Құрметті оқырмандар!

Сайтымның бұл парағында Алматы облысы Ақсу ауданы Ақсу ауылында орналасқан облыс қарамағындағы тарихи-өлкетану  музейі  туралы деректік мақала беріліп отыр. Бұл  музей туралы көпшілік жеткізіп айтар ерекшелігі, оның  тек ауылдық жерде орналасқаны ғана емес, өзі де тарихи ескерткіш, «тарих пен танымның қайнар көзі болып табылатын, тарих қойнауынан сыр шертетін ұлағатты орындардың екендігі» (Уикипедиядан).

Біріншіден, музейдің атақты Маман бай ұрпақтарының өздері мекендеген  Қарағаш жерінде ашқан Жетісу өңіріндегі  алғашқы қазақ мектебінің аман қалған құрылыстық материалдарын көшіріп алып келіп, тура өз жобасында қайта салынған ғимаратында орналасқаны.

Екіншіден, осы Ақсу жерінен қанаттанып шыққан қазақтың ірі тұлғаларының бірі, жыр дүлділі І.Жансүгіровтың туғанына 100 жылдығына орай, музейдің ақын есіміне ие болғандығы. Ары қарай танысыңыздар!

 

 *        *        *

Осыған қоса, ыңғайы келіп тұрғандықтан,  менің де өмірлік, қызметтік жылдарымның біраз мерзімі музейдің осы  ғимаратымен  байланысты болғандығын  айта кетейін.  

Алдыменен, «Мамания» мектебінің оқушысы кезімде осы ғимаратта алғашқы орналасқан мектеп-интернат балаларымен бірге араласып өсіп,оқығандығым және оның оқу корпусында біраз пәндерден талай сабақтар тыңдағандығым;

Одан кейін, институт бітіріп келгеннен кейін осы ауылда  және осы ғимаратта оқу сыныптары болған құрылыс теқникумында мұғалім болып басталған алғашқы қызметімде,  өзімнің оның студенттеріне дәріс оқығандарым;

Ең бастысы, төмендегі мақалада айтылғандай, тағы да осы ауылда орналасқан «Жаңақоғам» шаруашылығының партком хатшылығы қызметім кезінде, ғимаратты музейге айналдырудың алғашқы идеясын беруші. бастамашысы және ұйымдастырушысы болғандығым.

 Бұрындары ол жөнінде көп әңгіме жасамай жүре бергеніммен, бүгінгі күндергі «ардагерлік»  биіктіктен ол жөнінде айта алатандығым және мақтан етуге болатындығы... Рахмет!

 

 

    Музей тарих айнасы

 

І.Жансүгіров  атындағы  Ақсу  тарихи-өлкетану  музейі туралы

Құмарова Ардақ Нұртайқызы

Музей директоры

 

https://upload.wikimedia.org/wikipedia/kk/f/f0/Muzeiaksudiki.jpg

Ақсу аудандық тарихи-өлкетану мұражайы

 «Өткенді білмей болашақты болжау мүмкін емес». Шынайы ел тарихын білу ар­қылы тарихи сана бекиді, тарихи сана арқылы ұлт­тық сана қалыптасады. Бұл түптеп келгенде тәуелсіздігіңіздің баянды болуының кепілі.

Тарихымызды танып, өткенімізді білуде музейлер ерекше орын алады. Музей төріндегі құнды жәдігерлер бағзы замандағы бабалар рухын танытып, ұлы даланың ұлағатын алдымызға тартады. 

Музей – өткен уақытпен жүздесе отырып, бүгінгі өмірге тарих парасатымен қарайтын орын. Бұл ғасырлар таңбасы мен табы қал­ған жәдігерліктер мен заттарға ой көзімен қарау­дың, заманалар айнасына қарап ел мен елдік жолын пайымдаудың айрықша мүмкіндігі дер едік.

Музей — ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Музейлер — бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар ол жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытып отырады.

Мұражайлар тек ескі дүниелердің көрмесі емес, ол- халық қазынасын сақтайтын, тарих қойнауынан сыр шертетін ұлағатты орын. Күн сайын қарасы көбейіп, бой көтерген мұражайлар ісі, тарихи құндылығымен ерекшеленеді, өткенге ақиқат, болашаққа мақтаныш, тарих пен танымның қайнар көзі.

 

   Осындай   бір  музей   Ақсу ауданына қарасты  Ақсу  елді  мекенінде  орналасқан.  Бұл  музей  Ақсу  ауданының  мәдениет  бөлімінің  ұсынысымен, Алматы  облыстық  мәдениет  комитетінің  1991  жылғы 3 шілдедегі №59-шы  бұйрығы  бойынша  І.Жансүгіров  атындағы  Ақсу тарихи-өлкетану  музейі  облыстық М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану  музейінің  филиалы  ретінде  ашылған. Ақсу  өңірінің  ақиық  ақыны, жерлесіміз  Ілияс  Жансүгіровтың  100  жылдық  мерейтойына  орай  1994  жылғы 8 маусымда  көрермен  көпшілікке  салтанатты түрде  ашылып, лентасы  қиылды.

  Қазіргі таңда музей орналасқан ғимараттың өзі Ақсу ауданының тарихи  ескерткіштерінің бірі болып саналады. Олай дейтін себебіміз, еліміздің хат танып, өсіп-өнуіне, мәдениетінің дамуына үлкен үлесін қосқан, есімдері аңызға айналған Маман ұрпақтары салған Жетісу жеріндегі алғашқы ұлттық, дүниетанымдық мектептерінің бірі «Мамания» мектебінің бұрынғы орналасқан тарихи орны «Қарағаш» деген жерден көшіріліп әкелінген ағаштарынан салынған. Және мектептің алғашқы ғимаратының жобасы толығымен сақталған. Сондықтан да, бұл ғимарат тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында.

 

 

«Мамания» мектебінің алғашқы көрінісі

 

Музей ғимаратының  алғашқы кездегі көрінісі

 

Өткен ғасырдың ортасында көшіріліп  әкелгеннен кейін  ғимаратта  ұзақ жылдар  аудандық мектеп — интернатының жатақ орындары орналасты. Содан кейін біраз жылдар (1967-73) осы Ақсу ауылында болған құрылыс техникумының оқу корпусы болады. Техникум аудан орталығына көшкеннен кейін ғимарат Ақсу ауылында орналасқан «Жаңақоғам» кеңшарының есебіне өткізіледі.  

  80-ші жылдардың басында сол  «Жаңақоғам» шаруашылығы басшылары болған Амантай Зияданов пен Серікбек Серпербаев  сынды ел ағаларының бастамасы және ұйымдастыруымен ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, алаңы абаттандырылады, ішкі бөлмелері өлке тарихы тақырыбына сай безендіріле бастайды. Оның алғашқы экспонаттары болып ауылдағы Ы.Алтынсарин атындағы (қазіргі «Мамания») орта мектебіндегі ардақты ұстаз Кеңсаба Омаровтың ұйымдастырған тарихи-өлкелік  кабинетіндегі мұрағаттық, жәдігерлік  дүниелер әкелініп қойылады. Соның үлкен еңбегімен ол музейлік дәрежеге жеткізіліп, өзі  оның алғашқы директоры болады. Одан ары директорлық қызметті ауылдың тағы бір  құрметті ұстазы болған Дүбірбаев Далабай өмірінің соңына дейін атқарды. 2006 жылдан бастап музейге басшылық қызметке Көбетов Оралхан тағайындалды. Оралхан Тәсілбайұлының тынымсыз еңбегінің арқасында 2010—2011 жылдар аралығында музей ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, экспозициясы жаңартылды. Қазіргі таңдағы музей басшысы -  Құмарова Ардақ Нұртайқызы.

 

   Музей құрылымы жеті бөлімнен тұрады:

Бастапқы  бөлім.  Ондағы қойылған музейлік дүниелер  Ақсу  ауданы өңірінің  тарихын  паш  етеді. 

 

 

 Архелогиялық бөлім.  Бұл жерде осы өлкенің ежелгі мекендеушілер және олардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті жайлы мол мағлұмат беретін археологиялық дүниелер мен деректер жинақталған. Олардың ішінде қазіргі Ақсу ауданының жерінде біздің дәуірімізге дейінгі кезеңде адамдардың мекен еткені туралы археологиялық деректер де бар.

 

 

Табиғат бөлімінде Ақсу өңірінің жағрапиясы мен табиғаты, өсімдіктер  дүниесі,  аң-жануарлар мен құстар әлеміжері  қойнауында  кездесетін қазба  байлықтары туралы  әйнек  астында  көркемделіп көрсетілген, экспонаттары  қойылған. Сондай-ақ Шоқан  Уалиханов, П.П.Семёнов-Тян-Ша́нский, академик Жүрімбек Сыдықов, т.б. ғалымдардың Жетісу жерін зерттеушілік  еңбектері жинақталған.

 

 

 

Тарих  бөлімінде Қазақ  халқының ұзақ ғасырлық  тарихын, тәуелсіздік жолындағы күресін баяндайтын, бейнелейтін экспозициялар (анықтамалық жазбалар, суреттер, ...) орналасқан. Сонымен бірге, осы өңірден шыққан елі  ардақтайтын тұлғалары жөнінде деректер  көрсетілген.   

 

 

Тұрмыс-салт  бөлімі.  Бұл  бөлмеде  ертеректегі  қазақ  халқының тұрмыс-салтын мәдениеті мен қол өнеріне қатысты, киіз үйден және оның ішкі жиһаздары, тұрмыстық заттар мен бұйымдары, ұлттық киім-кешектер үлгілері,  ыдыс-аяқтар,  қазан-ошақтары,  күмістелген  ер-тұрман  саймандары  және  сол  кездегі  музыка  аспаптары, т.б.   экспонаттар қойылған. 

 

 

Жыр дүлділі, Ақсу жерінің мақтанышы І.Жансүгіровке арналған  бөлім. Тақырыбына сай,  І.Жансүгіровтің жеке өмірі мен шығармашылығына байланысты мол деректер осы бөлімнен орын алған.  Сондай-ақ, І.Жансүгіровтен ізбасарлары ретінде Жетісудың, Ақсу жерінің кейінгі ақын-жазушылары, өнер адамдары туралы деректермен толықтырылған.

 

 

Ардагерлер бөлімі — Ақсу жерінің соғыс және еңбек ардагерлеріне, басқа да еңбегі сіңіп, ел құрметіне бөленген азаматтарына  арналған.

 

 

 Музей қорында  мыңға жуық экспонат бар. Жергілікті тұрғындардан жиналған жәдігерлер де бар.  Бұл заттар бүгінгі уақыт тұрғысынан алып қарағанда аса бағалы, құнды саналады.  

 Музей әрдайым көпшілікпен және БАҚ-мен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Белгіленген өз жоспарына сай  келушілерге тақырыптық дәрістер оқу, тақырыптық және жылжымалы көрмелер ұйымдастыру, тарихи орындарға экскурсиялық саяхаттар жасау, атаулы  тарихи  күндерге  байланысты   сабақтар өткізу, т.б. көптеген танымдық шаралар  атқаруда.

Музей жұмысының ең басты мақсаты — өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, тiлiмiздi, дәстүрiмiз бен мәдениетiмiздi сақтау, ата-баларымыздың ерлiк iстерiн құрметтеу, дәріптеу болып табылады.

 

  Музейде және музейден тыс жерлерде өткен жылжымалы көрмелер

 

 

 

  Тақырыптық экскурсиялар

 

 

 

 

 

    

  Қасиетті «Қарағаш» мекеніне экскурсиялық саяхат

 

 

     Музейдің құрметті қонақтары

 

Жақсылық Үшкемпіров, Молдияр Нурбаев, Дәулет Тұрлыханов.

 

Басқа да көпшілік шаралардан