отыр.

  Осыған орай, егер мақала деректерінде қателіктер кетіп жатса, оны жедел түзеуге дайынбыз!  Ал, оған жеке бір адамдардың есімдері (лайықты саналатын болса) әртүрлі себептермен кірмеген болса, сол жөніндегі кінә қоюшылықты (претензияларды) сайт иелері өзіне еш қабылдамайды!  Бірақ, соның өзінде, мақалаға ондай азаматтар туралы деректерді  қосымша енгізіп, оны толықтыруға әбден болады. Яғни, солай қажет деп санасаңыздар,  деректер жазбасын (ауылға сіңірген еңбектерін, марапаттарын көрсетіп), ауыл округі әкімдігі мамандары  арқылы, немесе осы сайттағы  эл.адреске тікелей жіберулеріңізге болады!

 

Қарасу ауылдық округі

 

  Округке Кеңжыра, Еңбек және Тарас елді мекендері кіреді. Жер көлемі 0,5 мың шаршы шақырым. Халық саны-1,5 мыңнан аса. Отбасы-430. Оралмандар-65 . Зейнеткерлер- 168 – «Алтын алқаға» -26 «Күміс алқаға» 27 иегер аналар бар.

 Округте 1 орта және 2 орталау мектептер, Кеңжыра ауылдық дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік пункт, учаскелік полиция пункті, мал дәрігерлік пункт, диірмен, бірнеше сауда орындары халыққа қызмет етеді.

   Округте 202 шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Егістік жер 20406 га, оның суармалысы-2626, жайылымы-10163, шабындығы-1482 га, тәлім жер-5215 га. Мал  шаруашылығы  бойынша   ірі  қара,  жылқы,  қой-ешкі  және  құстар өсірумен айналысады.

 

 Округтің орталығы - Кеңжыра ауылы. Ол аудан орталығынан солтүстік-шығысқа қарай 33 шақырым жерде, Сарқан өзенінің жағалауындағы жусан аралас тұқымдас шөптер өскен, қызыл қоңыр топырақты тауалдының құрғақ жазығында орналасқан.

   Ауылдық округке қарасты елді мекендер 1963 жылға дейін Ш.Уәлиханов атындағы кеңшардың құрамында болған.

   1963 жылы  Кеңжыра ауылы Ленин атындағы кеңшар болып бөлініп шықты, директоры Данаев Әжен болды. Оның басшылығы кезінде кеңсе, МТМ, клуб, сауда үйлері салынып, алма бағы өсірілді. 1964 жылы кеңшарға Еңбек және Тарас ауылдары қосылды.

  Кеңшарға әр жылдары Дәуіт Қуатбеков, Омаров Ерлік, Жапаров Нұрсейіт, Дүйсембаев Әскербек басшылық етті. Осы кезеңде Сарқан өзеніне көпір, облыс көлеміндегі ірі жем-шөп цехы, «Жастар орталығы», «Спорт кешені», балабақша, жұмысшылар асханасы, т.б. құрылыстар салынды.

  1994 жылы шаруашылық таратылып, Кеңжыра, Еңбек, Тарас ауылдары жеке-жеке ұжымдарға айналып, оларды Е.Рахманов, Д.Ерденбеков, Б.Шабдарбаев басқарды. 1995 жылдан олар одан ары жеке шаруа қожалықтарына бөлінді. Қазіргі таңда 202 шаруа қожалығы бар. 2009 жылдан ауылдың «Дидар» (басшысы Т.Акимова) және«Қыдырәлі» (Т.Мақашев) шаруа қожалықтары жоғарғы сортты тұқым өндірумен айналысатын болды.

  Ауылдың алғашқы тракторшылары Арғынбаев Баймади, Әлиев Ақынай, Шошақов Қожахмет, Баяндин Мәтебай, Антишева Насха, Болысбекова Биғайша басқаларға еңбек үлгісі болды. Ауыл тұрғындары Түрксіб теміржолын салуға қатысқан, 1933-52жж. «Еңбек» ұжымшарын үздіксіз басқарған, көптеген мемлекеттік наградалардың иегері Қалибек Ұзақбаевтың есімін құрметпен атайды.

 Сол сияқты, 1900 жылы Тарас ауылында туған Бұханов Бекшетай партия мектебін бітіріп, аупарткомда үгіт-насихат бөлімін басқарады. Калинин атындағы, содан кейін Тарас ұжымшарларының төрағасы болады. 1950 жылы «халық жауы» аталып, 5 жыл қамауда болады. Одан ақталып келіп, осы ауылда ұзақ жылдар еңбек етіп, ел құрметімен зейнеткерлікке шығады. 1974 жылы қайтыс болды.

  1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер Айтжанов Бейсембай, Аухадиев Жұмабай, Ақшалов Қабдрахман. Механизаторлар-Бекішев Солтанқұл, Горшков Михаил Егорович Ленин орденімен, шопан-Дүйсенбаев Сатыбалды, механизатор-Абдрахманов Құсайын, сушылар-Диханбаев Нұрмолда, Дүйсембин Нұрқасым «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды.

 Ауылдан шыққан белгілі азаматтар қатарына жатқызылатындар: Сүлейменов Иманбек, Сүлейменов Қағазбек–ғалымдар, Жақсылықов Ермұханбет–журналист, 1958-62 жылдары аудандық «Ленин жолы» газетінің редакторы, Нұрмұханбетов Бекмұханбет–археолог, «Алтын адамды» тапқандардың бірі, Нұрахмет Досмұхамет–философия ғылымдарының кандидаты, белгілі саясаткер, Омаров Балташ, Заханов Болат–ғылыми қызметкерлер, Бекішев Мұқан–ұшқыш. Қорғанбаев Бейсебек-ауданымызда көптеген жылдар білім саласын басқарған, еңбек және соғыс ардагері. Ажар Сеңкібаева-ұзақ жылдар партия қызметінде болған. Қалибеков Сейітқұл–аудандық әділет басқармасының бастығы болған.

 Ауылдың аса сыйлы үлкендерінің бірі, ел ағасы-Дүйсекенов Сежат Жақанбайұлы болды. Ол 1940 жылы Басқан ауылында туған. Ұзақ жылдар аудан мектептерінде мұғалім  (1958-76), Кеңжыра  орта мектебінің директоры (1976-80) болады. Содан кейін 30 жылдай ауыл басшылығында қызмет атқарып келді-Қарасу селолық атқару комитетінің төрағасы (1980-90), Қарасу ауылдық округ әкімі (1993-97), 1997—2008 жылдары ауылдық округі әкімінің бас маман міндетін атқарды. 2015 жылы қайтыс болды.

Спорт саласында шәкірттерін республика, облыс көлемдерінде жоғарғы нәтижелерге жеткізген бапкерлер, тоғызқұмалақтан Алаңбаев Қасымғали, күрестен Қамалбеков Егеубек, волейболдан Арғынбаев Тлеуберген әлі де жастарды спортқа тарту, тәрбиелеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.

Еңбек ауылының мешіті

Тарас ауылының мешіті

 

Табиғат көрінісі


Тарас ауылында жаңадан салынған су                                   мұнарасы

 

 

 

Кеңжыра ауылының дәрігерлік амбулаториясы

Кеңжыра ауылының дәрігерлік               амбулаториясы

Бұл мекеме ең алғашқы да, 1952 жылы «Еңбек» ұжымшарында ФАП болып құрылған. Фельдшері болып Юрий Пахомович Маслов жұмыс істеді (1952-63). Сол кезде Кеңжыра ауылында медпункт, 5 төсекті перзентханасы болған. 1971 жылы Ленин кеңшарының орталығынан 35 төсекті учаскелік аурухана ашылды. Алғашқы бас дәрігері Шыныбеков Кеңес, одан кейін Арынова Амина Болатқызы (1976-80), Даутов Дәулет Есентайұлы (1980-81) болды. 1981 жылдан бұл мекемені 1-ші санаттағы тәжірибелі дәрігер, аудандық мәслихат депутаты болған Майрагүл Қүтбайқызы Исаева басқарып келеді. 1994 жылы дәрігерлік–амбулатория болып өзгертілген мекемеде тәжірибелі медбикелер Айткаримова Назгүл Сатыбалдықызы,Омарова Маржан Дәулетбекқызы, акушерка Мукашева Нарғыз, тіс дәрігері Жаманбаев Серік Қабатайұлы, тазалықшылар Хасенова Данагул, Абейбекова Шолпан, Иманбаева Анар, Тонерекова Күлжікен қызмет етеді. Еңбек ауылында Ибраева Бақытгүл, Тарас ауылында  Нуралинова Ақмарал фельдшерлер болып жұмыс істеп жүр.

 *       *       *       *       *

Қарасу ауылы  әкімі  Арғынбаев  Тәңірберген


      Қарасу ауылы           әкімдігінің  ғимараты

 

1997 жылдан ауыл  әкімі болып Арғынбаев Тәңірберген қызмет атқарып келеді.  Ол 1959 жылы туған.  І.Жансүгіров атындағы педагогикалық университетінің физика-математика факультетін бітірген. Оған дейін Кеңжыра орта мектебінің директоры қызметін атқарды.

 

 

       

 Қарасу ауылдық округі әкімдігінде қазір Сугралина Гүлжан Нурбекқызы-бас маман-іс жүргізуші, Есенов Мүрат Смағұлұлы-бас  маман, Жаңабаев Аслан Исбекұлы – бас маман салық инспекторы, Аташева Ләззат Максутовна – бас маман-есепші, Камалиева Гүлжан Камалиевна - жетекші  маман, Смағұл Айгерім Мұратқызы - жастар ісі жөніндегі әдіскер – нұсқаушы, Газизов Ғабит – спорт жөніндегі әдіскер нұсқаушы болып қызметтер атқарады

Жаңабаев Ақылбек Исбекұлы – ауылдық округтің малдәрігерлік пункт меңгерушісі, Мұрат Ермек – малдәрігері, Алтаев Дәурен Алтаевич – учаскелік полиция, Унгарова Сания – ауылдық клуб меңгерушісі, Мукаева Анар Ерғалиевна – әлеуметтік  қызметкер, Кунчаева Бакыткул Макатаевна – почта қызметкері.

Ауылдық кітапханашы жаңа кітаптармен таныстыру үстінде

 

 

 

Кусмолдина Бағдагүл Октябровна – кітапханашы, орта білімді. Кеңжыра ауылдық кітапханасындағы кітап қоры — 5289 дана.  Оқырмандар саны — 35.