Құрметті сайт оқырмандары мен қонақтары!

Сайт кітабында белгіленген «Ауылым, елім деректері» атты тарауының да алғашқы парағын ашып отырмын. Бұл тарауда ауданымыздың ауыл округтері мен бөлімдері, мекемелер мен кәсіпорындары,  қоғамдық ұйымдары туралы анықтамалық деректер, олардың өткендері иен бүгінгі тіршіліктері, үлгі етілетін қызметкерлері жөнінде, т.б. мақалалар жариялап тұру қараластырылған.

Осыған орай,  әңгімені  мемлекетіміздің жергілікті билік органдарының бір тармағы саналатын, өзімнің 15 жылдай жетекшілік еткен  Ақсу аудандық мәслихатынан бастамақшымын.

 

Ақсу аудандық мәслихаты

Елімізде мәслихаттар институты 1994 жылы қалыптасты. Осы жылдың наурыз айында оның алғашқы сайлаулары өтіп,  біздің, Ақсу аудандық Мәслихатына 13 депутат сайланды. Мәслихат төрағасы болып Бимұратов Бауыржан, тексеру комиссиясының төрағасына Бармақов Баймұрза сайланды.

1999 жылы  Мәслихаттың екінші шақырылымы сайлауы өткізілді. Мәслихат хатшылығына Б.Бимұратов, ал тексеру комиссиясының төрағасы болып Мұхаметшарұлы Дүйсен,  одан кейін Жексенбі Молдағалиев сайланды. 2001 жылдың желтоқсан айында қосымша сайлау өтіп, соның нәтижесінде депутат және аудандық Мәслихат хатшысы болып Серпербаев Серікбек сайланды.

2003 жылдың қыркүйек айындағы  Мәслихаттың үшінші шақырылым сайлауында 13 депутатқа сенім көрсетілді. Оның бірінші сессиясында Мәслихат хатшысы болып Серпербаев Серікбек, тексеру комиссиясының төрағасы болып Қанабеков Әділхан сайланды. Осы үш шақырылымда маман болып Сыдықова Рабиға Ахметшәқызы қызмет атқарды.

2007 жылы 18 тамызда өткен сайлауда аудандық мәслихатының 4-ші шақырылымына округтер бойынша баламалы түрде көпшілік дауыстарға ие болған 13 депутат сайланды.  Мәслихат хатшысы болып С.Серпербаев, тексеру комиссиясының төрағасы болып Ж.Молдағалиев сайланды. Мәслихат аппаратының жетекшілігіне Ә.Қанабеков бекітілді.

2012 жылдың 15 қаңтар күнгі  өткен сайлауда  5-ші шақырылымына тағы да 13 депутат  баламалы сайлау қорытындысы бойынша сайланды. Мәслихат хатшысы болып С.Серпербаев сайланды.

Аудандық  мәслихаттың әр шақырылымында  құрамында 5 депутаттан бар   2 тұрақты комиссия құрылып, жұмыс жасап отырды.

 (Әр шақырылымдарда  сайланған депутаттардың тізімі осы сайттың  "Халқының құрмет тұтқан азаматтары" деген тақырыппен алдында берілген мақалада толық көрсетілген болатын).

*      *      *      *      *

     Бауыржан Қыдырбекұлы Бимұратов

 1961 жылы 5 шілдеде  Ақсу ауылында туған.   1984ж.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.

1979-81 жж  КСРО Қарулы күштері қатарында азаматтық борышын атқарды, 1984-90 жж Н.Есеболатов атындағы орта мектебінің мұғалімі,  Қазақстан ЛКЖО Ақсу аудандық комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, хатшылық қызметтерін атқарды. 1990-94жж  халық депутаттарының Ақсу аудандық Кеңесінің аға референті, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Ақсу аудандық әкімшілігінің ұйымдастыру бөлімінің маманы болды. 1994—2007жж Ақсу аудандық мәслихатының хатшысы, Ақсу ауданы әкімі аппаратының  бөлім бастығы, “Отан” РСП  Ақсу аудандық өкілдігі төрағасының  бірінші орынбасары,  аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарды. Содан кейін, Қапшағай қаласында Балқаш, Алакөл балық қорғау жөніндегі инспекциясында қызмет атқаруда.

  Баймырза Әбікенұлы Бармақов

  1946 жылы 15 қарашада Сарқан ауданы  Қарабөгет ауылында туған. 1970ж Қарағанды мемлекеттік медицина институтын санитарлық дәрігер мамандығы бойынша бітірген.

1970-92ж Жансүгіров кентінде аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансасында эпидемиолог-дәрігер, Қапал аудандық санэпидстанциясына бас дәрігер болды, 1992-94ж. Қапал ауданы әкімінің орынбасары, 1994-97ж аудандық мәслихаттың атқарушы хатшысы, 1997 жылдан Ақсу аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы қызметтерін  атқарған. Қазіргі уақытта зейнеткер. «ССРО-ның үздік дәрігері» төс белгісімен марапатталды.

Рабиға Ахметчақызы Садықова

1946 жылы тамыз айының 24 күні Сарқан қаласында туған. 1964-66 ж. Гагарин атындағы орта мектепте аға пионер жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі болды. 1971-94 ж. Ақсу аудандық партия комитетінде хатшы-машинистка, 1994—2003 ж. Ақсу аудандық мәслихат депутаттары жиналысының іс жүргізушісі, Ақсу аудандық мәслихаттың маманы қызметтерін атқарды.

2006 жылы дүниеден өтті.

 

   

 

 

 

 

*      *      *      *      *

Серпербаев Серікбек

1949ж. Сүттіген ауылында туған. Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтын инженер-механик мамандығы және Қазақ Мемлекеттік басқару Академиясының Нарық институтын қаржы- несие мамандығы бойынша бітірген.

Ақсу құрылыс техникумының оқытушысы, директорының орынбасары, Қазақтың ауылшаруашылық институтының комсомол ұйымының хатшысы, Ақсу аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының “Мемлекеттік ауылшаруашылық техникасын бақылау” инспекциясының бастығы болып қызмет атқарды. 1978-86 ж. “Жаңақоғам” кеңшарының партком хатшысы, одан кейін ҚКП Ақсу аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшысы болды. 1992-97 ж. ҚР Ұлттық және Бюджет банкілерінің аудандық бөлімдерін басқарды. 1998—2001 ж. Ақсу ауданы Әкімінің бірінші орынбасары, 2001 жылдың аяғынан 2016 жылдың басына дейін Ақсу аудандық Мәслихатының хатшысы болып қызмет атқарды. Содан кейін зейнетекерлікте. Қазіргі уақытта қоғамдық негізде Ақсу аудандық Қоғамдық Кеңесін басқарады.

Мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» және де Үкіметтің бірнеше мерекелік медальдарымен, Елбасының Алғыс хаттары, т.б. көптеген Мақтау грамоталарымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

*      *      *      *      *

Мәслихаттар қызметінің негізгі нысаны оның  сессиялары мен тұрақты комиссиялары болып табылады. Мәслихат сессияларында өз құзыретіне жататын мәселелерді талқыланып отырылды. Мәслихаттың жұмыс жоспарына сәйкес, сессиялардың талқылануына  ұсынылған мәселелерді кеңінен зерттеу мақсатында жұмысшы топтар құрылып, елді мекендерге, тиісті мекемелерге шығып, іс жағдайына талдау жасалып отырылды.  Қажеттілікке қарай, тұрғындармен жиын-кездесулер, сауалнамалар өткізу тәжірибесі де пайдаланылды.  Аудандық газетте «Мәслихат сесссиясы қарсаңында» атты айдармен депутаттар, басшы-мамандар, газет оқырмандары мақалалары, ұсыныс-пікірлері ұйымдастырылды. Күн тәртібіне қарай, анықтамалық құжаттар, видеослайдтар, стендтер дайындалып отырылды. Сессиялар жұмысы мен тұрақты комиссиялар отырыстарына, «көпшіліктік тыңдауларға»  қажетті саналатын көпшілік қауым  және де мәселе тақырыбына сәйкес облыстық деңгейдегі салалар-мекемелер  басшылары, жауапты қызметкерлері шақырылып отырылды. Талқыланған мәселелер бойынша қабылданған шешімдер мен қаулылар қадағалауға қойылып, көрсетілген мерзімдерде орындалу барысы тексеріліп отырылды. Қажеттілігіне қарай, жауапты орындаушылардың есептері де тыңдалды.  Нәтижесінде мәслихат сессиялары талаптар деңгейінде дайындалып,  өткізіліп отырылды.

Құрамында 5 адамнан болған, 4 шақырылым жұмыс жасап, одан кейін таратылған Мәслихаттың тексеру комиссиясы да өз жұмысын ҚР Бюджет кодексі негізінде мәслихаттың басқа да тұрақты комиссиялары және аудандық комиссиясымен бірлесе жүргізді, жергілікті бюджеттің атқарылуын, бөлінген бюджеттік қаржылардың уақтылы, толық және мақсатты пайдалануын тұрақты қадағалап отырды. Әр жылдың қортындысы бойынша депутаттар алдында атқарылған жұмыстар жайлы есептерін берді.

Мәслихат қызметінің  пәрменділігі, оның әр депутатының белсенділігіне, міндеттеріне деген жауапкершіліктеріне тікелей байланысты, өйткені олардың әрқайсысы өз сайлаушыларының,  яғни аудан халқының еркін білдіреді. Оның негізгі бағыты олардың өз сайлаушыларымен  мүмкіндігінше тығыз байланыста болуы. Сондықтан да осы жұмыстардың жүйелілігін қалыптастыру басты назарда болды. Олар өз сайлау округіндегі ауыл әкімдіктері, мектептер,  қоғамдық ұйымдар және ақсақалдар алқасымен тікелей байланыста болып, мүмкіндігінше кездесулер өткізіп отырылды.  2005 жылдан олардың ауыл әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беру жиналыстарына тұрақты қатысып, күн тәртібіндегі  2-ші мәселе ретінде өздерінің және аудандық мәслихаттың атқарған қызметі жөнінде хабарламалар беруді тәртіпке айналдырды... Сол кездесулерде және де әр шақырылымдар сайлауалды үгіт науқанында сайлаушылар тарапынан көтерілген  проблемалық мәселелердің күрделі де маңызды, оңды шешімі табылуы тиіс және мүмкін деген дегендері проблемалық мәселелер тізбегі  ретінде сессияларда  бекітіліп, орындалуы барысы тұрақты  бақылауда болды. Сол сияқты, мәслихаттың тұрақты комиссияларында заңдылықпен негізделген, аса бір пәрменді және ұтымды жұмыс формасы саналатын — депутаттық сауалдар беру құқықтары пайдаланып отырылды.

Осыған орай, біздің мәслихатта республика көлеміндегі жаңа тәжрибе ретінде  депутаттардың тұрақты көмекшілері институтын қалыптастыру қолға алынды.   Сол көмекшілер  арқылы  бар болғаны 13 депутатымыз ауданның 50-ге жуық  елді мекендерінде, сайлаушылардың көкейкесті мәселелерінен тұрақты хабардар болып тұруына қосымша мүмкіншіліктер алды.  Көмекшілер тізімі аудандық газетте жарияланып, оларға тиісті куәліктер тапсырылған Осы жұмыстар ауқымында  ауыл округтерінде  «Депутаттардың қабылдау бөлмесі» ұйымдастырылған, депутаттың өзінің және аудандық мәслихаттың атқарылудағы қызметі жөнінде анықтамалық құжаттар жинақталатын «Депутат бұрышы» стендтері жабдықталған. Сол депутаттар қөмекшілері құрамын қоғамдық негізде жұмыс атқарудағы елді мекендердегі 57 белсенді азаматымыз құрады.  2015 жылы осы жұмыстың ауқымын ұлғайту және қоғамдық-саяси жұмыстардан тыс қалып жататын аудан жастарын да мемлекеттік жергілікті биліктің жұмысына тарту-икемдеу, басшылық кадрлар қызметтеріне жастар резервін даярлау ниетімен олардың құрамын жаңа, жас көмекшілермен де толықтырылды.

Мәслихаттың әр шақырылымында «Аудан депутаттары-шағын елді мекендерде» атты акция өткізу  тәжрибесі қалыптасты.  Ондағы мақсат –депутаттардың өз округтеріндегі  ауыл орталықтарынан сырт орналасқан шағын елді мекендердегі  тұрғындармен, сайлаушыларымен  кездесу болды, Олардың еңбектегі тіршілігі мен әлеуметтік-тұрмыстық хал-жағдайымен, шаруашылық жұмыстары барысымен, мектеп, емхана, тағы басқа әлеуметтік мекемелері жағдайымен танысты және де аудандық мәслихаттың, өздерінің депутаттық қызметі жөнінде хабарлама жасады, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Оларда айтылған ұсыныс-пікірлер, сұраныстар тағы да жинақталып, реттелді, олардың да тізбегі сессияда бекітіліп отырылды.

Сол сияқты, 2014 жылдың басында аудан басшысы Ә. Далбағаевтың бастамасымен басталған «Туыңды  туған  жеріңе тік» атты акцияның да, ең алдымен,  аудандық мәслихат тарапынан қолдау тауып, сессиясында мақұлданғанын айтуға  болады.  Депутаттар акция  мақсаты мен міндеттерін, атқарылар шаралар ауқымын анықтауға, соларға қажетті насихаттық және ұйымдастыру, көрнектілік жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне барынша үлес қосты.

Жалпы, мәслихат депутаттары аудан аумағында өтетін  «Мектепке жол» қозғалысы,  жаңажылдық балалар шыршасы, мешіттік қайырымдылық, аудандағы тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсету, т.б. демеушілік, әлеуметтік көмек көрсету, қайырымдылық шараларына белсене араласып отырды.

Аудандық мәслихатты құрайтын депутаттар  аудан кадрларының ерекше бір тобын құрайды.  Олардың әрқайсысы  өз еңбек саласында абройлы қызмет етіп, беделді азаматтар болғандықтан да халық қалаулысы атанғаны түсінікті. Ал, олар депутаттыққа сайланғаннан кейін өздерінің ауданның өсіп — дамуына,  тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына, соған қажетті шараларды атқаруда жауапты  екенін,  қоғамдық-саяси,  басқа да көпшілік шараларына үлкен белсенділікпен қатысуы қажет екенін барынша сезіне бастайды. Ол жұмыстың әдіс-тәсілдерін үйрену, қажет етілетін заңдылықтарды түсіне және игере білу де біраз біліктілікті, уақытты да қажет екені түсінікті. Мәслихат шақырылымдарында депутат болған азаматтарымыз сондай жақсы мектептен өтті және барлығы дерлік қойылатын талап дәрежесіне жете білді.  Атқарған жұмыстары ауқымы жөнінде олар өздерінің есепті кездесулерінде хабарлама жасап отырды,  аудандық газет  беттерінде мақала-хабарламалар  беріліп отырылды. Аудандық мәслихаттың депутаттарының негізгі құрамы  әр шақырылымдарда тұрақты болып отырды. Мәселен, соңғы 3 шақырылымда  13 орында 29 депутат болып, тұрақтылық 75 пайызды құрады. 2 адам  барлық 5 шақырылымды  мәслихат қабырғасында  өткерсе,  1 адам үш шақырылымда,  4-уі екеуінде  депутат болды.

Депутаттарымыз  марапатталу жағынан да әрқашан қолдауды сезініп отырды. Әр деңгейдегі Мақтау грамоталары мен Алғыс хаттарының сыртында,  жаңағы 29 депутаттың  11-і  «Ауданның Құрметті азаматы»  атанды.  11-нің  есімі Құрмет Кітабына енгізілді, 2-уі ауданның алғашқы «Жыл үздіктері» қатарында болды. Мәслихаттардың  20-жылдығы құрметіне бәрі де мерекелік медальдармен қоса, басқа да мемлекеттік  үлкен наградаларға ие болды.   

Аудандық Мәслихат аудан тұрғындары көңілінен шығатын әрқилы көпшілік-ұйымдастыру шараларын да кеңінен өткізіп отырды. Мәселен, бұрынғы “Ақсу ауданының құрметті азаматы” атағын беруді жүйеге келтіру мақсатында оның Ереже – тәртібі сессияда бекітілді. Атақтың төске тағатын арнайы белгісі дайындалып жасатылды. Марапаттау жұмыстары ауқымын кеңейту мақсатында 2004 ж. сәуір айында “Ақсу ауданының Құрмет Кітабын” ашу жөнінде мәслихатта тағы бір шешім қабылданды. Марапаттау шаралары салтанатты жиындарда атқарылып келді. 2004ж. ақпан айында мәслихат ауданымыздың таңбасын (гербісін)  сессияда бекітті, қазір ол қолданыста.

Аудан тұрғындарымен, өз сайлаушыларымен кездесулерде туындаған сұрақтарға байланысты, олар аса қажет ететін Заңдылықтардан, Ережелерден түсініктемелер топтамасын ұйымдастырып, аудандық газетте арнайы беттер, кітапшалар шығары ұйымдастырылды. 2007ж. басында аудандық ономастика мәселелерді ретке келтіру жөнінде арнайы көпшілік тыңдау өткізіп, соған қажетті барлық құжаттар үлгісі бар жеке кітапшалар дайындалып, таратылды.  2009ж. наурыз айында елімізде мәслихаттар институтының қалыптасуына 15 жыл толуына байланысты, салтанатты сессия өткізіліп, барлық шақырылымдаға депутаттарға құрмет көрсетілді, соған орайластырылып «Аудандық мәслихаттың жылнамасы» кітапшасы шығарылды. Депутаттарға арналған «Методикалық көмек» кітапшасы бірге дайндалып, таратылды.

Аудандық Мәслихат аудан аумағындағы саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, баспасөз органдарымен байланысы, қарым-қатынасы тығыз негізде, көптеген қоғамдық-саяси шаралар бірлесе атқарып отырды.  5 шақырылым  бойынша сайланған  депутаттардың барлығы  «Нұр Отан» ХДП атынан сайланып, партиялық фракцияны құрап отырды. Мәслихат аудандық «Ақсу өңірі» газетімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Мәслихат сессиялары, басқа да өткізілетін шаралар, қызметі туралы мақалалар, хабарламалар  газет бетіндегі «Мәслихат сессиясы қарсаңында», «Аудандық мәслихатта», «Депутат мінбері», сияқты арнайы айдарлар арқылы жарияланып отырды. Сол сияқты, республикалық «Мәслихат» журналында, облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» газеттерінде аудандық мәслихат қызметінің оңды тәжрибелері бірнеше рет жарияланып, облыстық теледидар арқылы арнайы хабар да ұйымдастырылды

Аудандық мәслихат депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме ретінде 2005 жылдың қаңтар айында мәслихат аппараты құрылып, оның жетекшілігіне Жексенбі  Молдағалиев бекітілді. Одан кейінгі  жылдары аппаратқа басшылықты Әділхан Қанабеков және Нұрбол Усенов жасады Аппарат өз жұмысын тиісті заңдылықтарға және мәслихат регламентіне сай атқарады. Штаттық саны 5 адамды құрайтын аппарат құрамын негізінен жоғары білімді, мемлекеттік партия қоғамдық ұйымдарда үлкен тәжірибеден өткен білікті мамандар құрап отырды. 4 ардагеріміз осы жерден зейнеткерлікке шықты.  Сонымен бірге, аппаратта жас мамандарды тәрбиелеп өсіруде  мақсат етіледі. Осы шақырылымдарда 10-ға жуық жас мамандар тәрбие алып, қызметте өсіп, біразы Астана,  Алматы  қалаларына ауысып кетті...

 Жексенбі Молдағалиев

1947 жылы қаңтар айының 1 күні Ақсу ауданы Қызылту ауылында дүниеге келген. 1967ж. Талдықорған зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын,  1976 ж. Алматы зоотехникалық — малдәрігерлік институтын бітірген.1967-96ж. «Басқан» кеңшарында  малдәрігер, 1970-74ж. Ш.Уәлиханов атындағы кеңшарда комсомол комитетінің хатшысы, аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, .аудандық партия комитетінің нұсқаушысы,  Қаракөз және Чапаев атындағы мал бордақылау кеңшарларының партия ұйымының хатшысы, аудандық ауылшаруашылық басқармасының бас маманы, 1986-91 ж. аудандық партия комитетінің ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі, «Басқан» қой совхозының директоры қызметтерін атқарды. 1991—2007 ж. аудандық дайындау мекемесінің басшысы, «Көкөзек» ауылының әкімі, аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Көкөзек» өндірістік кооперативінің төрағасы, аудандық «Отан» партиясының атқарушы директоры болды. 2003-05 ж. аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, аудан әкімшілігінде ішкі саясат бөлімінің бас маманы, аудандық мәслихаттың  аппарат басшысы, ал 2007 жылдан тексеру комиссиясының төрағасы болды. 2014 жылдан зейнетерлікте. 

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен, «Астанаға 10 жыл» медалімен марапатталды. Есімі «Ақсу ауданының Құрмет кітабына» енгізілген. Ақсу ауданының құрметті азаматы.

Әділхан  Қанабеков 

1950 жылы 24 сәуірде Ақсу ауданы  Ойтоған ауылдық округінің Жаңалық елді мекенінде дүниеге келген.

1967—1970ж «Қызылтаң» кеңшарында жұмысшы болды. 1975 ж. Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітірген. 1975 – 1976 жылдары Ақсу аудандық ауылшаруашылық басқармасында бас гидротехник, 1976 – 1986 жылдары Ақсу қант зауытында агроном, директордың шикізат дайындау жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 1986 – 1988 жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушы, 1988 – 1989 жылы аудандық ауылшаруашылық саласы бойынша кәсіподақ комитетінің хатшысы болып жұмыс істеген.

1989 – 1992 жылдары аудандық табиғат қорғау комитетінің бастығы, 1992 – 1997 жылдары аудандық салық инспекциясының бастығының орынбасары болып қызмет атқарған. 1997 – 2003 жылдары аудан әкімшілігінде бас маман болып жұмыс істеген. 2003 – 2007 жылдары үшінші сайланған аудандық мәслихаттың депутаты, мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы болып қызмет атқарған.

2007 жылдан  Ақсу аудандық мәслихаттың аппарат жетекшісі болды. 2015 жылдан зейнетерлікте.  Есімі «Ақсу ауданының Құрмет кітабына» енгізілген

Мәслихаттың 5 шақырылымында аппарат мамандары болып Күлшат Дәулетбекова,  Орал Сердалықызы Исанова, Бүркітқали  Жұмағалиев , Венера Берікова және  Мақпал Қайратханқызы Нұрханова  қызмет атқарды.

*      *      *      *      *

Күлшат Тұрсынбекқызы Дәулетбекова

1960 жылы 19 желтоқсанда Жансүгіров поселкесінде дүниеге келген.   Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепті, Талдықорған қаласындағы зооветтехникумды есепші мамандығы бойынша бітірген.

1981-84 ж.аудандық тұрмыс қажеттігін өтеу комбинатында есепші, 1984-94ж. Халық банкі аудандық бөлімінде, 1994—2004 ж. электр жүйесі мекемесінде бақылаушы болып істеді.  2004 жылдан аудандық мәслихат аппаратының жетекші маман-есепшісі.

 

Исанова Орал Сердалықызы

1946ж. Матай теміржол стансасында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қазақ қыздар педагогикалық училищесін және Қызылорда педагогикалық институтын, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

Матайдағы №258 орта мектепте мұғалім, мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары (1969-72), Бөрлітөбе аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы, партия комитетінің бөлім меңгерушісі, атқару комитеті төрағасының орынбасары, партия комитетінің хатшысы, аудан әкімінің орынбасары, Талдықорған облыстық әкімшілігінде кеңесші болады (1972-97).

Содан соң Ақсу ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппараты ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады (1997—2004). Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де  2010ж. дейін аудандық Мәслихаттың бас маманы болды. Қазір де ауданның қоғамдық саяси жұмыстарына белсене араласады. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы.

ҚР білім беру ісінің үздігі. “ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл” және басқа да Үкімет медальдарының, көптеген Грамоталардың иегері. Ақсу және Сарқан аудандарының Құрметті азаматы.

Бүркітқали  Жұмағалиев

1950 жылы 5 шілде күні Ақсу ауданы Қаракемер ауылында дүниеге келген.  1967 ж.  Жансүгіров поселкесіндегі Чапаев атындағы орта мектебін,  1972 ж. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын мал дәрігерлік мамандығы бойынша бітірген.

1972-82ж. Ақсу ауданының Қаракемер совхозының  бөлімшесінің мал дәрігері, бас мал дәрігері болды. 1982-87 ж. Ақсу-тәжірибе шаруашылығында партия комитетінің хатшысы, Ақсу аудандық ауыл-шаруашылығы басқарма басшылығының орынбасары болған. 1987 — 1988 жылдары аралығында Ақсу ауданының Қаракемер совхозының бас зоотехнигі, 1988 жылдан 1990 жылға дейін Ш.Уалиханов қой совхозының бас мал дәрігері, 1990 жылдан 1992 жылына дейін Ақсу тәжірибе шаруашылығының партия комитетінің хатшысы, шаруашылық директорының орынбасары, аудандық ауылшаруашылығы бастығының орынбасары қызметін атқарған. 1992 жылдың шілде айынан 2004 жылдың 1 желтоқсанына дейін Ақсу ауданы Қызылтаң қой совхозының директоры, Қызылтаң кеншарының басқарма төрағасы, Қызылтаң ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры, Қызылтаң шаруа қожалығының басшысы қызметтерін атқарған.

2004 жылдың желтоқсанынан 2006 жылдың ақпанына дейін Ақсу аудандық ауылшаруашылығы  бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды. 2006 жылдың ақпан айынан 2008 жылдың тамыз айына дейін  Ақсу ауданының Жансүгіров поселкелік округінің әкімі қызметін  атқарды. 2008 жылдан  Ақсу аудандық мәслихатының бас маманы қызметін атқарды. келеді. 2015 жылдан зейнетерлікте.  Есімі «Ақсу ауданының Құрмет кітабына» енгізілген.

Венера  Берікова

1984 жылы 6 маусымда Ақсу ауданы Ойтоған ауылында өмірге келген.  2001 жылы Ойтоған ауылындағы І.Жансүгіров атындағы орта мектепті бітіріп 2006 жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетін және 2009 жылы Ө.Жолдасбеков атындағы құқық және экономика академиясын «экономист — қаржыгер» мамандығы бойынша тәмәмдады

Еңбек жолын 2006 – 2007 жылдары Ақсу аудандық Мәслихат аппаратының хатшы-машинисткасы болып бастаған.  2007 жылы Қызылағаш ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, 2008 жылы Текелі қалалық ауылшаруашылық бөлімінің жетекші маманы болып жұмыс жасады.   2008 жылдың сәуір айынан Ақсу аудандық мәслихат аппаратының бас маманы қызметін атқаруда. Республикалық «Жас Отан» жастар қанатының II – ші съезінің делегаты.

Мақпал Қайратханқызы Нұрханова

1987 жылы 5 ақпанда Ақсу ауданы Ақсу ауылында дүниеге келген. Мамания (бұрынғы Ы.Алтынсарин атындағы)  орта мектебін 2004 жылы тәмәмдап, 2008 жылы Абай атындағы Қазақ Ұллтық Педагогикалық университетінің филология факултетін бітірген.

Еңбек жолын 2008 жылдың қазан айында Е.Сиқымов атындағы орта мектеп, мектепке дейінгі шағын орталықта тәрбиеші болып бастаған.   2009 жылдың желтоқсан айына дейін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы болды. Осы жылдың желтоқсан айынан Ақсу аудандық мәслихаттың бас маманы қызметін атқарып келеді.

 

 

 

 

 

 

 

(Жалғасы бар...)