Құрметті осы мақаланы оқушылар!

Мақала алдында, Сіздерге осы сайттағы  ауылдық округтері туралы  жарияланған ( алда жарияланатын) деректік мақалалар «авторлық емес» екенін ескертеміз! Олар, ауданымыздың 80-жылдығы мерекесі қарсаңында ауыл округтерінен  жинақталған материалдарды негізге алып,  бүгінгі ауыл мамандарының толықтыруларымен  құрастырылып отыр.

  Осыған орай, егер мақала деректерінде қателіктер кетіп жатса, оны жедел түзеуге дайынбыз!  Ал, оған жеке бір адамдардың есімдері (лайықты саналатын болса) әртүрлі себептермен кірмеген болса, сол жөніндегі кінә қоюшылықты (претензияларды) сайт иелері өзіне еш қабылдамайды!  Бірақ, соның өзінде, мақалаға ондай азаматтар туралы деректерді  қосымша енгізіп, оны толықтыруға әбден болады. Яғни, солай қажет деп санасаңыздар,  деректер жазбасын (ауылға сіңірген еңбектерін, марапаттарын көрсетіп), ауыл округі әкімдігі мамандары  арқылы, немесе осы сайттағы  эл.адреске тікелей жіберулеріңізге болады!

Жаңалық ауылдық округі,   Ақсу ауданы

 

   Ауылдық округі орталығы  — Жаңалық ауылы. Жер көлемі 0,7 мың  шаршы  шақырым.  Халық  саны – 900-ге жуық.

   Округте 1 орта мектеп, ауылдық дәрігерлік амбулатория,  кітапхана,  учаскелік  тірек  пункті, почта бөлімшесі,  мал  дәрігерлік  пункт,  наубайхана, бірнеше  сауда орындары  халыққа қызмет етеді. 

   90-нан аса  шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Пайдаланылып жүрген ауылшаруашылық жері – 53,2 мың га, негізінен шабындықтар мен жайылым болып келеді.  Мал  шаруашылығы  бойынша   ірі  қара,  жылқы және  қой-ешкі    өсірумен айналысады

 

 Жаңалық ауылы аудан орталығынан солтүстікке қарай 50 шақырым жерде, жағалауындағы бұта, ши, аралас селеу, боз, жусан, теріскен басым өскен шалғынды сұр топырақты қуаң, шөлейт белдемде орналасқан.

Басқан өзені. Ақсу ауданы.

  Басқан өзені бастауын теңіз деңгейінен 4 мың м биіктіктегі мұз басып жатқан Басқан тауынан алады және СарқанАқсу аудандары арқылы өтеді... Төменгі жылғасы Аралқұм құмына сіңіп кетеді. Ұзындығы 137 км, су жиналатын алабы 2,7 мың км2. Суы тау етегіндегі егістікті суаруға жұмсалады. Басқаннан 8 суару каналдары тартылған.

  Ауыл тарихы арыдан басталады. Осы жерде 1905ж. пошта бекеті салынып, онда Семей бағытында Ақсудан (Абдыра) кейінгі хат тасушылар тоқтайтын болған. Халықты бір жерге шоғырландыру, ұйымдастыру жұмыстарын алғашқы жүргізушілері Әуелбеков Қуаныш, Жетібаев Қапыш, Байғотанов Құрманғали, Тойкебаев Төлепберген сияқты азаматтар болды. Соның нәтижесінде осы өңірде «Бірлікті» (басқармасы Диханбаев Нұрғали), «Басқан» (Қалқабаев Н), «Жаңабет» (Жанкенов), «Құмжарған» (Жөңкебаев Қали), «Жаңатілеу» (Қалқабеков Итжанов Әбдіхалық, М), «Жаңалық» (Құрманбаев Нүкен) ұжымшарлары құрылды. 1951ж. олар біріктіріліп Жаңатілеу ауылына қоныстандырылды. Жаңатілеу ұжымшары басқарма бастықтары Иманжанов Құдаш, Алаңбаев Жабықбай, Жексеков Тұрысбай, Нұрпейісов Серпербай болды.

 Ауыл тұрғындары  Ұлы Отан соғысының және Еңбек ардагері, Андабаев Ахметқалидың (1914—1998жж) есімін құрметпен атайды. Ол 1938 жылы әкери борышын өтеуге шақырылып, әрі қарай Фин соғысына аттанады. Одан, елге оралмастан Ұлы Отан соғысына қатысады. 1946 ж соғыстан аман- есен оралып, Басқан ауылы басшысы қызметін атқарды. Кейіннен орталық қойманың меңгерушісі болады.

1943ж. Басқан ауылдық Кеңесі құрылды. Оның алғашқы төрағасы болып 1948ж.дейін Рапиянов Сайділда істеді. Одан кейінгі төрағалар Мейрамбаев Байғызат, Нұрғалиев Қантай, Тоқпақбаев Хамит, Абдильдин Сағидолда болды. Осы жылдары «Жаңатілеу» жетіжылдық мектебі ашылып, алғашқы директоры Тілеубаев Рүстембек болды.

   1962ж. тамыз айында Жаңатілеу, Жамбыл, Киров ұжымшарлары біріктіріліп, «Басқан» қой кеңшары құрылды, алғашқы директорлары Оспанов Шуаш, Қиқымов Болат болады. 1969ж. Басқан кеңшарының орталығы Жаңалық ауылына көшіріліп, оған Бидаулетов Кәме (1969-79), Жұмаханов Әбдіжәлел (1979-87), Молдағалиев Жексенбі (1987-91), Ырғалбеков Жансұлтан (1991-92), Ерғалиев Қайнарғали (1992—2002) басшылық етті. 1986ж. Жаңалық ауылдық Кеңесі қайта құрылды. Оның төрағалығына Бейісов Әбілғапар тағайындалды

  1984ж. Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға ескерткіш қойылды. Осы жылдары ауылда шұжық цехы, жастар орталығы, көптеген тұрғын үй мен малшыларға арналған моншалар салынды.

 Ауылдың мақтаныштары: Қалиев Оразбек–Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері. 1943ж. ауыр жараланып, елге оралып, ұжымшардың басшылық қызметтерінде, кейіннен ұста, ағаш шебері болып еңбек етті. І-ші дәрежелі «Отан соғысы», ІІІ-дәрежелі «Даңқ» ордендері және көптеген медальдармен марапатталған;  Рысбеков Ермұхан-Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері. Жұмысшы, шопан, тракторшы болған еңбек озаты, бірнеше медальдардың иегері;  Мұрат Сайдильдинов– еңбек ардагері. Көп жылдар бойы шаруашылықтың экономикасының өсуіне, әлеуметтік жағдайының жақсартуына еңбек сіңірді.Ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы болған;  Күлпаш Әуелбекова–еңбек жолын сауыншы болып бастаған, 1970-75жж. әйелдердің механизаторлар бригадасына жетекшілік етеді. «Қазақ ҚСР ауылшаруашылығына еңбек  сіңірген қызметкері»;  Елемес Оразбаев–еңбек ардагері. 37 жыл тракторшы болып еңбек етті. 2 рет «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестерінің депутаты болды; Әбілғапар Хасейінұлы Бейісов–еңбек ардагері. Мұғалім, мектеп директоры, Жаңалық ауылдық Кеңесінің төрағасы, ауылдық округ әкімінің бас маманы қызметін атқарған. Есімі Ақсу ауданының «Құрмет кітабына» енгізілді; Қағазбек Намазбекұлы Қойшыбаев–еңбек ардагері. «Жаңалық» орта мектебінде 40 жылдан астам ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шықты. Қоғамдық жұмыстардың белсендісі, мектепте Көтен тәуіп бабаның музейлік бұрышын ашқан;   Шатырбай Бәтенов – шопан, «Құрмет белгісі», Ленин ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған;  Жетпісбай Рахышев- Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ІІІ- дәрежелі Даңқ орденінің иегері.

  Қазіргі кезде ауылда көптеген шаруа қожалықтары ұтымды, нәтижелі еңбек етуде. Олардың арасынан «Жасұлан» (басшысы Сқақов Қабылақат), «Әділжан» (Тайборинов Әділжан), «Саңқай» (Қасымбеков Сұртай), «Саяхмет» (Қабдолдаев Әділетхан), «Әсем» (Ташенов Саят), «Ноғайбай» (Тұрғанбаев Серікхан). «Мұсанов» (Мұсанов Әділет), «Нұрғожа» (Нұрбеков Жармұханбет), «Ринат» (Елюкжанова Гүлсима) шаруа қожалықтарын ерекше атауға болады.

      

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ауылда 2015 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауыз су құбыры тартылып, 2016 жылы пайдалануға берілді. Су құбырларының техникалық жағдайын ауыл азаматы Мухашов Ерқасым бақылайды. 2016 жылы ауыл тұрғындарының бастамасымен «Жаңалық ауылдық мешіті» бой көтерді.       Қазіргі танда учаскелік полициялық  пунктінің ғимараты салынуда

 

Ауылда Жаңатілеу орта мектебі бар. (Ол туралы деректер жеке беріледі)

 

  Жаңалық ауылы округінің алғашқы әкімі Боранбаев Болатхан, одан кейін Иманғалиев Тұрсынбек, Үсенов Марат болды. Бүгіндері ауыл әкімдігінде бас маман–іс жүргізушісі Ыдырышбаева Гүлмира,бас маман Мұхтар Нұрзиза, бас маман есепші Тлеулина Қамар, жетекші маман Тлектесова Ляззат, жастар ісі жөніндегі әдіскер- нұсқаушы Балтвай Жәмиға, спорт нұсқаушы Мухашов Дәулет, компьютер- бағдарламашы Қыдырманова Рая, мал дәрігері Қасымбеков Ермек, учаскелік полиция инспекторы Алдабергенов Медет , кітапханашы Қоңыртайқызы Алуа, почта бөлімшесі меңгерушісі Маратова Винера, мәдениет үйінде Қойлыбаев Ерлан, Тезекбаева Мәншүк, Ахметов Дәулет жұмыс істейді.

Жаңалық ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері. Ақсу ауданы


Жаңалық ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері. Ақсу ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мұсанов Берік Жаңалық ауылдық округінің әкімі. Ақсу ауданы

2002ж.сәуір айынан ауыл әкімі- Мұсанов Берік Асылбекұлы. Ол Қазақтың ауылшаруашылығы институтын  бітірген, мамандығы инжинер- механик. «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалі, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» толуына орай мерекелік медалімен марапатталған.

  

Ауылдық округте 1 кітапхана орталығы бар. Кітапхана мекемесі әкімшілік ғимаратында орналасқан. Кітапханада 1 қызметкер жұмыс істейді. Кітапханашы - Қоңыртайқызы А. Кітапхананың кітап қоры- 6365, оның ішінде мемлекеттік тілде -3796 дана.  Қазіргі уақытта әдеби кітап оқырмандары  күннен күнге көбейіп келеді.

 

 

               

Жаңалық ауылдық емханасы 1950ж. фельдшерлік-акушерлік пункт болып Басқан ауылында ашылған, фельдшері болып 1974ж. қайтыс болғанша Шаяхметова Нұрсағила қызмет атқарды. 1989ж. дәрігерлік емхана құрылды. 1991ж дейін оның меңгерушісі Балтабайұлы Сиязбек болды. 1995 жылдан емхананың меңгерушілігі қызметін Қыдырманова Балқаш атқарып келеді.Ол Алматы медицина институтының педиатрия факультетін бітірген.

Дәрігерлік емханада бүгіндер акушер- Жақиянова Айжан, балалар медбикелері — Нұрғожина Гүлфия, Қыдырманова Альмира,фельдшер- Есіркенова Гүлмира халыққа қызмет көрсетуде.